ВЕРНУТЬСЯ

           Екеу-ақпыз. Отырмыз тіл қатыспай.

Сен Күншығыс, мен бейне Күнбатыстай.

Бұл үнсіздік қанша күн өмір сүрмек,

жүруші ек қой қайғы да, мұң да құшпай.

Неге, неге осынша алыстадық,

өліп-өшкен жүректі жаныштадық?

Сен отырсың жігіттік өрлігіңмен

иілуге алдымда намыстанып.

Менде ме деп бар кінә, мұңға баттым,

құптамаппын бас иіп, тыңдамаппын.

Көтергендей аспанды мен де отырмын,

нәзік жыныстығымды бұлдап-ақ тым.

Қойшы, жаным, пайда не бұдан ұтқан,

жүдеу тартты дүние, құлазып маң.

Біз екеуіміз "сыймаймыз", несіне онда

татулықты күтеміз мына жұрттан...

1967