ВЕРНУТЬСЯ

       Капитан Витус Беринг әлгіндей ақылға уақытылы құлақ асып Камчатка сапарына уақытылы аттанып кеткен-ді.
Дегеніне жетіп, екі езуі екі құлағында тұрған мөз-мәйрам теңізшіні көргенде Кирилов сұйқылт жымсиды. Әдеп пен тәртіпті, үнсіз бағыну мен ұқыптылықты сауыт қып киініп, лауазымды ордаға тымпиып кіріп, тымпиып шығып жүрген қойдан қоңыр кеңсе қызметкерінің көкірегінде әлде бір бұралқы күшік шәуілдеп үріп қоя бергені! «Талай сабаздың көз көрмеген қиян түкпірлерге жасалатын талай сапарына өзім себепші болдым. Ал менің өзім осындай жорықтарға қашан аттанам? Әлде осылай, әкем марқұм айтқандай, мынау төрт қабырғадан бір қадым аттап шыға алмай, шар тарапты қиялмен шарлап, шақша басым шарадай болып, стол айнала сенделумен бар дәуренімнің еткені ме?!»
Жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын, басқа жұрт, басқа кісілердің не істеп, не қойып жатқанында кеп шаруасы бола бермейтін Кирилов дәл мынандай бұралқы күшік өзінің де көкірегінен күрке салып ала қояды ғой деп ойламаушы еді. Қапелімде шошып қалды. Оның ішінде тағдырдан бір кісідей-ақ егейлік көрген әлгі теңізшіге іштарлық ойлағанына қатты ұялды. Содан ба екен, қит етсе, оның атын аузынан тастамайтын болып алды. Тіпті жуырда патшаға берген жаңа экспедицияның жоспар-жобасында да Берингтің Камчатка сапарын таусыла мақтады. Кирилов кісі қызғанышты тек осылай ғана жеңуге тиісті деп ойлайтын. Әйтпесе, жаныңа бір қадалып алған жады тікен қашан қаныңды бұзып, қолыңа қанжар ұстатып, қалтарыс тостырғанша, тыныш таптырар ма! Адам мен аңның жалғыз айырмасы да сол кісінің ен бойын өртеп бара жатқан қызғанышты аяусыз баса біліп, әділетке жүгіне алатындығында емес пе?! Қызғаныштың дегеніне көнген қай мықтың да ақыры қабаған төбеттің кебін киіп, азуынан айырылып тынатын. Қызғанышты жеңіп, өзіңді өзің қайрап өрге бастасаң, кім біліпті, күндердің күнінде сенің де айдарыңнан жел есер? Жел еспеген күнде де, ешкімге қиянатың тимей, бетіңе шіркеу түспей өтесің ғой!
Енді, міне, шынында да, Бұның айдарынан жел ескелі тұр!
Кирилов сандыққа үңіліп, екі қалың фолиант1 алып шықты. Әуелі үстіңгісін ақтарып көрді. Бұл - мұның он жыл уақыт жіберіп, көз майын аямай сарқып, қалтасын әбден қаққан, зарығып көрген ең қадірлі еңбегі. Оның жолында істемегені жоқ. География мен тарихты зерттеді, математиканы үйренді, әскери коллегия мен адмиралтействодан шықпай геодезия мен картография негіздерімен танысты. Артынан жан-жаққа жол шығып бара жатқандарды шақырып алып, оларға жербедерін қалай белгілейтінін, картаны қалай сызып, қалай оқитынын үйретті. Оның арманы - жүз жиырма картадан тұратын үш томдық «Россия атласын» бастырып шығару. Міне, соның жиырма алты картадан тұратын алғашқы томы өлдім-талдым деп биыл өзер жарық көріп отыр. Сенат соқыр тиын көмек көрсетпеді. Бәрі - өзінің жиған-тергені.
1Үлкен форматты көнелікті қалың кітап.
Қолындағы кітаптың алғашқы бетіне үңілді. «Күллі Россия империясының барлық патшалықтары, губерниялары, провинциялары, уездері мен шекаралары, қалалары мен олардың төңірегі, монастырьлары, слабодкалары, селолары, деревнялары, заводтары, жел диірмендері, өзендері, теңіздері, көлдері, белгілі таулары, ормандары, батпақтары, даңғыл жолдары орыс геодезиястерінің қал-қадарлары жеткенше жасаған ландкарталары бойынша тыңғылықты зерттеліп, қандай бойлық пен ендікте жатқандықтары анықталып, мейлінше дәл көрсетіліп, жер атаулары латынша және орысша жазылған бұл атласы Иван Кириловтың еңбегі мен ыждаһатының жемісі болып табылады!» Соншалықты шұбалаңқы болғанмен, өте-мөте дәл айтылған емес пе! Расында да, Бұл атласта орыс жерінің қазіргі бедерінде кісінің меңіндей белгі болса да қағыс қалдырмай түгел керсетуге тырысты.
Биылғы жыл - жолының оңғарылған жылы. Әлгі атластың бояуы әлі кеппей жатып, сыртына орысша және латынша «Үкімет басындағы Сенаттың обер-секретары Иван Кирилов 1734 жылы Сенат-Петербургте хал-қадар әлінше еңбектеніп құрастырып шығарған Россия империясының бас картасы» деп жазылған тағы бір туындысы басылып шықты.
Екеуінің де ә дегеннен желі оңынан туа кетті. Петербург пен Москва оқымыстылары екеуін де пышақ үстінен таратып алды. Шетел ғалымдары да Россиядағы таныстарына хат жазып: «Кириловтың кейінгі екі кітабының басы артық бір-бір данасы табылмас па екен», - деп қиылатын көрінеді.
Сол екі кітабының бір-бір данасын сыртын алтынмен аптап әшекейлеген қымбат сандықшаға салдырып, қалай апарып берудің ретін келтіре алмай қиналып жүргенде бұны Остерман өзіне шақырсын. Барса әлгі екі кітапты патша іздетіп жатыр екен. Сол арада Кирилов ақылына қатты риза болды. Күллі Россия империясы атласының алғашқы бетіне суретшінің соңынан қалмай жалынып-жалпайып жүріп тұспал сурет салдырған-ды. Онда Россия басына алтын таж киіп, шашын бос жіберген ақ көйлекті әйел кейпінде бейнеленген-ді. Әйелдің көз алдында - жазира алқап, теңіздер, таулар, ормандар, қалалар мен селолар; аяғының астында - глобус, карта, географиялық зерттеулерге қажет құрал-саймандар.
Императрица екі том шытырман шимайдың басқасын үқпаса да, тап осы түспал суретті үққан түрі бар. Артынша-ақ Остерман қайта шақыртты:
- Анадағы сыйлығыңа аса мәртебелі таж иесі қатты риза болды. Сен жайында көп сұрады.
Сол екі ортада Тевкелев елшілігінің қортындыларына байланысты жобаны жазып шығу бұған тапсырылды.
Енді, міне, соның арқасында күні кеше бұл алдияр тақсырдың қабылдауында болды.
Кирилов жиналыс-жиындарда ғана болмаса, патшамен ешқашан бетпе-бет кездесіп көрмеп еді.
Императрица апартаментіне шақырыпты. Қылдырықтай жіңішке имек аяқтары бұратылып үзіліп кетейін деп тұрған нәп-нөзік диванда алшиып бір алпамса әйел отыр. Белінен төмен қарай түбіті бұрқыраған жүн орамалмен шырқ айналдыра орап алыпты. Бұл отырысы алтын тажды падишадан гөрі таң атпай жатып тілазар малайларға үй жинатып, онысы ойынан шықпай, әбден қалжырап, жұмсақ орындыққа сұре жығылған беймаза бәйбішеге келіңкірейді.
Остерман үрдіс бойынша табалдырықтан аттамай жатып бойын тіктеп, келістерінің мән жайын баяндағалы жатыр еді, императрица ауыз аштырып үлгертпеді.
- Ә, Андрей Иванович, төрлет, көгершінім, - деді немере бағып қалған мейірбан әйелдердің мәймөңке үнімен.
Остерман алдияр тақсырдан дәл мұндай кішіпейілділік күтпесе керек қапелімде қайтерін білмей қипақтап қалды.
- Алдияр тақсыр, Бұл кісі...
- Білем, көгершінім... Иван Кирилович, қысылма, төрге оз!
Патша қарсы алдына оқшау қойылған екі креслоны нұсқады. Кирилов буындары дір-дір етіп аяғын өзер басады. Мұнан да рәсім бойынша қабылдағаны жақсы еді! Сарт-сұрт кіріп, таң-тақ шаруаңды баяндап, сып беріп шыға жөнелер ең... мынандай жайғасып отырып сейлесер жайбарақат мәжілісті кім күткен! Абайламай ши шығарып алып жүрмесе, жарар еді...
Сақинасы ұстап отырғандай басын таңып алған императрица бұларды одан сайын таңғалдыра түскісі келгендей:
- Кешелі бері тісім сыртқырап мазам кетіп жүргені, - деді жағын басып.
Мына қалпы ешқашан ешкімге ештеңе деп зекіп тіл қатып көрмегендей. Даусынан жұмсақ мейірім мен қажығандық қана сөзіледі. Шексіз биліқ өктемдіқ жұртты қаралай пұшайман қылып қоятын айла-шарғы дегендерің ешқашан түсіне де кіріп шықпағандай,
Кирилов аң-таң. Патшаға керегі сол. Тақ мініп, таж киген кісінің қай-қайсының да әдеті осы. Оны басқа білмесе де, Кирилов жақсы біледі. Бірақ, таж иесі ағзам өзіне тап бүйтіп елпілдей қояды деп кім ойлаған!..
Императрица оның ойын сезіп қалғандай, байсалды дауысқа көшіп:
- Иван Кирилович, жобаңызды мұқият оқып шықтым, - деді көмірдей қара отты көздерін бұның жүзіне ұзақ тоқтатып.
Мынау бөксесін түбіт орамалға орап ап, тісі ауырып, қабағын кіржитіп отырған қажыңқы бойкүйез әйелдің тұлға-тұрапатында кісіні қаралай айбындыратын бір жұмбақ құдірет барын Кирилов сонда барып байқады. Салтанат залында бар асылды үсті-басына үйіп-төгіп жарқ-жұрқ кіріп келгенде жұрттың көзі ең алдымен императрицаның қолапайсыз үлкен мүрнына түсетін. Шексіз билік иесі монархтарға тән астам мінезбен айналасына көзі түспей шекелей қарайтын. Сонда қолақпандай үлкен мұрын көкке шапіиыған шу асаудың алдыңғы тұяғындай шодырайып аспанға ілініп тұра қалушы еді. Соның өзі-ақ мәрмәр залдың, хрусталь шамдардың, асыл таж, алтын тақтың, жақүт пен меруертке малынып келіп отырған зиялы қауымның барлық сән-салтанатын асқақтатып жіберетін.
- Сен жобаңа дұрыс жазыпсың. Жаңа бодандарымызға жабірден тәрк етіп мәнсіздендіріп жібергендей көрінетін. Ал енді, міне қасында отырып
қарағанда тап ондай ерсі ештеңе байқалмайды екен. Рас, қорасан талап тастаған күлгін қызыл құж-құж бетті әдемі деп айта алмайсыз. Мынадай қылдырық аяқ қыл белдікті қымбат диванның мынандай батпан денені сынып кетпей қалай көтеріп отырғанына да қайран қалмауың мүмкін емес. Алайда, осыншалық сұрықсыздықтың бәрін бір басына соншама үйіп-төгіп берсе де, тап мына әйел тап анау айтқандай адам шошыр қүбыжыққа айнала қоймапты. Ол әлде, қанша дегенмен, таж иесі патшалығынан ба екен?.. Келбетіне ұзақ үңіліп қараған кісі оның бойынан соншалықты өте таныс бір нышандарды қалай да байқар еді. Бірақ, оның не нышан екенін, қапелімде, тап басып айтып бере алмас еді. Кирилов та сондай дүдамал халде отыр.
- Ұсыныстарыңның көпшілігі көңілге қонады. Қонатыны сонша, тіпті, шіркін, осының бәрі қашан жүзеге асар екен деп асығасың.
Императрица көзінің қиығымен сынай қарады. Бұл орнынан тұрғалы жатыр еді, «отыра бер» деп ишарат жасады.
Дәл айттыңыз, алдияр тақсыр! - деді бұл қайта отырып жатып.
- Экспедияцияға жүктелетін міндеттер мен оларды қалай жүзеге асыру керектігі жайындағы нұсқауларымыз жақын арада дайын болады. Солай емес пе?
Остерман орнынан көтерілді.
- Әлбетте, алдияр тақсыр!
- Отыра бер.
Остерман орнына қайта жайғасты.
Қанша баптан тұратын болды.
Қырық бір бап. Императрица жымсиып қойды.
Иван Кирилович, ол жобамен таныс па едіңіз?
Әлбетте, алдияр тақсыр.
Қалай дейсіз?
Өте орынды нұсқаулар деп білем.
Ендеше, дұрыс екен.
Екі жақ бірдей деңгейдегі орындықтарда отыреа да, біреу шыңның басынан, екіншісі етегінен тіл қатқан адамдардай шүйіркелесіп кете алмай, қойылған сауалдарға жауап қатысып қана отыр.
- Ол жақтың жәйін біз сізден жақсы білмейміз, Иван Кирилович, - деді императрица сәл үнсіздіктен кейін. - Барғасын бәрін көріп алып, ретіне қарап іс қыласыз ғой. Бірақ негізгі мақсатты ұмытып кетуге болмайды. Ең алдымен, бізге әлі дұрыстап көндігіп болмаған башқұрттар мен қырғыздардың құлқын қалт жібермей қадағалап баққанымыз жөн. Олар бір-бірімен ауыз жаласып кетіп жүрмесін. Әлгі Әбілқайыр ханның бізге әлі күнге ыңғай танытпай отырған Хиуаға қарсы қандай әрекетін де қостай бергеніміз дұрыс. Бірақ, оқ берсек те, қару берсек те, әскер беруге болмайды. Және бір ескеретін жағдай - аманат ұстаудың жәй-жапсары. Солай ғой, Андрей Иванович?
Остерман басын изеді. Екеуінің алдын ала ақылдасып қойғаны сөзіліп қалды. Императрицаның аузынан шыққан әр сөздің ар жағында қанша кісі, қанша ақылвды тұрғанын кім білсін? Айтып отырған ойларының ұлы аңғары әнеукүнгі өзі жазған жобаға соғады. Кейбіреуі былтырдан бері Бестужев-Рюминнің құлағына құйып баққан өз ақылы. Солардың көпшілігін бұған Тевкелев айтқан. Оған бұны жапан түздегі жалбағай тымақтар құлақ қағыс қылыпты. Соның бәрі жолда Остерманның, Биронның көкірегіне бір-бір түнеп шығып, енді, міне, патшаның ауызымен өзіне қайта айтылып отыр. Таж иесі оның бірін де сөзбейді, түнде түсінде құлағына қызыр сыбырлап кеткендей еш қысылмастан өзеурей сөйлеп, өжектей дәлелдейді. «Билік шіркіннің бір құдіреті осы-ау! Талайды, астындағы атынан аударып түсіріп, өзің мініп кетсең, басқаға жараспағанмен, саған жарасады. Талайдың көкірегіндегі ойын қазып алып, ауызындағы сөзін қағып алып, өзіне айтқызбай, өзің айтсаң, басқаға жараспағанмен, саған жарасады. Оған бола шалабын шайқайтын ешкім табылмайды. Қайта ертең жұрт ортасына барғанда, әлгі пікірдің өуелде өз көкірегінен шыққанын ұмытып, «кеше патша ағзамның қабылдауында болғанда ей деді, бұй деді» деп жар шашып бағады. Дуалы ауызға дауа жоқ деген осы...»
Тосыннан тап болған қиқар ойдың ырқына беріліп бара жатқан Кирилов тізгінін тез тартып ала қойды. Императрицаның сөзіне қатал ұстаздың алдындағы ұялшақ шәкірттей тырп етпей сыздия қарап тыңдап отыр:
- Аманат мәселесінде башқұрттар ауызымызды аз күйдірген жоқ. Елге симай жүрген қайдағы бір қиық құлақтарын аманат қып әкеп тастап, артынан обал-сауабына біз қалып, талай тауқыметті тартқанбыз. Жер жұтып кетсе де, ешкім іздемейтін қайдағы бір обыр ауыз масылдарға тегін киім, тегін тамақ, тегін төсек болғанымыз бар. Бұл жолы да соның кебін киіп жүрмейік. Қырғыздардың халыққа қадірі еткен, айтса сөзінің, елсе өзінің іздеуі бар аяулы адамдарын ғана аманатқа ұстайық. Ол үшін аманатқа ұсталатын адамдардан ел ішіндегі таласты өз әдет-ғұрыптары бойынша тергеп-тексеретін сот құралық. Кез келген жанжалына араласып, жамантты боп жатамыз ба? Өз дауларын өздеріне шештірелік. Сонда олар бізге қайдағы қағылған-соғылғандарын емес, ақыл иесі азаматтарын ғана аманатқа беретін болады. Біздің бұратаналарға бұйырар әр шапанымыз, әр сыйымыз, әр лауазымымыз оларды тырп өткізбей қылғындырып ұстап отырар бір-бір қыл тұзағымызға айналуға тиісті. Солай емес пе, Андрей Иванович?
Бұл жолы вице-канцлер зерделі шәкірттің дұрыс жауабына риза болған кеңпейіл ұстаздай рахаттана бас изеді.
- Сен жобаңа дұрыс жазыпсың. Жаңа бодандарымызға жасалар ашу-айбарымыз өзіміздің не көзімізден, не сөзімізден сөзілмесін. Біздің қаһарымыз оларға қалмақтың қамшысы боп, казактардың балтасы боп,
башқұрттардың найзасы боп тисін. Ал азғантай жақсылығымыз, рахымымыз болса, оны өзгеге жем қылмай өз қолымыздан беріп, өз аузымыздан айтайық. Қит етсе жекіп сөйлеп, желкелеп сабап алатын олар біздің орыс мұжықтары емес. Біздің мұжықтардың көнбіс жағы неғұрлым көп төмпештесең, солғұрлым емешегін үзе түседі, ал қиқар жағы шу асаудай тулап-тулап ел көрмеген, жер көрмеген қиян өлкелерге безіп кетеді. Сол жақтан жаңа аймақтарды жаулап алып, біздің жерімізді
көбейтеді. Мына бұратаналардың бетіне алая қарасаң, сырт айналып, Қытайға не күнгейден күнде азғырып отырған мұсылман патшаларына беріле салуы ғажап емес. Өйтіп, қолға өзі түсіп отырған батпан құйрықты
өзіміз итке лақтырған болмайық. Мүмкіндігінше, алдап-сулап бағайық. Бастан секіріп бара жатса, итір-қылжыңға салып жүрмей, ендігәрі беттен алмайтындай қылып, бел омыртқаларын үзіп біржолата жер тістетіп тасталық.
Бұл жолы Остерман мен Кирилов жарыса бас изесті. Императрица өз сөзіне езі қатты риза боп кетсе керек кілт кідіріп:
Ал енді сен сөйле, Иван Кирилович, - деді.
Алдияр тақсыр, айтқаныңыздың бәрін бұлжытпай орындауға барлық күш-жігерімді аямаймын. Көрсеткен сеніміңіз үшін өле-өлгенше өзіңіздің алдыңызда шексіз қарыздар боп әтемін, - деді Кирилов орнынан атып тұрып.
Түрегеліп тұрып сөйлегенде дауысы манадан бергідей күмілжі шықпай, саңқ ете қалғандай болды. Бұл жолы императрица «отыр» деген ишара жасамады. Остерман да орнынан көтерілді.
- Қандай қолқаң бар?
- Алдияр тақсыр, біз бара жатқан өлке бұрын-соңды зерттелмеген өлке. Біздің экспедициямызға зерттеуші мамандар өте-мөте қажет. Сондықтан бізге Москвадағы славян-латын академиясының ең үздік шәкірттерін және ағылшын капитаны, астроном әрі математик Эльтон,
ботаник профессор Гейнцельман секілді таңдаулы оқымыстыларды бөлуге пәрмен етуіңізді сұраймын.
Императрица сәл ойланып қалды.
- Ақылдасып көрерміз. Тағы қандай бұйымдарыңыз бар?
- Алдияр тақсыр, тілмаш Алексей Иванович Тевкелевтің империя алдындағы еңбегі лайықты бағаланатынына сенім білдіруге рұқсат етіңіз.
Императрица бір жымиып қойды. Сонда барып аңғарды: императрицаның жымиғаны Петр патшаның жымиғанына ұқсайды екен. Бірақ, оның күлкісін жылтыраған мұрты жұмсартып жіберуші еді. Ал мына патшайым жымиғанда жайбарақат кезіндегідей емес, бет-ауызы тым ызғарланып кететін сияқты. Келбетінде де немере ағасына үқсастық байқалады. Оны сұлу да, сүсты көрсететін кесек кескін мына кісіні тым сиықсыздандырып жібереді екен.
- Иә, Тевкелев тапсырманы ойдағыдай орындады. Біз оған полковник атағын беретін болған жоқ па едік Андрей Иванович. Айына мың сом арнайы жалақы белгілейміз. Бірақ, көмекшіңізден алдын ала сүйінші
сұрап жүрмеңіз! Империя тағы алдындағы еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Солай емес пе!
- Әлбетте, алдияр тақсыр.
Императрицаның әлгі сөзінің қандай түспал екендігін қоштасып жатып вице-канцлер аңғартқандай болды.
- Ал, көріскенше күн жақсы, Ваше превосходительство!
Остерман барлық дауыссыз дыбыстарға салмақты сала сөйледі.
- Сау, тұрыңыз, Ваше сиятельство!
Мынау не деп кетті? Ваше превосходительство! Қайдағы превосходительство!.. Бірақ, мұның ауызынан артық-ауыс сөз өлсе шығар ма! Шамасы, патша ағзамның... Сонда, қалай, бұны бірден статссоветник дәрежесіне көтергендері ме!.. Солай болуы мүмкін бе өзі!.. Статссоветник...
Кеңсе төңірегіндегі қитұрқының жәй-жапсарын жатқызып өргізетін Кирилов Петр патша рәсімге енгізген екі жүз алпыс екі қызметті он төрт түрлі сатыға бөліп, әбден жіліктеп жіктеген дәрежелер кестесінде «превосходительство» деген титул үшінші және төртінші сатыдағы шендерге, атап айтқанда генерал-майор, генерал-лейтенант, екілетті статссоветниктер мен құпия советниктерге телінетінін есіне алды. Ендеше, сенаттың обер-секретары үшін нағыз ылдидан шауып төске озған деген осы болды!
Үйге жеткенше аяғын қайдан басқанын өзі де білмейді. Әйтеуір есікті құлаштай серпіп ашып қалғанда дәліздегі шарайнадан күндегі түнжыраңқы обер-секретарьды емес, жасы биыл аттай қырық беске шығып тұрғанына қарамастан оңашада қызбен жолығып, жолы болып қайтқан бозбала жігіттей екі бетіне нұр теуіп бал-бұл жанып тұрған бейтаныс еркекті көрді. «Сәламатсыз ба, Ваше превосходительство!», - деді оған өзірге кемді күн обер-секретарь бола тұратын Иван Кирилов мейірлене қарап.
Билік маңында бүйтіп бір-ақ ырғып биікке шығып жататындардың болмай тұрмайтынынан Кириловтың да хабары жоқ емес-ті. Бірақ қай заманда да талғампаздығымен көзге түсе қоймаған көңілшек бақыт құсының тап бұл жолы бүйтіп кісісін тауып қонғаны, шынында да, таңғалмай болмайтын жәйіт еді.
Өкімет бар жерде есек гулемей жүре ме! Ертең императрицаның пәрмені шыққанда Петербургтың не деп сыпсыңдасатынын бір тәңірдің өзі білсін... Не де болса, Кирилов дегеніне жетті!! Оның арманы - әншейін жоғары лауазым, қолайлы қызмет, ертеңнен бастап теленгелі тұрған айына үш мың сом жалақы да емес! Оның арманы көңілі сүйген игі істерге ынта-жігерін аямай жұмсауға мүмкіндік алу еді. Оның арманы -Россияның мүддесі жолында бойындағы бар қасиетін сарқа жұмсау еді. Сол керегіне қолы бір жетсе, енді жеткелі тұр.
Кирилов мұны ойлағанда қалаған жігітіне тұрмысқа шыққалы жатқан қалыңдықтай беті лып-лып дуылдап, көзінің алды дөңгеленіп жүре берді. Қиян өлке... Қиямет шаруалар... Бәрі де ұлы Россияға, орыс халқына керек істер...
Кирилов былайғы жұртқа әншейін жабы көңіл қарапайым жан көрінгенмен сондай баққұмар-тын. Оған бүгін бар да, ертең жоқ падишалардың тажымен бірге жарқырап, бірге сөнетін бақ емес, мәңгі құлпыра берер Россияның атымен бірге аталар баянды бақ, баянды даңқ керек!
Міне, тап сол даңқтың төбесі енді көрініп тұр! Ол - ертеңгі сахараға бет түзейтін мынау ұлы сапары...
Бұл мына сапарына өзінің ең жақсы көретін адамдарын ертіп бармақ! Ең жақсы көретін заттарын ала бармақ! Ең аңсарлы жопарларын да сонда жүзеге асырмақ!
Міне, біраздан бері жазып жүрген «Күллі орыс мемлекетінің гүл жайнаған келбеті» атты еңбегінің қол жазбасы. Мұнда Россияның он екі губерниясының жәй-жапсары екжей-текжейлі баяндалмақ. Мұнда Россияға жаңадан қосылып жатқан өлкелер мен халықтар туралы, олардың салт-санасы жайында да айтылмақ. Ертең өзі бара жатқан башқұрттар мен қырғыз-қайсақтар елі туралы да тараулар қосылмақ. Бұл қолжазба қашан соңғы нүктесі қойылғанша, бұның қолтығында жүреді. Бір минут көз алдынан қалтарыс тастамайды. Ал мынау Петр ағзамның кабинет секретары Алексей Васильевич Макаровтың тапсырмасы бойынша «Терістік соғысы тарихын» жазуға жиналған деректер. Қап, кеше алдияр тақсыр: «Тағы не қолқаң бар?» дегенде есінен сарт шығып кеткенін қарашы! Сенат архивындағы кеп құнды кітапты тұсында тарихи еңбек жазамын деп бұрынғы вице-канцлер Павел Петрович Шафиров үйіне алдырып алып еді. Құдай онысын құп көрмеді. Петр ағзамның қаһарына ұшырады. Ондайлардың артында қалған дүние-мүлікіне тек таж иесі мен бас прокурордың пәрменімен ғана жақындауға болады. Патша алдиярдан рүхсат сұрауға енді кеш. Обер-прокурор Анисим Масловтың бұндай шаруаға тәуекелі тұра ма, жоқ па - кім біліпті!
Иван Кирилов кабинеттің бір бұрышында белек сандықта жатқан қоқыр-соқырларға көз тастады. Ол - ертең өзі аштыратын башқұрт, қырғыз-қайсақ, қарақалпақ мектептерінің керек-жарағы. Бұратана халықтарды оқытпай болмайды. Олар оқып, сауат ашып алса, өзімізге сор деген қисынсымақ бос былшыл!
Оқымаған қас наданға сөз дарымайды. Ол да бір, мінілмеген шу асау да бір. Асауды ылғи арқандап ұстау керек. Үзілмейтін арқан бар ма! Ақыры бір тарпып тайып тұрады. Ал бас үйреткен ат та бір, есіктегі ит те бір! Атты бастықтыратын темір ауыздық емес, қан сорпасын шығарып кеп, кермеге байлаған соң ауызына үстатар тәтті жем. Бұратана жұрттар үшін ондай дәмін бір алып алса, тұртінтіп маңыңнан шығармайтындай өзөзіл жем - оқу білім. Орыс емес жұрттардың баласын «өздерінің табиғи тілі» мен біздің тілімізде бірдей оқытқан дұрыс. Біздің оқу-біліміміздің дәмін сонда түсінеді. Бұл жағынан өздерінің қалтасы қаншалықты қағыңқы, ал біздің қаншалықты бай екенімізге сонда ғана көздері жетеді. Тек зеңбірекке сеніп қоюға болмайды. Зеңбірек біржола бездіріп те жібере алады. Ал ақ қағаздың бетіндегі ақылды сөз әдемі әйелдің шырайындай ғой! Ол ант атқан айналсоқтатып шығармайды, ғой! Арбап алады!!! Ғылымы, мәдениеті, оқу-білімі жоқ халық та бір, өзінің енесі жоқ жетім қозы да бір. Кімнен ауызданса, соған ереді.
Тек мына сапарға аман-есен аттанып кетсе екен. Алдымен қолға алатын шаруасының бірі осы бұратаналар мектебі болар еді.
Тәтті қиялдың құшағына біржола енген Кирилов алдындағы қақпағы ашулы жатқан сандықты шамалыда байқай қояр түрі жоқ.
Бөлменің іші сол баяғы қобыраған қалпы.
Содан бір қарбалас басталды да кетті.
Қазақ елішілігі тоқтаған үйдің тар ауласы абыр-сабыр. Бәйбек төлеңгіт пен Құттымбет би елге қайтпақ. Ханға барып мындағы хабарды айтпақ. Оның: «Тағы не боп қалды?» деп қаралай күпті болып отырған жүрегін орнына түсірмек. Императрицаның хаты мен сәлем-саухатын жеткізбек. Патша ханның орыс мемлекеті алдындағы еңбегі үшін рахмет айтып ұлы жүз билері Төле, Қодар, Сатай, Ханкелді, Бөлек батырларға бодан сұраған өтініштерін қабыл алғанын хабарлауды сұрайды. Қазақтың екі биіне Уфаға дейін үш башқұрт биі жолсерік болып барады. Сапарға аттанатын бес би ғана емес, елшіліктегі барлық қазақ, башқұрт кешеден бері базарға барып, дүкен аралап мәре-сәре. Бұрын-соңды мұндай майтымақтарды көп көре қоймаған орыстың, шет елдің саудагерлерін айран-асыр қалдырып, балық бөлісіп жатқандай қауқылдаса сөйлеседі.
- Қалай, мынау біздің қатынға сияр ма екен?
- Оны менен неге сұрайсың? Сенің қатыныңның сауырын сипап керді ғой дейсің бе?
- Мына біреуі немене? Әйелдікі ме, еркектікі ме?
- Алды тіліқ түймелі болса - еркектікі, бітеу болса - әйелдікі.
- Қатып кеткен жоқ па? Мұндағыдай сақтиян етікті Хиуа мен Бұхарадан таба алмайсың!
- Әттеген-ай, бұрын баратын жастан асып кеткеніңді
қарашы! Әйтпегенде мынандай көк етікпен барша балдызыңды оң жақта отырғандарында-ақ тоқал қылып қайтар едің?
- Бұлардың насыбайы қандай болады екен?
- Насыбай десең, анау қайыған інгендей қайқаңдап тұрған сары қатыннан ал! Шалқаңнан түсіреді!
- Рас айтасың ба-ай! Жерлерінде жапақ өспейді, изен өспейді. Бұлар күлді қайдан алып жүр екен?!
- Көп былшылдамай көзіңе қара! Ышқыр бауың салбырап кетіпті. Әрлі-берлі өткендердің біреуі аяғымен басып қалса, айдай жұрттың алдында масқара боп жүрерсің? Жан-жағың тола әйел...
- Ештеңе етпес, көп болса, көрімдік берер...
- Мынау қауға сақалдың иегінде қанша бит жүр екен?
- Немене, тұқымға алып кетейін деп пе ең?
- Әй, анау арбаға мініп бара жатқан Мәмбет мырза ғой. Ойбай, қалмайық! Адасып кетерміз.
- Ол емес. Мәмбет мырза әне башқұрттармен сөйлесіп тұр. Мұнда Мәмбеттен де басқа сары иық толып жатыр.
- Маған анау алақандай көк ала қағазыңның біреуін қарызға бере тұрмайсың ба? Мұндай боларын білгенде, былтыр Уфаның базарына он жылқы емес, бір үйірді түгел айдап әкелдірмес пе ем.
Осы бір қауқылдасқан айқай-үйқай кешеден бері жатқан үйлерін де бастарына көтерді.
- Мына төлеңгітке сенім жоқ. Құтеке, менің түйіншегімді қатынасқан адамнан біздің ауылға өзің жеткізіп бере көр.
- Бүгін жамбасыңа басып жат. Қатының ертең исіңді алып, мауқын бассын!
- Қойсайшы. Сен оны қағытам деп, бізді жылатарсың.
Елге сәлемдемелерін жабық күймелердің арттарыпа салып жатып та, ауыздарына тыным жоқ.
- Әй, орақ мұрын төлеңгіт. Құтекемнің иі жұмсақ. Ертең Опаға барғанда біздің дүниемізді бір түгендеп шыға көр. Әйтпесе, мына естектер ертең «жезнәкайлап»алдарынан шығатын балдыздарына базарлыққа беріп
кетіп жүрер.
- Жоға, тәйірі. Башқұрт пен қазақ жылқы ұрламаса, мүлік ұрламайды.
Қауқылдасып жүріп арбалар да тиелді. Енді жұрт қалжыңды қойып, аттанғалы турғандарды бір-бірлеп оңаша шығарып ап, ауылдарына, үйлеріне, қатын-балаларына айтып жіберер аманаттарын сыбырласып жатыр.
Өзге жұрттан оқшауырақ тұрған Ноғай жолындағы Тілеу-Құбақан болысының биі Тоқшара Түйтеев Құттымбет бидің қасына барды. Башқұрттардың ішінде осында келгелі қабағын ашпай томырық жүргені осы. Жағдай сұрағандарға: «Ас жақпай жүр», - деп сырғақтайды. Не де болса, ішінде бір бітеу жарасы бар. Мана базарға барғанда да жұртқа ұқсап темір-терсек шүберек жатқан жаймаларға жуымай, үріккен аттай состиып анадайда жалғыз тұрды. Еліне айтар несі бар екен? Башқұрттарды көрмей тұрғандай, қазақ биін жағалағаны қалай?
Онда Құттымбет батырдың шаруасы болмады. Анадайдан емексіп келе жатқан башқұрт биіне құлағын тоса берді.
- Құтеке, ертең Уфаға барғанда ұлығының кеңсесіне соқпай сірә кетпейсіздер. Сонда аула сыпырып жүретін бір башқұрт шалы бар. Мына кітапты сол кісіге бере кетпейсіз бе? Анада осылай шығарымда Қылмақ-Абыз: «Қазанға соқсаң, «Мұхтасар» ала кел деп еді. Қайтарда
Қазанға кідіретін, кідірмейтінімізді, кідірсек те, қанша кідіретінімізді кім біліп жатыр?! Осындағы бір татардан бұйымшылап алдым. Әлгі шалға айтарсыз: Қалмақ-Абызға жуық арада қатынасатын бір адамнан
беріп жіберер.
Башқұрт биі қолқасын айтуын айтқанмен, әлденеден қаймығып, қипаңдап тұр. Құттымбет:
- Жарайды. Киелі кітап қалған темір-терсектен ауыр болар деймісің! Ала кетейін. Оған бола қам жеме, - деді.
- Мың да бір рахмет. Жаратқан жортқанда жолыңды қылсын.
Жүретіндер қалып бара жатқандардың жаппай қолдарын алып күймелеріне отырды.
Әлгінде ғана ауыздары жалпылдап ажың-күжің әңгімелесіп жатқан қазақтар мен башқұрттар күлкілерінен тыйылып состия-состия қалыпты. «Шіркін-ай, біз қашан өйістіп елдерімізге қайтар екенбіз?» деп тұрғандары түнжыраңқы көздерінен сөзіліп тұр.
Сарыла күткен күн де келді-ау ақыры. 1734 жылы 10 июнь күні статс-советник Кирилов таңғы шайын ішіп болар-болмаста есік қағылды.
- Ваше превосходительство, сізге таж иесі ағзамнан шақыртушы келіп тұр.
Кирилов орнынан атып тұрды.
Бұл жолы императрица оны ақ мәрмәрмен алтындатқан әлекей- күлейкейден көзің түнатын әшекейлі залда қабылдады. Бір жақ қапталда рәсім бойынша киінген Бирон, Остерман, Бестужев-Рюмин, ғылым академиясының президенті Корф сыздия-сыздия қалыпты.
Императрица бүгін аса айбынды, аса байсалды. Дүңкілдей шығатын дөкірлеу дауысын жұмсартқысы келді ме екен, әуелі сәл күлімсіреп басын изеді. Сосын Остерманға:
- Баста, - деп бұйырды.
- Мұндайда мұнтаздай киініп, ширақ сөйлеп, ширақ қимылдап шиыршық атып шыға келетін Остерман айналасы төрт-бес адамның емес, қалың жиынның алдында тұрғандай жіңішке дауысын әнтек көтере созып, әр әрпін шегедей қадап, тақ-тақ тіл қатты. Ол әуелі таж иесі ағзамның осыдан бір күн бұрын бекіткен Ор өзенінің сағасына салынбақ жаңа қаланы Оренбург атамақ хақындағы пәрменін оқып шықты. Қолындағы жалтылдақ қапсырманы сарт еткізіп жауып, қаздиып тұра қалды.
Императрица тамағын кенеді.
- Сен салатын қаланы бұлай атағанымызға қарсы емес шығарсың?
- Әлбетте, алдияр тақсыр!
Императрица Остерманға тағы да бас изеді. Вице-канцлер бұл жолы Оренбург қаласына жасалатын жеңілдіктер мен артықшылықтар тізбесін оқып шығып, тағы да жарға кеп тірелген тағалы аттай кілт етіп тұра қалды.
- Жобамен алдын-ала танысып па едің? Алатын-қосатының бар ма? Түгел мақұлдайсың ба?
- Әлбетте, алдияр тақсыр!
Императрица тағы да бас изеді. Остерман алдындағы дөңгелек столдан жалтырата әшекейленген қатырма қағазды алды. Әбілқайыр ханға жіберілмек грамота екен. Вице-канцлер бажайлап оқып шықты да, тағы да сіресіп тұра қалды.
- Бұның да жобасымен алдын-ала таныстырылып па еді? Ертең барғасын әр әрпі мен әр сөзін тыңғылықты түсіндіріп бере аласың ғой?
- Әлбетте, алдияр тақсыр!
Остерман тап әлгіндей екінші қатырма қағазды қолына алды. Бұл - Сәмеке ханның Россияға бодан болу хақында қайталап берген өтінішіне жауап грамота.
- Бұнымен де таныссыз ғой!
- Әлбетте, алдияр тақсыр!
Ендігі оқылған - Ұлы жүз қазақтары, батырлары мен билерінің, атап айтқанда Қодар би, Төле би, Ханкелді батыр, Сатай батыр, Бөлек батырлардың бодандық сұраған хатына жауап.
- Бұны да мақұлдайсың ғой!
- Әлбетте, алдияр тақсыр!
Ең соңында патша ағзамның Оренбург экспедициясының құрамы жайындағы пәрмені жарияланды. Онда аты аталған адамдарды Кирилов бұрыннан білетін. Көпшілігін бұл сапарға өзі ұсынған. Сонымен экспедицияның құрамына Тевкелев екеуінен басқа Арал теңізінде пристань тұрғызып, кеме қатынасын жолға қою үшін бір теңіз поручигі, бір мичман, бір штурман, екі кондуктор, бір боцман, бір хатшы-боцман, алты матрос, бір қайық шебері, оның көмекшісі, екі қайық жамаушы, екі десятник және төрт балташы, жаңа қала мен ондағы әскери бекініс құрылысы үшін инженер чиніндегі бір капитан, бір поручиқ екі кондуктор, қала шаруашылығын жолға қою үшін бір майор, он прапорщиқ екі унтер-офицер, он үш капрал, геодезиялық зерттеулер жүргізу үшін екі поручиқ төрт подпоручик және екі прапорщиқ кеңсе қызметі ушін бір бухгалтер, бір іс басқарушы, оның көмекшісі және қағаз көшіруші, артиллерия қызметі үшін екі бомбардир және төрт канонир еніпті. Кирилов оларды өзі іріктеп алып, жолға шығуға сақадай сай өзірлеп қойған. Мұның үстіне Москвадан Бұларға бір кен зерттеуші, бір аптекарь, бір ботаник, бір тарихшы, бір суретші, бір штыкюнкерь, бір прапорщиқ бір комиссар, он жеті унтер-офицер, бір кеңсе қызметкері, оған көмекші, төрт қағаз көшіруші, көмекшісімен бір хирург, оқымысты священник және славян-латын академиясының бір топ студенттері қосылмақшы. Россияда бүгінге дейін мұндай үлкен экспедиция ұйымдастырылып көрген жоқ! Ол аз десең, Пензаның жаяу әскер полкі, Уфа гарнизоны, Вологда полкі, Уфа дворяндары мен казактарының тең жартысы, Уфадан, Мензелинскіден, Бирскіден әскерге шақырылатын жастар да бұның отрядына кірмек. Жайықтан арғы ұшан далаға бұрын-соңды мүншама көп орыс қарулы қолы аяқ басып көрген емес! Мұншама күш бұған - кешегі қарапайым қағаз көшіруші Кирил Кириловтың баласы, Иванға сеніп тапсырылып отыр.
Кириловтың толқып кеткені сонша, екі тізесі дір-дір ете қалды. Императрица сауалының тек соңғы жағын ғана құлағы шалды.
-... риза шығарсың!
- Әлбетте, алдияр тақсыр!
- Башқұрттар мен қырғыздар даласына қыз ұзату тойына бара жатқан жоқсыңдар. Талай қауіп-қатер кездесуі де мүмкін. Ондайда орыс мундиріне дақ түсірмей, бастарыңды пидаға шалуға пейілсіңдер ғой?
- Әлбетте, алдияр тақсыр!
- Ендеше, Россия, орыс халқы, Россия тажы мен тағы Отан алдында еңбегі адал ұлдарының қызметі мен ерлігін қаншалықты қастерлей білетінін бір сәт естен шығармассыңдар!
- Әлбетте, алдияр тақсыр!
Кириловтың көзіне дым жүгіріп тамағы құрғақсып барады. Дәл мынау сәт орыс мемлекетінің талайдан бергі бір арманының жүзеге асырғалы тұрған айтулы сәт екенін мына алтын жаға шонжарлар ұға ма екен? Ұқса, Бестужев-Рюмин ғана ұғатын шығар. Ал, анау қасындағы үш немістің не ойлап тұрғанын кім біліпті? Өздері жаратқан аттай боп қаншардай қатып сіресе-сіресе қалыпты. Үйреншікті жағымпаздықтары ма, жоқ мына сапарының қаншалықты тарихи маңызы барын олар да сөзе ме?! Сөзсе, басқа басқа, алмына бұл баяғыдан бері сан-сапат оқып, әр үтір, әр нүктесіне дейін жаттап алған, қажет десе, әу баста өз көкірегінен шығып, одан бері қолдан қолға өтіп, мынандай таптаурын күйге түскен, айтпаса да түсінікті қағаздарды бірінен соң бірін ежіктей оқып беріп, сағыздай созғылап, қайталап пысықтатып қайтеді? Одан да «жолың болсын» деп арқасынан қағып шығарып салмай ма! Мына күннің не күн екенін басқаларды былай қойып, тап осы императрицаның өзі түсіне ме екен! Біле білсе, таққа отырғанынан бергі бес жылдың ішіндегі ең бір айтулы күні осы ғой. Петр Алексеевичтің өзі өле-өлгенше армандап өткен ісі емес пе еді бұл! Жарты ғаламдай жалпақ Азия қолға өзі келіп түскелі тұрған жоқ па! Бұндай дәуренді саған дейінгі ауызымен құс тістеген талай падиша көре алмай кеткенді. Күн күйдірген күнес Азия саған дейін ешбір Европалық билеушіге сауыны болған мама сиырдай сауырын төсеп тұрып алмаған-ды. Үғамысың бұны, таж иесі, тақ иесі ұрғашы! Бөксеңді Европаға басып, етегіңді Азияға шашып шалжиып отырған сенде де арман бар ма екен, сірә! Анау күні қолыңа Остерман апарып ұстатқан еңбегімде мен сені солай дәріптегем. Сонымды түсініп істе мейлі, түсінбей істе мейлі, мына керсеткен сенімің үшін алдыңда мәңгі қарыздармын. Әттең мынау жаттан үйренген жаттанды салтанатың көзімнің де, сөзімнің де лық-лық ақтарылғалы тұрған талай сел нөсерін бегеп тұр. Шіркін-ай, дәл мынандай күні дәл мынандай жерден қалайша шарапқа жұмсалатын шауып кел малайдай сіресіп кіріп, сіресіп шығып кете алам! Ең болмаса, «рахмет» деген жаңғыз ауыз сөзімді айтуға жағдай туар ма екен, жоқ па екен...
Императрица тамағын кенеді. Тағы да бірдеңе айтпақ қой. Иә, сәт...
- Жарайды, жолың болсын, көгершінім!
Толқып тұрғанын сөздіргісі келмей қатқылдау тіл қатып еді, дауысы тарғылданып шықты.
Кириловтың қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздады. Екпеттей құлап, императрицаның жер сызған шұбалаң көйлегінің етегіне ернін басты. Ауызы айта алмағанды денесі білдіріп, екі иығы селкілдеп ала жөнелді.
Арада бес күн өтті.
Неваның кемерінен асып төгіліп жатқан көлкөсір айдынына желкендері жалтылдап бес кеме шықты.
Жағада құжынаған көп күйме, қол бұлғап жатқан, көздерін сүртіп жатқан ығы-жығы жұрт. Аспан ашық. Делдие керілген көп желкендер жағалаудағылардың көздерін қызықтырғылары келгендей ұзақ бұлаңытып тұрып алды.
Таң атар-атпастан су шашып тастаған тас көшелер, сызғышпен сызғандай тіп-тік тартылған каналдар, ойдым-ойдым парктер мен скверлер, әлі де болса, көкке самғап кете алмай, жер бауырлап жатқан жатаған қаланың бірен-саран еңселі сарайлары мен шпильдері көп жұртқа ит арқасы қиян боп естілетін алыс өлкеге аттанып бара жатқандардың көздеріне шоқтай басылып екі жақ жағалаудан жарыса созылып қалмай ілесіп келеді.
Бас-аяғы отыз бір жылдың ішінде миы шыққан жұтпа батпақтан мынандай ұлы шаһарға айналған астананың жәй-жапсарына әбден қанық Кирилов не көрінсе де, көзін ала алмай, еміреніп тұр. Кісі ішінде жүргенде байқамайды, әйтпесе Петербург, шынында да, қанатын кеңге жайып, қарыштап өскелі тұр екен. Әттең, Петр ағзамның езі тірі болғанда ғой! Онда астана тек бұл ма, ендігі кісі тани алмастай боп құлпырып кетпес пе еді...
Кирилов қайда қараса да, император ағзамның әлі күнге жүзеге аспай тәрк боп жатқан армандарын көргендей. Анау - кез ұшындағы Котлин аралы. Баяғыда Полтавадан жеңіспен оралған соң, Петр патша астананың орталығын сол аралға орнатпақ боған. Аралдың бетіне қолдың саласындай қып шаршылап каналдар тартып, солардың бойына дворяндарға, көпестерге, ірі-ірі кәсіп иелеріне бәсекемен үй салдырмақ-тұғын. Тіпті, 1712 жылы мыңға жуық шонжар әулетті аралға көшіру туралы указ да шығарған. Ол әулеттердің тізімін Сенат бекіткен. Бірақ, оған ұзаққа созылып кеткен терістік майданы мүмкіндік бермеді. Оның үстіне жау өтіндегі арал қорғаныс жағынан да қолайлы болмай шықты. Енді, міне, ол бүгінде Кронштад - Жаңа қаланың жау бетіндегі бір қалқаны.
Астана императордың соңғы көргенінен көп өзгөріп жарымапты. Үйлерінің көбі - сол баяғы бір қабат сылама. Оларды сыртынан қыш кірпіштен қаланған боп көрінетіндей қылып, қызылмен бояп қойыпты. Тұсында әуел бастағы қарағай лашықтардың орнына осындай тәпене сыламалар салына бастағанына Петр патша қандай қуанып еді! Содан олардың орнына қыш кірпіш үйлер алмастырғанша қандай асығып еді! Күллі Россияда тек осы Петербургте ғана қыштан үй салып, көшелерге шамдал орнатып, парктер мен скверлер жасауға рұқсат еткен-ді. Жаңа астанаға байланысты шаруа шықса, марқұм императордың көзі шоқтай жайнап кетуші еді. 1716 жылы француз архитекторы Леблон жасаған бас жобаны көруге Сенатқа келгені әлі есінде. Көлкөсір столдың о шетінен бұ шетіне шыққанша жайғасқан сәнді макет көздің жауын алады. Император қулана жымиып әр нәрсені бір сұрап қояды. Ақкөңіл француз одан сайын буырқанып шабыттана сөйлейді. Орыс астанасы әлденеше ғасырлардың стилі ию-қию араласып бытысып жатқан Римге де, Парижге де, Венаға да үқсамауға тиісті. Дәл мына макеттегідей сиырдың тіліндей созылыңқы элипс жасап, бір-ақ түнде орнап қалған жұмбақ қаладай бір қалып, бір нақышпен жинақы салынбағы керек. Адмиралтеиство аралындағы құрылыстар шаншылған найзадай тік тартылған түзу көшелердің бойына орналасады да, Васильев аралында ондай көшелердің орнына сәнді каналдар қазылады.
- Мм, - дейді патша.
- Ол үшін қазіргі үйлердің бәрін құлатамыз, қазіргі каналдардың бәрін қайта көміп, басқа каналдар қаздырамыз.
- Мм!
Патшаның едірең мұрты жымпиып қапты. Архитектор одан сайын иығын қомдап қоқилана түседі. Кенет патша ерең-серең қолын сермей созып, Леблонның иығына сарт еткізді.
- Несін айтасың, әдемі-ақ! Жаңа Венеция!
Онсыз да жағасы жайлау тұрған архитектордың екі езуі екі құлағына жетті.
- Бірақ...
Леблонның ұзын кірпіктері тікірейе түсті.
- Біздің климат Венециядағыдай қысы-жазы қайықпен қатынасып тұрғанды көтермейді. Оның үстіне, достым...
Патша қалтасын қағып-қағып қойды.
Сөйтіп, сәнді Венеция көзден бір-бір ұшты. Бірақ, Кирилов күннен күнге көркейе түскен жаңа астанадан сондағы көз алдарында бір сағаттай тұрып жоқ болған әдемі елестің әлде бір нышандарын танып қалатын сияқты еді. Міне, соған көзі енді жетіп келеді. Анау оқтай түзу Нева проспектісі қандай әдемі! Оның екі қапталынан үш-төрт қатар жасап тіккен ағаштар қандай әдемі. Олардың арасындағы оқ жыландай сумаңдай ағылған тас соқпақтар неткен ғажап! Патша соның бәрін соңына түсіп жүріп өзі істетіп еді ғой. Егер әрқайсысы бес фунттан кем емес үш тас сала келмесе арбалар мен шаналарды, сондай жиырма-отыз тас сала келмесе, кемелер мен қайықтарды Петербургтың қарасын да көрсетпей, қаңтартып қоятын. Астананың көшелеріне тасты солай төсеткен! Ал, анау Адмиралтейство аралының қақ ортасындағы жан-жағының бәрі каналмен қоршалып, пейіштей құлпырып тұрған көлкөсір көк арал - Жазғы бақ. Қазіргі Петербургтің шаршы төрі сол. Ондағы әр ағашта, әр мүсін мен әр орындықта ұлы патшаның күс-күс қолының табы жатыр. Дүниенің төрт тарапынан әкелінген әр алуан ағаштар мен гүлдер, шаршылап, дөңгелентіп қырқылған сәнді бұталар, кесте төккендей нақыштап еккен көркем гүлзарлар, шағаладай аппақ колонналар мен статуялар, ойдым-ойдым алаңқайлар мен ұзыншұбақ серуен жолдары, көкке шапшыған фонтандар мен жер бауырлап жатқан үйме-жүйме гроттар, мәрмәр беседкалар мен шамдал бағандар, бірте-бірте бір тұтас жасыл шаршыға айналып, көзден бір-бір ұшып бұлдырай бастады. Ал сонау жан-жағын желкен қамап тұрған Адмиралтейство. Адмиралтейство мен Жазғы бақтың арасында бірінен бірі өтіп қаздай тізіліп Петр тұсында салынған бекзадалар сарайлары бұлар жағадан алыстаған сайын шіл боғындай шашырап құрдым ақ ноқаттарға айнала түсті. Каналдардың жиегі бөренелермен көмкеріліпті. Ол бөренелерді балдыр көміп кегөріп кетіпті. Қарсы жағалауда қабағын ашпай түйіліп Петропавловск қорғаны тұр. Қорған ішіндегі Петр мен Павел соборының мыс жалатқан жылтырақ шпильдері сонадайдан көзіңе шаншылып қаратпайды-ақ.
Васильев аралы әлі бос жатыр. Бұрын жер түбінен мен мұндалап тұратын Меншиков сарайының қасынан бірен-саран қара-құраң көрінеді. Сенатқа, Синодқа және коллегияларға арналып салынып жатқан атақты он екі коллегия үйі енді-енді бітіп келеді. Одан аулағырақта жаңа салынып жатқан Келім-кетім сарайының қаңқасы қарауытады. Кунсткамераның жаңа үйінің маңы ығы-жығы адам. Аралдың шет жағындағы алаңқайда бірен-саран шалқасқа шабдар сиыр жайылып жүр. Қозықұйрық терген сары үрпек балалар кейлектерінің батпақ жұғып сатпақтанып қалған етегін кіндіктерінен асыра көтеріп анадайда айдын бетінде сән түзеп қаздай қалқып бара жатқан бес кемеге ауыздарын ашып аңқиып тұр.
Каналдардың өзенге шығар тұстарындағы көпірлердің көбін тот шала бастапты. Император тірі кезінде бұл көпірлерді өзі кеп тексеретін. Бір жолы қасына астананың бас полицмейстрі генерал-адьютант Девиерді ерте шығыпты. Арғы түбі Португалдық теңізші келімсек Антон Девиер иненің көзінен өтетін жылмаң төстің нағыз өзі еді. Бекзада дәулетті біреуді көре қалса, желімдей жабысып, ауызы жалпылдап сөйлеп беретін. Патша ағзамға тап келгесін не жорық! Құлағын сарсытып-ақ бақса керек. Кенет Мойкадан өте бергенде, император көпірдің бір ақауын көріпті.
- Мынау не!
Әлгінде ғана ауызы-ауызына жұқпай келе жатқан полицмейстердің көмейіне құм құйыла қалғаны.
- Көкешім, - депті патша, - ана көпірдің үстіне барып тұр да, белбеуіңді ағыт!
Айдай жұрттың алдында полицмейстрдің шонданайын күнге қаратып қойып шиедей қылып берген император қолындағы қан-қан қамшыны атшыға ұстатып, солығын өзер басып:
- Көкешім, көпірлерді өзің келіп тексеріп тұру керектігін, ең болмаса, мына құйрығыңның жарасы жазылғанша естен шығара қоймассың, - депті.
Сосын күймесіне отырып, шалбарын тартып кие алмай, әбігерге түсіп жатқан генерал-полицмейстрге:
- Болсаңшы, бауырым, жүрмейміз бе енді?! - деп айқайлапты.
Бұл әңгімені астанаға жайған Антон Девиердің өзі-тұғын. Мұртын сылап қойып, мақтанып айтатын. Император ағзамның алдында бөксеңді жалаңаштап тұрып, өз қолынан таяқ жеу үшін де біраз дәрежеге жету керек қой! Баққұмар қелімсек соны неге түсінбесін! Өзінің тегін кісі емес екенін сөздіру үшін әдейі айтатын.
Астанада қирап тұрған көпірлерге бола басы ауыра қоймайтын салбөксе ұлықтар әлі де баршылық. Бірақ, оларды осылай оқтын-оқтын шонданайларын сипаттырып төртіпке шақырып қоятын ақыл кез-келген билеушіден табыла бере ме! «Қайран, император!» - деп күбірледі Кирилов. Ол тірі болғанда, мына сапарға бұларды өзі аттандырып салмас па еді!
Кириловтың кеңсірігі ашып, көзінің алды жыбырлап қоя берді. Күнде-күнде көріп жүрген етене шаһар бірте-бірте бедерінен айрылып, көз ұшындағы көп қарауытқан не екендерін ажыратып болмас әлде бір бұлдыр елеске айнала бастады.
Қаладан ұзаңқыраған сайын Нева айдындана түсті. Көк жүзіне түбіттей түтіліп шүйке-шүйке ақ бұлттар көтерілді. Жағалаудың екі бетіндегі ну ағаштар сиреп, көк ормандар сонау көк жиекке шегініп, қашықтап кетіпті. Оның есесіне жайған керегедей боп сіресе ұстасқан нар қамыстар көбейіпті. Айнала ашыла түскен. Көздің де томағасы алынғандай, ту-ту алысқа құныға шаншылады. Шіркін, кең дүние-ай! Әлі орынында екен ғой! Оны ешкім әлі тар аулаға тығып, қарағай қамашауға қамап қоя алмаған екен ғой!
Манадан бері Кириловтың қасында міз бақпай төңірекке қадала қарап келе жатқан Ералының жүрегі бұлқып-бұлқып қалғандай болды. Мынандай телегей су, жардай тігіліп, жиі өскен нар қамыс есіне тағы да салқам сахарасын әкелді.
Жылда осы уақытта төл аяқтанатын. Жылда осы уақытта құм арасының қапырығы күшейіп, кене сасып кететін. Жылда осы уақытта жабағы жүн қырқылатын. Тай-тай жүн теңдеген керуендерді Бұхара мен Хиуаға аттандырып салып, қалған ел үйлерін жығып, жылы ықтасын, жұмсақ тебінді тастап, қатқыл өріс, салқын белдерге бет түзейтін. Сонау Хиуадан сәл-ақ бері Адам ата1 бойындағы ұлан құмды қыстап шыққан хан ауылы жайлауға кәшкенде Сырдың тап Аралға құяр сағасы маңынан өткелдеуші еді. Қазір де сол үйіреншікті сүрлеуімен Сары Арқаның самиян жазираларына қарап бағыт алып бара жатқан шығар. Сырдың бойы да тап мынау терістік дариясының бойындай боп, бабына келіп балбырап жатқан шығар. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ арсы-күрсі дарияның жағасына жете бере көштер шөгерілер-ді. Теңдер түсіріліп, талдан тізіп жасаған жадағай салға тау-тау боп үйілер-ді. Балақтарын тізеден асырып шиыршықтап түріп алған жағаның қара сирақ жатақтары қолдарына сырғауыл таяқ ұстап, бала-шаға мен дүние-мүлік тиелген қалтылдақ салындыны арғы жағаға қарай ақырын жылжыта жөнелер-ді. Қызыл құмды тізеден кешіп, төрт қолтығын түгел ақ көбік көмген атан нарлар ақ айран дарияға түсуден тайқасоқтап бақырып-шақырып бағар-ды. Ақыр соңында басқакөзге төпеп берген қамшы мен сойылдан амалдары құрып жөңкіле аққан жойқын суға жөнеп берер-ді. Бір-біріне бұйдаларынан тізіп тастаған жарықтық жануарлар төрт аяқтарын бір жақ қапталдарына жан тәсілім сермелеп, бір бұйірлеп малтып бағар-ды. Күнгей жағаның маса-сонасынан өзер құтылған бейшара көшті төріскей жағаның маса-сонасы ызыңдап әндетіп жалана тосып тұрар-ды. Әншейінде көзі-басың күп боп ісіп, тозақ көрінетін сол бір күндердің өзі осындайда жадыңа түскенде жаныңды жадыратар бал дәурен екен ғой! Енді, міне, сол үйреншікті өміріне қайтып оралатын күндеріне де көп қалған жоқ. Шіркін, көктемде көшкеннен артық не рахат бар дейсің! Көш жөнекей тай жуасытып, қүнан шаптырып жарысқаннан артық не рахат бар дейсің? Ауыл Сары Арқаға жеткенше талай жерге қонып, талай еру болатын еді-ау! Сонда жұрт бірер күн түнемеге қалқа тігіп, түтін түтеткенше жас өспірімдер мен балалар маңай-маңайдан шағыл тастамай кезіп, жуа теріп, кесік қазып кететін. Қойыны-қонышыңды топырақ-топырақ жуа, көсікке толтырып әкеп, ащы айранға турап салып, ағаш зереңнің шетінен еріне сораптап, түрулі іргеден сағым шалған жасыл белдерге қарап қиялға батып отырсаң ғой, шіркін...
1 Амудария мен Сырдария аралығындағы өзен.
- Ханзада!
Бұ кім тағы! Тай жарыстырғылары келіп жүрген көп шалдуардың бірі ме?
- Ханзада!
Ересек кісінің дауысы. Ералы селк ете түсті. Қайда тұрғанын ұмытып кетіпті. Төңірек нағып ағарып кеткен!! Анау көз ұшындағы көлге жүгірген шөл үйірлердің соңында түмшыланып тұрып алып, көпке дейін сейілмей қоятын ақ тозаңдай ақ саумал тұман қайдан шыққан? Ақ саумал тұманды аямай жыртып, қақ ортасынан сорайып шыға келген әне біреу немене? Мына бір жатаған қайықтарға жапатармағай мініп алып, жабыла ескек ескен көп кісі қайдан тап болған! Бұлардың алдын орап, қапталдасып не істегелі жүр?
- Ханзада...
Ералы аңтарылып сол жақ иығындағы Мәмбет мырзаға бұрылды.
- Анау алдымыздағы Шлиссельбург қамалы.
Ханзада ештеңеге түсінбей есеңгірей қарады.
- Бұл бұрын Орешек деген орыс қорғаны болатын. Біраз жыл шведтердің қол астына өтіп, осында отыз жыл бұрын Петр патша қайтарып алды.
Қамалға жақындай бере ақ саумалданып жатқан Нева екі тармаққа бөлінді. Әр қайсысына он екі ескекші екі бөлініп жайғасқан көп қайық бұларды қос қапталдарынан қоршап ап оң жақ салаға бұрды. Қамал бүкіл бір аралды тұтас алып тұр екен. Дөл судың кемерінен басталған құс боп ұшып өтпесең, ат шаптырып ала алмастай қып, аспандатып ерген зәулім қызыл қорғанның өн бойына кеңірдектерін созып зеңбіректер самсайды. Соқайып-соқайып керінген үшкіл мұнаралардың басын жалтыратып қаңылтырмен қаптап қойғандай жарқ-жұрқ етеді. Анау қыш қабырғалардың қалыңдығы құлаштан асады дейді. Мұны алғанда орыстың әскері әуелі жағалай қоршап ап үш күн бойы зеңбірекпен атқылапты. Оған да болмаған соң, құмырсқадай құжынаған кеп қайықпен түбіне дейін барып, арқан сатылармен жоғары өрмелеп, өлгендері өліп, өлмегендері қансоқта боп жүріп, ақыры жаудан босатыпты.
Енді, міне, сол тас қорған айдалада жаңғыз жайылған қызыл нардай маңқиып бір қапталдарында қалып барады. Кеше кештегі қоштасар қабылдауда патшаханым: «Ханның өтінішін орындап, екі өзеннің айырық сағасынан еш жау ала алмастай тас қамал салып береміз», - деген. Сонда ол қамалдары да осы қорғандай болады-ау. Оның да анадай боп қаздай тізіліп, шар тарапқа шаншыла қадалып, зеңбіректері самсап тұрады-ау. Ханзада бір сәт қамал басында көкірегін самалға тосып желпініп тұрған жез қалпақты әкесін кергендей. Шіркін, ондай дәурен орнай қалса, мұның әкесінің мұртын балта шабар ма! Мынандай тас қорғанның қасында атқа мініп, найзаларын шошаңдатып келген жоңғарлар түйеге үрген күшіктей күлкілі боп қалатын шығар. Шіркін-ай, тезірек орнаса екен сондай дөурен. Әкесі мұны көргенде жүрегі жарылып кете жаздайтын шығар. Оған мынандай тас қамалдың жай-жапсарын айтып бергенде төбесі көкке бір жетіп қалмас дейсің бе!..
Бала ханзаданың ойын түсініп қалып, «Әлбетте!» - деп мақұлдап қоя бергендей, қамалдың барлық зеңбірегі күркіреп ала жөнелгені. Бір емес, қатарынан он рет күркірегені. Зәулім қамалдың үсті көк түтіннен көрінбей кетті. Ханзаданың көз алдынан бір сәт жылт ете қалған жаңағы бір рахат көріністе жым-жылас жоғалды. Әлгінде ғана бұған мейірлене қарап тұрған жез қалпақты әкесі де, мынау оқыс гүрсілден дір ете қалып, ғайып құшағына қайта кіріп бара жатып ұлына: «Мынауың тағы не пәле?»,- деп алая қарағандай.
Әлгі бір тықақтаған ересек дауыс тағы естілді:
- Ханзада, қамал сіздің мына келісіңізді қошаметтеп, зеңбірек атып жатыр...
Дауысынан таныды - Мәмбет. «Қошаметі мынау болса...» Ойын аяқтатпай көп зеңбірек тағы да жарыса күркірей жөнелді.
Жүрегі дір ете қалған бала ханзада сосын қайтып жан-жағына қарай алмады. Өз-өзінен лоқсып, басы айналып бара жатты. Кеше қабылдаудан қайтып келе жатқанда Мәмбет мырза сапарға аттанатындардың жартысы Мөскеуге дейін осылай су жолымен барады да, жартысы күймелерге, арбаларға тиеліп құрғақпен кетеді деген. Қазақ елшілігі сол қара жермен баратын керуенге ілессе керек еді. Мына қамалдан өткесін көп ұзамай жағалаудан Бұларды күтіп тұрған күймелер көрінуге тиісті. Соларға тезірек жетсе екен.
Әлгі бір қоңырсыған күйік иіс қолқасын қауып, көзін ашытып барады. Ханзада мына арадан қүтылғанша асықты. Екі көзін тарс жүмып алды. Құлағына бір емескі үн келеді. Баяғы шілделік... Жоқ, боз торғай... Қайта шырлап қоя берді.
Содан олар жүректері сол алып ұшқан қалііы Мәскеуге жетті. Ол арадан бесеу емес, он бір кемеге тиеліп ырғалып-жырғалып аттанды. Ханзада мен елшілік бұл жолы да қара жермен жүретін болды. Қоңыр күздің басында салдырта желген көп күйме алтын крестері жарқырап, күміс айшықтары жылтырап көз жауын алып тұрған көп мүнаралы үлкен шаһардан өтті. Хиссаларда көп айтылатын Қазанның Қара қаласы осы көрінеді. Жердің тоңы өбден еңіреп қатып, әуелі жапалақтап түскен мамық ұшқындар бірте-бірте пәлен күн қатарынан сыбап жауған қарға айнала бастаған қызылшұнақ қыс түсе көздерін талдырған көк жиектен дөңбек төбелердің баурайында жайылған жылқыдай бытырай түтіндеп жатқан Уфа да көрінді.
Ханзаданың құлақ шекесіне қонып ап, талмай сайрап келе жатқан жұмбақ құс одан сайын қылғына шықылықтай жөнеледі.
Шашырай біткен дөңбек төбелерді қуалай салынған ұзын шұбақ қаланы қыстай айқара басып жатып алған омбы қар еріді.
Қаланы екі жақтан көмкере ағатын екі езенді құрсап жатқан сіре мүз піскен қауындай сатыр-сүтыр айырылып, жөңкіліп сең жүрді.
Дарияның сатыр-күтірі арылып, айдыны әбден түнған кезде шалқи аққан Ақ Еділдің шығыс бет жағалауына әуелі қаптап ақ найзалар шаншылды. Сосын сол қаптаған қара құрым найзаларға қарай қаладан дабыл қағып шығып, лек-лек әскер шұбырды. Тығырық бөрікті, делдиме шалбарлы казактар қылыштарын жарқылдатып екі қапталға барып сап түзеді. Қақ маңдайға жаяу әскер мен артңллерия жайғасты. Ал артқы жаққа, өзен бойына штабтың шатыры мен офицерлер тұратын киіз үйлер тігілетін болды. Аш ішектей шүбатылған ұзын керуен лагерь орналасатын жерді терт жағынан түгелдей қоршап сыздиып тұрған сәнді саптың алдына терт қадымдай жерге кеп шегөрілді. Саптағы әекерден алдын-ала бөлініп қойған адамдар ілгері шығып, шөгерулі жатқан түйелердің бел арқандарын шешті. Тай-тай.теңдер қос қапталға сырғып-сырғып түсе қалды. - Арқалары босаған атандар мен нарлар былқ етпей терсіңді бүйірлерін күнге қақтап, ауыздарын рахаттана қайшылап, бырт-бырт күйсеп жатыр. Солдаттар әр қайсысы өз бәлімдеріне алдын-ала бөлініп берілген шепке апарып қаз-қатар тізіп шатырлар мен киіз үйлер тіге бастады. Айналасы он бес-жиырма минуттың ішінде әлгінде ғана қоқырсып жатқан көп жүк сымдай тартылып көше-көше қылып жарыстыра тігілген сәнді лагерьге айналды.
Өзеннің арғы жағасында кәрі-жасы қалмай анталап тұрған Уфа тұрғындары ауыздарын ашып қатыпты да қалыпты. Дала бетте сонадай-сонадайдан шоқ-шоқ салт атты түздіктер көрінеді. Олар да тымақтары шошайып, осы жаққа қарап аңқиып тұр.
Қосын тігіп жатқандар оларды одан сайын таң қалдыра түскілері келгендей ширақ басып, шапшаң қимылдайды. Кенет біреудің шаңылдай шыққан ащы айқайы естілді.
- Көліктер жайылысқа жіберілсін!
Сол-ақ екен манадан бері көндері жылтырап көлбей шөгіп жатқан көп түйе атып-атып түрегелді. Белдеріне салақтатып қылыіп байлап, қолдарына ұшын білектеріне орап қамшы ұстап ат мініп, аршындай қимылдаған бір топ казак түйелерді шұбыртып өріске айдап шықты. Лагерьдің екінші жағында өрелеулі аттар өзен бойына қарай шапшып жайылып барады. Ық жақ бетке қаз-қатар тізіліп қазандар асылды. Қасапшы солдаттар анадай жерге, аулаққа апарып тайынша жығып жатса, екінші бір тобы қабан үйтіп жатыр. Біреулері торкөз ауларын сүйретіп өзенге балық сүзуге тартты. Балақты түріп тастап, қармақ салып отырғандар қаншама!
Айдалада ширатыла шыққан түтіндер жақтан жас еттің, пияздың, бұрыштың - дәмдеп-дөмдеп пісіріліп жатқан тәтті таңсық тамақтың исі аңқып қоя берді.
Қызық құмар жұрт еріндерін бір-бір сылп еткізіп үйді-үйіне тарай бастады.
Мынандай жер-аяғы кең бостанға шыққандарына қыстай тар шарбаққа қамалып қысылып-қымтырылып біткен әскер де мәре-сәре. Экспедиция қарамағына берілген бөлімдер алты ай қыс жан-жақтан үсті-үстіне шүбырып келді де жатты. Үйреншікті гарнизондарынан бауырларын біржолата көтеріп шыққан әскер бөтен қаладан баспана таба алмай, аттарына берер жем таба алмай, қару-жарағын қояр қойма таба алмай, апанынан су шыққан арлан берідей, онда шапқылап, мында шапқылап, көресіні әбден көріп шықты.
Қыс бойы Кирилов та бір тыным таппады. Қасына воевода Кошеловты, полковник Тевкелевті, хатшысы Петр Дьяковты ертіп алып қиян түкпірдегі қоңырқай қаланың көшесіыен көше тастамай, сенделеді де жүреді. Ауладан аула қоймай, түгел аралап шықты. Ең болмаса он аттың басы сиятын қора-қопсының, он солдаттың басы сиятын баспананың бәрі есепке алынды. Кирилов тіпті қаланы қойып, маңайдағы деревняларды кезіп кетті. Қазан, Ноғай, Сібір, Орыс жолдарындағы барша түп1, барша болыстың билерін шақыртып сөйлесті. Сөйтсе, төрт жолдың бойын жайлайтын башқұрттың қырық төрт болыс елінде ешкімге ешқандай алым-салық төлемейтін бір мың төрт жүз отыз бір түтін тархан шаңырағы, біреуі түлкі, біреуі қүндыз, біреуі сусар, біреуі бал жиып салық төлейтін сегіз мың үш жүз тоқсан бес түтін қара сүйек шаңырақ бар екен. Кирилов солардың бәріне түтін басы екі шана шөп, екі қой немесе бір тайынша әкеп беруге бұйырды. Ондай салықтан тек ертең экспедицияға керек көліқ арқан, киіз тауып беретіндер ғана босатылды. Аспандатып шөп тиеген нар шаналар Уфаға қыс бойы шұбырды да жатты.
1Башқұрттардың рулық қурылысында тайпалардан тарайтын тармақтарды осылай атаған.
Енді, міне, сүйткен тауқымет те артта қалды. Вологда полкінен басқа келетін өскер тегіс келіп болды. Кирилов мынау онсыз да титықтап бітуге айналған Уфаны одан әрі қинай бергісі келмей жолға шығуға бел буды. Манадан бері өзеннің арғы жағына топырлай жиылып, лагерь боп жайғасып жатқан қалың әскерге қызықтап қарап тұрған қала халқы: «Осынша көп обыр ауыздан құтылғанымыз өтірік пе, шын ба!» - деп, іштерінен тәуба айтып тұрған шығар.
Осынша әскерді қыс бойы асыраумен қоса, жарты жылға жетер жол азық пен көлік өзірлеп беру де оңайға түскен жоқ. Елсіз-сусызға кететіндерге қыстай үй сайын қара нан кептіріліп, олар ағаш қабығынан жасалған жеңіл қорапшаларға салынды. Қос қабаттап тігілген кенеп қапшықтарға арпа, сұлы, жарма қапталды. Ішіне алты шелек су сиятын емен кеспектерге арақ пен спирт толтырылды. Ал түз, бұрыш, темекі дегендеріңіздің қисабы жоқ.
Құла түзге кетіп бара жатқан қарақұрым қосынға керек емес нәрсе болсайшы! Жүк артқан түйелер мен мініс аттарды жол-жөнекей суару үшін жеңіл ағаш астаулар жасалды. Киіз үйлер мен жолым үйлерді жабатын қанша ере киіз жиналды! Күрек, мосы, шелек, арқан, жіп, балта, балғалардың санына жетіп болмайды. Орта жолда керегі болады деп, ұстахана өзірлеп, оған қажет көмірге дейін алдын-ала дайындалып қойылды.
Барған жақтарында ру басыларын алдап-сулау үшін алынған шапан тігетін жылтырақ маталар, оларды әдіптеуге керек алтын, зер, күміс оқалар, күмістеген сүйек шақшалар, көйлектік пүліштер мен жібектер, шаршы орамалдар, тарақтар, қол айналар, инелер, іш киімдік шыт-шыбырлар, күміс сақиналар мен айшықтар секілді ұсақ-түйектердің өзі бірнеше тай.
Оның үстіне жаңа қаланы салуға, ойда жоқта түздіктер шабуыл жасай қалса, қорғануға қамдалған қару-жарақ тағы бар!
Ертең осынша артынып-тартынған қарақұрым керуен қаптай өріп тұрегелгенде бұл маңайдағы түз елінің де зәреқұты қалмайтын шығар. Тек ертең таң атсын де! Тек тәңірім, сәтін салсын де!
Бұл қосында: «Иә, сөт!», «Иә, сәт!» - деп, жүрегі алқымына тығылып, алабұртып жүрген жаңғыз Кирилов қана емес-ті.
Қазақ елшілігі жайғасқан үш киіз үй ол түні көрер таңды көздерінен атқызды. Түйелердің бырт-бырт күйсегені, өзен бойындағы өрелі аттардың шүрқыраса кісінескендері су бойындағы ию-қию көп дыбыс құлақтарын қытықтап үйықтатар емес. Көрмегелі үш жылға айналып бара жатқан самиян сахараларына топ етіп төбеден түсе қалғандай... Ай да сол күні әбден шаршысына толып туар ма! Төңірек тапа тал түстей жарқырап, кең дала әбден дені жайыла керіліп талмаурады да жатты.
Ертеңіне күн кетеріле дабыл қағылды. Шатыр-шатырдан атып-атып түрегелген сансыз әскер өзен бойына жуынуға жүгірді.
Сәске шамасында жауынгерлер шаршы жасап сапқа тұрды. Қақ ортаға зер шашағын жарқылдатып жорық альтары әкелінді. Құдай жолы құлшылық басталды. Мойынына алтын кресть асынған оқалы киімді маңғаз священник өне бойы күнге шағылысып, нұрға малынып, ауырлай басып сапты аралап келеді. Әр солдат пен әр казактың алдына барып, бата беріп, үсті-бастарына қолындағы күміс шарадан киелі су тамызады. Солдаттар мен казактар еріндері күбірлеп, жаппай шоқынып жатыр.
Священник төрт қанат сапты түгел аралап шыққасын күндей күркіреп орыс гимні күңіреніп қоя берді.
Тек сапта тұрғандардың ғана емес, таң атпай жатып анадай-анадай жерге жиыла қалған қызық құмар халықтың да тұла бойын дүр тұршіктірген салтанатты әуез басыла бере, гүрс-гүрс зеңбірек атылды. Зеңбіректің үні енді өше бергенде сатыр-сүтыр дабыл қағылды. Сымдай тартылып сыздия қалған қалың әскерге қозғалыс кірді. Әскери бөлімдер лек-лек болып Кириловтың алдынан қошамет көрсетіп шерулеп өтті. Сосын әр қайсысы өз шатырларының қасына барып тұрды.
Дабылдар тағы да дүрсілдеп ала жөнелді.
- Жүк тиелсін!
Киіз үйлер мен шатырлар әп-сәтте жығылды. Қаз-қатар сап түзеп шегерілген ауытты, жазылы түйелерге тай-тай жүк теңделе бастады. Айналасы жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта барлық түйе, барлық арба жүктеліп бітті. Сол кезде: «Жиналыңдар!» деген дабыл берілді. Адамдар мен түйелер міз бақпай сші түзеп тізіліп тұр.
Кирилов күмістелген ер-тоқым салынған шаңқан боз атқа мініп, әуелі казактарға, сосын жаяу әскер мен артиллерияға барып, сапарларына сәт тіледі. Жауынгерлер әр сөзді мық шегедей қадалта айтып, сақ-сақ жауап берді.
- Марш!
Кернейлер мен дауылпаздар жорық маршын ойнай жөнелді. Жұрттың бойын бір алабұртқан қуаныш биледі. Лек-лек саптар қимылдай бастады. Алға атты авангард - жәукем қол шықты. Үш казак жүздігі аттарын билете басып ілгері озды. Олар жарты шақырымдай жорге үзаған соң барып, төрт рота жаяу әскер мен тоғыз ісцбірек қозғалды. Кириловтың күймесі мен ханзаданың куймесі соларға ілесетін болды. Олардан кейін офицерлердің жүктері тиелген арбалар мен санитар арбалар жүреді. Негізгі әскери күшке сосын барып жол тиеді. Олардың жартысы түйелі керуеннің алдына түседі де, жартысы соңынан ереді. Әр он түйені бұйдаларынан оір-біріне тіркеп бір кісі ұстайды. Сондай он кісі жетектеген жүз түйе бір бөлік құрайды. Әлгіндей жиырма бөлік - артынып-тартынған екі мың түйе маң-маң басып жолға түсті. Арнайы сақшы саптар ерткен жаңа қаланы салатын қару-жарақ тиелген ауыр арбалар солардан кейін жүрмекші.
Шерудің екі қапталында жарты-жарты шақырымдай жерден қос қабат түзеп қос қанаттың жәукем қолы шұбырады.
Осынша ұлан-асыр қолдың соңынан жарты шақырымдай жерден алты казак жүздігі мен тоғыз зеңбірек арьергард - артқы жәукем қол болып ілеседі.
Бәрі де алдын-ала тәптіштеліп қойылғандай дәл шықты.
Кернейшілер мен дауылпаздардың қолдарында тыным жоқ. Солдаттар мен казактардың ауыздарында тыпым жоқ. Күркіретіп ән салып келеді.
Көптен бергі арманды сапар басталды да кетті. Көз ү іпында көк жиекте шоғыр-шоғыр салт атты башқұрттар күнгейге қарай бет түзеген ұлы шеруге қапталдаса шауып барады.
Аспан астына теп-тегіс көк пүліш төсеп тастағандай айнала жап-жасыл. Батыста - тасыған қазандай кемерінен асып-төгіліп Ақ Еділ жатыр. Шығыста - көз ұшында шоқ-шоқ тоғайлар қылаңытады. Арттарында - дөңбек жалдардың басында бұлардың жолдарына көзін сатып Уфа қарап тұр.
Май тоңғысыз сәуірдің күні жарқырап-ақ баққан. Мынау салтанатты шерудің ажарына ажар қосқысы келгендей қылыштардың қынабы мен мылтықтардың сүңгісіне шағылысып ойнап, бірте-бірте биіктеп барады.
Қызыққұмар топтың көбі артта қалды. Тек қос қапталдағы салт атты башқұрттар ғана тарқайтын емес. Екі бүйірдегі атты казактарға жақындап-жақындап келеді де, дүркіреп кейін серпіледі. Сосын бірін-бірі қуып ұшан далаға қарай шапқылап ала жөнеледі. Көк жиектегі ну жыныстарға барып сіңіп біржола жоғалады да, сөлден кейін қайта көрінеді.
-Бұлар неге мөз-майрам! - деп сұрайды былайырақ шыққасын ақ боз атын адьютантына беріп, күймеге келіп отырған Кирилов қасына жайғасқан Петр Дьяковқа бұрылып.
-Көктем шықты-ақ, бұлар көбелек қуып ойнаған балалардай асыр салып кететін көрінеді, - дейді Дьяков көк жиекте ойқастай шапқылап жүрген башқұрттардан көзін айырмай. - Әнеу күні Алексей Иванович, Сергей Костюков үшеуіміз киіз жинап барғанда ауыл сайын
«Қарғатой» жасайтын едік деп қапылып жатқан-ды.
Кирилов таңырқап қасын керді.
-Қарғатой?
-Иә... Олар жыл сайын ұзақ қарға ұшып келгенде: «Енді кеп ұзамай көктем туады», - деп қуанып той жасайды екен. Қарғатой дегендері сол. Ауылдан жарты шақырымдай ұзап барып жерден қазып ошақ жасайды.
Қазан асады. Қарға тойға еркектер қатыспайды. Қатын-қалаш пен бала-шаға ертеден қара кешке өздерімен өздері мәре-сәре болады.
-Сонда не ермек қылады?
- Бала күрестіреді, жұмбақ айтысады, тіпті бала таппаған жас келіншектер мен жасөспірім қыздар балақтарын түріп алып жаяу жарысады. Әйтеуір іштері пыспайтын болса керек.
Кирилов хатшысына қызыға қарады. Келгеніне бес-алты ай болмай жатып мұндағы ел жайында не сұрасаң да, тап осылай ағыл-тегіл ақтарыла сейлегеніне риза болып отыр. Әуелде де көп қағаз көшірушінің ішінде осы бір дөңгелек жүзді, кесек пішімді жігітке көңілі бітуші еді. Домаланған етжеңді жігіт дене бітіміне қарамастан қашан да құрақ ұшып, ұршықтай үйіріліп тұратын. Айтқаныңды екі етпейтін. Дер кезінде сақадай сай қып өзірлеп қоятын. Анада экспедицияға іс қағаздарына баскез болатын кісі қарағанда, есіне алдымен осы түскен-ді. Оған: «Таныстарыңның арасында зерек жас жігіттер болса, маған жолықтыр... Біздің экспедицияға білімді адамдар өте керек», - деп тапсырған-ды. Сонда Москвада бұған бір тісі ақсиып күліп тұрған ақсары жігітті ертіп әкелгені.
-Жігітім, атың-жөнің кім?
-Михайло Ломоносов.
-Қайда қызмет істеп жүрсің?
-Оқимын.
-Оқушысың ба? Қайда оқисың?
-Славян-латын академиясында.
Кирилов біраз сыр тартып көріп еді, кезі күлімдеген кең маңдай ақ жарқын бозбаланың талай нәрседен талабы да, хабары да зор екенін аңғарды. Бірақ, славян-латын академиясының басшыларының: «Ең таңдаулы шәкіртіміз. Шетелге оқуға жібермек ойымыз бар?», - деп қадалып отырып алғаны. Петр Дьяков оны Архангельск жақтан таниды екен. Дьяковтың әкесі Вологдадан Сухон және Терістік Двина өзендерімен Архангельск портына шетелге сататын астық таситын саудагер-ді. Петр соған еріп жүріп, неміс және голланд тілдерін үйреніпті. Москваға оқу іздеп келіп жүріп, шыны заводының директоры Эльмсенмен танысыпты. Соның қарауында істеп жүргенде Кириловтың көзіне ілігіп, сауда таможнясына тілмаш боп орналасқан-ды. Енді, міне, жиырма екі жасында Оренбург экспедициясының әрі хатшысы, әрі кеңсе басқарушысы, әрі бухгалтері.
Ақ жарқын жігіт өзі секілді ақ көңіл жастарға үйір. Ломоносовты да сол жарқылдап жүретін мінезіне бола ұнатса керек. Мұнда келгелі бір аяқ-қолы серейген арық жігітті қасынан тастамайды. Экспедиция кеңсесіне тағы бір іс жүргізуші керек дегенде Мәмбет Тевкелев сол сыдиған ұзын тұра немені тауып әкелген-ді. Баяғыда қазақтар арасына барғанда қасында болыпты. Ол да сойдақ тістерін соқитып ауызын ашып жүретін ақ пейіл жігіт секілді. Петр Дьяков екеуі оңай тіл табысты. Жұптарын жазбайды. Сергей Костюковты көргенде қазақ елшілігіндегілер де мөз болып қалысты: «Мынау баяғы Сартайлақ қой», - деп қаумаласа кетті. Костюков тайлақ десе тайлақ. Қашан көрсең, мойыны сорайып, аяғын аннан бір, мұннан бір басып көстеңдеп келе жатқаны. Сүйтіп жүріп, осы өңірде туып өскен неменің білмейтіні жоқ көрінеді. Әлгінің бәрін Петр Дьяков содан естіп алып жүр. Бұл экспедицияға мынау түз жұртының әдет-ғұрпын, мінез-құлқын қалт жібермей бақылап, қағазға түсіріп отыратын көзқарақты кісілер өте керек. Елінің мінезін білмей тұрып, жеріне де дендеп кіре алмайсың. Күні кеше сонау Петербургте жүргенде башқұрттар жайында қанша зерттеу, қанша ақпар оқыды. Бірақ, соның көбі бұл халықты жақын танып, жақсылап біліп алмай тұрып, сырт долбармен жаза салынган мәліметтер екен. Олардың кеп мінезіне осында келгесін қанығып отыр.
Ойға шомып кеткен Кирилов кенет:
- Жарма! Жарма беріңдер! - деген оқыс айқайдан селк ете түсті.
Оң жақ қапталдағы ортасында басына айшық шаншылған көк қарағай мешіті бар кішкентай ауылда бір топ бозбала жігіт:
- Жарма! Жарма беріңдер! - деп үйден үй тастамай шапқылап жүр.
Петр Дьяков жымиып бір күліп қойды.
- Мына жігіттердің атқа мініп, үй-үйден жарма жиып жүргеніне қарағанда, бұл араның жері әбден дегдіп, соқа салатындай болғаны ғой. Әне, көрдіңіз бе, соқаларын тіпті қыр басына шығарып та қойыпты. Ертең-бүрсікүні жер жыртуға кіріседі екен. Ондайда бұлар сабантой жасайды екен дейді. Жас жігіттер ауыл аралап жүріп, былтырдан қалған өлі астықтың соңынан - жарма жиып алады. Сосын олжаларын ауылдан алысырақтағы жер ошаққа асып қойған ортақ қазанға апарып сала береді.
Жарма әбден жиылып болғасын бүкіл бір рулы елге жететіндей ботқа пісіріледі. Ботқа пісіп жатқанда ауыл-аймақтың еркек кіндігі түгел жиылып бір-бірімен белдесіп, бала жарыстырып, ат шаптырып тамашалайды.
Мұндай тойға бір ауыл ғана емес, қоңсы отырған бірнеше ауыл жиылып, көкпар тартысады. Көкпарға бұрын сойылмен ұрып жығып алған бөріні тартады екен, қазір қой не ешкі тартатын көрінеді. Әне, анау иығына күйенте асып өзен бойынан су алып келе жатқан келіншектің жолын кескестеп жүргізбей тұрған көп жігітті байқадыңыз ба? Олар одан орамал сұрап тұр. Орамал бермесе, қамшының астына алудан да тайынбайды. Әне, аңғарып отырсыз ба, келіншек амалсыз қалтасына қолын салды... Әне, анау ағараңдаған - орамал. Оны елден ала бөтен еңмеңдеп жүрген әне бір шабдар аттыға берді. Әне, шабдар ат айдалаға ала қашты. Қалғандары дүркіреп қуып берді. Бұны орамал алып қашу дейді. Бүкіл ауыл солардың жарысқанына қарап мөз болып жатыр. Жаңағы орамал берген келіншектің өзі күйентесін иығына қайта салумен шаруасы жоқ, тісі жарқырап күліп тұр. Өздері, не де болса, бір көңілді халық!
Иә, Петрь Дьяков айтса, айтқандай, бүгін таң атпастан аттарына мініп алып, атанақтап шапқылаумен жүр.
Кирилов бұларды тап осындай жарқылдақ қабақ ақ жарқын жұрт шығар деп ойламап еді. Әлде әлгі сызқабақ шалдың әсері ме екен...
Кириловтың миығына күлкі жүгірді. Көз алдына күнде көріп жүрген бір үйреншікті көрініс келе қалды.
Екі босағасы мен маңдайшасын оймыштап тастаған зіп-зілдей қарағай қақпа айқара ашылады да, ішінен бірінен бірі аумайтын бір өң үш ат жеккен күймелі шана атып шығады. Жай қимылдап, нығыз басатын сыз қабақ шал танауларынан бу атқылап тасырлап шауып өткен үш жылқыға, олардың соңындағы шанаға, шанадағы бурадай-бурадай киім киіп күдірейіп-күдірейіп отырған кісілерге көз қиығын да салмастан созалаңдап барып қақпаны қайта жабады.
Кирилов осында келгелі кірген-шыққан сайын әлгі шалға қалай да бір қарамай өтпейді. Бұрын ол воеводаның қорасын сыпыратын еді. Кирилов өз алдына жай алып, сонда көшкенде, оны да бірге ала кетті. Сырықтай ұзын сыриған шалдың тұла бойында доғалданып, жұмырланып жаратылған ештеңе жоқ. Қалақтай жағына қылыш жанығандай. Суалған екі үртқа тақала беріп қайта тікірейіп кететін қияқ мұрты, қашан көрсең де, тышқан тықырын аңдып қалған аш мысықтың құлағындай едірейеді де тұрады. Сүйір иегіне сүмие біткен сүңгі сақалы да төбелесқұмар әтештің құйрық жүніндей селтие қалған. Ешқашан кісіге тіке қарамайтын екі шегір көздің ортасында орақтай итиіп оратыла біткен құс тұмсық едірең мұрттың астындағы қаймыжық еріннен әрі асып түсуге әлденеден қаймыққандай, шаншыла үңіліп, шапши тоқтапты. Жарғақ бетіне ылғи қан теуіп қызаратын да жүретін осы шал, сыртынан қарағанда, нағыз шатынаған шатаққұмар адамның сойы. Бірақ, міне алты айдан бері күнде көріп жүр - шатақтаспақ түгілі біреуге жақ ашып сөйлесіп жатқанын көзі шалған емес. Ертелі-кеш екі қолы ербеңдеп бірдеңе істейді де жатады. Қашан көрсең - өзінен де ұзын сырғауыл сап сыпырғыны ңүлаштай сермеп аула тазалап жатады. Қашан көрсең - емен күбілерді шанаға тиеп алып өзен жаққа су алуға кетіп бара жатады. Қашан көрсең - қара балтасын қарағай бөренеге қадай шаншып отын жарып жатады.