ВЕРНУТЬСЯ

        Кирилов тағы да қағаз ақтаруға кірісті. Баяғыда Гейнцельман екеуі Ор бойына аттанарда Уфада жатып көліқ азық-түлік, арқан-жабу жинағанда алынған башқұрттардың есебін қайта қарап шықты. Қай даруғада қанша тархан бар екенін санады. Бұларды құтыртып жүрген сол тархан деген атақ. Ең алдымен сол атақты жоюға күш салу керек. Солай еткен күнде ғана кеше ат сауырына сыймай алшайып отырған немелердің желігі басылып, асқар таудай көкіректері жермен-жексен боп шыға келеді. Башқұрт атаулы тегіне, дәулетіне қарамай патша қазынасына тегістей салық төлейтін болса, бұрынғы жуан тұқым ел алдындағы беделі мен ықпалынан біржолата айырылады. Сосын-ақ астындағы атының күйі түзелсе, ханға сәлем бермей кететін қырдың қиқарлары олардың күні кешегі ел билегендер екендерін қайтсын. Айтқандарына құлақ аспай, бас-бастарына шалқайысып шыға келеді. Бұларға керегі де сол - бір-біріне құлақ аспайтын бейберекет ел. Ондай ешкім-ешкімнің тілін алмайтын жұрттың бөтеннің зорлық-зомбылығына тізе қосып қарсы шығуы еш мүмкін емес.
Кирилов қараптан-қарап алақанын уқалап мөз болып қалды. Пәлен күннен сіркесі су көтермей жүрген кісі кенет иығын тіктеп серпіліп шыға келді. Қайда барса да, қасынан тастамайтын Петр Дьяковқа жол сандықтан башқұрт рулары қоныстарының схемасын алдырып, алдына жайып, қызыл көрген қаршығадай төне түсті.
Жер-көктегінің бәрін картаға түсіріп жүрмесе басы ауыратын әдетіне басып баяғыда Ор бойына аттанарда Уфада ұзақ жатып мына схеманы өзірлеткені қандай жақсы болған! Онда башқұрттың қай руы қай жерді мекендейтіні екжей-текжейлі көрсетілген. Қай рудың қанша ата, қанша тармақтан тұратыны, олардың қалай жайғасқаны бәрі есепті. Содан бір аңғарып тұрғаны - башқұрт рулары араларына бөтен ешкімді сіңірмей ұлтан-ұлтанымен бұтін отыр. Әр жер-әр жерде ғана башқұрттардан жер жалдап алып егін салып, қарағай кесіп кәсіп қылып жүрген мешерлер, тептерлер, бобылдар кездеседі. Бұндай тұтас отырған ну қалыңға тұмсық батыру қиынның қиыны. Сондықтан ел табанын ыдыратпай болмайды. Қазіргідей ел аяғы үзеңгіде жүрген ереуіл кезде руды руға айдап сала алмайсың. Тархан атағын жою - рулық ынтымақты жоюдың басы ғана. Ол ірі-ірі тайпалардың ауыз бірлігі мен тұтастығына көпе-көрнеу нүқсан келтіреді. Тайпалық ынтымақтан гөрі рулық ынтымақты, рулық ынтымақтан гөрі аталастық ынтымақты қолдап, күні кешегі қалың елді бөлшектей бермей болмайды. Ол үшін бұрынғыдай әр рудан бір-бірден ғана би ұстамай, аталастық құрамына қарап, бірнеше би ұстау керек. Сонда би бимен, ата атамен тайталасып, рудың да мәні кетеді. Оның үстіне билерді өмір бойы билікте қалдырмай, белгілі бір мерзімге сайлап қояды. Мерзімі өткесін басқа би тағайындалады. Би бұрынғыдай тегіне қарап емес, қара басының қасиетіне қарап іріктелінеді. Сонда еті пысықтардың бәрі биліктен дәметіп, бірін-бірі өздері-ақ мүйіздеп береді. Бүйтіп тайпа ру-руға, ру ата-атаға ыдырайтын күн туса, олардың арасына кез келген кірме тастай батып, судай сіңіп кете алады. Әлгіндей бобыл, тептер, мешерлерді солай сыналап кіргізіп көбейте берген жөн. Олар жеткілікті мөлшерде көбейіп алған кезде, жалға алып отырған жерлерін басыбайлы өз иеліктеріне алып берген дұрыс. Сонда ғана мына өлкені ен жайлап, емін-еркін жүрген ызғындай елдің арасында ызы-қиқы іріткі туады. Сонда ғана олар көлденеңнен килігіп тұрған бұларды ұмытып, өзді-өздері қырқысып кетеді. Бұларға да керегінің өзі - сол. Олардың қайта қауымдасуына еш қандай жол беруге болмайды. Ол үшін башқұрт атаулы бас қосатын жиын-тойдың бәрі қатаң шектелуге тиісті. Бұзақы ниеттерін дін арқылы өткізіп, дін арқылы ұйымдасып жүрмеулері үшін ауыл сайын қаптап жүрген ақ сәлделі молдаларға тыйым салынады. Даруға сайын бір-бір ахун ғана қалдырылып, оларға ел арасында Мүхамбет дінін таратуға, жаңа мешіт, медресе салдыруға рұхсат етілмейді. Башқұрттардың бұзақы қылықтары өзге керші жұрттарға да тарап кетуі мүмкін. Оның да алдын алған жөн. Қазақтар мен қалмақтардың қазір бұларға жұлдыздары қарсы. Башқұрттардың емін-еркін араласып тұратындары - Қазан татарлары. Қазан татарлары бұларға қарағанда әлдеқайда сауатты, әлдеқайда діндар. Мұндаи бұзақы жұртты ондай көзқарақты жұртпен жең ұшынан жалғастырып қоюдың тиімсіз жағы көп. Сондықтан башқұрттардың Қазан татарларымен қыз алып, қыз берісулерін үзілді-кесілді тоқтаттырмай болмайды...
Кирилов тым қиял қуып бара жатқанын байқап, кілт тоқтап, аңтарылып тұрып қалды. Анадай жердегі темір керуетіне барып сылқ отыра кетті. Шынтағын керуеттің басына шанши қадап, жағын таянып әлдеқайдағы бір нысана нүктеге қадалып ап, ұзақ ойға шомды. «Иә, бұның бәрі - қолға алуын бүгін алғанмен нәтижесін ертең беретін келешектің шаруалары. Ал, тап қазір қайтпек керек... Ұланғайыр башқұрт даласын бықсытып тұрған мына көк тұманнан қалай арылмақ керек...».
Әлде бір уақыттарда барып орынынан атып тұрып, манадан бері оның ауызына қарап үнсіз отырған Дьяковқа төбеден түскендей дүрс еткізіп ойда жоқ сұрақ қойды.
- Осылардың қолдарындағы қарудың санағы алынып па еді?
- Алынған. Бірақ, Орға аттанар тұста алынған. Кирилов Дьяковқа «Не деп тұрсың?» дегендей тесірейе қарады. Хатшы жігіт оның мына қарағанына төтеп бере алмай:
- Одан бергі қақтығыстарда олар біраз олжа түсіріп алғанға ұқсайды. Бірақ, оның есебі алынған жоқ еді,- деп қипақтады.
Кириловтың әлгінде ғана шәйдай ашылып, шоқтай жайнап қоя берген отты жанары лезде қайта сенді.
- Сонда... сонда...
Тағы да ерсілі-қарсылы сенделіп кетті.
- Башқұрттардың қолдарындағы мылтық түгел жинап алынып, бұдан былай қару асынып жүрулеріне қатаң тыйым салынуы керек.
Петр Дьяковтың қаламы жорғалай жөнелді.
Екі қолын артына қайырып ап алшаңдай басқан Кириловқа тоқтау жоқ.
Уездегі ұстаханалардың бәрі жабылады. Қаладағы ұсталардың ел арасына шығып кәсіп құруына рүхсат берілмейді. Башқұрт жерлерін жалға алам, сатып алам деушілерге керекті жағдайлардың бәрі жасалады. Бұл ережені бұзғандар не дарға асылады, не Сібірге айдалады.
Сосын Кирилов басын омырауына жығып, ұзақ сенделіп жүріп алды.
Әлгінде ғана жаздырғанын Петр Дьяковқа дауыстатып оқытты.
- Әр башқұрт қыстағында шағын-шағын әскери қамал салынып қарулы күзет қойлатынын қос!
Дьяков қағазына қайта үңілді.
Кирилов иығын қайта тіктеп алды. Иә, рас, қаттылау. Бұндай шартты башқұрттардың қабылдай қоюы, қабылдай қалса да, орындай қоюы неғайбыл. Бұдан да сол қабылдамағандары, орындамағандары керегірек. Ондай жағдайда үкіметтің қаруға жүгінуден басқа амалы қалмайды. Қаруға жүгінсе, мынау итірқылжың тезірек бітер еді де, бұл өзінің орта жолда тоқтап қалып тұрған баяғы шараларына қайта кірісер еді. Не де болса, ендігі әңгіме тұсында бұл екі шонжардың алдында ешқандай ымыраға келмейді. Оларға салсаң мынау жанжалдың уытын уақытша қайтара тұрғандарының өзі қыруар шаруа тындырғандай боп көрінуі мүмкін. Ал бұған ойға алған шаруаларын ойдағыдай орындап шыға алуы үшін ол жанжалдың уақытша бәсеңдегені емес, біржолата үзілді-кесілді тынғаны қажет.
Екі шонжар бұл жолы Кириловтың айтқанына қарсы боп жатпады.
Кирилов декабрьдің басында әлгі жаңа ережені бекітіп қайтуға Петербургке аттанды.
Кирилов Петербургтен әрі қуанып, әрі мұңайып қайтты. Қуанғаны - ол Мезелинскіден аттанбай жатып, Ноғай жолындағы башқұрттар қайта қимылдай бастапты. Ру басылары аманатта қалған ел әуелі абыржығанмен артынан: «Найзамыздың ұшын бәрібір қандадық. Орта жолда кідіріп енді опа таппаспыз. Кіл жайсаңды қырыңпа тоқтышақтай қылғынта көгендеп тастағаны анау. Бізді де жарылқай қоймас»,- депті. Оның үстіне өлкенің болашақта қалай биленетіні жайлы жаңа ереже де құлақтарына жетіп жатса керек. Оны істеп жүрген - Кириловтың адамдары. «Аманатқа ұсталып қалған билерге келіп-кеткендер көп. Солардың құлағына жайлап жаңа ереженің жай-жапсарын құя беру керек. Ол үшін осындағы қызметте жүрген татарлар мен башқұрттарды пайдаланыңдар»,- деп қатты тапсырып кеткен. Енді, міне, Мензелинскіден ұзап шықпай жатып-ақ, шапқылап жасырын хабаршылар келе бастады. Ноғай жолындағы бүліктің шарпуы көрші Қазан, Сібір жолдарына да тие бастапты. Тевкелевті Екатеринбург барып, Ор бойындағы қалаға керек деп жиып алынған құрал-саймандары тиелген керуенге Ай өзенінің бойында Құлеке батырдың жігіттері тиісіп ілгері басқызбапты. Орта жолдан Верхнояицкіге қайтып оралуға мәжбүр болыпты. Отрядтың онда да бабы бола қоймапты. Адамдардың азығы, көліктің жемі таусылып бара жатқан соң қайтадан жолға шығыпты. Азынаған ала қыста құла дүзде өзер ілбіп бара жатқан оңаша керуенді жалаңдап отырған бүлікшілер қайдан аман жіберсін! Өлтіргендерін елтіріп, тірі қалғандарын ауыл-ауылдарына таратып әкетіпті.
Бұны естігенде Кирилов бұрынғысындай бірден қанына қарайып, қалшылдап ала жөнелген жоқ. Үстіндегі бурадай қалың тонының түбіті бұрқырап сыртқа шығып тұрған өңіріне иегін көміп, үн-түнсіз бұйығып ойға батты. Айтпап па еді, бәлем... Бұл жалба тымақтар пәтуа тауып қайдан тыныш отырсын. Салады әлі дүрбелеңді... Тәк-тәкпен қайтарамын деп тәсіл қойсып отырған немелер енді қайтер екен?.. Жә, бұлары, бір есептен, дұрыс бопты. Бірақ, Ор бойындағы қаланы айтсайшы! Әлге дейін құрал-сайман жетіспесе, ондағылар да не бітіріп, қарқ қыла қойды дейсің... Шіркін, заман тыныш болғанда ғой, ендігі талай шаруаны бітіріп тастамайтын ба еді!
Соны ойлағанда өне бойын әлде бір бейжай дәрменсіздік билеп, алқымына ащы бірдеңе іркіліп қалғандай, көкірек түсы қыжылдап алып қоя береді. Осының бәрі мынау қатыгез тағдырдың басқа ешкімге де емес, бұған тап статс-советник Кириловтың езіне жасап жатқан көпе-көрнеу тәлкегіндей. Қайсы бір май бөкселердің жұмсақ креслода мажыра боп манаурап отырып қиялына қашқан талай бәдік ойлары оп-оңай жүзеге асып жатады. Ал, бұның алдын ала әбден елеп-екшеп, қапысыз ойлап-пішкен жоспарының бәрі оп-оңай желге ұшады. Неткен қырсығы арылмаған жан еді! Қалай бұлтарса да, иті қырын жүгіреді де тұрады.
Қыстыкүнгі бұлыңғыр жолдың сол бұлаңытқан қалпы. Кирилов тонының жып-жылы жағасын тұре көтеріп, тырс-тырс тұяқ дүсірі мен сыр-сыр шана дыбысына құлақ тосып, сұлық отырды да қойды. Кенет көзі ілініп барады екен... Қарсы алдында аяқтары мәймиген нөзік диванда алшайып императрица ағзам отыр. Қорғасыннан қүйғандай осынша ауыр бөксені мына бір ерекше әлекей-күлекей әдемі жиһаздың сынып кетпей қалай көтеріп тұрғанына таңырқаған Кирилов қапелімде жағын аша алмай, алдияр тақсырға жаутаң-жаутаң қарай береді. Патша бұның қысылып отырғанын сезіп, күлімсірей тіл қатады. «Иә, хәл қалай? Көгершінім? Баяғы жоспарларың жүзеге асып жатыр ма?» Бұл не дерін білмейді. Алдияр тақсырдың күлімсіреген жанары сол жып-жылы қалпы. Тек әуелей қараған құж-құж қоңқақ тұмсығы ғана әлдебір астамшылықтан сес бергендей. Жарықтықтың, расында да, Петр ағзамға үқсайтын жерлері көп екен. Ол да бірдеңеге қатты ызаланғанда, не қатты ренжігенде де тұмсығын тап осылай тым әуелетіңкіреп жіберуші еді. Императрица солай отырды-отырды да, бір күрсініп қойды: «Жарайды, келген шаруаңды айт!»- деді. Бұл қолындағы пакетті ұсынады. Патшаханым анадай жердегі ағаш тағанның үстіндегі жылтырақ қайшыны алып, пакеттің сыртын байлаған ақ лентаны шорт кеседі. Ішіндегі Румянцев, Татищев үшеуі қол қойған қағазды алып оқиды. Өз көзіне өзі сенбегендей қайта оқиды. Сосын біраз уақыт өзімен өзі боп тағы да үнсіз отырады. Кенет диваннан көтеріле бере, шойырылған белін ұстап, мықшйып тұрып қалады. Ентіге сыбырлап тіл қатады: «Көгершіндерім, бұларың қалай? Ол бұзақылардың күннен күнге бастарыңа шығып бара жатқандары анау. Ал, сендердің ұсынып отырғандарың мынау!»
Императрицаның мына сөзін естіп абыржудың орнына, қуанып кеткен Кирилов көптен көңілде жүрген өз пікірін айтқалы ақтала бергенде, түкірігіне шашалып қалады.
Өз даусынан өзі оянып кеткен Кирилов жан-жағына көз салса,- қабырғасын пәлен қабат жылы киізбен, оның үстінен түбіті жалбыраған аң терісімен қырық қайтара қаптаған жылы күйме. Сығырайған әйнектен сыртңа көз тастаса - сол баяғы шетсіз-шексіз қарлы дала. Тым әріректен түнерітіп орман қарауытады. Құлағына сыр-сыр шана тысыры мен топ-топ тұяқ дүсірі келеді.
Кирилов тағы да ойға батады. Шынында да, патша бұған не дер екен?
Мынандай қызыл шұнақ аязда жер түбінен ат сабылтып барғанда ішегінің қырындысына дейін түгел ақтарып неге айтып бермейді? Неге анау күні үшеуі қол қойған қағаздың көлемімен ғана шектеледі. Соншама неден жасқанады? Башқұрттардың бұл аттап шықпай жатып істеп жатқандары әлгі! Астанаға жеткенше әлі қандай сойқан салатындарын кім біліпті? Оларды бүйтіп құтыртып қоймай, тезірек тезге салу керек!- деп неге айтпайды? Басқаны былай қойғанда, Ай өзені бойындағы әлгі бассыздықтарын неге желеу етпейді? Ол бұзықтардың сазайын неге сөйтіп тартқызбайды?!
Кирилов Петербургке барғанша сол ойына белін бекем буды. Барған бойда ешқайда аттап шықпай, әлгі ойларын қағазға түсірді.
Көзін ашып-жұмып селқос тыңдаған Остерман:
- Жарайды, тастап кет!- деді.
Кирилов Мензелинскіде жазылған жобаны емес, кеше Петербургте жазылған өз пікірін ұсынды.
Содан январьдің он біріне дейін сарай тарапынан тырс хабар болмады. Он бірі күні вице-канцлерден шақыртушы келді.
Остерман үйреншікті әдетімен өңменінен өткізе тесірейіп бір қарады да, қолына шиыршықтап оралған бір парақ қағазды ұстата салып, доңғалақты арбасын үнсіз сырғытып абажадай кең залдың әлдеқандай бір жеріне сіңіп жоғалды.
Алақтап қалған Кирилов ауызын ашып та үлгере алмады. Төрт жағында мелмиген төрт қабырғадан басқа ештеңе жоқ екеніңе әбден көзі жеткен соң барып, қолындағы қағазға үңілді. Аяқ жағындағы «Анна» деген төрт әріпке енді жете бергенде, қарсы алдында сығырая қарап отырған Остерманды көзі қайта шалды.
Кириловтың беті ду етіп қызарып кетті. Императрица ағзам оның дербес пікірін түгелдей мақұлдапты. Бүлікшілерді аяусыз басып жаныштауға рұқсат етіпті.
Өз көзіне өзі сенбей алақтап тұрған Кириловқа вице-канцлер малынған қызғылт шапанының жеңінен қылтиып өзер шығып тұрған бүркіттің жеміндей қан-сөлсіз сұп-сұр, сұп-суық қолын ұсынды. Сосын астындағы доңғалақты арбасын тез-тез сырғытып өлде бір жаққа тайып берді.
Қанша тосса да, Остерман сосын қайтып көрінбеді. Кенет қапталдағы айлапат есік сықырсыз ашылды. Еріні шиедей албыраған жалбыр шаш жігіт қаладай тістерін түгел ақситып күліп тұр. Бұл - аудиенцияның біткені.
Кирилов тәр жаққа бұрылып, басын иіп тағзым етті де, жалбыр шаш жігіттің соңынан ілесті. Алыста жүріп, әбден елеп-екшеп саралап алған не бір ойларын ешкімге айтып бере алмастан, қайтадан піанаға отырды.
Келген шаруасының тап бұйтіп тез біткеніне қуанар-қуанбасын біле алмады. Қуанбайын десе - арманына жетті. Қуанайын десе - тіптен оңай бітті. Ең болмаса істің жәй-жапсарын тәптіштеп сұраған ешкім болмады. Шіріген байдың қол жайған қайыршыға еш қиналмастан бір сөлкебай ұстата салғанындай қылып басы-көзге қарамастан рұқсат ете салды. Ондай оңай рұқсаттың түбінде сұрауы болса жарар еді. Егер бұл мынау бір парақ қағазды жол-жөнекей желге ұшырып алса, артынан: «Орындалды ма?» деп ешкім тексермейтіндей. Сонда бұның пәлен жылдан бері армандап келген шаруаларының бәрі өзінен басқа ешкімге қажет еместей. Сонда императрица алдияр үшін де бұзақы көшпенділердің бұғалықталып-бұғалықталмағанында, жапан түздегі қыруар байлықтың игеріліп-игерілмегендігінде тұрған ештеңе жоқ болғаны ма?! Ол үшін де бәрібір ме...
Кирилов өз-өзінен құлазып қалды. Бір кезде жыларман боп қоштасқан астана да аз жылда жат боп кетіпті. Петр тұсындағы үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді шап-шағын жазғы сарайды Бирон шектей шүбалтып үзартып қайта салғызыпты. Нева проспектісіндегі сәнді палаталардың ара-арасында қайдағы бір жатаған үйлер қаптап кетіпті. Патша бағындағы күні-түнгі думан тыйылған. Сап түзеген карусельдер құлазып бос тұр. Петербург жақында ғана өлік шығарған үйдей тып-тыныш. Аузын баққан, басын баққан бір адам. Жақындаса күйе жұқтырып алатындай алыстан бас изеседі. Олардың елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Бұлардың не бітіріп, не тындырып жатқанында ешқандай шаруасы жоқтай. Бәрінін көзі, құлағы, есілдерттері тек патша сарайында. Ондағы бір-бірімен тірескен Бирон, Миних, Остерманның қайысының қайтып кетерінде. Қырым ханының Портада жатқанын естіп, түстікке шеру тартып аттанған Минихтың ол жақтан қалай оралатынында. Әрі ғалым, әрі сәуегей Крафт гороскоп ашып: «Біз жеңеміз!» депті. Анна Иоановна да сол Қырым жаққа елеңдеп отырып, бұл апарған ұсыныстың ар жақ - бер жағын ойламастан, қол қойып, құтылғанша асыққан түрі бар сияқты.
Астананың өз күйбеңі өзінде. Қалған Россияны қаран су алып жатса да бәрібір. Бір-бірінің жағасына көрсетпей жармасып, бір-бірін аяқтан көрсетпей шалып, алыс-жұлыспен ғүмыр кешіп жатқан үш неміс шонжарының үшеуін де жақтырмайтын орыс ақ сүйектері өзара арақ үстінде күңкілдесіп, өз демдеріне өздері тұншығып жүрген жайлары бар сияқты. Оларын сезіп жатқан патшалары да, ұғып жатқан халықтары да жоқ тәрізді.
Ондай күңкіл-шүңкілдің үйытқысы Артемий Петрович Волынский екен. Ұзақ жылдар бойы Астрахань мен Қазанда өзі патша, өзі құдай болып қалған неме ұлығы мен шонжары көп Петербургты қарадай тарсынып, аласұрып жүрсе керек. Кабинет-министрліктен дәметіп, ішінен өлердей жек көретін Биронның қойынынан кіріп, қонышынан шығады деседі.
Мұндай тұман мен бықпырт өсекке белшесінен бөгіп бықсып тұрған шерменде астана алыстан алабұртып келген Кириловтың өрекпіген көкірегіне мұздай су тамызып, басып жібермесе, тасытып қайтарған ештеңесі жоқ.
Астанадан жермен-жексен боп аласарып шыққан Кирилов Орал тауларына неғұрлым жақындай түскен сайын солғүрлым айдындана берді. Ішінде ат басындай алтын жатқандай жол сандығын қасынан бір елі жырақтатпай, шынтағының астына таяныш қып келеді. Әлденеше рет сыңғыр еткізіп ашып, ішіндегі анау күні Остерман ұстатқан бір парақ қағазды қайта-қайта оқып шықты. Оқыған сайын әлгінің әр бір сөзі салмақтана, маңыздана түсті. Оқыған сайын күні кеше астана көшесінде сүмпиіп жүрген сыпайы статс-советник иығын керіп маңғаздана түсті. Мензелинскіде бұның келуін тосып, екі көздері төрт болып отырған екі шонжардың алдында абыройы бір асып қалатын болды. Қатардағыдан көтерілген қара таяқ басымен императрицаға айтқанын өткізді.
Таж иесінің пәрменін талқыға салып жатуға енді жағдайлары қайсы?! Қыстың көзі қырауда жып-жылы баспаналарын, жайлы орындарын тастап құла түзге әскер шұбыртып, қалай аттанып кеткендерін өздері де білмей қалар. Бұл тіпті сол жорықтың алдында жазылатын бұйрықта не айтылатынын да күні бұрын ойластырып, ішінен қырың қайтара қайталап әбден пысықтап келеді. «Қарақшыларды тырп еткізбей шырқ айналдыра қоршап тастап, өздерін бала-шағаларымен, мал-мүліктерімен шашау шығартпай, түп-түгел қамауға алу керек. Үйлері сол бойда өртеп жіберіледі. Ереуілге қатысқандары тегіс дарға асылады. Былайғыларын қараптан-қарап бастарымен қайғы болатындай қып, көздерін қорқыту үшін олай етпей болмайды. Ереуілге қатысқандардың еркек жағы Сібірге жер аударылады, әйелдері, балалары, қыздары ішкі қалаларда тұратындардың малай керектеріне жалшылыққа таратылып беріледі. Сөйтіп, бұзақы жұрт тұқымтеберімен түгел құртылып жіберіледі».
Петербургтен шыға бере ойына оралған осы бір сөздерді іштей қайталаған сайын тұла бойы қыз-қыз қайнап, бурадай қара тонның жағасын кейін қарай серпе түседі. Енді Мензелинскіге жеткенше, төбесін қаралай көкке тигізгелі тұрған сол бір тарихи сәтті көзімен көргенше асығып бақты.
Бұны Петр Дьяковтан басқа қарсы алған тірі жан болмады. Кириловтың тау жығатындай болып келе жатқан көңілі сылқ түсіп басылды да қалды.
Гүжілдей әндеткен күбі самауыр кеп кірді. Шай екеуден-екеу оңаша ішілді. Апырай, сонда Румянцев бұның астанадан қашан шыққанын әлі естімегені ме? Әлде барған шаруасының жай-жапсарын өзі келіп баяндар деп бастықтығын бұлдап жатқаны ма екен?!. Ендеше, тоса тұрсын...
Құдайға шүкір, жан-жақтан ат тұяғы жиіледі. Жан-жақтағы жал басынан қылт-қылт шаң көрінгеннен-ақ Әбілқайыр бір тоғайып қалып отырады. Баяғыдай емес, бұл иліксе де, илікпей кекірейе түсетін шіреншек ауылдардың азайған үстіне азайып бара жатқаны байқалды. Соған анық көзі жеткенде, өз төңірегіндегі топты бір жаңалап алды. Бұрынғы: «Мықты болсаң, бізсіз аттап көрші, кәні!»- деп кеудесіне нан пісіп, қақырайып жүретін азулы аталардың бір қатарын алысқа серпіп тастады. Ондай астам көкірек ауылдар қолғабыс жасағансып жүріп, қол жаулық қылып ала қойғысы келеді. Айтқандарымен ғана жүргізгісі келіп, жан алардай жел-кеңнен төніп тұрып алады. Ондайлардан құтылып қалатын осындай түс. Бүкіл ұлыстың ауызы өзіңе қарай жаппай бұрылған түс. Осындай кезде оларға көрсеткен нұқайына қалған қазақтың қыбы қана түседі. Кеше ғана өзіңмен қырбайы жүрген ауылдардың өзі саған дегенде іштері жылып шыға келеді. Сенен көрген баяғы қатымырлықты сенен көрмей әлгілерден көреді. «Барлық пәле сол сұмпайылардан. Өз іргемізден басқа жерге тамшы тамбасын деп тілейтін мысық тілеу сұмырайлар былайғыға қиянат жасағаннан басқа ештеңені білмейді. Хан алдияр қай қара шаңырақтың астында не болып жатқанын қайдан білсін, мыналардың сөзіне сенеді. Осылардың көзі құрымай заман түзелмейді»,- деп кіжінумен жүрген жұрт: «Иә, құдай, әділдік бар екен ғой!»- деп қуанады. Сен де ел алдындағы біраз ұятыңды әлгі «қара беттерге» артып салып аршылып қаласың. Жаңадан жиналған төңірек ойда жоқта ойдай бақытқа тап болғандай бар жандарын салып бағады. Сен үшін отқа да, суға да түседі, жаманатқа да барады. Олардың қолымен де талайды желкесінен нұқып, талайдың көзінен шұқуға болады. Олар да ондай-ондай еңбектері өтіңкіреген сайын еркелікті күшейте түседі. Ақыр аяғында: «Тек қана біздің айтқанымызбен жүр!»- деп талтайып тұрып алатынды шығарады. Алғашында оларын байқамағансып, айтқандарын қыла бер. Семіздікті қой көтергенмен, еркелікті адам көтере алмайды, есіре бастайды. Еркелік есерлікке ұласпай тұра алмайды. Еркелігін көре алмай жүрген керпейіл жұрт есіре бастағанын көргенде: «Шоқ, шоқ!»- деп қуаныса жөнеледі. Сәл нәрсесін шиге шаншып ел арасына жаяды да отырады. Сен де асықпа... Ел алдында әбден өз қадірін өзі түсіріп болған кезде маңыңнан бір жола аласта... Жұрт оны баяғыдан бергі есіртіп қойғаныңды әп-сәтте ұмытып: «Айтпадым ба! Хан ие әділ ғой! Ақылсыз неме ақымақтығын көрсетіп алған ғой. Көрген бойда қуып шықты ғой»,- деп лепіріседі.
Астамсыған адамдарға істелген сол нұқай астамсыған ауылдарға да істелуі керек. Елді тегіс риза қылу еш мүмкін емес. Оның бәріне әділ болып, бөріне бірдей қарасаң да өкпелейді. Бәрі де: «Еңбегімізді елемеді. Басымыз-ды басқалардан оздырмады»,- деп жер тапсынып шыға келеді. Ондай өңшең қоңторғай жұртпен ештеңе бітіре алмайсың. Сондықтан біреулерді ішке тартпай болмайды. Сонда тек оларды ғана емес өзгелерді де ынталандырасың. Біреулері: «Осы абыройымнан айырылып қалмайын»,- деп тырысады. Екіншілері: «Мен де анаған ұқсап, абыройға жетер ме екенмін»,- деп тырысады. Ынталылар көбейгенмен ынтымақ көбеймейді. Сенің біраз жүгіңді сол ынталылардың өздері-ақ жеңілдетіп береді. Астамсыған талай неменің сол ынталылардың пыш-пышының өзімен-ақ дымын құртуға болады. Бірақ, жаныңа бір жолатып алма. Жолаттың екен, қашан өз абыройын өзі теккенше жаныңнан шығарма! Әйтпесе, құр бекерге екпелілерді көбейтіп аласың. Биліктің - өкпе-бопсадан үлкен жауы жоқ. Өкпе-бопсадан қашсаң, жаныңдағы жандайшаптардың санын көбейтпе. Аз жандайшапты ақырына дейін маңыңнан шығарма. Сонда былайғы көптің өкпесін сол азғантай жандайшап арқалайды. Азғантай жандайшаптың әлгіндей асқан-тасқаны болса. Аяма... Аласта... Сенің соған дейінгі күнаңның көбін солар арқалап кетеді...
Билеуші басыңмен өзіңе астамшылық жасаған адамдарды аластатудың да қыбын таба білу керек. «Қайтейін, өз обалың өзіңе!»- дей алатындай кезде ғана ондай шешімге баруға болады. Сонда ғана ол ішінен қанша піссе де, ешкімге барып, шағына алмай, өзінен-өзі жым болады. Өзіңе өкпелегенше, оған сен өкпелеген бол!» «Сенген қойым сен болсаң, семіздігіңе болайынның» кебін кигіз.
Ал тап сондай астамшылық көрсеткен ауылдардан тіптен абай бол. Олардан құтылу үшін әуелі жан-жағыңа қара. Өзіңнің досың қанша екен? Олардың жауы қанша екен? Өзіңнің досыңның санына оның жауының санын қос. Оған жөй әншейін қызық құмар көлденең жұрттың желігін қос. Соның бәрі жабыла кеп сенің шашбауыңды көтеріп кетердей болса, қапы қалмай қимылдап бақ. Қимылдағанда да қатты қимылда. Сені ауызымызға қара деп астамсыған немелерді, ауыздарына қарамақ түгілі саған ауызы енді қайтып жете алмайтындай қылып қимылда. Сонда оларды табалаушылардың құдайы береді. Олар өздері ғана желігіп қоймай жұртты да желіктіреді. «Айтпадық па, әділдік бар!» - деп желпініседі. Қай кезде де әділдіктен қағажу көріп жүргендер көп болады. Соның бәрі қуанады. Астамсығандарға қара тобырдың «алақайынан» асқан соққы жоқ. Есеңгіреп қалады. Ондай желігіп қалған жұртты ұзақ желіктіріп қойма, желігін басар айла тап...
Қазір осының қай жағынан қарағанда да, Әбілқайырдың асығы алшы түсіп тұр. Көп аталы ауыл баяғы орыс елшісі келгендегі дәнданайдың тұсында бұған көрсетер құқайын көрсетті. Артынан көртке артқан жүктей біресе олай, біресе бұлай қисаятын бастағы дәурен тағы түзелгенде ондай есірікке жасар кеңшілігін жасады. Соны түсінгендер кеш қалмай тұрғанда естері кіріп қайтып үйірін тапты. Ал сонда да тәубаға келмей, әлі күнге дейін бұған қырын қарап қисаятындарға енді кешірім жоқ.
Олар осы тұста да бой көрсетіп жатыр. Сауын айтқан Балпаш балаларына хабар бермегендері - оларды менсінбегендері, «Неге біздің басымыздан аттап, қалмақ шабар жорықтын бас ноқтасын аға баласы әлімнің басқа атасы құрығандай, қайдағы кетелерге үстатады»,- деп бұған қитықтанғандары.
Қитықтанғандар қитықтанып жата берсін. Қайтадан шақырушы бармайды. «Сендерсіз де соңымдағы шаңымның мол болатын түрі бар. Аттансаңдар да, аттанбасаңдар да - өздерің біліңдер»,- дегендей тоңторыс рай байқатады. Бірақ, жаудан түсер мол олжаның шеті көрініп тұрғанда керіліп-созылып үйде тыныш жататын қазақ бар ма? Қалғандар кенеліп жатқанда ол қайтып қалыс қала алады?! Бөрік киген қазақтың бұл дүниеде дәметпейтіні бар ма?! Өзінше екінші бөрік кигеннің қолы неге жетсе, мен де қолымды соған жеткізем деп тыраштанып бақпай ма?.. Бұлар қашан аттанып кетпейінше бүгінге дейін бүлк етпей жатқан талай дөңнің үстінде бұрқыраған шаң көрінер. Жау шапқандай қызыл өкпе боп далақтап келе жатқандар әлгіндей сыбағадан құр қалып қоям ба деп қорқып келе жатқандар... Келсе келе берсін... Өз аяғынан салақтап келгендердің табатын абыройы белгілі.
Уәделі күн келгенде хан майханасын тастап, анада Жәнібек жетелеткен күлін көкке мініп қосындарды аралады. Жәнібек пен Бөкенбайға еріп келген Орта жүздің арғын, керей, қыпшақ, уағының он мыңы - бір қосын. Ту ұстары - атақты шақшақ Жәнібек батыр.
Кіші жүздің үш арысынан жиылған он екі мың - бір қосын. Ту ұстары - атақты Бөкенбай батыр. Сауынды кетелер айтқанмен, туды Бөкенбайға берді. Өйткені жоқтап бара жатқан жоқтары - жетірудікі. Жыртып барар жыртыстары - жетірудікі. Ендеше ту да солардың қолында болу керек.
Мұғажардың екі алқабын шірей толтырған екі қосын да барын салып бағыпты. Екеуінің де өңдері қату. Әсіресе, астарына өңшең меңсіз қара ат мініп, қарашашақ ту байлап, қарына да қара таңып, шатыры мен жолым үйлерін де қарамен жауып, найзаларының сабын қараға бояп, терлік пен тоқымды да қарадан салып, қабақтарын шарт түйіп алған жетіру қолы сонадайдан на-зарыңды жығып назырқатып тастайды. Иір мойын Есет жараған үлектей күркілдеп қарауындағы елдің екі аяғын бір етікке тығып бақты. Баяғыдан торығып қойған ұлы қайта тірілгендей болып тұрып, қайтадан ғайып болғанының ызасын басылса, осы жолы басып қайтпақ. Елдің алды-артының жиналғанын тосқысы келмей: «Шұбырта беріп қайтеміз. Осы қолдың өзі де жеткілікті емес пе!»- деп аттанып кетуге асығып тықырши береді. Оған қашан көрсең де жеті қат жер астынан енді шығып тұрған Мәдідей түксиіп, қабарытып қарауытып жүретін табын Бөкенбайды қоссаңыз, жетіру қолының жағдайы айтпай-ақ белгілі. «Жауды тезірек көрсетші!»- деп жаланып тұр.
Жетірудан кейінгі желігі күшті қол кетелердікі. Жиеннің жыртысын жыртып шыққан «Дөйт!» ұрандылардың бұл жолы сөздері де дөйт, өздері де дөйт. Аттың жақсылары да соларда ма деп қаласың. Бауырын тартып, сауыры күліңдеген кіл жарау. Алды Атыраудың пұшпағына ілігіп қалған ауыл ғой. Арасында суыннан да тұқым жоқ болмас. Мөлтіл көктер көп екен. Қол басылары Алтайдың астында да соның біреуі мөлтеңдейді.
Бұрын қолдың алдын бермейтін шектілер бұл жолы алдарына дау иесі жетіру мен сауын айтқан кетелерді салыпты. Қай тарапқа шығарларын білмей көп толғанғандықтан ба екен, баяғысындай айбынды емес. Мінген аттары да бірі боз, бірі торы - ала-құлалау. Батыр сұлтан қарауындағы қосынның салтанатымен шаруасы болмағандай. Өз басын аптап-күптей берген бе қалай?..
Бай ұлының қолының алдына беріш пен адай жарыса шығыпты. Жау беттегі немелер осы қазір қиқулап тарта жөнелетіндей емініп тұр. Мұндағылардың көздерінің жылты басым. Іргелерінен тұртпектеп отырғызбай отырған дұшпанды күллі қазақ боп жапырып тастағанға олар қуанбағанда кім қуанады!
Кіші жүз қолы қара құрым. Кіші жүз қолы айырықша аптығып тұр. Бірақ ат міністерінде, ер-тұрмандарында, жарақтануында Жәнібек қолындағыдай бірден көзге түсетін бір өңкейліқ салтанат жетіспейді. Ноқтасын біреуге ұстатып, енді оның қас-қабағын үнсіз баққан үлгі-тәртіп жағы да кемістеу. Әр ата, әр ру өзі көзге түскісі келіп жағаласып тұр. Ала-құла ат мініп, ала-құла жарақтанғандықтан ба, сан жағынан Орта жүз қолынан көбірек болғанмен олардан айбынды көрінбейді.
Ал Орта жүз қолы бұның анадағы көргенінен гөрі де жүтына түсіпті. Өңшең баран мінген қалың қол өздері жайғасқан кен алқапты алыстан қарағанда жауар бұлттай түнертіп жіберген. Қақ маңдайдағы Жәнібек мінген шаңқан боз сол қара бұлтты қақырата тіліп жарқ-жарқ ойнап келе жатқан найзағайдай. Онмың жан бірдей ат мініп, бірдей киініп, бірдей жарақтанған соң не жорық! Көптікке бір өңкейлік қосылғанда одан асқан айбар болмайды екен! Ертең қалмақтардың қалай қарайтынын бір алла білсін! Ал қазір Кіші жүз сарбаздарының кезі тегіс соларда. Олардың жалт-жұлт қимылдары мен жарқ-жұрқ қару-жарағына таңдайларын қағып, бастарын шайқайды. Сардарлардың қабақтары салбырай түскен. Шамасы, қызыққандарынан гөрі қызғанғандары басымырақ білем.
Қызғанса қызғансын... Бұл қазақ әуелі басқа біреуден бірдеңені көріп, соған іші қыз-қыз қайнамай тұрып іс қылмайды. Кіші жүздің көп ноқта ұстарлары, басқа жұрттарды былай қойғанда, тап іргесіндегі Орта жүзде не болып, не қойып жатқандарына қарамай, бір-бірімен иық салыстырып, бір-бірінен озғанына мөз болып жүр. Аталы ауылдардың басшылары: «Біз түшкірсек, бәрі жәрекімалла» деп масаттанып кеткен. Қарауындағы елдің, соңындағы қолдың абыройын ойлаудың орынына, өз көкіректерін көбірек күйттейді. Ондай даң көкіректіктің неге әкеліп ұрындыратынын көрсін, күйінсін, бастарын түссін!
Мұндай жорықтардың көптен кетіп жүрген есеңді қайтарып, алдыңа олжа салып берумен қоса, жан-жағыңа көзіңді түсіріп, жұрттың неден озғын, өзіңнің неден кенде екеніңді ұғынуға да септігі тиеді.
Қақақулап атқа қонған ауыр қол қазақ шебінен шыға сала қан майданға кірісіп кетті. Қой қоздатып, түйе боталатып, жабағы жүн қырқып, өздеріне ырғалып-жырғалып жатқан қалмақ, түрікмен ауылдары ойда жоқта ала шаңның астында қалды. Қазақтардың Жайыққа жеткенше-ақ алды малға толып болды. Жайыққа жеткенше-ақ қоржын арқалап, түйе жетелеуден басқаға қолдары артылмайтын күйге жетті. Бейуақ ұрынып, еңсере тиген қазақтарға ешбір тайшы тетеп бере алмай, ала топырдың астында талан-таражға ұшырап қалғандары қала берді, ал жан дөрмен бас сауғалағандары Еділге қарай жөңкілумен болды.
Қазақтардың бұл шапқынына іштей қуанғандары да жоқ емес. Еділден арғы нуға марқұм боп кеткен Аюке мен қазіргі Дөндік Омбының ақтылы қойы мен құлалы жылқысы емін-еркін кенеліп жатқан-ды. Ол сүбелі қоныстарға қалған тайшылар қанша қызыққанмен ар жағындағы Астраханьдағы орыс әскерінен тайқақсып жақындай алмайтын. Жайықтан бергі қуаңда баяғы ақтабан шұбырындыдан есін жиып әлденіп қалған қазақтардан бәрібір тыныштық болмайтынын біліп болған немелер не де болса, Еділді сағаламаққа көңілдері ауып отырған-ды. Ақ патшаның ұлықтарына да: «Біздің керегіміз болса, Дөндік Омбыға жасағаныңды бізге де жаса»,- деп қол жаймақ еді. Кезекпелеп тиісіп жүдетіп бара жатқан құдайдың қуаңшылығы мен қазақтың шапқын-шылығынан солай құтылмақ еді. Ондай қиқар ойдағылар мына сүргінді пайдаланып көздерінің құртын тескен құнарлы өлкелерге қуана-қуана көшіп алды. Ондай тайшылардың бұлар малына тиіссе де, жанына тиіскен жоқ.
Ал оған түсінбей қасарысқандары нағыз қансоқтыға ұшырады.
Қыжылды қайнатып барған «қырық қыршынның» анық хабарын ешкім айтып бере алмады.
Шона Добыны біреулер: «Оның өз ажалынан өліп қалғаны қашан! Моласы сонау Басқұншақ жақта»,- деп азар да безер болса, біреулер: «Ол - тірі. Оны ақ патшаның өзі қанатының астына алыпты. Жоңғар қонтайшысының құрығынан алыс болу үшін Кубань жақта жүрген көрінеді»,- деп соқты.
Қазақтан түскен тұтқын балалардың жағдайынан ешкім ештеңе білмейді.
- Шона Добының бұл жаққа қашан асқанын көрген ешкім жоқ.
- Соңына қанша қол, алдына қанша мал салып келгенін де ешкім әңгіме қылып көрген емес.
- Өзі қашып-пысып зорға құтылып отырып, қайдан тұтқын жетелеп жүрсін!
Көбінің ауызы соған саяды.
Тек Дөндік Омбыға кесек атқаннан басқа ештеңе ойламайтын қиқарлары ғана:
- Ондай көп тұтқынды Дөндік Омбы көзі қиып қайдан өлтіре салсын. Хиуаның саудагерлеріне айдатып жіберген шығар.
- Иә, хан қолға түскен қазақтарды Астраханьға барып келе жатқан саудагерлерге сатады екен деген қаңқу көптен бар.
- Ендеше - ол балаларды Хиуа мен Бұхардың базарынан іздеу керек.
- Бұл гәптің анық-қанығын Дөндік Омбы мен, тірі болса, Шона Добыдан басқа ешкім білмейді. Солардан сұрағандарың жөн.
Сондай үмітіңді біржолата үздірмеген ұйтқымалы лақаптар болмағанда, ырғалып-жырғалып үлгерген қазақ қолы Жайықтың бергі жағасынан-ақ қайтатын еді. Әлгіндей әрі итеріп, бері жық әңгімелерді естіген Есет пен Алтай: «Дөндік Омбының ұлысын шаппай қайтпаймыз»,- деп өзеуреп болмады.
Жайшылықта кеңк-кеңк күліп кең жүретін иір мойын Есет қисық ағаштай қиқарланып:
- Дау иесі мен болсам, жау иесі де мен. Қандықол қарақшының іргесіне келіп тұрып, алдыма мал толды екен деп, кері қайтып жүре бере алмаймын. Өйтуге Ақмаңдай жанымның тірі болса көз жасынан, өлі болса үрейінен қорқам. Жолдарыңды бөгемеймін. Ал бірақ өзім мына гәптің бір ұштығын шығармай тұрып, кері қарай ат басын бұра алмаймын,- деді.
Әуелден соның қайғысын желеулетіп келіп отырып, енді өзін жаңғыз қайтып тастап кете аларсың!
Көнуге тура келді.
Жер қайысқан қалың қол көлденең аққан Ақ Жайықты қақ тіліп әрі өтті. Жылқының қартасындай Нарын құмның қатпар-қатпарын қанша тінткілемегенмен Дөндік Омбы таптырмады. Ол Қап тауы жақта Құм езені бойында жатыр десті. Орыстың қол астындағы өлкеге өйтіп кеулеп кіріп кетуге жүрек қайдан дауаласын!
Тағы да абыржу, тағы да аңтарылыс. Тағы да күйіп-піскен Есеттің түксиген қабағына қарап үнсіз телміріс.
- Ендеше осы Еділ мен Жайық арасындағы ен маңда Дөндік Омбының өзі болмаса да, соның көзі бір тұқым жоқ дейсің бе! Иә, жиені, иә күйеуі - біреуі бар шығар. Кімі болса да, менің Ақмаңдайжанымнан садақа кетсін. Қанжығама байлап ап, ауылдан ауыл қоймай аралатып, ит аяқтан ас ішкізіп, ит қорлықты көрсетіп жүріп өлтіремін. Қанға қан, жанға жан!
Есеттің айтар осыдан басқа сөзі жоқ. Бет ауызындағы көк түктің бәрі сабаудай-сабаудай боп самсап көтеріліп алған. Ауыз ашқан жұртқа бурадай арп-арп етеді. Айтқанына құлақ аспасаң, кім болсаң да, тарпа бас сап, таптап өтуге шақ тұр. Әншейінде бір сөзін екі айтқызбайтын Бөкенбайға да қиқайып құлақ аспай қойды. Көзінің қарашығы көміліп, оның орынындағы алақандай екі жапырақ қызыл ет бөрінің азу тісінен енді ажыраған жаңа жарақаттың орынындай жалп-жалп етеді.
Салбырай түсіп кеткен сала құлаш өндіршегі сыртқа тамбай, ішке саулаған жасқа шылқып толып тұрғандай қалш-қалш етеді.
Мал танитын қазақтар мұндай жанықас мінезді тұлыбынан айырылып тағаты таусылған нар түйеден көруші еді. Олар да осылай қара көрсе, қарадай сүйкеніп, қақшып еткісі, таптап өткісі келіп тұратын. Есет те алдына барған адаммен амандаспай екі тізесін құшақтап ап, жуандығы білектей қыл арқанды қарш-қарш асап, қайзалай шайнап отыр.
Намыс пен қайғыдан мұнша пұшайман болған батырды сабасына қайтып түсіруді біле алмай бастары қатқан Әбілқайыр, Жәнібек, екі Бөкенбай енді жан-жаққа шолғыншы шаптыра бастады. Бұған дейін мал алса да, жесір алмай, адам олжадан алдарын бос ұстап келе жатқан-ды. Солай еткендеріне іштей тәуба етіп отыр. Әйтпесе оларды Есет әлдеқашан турап тастаған болар еді. Арқалы батыр ауық-ауық:
- Қайран Ақмаңдайжаным-ай! Артында ызғындай елің, арыстандай арпылдаған әкең қалғанда не көрдің? Сұраусыз кеткенің бе?- деп ақырып-ақырып қояды.
«Ұйықтап жатқан дүлейді оятып алып ек! Мынау біреудің басын жұтып, қара қанына шашалмай тұрып, ашуын басар емес қой!».
Осы ойда отырған төртеу кеткен шолғыншылардың алғашқысының төбесі қылт еткенде не істерлерін біле алмай есеңгіреп қалды. Сорлатқанда қалмақ ханының баласы Қалдан Норбының ұлысы осы маңда екен. Астраханның түбіндегі Қызылжарда соның ауылы отыр дейді: Жуықта түрікменнің бір бегінің қызын тағы алып, жас қатын қызықтап ауылында жатыр дейді.
Мынаны естігенде төртеуінің көзі тас төбелеріне шоршып-шоршып шыққандай болды.
Мәссаған, безгелдек! Қалмақ ханының баласының қанын арқаласаң, ақ патша арқаңнан қаға қоймас. Мына жорық орыс патшасының өзімен жағаласқа айналып кетіп жүрмесе не қылсын!
Не де болса құтырынған үлектей айналасына ақ көбігін атып отырған Есетті қапысыз Қалдан Норбының төбесінен түсірсең, іс насырға шапты дей бер.
Әбілқайыр әбден дал болды. Мұны естісе, ақ патша башқұрттан кейін көз қырына өзін алар...
Жәнібектің да басы қатты. Әу баста осы әңгімеге жел берген өзі еді. Дегеніне жеткендей болған. Жайықтан арғы сар далаға жылқың мен түйеңді айдап әкеле, шалқайып жайғаса бер. Енді соның бәрі көз ұшыңнан бір-бір ұшып жүрмесе не қылсын!
Екеуінің жағдайын түсінген табын Бөкенбай:
- Сендер осы арадан қайтыңдар. Есеттің қасында мен қаламын. Алтай да кете алмас. Норбының ауылын біз шабамыз. Ақ патшадан дау шықса, жауабын өзім беремін. Сендердің тілдеріңді алмаған боламын. Кек қуып келген болып, Ақ патшада шаруам жоқ. Әбілқайырда шаруам жоқ. Қалмақ өлтірген бауырымның жазықсыз төгілген қанының жоқшысы боп келдім деймін. Орыс патшасы ел араздығына араласса бір жөн, пенде араздығындағы шаруасы қанша! Еңгезердей батырдың қара талақтанып алған шарадай бетін көріп тұрып Жәнібек оның мынау жүйелі сөзінің өзіне келісе алмады.
- Жоқ, оның болмайды. Сендерді мұнда тастап, біз анда елдің бетін қалай көреміз?! Онан да сен барып тентек батырды алдарқата тұр. Біз тағы да қабырғамызбен кеңесіп көрейік,- деді.
Әбілқайыр мен Жәнібектің бар тапқаны: астыртын жәукем қол жіберіп, Қалдан Норбыны тұтқынға ап, Жайықтан әрі өткізіп, түрікпен арасына асырып тастау. Ол жақтан Қап тауындағы әкесімен, Астраханьдағы орыс әкімімен хабарласып үлгергенше, бұлар елдеріне қайтып та оралады: «Бұған көнбесе, бізден жақсылық күтпесін!»- деп айту қатты тапсырылды.
Жәнібек бұл істі өз мойынына алды. Мұндай іш астарды Кіші жүз қолынан ешкімге білдірген жоқ.
Екеуі енді Есетке келді.
- Саған қояр шартымыз бар,- деді.
- Айтыңдар.
- Айтсақ, қазір Қалдан Норбының ауылын шабамыз. Бірақ ханзаданың өзінен басқа ешкімге тиіспейміз. Оны да қашан әкесінен хабар болғанша қол жүмсамай тірі ұстай тұрамыз. Оған көрсететініңді әлгі қырық қыршынның ажалына әкесі Дөндік Омбының араласына анық
көзіміз жеткенде барып көрсетесің! Осыған көнесің бе?
Есет бұтындағы жарғақ шалбардың тізесін тісімен қайзалап дар-дар жыртып, басын бұлғаңдатып біраз отырды да:
- Атам Тамаға абырой таптырған нар тәуекел ғой. Тәуекел! Мен де көнейін. Қорқаудың күшігі қолыма түссе, я Ақмаңдайымның, я одан қалған тұяқтардың бір хабарын шығарып берер,- деді.
Қызылжардағы екі мың үй бес күн үдай қазақ қолының қоршауында тұрды. Ешкімді одан аттап шығартпады. Ешкімді оған қарай жібермеді. Екі мың үйдің тілі шыққан адамдары кезек-кезек тергеуге алынып жатыр. Қалдан Норбының қайда құрығанын ешкім білмейді. Жеті-сегіз күн бұрын осында жүргенін бәрі көріпті. Қашан кетті, қайда кетті - онысы ешқайсысына мәлім емес.
Қалдан Норбының қатын-баласы да ештеңе біліп-жарымайды. Жеті-сегіз күн бұрын бір топ түрікмен келіпті де, апақ-сапақта әлдеқайда алып кетіпті. Қайда алып кеткендері белгісіз.
Есет өз бармағын өзі шайнап отыр.
- Қайда құрыды дейсің. Келер. Ең болмаса анау құшағына енді кірген қаншығына оралар.
Екі мың үйдің жаны неше қайтала тергеліп-тексерілді. Олардың айтар жауабы - әлгі. Есеттің түйер пәтуасы - жаңағы. Бес күн бойы солай.
Бес күн бойы осы отырыс отырыс. Есет Әбілқайыр мен Жәнібектің оңаша кеткенін жақтырмайды. «Мынау төбесі озған төре мен алды толған арғын нағып екеуден-екеу пыш-пыштаса береді. Шықпасын қасымнан! Қалдан Норбы келгенше осылай отырсын омалып! Бұл қоршаудан қазақ та, қалмақ та ешқайда аттап баспасын! Шықты екен - көк найзамның ұшы сендердің кеңірдектеріңде!»- деп ежірейді.
- Жә, болды, бауыры өлген, баласы өлген жалғыз сен бе екен! Отыр жайыңа!..
Бөкенбайдың қату дауысы барқ ете қалды. Орынынан атып тұрып әр өрімі білектей дойырын алып қараптан қарап теңселіп қанына қарайып отырған күйеу баласына төніп жетіп барды.
- Балаң өлсе, біреудің өтеуіне берген нең бар? Жалпақ елді жайрата шапқан жаудың қанжығасында кімнің қатыны, кімнің бауыры кетпей жатыр. Ел қанжығада кете жаздағанда түсірмеген еңсеңді бүгін түсіріп не қара басып отыр?! Доғар әрі былшылды! Норбы бес-алты күннен бері қаңғырып жүр дейсің бе? Барған шығар анау ақ патшаның әкіміне! Қарауындағы елді саған талатып қойып, орыстың да қолына бұйен байланып қалмаған шығар. Ертеңді-бүгін ақ алмасын жарқылдатып казак-орыстар да жетер. Сонда мына еліңді босқа қырғызып қоясың ба? Сенің кегің елде емес, Дөндік Омбыда ғой. Тірлік болса,
онымен де сөйлесерміз. Ендігі қиқаңыңды тыңдамаймын. Қайдағы бір шұнақ қалмақтың басы үшін екі арыстың боздағын зеңбірекке жем қылатын жайым жоқ. Орныңнан тұр!! Атыңа мін! Мінбесең буып әкетем!
Иір мойын Есет төбесінен төніп тұрған Бөкенбайға алая қарады.
- Қайдағы шұнақ қалмақтың басын айтасың! Ақмаңдайжанның кегі қайда? Қанды қол қарақшысының аты шығып тұрғанда да, сұрауы сұралмайтын ол кім еді? Ауызың барып қалай айтып тұрсың, Бөке!
Бөкенбай қолындағы дойырды лақтырып тастап шығып жүре берді. Оң жақ босағада үн-түнсіз отырған Алтай бір ышқынып қалып, екі бұйірін таянып теңселіп қоя берді.
- Жоқ, бұлай кетпеймін. Мынау екі мың үйдің еркегін түгел қырамын. Қара қанын қасықтап тұрып ішкізем. Ішпегендеріңнің ауыздарыңа жығып салып құямын. Ойбай-ау, шүлдір қалмақты бүйтіп жыққанша жығылғаным жақсы еді ғой. Құлағыңды ұрайын қамыс құлақ, бауырсақ құлақ қайда жоқ! Біздің ауылда да айғыр кісінеп, қошқар мекіреніп жатқан жоқ па? Бұларсыз да көбейер. Ақмаңдайдың жолында қан төкпей аттанар болсақ қолдарыңда өлем! Алдарыңдағы мал мен дүниені айдап апарып анау көк теңізге ағызып жіберем!
Есет теңселгенін қалт тыйды. Ауызы толы қыл-қыбырды табалдырықтан асырып бір түкіріп тастады.
- Қараң қалсын бәрі де! Ақмаңдайжан енді жоқ болғаны ғой. Ғайыптағының жыртысын жыртамыз деп тірінің обалына қалмайық. Алтайжан тұрегел! Нағашым Балпаштың аруағынан айналайын! Сөгілген қабырғамды
бұтіндедің ғой! Ал, мен тоқтаттым. Жүрістеріңе мен дайын.
Төбесімен шаңырақтың күлдіреуіштерін шатыната сындырып атып түрегелді.
Манағыдан бері үнсіз тұрған Әбілқайыр табын Төлебайға сырттағы Бөкенбайды шақыртып алып:
- Жықтырыңдар анау екі мың үйді! Тірі лағын, өлі пұшпағын қалдырмай, жым-жылас кешіріп ала жүреміз. Дөндік Омбымен Қалдан Норбыға тұқым-тұяқ керек болса, Ақмаңдайдың анық хабарын шығарып берсін де, қайтарып алсын. Елшілікпен бітсе, жөні сол! Жаушылықпен алғысы келсе, жағаласты сонда салармыз. Жеті ру ішінде талай ханымы, талай ханзадасы бар мынау екі мың үй,-
сенің олжаң! Не істеймін десең де, ешкім қолыңнан қақпайды. Ақмаңдайдың я өзінің, я балаларының хабарын шығарып бергенше аманат қылып ұстап тұрам десеңдер, ағайын оны құптайды. Бұл екі мыңның жолындағы дауға қамшыны бір салысамыз, жауға - найзаны бірге сұғысамыз. Олжаның билігі сендерде болғанмен, ауыртпалығын осы тұрған екі арыс бірге кетеріседі. Ал көш жөнге! Түс жолға. Көшіңнің алдында Жәнібек, артында өзім болам!- деді саңқылдап.
Көкжал Есеттің бет-ауызындағы көк сабау түктер жығылды. Құлайтын жардай түнеріп тұрған Бөкенбай-дың қара талақ беті күреңітті. Сымдай тартылып сырбаз тұрған Жәнібектің көзі бір жалт етіп ханға қарады. Басын изеді. «Ақыл таптың!»- деп қуанғаны еді. Анадайда бар-жоғы белгісіз боп оқшау ожырайып тұрған Батыр сұлтан «Уһ»- деп ұртын томпайтты. Екі иінінен өзер дем алып тұрған көпшіліктің дендері жайылып қоя берді. Бір-біріне жымыңдай қарасып, жамырай тарасқан ығы-жығы жұрт екі мың үйге беттеді.
Манадан бері салбырай төніп тұрған тымырсық бұлттың арасынан шатыр-шұтыр найзағай ойнады.
Дария беттен лүп етіп жел есті.
Бармақтай-бармақтай бадана тамшылар ойнақтап қоя берді.
Екі мың үй қалмақ ығы-жығы жылап жатыр.
Жиырма екі мың әскер ыржың-ыржың күліп жүр.
Артынып-тартынған ауыр қол бесін ауа найқала басып жолға түсті.
Сол жолғы жорықтан талай байдың үйірінің саны артып, келесінің қатары көбейді.
Сол жолғы жорықта талай тақыр кедейдің іргесіне тықыр, қазанына бүлкіл бітті.
Сол жолғы жорықтан талай бәйбішенің қолы ұзарды.
Сол жолғы жорықтан талай сұр бойдақтың қойыны жылынды.
Сол жолғы жорықтан соң талай баланың нағашысы қалмақ болды.
Сол жолғы жорықтан соң талай ауылдан «ақ сұқсырдың балалары», «қалмақ енем балалары», «бес қалмақ», «төрт қалмақ» дейтін тармақтар тарады.
Көптеген тұқымның онсыз да шарадай беттері одан әрі жалпайып, онсыз да шығыңқы шықшыттары одан әрмен шығынып кетті.
Батыстан балпаң басып оралған Әбілқайырды Нияз сұлтан мен Мырзатай тықырши тосып отыр екен. Айтқандары: башқұрттар әбден ашынып алған; патшаның жағындағылар, патшаға қарсылар болып ірге ажыратып, екі бөлініп алған ел бір-бірінің жағасына жармаса бастаған; бұндай қиямет-қайым жағдайда олардың өз бас көтерерлеріне басу берер түрлері жоқ; ара ағайынның араласы керек.
Әбілқайыр ағасы мен балдызының мына сөзіне құба қалмақты шапқанынан бетер масаттанды. Неге екені белгісіз: алақаны мен табаны бірдей қышып қоя бергені. Бұл не қылған олжа? Бұл не қылған жол? Соны ойлағанда бозбала жігіттей жүрегі ала бұртып қоя береді.
Арада жарты ай өтер-өтпесте іңір қараңғыда:
Кеш жарық,- деп Мырзатай аттады.
- Ассалаумағаликүм.
Созалаңдаған тағы біреу тағы аттады.
Балдызы ағасы базардан келгендей ыржаң-ыржаң етеді. Соңындағы созалаң кісі төрге озуға батпағандай иіліп тағзым етті.
Оң жаққа кеп жайғасқан Мырзатай: «Нағып тұрсың?»- дегендей алая қарап, төр жағынан орын ұсынды.
Жалбағай тымағының маңдайын түсіріп жіберген бейсаубат қонақ:
- Иә, бісмілла!- деп Мырзатай керсеткен орынға озды.
Басындағы жалбағайын сосын барып алды. Кенересі биік татары-тақияның жиегінің сыртынан қалқиып шығып тұрған қалқан құлағы мен жұдырықтай өндіршегінен таныды - Алдарбай. Сақал-мұрты аппақ. Самайтүгі де аппақ. Өзі де сілтіге салған сүйектей боп-боз. Жүріс-тұрысында да баяғы батылдық жоқ. Кібіртік. Созадаң. Бір нәрседен әбден соққы жеп, басымен қайғы болған адам ғана осындай болса керек. Бірақ бұл ана жылы Мәмбет мырзаны ертіп әкелгеніне қарағанда ақ патшаның алдында жағдайын түзеп алған кісі сияқты еді ғой. Әлде аурудан тұрды ма екен. Айтпақшы, ол мына дүрбелеңнің тұсында қай жаққа шықты екен? Әрине, ақ патшаның жағында шығар. Әйтпесе, баяғыда жер түбінен аяғы салақтап, басын қатерге тігіп босқа жүрді дейсің бе? Петербордан да ырғалып-жырғалып қайтты дейтін. Баяғыда Сейіт көтерілісі тұсында бұнымен екі ортада жүріп талай рет ереуілшілер мінетін ат айдап әкеткен. Талай рет жандары қысылған жерде Бекенбай екеуіне келіп көмек алған. Жас кезінде Әбілқайыр да осы Алдарбайдың айтқанына еріп, Сейіт көтерілісіне араласқан-ды. Кейін көтеріліс жеңілгенде біраз ереуілшілерді өз ұлысында ұстап, құба қалмақ пен қара қалмақтың арасында шұбырып жататын керуендерді тонатқаны бар. Олардың ақтығы кейін қарақалпақ арасына сіңіп, бұдан көз жазып қалған-ды.
Әлі күнге бір-бірінен көз жаздырмай келе жатқан осы Алдарбай. Баяғыда бұның елшілігін екі рет Петербургке апарып қайтқан да осы болатын. Ол кезде баяғы атқа мінген алау тақым кезіндегідей ширақ еді. Жер түбіндегіні айтпай біліп отыратын сұм еді. Қашан да үсті-басы осылай қақпан қарап қайтып келе жатқан аңшыдай қурап жүргенмен, қайын жұртына келген күйеудей аяғын арқайын көсілмей, сызылып отырғанмен көкейінде талай қызыл құрттың басы шошайып жататын. Бұл жолы да қандай оймен келгенін кім біліпті. Мырзатайды сағалаи келгеніне қарағанда, анада Нияз екеуі барғанда бұлармен сөйлескен болды. Нияз екеуінің сүйек бітісі, тері қондырысы бір-біріне ұқсайды. Нияз бұндай емес. Лапылдақ, лепірме, жаңғалақ. Ал мынау найза бойлатпас сұм, ауызына берік, иненің көзінен өтердей тіпті ширақ. Ол - ылғи терлеп-тепшіп, апырып-жапырып жүретін қызыл кеңірдек. Ал мынау терісі сүйегіне жабысып қурайды да жүреді.
Хан одан не сұрарын білмей отыр. Башқұрт арасындағы жағдайды онсыз да біледі. Бірден келіс сұраса, әдепке сыймайды.
Алдар да ңабағының астынан сынай ңарап қалған.
- Иә, Алдарбай мырза, әлей болсын! Сөйлей отырыңыз,- дей салды.
Алдарбай сараң шәугімнің шүмегіндей сыздыңтатып отырып біраз жердің басын шалды. Бұның қышыған жерінен түскісі келгендей сөзді анау Самарадан бастады. Былтыр бұның елшілері барып келетін Керел (Кирилов) мырза жуырда өкпе аурудан дүние салыпты. Оның басқарып келген мәккамасының аты өзгөріпті. Бұрын «іспедей» (экспедиция) аталса, қазір «кәмесей» аталыпты. Кәмесейге «нәшәндік» болып Тәтәш1 мырза келіпті. Бұған дейін Орал тауында ашылып жатқан кендерді қазатын сондай бір қасқа маңдай ұлық барын білетін. Өзін қазаң, башқұрт, қалмақтарға кеңшілікпен қарайды, жолап кетсең ата-тегіңді, жер-судың атын сұрап, желімдей жабыса қалады деуші еді. Патша ұлықтарының алдында айыпты боп қалған түздіктерге араша түседі деп еститін. Енді сол Төтеш мырзаның «кәмесеге» бастық болып келгені мынау кейінгі жылдары тым қуырылып бара жатқан қытымыр дүниенің қайтадан кеңиін дегені шығар.
Алдарбай ханның бұл ойына мырс ете қалды. Құп-қу мұртының қақ ортасы бір бүлк ете қалды.
- Іспедейдің кәмесейге айналуы сол істің насырға шабайын дегені. Іспедей мынау біздің жерлеріміздің асты-үстін тіміскілеп, іске татитын бірдеңелері бар болса, тасып әкету үшін жіберілсе, кәмесей елдің құлқын барлап, кімнің бұзық, кімнің түзік екенін анықтау үшін құрылып отыр.
Талайды естісе де, мұндайды естімеген хан аңырып қалды. Сонда қалай олар кімнің бұзық, кімнің түзік екенін қайдан біледі?
1 В. Н. Татищевтың бұрмаланған аты.
Қу башқұрт, бұның көмейіндегі сауалды танып қалжыңдай бір жымиып қойды.
- Әуелі өздері білетін түзіктерді жинап алады. Содардан кімнің бұзық екенін сұрады. Айтпасаң: өзіңді де (іүзықтарға апарып тіркейді. Айтсаң: «Сол бұзықтарды қасыңа әскер ертіп барып өзің ұстап бере ғой»,- дейді.
Бұның манадан бері басы жетпей отырған таудай тауқыметі ауылдың желкесіндегі жел төбеге желіп шыққандай қандай оп-оңай!
- Сені бұзықтарға қосты ма, түзіктерге қосты ма? Алдарбай тағы да мырс етті! Мына башқұрттың танауына құрт кіріп кеткеннен сау ма?!
-Түзіктерге.
-Е, бопты ғой онда...
Әбілқайыр башқұрт биінің қайдағыны қайдан біліп жауап беріп отырғанына таң қалса, қасындағы балдызы Әбілқайырдың қайдағыны қайдан біліп сұрап отырғанына таң қалып отыр. «Ханда қырық кісінің ақылы бар деген осы-ау...»
Алдарбайдың жұқа танауы тағы бір қусырылып қайта кеңіді.
- Түзіктерге сенен басқа кімдер қосылды?
- Сіз танитындардан Таймас бар, Көсемше бар, Оразай бар, Қыдрияс, Шима, Отжаштар бар...
- Олар нағыл деді?
- Неғыл десін? Соңдарына бір-бір сап солдат ертіп ел аралап кетті. Көтеріліске қатысқандарды ұстап береді.
- Ал сен ше?
- Мен, міне, мұнда келіп отырмын ғой.
- Сонда немене... Қашып жүрсің бе?
- Солай десеңіз де болады.
Ханның манағыдан бері алабұртып отырған жүрегі бір түрлі басылып қалды. Сонда да сөздің қазасынжібергісі келмей:
- Ал әлгі ұстап апарғандарға Тәтеш мырза не істеді?
- Сайман1 мырзаға апарып тапсыртқызды.
- Онысы кім тағы?
- Жандарал... Патша әскерінің бастығы...
- Ол әлгілерге не істейді?
- Бәрін істейді - атады, асады, суық теңізге, Іргебекке2 айдатады, қатын-баласын казак-орыстарға жалшылыққа таратып береді.
1 Соймонов.
2 Балтық тенізі жағасындағы Рогервик қамалын айтып отыр.
- Олардың құлдыққа кісі сатпаймыз дейтіні қайда?
Сатпайды... Тегін таратып береді... Және де олар есіктегі кісілерін құл демейді, малай дейді, қызметші дейді...
- Бұл жолы Алдарбай емес Әбілқайыр мырс етті.
- Сонда қайтпексің?
- Сізге келіп отырмын ғой...
Әбілқайыр шаралы көзін бір төңкеріп Алдарбайға бұрылды.
Алдарбай Мырзатайға бұрылды.
- Тамыр, менің мініп келген атымды керме ағаштан әкетіп, кеп атқа қосып жіберсең қайтер екен? Біреу-міреу танып қалып жүрер...
-Иә, сөйіт... Өзің таңертең соқ,- деді Әбілқайыр қосарланып.
Алдарбайдың сөзінің боталы ауылға тап болған жылқы құйрығындай неге келте боп отырғанын хан енді аңғарды. Көлденең көзден қаймығып отыр. Оның үстіне Мырзатай секілді барып кел, шауып келде жүрген немелерге сенуге болмайды. Олардың ауызына сөз тұрмайды. Айтқысы келіп айтпайды, мақтанғысы кеп айтып қояды. «Біздің пәленшекең бәрін біледі ғой»,- десең, білетінін де, білмейтінін де судай сапырыстырып соға береді. Қазақ арасымен майлы қасықтай араласып қалған қу неме соны ойлап отыр ғой...
Оңаша қалғасын Есекей баласы Алдар ашылайын деді. Анадағы Нияз бен Мырзатайдың айтқандары рас екен. Ел екі жарылған. Біріне бірі оқ атып қырылып қалар түрі бар. Ара ағайын шықпаса, өздігінен бітісе қояр түрі жоқ. Алдарды жіберіп отырған ереуілшілерге бас болғандардан өзір қолға түсе қоймаған Қылмақ Абыз, Жүніс Ысмайыл баласы, Жақып Қосаш баласы, Жиянқұл Үсеке баласы, Қарабас Өтеп баласы, Жолай Сарболат баласы секілді билер көрінеді. Әбілқайырға: «Қазір мұсылман баласында одан беделді ешкім жоқ. Қырылып жатқан қарындас халыққа ара тұрмай ма? Ақ патша оның сөзін жерге тастамайды. Өзі келіп бірауыз тілдесіп, бітімге жүрсін»,- депті. «Әбілқайыр бас тартса, басқа амалымыз жоқ, Қарасақалға ат шаптыруға мәжбүр боламыз»,- депті.
- Қарасақалы кім?
- Сұлтанкерей?
- Ол кім Қырымның мырзасы ма?
- Жоқ, ңара қалмақтың тайшысы.
- Тайшы... Ол қалай Сұлтанкерей болып жүр.
- Сұлтанкерей болып жүрген баяғы өзіңіз шайқасатын Шона Добы Жаңа қонтайшы өлім жазасына кескен жерден қашып кетіп, қүба қалмаққа сіңіпті. Оны ақ патша өз қамқорлығына алып: «Қап тауы мен Қырымдағы мұсылмандарды тыныштыққа шақыра алсаң, қонтайшыдан кегіңді алуға жәрдемдесем»,- депті. Шона бүгінде өз дінінен безініп мұсылман болып алған. «Баяғы Шона өлді, енді басқа адам боламын»,- деп Нарын құмның бір жерінен мола салыпты. Тайшы Шонаның жатқан жері осы. Ол - енді жеті қат жердің астында. Мен енді Сұлтанкерей атанып, қажы боламын»,- деп, Мекеге барып, баяғыдан бергі күнасынан арылып қайтыпты. Күллі мұсылман қадір тұтып, төбесіне көтеріп жатқан көрінеді. Қап тауындағы, Қырымдағы мұсылмандарды аралап: «Мен барда қам жемеңдер. Түрік сұлтаны да, ақ патша да сөзіме құлақ асады. Пайғамбардың жасыл туының астына жинап, мұсылмандардың Жоңғардың қонтайшасында кеткен кектерін қайтарам. Жоңғар тағының заңды иесі менмін. Тағыма қолым жетсе, жоңғарларды да пайғамбар жолына қаратамын»,- депті.
Әбілқайырдың құлағы елең ете қалды. Көзіндегі әлгі бір ақшыл жылт-жылт жым болып, бұның ауызына телміре қапты.
Сұлтанкерейді құндыздай сақалына бола көрген жұрт Қарасақал атап кетіпті. Мұсылман халықтарының барлығының тілінде де сайрап тұр деседі. Сол Қарасақал ақ патшамен бітімге отырыпты. Ақ патша оған Русияның мұсылман жұрттарының көмегімен жоңғар тағына отыруына жәрдемдеседі. Ал Қарасақал оның есебіне түрік сұлтанын ендігәрі орыс шебіне тиіспеуге көндіреді.
Сөйтіп кешегі тайшы бүгін өзін мұсылмандардың қамқоршысымын деп жар шашып жүрген көрінеді.
- Һм...
- Башқұрт ақсақалдары іргеде отырып Әбілқайыр қол ұшын бермесе, біз жер түбіндегі Қарасақалға ат шаптырамыз десіп отыр.
Түлкі сылаң Алдар би осының бәріне езінің еш араласы жоқтай бейтарап әңгімеледі. Мұның жауабын тосып қылғынбады да.
Әбілқайыр ертеңіне Алдарды аттандырып тұрып:
- Ақсақалдарыңа сәлем айт... Көп ұзатпаспын... Хабар езімнен болар,- деді.
Алдарбай:
- Хош! Көріскенше күн жақсы!- деп атына қамшы ұрды.
Мына сығыр не деп кетті? Ертегінің Алдарындай жылмиған неменің әңгімесінің өтірігі қайсы, шыны қайсы?
Қайдағы бір төбе шашыңды тік тұрғызар сойқан хабарларды ауыл-үйдің өсегіндей жүрдім-бардым айта салады. Ал сосын әлгі сұмдығына сенеріңді, сенбесіңді біліп көр...
Қалмақ сапарында алдынан қырық құбылып шыққан да отырған Шона Добы әңгімесі енді былайша ұйытқыды. Оны өлді дегендері етірік болғаны ма? Басқұншақ жақтағы мола астына арам өлген тоқтышақ көмілген жәй әншейін темпек боп шыққаны ма? Ал енді күллі мұсылманның қамқоршысы пірәдарға қол көтеріп көр!.. Бәрін айт та, бірін айт. Ресей қарамағындағы күллі мұсылманға оп-оңай ие болып шыға келгенін айт. Қап тауындағы мұсылмандар мойындаса, Қырымдағы мұсылмандар мойындаса, Еділ бойындағы мұсылмандар мойындаса, түріктің сұлтаны, Мекенің хадиі мойындаса, іргедегі башқұрт та құлдық ұрып ат сабылтса, қақ ортадағы қазақ қайда қалушы еді! О да құлынша құлдық ұрып шыға келеді де! Көбі бұның үш арысқа ортақ хан болам деген дөмесін болдыртпау үшін қаңғып жүрген қалмақ түгілі қаңғалақтап ұшып бара жатқан қаңбақты ұстап алып, төбесіне қоймас па...
Мына башқұрттар соны біліп жіберіп отыр. Жаңағы Алдар соны біліп келіп отыр. Бұл да бір жағынан қорқытқаны, бір жағынан ескерткені. «Мұсылман дүниесін түгел безіндіріп жібергің келмесе, жең ұшынан жалғас»,- дегені. Хиуа, Бұхардың дінбасыларының ана жылдары не істегендері жақсы белгілі. Енді іргедегі башқұрт безінсе, құдайды бірде боқтап, бірде жақтап жүрген қазақтар да теріс айналып қағынып шыға келулері мүмкін... «Ал, шақырған екенсіңдер, келдім»,- деп жетіп барса, ар жағындағы орыстың не дейтінін кім білсін! «Біресе қол астымыздағы елді шабады, біресе ереуілшілермен жең үшінен жалғасады, бұл не қылған бодан?»- деп кіжініп жүрсе, не істемекші?
Әбілқайырдың басы тағы да шырғалаңға түсті. Осы бір сират кепірдің үстінде тұрғандай қалталақ күйден қашан құтылар екен? Ақ патша... Ереуілші башқұрт... Қара сақал... Қайқақ бас қазақ... Қай жағына жарыларсың? Қай жағынан жағынарсың? Қай жағынан қандай абырой таппақсың?
Кешегі жеңістің желпінісі де көрген түстей ұмытылып барады. Оны енді есіне алса, масаттанудың орнына, мазасы кетеді. Баяғы Қалдан Норбы ендігі әкесімен, ақ патшаның ұлығымен хабарласқан шығар. Дендік Омбы не десе, о десін! Ал Астрахань әкімі не деді екен? Ол өзі ғана біліп қойды дейсің бе, қоңыраулатып Самараға, одан өрі Петерборға шабарман шаптырған шығар! Әлгі Тәтеш мырза не деді екен? Ақ патша не деді екен? Әйтеуір, абырой болғанда жер аяғы қашық. Әйтпесе ендігі ол хабардың бір дүмпуі осында да жетіп үлгерер еді. Қайтпек керек! Алдына мал салған қазақ ауыл-ауылына тарап кетті. Қойынына қатын салған қазақтың бұл түгілі құдайды есіне алып жатуға мұршасы бар ма? Сонда бұл кімді жарылғады? Өзі үшін не тапты? Әрине өзір ол жорық ұмытыла қойған жоқ. Қашан зорлықпен келген әйел бала тауып бастыққанша ұмытыла қоймас. Жаудан келген малдың төлі байырғы төлдің малымен мидай араласып кеткенше ұмытыла қоймас. Бірақ, түнде жолыққан еркекті тегіне қарап емес, тегеурініне қарап мойындайтын қатын ит қашанғы тулар дейсің? Төсіне көкпар тартсаң да былқ етпейтіндей боп үйренісер. Бір түнде пәктігін жоғалтады, бір жылда дінін жоғалтады, бірер жылда тілін жоғалтады. Сосын қасында бірге жатқан байы мен тапқан баласынан басқа несі қалады? Малдың жат болуы одан да қысқа. Сосын жұрт өз қатыны, өз малы үшін бұны қайдан есіне алып, бұған қайдан алғыс айтып жатсын! Ол әншейін далбаса! Бұл қазақ ел болып, еткен еңбегіңді біліп, мәртебеңді асырады деген мәңгінің қиялы! Ендеше, қолыңдағы биліктің күшейерін ойла! Басыңдағы дәуреннің нығаярын ойла! Ол үшін бас сүйекті басқаша үйретпей болмайды. Төмен қарап елпектегеніңді жорғалап бара жатқан құрт-құмырсқа көрмесе, ел көрмейді. Ал жоғары қарап жалтақтағаның кезге түспей қалмайды. Көктегі құдайдың көретін көрмейтінін бір өзі білсін! Ал оның бер жағындағы өзіңнен жоғарыдағылардың бәрі көреді. Өзің теңірегіңе көз салмай отыр ма екенсің? Кімнің саған қалай қарайтынына енжар қарай алып отырсың ба? Сәл ізетке ішің жылып, сәл астамдылықтан көңілің суып, қырық құйқылжып қипақтап бақпайсың ба? Сенен жоғарғылар да тап солай... Олар да сенің шалқалақтаған басыңды емес, жалтақтаған жанарыңды көргісі келеді... Ұшатын нәрсе қаңғалақ, өсетін шыбық солқылдақ келетіні тегін ғой деп пе едің? Тұзы ауырлық тұралап тұрып қалуға жақсы. Қозғалғысы келген нәрсенің жеңілдікке, елгезектікке, елпекбайлыққа ұмтылғаны жөн. Енді, соны есте ұстамай болмайды. Бұрын төбеңде құдайдан басңа ештеңе жоқ еді. Құдайдың құдайшылығына сенетін едің. Енді төбеңде ақ патша бар. Ол да - адам. Адам адам бол-са өзін жаратқан құдайға адам. Құдай жаратқан басқа жан-жануарларға адам. Ал адам дәл өзіндей екінші адамның алдында бәрібір пенде. Тіпті патша қойсаң да пенде. Енді сен патшаның да пенде екенін ескеріп отырмасаң болмайды. Кім білідті, өзінің бір мүддесіне керек етсе, құдайдың көрмегенін, қазақтың көрмегенін сол көрер. Тілегіңді сол берер... Ендеше оның қалай қарайтынын алдын ала біліп алмай тұрып іс қылма... Башқұрт ісіне де соның қалай қаратынын біліп алып аралас... Қазақтың көңілін аулаймын деп анау күнгі қалмақ шапқаның да жетер... Енді соның дауынан қайтып қүтылудың жолын ойлап бақ. Ендігі басты қамың - ақ патшаның тілін табу. Аз халықтың басшысы болу азғантай тоқтылақтың бақташысы болу емес. Азғантай тоқтышаққа бақтащы болу үшін азғантай ақыл, азғантай қайрат та жеткілікті. Ал аз жұрттың басшысына көп жұрттың басшысынан гөрі де кебірек біліқ көбірек айла керек. Кеп жұрттың басшысы бағындыра білсе де жеткілікті. Аз жұрттың басшысы бағындырумен қоса бағына да білуге тиісті. Бағыну бағындырудан әлдеқайда қиын... Енді сол қиынға төзбей болмайды. Сонда мынау башңүрт ақсақалдарының сәлемі қайтуы керек. Олардың да, ақ патшаның да көңілін қайтып жықпауы керек? Қайткенде қой да тыныш, қасқыр да тоқ болады? Бұрын ақылға сыймастай бұл далбаса сөз енді ақылыңның бар-жоғын білдіретін ауыр сын, ауыр міндетке айналады.
Ал, Абдолла баласы Әбілқайыр, өзің таңдап, өзің тілеп алған осы талқыға мықты болсаң, шыдап көр!
Соны білгендей бір күні Таймас келді. Ол Алдарбайға ұқсап іргеден кірген мысықтай жымпимай, көлден қайт-қан қара өгіздей түнере қарап, талтаңдай енді. Алдарға ұқсап әр нәрсенің басын бір шалып отырмай, тапсына сөйледі. Сөйтсе Шаим баласы Таймастың да басы қатыпты. Шаим баласы Таймастың да еліне жаны ашып келіпті. Ол да өз халқының көрер көзге бірін-бірі атып босқа қырылып бара жатқанына қиналады екен. Бұдан арғы қарсыласу халықты босқа қыру болатынын түсінбейтін ереуіл көсемдеріне жыны келеді екен. Ол да «араға арағайын бітімші жүрмесе іс насырға шабады» деп ойлайды екен. Ол да әлгіндей Бұліншілік шаруаға ең таптырмайтын адам Әбілқайыр деп біледі екен. Оны да башқұрттың бір топ биі жіберіпті. Олар - патша жағындағы Бекқожа баласы Көсемше, Абазын баласы Абадай, Күлтешек баласы Шима, Малақай баласы Қыдрияс, Разманқұл баласы Өтжас. Бұл оларды да жақсы таниды. Алдарды жібергендерді сонау Сейіт заманынан білсе, бұларды сонау Ырғыз бойына Мәмбет мырзамен бірге келген күндерінен біледі. Сондағы біраз билер бүгінде басқа тарапқа шығып кеткен. Тонтай баласы Бекшора, Есеней баласы Алдарлар ақ патшамен ат құйрығын үзіскен.
Енді, міне, екі тарап та бұның үзеңгісіне жабысып, біздің ауылға бұрыл дейді. Бұрылу қиын емес. Бірақ, ауылдары бір болғанмен ауыздары әрі үдай. Сонда қайсысының ауызын алып, қайсысының ауызына қарауы керек. Біреуінің ауызын алып тоқтатып, біреуінің ауызына қарап тоқтату мүмкін бе?
Таймас та сөзін сонау Самарадан бастайды. Тәтеш мырзаны кәмесейге бастық қылған пәрмәнінде патша жаңа ұлыққа қазақтарға айырықша назар аударуды, мүмкіндігінше ереуілші башқұрттардың ықпалына түсірмей, еркелетіп ұстауды тапсырыпты.
«Еркелетіп ұстау» деген сөз Әбілқайырдың құлағына жағып отыр. Бірақ, шым-шытырық заманда қайтып ерке боп қала аласың? Ақ патша сол сөзін ақырына дейін ұстана алар ма екен? Тек қана еркелетіп ұстағылары келсе, неге мынандай пәлелі іске араластырғылары келеді? Неге башқұрт бұлігін басуға қолқабыс сұрайды? Еркелетіп ұста дегендері әлде бейтарап қазақтар бүлікші башқұрттарды қанша қырса да, қолынан қақпа деген сөз бе екен? Ендеше, олар башқұрттың бетін қандай жолмен болса да, бері қаратып тыныштандырып берсе, оған риза болар ма екен?! Оларға башқұрттардың тұқым-түяғымен түп-түгел қырылып қалғаны керек дейсің бе?! Ақ патшаға қарсы көтерілмей түзік отырғандары керек шығар. Олай болса, ол бұл іске неге араласпайды? Бітім аңсап отырған екі жақтың арасына неге бітуажаға жүрмейді! Оған көнбегендері башқұрт қолымен емес, қазақ қолымен неге ауыздықтамайды. Сосын бітуажаға келген екі жақтың басын құрап неге бір хан сайлатпайды? Ол хандыққа Нұралы мен Ералының біреуін неге ұсынбайды? Сонда, түптеп келгенде, башқұрттар да бұның қол астында болып шыға келмес пе еді? Ақ патшаға бәрібір емес пе? Қарауындағы ел қаймағы бұзылмай тыныш отырса, болмай ма? Әлгі екі сығыр бұның арғы көмейін көрмей, білмей келіп отырған жоқ. Анада бұлар жоқта башқұрт аралаған Нияз бен Мырзатай жарапазан айтып зар қағып кетпесе, бұның дәмесін оларға сездірудей-ақ сөздіріп қайтқан секілді еді ғой. Ендеше олар бұның шартына іштей келісіп отырған шығар.
Әбілқайыр арманшыл адам еді. Баққұмарлық та - арманшылдықтың бір түрі. Арманшыл адамдар қисыны келіп тұрған қиялға шындықтан бетер қуанады.
Әбілқайыр әлгі ойына расында да қуанып отыр. Қалмақтарға жасаған анадағы қылықтарына қуысты боп жүргенде мынау тіптен дұрыс болды ғой. Бұзақыларын бұғалықтап берсе, онсыз да итір-қылжың отырған қалмаққа бұның артық тиген бір-екі жұдырығын кешпес дейсің бе? Тіпті: «Қап, бәлем, өздеріне де сол керек еді»,- деуі де мүмкін. Ендеше, бұл сол жорық жайындағы жайсыз хабарлар жоғарғы ұлықтардың құлағына дүңкілдете жетіп қалмай тұрғанда башқұрт асып кетуі керек. Олардың бірінен соң бірі ат жүгіртіп шақырып отырғанын сөздірмеуі керек. Өткен жылғы сумақай тілмаштан айтып жіберген тұспал қолқаларына түсініп өзі аттанып бара жатқан болғаны жөн. Өзі аттанғасын бұл мәселеге қалай кірісуді де өзі біледі. Әйтпесе, ақ патшаның ұлығына адам шаптырып арнайы рұқсат сұраса, ол рұқсатпен қоса «олай етпе, былай етсінін» дегенін де қоса айтып жібереді. Ал сосын әлгі айтқандарынан қия басып көр! Өйтіп өз аяғына өзі тұсау салып Әбілқайыр өле алмай жүр ме? Өздері башқұртқа жеткен шамада бұл жақтан Бөйбек Ағлұқ пен Итжемес атқа мінеді. Асықпай май Бүлкекпен Самараға жол шегеді. Барып ханнан дұғай сәлем айтады. «Өзі қайда»- десе, «Ереуілші башқұрттарды бұғалықтауға кетті»,- дейді. Ол тараптан келген жансыздарды көрсе де көрмеген, білсе де білмеген болады. Өздері тықақтап қоймай сұрап жатпаса, қалмақ ұлыстарын атымен ауызға алмайды. Ал алда-жалда анадағы жорықты естіп отырған болса, сонда бар салмақты қыршын қырық боздаққа салып бағады.
Сонда патша ұлықтары былтырғы қолқамыз аяқсыз қалды деп бұған өкпелей алмайды. Бізге хабар бермей өзім білемдікке салды деп тағы өкпелей алмайды. «Жау жағаласпен отырғандарға бір жақтан олардың да тиіскені жақсы болды-ау»- деп қуанып жатса, тіптен қүба құп. «Ау, бұл көшпенді ханның тағы не ойлағаны болды екен?»- деп, секем алып жатса, оны да өздері білсін...
Не де болса, башқұрт ісіне араласудың сәті түсіп тұр. Оның бұл әрекеттеріне қарсы шығуға мындағы қазақтардың да дәлелі жоқ. Жақсы көрсе де, жек көрсе де, іштерінде болады. Бұл жолы ол Жәнібекке де хабар бермеді. Башқұрт арасында да тек бір-біріне қиғаш қарап отырған екі жақтың ақсақалдары ғана біледі.
Не де болса, Әбілқайырдың бұл жорығы қай тарап үшін де төбеден түскендей төтен оқиға болғалы тұр.
Мұндай жағдайда мейлінше төтен, мейлінше шұғыл қимылдағаны жөн.
Әбілқайыр атқа суыт мінді. Қасына баласы Нұралыны ерте кетті. «Кім біліпті? Үмітсіз - сайтан... Сәті түсіп жатса...».
Тағы бір тәтті қиял құндыз мұрттың бір ұшында ұры күлкі боп ілініп тұр.
Қара суықта басып кірген қазақ қолы әуелі патша жағындағы даруғаларға келді. Анадағы астыртын хабаршы салған билерді тағы да астыртын жиып алды. Бәрінің де әбден қажығандары анық көрініп тұр. Өз тентегіңе қол көтеру де оңай шаруа емес секілді. Бәрінің де көзінің алдын мүнар көміп, кісі бетіне тура қарай алмайды. Талай нәрестенің шырылы, талай қатынның баж-бұж қарғысы құлақтарында өлі тұрса керек. Айтқан сөзіңді ести алмаған кісідей ауызыңа еміне, телміре түседі. Бұл түрлерімен олар қарсы жақпен әрине тілге келісе алмайды. «Бұларға иліге салыңдар»,- деп аналарға да айта алмайсың. Кенеуі кетіп қалған ел, қисыны қашқан қиғаш шаруа... Не де болса, сөз салып отырған өздері... Не де болса, шығар жолға шығып қалды... Енді не де болса, арттағы жұрттың табасына қала алмайды... Бір амалын табу керек... Қиястай тартып қиғаштай кетіп бара жатса, қаруға жүгінуге де тура келер... Өзі өңін жылытқанмен қасындағылар өңін жылытпауы керек. Соны біліп соңындағы әскерді өңкей башқұрттарда есесі кетіп жүрген рулардан жиған. Олардың бұларға іштерін жылытам десең де, жылымайды. Бұлар да олардың алдындағы өз күнәларын біледі. Сондықтан қарадан қарап бұгежектеп, алдарынан қия басып өте алмайды.
Әбілқайыр алдына қол қусырып кірген башқұрт ру басыларына жағалай бір қарап өтті. Таймасты танып ортаға шақырды.
Оған қарап:
- Шаим баласы Таймас сізді маған осы ақсақалдардың жұмсағаны рас қой!
- Құдай ақы рас. Осы жиынның атынан бардым.
- Әлеумет! Шаим баласы Таймасты маған жұмсағандарыңыз рас қой.
- Әлбетте! Жүмсадық. Өзіміз шақырттық.
- Ендеше, сендердің сол сөздеріңізді жерге тастай алмай келіп отырмын. Оның үстіне нұр сипатты падишамыз Анна Иоан қызының да, осындағы бүлікті бұғалықтауға қол ұшын бер деген бұйрығы бар. Пәрменді бұйрықты алған бойда, аламаңдап жетіп келуге я күшімнің, я ақылымның жетпей қалған ештеңесі жоқ. Қарындас елсіңдер. Обалдарыңа қарадым. Арыстанбаев деп айға атылып та бітіріп жатқандары шамалы. Естері кірер
дедім. Естері кірсе, елдікті ойлар. Елдікті ойласа, ағайыннан араша сұрар деп тостым. Араша сұрасаңдар ақ патшаның алдына барып сендерге рахым сұрап жүгінуге өзір екенімді білдіруге келдім. Оған ризамысыңдар?
- Ризамыз! Ризамыз!
- Разы екендеріңіз рас болса, бұл бір жақты болғанға дейін менің рұқсатымсыз ешқайда аттап баспайсыңдар. Ереуілшілер жағына да, патша ұлықтары жағына да не қол, не жеке кісі тұяқ серіппеуі керек. Қай тарапқа да хабар менің өзімнен болады. Оған дейін мен мұнда егесіп отырған екі жақтың екеуімен де екжей-текжейлі сөйлесіп алуым керек. Екі жақтың да шын пиғылдарының қандай екендігіне көзімді анық жеткізуім керек. Сендерге берер уәдем, патшаға айтар жауабым тек сонда ғана пәтуалы болады. Оған дейін менің айтқанымды екі етпейсіңдер. Менін сарбаздарыма қол көтермейсіңдер. Қол көтерсеңдер жақсылық күтпейсіңдер. Ақ патшаны
жаңтайтындарың рас болса, мен не істесем де, не істе десем де пейіл боласыңдар. Ал мен өз пиғылымның ақ-қаралығы үшін бір құдай мен бір падишаның алдында жауап беремін. Онда сендердің шаруаларың болмауға тиіс. Осыған пейілсіздер ме?
- Пейілміз! Пейілміз!
- Осы сөз сөз ғой!
- Сөз.
Ханның жарты әскері патшаны жақтайтын тархандардың қол астындағы елде қалды.
Өзі жарты әскерімен ереуілшілерге аттанды. Әбілқайырдың мұндағы әңгімесі белгілі.
- Егер бұрынғы бұзық пиғылымызды қоймаймыз, жер бетінен тұқым-тұяғымызбен жойылып кеткенше соғыса береміз десеңіздер, онда мен ол пиғылдарыңызды қостамаймын. Онда ақ патшадан алған бұйрығым бар. Соны орындауға кірісемін. Ал егер «Өткен ереуіл, қалған салауат. Ақ қарасын алла айырар. Бұдан былайғы қырсықтық өз жұртымызға өзіміз жасаған қиянат болады. Өйтіп өз тұқым-тұяғымызы өзіміз құртып алмайық. Ақ патшаның қол астындағы бодан ел жаңғыз біз емес қой. Арасында мұсылмандар да аз емес. Солардың көрген күнін бірге көрерміз. Тек ендігі қалғанымызға кешірім қылсын. Кешегі тентектігімізге бола тапап тастамасын»,- десеңдер, сендердің аттарыңнан ақ патшаның алдында бітуаға жүруге өзірмін. Онда бұдан былай аспандағы қарғаға да оқ атпайсыңдар. Патша жағына шығып кеткендерге де жұдырық түйгендеріңді қоясыңдар. Екі жақтан да бір-біріне оқ атқандарға кешірім болмайды. Ондайлар бітім сөздің қала бітеріне қарамастан менің жігіттерімнің қолынан жер құшады. Бір пәтуаға келгенше сендер де ешқайда аттап шықпайсыңдар. Осыған пейілсіздер ме?..
Бұлар аналарға ұқсап қауқылдай жөнелмеді. Мойын омыртқалары сіресіп қалғандай қаздиып-қаздиып отыр. Түксие-түксие қарайды. Қазір өре түрегеліп, бұны қуып шығатындай.
Бір-біріне де қарасқан жоқ. Сазарған қалыптары селт етпей отырып қалды. Әлдебір уақыттарда орнынан ырғала басып Жиянқұл көтерілді. Еңгезердей нарт қызыл жігіт балпаңдай басып қасына келді. Адырайып көзіне қарады. Қонышына тығулы дойыр қамшысын қолына алды. Бір құлағын қоса жұлып кеткен ай тыртықты қамшының ұшымен бір қасып өтті.
- Алдияр!- деп гүж ете қалды. Балағаттағалы тұрғандай дауысы тым қатқыл шықты.- Біздің жәйді сен біз айтпасақ та білесің. Қатынның дауымен, малдың дауымен атқа қонып жүрген әншейін даңғазалар емеспіз. Біздің де ойлағанымыз халықтың қамы. Соқыр күшік екеш соқыр күшік те итаяғын қориды. Біз де түгін тартып күн көріп отырған алақандай жерімізге өзіміз ие болғымыз келеді. Астындағы кені ме - алсын, малымыздың қылшығы ма - алсын, қаруымыздың қайраты ма - оны да берейік. Бізге тек малымыздың ауызына ілігер түкті қалдырса болады. Башқұрт пен қазақтың содан басқа не ырзығы бар? Енді сол екеш соның өзін де, бізге де көп көріп отыр. Құдайдың қурап жатқан қу тақырлары жетпейтіндей, қайда киіздей өріс, шалғынды жайылыс болса, сонда күректерін арқалап келеді де тұрады. Ең болмаса, ел атағы бар ғой деп, алдыңнан өтуді білмейді. Ақ патшаның қол астында бірінші жыл отырғанымыз жоқ. Білеміз. Айтқанын қылдық. Жұмсаған жеріне бардық. Шведпен соғыс деді. Соғыстық. Түрікпен соғыс деді. Соғыстық. Неміспен соғыс деді. Соғыстық. Бас тартқан жеріміз жоқ. Ең болмаса, сол ниетімізді ескеріп: «Мынандай жеріңде мынандай кен бар екен. Соны алу үшін мынандай қала салайық, мынандай жол тартайық. Сендерге керегі өріс болса, мынандай жердегі бос жатқан жерді берейік»,- десе, біз де илігеміз ғой. Оны өздері білмейді. Білмесе өзіміз айтайық деп бас көтерген билерімізді жұмсасақ, ұстап ап қаптесер тышқанға талатып қамайды да салады. Ақылымыздан сескенбесе, ашуымыздан сескенер деп талай жерде бой көтердік. Бөрін де қансоқты қып қырып салғаннан басқа ештеңе білмейді. Екінші бір ел түгілі қойынындағы тілі ащы қатыныңды да басқа-көзге төпей бермей, осының өзі неге бұлқан-талқан боп жүр екен деп бірауық тыңдап көресің ғой. Бұлардың онымен де шаруасы жоқ. Бір патшасы болмаса, бір патшасының ақылы бар шығар деп, біз де үмітті үзбейміз. Бәрібір киеріміз баяғы сол таз кепеш. Енді, міне, сол таз телпекті кигіз деп саған ұстатып жіберіпті. Киерміз. Таз кепеш қайда қашар дейсің. Біздің де бұдан әрі бұлқына берер шарқымыз шақ болуға айналды. Жанымыздан қорықпасақ та, қатын-баланың көз жасынан қорқайық дедік. Біздің қырылып кеткенімізге қиналатын ешкім жоғына да көзіміз жетті. Енді, міне, өзімізді өзімізге жау қылып қырылыстырып қойды. Ең болмаса өзімізді өзіміз қырмалық. Шүршіті қыра ма, қалмағы қыра ма, қазағы қыра ма - обалымызға солар қалсын. «Екі арамызға бітуажа бол»,- деп шақырдық. Келгеніңе көп рахмет. Ендігісін өзің біл. Жығылғанымыз рас жеңілді деме! Бағынғанымыз рас - бас ұрды деме! Соны анау ақ патшамызға түсіндіріп көрсеңіз қайтеді. Біздің өзіміз талай рет құлдық ұрып бардық. Бәрінде ұстап алып атты, асты. Енді ара ағайын салып тілдесіп көрмесеқ болмай барады.
Хан мынау қақ төбесінен жарқ-жұрқ ойнап өткен жасындай бұлтартқызбас өткір әңгімеге не деп жауап берерін білмей, сөзден тосылып отырып қалды. Жұртта да үн жоқ. Бұны көздерімен ішіп-жеп барады.
Бір ырғалып қойып қызылқоңыр Қарабас тіл қатты: - Алдияр тақсыр, біздің кептің сиқы осы. Ақ патшаңыз бізбен сөйлесіп болған. Бәлкім, сізбен сөйлесер.
- Иә, хан ие, біздің кепті сіздің де біліп қойғаныңыз теріс болмас,- деді Жүніс батыр күлімсірей тіл қатып. Басындағы қызыл түлкі бөркі, аяз сүйген екі беті албырап қызарып тұр. Найзасының ұшын жаудың көкірегіне күнде сүңгітіп жүрген көкжал батырдан гөрі қыз алдына алғаш келіп тұрған бозбала жігітке ұқсайды.- Біз осы отырғандарымыз кешірімнен әлдеқашан күдерімізді үзгенбіз. Оның әншейін мәңгінің қиялы болатынын жақсы білеміз. Біздердікі ең болмаса артымыздағы қатын-балаларымызға аяушылығы болар ма екен деген далбаса тілек. Тіліңізді алса, ұғындыра көріңіз: патша ұлықтары біздің өзімізден ала алмаған өштерін артымыздағы шиеттей сәбилерден алып жүрмесе екен!
Ереуілшілер алыса-алыса әбден жүдеген. Бірақ жүнжімеген. Көп нәрседен торыққан. Бірақ еңселері түспеген. Бұнымен де жалдарын жықпай, терезелерін тең ұстап, тәкаббар тіл қатысады. «Ал, біз айтарымызды айттық, өзің не айтасың?»- дегендей сынай қарайды.
Бұлар кешегі Таймас тобындағылардай емес. Шарт қойып қатқыл сөйлесе алмайсың. Болмастан деметтіріп уәде бере алмайсың. Патша ұлықтарының оның мына жүрісін неге жорып қалай қарайтынын, шындап келгенде, бір құдайдың өзі ғана біледі.
Әбілқайыр ойланып қалған. Расында да, мынау бейшараларға ол қол ұшын бергенде қалай бере алады? Олардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтындай бұл сонша кімдері болыпты? Оны ертең ақ патшаның ұлықтарына қалай деп түсіндіре алады? Діндес едік, тілдес едік, көрші едік дегендерің олардың, сірә, миларына кірер ме? Діндес, тілдес болсаңдар, бір-бірлеріңізге соншама шығарға жандарыңыз басқа болса, баяғыда құдайдың бұндай аламан-асырсыз жайбарақат күндерінде бір-біріңнің шашау шыққан жылқыларыңыз болса қуып кетіп, шашау шыққан адамдарыңыз болса - аяқ-қолын байлап алып кетіп, бір-біріңнің жағаларыңа жармасып жағаласып тіршілік кешкендеріңіз қалай? Ол кезде бір-біріңізге неге жандарыңыз ашымады? Ал қазір аяқ астынан неге аяи қалдыңыздар? Олар бұны айта ма? Айтады. Ендеше оған қайтарар жауабы қайсы? Тәйірі жайбарақат заманда нәсілдес халықтар түгілі бір құрсақтан тараған бір үйдің балаларының өзі сәл нәрседен қиқу шығарып, сәл нәрседен бір-бірінің тұмсығын бұзысып жатпай ма? Ол баяғы арқайын заманның істері ғой. Ондай-ондай оп-оңай ұмытылады. Ал мынандай қиында «жаздық, жаңылдық, қол ұшын бер» деп жалбарынып тұрғанда, теріс айналып жүре бергеніңді жердегі пенде, көктегі құдай кешіре ала ма?! Олар: «Бұдан әрі де жағаласа береміз»,- деп тұрған жоқ. «Өзімізді не істесеңдер, оны істеңдер, тек қатын-баламызды ғана есіркерсеңіздер!»- деп тұр. Бұл, түптеп келгенде, қаруларын тастап, қолдарын көкке көтеріп: «Құдай салды, біз көндік»,- деп берілгендері... Патша әскеріне берілсе, жайратып сала ма деп қорқып, ара ағайын Әбілқайырға беріліп тұр. Ереуілді бұғалақтауға бұдан да қолғабыс сұралғанын олар жақсы біледі. Соны пайдаланып, берілуін бұған беріліп, ақ патшамен екі ортаға бітуажаға жұмсамақ. Егер ұлықтардың көздегені көтерілістің тыйылғаны болса, ол дегендеріне жетпекші. Демек, олар Әбілқайырдың бұл араласына, шынтуайтқа келгенде, ренжімеулері, қайта алғыс айтулары керек.
Ал одан әрі не болады? Оны, әрине, ұлықтар шешеді. Бірақ оған да Әбілқайыр енді енжар қарай алмайды. Біріншіден - ереуілшілер бұған тек қана беріліп қоймай, шарт та қойып отыр. Сол шарттың жүзеге асар-аспасы Әбілқайыр үшін ең басты сын. Жүзеге асса Әбілқайырдың ақ патшаның алдында да башқұрттардың алдында да тасы өрге домалап шыға келері сөзсіз. Ал жүзеге аспаса... Онда... Әрине... Бірақ, тап осындай жүйелі әңгімеге құлақ аспайтындай патшаның ұлықтарын не қара басыпты? Өйтіп шалқайса аш күзендей тамағына жабысып тырнағын ажыратпай жатқан шақар башқұрттармен қоса бодан деген сөздің өзінен одыраңдап, жүрегі әлі күнге дауаламай жүрген тарпаң қазақтарды да біржолата шошытып алып жүрмей ме?! Бұның басындағы шірік сүзбенің жұғыны болмай ми болса, патша бұл гәпке қалай болса, солай қарай алмаса керек. Таймастың анадағы айтып келген хабары рас болса, жаңа сайланған бастыққа «қазақтарға мүмкіндігінше оң кездеріңмен қарап еркелетіп ұстаңдар» деп әдейі тапсырма беруі соған саяды. Жігітке мешкей деген жақсы атақ емес деп, қарауындағы жұрттың бірінен соң бірінің шоршып шыға келіп тұрғаны ақ патшаға абырой дейсің бе? Шамасы келсе, олар қазақты башқұрттың бұзақы ықпалынан аулақтап ұстауға тырысып бағады. Солардың жағына шығып, солардың сойылып соғып кете ме деп қорқады. Мынау көтерілісшілер де бұған соны біліп сөз салып отыр. «Бізді тыңдамағанмен сізді тыңдайды» дейтін әңгімелерінің төркіні де сонда жатыр. Қазақты шошынтып алмау үшін, оның ханы айтқан ұсынысқа амалсыз құлақ асар деген дәме. Несі бар? Оның да жөні бар. Ендеше өйтіп сескенетін ұлықтарлы неге сескендіре түспейді?! «Ағайыннан түйе сұра, сасқанынан бие берер»... Ол да осындайдан шықпады дейсің бе?!. Сыйлап өткізе алмаған сөзін зорлап неге өткізбейді?!. Сөз өткізу - ендігі жердегі бұның ең басты қамы. Қазақтарды біржолата шығынтып алмау үшін көтерілісші башқұрттардың қатын-баласына аяушылық жасаудың ақылға сыймайтындай ештеңесі жоқ қой! Ондай ұсыныс жасау Әбілқайыр үшін сын болғанда, ондай ұсынысқа қандай жауап беру ақ патшаның ұлықтары үшін сын емес пе екен?! Сынасардай жер келсе, неге сынасып қалмасқа?! «Патша біздерге жақсы қара!»- депті,- деп қол қусырып отырып алғанда бұлардың ұтары не? Одан да ақ патшаны әлгіндей пәрменіне башқұрттардың мына қолқасы қосарланып тұрған кезде құрыққа сырық жалғап, көңілінде көптен жүрген бір дәмесін жүзеге асырып қалуға неге тырысып көрмейді?
Құдайға шүкір, қазақтың екі арысына ықпалы бар. Біреуін езі билесе, екіншісін кіндіктес бауыры Жолбарыс билейді. Үшінші арысына да шым-шымдап сөзін еткізе бастайды. Бүйірдегі Хиуаның тағы ортаншы баласы Ералының болашақ қайын атасының тақымында. Оның да аты - Жолбарыс. Бұл маңайдағы екі Жолбарыс ханның екеуі де бұған азу көрсете алмайды. Арал маңындағы қарақалпақтардың ханы Сәтемір - бұның туған інісі Бұлғайыр сұлтанның қызын берген күйеуі. Ол да бұның алдын кесе көлденең етіп көрген емес. Сонда бұл маңайдағы мұсылман баласында оның құрығы жетпей жүрген тек осы башқұрт арасы ғана. Оның да, міне, бір қисыны шығып тұр. Ондай сәтті құдай, қанша жомарт болғанмен, қайта-қайта бере-бере ме? Рас, «осылай еткелі жатыр едім»,- деп ақ патшаның алдынан ақи-тақи өтпегенмен де, ұлықтарының баяғыда бұл тұспалдап берген сауалына тұспалдап қайтарған жауаптары бар. Оны былтырғы жылмаң төс елшіге жалпақ жұрттың алдында өз аузынан тағы бір қайталатты. Демек, бұл жүрісінің де тап анау айтқандай шырық бұзып тұрған ештеңесі жоқ. Ендеше, жан-жаққа жалақ-жұлақ қарап бақ сынай бергеннен ештеңе шықпайды. Одан да белді бекем буып, бақ сына! Оның үстіне әлгі Қап тауындағы мұсылмандарды дүрліктіріп жүрген Қарасақал дегеннің анадағы әңгімесі, шынын айтқанда, оған онша ұнап тұрған жоқ. Ол не сөз? Анық-танығын ешкім білмейді. Бірақ солай екен деп бейқам отыра беруге тағы болмайды. Қазірдің өзінде лақабы мынау дүңк-дүңк етіп жер-көкті алып барады. Ондай ойда жоқта киліккен төтен хабардың бұның енді-енді беті бері қарап келе жатқан талабына қаншалықты жайлы тиерін бір алланың өзі білсін! Құдайға күпір болса да, әлгі неменің Ресей мұсылмандарының жоқшысы болам дегені көкірегіне қона қоймайды. Ол деген сөз - «Қап тауында жата бермеймін, кеңге шығып қазақ пен башқұрттың да басын айналдырып көремін»,- деген сөз. Ал ол бұның мұнда құрып жатқан ермегіне тұп-тура қайшы алып жүгіргенмен бірдей. Ендеше, башқұрт ертең соның ықпалына аунап кетпей тұрғанда әрекеттеніп қалмай болмайды. Ол үшін мына орайды пайдаланып, бұндағы елді де өз ауызына қаратып қалуға күш салған жөн. Оның жаңғыз жолы ақ патшаның алдында өз сөзіңді өткізу. Олай боп жатса, башқұрт та айтқаныңды екі ете қоймас. Олардың қазіргі ең басты уайымы - қызыл қарын жас баланы жан алғыш жендеттердің ңолынан аман алып қалу. Мұндай қияметте қол ұшын берсең, ауызы күйіп қалай пұшайман болып отырған қасіретті ел назарыңды қайдан жықсын. Ләмим тек солай болып шығып, осылардың тізгінін Нұралыжан мен Ералыжанның біреуінің қолына алып бере алса, орыс патшасының қол астындағы мұсылман билеушілерінің ең пәрмендісі өзі болып шыға келер еді. Бөтен жұрттардан ондай бөлекше ықылас көріп жатса, қазақ арасы да қанша тулар дейсің, қаймығар, қайырылар! Әрине, бұның бәрі айтуға ғана оңай!.. Иті қабаған, әкесі тентек, шешесі құс ұйқы үйдің қызының қойынына барғандай дымың ішіңде болып, аяғыңды еппен баспасаң, салымым судан қайтты дей бер...
Ақ патшаның жол жағынан шығып қалмау керек. Ол бірақ қашан өзі бас изегенше, қолыңды қусырып қарап отырып ал деген сөз емес. Реті келген жерде қинап алудан да қаймықпа. Қинамасаң, ол да сенің қалағаныңды қолақпандай қылып қолыңа ұстата салмайды. Бірақ, қинаудың да түрі бар ғой. Күшің асып тұрса, әлім жеттік жасап та қинай аласың. Күшің қораш болса, құлқыңмен жағып, еңбегіңді өткізіп сыйласып қинайсың. Не оның да түйыққа тірелер осал жерін біліп ап, амалсыз көнуге мәжбүр етесің. Біреуіне қайрат, екіншісіне мінез, үшіншісіне айла керек. Бұның бірінші жолы бұған ешқашан қол емес... Ормандай орыстан тақырға біткен итсигектей іри-тіри қазақ өлем десе де күшті бола алмайды. Екінші жолы әлі ертелік етеді. Құлқыңмен жағып, еңбегіңді өткізуге мүмкіндігің де, уақытың да жете қойған жоқ. Ал үшінші жол - дәл қазір нағыз іздегенге сұраған. Құдай оны сенің де қас-қабағыңа қаратып тұрса, неге пайдаланбасқа!.. Мұндайда бірден иліге салмай, сәл-пәл шіреніп көрсе, қайтер еді?! Кеуде тұсынан шаншу ұстаған керік қатындай кекжие қарап, кергіп сөйлеп, аңысын аңдап көр... Бірақ, тым қатты шалқайып кетпе! Жетектегі жарбайдың қатты тартынғанда желбезегін жырып, өз тұмсығын өзі ауыртқаннан басқа табары қайсы? Ал жетекшіл болғанның жөні осы екен деп емпеңдей бергеннің де көсегесі көгөріп, жарымайды. Қайда бастасам, сонда жортатын қарғылы төбетім ғой дейді де, сенің тіпті өлген-тірілгеніңе де қарамайды. Ал реті келгенде бұйдаңды бір сілкіп қалардай айлаң болса, қайдағы бір сай-жыралы, тау-тасты тар жерлерде тартынып қалып жүрмес пе екен деп, оқтын-оқтын саған да көз тастап қойып отырады. Жалпы, жетектей білудің сыры көп. Ал бірақ, жетектете білудің де гәбі аз емес. Қазір де, міне, тап сондай сыр аңдасып көретін тұс. Ақ патшаның өзі кептен бұғалықтай алмай келе жатқан бұзақыларын бұғалықтасып берген болып бір сына. Жазықтыларын жазалағанмең, жазықсыздарына жаның ашыған болып екі сына. Ел мен елдің жұрт пен жұрттың арасындағы кейбір кикілжіңдерді қайрат шешпей айла шешетінін көрсетіп үш сына. Асқар таудай даңқы бар ақ патшаның абыройын асырысқан боп төрт сына...
Не де болса, бұл сенің сыналар жерің емес, сынайтын жерің. Тек аңдаусыз сөйлеп, арзан айтып, қапы соғып қалмасқа тырысып бақ. Бірақ аранымды тым мол ашам деп шошынтып та алып жүрме...
Нағыз қимылдайтын тұсың - осы тұс. Ақ патшаға ақылың мен айлаңды сынатсаң, қазақ пен башқұртқа баяғыдан бері бір бүйірлеп қиялай тартып келе жатқанда не абырой тауып, не нәпақа көретініңді сынатпақсың. Оның үстіне, сенің ойлаған дәмең, білсе білген кісіге, тек өзіңнің ғана емес қазақтың да, башқұрттың да пайдасы ғой...
Бұл ол дәмесінің не дәме екенін анада Нияз бен Мырзатайлар таратқан лақаптар арқылы аңғартудай-ақ аңғартқан сияқты еді. Бірақ башқұрт билері ол жайында жұмған ауыздарын ашпай отыр. Әуелден хан деген сөзден қаралай қорқып қалған немелер оны айтса, таңдайларын шаян шағып алатындай бүгежектей береді. Азаттықты асаулық деп түсінгендіктен бағы жанбай келе жатқан жұрттардың бірі осылар-тұғын. Содан ауыздары әлі күймепті. Қазіргідей бір мықтыны бір мықты желкелеп жатқан төмпештің заманында біреуден тәуелсіз болу үшін де біреуге тәуелді болмай болмайтынын әлі ұқпапты. Соны түсінбейтін жаңғыз халық өзіміздің қазақ қана екен десе, бұлар да ол жағынан өзір ешкімнен қалыса қоймайтын түрі бар екен. Өзіндейге бағына білмегендердің өзгедейге құлақ кесті құл боп кетуі мүмкін екенін түсінсе, осылар түсінулері керек еді. Түсінбепті ғой. Әу бастан ортақ туларын жаманды-жақсылы біреуге ұстатып, жаманаттарын соған арқалатып қоймағандықтан да осындай күйге ұшырап отырған жоқ па?! Бір даруғаның халқы патшаға қарсы болып ереуілдеп жатса, екінші даруғаның халқы оларға бұғалықты бірге тастасып жүреді. Сосын қандай пәтуа шықпақ! Баяғы Сейіт көтерілісі тұсында да солай бопты. Одан бұрын да тап солай болыпты. Сонда да бәрібір ауыздары күймейді, баяғы бір қалыптарына тарта береді. Бағына білмегеннің, сірә бағы жанған ба? Айбына білмегеннің айдыны асқан ба? Гәп бағынбауда, айбынбауда ма екен! Гәп кімге бағынып, кімнен айбынуда емес пе! Соны білмей, бас-басына би болам деп жүріп, қайта-қайта осы кепке ұшырайды да жүреді. Олай етпей, жаманды-жақсылы бір билеушінің аузына қараса, ақ патшаның ұлықтарымен сол сөйлеспес пе еді, анау-мынау итірқылжыңға сол жауап бермес пе еді, сонда осының бірі де болмас еді. Анау өздеріндегідей қалмақтарды көрмей ме?! Әне, олардың арасында да қырсық сөйлеп, қыңыр жүретін қиқарлар шығып отыр. Бірақ, соларын сылтауратып патша ұлықтары оларды қанға тұншықтырып жатыр ма?! Жаманды-жақсылы өз одақтары болып табылатын қалмақ ханының көңіліне қа-рап, өз тентектерінің еркін өзіне беріп жайбарақат отыр ғой. Сол қазақтың игі жақсыларының да бәр-бәрінің миына кіре бермейді. Үш арыс үш жаққа тартып, арыс басы екі-үштен хан ұстағылары келеді. Екі ұдай жұрттың өзі мынандай болып жатқанда, үш ұдай жұрт қайдан оңсын! Соны жеке-жеке тілдессең, бөрі де ұғатын сияқты. Қай-қайсысы да: «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармай тұрып біз қайдан оңайық?»- деп сарнап қоя береді. Ал сондай үш ауыз жұрттың пиғылын түзейтін дуалы ауызды қайдан табар екенбіз деп қармана бастасаң, баяғы пәтуаның бәрі ұмыт қалып, әр қайсысы әр жаққа тартып шыға келеді. Бәрі де ондай ортақ тізгінді өзінің ауылының белдеуіне қарай сүйрей жөнелгісі келеді де тұрады. Біреуді: «Осы лайық-ау!»- деп атай қалсаңыз, байғұстың баяғыдан бері байқалмай келе жатқан барлық міні бір күннің ішінде баттиып-баттиып көзге түсіп шыға келеді. Біреуі өзін, біреуі көзін ұнатпайды. Біреуі қайын жұртын, біреу нағашы жұртын жақтырмайды. Ең құрығанда, астындағы атының аяқ басқаны көңілден шықпайды. Әйтеуір мін табады. Ондай тал бойында бір міні жоқ пайғамбарлар мен періштелерді сорлатқанда қай қазақтың қатыны күнде топытып туып жатыр. Талай пайғамбар мен талай періштенің абыройларының асып жүргендері де біздің керауыз далада тумағандығында шығар. Біздің даладағы көп тал шаңырақтың біреуінің астында туса, солардың көбінің абыройы әрқашан-ақ айрандай төгілген болар ма еді, қайтер еді... Құдайдың құдайлығы да сонда ғой... Ешкімнің кезіне көрінбейтіндігінде ғой... Әйтпесе, біздің қазақ оның бойынан да бір кемшілік тауып шықылықтап күліп ала қайқаяр еді.
Ондай орақ ауызды, от тілді боламыз деп, бір-біріне шікірейе қарағанды мерей түтқан жұрттың неге үрына-тынын бүгін кеп өздері көріп отырған жоқ па?
Асаулығы мен өжеттігі жағынан башқұрттар кімнің қолына су құйғандай еді!
Енді, міне, тізгін ұстаған ешкімі жоқтыңтан олардың жүйелі сөзінің өзі патша ұлықтарының құлағына кірмей отырған жоқ па?! Ақыр аяғында, міне ай даладағы бұған кеп жалынып отыр.
Анада екі тараптың екеуінің де өзіне кісі шаптырғанына қарап, мұндай екі ұдай алауыздық шекелеріне әбден тиген шығар, бұған: «Тек ақ патшамен екі ортадағы бітуажашымыз ғана болып қоймай, ендігі ноқтамызды өзіңіз ұстап, ендігі обал-сауабымызды мойыныңызға алыңыз»,- дейтін шығар деп дәметіп еді. Жоқ, ондай әңгімеге келгенде бұлар шеттерінен оқтау жұтып қойғандай сіресе қалыпты. Ол кешегі Таймас ауылындағы жиында да, бүгінгі Алдар ауылындағы жиында да ауыздарына түспеді. Үндемесе үндемесін... Олар үндемейді екен деп, бұл әрекетсіз қала алмайды. Егер ақ патша айтқанына құлақ асып жатса, бұлармен ертең өзі-ақ сөйлеседі.
Тек патша ұлықтарының бұның мына жүрісіне оң көздерімен қарап, әлгіндей ұсынысын оң құлағымен тыңдарын айт.
- Ара ағайындығыңды істе деген қолқаларыңды жерге тастай алмаймын. Ақ патшаның ұлықтарына жағдайларыңызды түсіндіріп айтуға да бар күшімді салып бағамын. Одан не шығатынын бір алланың өзі көрсетер. Бірақ, бұл әңгіме қашан бір жақты болғанша орыс шебінен де, патша жағындағы ауылдардан да тышқан мұрынын қанатпайсыңдар. Ондай әрекет, қай тараптан орын алса да, қатаң жазаланады. Осыған пейіл болсаңдар, мен патша ұлықтарына адам аттандырамын.
- Мақұл! Дегеніңіз болсын!
Сол екі ортада патша жағындағыларда қалған қазақ қолынан қызыл танау болып шабарман келді.
Таймас жағындағылардың бір биі анадағы жиын тарап, хан аттанып кеткен соң ұлықтарға астыртын хабаршы шаптырыпты. Оны жолда хан сарбаздары ұстап алыпты.
- Әлгі биді, хабаршысын, қасындағы нөкерлерін қол-аяқтарына кісен кигізіп, қамап қойыңыздар. Барлық билер Таймастың қасынан аттап шықпайтын болсын. Мен барғанша ауыл-ауылдарына тарамасын. Ұлықтардың жауабы келгенше осында боламын. Әдгі айтылған пәрменге мойын ұсынғылары келмейтіндерге аяушылық жасалмасын.
Арада онша көп уақыт өтпей жатып, ұлықтарға кеткен хабаршылар қайтып оралды. Қастарындағы анадайдан тісі ақсиып жымыңдай күліп келе жатқан жылтыр жігітті таныды. Баяғы Юмаш. Оның да жүрмейтін жері жоқ екен. Аттан түсе сала құрақ ұшып жатыр. Қасындағы кексе ноғай өйтіп елпек қақпай жайбарақат тұр. Қорасан талаған бұжыр бетінен не ашудың, не қуаныыштың табы білінбейді. Қара сұр маңдайы қасқиып, кісіге шаншылып тік қарайды.
Жиналған жұрт ұлық жіберген адамдардың қазақ ха-нымен өз көздерінше тілдескенін жақсы көріп еді. Әлгі бұжыр бет кексе ноғай кекірейіп илікпей қойды.
- Маған Орынбор комиссиясының бастығы аса мәртебелі Василий Никитович Татищев мырза құрметті Әбілқайыр Мұхамбет Қазы Баһадүр ханмен оңаша жолығуды тапсырды.
Башқұрт билері амалсыз орындарынан көтерілді. Олар есікті жауып шығып кеткен соң әлгі бұжыр бет кісі өзін:
- Арслан Бахметевпін,- деп таныстырды. Хан қолын көкірегіне басып басын изеді.
- Құрметті хан, Татищев мырза сіздің ереуілші башқұрттарды бұғалықтауға қолма-қол араласқаныңызға көп рахмет айтады. Сіздің мұндағы келіссөзіңіздің нәтижесін императрица ағзамның биік мәртебелі құзырына жеткізуге уәде берді. Сіздің мұндай үлкен қызметіңізге ризашылық белгісі ретінде өз атынан жіберілген мынау азын-аулақ сый-сияпатты ұсынуды маған тапсырды.
Әбілқайыр хан патша ағзамның аты аталғасын орынынан көтеріліп, қолын көкірегіне басты.
Екі-үш казак көтеріп әкелген көк сандықты бұның жігіттері басқа үйге алып кетті.
- Кәмесей бастығы Тәтеш мырзаның бұндай достық сәлемі мен жылы ықыласына көп-көп рахмет. Баршамыздың бір алладан соңғы ұлы қамқоршымыз нұр сипатты падишамыздың ұзақ жылдар сау-саламат билік құра беруіне шын жүректен тілектеспін. Оның қол астындағы ұлы патшалықтың қай қызметіне де әрқашан өзір екендігімді білдіремін. Сонымен қоса біраз уақыт бұзақылар ықпалында болып, кейбір тентектік істерге араласуға мәжбүр болған бейшара халықтың жазықсыз
қатын-балаларына аяушылық жасауды сұрар едім. Көтерілістің басы-қасында болғандарға не істеу керектігін алдияр патшамыздың өзі біледі. Ал былайғы жалпақ момынды ендігәрі ондай қияқылықтардан аулақ
ұстауды ез мойыныма алуға дайынмын.
Кексе ноғай ойланып қалды.
- Құрметті хан, бұл ойыңызды да зор мәртебелі Татищев мырзаның назарына жеткізуді ез міндетіме аламын.
- Аса мәртебелі Тәтіш мырзаның бізге айтар тағы қандай тапсырмасы болар екен? Менің қол астымдағы қазақ ғаскері мөртебелі тақсырдың қандай жарлығы болса да бұлжытпай орындап шығуға қажыр-қайратын аямайды.
Кексе ноғайдың миығына күлкі үйірілді.
- Құрметті хан, ғаскеріңіздің тегеурінді екені бірден-ақ байқалып тұр. Таймас Шаимов және оны жақтайтын ру басылардың қол астындағы елге жасап жатқан қылықтары соны аңғартқандай.
Хан мынау күлбілте сөздің ар жағында талай бұлталақ жатқанын сөзе қойды.
- Иә, ондағы кейбір ру басылары алдын ала кесілген пәтуаны бұзып асығыс қимылдар жасапты. Ондай жағдайда жаңа-жаңа илігіп отырған ереуілшілерді қайтадан дүрліктіріп алуымыз ғажап емес еді. Ал ол нұр сипатты падишаларымыздың мейірбанды бодандығына енді мойын ұсынып келе жатқан менің жұртыма да жақсы әсер қалдырмас еді. Бұқара тобыр да бір, бұла өскен бала да бір. Оны кейде тыйырыммен, кейде кешіріммен жөнге салып отырмаса, не басыңа шығып есіріп, не басын ала қашып безініп кетуі оп-оңай. Сондықтан ел билеген адамға жақсы әке секілді қабағын қашан түйіп, қашан жадырататынына қатты зер салып отырмаса болмайды. Алдияр падишамыз ол жағынан, әрине, менен ақыл сұрамайды. Өзі де жақсы біліп, мейлінше жіті қадағалап отыратынына ешқандай күмәнім жоқ. Ендеше, қазақ ғаскерінің әлгіндей қасақана шырық бұзып жүргендерге істеген кейбір әрекеттерінің дұрыс түсініліп, дұрыс бағаланатынына кәміл сенемін.
Кексе ноғайдың сертік мұртындағы қатқан қыраудай сілімтір күлкі жым-жылас жоғалды.
Шамасы, бұл оның күтпеген жауабы болса керек. Тұнжырап бара жатқан жирен қабағын жалма-жан қайта жазып алды. Қасындағы серігінің бөз-бәяғы жымсиған қалпынан бір танбайтынын байқап, ол да жандәрмен езу жиырған болды.
- Әлбетте, құрметті хан! Ол не дегеніңіз?!
- Мырза, менің бұл тараптағы шын ниетіммен істеп жатқан ақ адал қызметім мен ықыласымның нұр сипатты падишамыз бен оның биік мәртебелі ұлықтарына ешқандай бұрмалаусыз, әсірелеусіз жеткізілетініне еш күманданбауыма болатын шығар?!
- Ол не дегеніңіз! Сөз бар ма!
- Олай болса мың да бір алғыс. Әйтпесе жол-жөнекей әлгі бір сөздерінде тұрмайтын пәтуасыз тархандар мен жайында қайдағы жоқ ғайбаттар айтып сескендіріп жібергеннен сау ма деп тұр едім.
Кексе ноғай бір қызарып, бір сұрланды.
- Нұр сипатты падишамыздың да, оның биік мәртебелі ұлықтарының да ғайбат пен шындықты мүлтіксіз ажыратып, ақ ниет, адал еңбекті әділ бағалай білетініне еш күмәнының болмағанын өтінер едім, құрметті хан!
- Өз пікірім де тап сондай. Ендеше бізге қандай тапсырмалары бар екен. Соны білгім келеді.
- Құрметті хан, әлгінде айтылған пікірлеріңіздің қай-қайсысы да қаз қалпында тиісті жерлеріне жеткізіледі. Олар жан-жақты сарапқа салынады. Соның нәтижесінде қабылданған императрицаның шешімі кезінде
өзіңізге де мәлімделеді.
- Бек қуаныштымын.
- Орынбор комиссиясы бұл мәселе жөніндегі патша ұйғарымы шыққанға дейін ереуілші башқұрттардың өздері тиіспесе, оларға оқ атпауға, ешкімді қудамалауға уәде береді.
- Міне, бұл дұрыс.
- Императрица ағзамның ұйғарымы шыққанға дейін башқұрт арасына ешқандай жазалаушы команда жіберілмейді. Сондай-ақ қазақ ғаскерінен де Бұл өлкеде көп кідірмей ез елдеріне қайту сұралады.
Әбілқайырдың жылт оянып жадырап келе жатқан жанары кенет тұнжырап сала берді. Ішіндегі алай-дүлейді сөздірмегісі келгендей сызданып алды.
- Мақұл. Мәртебелі ұлықтардың бұл тапсырмасын да екі етпей орындаймын. Бірақ менің жаңағы айтқан ұсыныстарым да ыждаһатпен тыңдалып, әділ бағасын алады деп сенемін.
Кексе ноғай «Уһ» деп бір дем алғандай екі езуі екі құлағына жетіп ыржия күлді.
Ертеңіне ереуілші башқұрттардың басшылары түгел жиналды. Хан олардың бет-ауыздарына көзін бір-бір жүгіртіп етті. Бәрі де бұлардың қас-қабағын бағып жымиып отыр. Анау күнгіден де тұнжыраңқы. Анау күнгіден де тас түйін. Тырс етпей томсара қарап қалыпты.
- Ағайын,- деді Әбілқайыр.- Біздің бірлесіп мақұлдасқан пәтуамыз көп ұзамай нұр сипатты ақ патшаның қадірмен ғүзырына жеткізіледі. Қазір онымен биік мәртебелі ұлықтар ықылас қойып танысып жатырған көрінеді.
Жан-жақты сарапқа салып өз пікірлерін айтатын болса керек. Мен мынау арамызға келіп отырған екі ұлыққа мәселенің басын ашып тоқ етерін айттым. Ол мынау: өткен бұзақылыққа тікелей басшылық еткендерге не істеп, не қоятынын ақ патшаның өзі біледі, ал былайғы қалың момынды бұдан әрі қудаламауды, оларға рахыммен қарауды қатты өтіндім. Егер осы жолы кешірім болса, оларды бұдан былайғы қияңқылықтардан аулақ ұстауды өзім кепілдікке алатынымды мәлімдедім.
Бұл арада отырған башқұрт билері де, ұлықтардан келген екі өкіл де бір-біріне қарады.
Әбілқайыр сәл кідірді. Елеңдесіп қалған жұрттың көзіне бір-бір қарап өтіп:
- Биік мәртебелі ұлықтар ақ патша қашан өз ұйғарымын айтқанша ереуілшілерге өздері тиіспесе ешқандай оқ атпауға, ешкімді қудаламауға уәде береді.
Бұл арада отырғандардың көбінің иектері шошаң ете түсті.
- Патша ұйғарымы шыққанға дейін башқұрт арасыпа ешқандай жазалаушы топ жіберілмейді. Қашан ақ патшаның өзінен хабар болғанша қазақ ғаскері де елдеріне кете тұрады.
Жиналғандар бір-біріне аңтарыла қарасты. Оның бәріне көзінің астымен бақылай қарап тұрған Әбілқайыр:
- Алдияр падишамыз бен биік мәртебелі ұлықтардың бұл уәдеде тұратындығына күманданудың ешқандай жөні жоқ. Сол сияқты мен өздеріңіздің парасаттарыңызға да қатты сенемін. Арттағы қатын-баланың обалына қала бергеннен не шығады. Одан да айтылған мәмлеге
ақырына дейін құлақ асқандарыңыз жөн болар еді.
Жұрт жым-жырт.
- Ал, ағайын, екі тараптың да айтқанын сарапқа салғанда келген пәтуамыз осы еді ғой. Соған енді сөзсіз көнейік!
Отырғандардың арасынан екі беті албырай қызарып Жүніс көтерілді.
- Жарайды, алдияр хан! Оған да көнейік. Ұлық мырзалар өздері сыр алдырып қалып жүрмесе, біз шыдауын шыдап бағайық.
- Ендеше осы пәтуа пәтуа ғой!
- Пәтуа! Пәтуа!
Башқұрттар атқа қонып жатқан қазақ аламанына аңтарыла қарап қалды. Қазақтар да әбден ұзап кеткенше арттарына жалтақ-жалтақ қараумен болды. Оларды шекараға дейін шығарысып салған екі ұлық сол арадан әуелі Ор бойындағы қалаға, сосын Самараға тартты.
Олар жөндеріне кеткесін хан қасына анада Самараға жұмсаған өз шабармандарын шақырды. Тәтеш: «Бұлары қалай?»- деп ашуланбапты да. Қатты жымқырып алған жұп-жүқа қаймыжық еріндері байқалар-байқалмас бір бүлк ете түсіпті.
Онысының күлгені екенін де, ренжігені екенін де бұлар анық ажырата алмапты.
- Қалмақ жорығы туралы сұрады ма?
- Ол жайын ауызға да алған жоқ. Хан таң қалып иығын тартты.
Елге келгесін де екі-үш ай тып-тыныш хәл кепіті. Патша ұлықтарынан ешқандай хабар болмады. «Шамасы, мынандай қыстың көзі қырауда ат сабылтып жүруге жүректері дауаламай жатқан шығар. Не де болса, жазға қалғаны ғой»,- деп ойлады.
Биыл дария асып Қызылқұмға құламай, Қарақұмды қыстап қалған хан көңілін бірлеп, үттің ортасында қансонарда түлкі аулауға аттанып еді. Теріскей беттен жүздерін ыққа беріп, бір қырындап суыт жүріп келе жатқан бір топ салт аттыны көрді. Тымақтарынан таныды - башқұрттар...
Ханның секемшіл жүрегі дір ете қалды.
Жүргіншілер жүрістерін анадайдан баяулатып, саятшыларға қарай беттеді. Бет алғанына қарағанда - жайбарақат кісілер. Жадырай жарқын амандасты. Хан меймандарынан түзде тұрып жөн сұрамады. Қастарына Мырзатайды ертіп майханасына жіберді де, түс ауғанша із кесті. Құм арасының тұяқ қаппа күртігінде ат шаба алмай, қанжыға қанданып жарытпады. Оның үстіне ханның көз алдынан әлгі бір суыт жүрісті шоғыр кетпей қойды. «Мынандай қақаған аяз, қалың қардың кезінде бұлар неғып жүр? Не де болса, тегін жүріс емес қой...».
Қасындағыларға сыр алдырғысы келмей, сары бесінге дейін көп қиқудың ортасында жүрді-жүрді де, бір уақытта:
- Жә, ауылға қайтайық!- деді.
Кеш бойы меймандарынан қыс жайын, қардың қалай түскенін сөз етіп көлденең әңгімемен отырды. Қонағасыдан соң барып, жүріс бағытын сұрады. Алдар жіберіпті. Елдеріне шақырады. Неге екендерін айтпайды «Жер-аяғы кеңімей тұрып ақылдасып алатын жағдайлар бар еді. Қол ертіп келем десе де, өзі біледі»,- депті.
Сырт көзге жайбарақат хабар. Бірақ ойландыратын хабар. Қанша ойланғанмен, таң атқанша бір тоқтамға келіп, таңертең бір жауабын бермей болмайтын хабар.
Әбілқайыр, не де болса, барып қайтуға бел буды. Шұбыртып кеп қол ертпейді. Биыл қасқыр қатты болып тұр. Талай қораның іргесі сөгіліп, көңі қанданды. «Аң аулап, бөрі қуалап жүрмінге» саятындай әлім-берім ғана нөкер ертеді. Башқұрт арасына бойлап кірмейді. Ереуілшілердің көбі қазір қазақ шекарасына таман далалықта. Билерге соның өзінде де бұның ұлысына ең тақау бір аулына жиналсын деп сәлем айтады. Қардың қазір нар көтеретіндей сіре жатқан кезінде барып-қайтып үлгеруге тырысады. Әйтпесе ертең үт1 сарқыла қар жібіп, жер сабырлап қалады.
1Февраль айы
Араға бір жарты ай салып атқа қонды. Жәнібекке хабар бермеді. Бөкенбай мен Есетке: «Бір ай шамасында оралып қалармын. Одан кешіксем, өздері бір хабарын шығарар»,- деп тапсырды.
Башқұрттар бұл жолы ана жолғыдай емес емен-жарқын қарсы алды. Қыстың көзі қырауда арнайы үйлер тігіп, қысырақ байлап, тай жығып, көп әуреге түсіпті. Оларын көрген хан: «Шамасы, ұлықтар тарапынан бір жақсы хабар шыққан ғой. Жер мойыны қашық бұған жетпегенмен, мыналарға жеткен ғой»,- деп қойды ішінен. Бірақ, ақтарынан жарылтуға асықтырмады. Жыршы келді, қурайшы келді, сырнайшы келді. Тас түйін жігіттер сарт-сұрт би биледі. Белдерін қына буған тана көздер еліктің құралайларындай қутың басып ортаға шықты.
Ертеңіне барып сөзі дуалы игі-жақсылары жиылып алдына келді. Көбімен көз таныс болып қалыпты. Жүздерін шырамытады. Тек Жүніс пен тағы да бұл біліңкірейтін бір-екі би көзге түспеді. Әлденеге іші мұздап қоя берді. «Бұл қалай? Уәделерінде тұрмағаны ма? Ендеше мыналар неге түк көрмегендей жайбарақат? Әлде өз араларында бір кикілжің шықты ма екен?..»
Әбілқайыр бірдеңеден секем алғанын сезіп қалғандай Қарабас тархан сөз бастады:
- Алдияр, сіздің өткен жолы ұлықтар жіберген өкілдердің алдында айтқан әңгімелеріңіз әлі есімізде. Өткен өреуіл, қалған салауат деген ғой. Әуел баста тәуекелге бел буғандармыз, онымыз үшін өле-өлгенше өкінбейміз. Құдай мойнымызға не салса да, көнеміз. Өзіңізге өткен жолы да айтқанбыз: ендігі уайымымыз - мынау артымызда көздері жаутаңдап қалып бара жатқан кіл момынның жайы. Сіз еткенде олардың ендігі тағдырын өз мойныма алар едім деп едіңіз. Сол сөзіңіз сіз кеткесін де есімізден шықпай қойды. Көп ойландық, көп толғандық. Ақыр аяғында келген үйғарымымыз: біздің жұртымыздың бұдан былайғы тіршілігінің тізгінін өз қолыңызға алыңыз. Сонда бәлкім ақ патша да сіздің көңіліңіз үшін бұларға рахыммен қарар. Осыған сіз пейіл болсаңыз, біз пейілміз.
Мынау Әбілқайыр үшін әрі күткен де, әрі күтпеген де оқиға еді. Қапелімде не дерін де білмей қалды. Тағы да есіне орындары үңірейіп тұрған Жүніс пен төрт-бес би түсті. «Апырай олар неге жоқ? Әлде мына ұйғарымға қарсы болды ма екен? Бұл әңгімеге Таймас жағындағылар қалай қарар екен? Олар да қосылар ма екен. Былтыр: «Біздің бірімізді біріміз қыруға жол бере көрмеңіз»,- деп жалынып еді ғой. Ал, мықты болсаң, осы арада бір жауабыңды бер... Ақ патшаның ұлықтарына айтарыңды кейін айта жатарсың... Көтерілісті бассаң, ереуілшілердің өзіне емес, жазықсыз қатын-балаларына араша сұрасаң, оларды ашиитындай не жөні бар?.. Сынасаң, сынасатын жерің осы! Осал жерін тауып алып, амалсыз мәжбүр етуге тырысу керек деп айта беруші едің ғой... Міне сол түс осы түс... Қазір бұл қолқасын қабыл алсаң, бұлар ертең өз қол астыңдағы ел болады. Қол астындағы елдің қамын қамдап сөйлеген сөзіңді ешкім де, оның ішінде ақ патшаның ұлықтары да айып санай алмаса керек...»
- Ағайын,- деп Әбілқайыр сөз бастады. Дауысы қарлығыңқы шықты. - Жағдайларыңды түсінем. Арттағы қатын-баланың жәйіне қабырғаларыңның қайысатын да реті бар. Қанша дегенмен, патша ұлықтары біраз жыл шайқасты, қан төгісті. Қан шыққан жердің ашуы тез арада басыла қоймайды. Олардың сіздің жұртқа айырықша шүйілуі әбден мүмкін. Мен: «Башқұрт жұртының жетім-жесірлерін жылата бермеңіздер»,- дегенді былайда да айтам ғой. Анада да айттым. Тағы да айтам. Бірақ,
олардың: «Сенің жұртыңа тиісіп жатқанымыз жоқ. Ай даладағы башқұртқа неге жаныңыз ауырады?»- дейтін болса, сөзден тосылтып кетеді-ау деп іштей қыпылықтап тұрушы ем. Ол арасын өздеріңіз де жақсы түсінесіз. Ол үшін бек ризашылығымды білдіремін. Тізгін біріктіріп, тілек қосысып жатырсақ, кім біліпті, алла жар болып айтқанымыз келер. Ләйім, тек солай болғай!
Жұрт алақандарын жайып сақалдарын сипады. Отырғандардың арасынан үш ақсақал көтерілді. Есіктен қолдарында малынған алтын зерлі қамқа шапан мен тап сондай алтын зерлі ақ қалпақ ұстаған он шақты жас жігіт көрінді.
Әлгі үш ақсақалдың ортасындағы ұзынбойлы ақ сұр кісі - Кәрідолла ишан қалпақты қолына алды.
- Башқұрт жұртының бүгінгі таңда жер басып жүрген үлкенді-кішісі, әйел-еркегі, олардың бұдан кейін жарыққа келетін үрім-бұтағы, қандас қазақ халқының ардақты әміршісі Әбілқайыр Мұхамбет Қазы Баһадүр
хан, Сізді езіңіз жаппар хақтың өзінен кейінгі ең үлкен қожасы деп танып, Башқұрт жұрты мен Башқұрт уәләятының ұлы ханы деп жариялайды,- деп тағзым етті.- Иә, біссімәллә!- деп басына кигізді.
Қасындағы екі шал: «Иә, біссіміллә»- деп иығына шапан жапты.
Сосын ақ сұр хазірет ханның оң тізесінен шарта жүгініп отыра кетіп, әдемі ашық дауысын күңіренте созып құран оқып, бата жасады.