ВЕРНУТЬСЯ

        Сырғауылдай сыриған сыз қабақ шалға шаруа жеткілікті. Қоңыраулатып кіріп қоңыраулатып шығып жататын күймелердің бәрі асығыс. Бәрінің шаруасы әрі маңызды, әрі тығыз. Ал шанадағы үстіндегі бурадай тоны аз болғандай, сыртынан иығына тағы бір тон жамылып, тізесін жөне бір тонмен айқара қымтап алған суыт жолаушылар шетінен кердең, шетінен шамшыл. Біреулері - сонау Екатеринбургтен. Кен ісін басқаратындар. Біреулері - Қазан мен Вологда, Мензелинск мен Самара горнизондарының өкілдері. Біреулері - Жайық казактары атаманы мен нөкері. Бәрі де қоңырауларының сыңғырын жер түбінен естіп, дер кезінде алдарынан қақпаңды шалқайта ашып тастап шаншылып тұрмасаң, қырау қатқан қыртыс қабақтарын одан сайын түйіп алып, зәрлене қарайды. Бірақ, оларына бола асып-сасып жатқан сыз қабақ шал жоқ. Әлде бір сиқыршы айтпай біліп тұрғандай, қарағай қақпа арындап келе жатқан аттардың алдарынан қараптан-қарап өзі-ақ қақ жарылып жүре береді.
Кирилов Еділ бойы мен Орал тауындағы орыс ұлықтары аз болғандай, жан-жақтан башқұрт ру басыларын жинай бастады. Біреулері желі азынаған құба даладан сеңсең киіп, біреулері сыңсыған орман арасынан сусар мен бұлғынға оранып келетін маңғаз билердің бабын табу орыс ұлықтарының бабын табудан оңай көріне қоймады. Бірақ, сыриған сыз қабақ шал олардан да тап айылын жиып, қысылып-қымтырылып жатқаны шамалы. Сол кеңірейген қалпы аттарынан түсіріп алып, сол кеңірейген қалпы тақымнан босаған құр жануарларды ат қораға қарай сүйреп ала жөнеледі.
Сыз қабақ шал асығып аптықпаса да, бәріне үлгереді. Сыз қабақ шал қабағын бір ашпай тұнжырап жүрсе де бәрін дәл өз ойындағыдай қып тындырып қояды.
Кириловтың Уфаға келгендегі түздіктер жайындағы түсінігіне де ең алдымен өзгөріс енгізген сол қора тазалаушы шал еді. Оның орыс жиһанкөздерінің жазғандарын оқығаны бойынша, бұлар қаракетпен шұғылданғаннан гөрі қымыз ішіп қызара бөртіп бос жүргенді ұнататын салбөксе жұрт болса керек еді. Мына шалға қарағанда, олардан асқан тындырымды қызметші табуың қиын сияқты. Бұрын олар ә десең, мә деп жағаласа кетер шадыр халық деп еститін-ді. Әлгі шалға қарасаң, ең бір сөзі сатулы сабырлы халық осылар ма деп қаласың.
Кирилов қызметшісінің мінезіне қарап, енді башқұрт біткеннің бәрі сондай сыз қабақ суық жұрт деп ойлай бастаған-ды. Ол пікірін шалқақтап кіріп, шалқақтап шыққан башқұрт билерімен жолығысы одан сайын орнықтыра түскен-ді. Бірақ кейінгі кезде түйе жинай барған отряд та, киіз жинай барған отряд та, киіз үй мен арқан жіп жинай барған отряд та көңілдері бітіп, «өздері бір елегезек жұрт» деп келеді. Ал Сергей Костюковқа айтқызсаңыз, тіптен ауызының суы құриды. Одан естіп алып, міне, Петр Иванович Дьяков та ауызын ашып, көзін жүмып отыр.
- Ваше превосходительство...
Кирилов қасындағы Дьяковқа қарады. Дьяков екі беті балБұл жанып алабұртып отыр. Қанша дегенмен жиырма екідегі жас жігіт емес пе! Жолдың екі бетінен көргендеріне қаралай елегізіп келеді.
Шынында да, төңірегің еліктірсе, еліктіргендей екен! Сылаң Еділ қырық аунақшып бұраңдай ағады. Арғы жаға жарқабақ биік кемер. Оның үстіне сыңсыған қарағай, не сыңсыған ақ қайың. Ал бергі бет жайдақ жайпауыт. Оқтын-оқтын шалқып жатқан Ақ Еділ мынау ұланғайыр даланы біржолата кел-көсір кеміп кететіндей әсер қалдырады. Шығыс жақ көкжиектің қарауытқан шоқ тоғайлары азайып, жылмиған жазық басталғалы тұр. Кей тұста жыпырлап ақ көбелек қонып отырғандай жауқазын өскен алаңқайлар ұшырасады. Кей белден қаптай өріп қалың жылқы шыға келеді. Манағы көз ұшындағы көп салт аттының да қала қоятын түрі байқалмайды. Әлі де қапталдасыд келеді. Сонадай
жерден сорайып бір оқшау сырық көрінді. Сырықтың басына жалбыратып әлем-жәлем қызыл ала шүберектер байлап қойыпты. Сырықтың қасында қаңтарулы аттар тұр. Қара-құраң жеткілікті. Жан-жақтан қылтиып-қылтиып шығып жатқан көп салт аттылар. Бәрі де солай қарай бет түзеген.
- Анау сабантой өтетін жер. Оқшау сырғауыл жан-жақтан келетіндерге алыстан көрінсін деп әдейі қағылған. Ар жағы тегістік екен. Бәйге шаптыратын
шығар, - дейді Петр Дьяков.
Әлем-жәлем сырғауылдың қасында байлаулы тұрған аттарына барып, жапатармағай ерге қонған бір топ кісі топырлай шауып кеп, шығыс жақ қапталдағы шолғыніпыларға бірдеңе деп қамшыларын селтеңдетіп жүр. Шошаңдаған қамшылары біресе қалың шерудің ортасындағы көп күймені, біресе айдаладағы жаңғыз сырғауыл жақты нұсқайды. Қоярда қоймай жүріп бірер шошақ тымақ үш казакқа еріп бұларға беттеді.
- Ваше превосходительство, - деді казак жасауылы танаурай сөйлеп. - Мынау шөшмектердің1 бүгін бір үлкен мейрамы екен. Сабан той дей ме, қабан той дей ме! Сайтан алғырларға дұрыс түсінбедім. Сіздерді соған шақыра келдік деп жолымызды кескестеп жүргізбей қойғаны, «Дастархандарыңа осынша мол қол барып қонжиғанда, өздерің иманды ауыздарың сылп етпей, құр қалып қойып жүрмейсіңдер ме!» - десек: «Ендеше ұлықтарыңа апар, тойымызға қүтты болсын айтып, шашу берсін. Әйтпесе, алдарыңнан ала арқан кереміз. Оны аттасаңдар жолдарың болмайды!» - деп, тақымдарына басып алған арқандарын көрсетіп
жалаң-жалаң етеді.
«Мына қауға сақалыңның айтып тұрғандарының бәрі рас», - дегендей қасындағы екі көсе башқұрт жымың-жымың күліп қояды.
- Тойларың қүтты болсын, биыл қамбаларың астыққа толсын! - деді Кирилов екі жігіттің көзіне кезек-кезек үңіліп.
Олар әуелі бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап алып, сосын бұған: «Сөзіңізге құлдық», - дегендей қамшылары салаңдаған оң қолдарын көкіректеріне апарып иіліп тағзым етті.
1 Патша ұлықтары барша бұратана жұрттарды осылай кемсітіп атаған.
- Жасауыл, бұларды арттағы обозға апарып, тойларына шашуға бірер жәшік крендель бергіз, - деді Кирилов.
Жасауыл мен қасындағылар артқы жаққа қарай жортып ала жөнелді. Петр Дьяков екі езуі екі құлағына жетіп, ыржиып күліп қойды.
Шынында, соның айтқаны дұрыс секілді. Мыналарың бала секілді аңқылдаған ақ көкірек жұрт болмасын! Әйтпесе, есі дұрыс кісі мынадай жер қайысқан қалың қолды тойға шақыра ма?
Бұларға керегі де сол - ақ көңілдігі мен қонақжайлығы. Қонақжай болса, араларына тез сіңіседі, ақ көңіл болса - айтқандарына оңай көндіреді. Ал қалғаны жүре келе өзі-ақ түзеліп кетеді. Ұлы Россияға тек мынандай бай өлке ғана емес, тіл алғыш арзан қызметші де аса қажет. Орыс тәрбиесін көрсе, өздерінен оп-оңды қызметшілер шығатын түрлері бар сияқты. Әлгі сыз қабақ шал соның бір куәсі емес пе! Тек сыр алдырмай тұрғанда мына ұлан байтақ өлкенің өне бойына түгел жайылып қоныстанып алу керек. Сонда өзінің өнері мен кәсібі жоқ әуейі халық бұлардың істегенін істеп, айтқандарына оп-оңай-ақ көндігіп кетеді.
Біраз күннен бері тыным көрмей жүрген Кирилов әлгі бір тәтті қиялдың құшағына еніп, көзі ілініп бара жатыр еді, құлағына жабыр-жұбыр дыбыстар келді. Қараса - шығыс жақ қанатқа тағы да бір елу-алпыс салт атты башқұрт келіп, қамшыларын сермелесіп бірдеңе деп өжеңдесіп жатыр. Бұлар енді дәндеген күшіктей қапталдаса шапқылап шашу тілейді де тұрады ғой. Мыналар да сабантойға шақырып жүрген көп саппастың сойы сияқты. Келсің жол үстіндегі жолаушыдан бірдеңе сұрап тілемсектеніп тұрудың инабатты халыққа жараспайтын ұнамсыз қасиет екенін айтып, ендігәрі жолдарын бөгемеуді талап етіп, ит терілерін бастарына қаптап жіберсін.
Кирилов күймесінің қапталында салт атпен келе жатқан адьютант шолғыншыларға жалау былғалап: «Башқұрттарды бері жіберіңдер!» - деп белгі берді.
Қарақұрым салт аттыдан бұл жолы да екі кісі бөлініп әлгі жасауылға ерді. Бұл жолғы башқұрттар манағыдай жас өспірім жігіттер емес екен. Екі қаба саңалды дөңгелек жүз еркек анадай жерге кеп оң қолдарымен кеуделерін басып сәлемдесті. Сосын манағы жігіттердей арсалаңдап күлмей, қастарындағы жасауылға салқын бұрылып:
«Мына ұлыққа біздің айтқанымызды айт», - дегендей ым жасады. Қызыл танау жасауыл манағыдай аптыға сөйлемей орнықты тіл қатты.
- Ваше превосходительство, бұлар оңған шаруамен келіп тұрған жоқ. Бізге осы арадан кері қайтыңыздар дейді. Сіздердің ойларыңызды біліп қойдық, қақ ортамыздан ойып тағы бір қала салып, өзімізді өз жерімізге зар қылмақ екенсіздер дейді. Айтқанды тыңдап кері қайтыңыздар, әйтпесе жаңа қалаңыздың бәрібір күл-талқанын шығарамыз дейді. Егер осы айтқанымызды орындасаңыздар, біз бұрынғы ақ патшаға адал қалпымызда қала береміз дейді.
Жасауыл сөзін бітірер-бітірместе екі ңаба сақал башқұрт: «Айтқанының бәрі рас», - дегендей бастарын изеп, үн-түнсіз жауап тосты.
Кирилов мұндайды күтпеп еді. Жалт етіп хатшысына қарады. Петр Дьяков: «Айтып тұрғандарың рас па?» - дегендей башқұрттарға қарады. Башқұрттар міз бағар емес.
- Біз ұлы императрица ағзамның жұмсауымен келеміз. Башқұрт жұртын да сол императрица ағзамның боданы деп білеміз. Ал бодан жұрттың өз билеушісінің пәрменін екі етуге қақысы жоқ. Сондықтан сіздердің талаптарыңызды орынсыз деп табамыз. Мұндай оспадар ңылықтарыңыз үшін сіздерді жазалауға болар еді. Бірақ, бір жолға кешірім жасаймын. Ендігәрі мұндай мінездеріңізді көрсем, аямаймын. Сіздерді осында жұмсап отырғандарға бұл айтқандарымды бұлжытпай жеткізуге пәрмен етемін.
Кирилов ызаға булығып түтіге сөйледі. Екі башқұрт сол міз бақпаған қалыптары аттарының басын кері бұрды.
«Міне, саған сабантой керек болса!» - деп ойлады Кирилов екі шабарманның соңынан тесіле қарап қалған Дьяковқа кіжіне көз тастап.
Содан әлгі арадан көп ұзамай жатып, жолдың екі бетіндегі манадан бері ерсілі-қарсылы далаңбай шабыс пышақ кескендей тыйылды. Әр жер-әр жердегі әлем-жәлем сырғауылдардың түбіндегі асулы қазандар да адыра қалыпты. Салт атты башқұрттар қос қапталдағы жал-жалдың басына шығып, мықындарын таянып қаз-қатар тізіліп тұрып алған. Содан қашан бесін ауғанша екі жақ қапталдан бұларға түйіле қарап, шаншыла төніп тұрған суық қабақтар жиілей түспесе, азаймады. Бесін ауғасын барып жал-жалдың басындағы башқұрттар аттарының басын кері бұрып, ту сырттарындағы ұшан далаға қарай үнсіз аяңдасып бара жатты.
Таңертеңгі қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ бейқам шеру енді қос бүйірлерінен әлде бір суық жебелер сұғына төніп тұрғандай екі жақ қапталдарына жалтақ-жалтақ қарауды көбейтті.
Кириловтың жырта қарыс кең маңдайының қақ ортасынан білемденіп бір сызат жүгірді. Таң атқалы жайма шуақ нұр шашырап келе жатқан отты жанары оқыс мұздап тұнжырап сала берді. Ту сыртынан аяз қармап алғандай қараптан қарап тітіркеніп қойды.
Әлгінде ғана сүқты көздерімен ата қарап ұзатып салған сүсты шоғыр араларына төрт-бес қыр түскесін аттарына қамшы басып, соңдарынан үн-түнсіз еріп келе жатқандай. Шерудегілер арттарына бұрылып, қайта-қайта қарап қойысады. Кейінгі жақта ызаға булығып долырған көздің астындағы көк білем ісіктей көлкілдеп көгілдір белдер тұр. Жанарың түскен сайын бедірейе түседі. Қапталдағы қалақ жауырын қайқы дөңдердің басында қарауытқан қалың бұталардың тасасында да бұқпақтап біреулер жатқандай. Алдарында алыстан-алыстан бой көрсетіп, бағыт сілтеп келе жатқан айқай биіктер де қалтарыстарына қаһарлы тосқауыл тығып тұрғандай. Көзің неге түссе де, көңіліңе сөзік қашырады.
Жан-жақтарына жалтақтасқан ұлы шеру суыт ілгері тартып келеді. Манағы айбыны кетіп, шөбі қалың от жерден мың-сан тұяқ жарыса таптап, жайпап берген соң амалсыз ірметіле көтерілген сұйқылт тозаңға көміліп, жермен жексен аласара түскендей. Атты казактардың күміс қындары да көктегі күнмен жағаласа жарқылдайтын жылтынан айрылып, жуасып, құр салақтап келеді. Зеңбіректер құладүзге дендеп кірген соң, қазақ ауылдарының арасында адасып қалған қаңғыма саудагердің қоқыр-соқыр тиелген шиқылдақ арбасындай зырылынан жаңылып қиқалақтай бастады.
Бірінші күні ұзыншұбақ шеру мынау жылмық жон жымысқы бұйраттардың арасынан ұзаңқырап шығып, манағы суық көздерден әбден қара үзіп кеткілері келгендей, қашан күн ұясына қонғанша аял жасамады. Түнемелікте кешегідей сәнді қос тігілмеді. Күні бойы сарсыл аяңмен болдыртып келе жатқан түйелер мен аттардың белдері босап, самсаған сақшылардың алдында өріске жіберілді. Арбалар мен зеңбіректердің маңына қалай болса солай киімшең қисая кеткен жүріссоқты жұрт дем алып қарқ болмады. Таң атқанша аспанға қарап жұлдыз санап жатқандай көздері ілінбеді. Сәл сыбыс шықты-ақ, шошаң еткізіп бастарын көтеріп алады. Ештеңе байқалмаған соң қайта жатып, көкке қарап қайта бақырайысады.
Ертеңіне де жан-жақтан қаптағайлап келе жатқан қалың жау көрінбеді. Кешегідей сары ымыртқа дейін салпақтамай, жарық барында еру жасалды. Бұрнағы күні Уфа түбіндегі тәртіппен қос тігіліп, көліктер өріске айдалды. Түні бойы жұрт құлағы елеңдеп шыққанмен, төңірек тыныш болды. Ертеңіне жұрт та, ат-түйе көліктер де аяқтарына сергек мінді. Енді жұрттың дендері жайылайын деді. Жер түбінен түнерген шоқ-шоқ тоғайлар азайып, далиған жазықтар көбейді. Уфадан шыққалы тілдерін жұтып қойғандай үн-түнсіз келе жатқан едірең мұрт казактар мен солдаттар күркіреп ән бастады. Ол күні шеру айдаладағы айналасы ат шаптырым саумал көлдің басына тоқтап, көліктерін суарып, балық сүзіп мәре-сәре болысты.
Ұшан далаға ұзап шыққан сайын көңілдің алаңы басылайын деді. Жұрт бұрынғыдай үркесоқтамай, көк жиекке көздерін ұзағырақ қадайды. Тіпті барар жерлеріне қанша қалғанын есептей бастаған сабаздар да бар! Төңіректен ұшқан құс, жүгірген аңнан басқа тірі жан көрінбейді. Сонда да қос пен көліктерге күзет мықты. Әсіресе өріске айдалатын жылқыларды атты казактар таң атқанша тікелерінен тік тұрып торып шығады. Ай астында қылаңытқан сәл нәрсені қарауылға алып, жақындай түссе, жайратып тастайын деп, жаланып тұрғандары. Бірақ, әлгі қарайғандар таң атқанша сол жатқан жерлерінде бүк түсіп жатып алады. Жарық түскесін барып қараса, не дөңбек тас, не бұта болып шығады. Түні бойы көзі әпірейіп шыққан казак қарғыс атқыр қара тасты, не бұтаны ата-бабасынан батпандата бір боқтап, жылқыларды қосқа айдайды.
Таң атқанша көк жасыл алқапқа тортасынан айырған сары майдай сар шұғыла төгіп, аспан астын жылт-жылт сиқыр сұлулыққа бөктіріп шығатын айлы түндер таусылды. Енді күннің кезінің қалай қарасы жоғалды, солай жер бетіне омырауы уда-дуда қара бурадай қою қараңғы бауырлай шөгіп, теңірек тас табыттай тып-типыл тар қамашауға айналады. Өрістегі бақташылар алдарындағы малдың о шеті мен бұ шетін анық байқай алмай, таң атқанша бір-біріне алыстан тіл қатысып, бақырып-шақырып жатқандары. Солары әбден ағаттық екен...
Бір күні таң атқаннан бері қыр арқасын ер, мойындарын қамыт қажаған байғұс мақұлықтар қырдың жаңа ұйып келе жатқан уыз ірімшіктей кілкілдеп тұрған қалың ажырығына ауыздарын көсей салып, енді-енді бүйірлері бұлтия бергенде қою қараңғының арасынан әлдене жарқ-жұрқ ете қалғаны. Жүздеген сиқыр шоқ бір жарқ етті де, шашырай жоғалды. Құлақтарын кесіп алса, білмейтіндей боп, құныға жайылып жатқан қалың жылқы аяқ астынан қара жер қарс айырылғандай қақырай бөлініп, әлгі жарқ-жүрқ ете қалған жаққа қарама-қарсы түсты бетке ұстап жөңкіліп берсін! Қапелімде, желімдей ұйысқан қараңғының арасына әлде бір жұмбақ тау орнап, енді сол ойда жоқта опыр-топыр құлап түскендей айнала аламан-асыр...
Казактар мылтықтарын жұлып ап, басқа-көзге қарамай тарсылдатып ата женелген! Шошынған үйір одан сайын ұлқан-талқан. Әлгінде ғана жандарына майдай жағып бара жатқан қалың ажырықты да, тылсым тыныштықты да, нәрі бойындағы кек қылтанақтың құлағыңа күйдей жұғымды күрт-күрт күйреген дыбысын да біржола ұмытқандай. Шүрқырап, кісінеп, еліріп алған. Жайбарақат қосқа қарай жапырыла ұмтылып, өңмеңдей төніп келеді.
Түн ортасында тап мынадай алапат қайдан тап болғанына түсіне алмай, төсектерінен атып-атып тұрған қалың топ, көйлек-дамбалшаң ерсілі-қарсылы соқтығысып жүр. Қою қараңғыны дал-дүл жыртып келе жатқан кеп тұяқ жолында не тұрса да, қарар емес. Сатыр-сұтыр. Шатыр-шұтыр... Құлап жатыр... Қирап жатыр. Ойбайлап бақырып жатқандар қаншама! Зіркілдеп әлдекімдерді боқтап жатқандар қаншама!
Еліріп алған хайуандардың олардағы шаруасы қанша! Бірін-бірі қағып, ілгері еңмеңдей түседі. Талай шаңырақ шатынап сынды. Талай арба төңкеріліп қалды. Талай шатыр тұяққа ілігіп сүйретіліп барады. Мұндайда онсыз да жандары мұрындарының ұшына кеп, естері қалмай тасырлай жөнелген есер тобыр, одан сайын құйрықтарын теуіп, жан-жақтарының шәт-шәлекейін шығарды емес пе! Кейбір алаңғасарлар, қапелімде не болып, не қойғанын түсініп алмай, «әйтеуір, мылтықтан қорықпайтын не бар дейсін» деген бос далбасамен тарс-тұрс атып жатыр, атып жатыр. Бірақ, бір еліріп алса, шамалыда сабасына түсе қоятын жылқы хайуан ба? Жолындағының бәрін кимелеп, өлімін сатып, өңмеңдей түседі. Қостың тас-талқанын шығарып, айдалаға безіп берсін! Сол қалыптары біраз жерге барды. Алдарыпан тағы да бірдеңелер жарқ ете қалды. Талай жануар қапелімде жалт бұрыла алмай, омақаса құлап, қалың тұяқтың астына түсті. Еліріп алған есер нөпір енді кері салды. Жайрап жатқан қосты: «Жаңағы жаңағы ма, енді көріп ал!» дегендей қайтадан баса көктеп жапырып өтті. Ол түнгі мына сойқанға төрт аяқты жылқы түгілі, екі аяқты жұмыр бастылар түсіне алмады.
Таңертең тұрып қараса - жан-жақтары жайрап жатыр. Төңкерілген арбалар, қирап қалған кереге, уық. Төрт аяғы көктен келіп теңкие құлаған жылқылар. Іштерінде тапалып қалғандары да, оқ тиіп өлгендері де жеткілікті. Адамдардан да шығын жоқ емес. Талай кісі майып боп, бебеулеп жатыр.
Төңірек түгел шұрқ-шұрқ тұяқ ізі. Кімнен келген, қайдан келген кесепат екені белгісіз. Жылқыларды санатқанда, өлі-тірісін қосқанда түгел боп шықты. Сонда өз-өздерінен осынша шала бүлініп, бұл жануарларға не көрінген?!
Орыстардың бас ұлығы қасында Тевкелевті, Дьяковты, жол көрсетуші башқұрттарды ертіп, сол маңайды қарап шықты. Кеше алғаш жылқы үріккен жерден кенелікті зираттың ізі кезікті. Қостың күн батыс бетінен де өн бойларын қына басып кеткен құлпы тастардың жұрнағы ұшырасты. Ақсақалдар: «Көне моладан түнде от шығатыны бар. Жылқылар содан үріккен болмасын», - десті. Кирилов: «Башқұрттардың мына айтып тұрғандары рас па?» - дегендей, қазақтарға қарап еді, басы Нияз сұлтан мен бұларды қарсы алуға Уфаға келген Мырзатай болып: «Солай болса, солай шығар», - дегендей иықтарын қиқаңдатысты.
Ойда жоқ жерде ойсырай шығынға ұшыраған үлкен шеру жаралыларын арбаға тиеп, қираған дүниелерін жолда қалдырып, ілгері қозғалды. Бас ұлық асты-үстіне шығып, жайрап жатқан жұртына қарап басын қайта-қайта шайқайды. Қабағы салбырап түсіп кеткен. Ол күні тағы да күн байығанша аял жасатпады. Алдын-ала жолаушы жіберіп, молалықтан ада таза жер қаратты! Жұртты бірден жатқызбай, кезек-кезек көз шырымын алдырып, күзетті күшейтті. Бірақ, ол түні ойда жоқ ештеңе бола қойған жоқ.
Сүйтіп тағы да түнемеліктің сәні кетті. Қостың жан-жағына ұңғысына доп салып зеңбірек иірілді. Содан сескенетіндей енді қайтып ұйқы бұзар тасыр-күсір жолыға қоймады. Бірақ, бір түні тағы да... Аспан асты баяғыдай аламан-асыр тулап ала жөнелгені. Шошып оянған жұрт құлақ тіксе - тасыр-күсір тұяқ дүбірі, пысқырынған жылқы дыбысы. Тағы да беттерін түп-тура қосқа бағыттап, салып ұрып келеді. Аспанға мылтық атқызып, абай-қоқай жасап көріп еді, оған тоқтайтын емес. Енді сәл кідірсе, мына қос баяғының кебін киіп, тағы да тапалып қалмақ.
Кирилов:
- Ат! - деп ақырды зеңбіректерге.
Төрт-бес зеңбірек түн қараңғыны қақырата сөгіп гүрс-гүрс ете қалды. Қапелімде тым-тырыс бітіп қалып, қайта ашылған жұрт құлағы азан-қазан кісінеген, шыңғырған жылқы даусын естіді. Әлгінде ғана таудан аққан сел тасқындай лақылдап келіп қалған тосын дүсір кері лықсып, бірте-бірте алыстай берді. Бет алды құладүзге безе жөнелген қалың жылқыны казактар жабыла шапқылап, таң алдында зорға қайтарып әкелді. Таңертең - түндегі доп түскен жерде талай жылқы жайрап қалыпты. «Қап, зеңбіректерді құр дәрімен оқтап атқызсамшы!» - деп өкінді Кирилов.
Содан өріске кеткен жылқының саны кеміген үстіне кеми берді. Талайлар көлік жетпей жаяу салпақтады. Арбалардың жүктері ауырлап, жүрістері мандымай қойды. Күзетті қанша күшейткенмен жылқы азайған үстіне азая түсті.
Мынандай мазасыз сүргін талайды қажытты. Әсіресе, ханзаданың қабағы қату. Уфаға жеткелі шытыңқы қабақ ханзаданың маңдайы бүйтіп жиырылып көрмеп еді. Жағасы жайлау жайбарақат жүрген-ді. Былтыр Уфаға жете бергенде жолдарын тосып тұрған айғыр топ адамды көргенде көзі шарасынан шығып кете жаздаған. Бәрі -түлкі тымақ. Бәрі - қынаға боялған бурадай тон. Бөрінің қолында - бұзау тіс дойыр. Бәрінің көзі - жүздеген шана жарыса шапқылап келе жатқан Қазан жолында. Зулап келе жатқан шаналар тұстарына келіп кілт тоқтай қалғанда жаңа ғана жер ойып жіберердей мығым тұрған қазақтар солқ ете түсті. Жасқаншақтай басып шанаға қарай жүрді. Қарсы алдарындағы нарттай қызыл тон киген нардай қара бұзау тіс дойырын бекемдей ұстап, сол қолын күн қағып тұрғандай қарға қарығып жасаурап кеткен көзіне апарып, күймелі шанаға үңіле қарайды.
- Нағашы!
Нардай қара қапелімде әлгі дауыстың қайдан шыңқанын білмей қорбаңдап қалды.
Ханзада күйменің есігін серпіп ашып секіріп түсті. Дала ызғып тұр екен. Сирағын шағып бара жатқан мұздай суықтан тез құтылғысы келгендей күртік қарды шиқылдата басып емпеңдеп жүгіріп келе жатқан Мырзатайдың құшағына күмп берді. Тері исі, тер исі томар бояудың исі, дала исі. Басына шауып көз алды тұманданып бара жатты. Қалған айғыр топ адаммен амандасуға мұрша бермей, орыс сақшылар екеуін жетектеп күймеге әкеп қайта тықты.
Жылы жерге келгесін нағашысы қиығы қызарып кеткен ала көзін төңкере қарап тұла бойын бір тінтіп шықты. Көзінде бір жымысқы күлкі тұр. Масаттанғаны. Дымданып бара жатқан тұмсығын бартиып-бартиып ісіп тұрған күректей қолымен бір сүйкеп, тері шалбардың тізесіне сұртті.
- Ал, бала, қалай барып қайттың? Ақ патшаның қызы жоқ па екен? Күшік күйеу қып қолына ұстап қалды ма деп зәреміз зәр түбіне кетті ғой. Үш жыл бойы суға батқандай зымқайым жоғалған соң қайтып қобалжымассың. Ту, бұған да жететін күн бар екен-ау!
Осының өзі өңім бе, түсім бе дегендей бет-аузына тағы біраз тесіліп отырды да, қайта сөйлеп кетеді.
- Немене, тұмсығыңның астына күйе жұқтырып алғансың ба? Мына неменің мұрты шығатын түрі бар ғой! Нағашыларыңа тартқансың-ау. Төрелердің иегі көпке дейін шелдеген терідей жалтырайтын да жататын.
Қолын жүгіртіп бұғана сүйегін ұстап көрді.
-Арықтапсың... Қарындарың ашқан жоқ па?
-Жоқ.
-Үсті-басыңнан бір бетен иіс шығады ғой. Доңыздың етін жегенсің-ау, сірә.
-Құдай сақтасын.
Сенбегендей. Кең танауы жыбыр-жыбыр етеді. Кезіндегі қуақы ұшқын одан сайын маздай түсті.
-Рас. Рас. Бақалшының ләпкесінің исі шығады. Әлде жұпар сабынның исі ме? Киіміңнен шығар. Киімнің түгел өзгөріпті ғой.
Ханзада нағашысының бұл қылығына рахаттана күліп алды.
-Қалай, базарлық көп пе? Ханзада басын изеді.
-Маған не әкелдің?
-Барғасын көрсетем ғой.
- Байқа, әке-шешеңе не әкелсең, соны әкелдің екен деп дәметпеймін. Бірақ, осыдан Нұралыға әкелгеніңнен арзан түсті бар ғой... Онда өз обалың өзіңе. Біз де базар шығармыз. Сонда нағашыңның қалтаңды тақ толтырып беретін өрік мейіз, алуасынан қағыласың. Ертең күзде Хиуаға жылқы сатуға жүргелі отырмын. Қайын жұртыңа соғып, күйеулерің орыс патшасының қызын
алатын болыпты деп, қалыңдығыңды торықтырып қайтам.
Ханзада оған сылқ-сылқ күліп мөз болған. Содан бері Ханзаданың езуі бір жиылған емес-ті. Бұларды ұзын жолдың үстінен қарсы алған айғыр топ адамның ішінде немере ағасы Қылыш-Мұхамбет сұлтан мен Мұқамбет қажы да бар екен. Олар бір топ билерді ертіп, патша сарайына елшілікке кетті де, бұлар осы ұлы шеруге ілесіп елге беттеп келеді.
Нағашысымен жолыққасын өздері жоқ үш жыл ішінде елде не болып, не қойғанын түк қалдырмай түгел сұрап біліп алды.
Мырзатайдың әңгімесін естіген сайын Нияз сұлтанның жүзіне шырай жүгіріп, күлімдей түседі. - Е, бәсе, солай болса керек еді! - деп қомпияды. Нияз сұлтан мөз болса, мөз болғандай екен! Баяғыда Бұлар Найзакескеннен аттанып кеткесін, Сәмеке де Уфаға ат шаптырып, елші жіберіпті. Орыс ұлықтары Мәмбет мырза қазақ даласында жүрген кезде жасаған қысастығы үшін Сәмеке елшілігін астанаға жібермей, ауылдарына кері қайтарыпты. Сосын-ақ Әбілқайырдың иығы асып шыға келіпті. Басқаны былай қойғанда, қонтайшының өзі күнара ат шаптырып, елші салып, татулық сұрапты. Хан тумаластарының жоңғар қолында тұтқында қалған әйелдерін тартутаралғылармен артынтып-тартынтып әкеліп салыпты. Қалдан Шерін қол астындағы Ұлы жүзді Әбілқайырдың інісі Жолбарыс пен үйсін Төле биге тапсырып, қытайлармен соғысуға еліне кетіпті. Қазір қазақ пен жоңғардың арасында ешқан-дай қақтығыс жоқ дейді. Соны пайдаланып, Жәдік тұқымының кейбір сұғанақ сұлтандары сұқақтап Тұркістанға қайта-қайта барғыштап жүр дейді.
Мырзатай Ералыға қарап:
- Сенің қайын атаң да бір зобалаңнан қалыпты. Хиуаның инактары1. Жолбарысты тақтан түсіреміз деп біраз қомпаңдасқан екен, ауыздарына алалық түсіп, оларынан ештеңе шықпапты, - деп қойды.
Уфадан шыққалы бері ұзақ жолда айтылмаған хабар қалмады.
Әр әңгіме айтылған сайын бала ханзаданың көңілінде пәлен жылдан бері бұғып жатқан сағыныш одан сайын ұлғайып, көкірегіне симай барады. Әр дөңге көтерілген сайын ауыл көрініп қалатындай бір қопаңдап қояды. Ештеңе көрінбеген соң, лып ете қалған көздегі шыра қайта сөніп, тұнжырап сала береді. Оның үстіне, мына бір жылқы дүрбелеңі... Жалпақ сахараның шетіне ілігіп, әке-шешемді, ағайын-бауырларымды енді көрем бе деп отырғанда тағы қандай пәлеге тап болам деген уайым еніп, түн баласы көз ілмей шығады. Күндіз де қарқ болып жатқаны шамалы. Мына шеруде не көп, жалдамалы қалмақ пен татар көп. Жол көрсетуші башқұрт көп. Қауқылдақ Мырзатай жол-жөнекей соларды шақырып ап, хабар сұрамаса, басы ауырады. Олар күніне бір сұмдықты ойлап табады да отырады.
- Әй, сендердің мына жылқыларыңа не көрініп жүр? - дейді Мырзатай.
- Обырдан келген кер болмасын.
- Ол не пәле тағы?
Мырзатайдың мына сауалын естиді де, әңгімешіл башқұрттар өздері-ақ айтқылары келіп, тілдері қышып тұрған хабарларын көмейлеріне іркіп, қарызға беруге ақшасын қимай тұрған аяншақ саудагердей, кезін сығырайтып, бет-аузыңа ойқастай қарап, біраз кергіп алады. Бірақ, қанша дегенмен, мынау кәукілдек қазақтың қасында отырған бала ханзададан айбынып, сөзін бастайды. Сол-ақ екен, қайдағы сұмдықты қайдан тауып алатындары белгісіз, бірінен соң бірін көздерінен тізіп, шұбырта жөнеліседі: «Егер өлген адам «иә, құдай» деп жайына жүрген кәдімгі жұмыр басты пенде болса, оның жаны денесі суымай жатып, кеудесінен ұшып кетеді. Ал тірі кезінде-ақ ібілістің айтқанына бріп, соның иегінің астында жүрген тозақы біреу болса, оның жаны обырға айналады. Башқұрттар ондай адамды сиқыршы дейді... Сиқыршыны тірі кезінде-ақ білуге болады. Олар ара-тұра шикі ет жеп, аузын қызылдап алмаса, қарап жүріп қауқарынан айырылып, қаурап қалады. Сондай шикі ет жеп отырған кісіні үстінен шығып, қолын кекке көтертіп қойсаң, қолтығының астында шұқырайған тесік тұрса - сиқыршы болғаны. Баяғыда бір жігіт көруге көз керек сұлу қызға үйленіпті. Келіншегі алғашқы түні: «Саған қояр жаңғыз-ақ тілегім бар. Орындайсың ба?» -депті. «Орындаймын!» - депті. Сұлу сонда: «Егерментірі жүрсін десең, қолтығымның астына көзінді салушы болма», - депті. Жігіт содан келіншегі киініп-шешініп жатқанда тұла бойына көзім түсіп кетпесін деп теріс қарап тұрады екен. Бір күні аңға кетіп, ауылдан ұзап шығар-шықпаста аты ақсап, кері қайтыпты. Есіктен мойнын сұқса, іште қақ төрде басы айнадай жалтырған тақыр бас біреу қос бұрымы салбыраған қолаң шашты қолына алып қарап отыр дейді. Жігіт төрге бір-ақ ытқыпты. Барып әлгі сұмырай неменің қолын артына қайырып, қолтығын ашып қараса, жұдырық сиятындай боп үңірейіп бір тесік тұр. Жігіт қолды салып жіберіп, жүрегін суырып алады. Құбыжық сол арада мерт болады. Сейтсе, баяғыдан бергі сұлу құштым деп жүргені - сиқыршы екен.
1 Орта Азия хандары сарайларындағы ен; ықпалды шонжарлар осылай аталған.
Ондай сиқыршылар өлгеңде кеудесінен обыр шығып жер-көкті кезіп кетпесін деп өкшесіне тебен ине шаншиды. Ал егер молада жатқанда әлгі инесі түсіп қалып, обыр жер бетіне қайта шығып, өткен-кеткен жолаушыны арбамасын деп, қабірді қазып, мүрденің көкірегіне темір қазық қағады. Әнеу күні қостың қасынан табылған көне зиратты ақтарып, темір қазық қаққанда мынадай пәледен бір жола құтылатын едік». «Сонда обыр көзге көріне ме?»
«Көрінгенде қандай... Күндіз тек құр кеудесі бар, кіндіктен төменгі жағы түгел жоқ, омалып отырған тобан аяқ шал көрсең, сол - обыр... Кешке ол жарғанатқа айналады. Қараңғы түнде от болып ұшып, сенделіп жүреді. Жолындағы жан иесінің денесіне қоныц, қанын сорып, жанға-малға індет таратады».
«Ендеше, мына жылқыны оттатпай жүрген сол ғой. Қосқа келуге мылтық пен зеңбіректен, оқ дәрінің иісінен сескеніп, өрістегі жылқыға тиіп жүр екен-ау,..».
«Мүмкін ши мұрын шығар. Ши мұрындар да атқа мініп, асыр салып жарысқанды жақсы көреді дейтін емес пе еді? Мынау көптен бері ел қонбай, керуен өтпей, құлазып жатқан құба түздегі құр тақым жүрген құбыжықтар ойда жоқта орасан көп жылқы үстіне келгесін құмарымыздан бір шығып қалайық деп желпініп жүрген болмасын. Ши мұрын да адам сияқты дейтін кәриялар. Қақ маңдайында жалғыз көзі болатын көрінеді. Оны ұстап алып бал аштырсаң, өзің түгілі кейінгі жеті тұқымыңның не көріп, не кешетінін түгел айтып береді екен».
Кеңірдектері сорайған сөзуар башқұрттар бірінің ауызындағы сөзді бірі қағып алып әкетеді.
«Биыл сондай құбыжықтардың өріп кеткен жылы дейді ғой. Орманға барсаң - толып жүрген шөрәлі, тауға барсаң - тас сайын, үңгір сайын бір пері. Ойда жоқта оңаша шыққан кісінің бәрі із-түзсіз жоғалып кетіп жатқан көрінеді. Кейбір ауылдар былтыр қыста ел аралап, киіз, арқан жинауға кеткен еркек кіндіктен түгел айрылып, шуылдап қатын-бала ғана қалыпты»...
«Болса, болар. Биыл қыс бойы күні-түні ызыңдап боран ұлыды да тұрды ғой. Перілер ұйлыққанда солай болады дейтін. Қыс бойы құтырынып шыққан перілер жазда қайдан жайбарақат жатсын!».
«Бәсе, биыл суға жақын отырған жұртта үрей жоқ көрінеді. Күн шықпаса болды, бір қара бұлт үйіріліп келіп, су ішінен бір-бір аждаһаны желкесінен бұре көтеріп суырып алып, әлде бір жаққа алып кетеді дейді».
Қазақтардың көздері адырая түседі. «Аждаһа ұшушы ма еді?»
«Пәлі... Кәдімгі жылан бар емес пе. Сол жүз жылдан кейін аждаһаға айналып, қайда Бұлақ, қайда құдық, қайда өзен, қайда көз бар, соны барып сағаламай ма? Мың жылдан кейін жүһа болып, суға барған адамды, әсіресе, сұлу қыздар мен келіншектерді жұтып күн көрмей ме? Бірақ құдіреті күшті құдай ажадаһаны жүһаның жасына жеткізбей, бұлт боп келіп, көтеріп әкетіп, Қап тауына асырып тастайды. Әйтпесе, Орал тауды паналаған башқұрт қауымы әлдеқашан тып-типыл болатын еді».
«Апырай, ә! Пәлен күн жол жүріп келе жатқанда бір жылан кезікпеп еді. Бәсе, бәрі аждаһаға айналып кеткен екен-ау!».
«Әй, кім білген... Мынадай жер қайысқан қалың қолдан жылан екеш жылан да сескеніп, безіп кетпеді дейсің бе?...»
«Қайдам... Тап мұндай шаруадан адам сескенгенмен, сайтан сескене қоймас. Қайта ібілістің құтыратын кезі осындай опыр-топырдың тұсы ғой!
«Әрине... Жер түбіне сапарға шығып келе жатып, жол-жөнекей қанша әулие, қанша аруақтың тұсынан, ең болмаса, қол жайып, бата да қылмай, сілейіп-сілейіп өте шыңтық».
«Сен де айтады екенсің. Ақ патшаның ұлығы айдаладағы мұсылманның әулиесінің басына түнеп, ақсары бас жығып, жер тізерлеп құран оқып, құдайы айтып отырса, жаныңа жағар ма еді!!».
«Оны айтасың, биыл Уфаның маңындағы ауылдарға орналасқан әскер отын таба алмай мола кезіп, қанша сайғақты отқа жақты. Қанша мешіттің іргесін ық іздеген солдаттар нәжістеп кетті».
«Аруақтар да қарап жатпаса керек. Қыста Шыршалы деген ауылдан соғым жинай барған жүз елу солдаттың елуі тірі қайтпай қалды ғой. Жылы үйге кіріп, жылы-жұмсаққа белшеден бөккен немелер моншаға түсеміз деп ылаң салыпты. Жұрт жапатармағай монша қыздырыпты. Пәлен күн қарлы боранда салпақтап келген немелер шырша исі аңқыған моншада әр қайсысы бір тамақ асым шабынып шықпай қойыпты. Алғашқы кезекте түскендерінің бәрі аман қалыпты да, ал түн ортасы ауып кеткен соң, ең соңғы кезекте түскендердің біреуі тірі шықпапты. Бәрі де буға пісіп қалыпты. Сөйтсе олар - үй иелері: «Түн ортасы ауғасын моншаға түспеңдер. Моншаның көзге көрінбейтін киесі болады. Түн ортасы ауғанда, елдің ең соңынан солар жуынады. Олармен жарысып, суға түскен адам ақыры бір жаманатқа ұшырайды», деп қанша қақсаса да, тілдерін алмапты.
Қырықты тауындағы қырғын да сондай әбестіктің салдарынан болған деседі ғой! Көлік жинап келе жатқан жиырма атты тау арасында бөкселері тырдай жалаңаш, қар қауып өліп жатыр дейді. Артқы тесіктерінен бір-бір жапырақ ақ шүберек қызыл шүберек жалбырап шығып тұр дейді. Сөйтсе, ұзатылатын қыздар тау иесінің көңілін аулап, тал-талға теңге байлап, шүберек байлап, елмен, жермен, құрбы-құрдасымен қызойнақ жасайтын оңаша алаңқайды әлгі ноқайлар жұрт түзге отыратын жер екен деп қалса керек. Киелі ағаштан бір-бір шүберекті жұлып ап, қаз-қатар отырып, іштерін босатысқан. Арты жаңағыдай боп тынған!».
Башқұрттар бастарын шайқасады. Бала ханзадаға бұл әңгімелер әуелі бір қызғылықты ертегілердей естілуші еді. Келе-келе көңіліне үрей ұялап, кейде тіпті түсіне кіретінді шығарды. Жастыққа басы тисе болды, қайдағы бір ауызы үңірейген үңгірлерге тап болады. Үңгірдің аузында екі анары салбыраған тырдай жалаңаш ақ сары қыздар күнге қыздырынып отырады. Көздері көкпеңбек. Денесі уыздай аппақ. Жанарына бір қарадың-ақ, көзіңді енді қайтып ажырата алмайсың. Жады немелер жымың-жымың күліп, қараңғы үңгірдің түп жағын нұсқап, ымдап шақырады. Бұл, қапелімде, айтқандарына кеніп, енді ұмтыла бергенде, тастан ырғып түскен сұлу қыздың аяғының екеу емесіне көзі түседі. Жалғыз аяқ. Жалғыз балтыр. Маңдайындағы көзі де жалғыз. Бұл жалма-жан жалт бұрылып қаша жөнеледі. Жалғыз аяқ қыз аттатпайды. Қуып жетіп, ту сыртына жабысып мініп алады. Жан ұшырып қашып келе жатады. «Құтқарыңдар!» - деп айқай салып келе жатады. Сүйтіп жатып оянып кетеді. Ақ тер. Көк тер. Басы төсектен салбырап түсіп кеткен. Құс жастық екі жауырынның арасында қалған. Жүрегі тарсылдап, кәлимасын қырық қайталап, таң алдында қайтадан кезін іліндіреді.
Не де болса, ұйқысының ұйқы болмай-ақ қойғаны! Біресе бір кекілі жалбыраған балаға еріп бүлдірген теруге бара жатады. «Бүлдірген, ана сордын ар жағында - дейді бала. «Апырай, сортаң жерде де бүлдірген әсетін болғаны-ау»! - деп ойлайды бұл. «Қорықпа, мына сорды кесіп өтсең тез жетеміз», - дейді бала. Бұл жасқаншақтап сорды басады. Былқылдақ. Бір аттайды, екі аттайды. Әлгі былқылдақ сор бірте-бірте жұтып барады. Міне - тобықтан асты... Міне, тізеден асты... Міне - кіндіктен де асып барады... Табаныпан бір мұздай суық қарып бара жатады. «Әй, сен мені қайда әкелдің?» Қасында бала жоқ. Анадай жерде қашып барады. Сорға бататын түрі жоқ. Қояндай орғып-орғып қояды. Сейтсе, іздері бұдан қашып бара жатқан емес, бұған қарай жүгіріп келе жатқан кісінің ізіндей боп, теріс түсіп қалып жатыр. Бұл жан ұшыра бұлқынады. Оянып кетеді. Көрпесі тізесіне дейін түріліп қалған. Кейде ұйықтап жатқанда екі бұты талыстай әдемі әйел шашы дудырап көкірегіне қарғып мініп, қос бұрым құсатып екі иығынан асырып, артына түсіріп қойған салаңдаған үлкен емшектерін кезек-кезек ауызына тыққыштап емізіп отырады. Әр үрпісі Мырзатай нағашысының бас бармағындай. Ұйқылы ояу санасы бұның албасты екенін біліп жатады. Албасты баяғыда балаларынан айрылып қалған әйел көрінеді. Содан бері түн баласы ұйықтап жатқанда адамдардың арасынан өз перзенттерін іздейтін көрінеді. Пәлен жылдан бері бауырына ерін тимей көкірегі сыздап, келген мұңдар неме талайларды осылай тұншықтырып өлтіріпті. Бұл да солардың кебін киіп жүрмесе...
Жалма-жан бұлқына бастайды. Екі қолымен кеудесіне мініп отырған еңгезердей әйелді жүлқылай бастайды. Жандәрмен оянып кетеді. Көрпесі тұмсығына кептеліп, тынысы бітіп қалыпты. Ал, бұдан кейін ұйықтап көр...
Онсыз да жүдеу көңілді одан сайын жүдете түскісі келгендей жол ұзара түседі. Шілде шыжғыра түседі. Биік-биіктің басын сағым шалып аспанмен тайталасып тұрып алады. Ойпаң-ойпаңды ойда жоқ бір кек шалқарлар толтырып, дүние сапырылысып қоя береді. Төңіректің балауса исі азайып, жүріссоқты аттар мен түйелердің қолаңса исі күшейе түседі.
Қиялшыл бала ауылын ойлай-ойлай шаршады. Үш жыл жүрген сапарын ойлай-ойлай шаршады. Ұйқылы-ояу келе жатып, не өңі, не түсі екені белгісіз әлемтапырық елестерге беріледі. Сығырайтып ашып алған көзіне өңшең бір телегей теңіз мол су ілігеді... Әлденелер жапатармағай жүзіп барады... Әлденелер қапталдаса жүзіп келеді. Аннан-мұннан таздың басындағы тақиядай жапырайып жатаған аралдар көзге шалынады... Аралдарда ақ шаңқан мүнаралар... Қып-қызыл қорғандар... Бұлары немене Петерборға қайтып оралғаннан сау ма... Әлде мынау әлгі көп мүнаралы көк мұнар Қазан ба... Дүниені қалайша бүйтіп қалқыған су алып кеткен... Әлде қара жерді қайтадан топан басып, Еділдің суы Жайықтың суымен араласып, орыстың жез мұнаралы шіркеулері мынау жапан түзге жапатармағай қалқып жүзіп келген бе... Дала болғасын ауыл ұшыраспас па еді... Жайылып жатқан қой, жусап жатқан жылқы ұшыраспас па еді.. - Бірі жоқ... Айдалада маңқиып-маңқиып жеке жайыльга тұратын түйелер де кезікпейді... Әйтеуір, әлде бір жаққа сабылып келе жатыр. Жүзіп келе ме, жүріп келе ме... Оны да білмейді... Қалада келе ме, сахарада келе ме... Оны да білмейді... Отыр ма, тұр ма, жатыр ма... Ол да беймәлім... Әйтеуір, беталды құла дүзде лағып келеді, лағып келеді... Дүние беймезгілде қапысын тауып тап болған қара сойыл барымташының алдына түскен малдай бытысып кеткен... Анау арт жақтарындағы дөңкиген не... Баяғы Петербордан шыға беріп көретін тас қамал ғой... Қазір дүркіретіп зеңбірек ататын шығар... Жоқ. Әлде мынандай қалқыған топанда оқ дәріге су тиеді ме екен... Шынында да, әлгі тас қорған тарсыл-гүрсілсіз жайбарақат жүзіп келеді... Зеңбіректердің үңғысы үңірейіп тұратын кетіктерінен бірдеңелер сораяды. Түйелердің мойыны... Мына жарықтықтар оған қайдан тап болды екен... Дүниені қаран су алып кеткесін сонда барып паналағаны ма... Міне, қызық... Иә, мына тас қорған, шынында да, түйе қора жасауға таптырмайды екен... Оған мың түйе де, мың-мың түйе де оңай сиып кететін шығар. Жарықтық жылқылар қайда жүр. Әне, олар қалқып келе жатқан көп нәрсенің арасында құлақтары селтиіп-селтиіп жүзіп келеді... Қойлар ше... Олар көрінбейді. От жерге біреу айдап апарып тастамаса, өз қамын өзі жей алмайтын бейқам немелер ең болмаса аяқтарын сермелеп тыпырлауды да білмей әлдеқашан құрдымға батып кеткен шығар... Әне бір салындылар шөп пе, жоқ өлген қойлардың қаңқасы ма... Не де болса, үндері шықпайды... Момындардың көретін күні қашан да осы. Анау жылқылар, анау түйелер... Сан жағынан олар қойдан көп емес. Бірақ, еттері тірі болғансын, жағаласып-жармасып, өліспей беріспей келеді. Ертең мынау топтан су тартылғанда аман қалғандардың арасында олардың да тұқымдары болады... Ал қой... Қойды қой... Қой сияқты қоңырларға мұндай аласапыраннан аман қалу қайда... Мұндай сұрапыдың тұсында тек айлалылар мен еті пысықтар, көкіректерінде қыжыл барлар мен талақтарының биті барлар ғана аман қалады... Көрерсің, осыдан ешкі екеш ешкі мен түлкі екеш түлкіге дейін аман қалады. Түйе екеш түйеге дейін тас қорғаннан мойынын созып тұрғанда әлгі кебенек келгірлер патшаның ақ шаңқан сарайында сақалдары шошаңдап сатыдан сатыға орғып-қарғып мөз-мейрам боп жүрген шығар... Баяғы қақ төрдегі қақыра тақта тұмсығын желге төсеп түлкі отыр ма екен, жоқ басын бағып бүк түсіп борсық жатыр ма екен... Не де болса, пысықтар өлмейді... Заман қашан да пысықтардікі... Баяғыда Мырзатай нағашысы солай дейтін... Апырай, сонда Бұл енді ел қарасын көре алмайтын болғаны ма... Әкесі мен анасына маңдайын иіскетіп, тай мініп, көсік қазып, жуа тере алмайтын болғаны ма... Қара жерді қаран су алып кетсе, қайдағы құмақ, қайдағы көсік... Қара жерді қаран су алып, дүние асты-үстіне шығып аламан-асыр болып кетпесе, бұрын мынау көне молалар шошайып тұрар айғыр жолдардың басында қайдағы тас қорған тұрар ма еді!.. Қара жерді қаран су алып, дүниедегі нәрселердің бәрі үйреншікті орындарынан жаңылысып, бірімен бірі ию-қию араласып кетпесе, түйенің қомында туып, аттың жалында өскен бұл мынандай тас ңамауда не бітіріп отырады... Неге анау кең даланы кезіп кетпейді... Құрық пен сойылдан басқа қару қажет емес қазақ сахарасына мына бір келінің аузындай үңірейген-үңірейген шойын түтіктер не бітірем деп келе жатыр... Қазақтар бұнымен не істейді? Айран ұйытады ма? Құрт қайнатады ма? Әлде саудагерден сатып алған қайдағы бір дәрі-дәрмек сары жапырақтарын салып, насыбай түйе ме? Не істейді бұлармен... Мынау жеті бабасы көрмеген асай-мүсайлардың бөрі өзіне еріп келеді... Тышқандай балаға бұл не қылған құрмет, бұл не қылған қошамет. Әлде қара жолдың астында үйлығысқан көп қорқау қаннан қаперсіз қотанға өзі бастап барсын деп шетке шыққан қотыр тоқтының соңына еріп келе ме... Бұл не... Маңырайын десе дауысы шықпайды. Мыналар бұның тамағын қырнап тастағаннан сау ма? Жоқ, қан жоқ... Қолына жылымшы ештеңе жұқпайды... Міне, қызық... Тамағы аман... Жұтқыншағы аман... Кеңсірігі аман... Өңеіпі аман... Бірақ, дауысы жоқ... Дауысы қайда кеткен?.. Сонда мына жүтқыншақ, мына кеңірдеқ мына өңепі не бітіреді? Алдына келген қоюды қарбытып, сұйықты қылғытуға ма? Жоқ, бұған дауыс керек... Неге екені белгісіз - даусының қандай екенін ұмытып та қалыпты... Айқайлап ән салғысы келеді. Тамағын бұл кенейді, әнді басқа біреулер салады. Күркіреген бөтен ән. Таудан дүркіреп көшкін құлап келе жатқандай. Көшкін не қар, не тас емес, өңшең адам. Өздері шетінен кеңірдектерін жыртып ән салып келеді. Құлақ шекелеріне дейін қызарып кетқен. Ештеңеге қарайтын түрлері жоқ. Анау күнгі қара нөпір жылқыдай баса көктеп келеді. Ештеңеден тайқитын, тайсалатын түрлері жоқ. Өздері де, үндері де жойқын. Көзін ашып қарағысы келеді. Бәрібір ештеңе көре алмайды. Манағы көл-көсір сед боп қалқып жатқан су да керінбейді. Соның бетіндегі сенделе жүзіп бара жатқан көп салынды да көрінбейді. Тек үн... Күркіреген бөтен үн... Толастар емес... Құлағын тұндырып барады... «Жә, тоқтатыңдар, түге!» Тамағын кенеуін бұл кенейді, бірақ басқа біреулер айқайлайды. Жаңағы күркіреген қалың үн жым-жылас. Жым-жырт тыныштыққа елітіп жатыр. Дел-сал ұйықтап кете ме қайтеді... Әйтеуір көз алдында бір көгілдір шарана ғана көлкіп тұрып алып, басқа ештеңені байқатпайды. Солай ұзақ жатады... Тағы бір уақытта тасыр-түсыр дыбыс шығады. Бірақ тұяқ дүсірі емес. Әлде тұяқ дүсірі ме... Иә, тұяқ дүсірі... Оның үстіне құмға аунатып жүгөрі қуырғандай тысыр-тысыр тағы бір дыбыс шығады. Бұл не болды екен, түге?.. Бір уақытта ол да басылады. Бір уақытта біреу кеп мұның иығынан қағады, маңдайына алақанын ұстайды. Сосын аузына әкеп бірдеңе тосады... Ащы, удай ащы... Кекіреге көп жайылған түйенің сүті... Жоқ, одан да ащы бірдеңе... Айыра алмайды. Қайта-қайта аузына ұстайды. «Іш, іш» деп қолқалайды. Жоқ, «ем, ем» дей ме? Емі несі? Мына бір ағараңдағаны не пәле тағы? Баяғы албасты кеудесіне тағы да мініп алған ба? Екі емшегі бұрынғыдан да ұзара, үлкейе түскен бе? Бұрын екі иығынан асырып тастап, екі жауырынын ұрғылатып салақтатып жүретін еді. Енді екеуін мойнына бір-бір орап алып барып, ту сыртына жіберетін болыпты ғой. Екеуінің ұшында екі қара құрт жорғалап келе жатқандай. Енді сәл кідірсе, ерінін шағып алатындай... Бұл жалма-жан қолын сермелеп, көзін ашып алады... Қыстыкүнгі күртік қардай аіщақ бірдеңелер маңдай тұсынан күрт алыстай береді де, орнына қайдан сап ете қалғаны белгісіз, Мырзатай нағашысы шыға келеді.
- Көзіңді аштың ба, жаным...
Бұл не дегенін өзі білмейді... Езуін бір жиырады да, қайтадан бір буалдыр елеске кіріп жоғалады.
Сөйтіп неше күн жүргені белгісіз... Бірде көзін ашып алса, анадай жерде бір адамдарды қаз-қатар тізіп, қолдарын көкке көтергізіп, арқанға керіп тастапты. Кіндіктен жоғары жақтары тырдай жалаңаш. Қолдарын керген арқанның екі ұшын екі жақта екі атты ұстап келеді. Қолдарын көкке көтерген еркектердің қолтықтарында бірдеңе қарауытады. Мыналардың обырлар болғаны ма? Ана қарауытқандары әлгі көп айта беретін тесіктер ме екен? Жоқ қылшық сияқты. Тіпті күнде көп жүрген еркектердің қолаңса исі түмсығына келгендей... Ендеше, бұлардың бүйтіп қолдарын кекке көтергізіп қойғандары несі? Бұлардың кім болғаны...
- Мыналар кім?
- Иә, жаратқан алла! Ақсары бас садаға! Есіңді жинадың ба! Бұлар ма? Бұлар әлгі естектердің айтып жүрген обырлары ғой...
Обырлар дейді... Сонда анау қолтықтарындағы қарауытқан... расында да тесіктер болғаны ма? Соған қазір қолдарын салып жіберіп, тыпыршып тұрған жүректерін тайдай тулатып суырып алып, анау ала шаңыт ақ бұрқылдақ жолға лақтырып тастап, мынау көп доңғалақпен үстерінен көсілте таптап өте ме...
Көз алды тағы да қарауытып қоя берді. Маңайындағы тасыр-түсыр сықыр-сықыр, сыбыр-сыбыр үн де өшкен. Тылсым қараңғы. Тылсым тыныштық. Тек тұла бойының күйіп-жанып бара жатқанын біледі. Тек тілінің таңдайына жабысып шөлдеп жатқанын біледі. Қаталап барады-ау, қаталап барады... Су іздесе, төңірегі құлазыған шөл. Көкжиектегі көгерткен бірдеңеге қарай жүріп келеді... Қанша жүрсе де, жеткізбейді. Тілі добалдай боп ісініп барады. Аузына сыяр емес... Су... су... қанша қақылдаса да, дыбысы шықпайды. Бұның дауысын кім тартып алған... Әнеки, су, су... Тамағын бұл кенегенмен, айтуын басқа біреу айтады. «Әй, су әкеліңдер, су сұрайды». Біреулер бірдеңені әкеп аузына тосады. Добалдай қалың бірдеме... Баяғы албасты әйелдің ит басындай салаңдаған емшегі емес пе. Одан енді сүт емес, су шығатын болғаны ма!.. Жоқ, мынауы су да емес, сусылдаған құм ғой... Түз салып керегеге іліп қоятын дорба секілді бірдеңенің пүшпағынан сусылдап құм төгіліп жатыр. Бұл қолымен қағып жіберді. Әлдене даңғырлап әлдеқайда ұшып кеткен. Бұл тағы да көкжиекте кілкіп тұрған сұйқылт мұнарға қарай емпеңдеп салып береді. Кенет бірдеңеге сүрініп кетеді. Бақса, аяғының астында орыстардың ішіне су толтырып, белдіктеріне асып алатын қалайы құтысы жатыр. Сыртын кенегшен қаптап қойыпты. Қоңырайып көрінеді. Ішінде су болса керек. Тығынын ағытып, ауызына ұстайды. Тағы да су емес, құм саулайды. Тағы да қолымен бір-ақ серпіп, әлдеқайда атып жібереді. Бұл жолы даңғырлай жөнелмей біраздан соң барып дүк ете қалады. Су... су... Қызыл өңеші үріп ысқа ұстап қойған қозының қарынындай қаудырап кеуіп қапты. Сәл жұтынса, шытырлап сынып кететіндей. Су... су. Шынында да, мынау кең дүниенің бетінде бір үрттам су қалмағаны ма... Айдалада жападан жалғыз тұр. Алақтап жан-жағына қарайды. Сол баяғы құлазыған құла түз. Аспан да айтақырдай бедірейіп жалтырап жатыр. Екеуі де күдер үздіргендей. Кенет отыра қалып, жоқ жата қалып, жер тырналай бастады. Шанақтың түбін қазсаң, ылғал топырақ шығады. Соны тамағыңның астына бассаң, таңдайыңның кеберсігені басылады дейтін кәриялар. Сахарада өскен баланың есі кірер-кірместе еститіні малдың жөйі, шөптің жәйі, жолдың жәйі, өрістің жәйі... Маңайында, ең болмаса, жаңа тезек жоқ. Жаңа тезек түгілі қураған қу тезек жоқ. Бұл маңайда бағзы заманнан бері ел болмаған. Ендеше, жантақ табылғай да... Әне, бірдеңе көгөрітеді... Жер бауырлап қасына барды... Жантақ... Тікені қолына кіріп барады... Шып-шып шыққан ез қанын ерініне апарып еді, сор татиды. Жантақ түбін жалма-жан қаза бастады. Әлгінде ғана құмдауыт топырақ сияқты еді. Енді қараса - өңшең бір көне-құсқы шүберек. Шүбатылып шығып жатыр, шығып жатыр... Шамалыда, таусыла қояр түрі жоқ. Өңшең шүберекке өніп жүрген Бұл қандай жантақ... Жер тырналағанын қоя қойып әлгі кегертіп тұрғанға қараса... Жантақ емес... Мойыны ұшып кеткен көк шыны қүты... Жаңағы қолын қанатқан тікен емес, піөлмек екен... Қап... Күдерін үзіп, жер бауырлап жатып, солқылдап келіп жылады... Сосын екі шекесі Бүлкілдеп, басы қаңғып бара жатқасын, шалқасынан аударылып түсіп аспанға қарады. Сол-ақ екен әлдеқайдан бірдеңе гүрс-гүрс ете қалды. Найзағай ойнап тұр ғой... Аспан шәйдай ашық... Қайдағы найзағай! Сытыр-сытыр... Жауын... Бірақ маңдайына тиіп жатқан бір тамшы жоқ. Сол баяғы бедірейген аспан... Сол баяғы құлазыған құла түз... Бірдеңе тағы да жер-көкті шатыната күрс-күрс ете қалды... Мынау, шынында да, күннің күркірі. Бірдеңе, шынында да, жарқ-жүрқ ете қалды... Мынау, шынында да, найзағай. Найзағай ойнағанда шайтан қашып, жан иесінің тұрағын келіп паналайды демеуші ме еді?! Мұнда ешқандай тұрақ жоқ... Өзін келіп паналамаса. Келсе келсін... Шайтан болса, шайтан болсын... Әйтеуір бір серік табылса екен. Шайтан болса да, судан шыққан шайтан болса екен... Ең болмаса, тұла бойында ылғал қалған шығар... Тағы да қара жер қақ айрыла гүрс ете қалды. Бұл жолы ол жерден басын жұлып алды. Сөйтсе... Анадай жерде... Тап мұның желке тұсынан көкжиектен аспанмен тайталасқан қазанның күйесіндей қап-қара түйдек шаң көтерілді. Биіктеген сайын ұлғайып, биіктеген сайын қарауытып барады. Күн батыс бетті қара күйе қаптап келеді. Барған сайын далиып кең аспанға тұтаса жайылып барады. Бедірейіп жатқан шәйдай таза қаныпезер аспанның өзіне зар болатындайсың. Әлгі алапат қара дақ өсіп келеді, өсіп келеді... Енді байқады, сол қара даққа әлдене шұбатылып ілесіп келеді. Әуелі жылқының ерініне қадалып салақтаған сүліктей бірдеңе еді. Барған сайын ұлғайып барады. Қара дақ та қара бүркіт сияқты... Басы, қанаты көрінбейді. Оның орнында шудадай ұйысқан қара тұман, қара бұлт... Ал, қос шеңгелі ап-айқын сойдиып-сойдиып көрінеді. Сол тегеурінді, тырнақтарға әлде бір қүбыжық ілініп қалыпты. Екі шара табақтай екі кезі шекесінен шығып барады. Қазір-ақ үясынан атып піығып, домалап жерге түсіп қалардай. Жандәрмен оларға қарайды. Көк желкесінен бұрілген әлгі қүбыжықтың созалаңдаған денесі ең соңында балықтың құйрығындай екі айыр құйрығы көрінеді. Үсті-басы балықтың үсті-басындай. Жоқ, жоқ, жыланның үсті-басындай... Жылт-жылт етеді. Ирелең-ирелең. Бүре ұстаған қос шеңгелмен жағаласып келеді. Жиырыла қалып, айыр құйрықпен салып-салып жібереді. Қос шеңгел бәрі-бір айырлар емес. Денесін қайтадан төмен салбыратып жіберіп, әрлі-берлі ырғалтып көреді. Қос шеңгел бәрібір жіберер емес. Айыр құйрықты қадалта қадап, жабысып ап, қара жерді қорс-қорс тырмалай береді. Отырықшылардың соқа салып жыртқан аңыздығындай қарс айырылып із қалып барады. Қос шеңгел бәрібір айрылар емес. Әлгі құбыжық біресе ыңыранады, біресе ысылдайды. Біресе құйрығын шиыршықтай орап қос бұйірін кезек-кезек ұрады. Қос шеңгел бәрібір айрылар емес. Жер сызған айыр құйрық бұған да жақындап қалды. Енді болмаса анау қақырата қорс жыртып бара жатқан қара топырақпен араластырып бұны да қарнап кетуі мүмкін. Әне - тіптен тақап келіп қалды. Әне - кенет құйрығын жиралаңдатып көкке көтерді. Жиралаңдаған денесінен әлденелер жылт-жылт саулап жатыр. Шамасы, әлгі жылтылдақ қабыршықтары шығар. Күміс-моншақтай құйылып келеді, құйылып келеді. Міне, зуылдап бұның да төбесінен өтті. Ол жалма-жан көзін тарс жұмып алды. Бетіне әлденелер сау-сау тегілді. Бір-екеуі ерініне тиіп еді. Тамшы... Бал татыған мөлдір су. Құбыжықтың тұла бойынан тамшы саулап барады. Жұрттың аспаннан бір әлемет қара бұлт кеп, көлден суырып көтеріп әкететін аждаһа дегендерінің осы болғаны ма? Ендеше, бұл маңайда түщы кел болғаны ғой!.. Әлгі бір-екі тамшыдан тұла бойына жан кіргендей рахаттанып жатыр. Сығырайтып көзін ашты. Қара бұлт жөңки көшіп барады. Әлгі қүбыжық бұлқынып түсіп қалудан күдерін біржолата үзіп, енді қара бұлттың ішіне ирелеңдеп сіңе түсті. Ол араласқан жерге әлдеқайдан күн нұры түсіп, жалт-жұлт ете қалды. Әуелі көгерді, сосын қызарды, сосын сарғайды... Қара бұлттың бауырында кемпірқосақ ойнайды... Құбыжық кемпірқосаққа айналыпты...
Ол таңданып көзін бақырайтып ашып алды. Қапталдағы күймеге жегулі ақ боз аттың құйрығында да қырық құлпырып кемпірқосақ ойнап барады. Дірілдеп тұрған жалында да жалт-жұлт қызылды-жасыл жолақтар билеп тұр. Жаңағы қара бұлт ту-ту алысқа көкжиекке ығысып кетіпті. Аспанның қақ жартысына жаңа тоқылған басқұрдай жалт-жұлт етіп, алып кемпірқосақ асылыпты. Ауада мөлт-мөлт ылғал бар.
Ханзада басын көтеріп, күйменің ашық пердесінен қолын сыртқа созды. Жанға жайлы майса самал ерке күшіктің тұмсығындай мұп-мұздай болып, оның пәлен күннен бері оттай лаулап жатқан ұлпа алақанын жалап-жалап қойды.
-Иә, алла, ақсары бас садаға. Басыңды көтергенің рас па, айналайын.
Мырзатай нағашысы қалбалаңдап бет-аузына үңілді.
-Не боп қалды, нағашы?
-Не болмады, шырағым...
Мұндайда бұтқа толып қомпиып сөйлейтін нағашысы мына жолы жасып сөйледі.
Бұл ауырғалы бір аптадан асыпты. Бір апта бойы маңдайына қол апартпай лапылдапты да жатыпты. Пәлен күн түзге түнеп келе жатқанда бірдеңе иектеп кетпеді ме деп Мырзатай тызалақтапты.
Осы керуенмен бірге келе жатқан Бұхар молдасы Мансурахунға жүгіріп барыпты. Білетін әулие-әмбесінің бәріне жалбарыныпты. Әлде солардың шарапаты ма... Әлде, бір апта бойы орыс балгер қасынан шықпап еді. Өзі бір ұшып-қонған шошаңбай пәле екен. Мынаның қолынан лақ бағу келмесе, ауру емдеу келе қоймас деп жолатқысы келмеп еді... Мың болғыр, әй-шәйіңе, қолынан қаққаныңа қарамайды, аяқ-қолыңа оратылып жүгіреді. Әлде соның шарапаты тиді ме... Әйтеуір, арты қайыр... Мырзатайға айтқызсаң, әлгі башқұрттардың қорқынышты әңгімелерінен жүрегі шошынған, не мыналардың көздері тиген... Бесіктен белі шықпай жатып ақ патшамен табақтас болып келе жатқан кдршадай балаға кім таңғалмады дейсің... Таңғалу, гаңырқау да - дұшпандыңтың бір белгісі... Анда-санда бір соғатын бөтендердің сәл нәрсеге, бастарын шайқап, таңдай қаға қалатындары тегін ғой дейсің бе! Ең болмаса тіліміз өтіп, көзіміз тиіп, бірдеңесі бұлініп, құрығанда бота-тайлағына қоскіндік келсін деп әдейі істейді. Дегенмен, мына балгер білгір екен... Қазақ емшілерден ешқандай айырмасы жоқ. Ем-дом дегенің қайда да бір екен ғой. Кітап ашу керек болып еді, сандығынан суырып ап, кітап ашты... Ішірткі беру керек болып еді, қағазға орап ішірткі берді. Шөп қайнат десең, шөп қайнатты. Бұл білетін емнен, әйтеуір, мойынына бой тұмар таққан жоқ, су бүркіп түшкірген жоқ, от жаққызып мұқал ошақ аттатқан жоқ... Бірақ қардай әппақ шүберекті суға малып, маңдайын жапты. Қардай әппақ мақтаны суға батырып, ерініне су тамызды... Асты-үстіне түсті... Бұл да әбден ит зықысын шығарыпты. Ішірткі бергенде талай рет қолын серпіп жуытпапты. Кішкентай темір қүтысынан су жұтқызбақ болғанда, жұлып алып лақтырып жіберіпті. Қағазға тұрген ақ үнтақ берген екен, аузына топырақ құйып жібергендей түкіріп әлекке салыпты. Әншейінде ес-түсін білмей сұлың жатқан адам әлгіндей ем-домның тұсында кісі қайран қалар әлемет қайрат тауып қарсыласып бағыпты. Бұл, әсіресе, сол қарсыласқанынан қатты сескеніпті... Әдетте бірдеңенің салқыны тиген адам маңайына жан жолатпай арпалысып кетуші еді. Шамасы, бұрын дәрі-дәрмек ішпеген адам да тосын емге тап сол құсап бой бермей, сермеленіп қалатын секілді.
Ал, мына жауын тек бүгін жауып тұрған жоқ көрінеді. Үш күн бойы төпеп берген сол нөсердің де көрсетпегені жоқ дейді. Мына шерудің оған дейін де талай рет ит зықысы шығыпты. Өрістегі жылқы ешқашан түгел қайтпай қойған соң, бір күні күзетке Мәмбет мырзаның өзі барыпты. Казактарды қаққан қазықтай тапжылтпай сақ ұстапты. Түн ортасы ауған тұста әлдеқайдан әлдене жарқ ете қалыпты. Алдын ала өзірлеп қойған мергендер жапатармағай оқ жаудырыпты. Баж ете қалған бір-екі адамның даусы шығыпты. Мәмбет мырза бет алды дүрліккен жылқыны казактарға тастап, қасындағы бір рота солдатпен қою қараңғыға бөліне сүңгіп бара жатқан аз дүсірдің соңынан салыпты. Аямай атыпты. Талайлар оққа ұшыпты. Талайлар аттан домалап түсіп қалыпты. Мәмбет мырза солардың бес-алтауын алдына салып айдап әкеліп, ертеңіне көш жөнелерде керуендегі қазақ елшілігінен басқа мұсылмандардың бәрін тізіп қойып, жер-жебірлеріне жетіпті.
Сөйтсе, арттарынан араға бірер қыр тастап, соңдарынан қалмай еріп келе жатқан башқұрттар қараңғы түсе тасадан шыға кеп, жайылып жатқан жылқыға тап береді екен. Қойындарынан шақпақ тас суырып, бір-біріне үйкелеп от шығарып, үріккен жылқының бір бөлігін алдына салып айдап әкетеді екен. Барымташылардың бәріне аян бұл қулықты жол көрсетуші башқұрттар, қанша дегенмен, қандастарын аяп айтпапты. Қазақтар: «Бәлесінен аулақ!» деп айтпапты. Соған өлердей ыза болған Мәмбет мырза:
«Әлгі көкіп жүрген ши мұрындарың мен обырларың - міне, мыналар. Кәне қолтықтарынан үңірейіп тұрған тесік табыңдар да, қолқаларын суырып ап, алақандарыңа төгіп, алдыма әкеліңдер», - депті.
Әншейінде жымсия күліп жайбарақат жүретін етшең сары кісі қатты қайнап кеткен самауырдай екі иінінен өзер дем алып зіркілдеп ала жөнеліпті. Қара жерді теуіп-теуіп қалғанда тығыншықтай кісінің дөңгелене бөлініп шығып тұрған майлы бөксесі өн бойынан су өтіп суықта қалып дірдектеп тоңған көбенің құйрығындай дір-дір етеді дейді.
Қапелімде ашуы басылмай керуендегі башқұрт пен қазақтан ешкімді тастамай алты тұтқынның қаруларын көкке бір-бір көтерткізіп, қолаңса сасып тұрған қолтықтарына тұмсықтарын бір-бір сүңгітіп шығартқызыпты.
«Қалай екен, тесіктері үңірейіп тұр ма екен? Бәлкім, қазір көздеріңе түспей тұрған шығар. Біраз жүрген соң барып пайда болар!» - деп шаңқ-шаңқ етеді дейді.
Содан тұтқындардың қолдарын төбелеріне кетерткізіп, бір арқанмен шандып буып, екі жақтарынан екі атты кісіге жетектетіп, соңдарынан терт аттыға кезек-кезек қамшылатқызып қуғызып, үш күн бойы енеден туғандай тыр жалаңаш жаяу айдатыпты. Көш жөнекей ерген шыбын-шіркей солардың лыпасыз тәндеріне емін-еркін жабылып, мөз-мәйрем боп қалыпты.
Ханзаданың әнеу күнгі есін бір жиып алғандағы көргені сол екен.
Айлалары білініп қалған башқұрттар енді ашық қимылға көшсін. Соңғы жақтағы жәукем қолға түсіп біраз шығындар етіпті. Қос қапталдағы жәукем қолдар да шығынсыз емес көрінеді. Жер қараның өзінде тұтқиылда тасадан тап беріп, көзді ашып-жұмғанша ұйпа-тұйпаларын шығарып тайып тұратын башқұрт-тарға үш күн қатарынан жаңбыр жауып, тіптен құдай береді. Жәукем қолды қойып қақ ортадағы негізгі қолға тиісетінді шығарды. Осы жуықта оқ-дәрі тиелген арбаларға тамызық лақтырып қырып кете жаздапты. Құдай сақтағанда, су киіз жанбай қойып аман қалыпты. Арбалардың біразы ыңырсыған жаралылар. Талай жаралы солдат пен жаралы казакты башқұрттар алдарына өңгөріп әкетсе керек. Талай ауыл құл-құтанға жарып қалатын болды.
Кешеден бері бас ұлық ең жақын кәмекшілерін алды-арттарындағы, қос қапталдарындағы жәукем қолдарға жіберіпті. Зеңбіректерді де соларға таратып беріпті. Бүгін башқұрттар қос қапталға қалың қолмен тиісіп, жапырып кетпек болған екен, бас ұлық тоқтай қалып үрыс ашыпты. Барлық зеңбіректен оқ жаудырып, башқұрт аламанын қанқасап қырып салыпты. Манағы күркір аспандағы найзағайдікі емес, жердегі ұрыстікі көрінеді.
Ханзада сыртқа көз тастады. Аспан шәйдай ашылып келеді. Манағы бір қара бұлттар көк жиекке сырғи-сырғи әбден көз таса болыпты. Қыр шөбінің жаңбырдан кейінгі айырықша жүпар исі аңқып қоя берді. Бірақ құбылаға қарай салдыртып келе жатқан ұзын шұбақ керуен бүгін күндегісінен де тұнжыраңқы. Жұрттың басы кеудесіне түсіп кеткен. Ауыздар үннен қалып, тұяқтар мен доңғалақтар ғана есі кете езілген саздақ топырақты аямай жаншып, зіркіл қағып келеді.
Содан бұлар өліп-талып осы бір аша түбекке де жеткен. Терістік жақтағы анау ашушаң кісінің қабағындай алыстан түксиіп тұрған қара биіктің басына шыға келген шерудің кезіне ең алдымен құбыла бетте кекжиекті тұтаса көмкеріп жатқан тағы бір айғыр қара жал түсті. Екі қара жалдың арасы телегей етңіз. Шалқып жатыр. Су екені де, сағым екені де белгісіз. Сынапта мөлтілдеп көлкіп жатқан шалқар айдынның қақ ортасында дөңкиіп әлдене қарауытады. Көлді кешіп барып тұнықтан су ішіп сазға бауырын төсеп салқындап жатқан жылқы тәрізді. Бөгелектеп, бас шұлғып жатқан-дай, бұлдырап көзге анық шалынбайды.
Кирилов пен Тевкелев шеруді тоқтатып, биік төбенің басына шығып, әлгі алқапқа қарай қолдарын үсті-үстіне сермейді. Қастарына келген ханзадаға, Нияз сұлтанға, Мырзатайға Мәмбет мырза әлгі қарауытқанның күн батыс шетін көрсетті.
- Орынбор әне! - деді.
Ханзаданың құп-қу жүзіне қан лып етті. Анада орыс астанасынан шыға бергендегі қалқыған судың қақ ортасында тұрған оңаша қорған көзіне елестеді. Сол тас қорғанның басында төңірегіне манаурай көз тастап, ата қаздай алшайып, жағасы жайлау жайбарақат тұрған өз әкесі келді көз алдына. Жақындауға үңірейген зеңбіректер мен орыс мылтықтың күнге шағылысып жарқ-жұрқ еткен істігінен қорқып, жал-жалдың тасасымен жымып бара жатқан қыл жалаулы жау келді көз алдына. Тас қорған түгілі анау шалқар көлден аттап басу қайда оларға! Ондай ақымақ табылып жатса, қызыл қорғанның қабырғасынан көк ала түтін бұрқ етіп, қызыл жалын арасынан атанақтап қара доптар атып шыққанда аттары ерлерін бауырларына алып тайып тұрар да, қызылкөз дұшпан қу тезектей шашылып жатар анау шалқар көлдің жағасында...
Сүлесоқ тұрған баланың кешегі науқастан әлі құлантаза айыға қоймаған зіп-зілдей басында әлдене зың ете қалды. Көптен бері үні өшуге айналған баяғы бір жұмбақ шымшық құлағының түбінен қайта шықылықтап қоя бергені.
Әттең бірақ сол бір жанына майдай жағып бара жатқан әдемі елес тез тарқады. Ең алдымен мынау кең алқапты кемерлеп кілкіп жатқан шалқар көл тез тартылды. Сөйтсе, ол су емес, сағым екен. Ұзыншүбақ шерудің алды ойға құлап үлгермей жатып әлгінде ғана қалқып жатқан телегей теңіздің құрдымға сіңгендей ғайып болғаны. Орнында қақалып қалың өскен қара жусан. Әлі күнге балауса қалпы. Басындағы балапанның түгіндей майса көгі әлі қурамапты да, қатаймапты. Соны сағым шалғанда мынау кең қолат айдын көлге айналып шыға келеді екен. Қара қолаттың қақ ортасында мынандай шүйгін шөпке әбден тойып, анау сылқылдай ағып жатқан дариядан әбден қанып, енді біраз тыраңдап, тұла бойының құрыстырысын жазғысы кеп аунап жатқан ту биедей жалтырап жатқан жалпақ жон дөңбек жал сұлапты. Оны екі жағынан иерелеңдей орағытып екі өзен тоғысыпты. Терістігіндегі - Жайық. Күнгейіндегі - Ор. Арты терістіктегі қайқаңдаған қара биіктің басына енді көтерілген керуеннің алды сол екі өзеннің айқасар сағасына кеп тоқтады.
Жас келіншектің омырауындай үлбіреп тұрған көк шүйгінді есірік күйеудің орынсыз қамшысындай осқылап айқыш-ұйқыш зеңбірек ізі, арба ізі айғыздай жөнелді. Әлгінде ғана түгі жылтырап, сауырын самалға, бауырын күн нұрына аялатып рахаттанып жатқан көк ала ту биедей оқшау жалдың әп-сәтте-ақ ұйпа-тұйпасы шықты. Мың жылдан бері де құлақ шошынардай өрескел дыбыс естімей тыныштықта маужырап жатқан жым-жырт алқаптың денесін дүр тұршіктіргендей шақыр-шұқыр үн көбейді. Мың-мың қасапшы қаз-қатар тұра қалып пышақ жанығандай ертелі-кеш шақыр-щүқыр. Анда-санда жер ошақ қазылғаннан басқа көбесіне зақым тимей ту жатқан қүйқалы топыраққа ертелі-кеш мың-мың темір күрек, қайла, сүймен кірш-кірш қадалып, қайзалап бағады. Опыр-топыр топырақ омырылып, тырс-тырс шөп үзіледі. Құдайдың бары мен жоғының арасындағы баянсыз шаң-тозаңынан топырақты түзіп, оны балуанның жотасындай тұтас жатқан қара жерге айналдырып тұрған сиқыр күш - мың-сан нөзік тамыр мынау ойда жоқта төбелерінен түсіп төмпештей жөнелген мігірсіз соққыдан бырт-бырт күйреп жатыр. Көк ала ту биедей көлбеп жатқан бұла жал кезді ашып-жұмғанша-ақ терісі сыдырылып, көбесі сөгіліп жайрап қалды. Енді оны бұтын бұт, қолын қол ұшалап-мүшелеу дегенің сөз боп па! Пәлен мың пышаққа тап болған қара жер қасқыр тартқан жылқының қаңқасындай ырсиып, қансырап жатыр. Мал қасапты талай кергенмен, жер қасапты кім көрген! Шерудегі қазақтар әуелі бұған жағасын ұстады. Бірақ, дүниеде қазақтай үрегей, қазақтай үйірсек халық бар дейсің бе?! Ол неден шошынбай, неге бас ұрмай жүр еді?! Келе-келе әлгіге де үйреністі. Үйреніспей де қайтсын... Күнде-күнде көретіндері осы. Сыбанған білек. Қарш-қарш тіс қайраған ашқарақ темір. Жайраған жануардың қан-жынындай қорс боп шашылып жатқан қызыл топырақ. Жер астынан мың-мың Мәді қатар шығып келе жатқандай үсті-басы шаң-шаң адамдар.
Ағыл-тегіл тер. Айғыз-айғыз бет-ауыз. Күс-күс қолдар. Ертеден - қара кешке көкке топырақ атқылаған мігірсіз жұмыс. Аспандағы күннің көзі де топыраққа көміліп қалғандай. Анадағы балбырап балауса тұрған алқаптың бар шөбі шаң-тозаңның астында. Екі беттегі екі дарияның да лайы көбейген. Жел осы беттен тұрғанда кең жазира сахараға алапат шаң борайды. Көктегі Бұлт та осы тұстан өткенде бір көрсе басар күлге аунатып тұрғызып жіберген арзымсыз ұрғашының етегіндей сатпақтанып қалады. Бұл маңайда жорғалаған кесіртке екеш кесірткенің денесінде бес елі тозаң тұрады. Сонда да таусылып бітпейтін құдіреті күшті құдайдың топырағы да көп екен!!! Сол тауыстырып бітуі мүмкін емес топырақты тауыспай тынбайтындай ертеден қара кешке екі бүктетіліп құнжаңдайтын да жататын құдіреті күшті құдайдың солдаты да мықты екен! Қайтып жалықпайды, қайтып іштері пыспайды десеңші!
Күнде шығыс беттегі қатпар шоқының басына барып, ертеден қара кешке дейін шоқиып-шоқиып жайғасып ап, жер қазып жатқандарды қызықтайтын қазақ елшілігіндегілердің қарап отырып-ақ іштері пысып кетеді. Қарап отырып-ақ белдері ұйып, қарап отырып-ақ бойлары дел-сал тартады. Ал әлгі қара жердің бір қабат астына тірілей кіріп ап, мықшыңдап жатқан сабаздар бір шарудан кейін бір шаруа ойлап табады. Әуелі біреуі қолына қорағаш ұстап, екіншісі бақшырайған дөңгелек шынымен сығалап жер таңдады. Одан әлгі маңдаған жерлерін шырқ айналдыра өлшеп шықты. Өлшеп шыққан жерлеріне әр жер - әр жерден қаз-қатар қазық қақты. Сосын сол қазықтарына арқан керді. Сонда айналасы ат шаптырым шаршы алаң боп шықты.
Сол шаршы алаңға бір күні таңертең бәрі кеңірдектерін соза ендетіп келіп, шыр айнала сапқа тұрды. Қолдарында бір-бір күрек. Жүздері жалт-жұлт етеді. Малынтып оқалы шекпен жамылған орыс пірадары күңірентіп дұға оқыды. Сосын қасындағы қаба сақал серігінің қолындағы күміс тостағаннан үш саусағының ұшымен іліп алып, сапта тұрған сарбаздар мен болашақ қорғанның шекарасын ұшықтап шықты.
Жұрт араларына қос құлаштай жер тастап, қолдарына күрек пен шоқыр ұстап қаз-қатар тұра қалды. Анадай жердегі шошақ төбенің басындағы едірең мұрт үш дауылпазшы қолдарындағы таяқшаларын сермелей жөнеліп еді, көп күрек пен көп шоқыр көк масаты тың топыраққа кірш-кірш қадала кетті. Шаң-шүң адам дыбысы. Тақ-түң темір дыбысы. Үш күннен асар-аспаста-ақ кеше ғана жіп керулі тұрған шаршы алаң шыр айнала ор қазылып қоршалды. Ордың тереңдігі екі кісі бойы да, ені бір кісі бойындай. Әлгі ордың ішкі бетінен түйелі адамның бойы жетер-жетпестей қып жал топырақ үйілді. Оның ішкі жағын да, сыртқы жағын да шаршылап шым ойып өкеп жағалай бастырып шықты.
-Ай, мыналары несі-ай! - деп сұрайды Мырзатай жанына жуып кеткен не татар, не башқұрттан.
-Қорған ғой! Бұлар жаудан осылай қорғанады ғой.
- Астапыралла!.. Адам мен адам, қылыш пен қылыш, найза мен найза сайысса керек еді. Адамға жал-жал топырақты, атқа қазулы орды қарсы салып, өздері сонда тоғыз құмалақ ойнап отыра ма? Бізде, қапелімде, жан қысылғанда болмаса, мұндай айлаға жүгірмейді ғой. Ондай да құдайдың тау-тасын сағалайды емес пе! Ал мынау жау келмей тұрып, алдын ала жағалай қымтанып,
тірідей жерге кіріп алып отырады деген не сұмдық!
Оның бұл сөзіне әлгі башқұрт пен татар түгілі Ералы жиенінің өзінің қосыла қояр түрі көрінбейді. «Ай, нағашыеке-ай, таңғалмасқа таңғаласың-ау!» - дегендей үн-түнсіз басын шайқады.
Мырзатай таңдайын қағып отырғанда талай шаруа бітіп болды. Солдаттар мен казактар жер қазып жатқанда башқұрттар болашақ қорғанның ішіне кіріп, арбаларындағы азық-түліқ бөрене, құрал-саймандарды түсірді. Түйелерге артылған жүк түсіріліп, штаб офицерлері мен аға офицелерге киіз үйлермен жолым үйлер тігілді. Ұзындығын он екі құлаш, биіктігін үш құлаш қып азық-түлік салынған қаптар бөлек жиналды. Астынан ылғал тартпас үшін бөренеден терт таған жүк аяқ жасалды. Жауын, шаң өтпесін деп әуелі кенеп жабумен, сосын өре киіздермен, оның үстінен тоқыма шетен тесеніштермен бастырып жабылды.
Жүктерден босаған арбалар мен түйелер аз кем тыныс алып, жаңа құрылысқа керек заттарды әкелуге Уфаға қайта шұбырды.
Адамдарда күні-түні мігір жоқ. Шағын-шағын топтарға бөлінген. Әркім өзінің қай топта екенін біледі. Әр топ өзінің не істейтінін біледі. Біреулер саз топырақ қазып, қырман айналдырып, балшық басады. Екіншілері оны шаршы-шаршы ағаш қалыптарға салып нығыздайды. Үшіншілері қораптан шыққан шаршы-шаршы шым тастарды кептіріп, үйік-үйік қып қалап жинайды. Кейбіреулері қорғанның ішінен мұз салып қоятын, оқ-дәрі сақтайтын ұра ойып, болашақ казарманың табанын орнықтыратын жер қазып жатыр. Аспаз еркектер анадай жердегі биіктің жел жақ мүйісінен наубайхана мен асхана тұрғызып әлек. Әп-сәтте ұстахана да бітіп, іске кірісіп кетті.
Күні кеше бұрқырап шаңы ұшып жатқан, одан екі бетін бірдей шым шаршылармен тегістеп қалап бастырып шыққан жал қорғанның төрт мүйісінен төрт қыш мұнара салынып, төрт тарапқа өңешін создырып төрт зеңбірек орнатылды. Енді сол шаршы қоршаудың ішінен тас қорған салынып болып, өскер мен зеңбіректер шатырларын сүйретіп сонда көшіп қонды.
Көктегі күнге айбат шеккен өткір күректердің шаруасы тек бұнымен біте қояр түрі жоқ. Әлгі шағын шаршы қорғанның сыртынан одан да үлкен шаршы алаң өлшеп, оған да шыр айнала ор қазылып, оның да ішкі бетіне жағалай айғыр жал топырақ үйіліп, тоғыз жеріне қыш тастан тоғыз мұнара тұрғызылып, тоғыз зеңбірек орнатылды. Енді сол жал-жал топырақтың үстіне тастан шыр айнала қорған салынбақ. Сонда мынау бір ін, бір іннің ішінде бес ін деген балалардың жұмбағындағы айтылатындай қым-қуыт орлар мен қым-қуыт тас кедергілерге қандай жүрек жүтқан жауыңның да жолай қоймағы қиындап кеткен түрі бар. Әлгінде ғана айнала сұқтанып тұрған сүғанақ көздерден қаймыққандай теріс айналып, жонын төсеп жасқаншақтап тұрған жал топырақтар, ауыздары үңірейіп тоғыз зеңбірек орнатылған соң, айналаға өзі үрей шашып қоя бергендей.
Мырзатай енді: «Шаппаған, шабамын деп айтпаған жаудан қорғанып, жаңбыр жаумай су болып отырған күніңді ұрайын», - деп боқтайтынынан тыйылып келеді.
- Мына пәлесінің басқасын былай қойғанда анау үлек түйенің мойынындай сорайып-сорайып тұрып алған қызыңды ұрайындарынан-ақ атымыз үркіп жақындай алмаймыз ғой, - деп қояды.
Әбден айнадай қып тазалап, күнге шағылысып жалт-жұлт еткен мыс зеңбіректер оның сөзіне жымың-жымың күліп тұрғандай.
Осындай қыруар жұмыс бар болғаны бір айдың ішінде жасалды. Жұртты тағы да шаршы алаңға шырқ айналдыра сапқа тізді. Ортаға тағы да жарқ-жүрқ орыс пірәдары шығып, жаңа біткен жал қорғандар мен мұнараларға, жұрттың үсті-басына күміс тостағаннан үш саусағының басымен іліп алып су бүрікті. Жалт-жұлт етіи қаз-қатар тізіліп тұрған отыз бір зеңбірек үш рет гүрт-гүрс ете қалды. Үш рет аспанға доп атылды. Ғасырлар бойы қатты айқай да естімей, жым-жырт тыныштыққа бөгіп тұрған дел-сал алқап дүр түршігіп, туғалы мұндайды көрмеген бір талай қазақ сол күні күңірсіген оқ-дәрі исін иіскеді. Қос өзеннің бойындағы құс біткен қиқулап аспанға кәтерілді. Құрақ арасында балдыр тамсап жүрген балық біткен желбезектері дір-дір ете қалып, тереңге сүңгіді. Шөп екеш шөптің арасы да бүлк-бүлк. Даланың түлкісі, қарсағы, борсығы, тышқаны, жыланы, кесірткесіне дейін жан дәрмен әлдеқайда безіп берді. Маңайдағы қара дөңдердің үсті де бастарымен қайғы боп маңып бара жатқан үйір-үйір киіқ қарақұйрық, құлан. Тым-тырс жатқан дүние дүр қозғалып әлдеқайда қопарыла көше жөнелетіндей. Екі езеннің суы да бұрынғысынан бетер жөңкіле аққандай. Мынадай төтен жаңалықтан бәрі үркіп, бәрі безіп барады.
Үрікпей, безінбей тұрғандар кеше ғана күрек қажап тастаған қолдарына мылтық ұстап сап түзеп самсап тұрған мынау жирен мұрттар. Кеше мынау жағалай ор қазылып, қоршау салынбай тұрғанда ай астында құлазып бос жатқан құла түзден қаптап жау өріп келе жатқандай көп жалтақтаушы еді, енді өз үйлерінің ауласында жүргендей талтаң-талтаң етеді. Дауыстары да шаңқ-шаңқ етіп айбарлы шығады. Жер түбінен артынып-тартынып алып келген қоқыр-соқырларын өздері қазған індігештеріне тыққыштап, әлгі індігештерін көше-көшеге беліп, сызық сызып, әркім өз індігешінің маңына сынық шөп түсірмей сыпырып әуре боп жатыр. Қолдары қимылдаса болды, әкелері базардан келгендей улап-шулап көңілденіп кететін жұрт екен.
Олар шаруаларын бітіріп жайлана түскен сайын пәлен күннен бері бостан босқа сарылып жатқан қазақ елшілігі үзеңгіге аяғымыз қашан тиер екен деп қипақтап бітті. Бұлар аз болғандай бас ұлық Әбілқайыр ханға хабаршы шаптырып, мынау жаңа қонысқа жасалатын тойға арнайы қонақтар жіберуін өтінді.
Бұны естігенде Ералы төбесі көкке жетіп қуанған-ды. Ағайын- тумаларымды көрем ғой деп, солармен бірге, амандық болса, елге қайтам ғой деп қуанған-ды. Жаяу кет десе, кетуге-ақ пейіл... Балағын түріп ап қазір-ақ жүгіре жөнелер еді. Бірақ, не керек...
Күні кеше кешқұрым бас ұлық өзіне шақыртып алып «Келесі көктемде жаңа қала әбден салынып бітеді. Сонда тойға өкеңді шақырамыз. Сені де еліңе сонда жібереміз. Оған дейін осында боласың», - деді. Әншейінде ол бұған жүзін жылытып мәймөңкелей сөйлеуші еді. Бұл жолы көмейіне зіл жиып нығыз сөйледі. Бет-аузы баяғы Уфадан шыққан күнгідей емес. Мыж-тыж.
Көзі ұясынан шыға жаздап аларып кеткен. Екі ұртына қылыштың ізіндей екі айғыз әжім түсіпті. Дөңес маңдайын да шынымен қаптап қойғандай. Сұп-суық. Бұны бірден торықтырайын деп, әдейі осылай ызғарлана тіл қатып тұрған болар. Жаңа қоныстың тойына Нұралы келеді деген. Соның алдында бұл мінез шығарып жүрмесін дейтін секілді.
Той дастарханында бас ұлық бұның бір жағынан өзі отырып, екінші жағынан Мәмбет мырзаны отырғызып, сағынып көрген ағасына жақындатпады. Баяғыдан көп есейіп, ересектеніп кеткен Нұралы інісіне анда-санда бір көз тастап қойып маңғаз отыр. Сөзі де нығыз. Жүріс-тұрысы да нығыз. Кескін-келбетіне кесектіқ тұлға-тұрпатында бөлекше бір қайрат пен айбар бар. Ел үсті шаруаға да ысылып қалғаны байқалады. Қасындағы орыс ұлықтарымен терезесін тең ұстап, иығын керіп, алпамса көкірегін аша түседі. Бұл дегенде шығарға жаны басқа Мырзатай нағашысы тым алыста қалыпты. Оны соңғы екі-үш күнде көріп те жарымады. Оның орнына Уфадан бірге ілесіп келе жатқан Мансұр деген Бұхар молласы көбірек жағалап кетіпті. Бұған дейін маңына жолап көрмеген бір көк құтандай серейген қалтылдақ бас ақ сұр адам қолына қағаз ұстап, қалам ұстап, «әкеңе суретіңді салып беріп жіберем» деп қайта-қайта келгіштеп кетті. Шымшық торғайдай ұшып-қонған тағы бір бетен біреу ауызын ашқыздырып, тілін шығартқызып кәріп, кеудесіне құлағын тақап көп тыңдады. Бұндай әбігердің басталғанына бүгін үшінші күн... Осыдан үш күн бұрын ұйқысынан енді ояна бергенде қайдағы бір бұл көрмеген асыл маталарды құшақтап екі-үш кісі жетіп келді. Содан бұның бойын елшесін, белін өлшесін, кеудесін өлшесін... Әйтеуір бұның бойында олардың қолы тимеген жер қалмады. Кеше қайта-қайта шақырып алып, әлі ақ жібі алынбаған су жаңа киімдерді кигізіп, шар айнаның алдына алып барып, шырқ айналдыр қарап тыным тапқызбады. Мана таңертең құбыла беттегі айғыр жалдан бір топ салт атты көтерілгенде алдарынан ұзатылатын қыздай қып үлде мен бұлдеге орап бұны алып шыққан-ды. Алыстан жол соқты, жел қақты болып түтігіп келе жатқан қыр қазақтары сағағынан үзілгелі тұрған қызғалдақтай қызылды-жасылды боп құлпырып тұрған талдырмаш бала жігітке таңырқай қарасқан. Қазақ қай кезде шүберекке жарып көрген! Оның үстіне жоңғарлар үйреншікті базарларынан алысыраққа қуып тастағалы иіндерін жаңарта алмай жүрген. Ауылдастарының шыдамсыздау жағы қолды созып жіберіп, бұның үсті-басын сипап көрген. Енді, міне, өзінен-өзі қысылып, үлбіреп екі ұлықтың ортасында отыр. Бұдан басқа қазақтар қоламтадан шыққан боршадай қап-қара. Ал бұл болса, піспеген собалақтай боп-боз. Қазекең қашан да жүзі бозаң адамды дімкәс кісі деп ұққан. Жаңа оңаша жолығып қалғанда бәрі «Денің сау ма? Өңің боп-боз ғой!» - десіп жатты. Өңіңе қарағанда бастарын шайқап, киімін көргенде көздері қызыл шоқтай жайнап қоя берген. Қазір де бұның үсті-басына, отырыс-тұрысына көзінің астымен қарап отырғандар аз емес. Бала ханзада соны байқағанда бір масаттанып қалғанымен, қазір солардың бәрі аттарына мініп ап, ауылдарына тайып тұрғанда, мынау кіл бетен адамның арасында бір өзі қалып қоятынын ойлағанда, алқымына әлдене лық тіреліп тұрып алады.
Кешеден бері солдаттар қолдарынан ара мен балта түспей тақтайдан тұрғызған ұланасыр дастарханның басындағылардың бар назары осы жақта. Салтанатты киінген бас ұлық үсті-басы жалт-жұлт етіп орнынан көтерілді. Әр сөзді шегедей қадалтып орнықты сөйлейді. Сөзі біте бергенде жұрт алдарынан қоян қашқандай атып-атып тұрегеліп, қолдарын кекке сермелеп, айқай салып қоя берді.
-Мыналарға не көрінген?
-Патша ағзамның ғұмыр жасы ұзақ болсын! - деп жатыр.
Мәмбет мырза бұның сауалына асыға жауап берді де, жұртқа қосылып өзі де айқайлай жөнелді.
Күркіреген қаһарлы үн теңіздің толқынындай өрекпи көтеріліп, барған сайын ұлғайып, мың-сан жерден сермелеп тулақ қаққандай құлақ жаңғырықтыра қалтырап тұрып алды. Шамалыда басыла қоятын түрі жоқ. Олар тоқтайды екен деген күдерлерін үзсе керек қамалдағы отыз бір зеңбірек түгел күркіреп қоя берді. Бір емес, екі емес, әлденеше рет гүрс-гүрс... Әр гүрсілдеген сайын аспанға мыңдаған қызылды-жасылды шоқтар ұшып шығып ұзақ қалықтап тұрып алады. Мынандай қаһарлы күркірден жылт-жылт жымыңдап тұрған жұлдыздар да безіп жоғалған. Жаңа толған жарық ай да дүниені тітіренткен әлгі бір гүрсіл тағы шықса, шырт етіп сынып түсетіндей дір-дір етеді. Бірақ, оған қарайтын зеңбіректер бар ма, үсті-үстіне күркілдейді. Соңғы бір гүрсіл басыла бергенде әлдене сатыр-сүтыр ете қалғаны. Қамалдан тысқары алысырақтан шыққан сияқты. Қырпық жалдың басында ескілікті қорым бар еді. Соның ортасында жабайы тастан қалай болса, солай салған шомбал күмбез тұрған-ды. Соның бір жағы опырайып құлап түссе керек. Тасыр-тұсыр тас домалады да, басыла қалды. Солдаттар мен казактар ду күліп жіберді. Қолдарындағы мөлт-мөлт сұйық толы ыдыстарын ауыздарына апарды. Қырдан келген қазақтарда өң жоқ. Мана бұның жүзіне тесіле қараған күрең беттер қазір ақ шүберектей боп-боз боп қуарып көрінеді. Еріндері мігірсіз қыбырлайды. Шамасы, үсті-үстіне кәлима қайырып тұрса керек.
Нарттай қызарып бусанып алған бас ұлық тағы да орнынан көтерілді. Бұл жолы да манағыдай дауысын нығарлай созып сейледі. Не айтып тұрғанына бұл түгел түсінбеді. Әйтеуір сөз арасында «Әбілқайыр хан» дегенін құлағы шалып қалады.
- Хан иенің құрметіне марапат айтып тұр! - деді Мәмбет мырза ханзаданың құлағына сыбырлап.
Жұрт тағы да күркірей женелді. Зеңбіректер тағы да гүрсілдеп қоя берді. Аспанды тағы да ақ, қызыл, жасыл, сары оттар жапты. Жұлдыздар тағы да жып беріп жоғалып, жылт етіп қайта керінді. Ай тағы шарт сынып кетпей өзер қалды.
Енді Мәмбет мырза сөз алды. Бір жолы Нұралы ханзаданың, екінші жолы Ералы ханзаданың құрметіне қошамет айтты. Екі дүркінінде де жұрт орындарынан дүркірей көтерілді. Екі дүркінінде де жұрт жапатармағай жабырласып, кеңірдектерін жырта айқай салды. Екі дүркінінде де зеңбіректер жер қақтыра зірк-зірк етті. Екі дүркінінде де ай мен жұлдызды бұркеп, аспанға қызылды-жасыл оттар шашырады.
Ашық аспан астындағы сол думан түн ортасында зорға тарады, Түн ортасында кернейшілер сап түзеп тұрып алып, манадан бергі тасыр-күсірдің есесін қайтарғысы келгендей, құлақ құрышын қандыра құйқылжыта күй шалып жұртты ұйқыға шақырды.
Ертеңіне қазақ елшілігіндегілер елдеріне қайтты. Ералы ханзада бас ұлық пен Мәмбет мырзаның қақ ортасында қалтиып тұрып сүлқ қол былғап шығарып салды. Мырзатай нағашысының құлағына ғана сыбырлап: «Анда-санда адам жіберіп хабар алып тұрыңдар!» - деді. Ералының қасында исі қазақтан табын Қотыр батыр қалды. Алпамса денелі бұжыр бет батыр: «Келесі көктемде ханзада біз екеуміз де елге қайтамыз», - деп қояды. Бала ханзада «иә» дегендей иегі кемсеңдеп бас изегендей болған.
Одан бері де, міне, он айдың жүзі ауып барады. Ел тарапынан ешқандай хабар жоқ. Хабар болатын реті де жоқ. Былтыр елшілік елдеріне бара, суық күз түсе, ауылдар Бұл маңайдан алыстап көшіп, сонау күнгейдегі құм шағылдардың арасына сіңіп кетті. Ол жақтан жас төл аяқтанбай шыға алмайды. Жабағы жүнді қырқып барып көш бетін терістікке бұрады. Көштің алды Сары Арқаның дөңдеріне жетсе, енді-енді жетеді. Сол күн жақындаған сайын бала ханзаданың шыдамы таусыла түсті. Таң атса болды, ат сұрап мініп, маңайдағы биік-биіктің басын кезіп кетеді. Көз ұшынан бейсауат жүргінші көрінбес пе екен деп, қарайған іздейді. Ең болмаса, көзіне қашқан аң ілікпейді. Аң екеш аң да бұл арадан безіп кеткен. Безбей де қайтсын! Мынау екі өзеннің тоғысына былтыр күзде пайда болған қара шоғыр соңдарына көк түтін салып шығынтып болды. Жолап кетсе, шыбындай қырып салады. Қан қасап қып әлгі бір індігештеріне тасып алады. Былтырдан бері қоректерін осы аңмен айырып келеді. Енді, міне, зәрезап болып, олар да жолайтын емес. Аң болмағанда күнде жер астынан ініне су кеткен тышқандардай шұбырып шыға келетін тосын тобыр мына көктем, мына жазға жете алар ма еді, жоқ па еді... Бас ұлықтың былтырғы: «Көктем шыққанға дейін қаланы салып бітеміз» дегені әншейін бос әңгіме боп қалды. Былтырғы күзден бері көзге түсетініндей ештеңе бой көтере қойған жоқ. Оған мүрша да болмады.
Нұралылар аманатқа қалып бара жатқан бауырымен қоштасып, елдеріне қайтқасын бірер күннен соң аттарын ақ сабын қып терлеткен жиырма шақты атты келді. Келді де жерге кіріп кеткендей із-түзсіз ғайып болды. Не деп келгендерін кім біліпті... Әйтеуір Петербордан шыққандағы жазық маңдай жадыраң жүз Кирилов адам танығысыз өзгөріп кетті. Қабағы тарс жабулы. Ала көзі шатынап алған. Жанына жолап кеткенге бір ақырып қалады. Жұртқа жер қаздыруды, балшық илетуді тыйып, қайтадан қару-жарақ тазалатты. Ер-тұрман жөндетті. Арбалардың доңғалақтарын майлатты. Ертеңнен қара кешке дейін түнерді де жүрді. Оны көріп Мәмбет мырза да ширығып алды. Бас ұлық солдаттар мен казактарға жекіріи жатса, Бұл башқұрттар мен татарлардын екі аяқтарын бір етікке тықты. Олар сүйтіп бір жүрді. Бір күні таңертең жұртты әдеттегідей сапқа тұрғызды. Саптағы адамдардан кісі тастамай қастарына барып үсті-бастарын, қару-жарақтарын қарап шықты. Сәл міндерін көрсе, жер-жебірлеріне жетіп, табанда қайта түзетті. Сол күні жұртты түске дейін қазықтай қағылтып тұрғызды да қойды. Кешқұрым оларды екіге бөлді. Түн қараңғысын жамылып біреуін өз соңына ертіп бір бағытқа, екіншісін Мәмбет мырзаның соңына ертіп екінші бағытқа жолға салды.
Ертеңіне таңертең қорс боп қазылған аша түбекте бар болғаны екі мыңдай ғана әскер қалыпты. Оларға бастық боп қалған арық қоңқақ мұрын Чемодуров саптың алдында екі қолын артына ұстап, қойқаңдап көп жүрді. Сосын басын көтеріп ап, анадай жерде жиюлы тұрған күрек-қайлаларды көрсетіп:
- Жұмысқа кірісіңдер, - деп шаңқ етті. Бұрынғы-бұрынғы ма, жағалай жылмық жон қара жалдар қоршап тұрған аша түбек тіпті құлазып қоя берді. Анау жалдардың ар жағында кімдер тұрғаны, олар не істегелі тұрғаны - бәрі жұмбақ. Кешегі ымырт түсе жолға шыққандардың шүбырып іздері ғана жатыр. Олар да терістік баурайға кетеріле беріп, жым-жылас болған. Олар қайда кетті, неге кетті? Оны да жөндеп ешкім білмейді. Бас ұлық барда ыржалақтап қайда жұрт темекі тартып, әңгіме дүкен құрып жатса, сол арадан шықпайтын Чемодуров енді ине жұтып қойған иттей тызалақтап топқа жуымайды. Шырқ айналып азық-түлік қоймасының, оқ-дәрі қоймасының қасынан шықпайды. Тәптіштеп бәрін санап жүр. Күрек пен қайлаға дейін қырық қайтара санап шықты. Оның неге керек болғаны белгісіз. Әлде іші пысңасын ермек таба алмағаны ма? Олай дейін десең, бір қолымен белін таянып, екінші қолымен желкесін қасып, әлденеге айырқанып келіп тұрғаны. Іші пысқан кісі өйтуші ме еді?! Жұмбақ, бәрі жұмбақ...
Жұрттың да бұрынғыдай емес, жұмысы әнбейді. Сәл қимылдайды да, қайта отырады. Бастары қосылса - гу-гу әңгіме. Әңгімеге араласпайтын Ералы ханзада мен Қотыр батыр ғана. Олар жұрттың не айтып жатқандарына түсінбейдь Жаутаң-жаутаң ауыздарына қарайды. Ал басқалар болса, бір-біріне ауыздары желімше жабысып қалғандай, бастарын ажыратпай сыпсыңдасады да жатады. Тымақтары салпылдап келе жатқан екі қазақты сырттарынан «үшінші пост» деп келеке қылатын көрінеді. Өйткені, оқ-дәрі қоймасы мен азық-түлік қоймасынан кейінгі көздің қарашығындай сақ күзетіп бағатындары осы екеуі көрінеді. Әуелі оған бұл екеуі шамданып жүрді. Кейін баяғы бұхарлық Мансұрахун келіп түсіндіргесін арқаларын кеңге салатын болды.
- Е, мейлі... Найсаптар біздер үшін ақ патшаның алдында бастарымен жауап беретін болса, бізге одан артық не керек! - деп Қотыр батыр кеңк-кеңк күліп қояды. - Егер осыдан тұла бойымнан бір тал қылшық щығын болатын болса, қатын патшаң біздің қатынның алдында басымен жауап беретін болады. Бұлардың сәл нәрсеге бастарымен жауап беретіні жақсы екен.
Бұхар молдасы тарқылдақ батыр күліп құмарынан шыққанша, ауызын ашып қарап отырады, сосын кітабын ашып, ханзадаға дәріс үйрете бастайды. Қотыр батыр ондайда насыбай түйеді, қамшы ереді, одан да іші пыеып кетсе, наубайхана, асхана жағындағы башқұрттар мен татарларға барып хабар тыңдайды. Қайтып келгесін ханзадаға: «Мыналарыңның шаруалары шартарап болып жатқан түрлері бар-ау, шамасы. Анадағы талтаңдарынан айрылып қалыпты. Ұры жырада тай жығып жатқан қорқау қасқырлардай жан-жақтарына көп жалтақтайтынды шығарыпты», - деп қояды.
Қостағылар бұлардың салт атқа мініп жақын маңайға сейілдеп қайтатындарын да жақтыра қоймайтын тұр танытты. Соңдарына ертіп жіберетін сақшыларының саны көбейе түсті. Бұрынғыдай қажың-күжің хабар сұрасатын татар, башқұрттарды ертпей, солдаттар мен казактарды ғана ертеді. Олары сәл ұзап шықтың-ақ, алдарын орағыштап, қамшыларын шелтеңдетіп, қосқа қарай қайырмалап бағады. Ең болмаса, көз жетер жерге дейін көсіліп жатқан маң далаға жанарың талғанша телміре қарап, құмардан шығуыңа да мұрша бермей, айнала қара жалдардан асырмай, мына бір тар қолатқа тордағы торғайдай, тыпырлатып қамады да қойды.
Ханзада бұрын өзін қадірменді мейман сөзінуші еді.
Шидей мойынын көкке созып онсыз да шалқақ басын әнтек асқақ ұстаушы еді. Енді сол көкірегі күн санап жығыла түсті. Аяқ-қолында сылдыраған кісен жоқтығы мен салпаңдатып жұмысқа салмайтыны болмаса, тұтқыннан несі артық?! Отыр десе отырып, тұр десе тұрады. Тіпті қалаған кісілерімен де тілдестірмей, құрқұлақ болуға айналды. Жұрттың не деп жатқанын да білмейді. Қажет десеңіз, өздері бас қосып өткізетін көп мәслихаттарына да қостырмайды. Бұлардан әлгі шиыршық сәлделі үнді көпесінің жағдайы жақсы. Ол әйтеуір жұрттың арасында жүреді ғой! Жұрт не айтса да, тісін ақситып, аузын ашып күліп тұрғаны. Ол екеш ол да орысша біледі. Жылма-жыл Астраханьға келіп, сауда жасап жүріп үйреніп алыпты. Үйрене алмаған жаңғыз нәрсесі - суыққа төзімсіз. Қара суық басталғалы үстіне түйенің жабуынан басқаның бәрін жамылып алды.
Сонда да безгек соққандай тісі тісіне тимей сақылдайды да жүреді. Байғұс сонысына қарамай, қақаған қызыл шүнақ аязда керуен тізіп еліне аттанады. Жолда Бұхараға соғады дейді. Бас ұлық өзін былтыр күзде:
«Бұдан былай еліңнің саудагерлерін Астраханьға емес, Орынборға әкеліп тұр», - деп әдейі алдыртыпты. Сол бұратана көпестің өзі мына шуылдақ көп тобырға ханзададан гөрі бір табан жақын адамдай.
Осында кім көп, бұралқы мен бұратана көп екен!!! Шоқынған татар, шоқынбаған татар, естек шуаш, боғұлдарды былай қойғанда орыстан арғы іргелі елдердің де талай сығырағы толып жүрсе керек. Бас ұлық бәрін жерден жеті қоян тапқандай жинай беріпті, жинай беріпті. Әлгі бір ұшып-қонған шошақай дәрігер де орыс емес бөтен көрінеді. Жақ жүні үріпиіп ол да бебеу қағып өліп барады. Сүйтіп жүріп тыным таппайды. Күніне бір соғып, ханзаданың үсті-басын қарап, көзін, тілін, тісін көріп, арқасынан бір қағып кетеді. Ханзададан басқалар ең азы түшкірсе де: «Доктор Родэ!», «Доктор Родэ!» - деп өз-әулие тұтып, соңынан қалмай сүмеңдейді де жүреді.
Ол тек Бұлардың қасына ғана өз аяғынан келеді. Соны-сынан ба, анадайдан қарасы көрінсе болды, ханзаданың тұла бойы қаралай шімірігіп жүре береді. Шешіндіріп, о жер-бұ жерін шұқылап түртіп көретінін жақтырмайды. Қотыр батыр да қаралай тыжырынып бітеді.
Есіктен арсалаңдай кіріп қолын үсынған дәрігерге:
- Тәйт, нәйсап, қолыңды ала жүгіріп, қажыға барып келіп отырмаған шығарсың. Кім көрінгеннің қолтығын қасып, шабын сипап шыққан ол немең қай ауруыма дәрі бопты. Жу, әрі! - деп қара құманды иегімен меңзеп бір зекіп қояды.
Дәрігер жалма-жан жүрелеп отырып қолын жуады. Қалтасынан орамал алып сүртеді.
Сонда барып Қотыр батырдың қабағы жылиды.
- Ал, мылжың неме, тағы не сұрайсың? Дәрігердің жанындағы жылмақай башқұрт Юмаш аузы-басы сусылдап сөйлей жөнеледі.
- Батыреке, бұл кісі қырғыздардың, тойыс қазақтардың ем-домы жайында мағлұмат жинап жүр екен. Білгеніңізді айтып беріңіз, сауап болады?
- Сен сумақай да сандалады екенсің. Жүн жақ көпірге жөнімді айтып қайдан сауап табайын. Одан да қарап отырғанша күн өткізейік те. Ал не сұрайды екен?
Юмаш қасындағы он екі жасар имек мұрын су тұмсық балаға қарайды. Онысы неміс дейді. Су тұмсық жүн жаққа қарайды. Жүн жақ, қоя болған тайлақтай тамағын қиқылдатып бірдеңе деп былжырақтайды. Оның былжырағын әлгі қаршадай су тұмсық бала сағыз шайнағандай қайзалап Юмашқа айтып береді. Отқа түсіп кетер көбелектей елпеңдеп отырған сумақай естек бір жымиып Қотыр батырға бұрылады.
- Доктор Родэ мырза қырғыздар, тойыс қазақтар...
- Мына доңыздың тойысы несі? Қазақ саған қашаннан бері тойыс болып еді!
-Батыреке, ашулана көрмеңіз, ол әншейін әлгі немене еді, әншейін әдетім ғой!
- Өйткен әдетіңнің басына біздің қатын сарысын... Сумақай Юмаш батырдың ашуын басқысы келіп жырқ-жырқ күліп қояды.
- Батыреке, бұл кісі айтады, қазақтар көзі ауырғанда не істейді екен дейді?
- Көзге жел тисе, оған не ыстық сары майға, не түйенің ыстық сүтіне малып, мақта басса немесе жаңа сойылған қойдың бауырын тартса, бәрі де болмаса, қабырғаны отқа ұстап, ыстықтай көздің қызыл етіне
тигізсе, іріңін сорып, ісігін қайтарады. Көз қарыққанда, құрым киізді тесіп томаға кигізеді. Ақ түссе - меруерт моншақты ұнтап түйіп, оны ерітілген балың майына араластырып, май жасап, оймақтай теріге жағып, ауру көзге байлайды немесе кіндіктен жалғыз туған кісіге аш қарында үргізеді. Төріскен шықса - ине байлайды не жас нәрестенің дәретімен жуады.
Сумақай Юмаш мұқтасардың ежігін айтып отырғандай бипаздай соза сөйлеп су мұрын балаға жеткізеді. Су мұрын бала оның айтқанын да екі есе көп қылып жүн жақ дәрігерге түсіндіреді. Ол қолындағы дөптерге құнжыңдап жаза бастайды. Ол екі ортада Қотыр батыр шақшасынан алақанын толтыра насыбай төгіп, оны бас бармағымен мытып үйіп, тілдің астына тастап жіберіп, ірге жаққа тістің арасынан сыздықтата түкіріп, рахатқа батып отырады.
Әлде бір уақытта сумақай Юмаштың суылдақ еріні тағы да жалпылдай жөнелді.
Бұл кісі қы...
-Тап қызыңды ұрайын сенің. Қырға қырық келіп, қанша қозының обалына қалсаң да, ңазақ пен қырғызды айыра алмай-ақ қойдың-ау.
- Ойбай, батыреке, кінә менен. Доктор айтады, сендер басы ауырғанда не істейді екен дейді.
- Е, бас па?
Батыр ойланып қалады. Талай рет сойыл тиіп басын жарып алғаннан басқа басы ауырып көрмеген кісі қапелімде не айтарын білмей аңырып қалады. Сосын қит етсе, басының сақинасы ұстап жатып алатын бәйбішесі есіне түсіп, қоқиланып сөйлеп кетеді.
- Е, басың ауырса, бір кесе таза суды үйдің маңдайшасынан шашып жібер де, содан таматын тамшыны жиып алып, шашыңды сула. Оған да қоймаса,
қолыңа ұсталмаған жаңа күміс сақина сал. Тіпті оныңа да қоймаса, еркек ауырса үрғашы мал сойып, әйел ауырса еркек мал сойып, тері былау жасап, күн шыққанша ұйықтат... Айтпақшы, ол жел тигендегі ем екен ғой... Иә, иә... Не күн шығып келе жатқанда, не күн батып бара жатқанда бір тостағанға су толтырда, ішіне үш тал бұрыш пен үш тал қалампыр сал. Науқас кісіні құбылаға
қаратып отырғыз да, су үрттап ап, бетіне, екі бұйіріне, арқасына су бүркіп ұшықта. Су біткесін тостағанды ауру кісінің басынан үш айналдырып аулаққа лақтырып, ауруға тоғыз қабат киім жапқызып, өзің де аулақ кет...
Жүн жақ мынаны естігенде көзін адырайта бір қарап қойып, қағазына үңілді.
Қотыр батыр ауызындағы көк қоймалжыңды ытқытып тастап, сақалын сұртіп, қалтасынан істік алып, мұртын таулайды.
- Батыреке, ал тіс ауырғанда ше?
-Тәйір-ай, Бұл неме соны да білмесе, жұртты қалай емдеп жүр?! Кәдімгі далада дудырап өсіп тұратын тікен-тікен меңдуананың дөнін алады да, темір табадағы шыжғырылған ыссы майға салады. Соның буына ауызыңды ашқызып жүрелеп отырғызады. Басыңа шапан жауып бұркендіреді. Табаның қасына, сенің
алдыңа бір аяқ су қояды. Аузыңнан аққан сілекей соған құйылады. Сосын азу тісіңді жеп, бебеулетіп жатқан құртты шақырады. Міне былай!
Қотыр батыр орнынан көтеріліп, жер тізерлеп отырды да, дауысын көтере созып, әндете жөнелді.
Тұйғын, тұйғып, түйе қыл,
Ағайынды жиылдыр.
Ақ желегің сала кел.
Ақ саусағың мала кел!
Сары бас тұйғын, ,
Қара бас тұйғын.
Ызғыма тұйғын
Үңгіме тұйғын,
Суырма тұйғын,
Сыздама тұйғын,
Жайлаған жерді жау алды,
Қыстаған жерді ұры алды,
Жайлаған жерден қашып кел,
Тасыған суды басып кел,
Жетер-жетер, күйт-күйт,
Басар-басар, күйт-күйт,
Арқадағы алты құрт,
Арқаласып келер құрт,
Желкедегі жеті құрт,
Желкелесіп келер құрт.
Ауыздағы алты құрт,
Азуласып келер құрт
Басар, басар - кә, кө,
Басып келер - кә, кә!
Жетер, жетер - кә, кө,
Жетіп келер - кә, кә.
Түйғын, түйғын - кә, кә,
Түйірлеп келер - кә, кә!
Қотырдың көзі ежірейіп кеткен. Қожалақ-қожалақ беттегі екі түйір айқын нысана екі көзі алайып шығып барады. Су мұрын бала отырған орнынан қазықтай қағылып қатыпты да қалыпты. Шошақай дәрігер де жым болған. Тек сумақай Юмаштың ғана қара тонының қалта түсы құсқан басқа жайылып тұрған буаз шыбыштың бұйіріндей бүлк-бүлк етеді. Қотыр батыр оған ежірейе бір қарап өлеңін тоқтатты.
- Әй сығырақ, сен неге бүлкілдейсің? Немене, қайыненең қарсы алдыңнан күнтимесін қайшылап жалаңбұт отырып қалып па?
Юмаш беті күреңітіп, шашалып барып тоқтады.
-Ойбай, батыреке, өлеңге емес, өзіме күліп отырмын. Бұның бәрін мыналарға қалай түсіндіріп бере алам деп отырмын.
-Е, ол жөніңді өзің біл!
Қотыр батыр тағы да шақшасына жүгінді.
Үш тілмаш бұл жолы әкесінен қорыққан балалардай бір-біріне сыбырлай тіл қатты.
Қотыр батыр есіктен атанақтай кірген үш немені дымдарын ішінде қып пұшайман күйге түсіргеніне жау қайтарғандай масаттанып отыр.
Біраздан соң Юмаш батылсыздау тіл қатты:
-Пышақтан, қылыштан болған жарақатқа не істейді?
-Не істесін, иманжапырақ басады, сиырдың кепкен жапасын шүберекке орап таңады, күйдіріп киіз басады.
Дәрігер қаламын шиқылдатып қағазына тұртті.
-Мына кісі айтады, жылан шаққан, ит қапқан адамдарға не істейді екен дейді?
-Жылан шаққан кісіге терлік жабады, ит қапқан адамды әйелдің бұтының арасынан өткізеді.
Үш сығырақтың езуінде тағы да жымысқы күлкі жылт ете қалды.
Юмаш сығырақ бұгежектеп тағы да тіл қатты:
- Мына кісі айтады, сіздің халықта қояншық ауруы бар адамдар ұшыраса ма екен? - дейді.
Қотыр батыр «мыналар тағы да тәлкекке басты ма» дегендей ызғарлана қарады.
Юмаш қамшы жеп қалған таздай мүләйімсіп кез тастады.
-Ел болғасын есірігі болмас па? Қазақта да талай қояншық бар. Қояншығы бар адамға қоян ұстатып, қойынына салады.
Юмаш батырдың жауабын ерінінің ұшымен неміс балаға жеткізді. Неміс бала да қипақтай-қипақтай дәрігерге түсіндірді.
Шошақай дәрігердің сұрауының таусыла қояр түрі жоқ. Қаламын аузына тығып бір сорып алады да, бір сауалды тағы да жалп еткізеді.
- Мына сауалына Юмаштың көзі әпірейіп кетті.
- Батыреке, мына доктор айтады, сіз әйелдердің ауруы жайлы не біледі екен дейді?
-Немене?
- Әлгі әйелдердің ауруы жайында...
- Немене, мен қатынның ауруын біліп қатын ба екем? Қалай ауыратындарын сыр қылып айтатындай мен олардың абысыны ма екенмін. Бәсе, манадан бері жөн сөйлеп отыр ма десем тәлкек қылып отыр екенсіңдер ғой.
Қотырдың оң қолы қамшы тығулы қонышына бара бергенде сумақай Юмаш табалдырықтың ар жағына іітып шықты. Қалған екеуі де дүркірей көтеріліп есікке беттеді.
Үшеуі шығып кеткесін бұл әңгімені манадан бері үнсіз тыңдап отырған Ералы ханзада ішін басып күлсін кеп... Қотыр батыр оған шамданарын да, қосыла күлерін де біле алмай, біраз аңырып отырды. Сосын қолындағы қамшысын қонышына қайта салды.
- Не де болса, ханзаданың көңілін бір көтердім-ау! - деп бір мырс етіп, шақшасын суырды.
Содан қайтып дәрігер қанша келсе де, көр-жерді сұрап бұлардың бастарын қатырмайтын болды.