ВЕРНУТЬСЯ

          - Ардақты Әбілқайыр Мұхамбет Қазы Баһадүр хан дүние тұрғанша тұрғай!
Тұрғандар жапатармағай қолдарын жайысты. Сол-ақ екен сырттан отыз шақты жігіт іргесін тоң топырақпен көміп, шыр айнала киіз тұтып, кілем іліп жылылап тігілген сегіз қанат ақ орданы сықырлата көтеріп басқа жерге апарып қондырды. Біраз кісі хан отырған ақ киізді жан-жағынан ұстап ап төбелеріне үш рет көтеріп, үш рет жерге түсірді.
- Ардақты Әбілқайыр Мұхамбет Қазы Баһадүр хан дүние тұрғанша тұрғай!
Біреулер қындарынан кездік суырып хан көтерілген ақ киізді жапырақ қалдырмай тәбәрік қып талап әкетті.
Сол күні жаңа тігілген хан ордада тағы бір думан өтті. Қақ төрге қойылған тақтың екі жағына жолдарына қарап төменді-жоғарылы башқұрт игі жақсылары жайғасты. Тағы да Қарабас сөз бастады. Әбілқайыр отырғандарды көзімен тағы бір түгендеп өтті. Жүніс пен манағы төрт-бес биді тағы да таба алмады. «Олар неғып бүйтіп құйрық үзісіп жүр екен? Өткен жолы ондай сыңайлары байқалмап еді ғой... Не болды екен?»
Өз ойымен езі болып отырып Қарабас батырдың сөзінің аяқ жағын ғана құлағы шалып қалды.
- Хан ием, Сізге тізгінімді ғана беріп қоймай, тілек қосысып, ниет қосысып, туыс та болғымыз келеді. Хан өзіңіз болғанда, ханшамыздың бірі біздің бауырымыз болғанын жақсы көреміз. Қарсылығыңыз болмаса, біздің қалауымыз - еліміздің ең қадірлі азаматтарының бірі - Алдарбай Есеке ұлының қызы Зүбәржат. Ата көрген, ана көрген тәрбиелі бала. Сүйегіңізге дақ түсірмейді деп, алтын тажды қосағына лайық адал жар
болады деп сеніп, тілегін бүкіл ел болып тілейміз.
Сүйектен мүсінделгендей ақ сұр ханның екі бетіне қан лықсыды. Тамағын кенеп:
- Онсыз да тілек қосысып жатырмыз. Маған салсаңыз, артқан аманаттарыңыздан асқан ықылас жоқ. Менің көңіліме қарамаңдар, өз көңілдеріңізге қараңыздар,- деді.
- Бізге салсаңыз, біз көңілімізді айттық,- деді Қарабас.
- Иә. Сөзімізді жерге тастамасаңыз болды,- деді ақсақалдар.
Сұп-сұр хазірет тамағын кенеді.
- Әкеліңдер қалыңдықты, некесін осы арада қиямыз,- деді.
Қазіргі башқұрт ханша осылай түскен-ді. Оны ойлағанда хан әлге дейін өң мен түстің ортасында жүргендей есеңгіреп қалады. Ал сол жолы ала қыста жаңа ханым түсіріп, бір кездегі арманына жетіп, башқұрт жұрты да ақ киізге көтеріп хан сайлағанда бірнеше күнге дейін өз көзіне өзі сене алмай қойды. Ешқашан оның ойға алған ниеті тап Бұлай оп-оңай оңғарылып жүре бермеуші еді. Мынаған сенерін де, сенбесін де біле алмады. Ұйықтап отырған шығармын дейін десе, көз алдындағы нәрсенің бары бадырайып анық көрінеді. Өңі дейін десе - бәрі оп-оңай шешіліп жатыр. Өмірде бұлай бола қоймаушы еді... Шындық болар дейтін және бір себебі - осында келгелі бұрыннан көз-таныс төрт-бес кісісін таба алмай-ақ қойғаны. Анадағы екі беті бал-бұл жанған Жүніс батыр жым-жылас жоқ. Ол аман болса, мына жиынның қақ ортасында жүруге, көп шаруасын бел шешіп өзі атқаруға тиісті сияқты еді... Оған бірдеңе болған... Не мына топпен ат құйрығын үзіскен. Олай болуы мүмкін бе... Мүмкін емес секілді... Ереуілшілердің ең атақтыларының бірі. Ол бұларды бұлай тастап кете алмаса керек еді. Анадағы сөзі де өлі жадында. Оның үстіне сол жолы ештеңені білмеген, ештеңені түсінбеген башқұрт билері бұндай шешімге аяқ астынан қалай келді екен? Неге жер аяғы кеңімей тұрып ақылдасатын шаруамыз бар дейді? Әлгіде ұлықтар тарапынан кісі көңілін суытардай тосын хабар шықты ма? Бірдеңені асығыс сұрау, бірдеңеге асығыс жауап беру бұның әдетінде жоң-ты. Көп күманды ешкімнің көмегінсіз өзі анықтауға тырысушы еді. Сонда сен ешкімнің алдында ештеңеден қарыздар болмайсың. Ешкім саған сарт еткізіп айтарын айтып: «Ал енді қайтер екенсің?»- деп сынай қарап отыра алмайды. Мүмкіндігінше, жұрт жұмбағын өз бетіңше шеше біл. Мүмкіндігінше, өзің де жұрт көзіне көпке дейін шешуші табыла қоймайтын қиын жұмбақ бола біл...
Әбілқайыр жаңа қайын жұртының көңілін қимай біраз уақыт жайбарақат сейіл құрды. Аңға шықты. Башқұрт сабаздарының өнерімен танысты. Билер мен батырларға кезек пе кезек түстеніп қонақ болды. Бірақ көзіне түспей келе жатқан төрт-бес бидің жағдайын сұрамады. Олар бір жақ бұйірінде бүк түсіп жатты да қойды.
Бір ай шамасында табын Бөкенбайдан хабаршы келді. Мына жаңалық ол тарапқа өзір жете қоймапты. Ұлықтардан да ат ізін салған ешкім болмапты. Шамасы, бұл орыс ұлықтары үшін де, қазақ игі-жақсылары үшін де құлақ елең етердей тосын хабар болғалы тұр.
Хан Бөкенбайдың шабармандарын «Енді бір ай шамасында елге барып қаламын. Жаңа ханшаны көшіріп әкетуге Арыстанбай келер»,- деген жауаппен аттарына қондырды.
Араға және бір күн салып башқұрт ру басыларын жинады.
- Ал, халқым, мына хабарды сендер біліп, мен біліп қойғаннан ештеңе шықпайды. Сондықтан мен оны ақ патша ұлықтарына арнайы адам жіберіп хабарламақпын. Оған дейін патша жағындағылармен де сөйлескім келеді.
Сендер қарсы болмасаңдар мен оларға да қол астыма келіңдер деп ұсыныс жасасам деп едім. Сонда мен бұдан былай ақ патшаның ұлықтарымен күллі башқұрт халқының атынан сөйлесе алар едім.
Ақсақалдар: «Әңгімең дұрыс-ау!»- дегендей бас изесті. Бірақ бір нәрсеге күмілжіп отырған сияқты. Ол не құпия?
Бұл жолы сөзді Алдар бастады. Жарғақ бет неме арқасына қадалған шаншудың жәй-жапсарын айтып отырғандай ыңыранып жайбарақат сөйледі.
- Ол жайды, біз, алдияр, сізді шаңыртпай тұрып өзіміз-ақ бір жақты қылғымыз келіп еді. Таймас жағындағы билермен сөйлесуге Жүніс екеуімізге бастатырып, жеті-сегіз би жіберілген-ді. Ол тараптың естиярлары біздің барған шаруамызды түсінген сияқты болып еді. Құптайтын да рай танытқан-ды. «Ендеше, ханға хабар беруді біз мойнымызға алайық. Қашан келетінін өзіміз айтармыз»,- деген уәдемен тарасқанбыз. Сол әңгімеге риза болып, біз бері қайттық. Жүністер аржағындағы ауылдарына кеткен. Елдеріне енді жеткен бойда, бір күні түнде қарулы солдаттар сарт ете қалады. «Сіздер ереуілшілермен екі ортадағы қол жеткен келісімді бұзып, патша әкімшілігінің бұл мәселедегі жоспарына кедергі келтіріп азғырынды әрекеттермен шұғылдана бастадыңыздар. Сол үшін де Ор бойындағы қамалдың коменданты сендерді тұтқынға алуға бұйырды»,- деп айдап әкете барады. Бұдан кейін біз Таймас жағындағы билерден сыр бүге тұруға бел будық. Өзіңіздің қашан келетініңізді сездірмеуге тырыстық. Ол тағы да ұлықтарға астыртын адам жіберіп, бұл ниетімізді де жүзеге асыртпай қоя ма деп қорықтық. Енді не істеу керек екенін өзіңізбен ақылдасқалы жүр едік.
Алдар бастаған әңгімеге қалғандары да желпіне араласты.
- Өзіңіздің кеңеске шақырғаныңыз дұрыс болды, Жүністердің қамауда жатқанына екі ай болды. Өзір сол Ор бойындағы қамалда көрінеді. Ертең жер аяғы кеңігесін ішке алып кететін шығар. Оларды сосын қайтып көреміз бе, жоқ па - кім біліпті?
Гәп енді белгілі болды. Патша ұйғарымының жаз шыққанша анықтала қоймасын білген башқұрттар оған дейін алдын алмақ. Бұдан былайғы әңгімеге Әбілқайырды бел шештіріп араластырмақшы. Ол үшін оны өздеріне хан сайлайды. Ор бойындағы қамалды жапыра шауып жайпап кетуге күштері жетеді. Бірақ, анадағы пәтуаға нұқсаны тиіп, арты ұшығып кете ме деп кідірген. Жүністердің жағдайын Әбілқайырдың білгеніне салмақ.
Хан сұрғайып отырып қалды. Әлден соң бір шешімге белін бекем буғандай болып, нығыздана сөйледі.
- Не де болса, бұл әріден келмеген болар. Сол Ор бойындағы бастықтың өз білдігі шығар. Сіздердің арғы-бергі қимыл-қыбырларыңды үлкенге жорып, қорыққан бұрын қамшылайдының керін келтіріп жатқан
болмасын. Ендеше, қазір оған адам жіберемін, Жүніс пен қасындағы билерді шығаруды талап етемін. Башқұрт жұрты мені хан қылып сайлады. Енді оларға байланысты мәселеде менімен келіспей еткен әрекеттерің үшін ақ
патшаның өзіне шағынамын»,- деймін.
Ханның мына шешіміне отырғандар қопаңдасып қалысты. Жарты ай дегенде наурыздың лайсаң батпағына белшеден батып титықтаған хабарпгылар қайтып оралды. Комендант: «Қашан Самарадағы ұлықтан пәрмен келгенше, ешкімді босатпаймын»,- депті.
Әбілқайыр түтігіп кетті. Ашуын байқатпау үшін барып келгендерден қамалдың жағдайын, қанша әскері бар екенін, бастықтарының кім екенін сұрап білді. Сосын ойланып отырды-отырды да, орынынан тұрды:
- Ендеше, ол бастықпен барып сөйлесейік. Жолға қамданыңыздар,- деді.
Әбілқайыр қамалға алдын-ала жаушы аттандырды. Ол қамал бастығына барып башқұрт қолымен қазақ ханы келе жатқанын хабарлайды. Қамал бастығы бұлар барғанша ойлансын. Я ел болатынын, я жау болатынын айтсын. Не де болса, ол бастықпен Жүністерді босатқанынша тіл табыса алмайды. Не де болса, башқұрттардың алдында сөзін жерге тастата алмайды.
Күн шығыс беттен түнеріп келе жатқан қалың қолды қаладан бір түстік жерде бір топ нөкерімен бір сары ала иық сардары келіп күтіп тұр екен. Қасындағы нөкері - шағын. Келіссөзге шығып, тосып тұрғандары белгілі болды.
Еңкілдей шауып келе жатқан қаһарлы қол аяңға көшіп, сыпайы кейіпке көшті.
Торы ала аяқ ат мінген сары ала иық ұлық атын тайпалта бастырып жақындай берді. Тақау келіп амандаспақшы еді. Хан анадайдан: «Жә, тоқта солай!»- дегендей белгі берді. Көзіне күлкі жиып, жүзін жылытып жарқылдай амандасқалы жатқан ұлық ду қызарып кетті. Көгілдір көздері шөлмектей шатынап, темекі ыстап тастаған жирен мұрты жыбырлап қоя берді. Бірақ, астындағы торы ала аяғын әлгіндегісіндей діңкеңдете бермей, о да жай аяңға көшті.
Қол созымдай жерге келіп:
- Ор қамалының бастығы майор Останков мырза құрметті ханнан жүріс жайын біліп келуді тапсырды.
Ал сен өзің кім боласың?
-Мен Ор қамалы комендантының көмекшісі боламын...
- Көмекшісі.
Әбілқайыр түтігіп кетті.
- Ұлығыңның өзі қайда?
- Анда. Қамалда.
- Ол неге өзі шықпайды? Желігіп кететіндей жаңа босанып отырған ештеңесі жоқ шығар.
Едірең мұрт ұлық одан сайын түтігіп алды. Әбілқайыр да қалш-қалш етіп ашуға мініп тұрған. Дауысы шаңқылдай шығып зеки сөйледі.
- Сен өзің білесің бе? Мынау қамалды кім салдырып
жатыр?
- Нұр сипатты падишамыз Анна Иоан қызы салдырып жатыр.
Әр әрпін шегедей қадап, әр сөзін сағыздай созып, дауысын мәнерлей көтеріп, бар ынт-жынтын салып айтты.
Мынау едіреңдеген немеге өлердей жыны келіп тұрған Әбілқайырдың ашуланғаннан ауызы қисайып кетті. Оншейінде сыпайы жылтырап тұратын құндыз мұрты да тікірейіп-тікірейіп алған. Сояудай ұзын кірпіктердің астына бұйығы тығылып жататын түнжыр көздері адырайып шығып барады. Баданадай-баданадайй қарашықтары қазір-ақ домалап жерге түсіп кететіндей. О да әлгінде ауызын қайшылап, нығыздай сөйлеген ұлықты келемеждеп тұрғандай:
- Оттап-сың!- деді.
Едірең мұрт ұлық ызадан жылап жібере жаздады. Атын тебініп:
- Мен бұндай астамшылықты...- дей беріп еді. Хан да атын тебініп, қынының басын қылғындыра ұстай алып:
- Қайдағы астамшылық... Астамшылық жасап тұрған кім? Сен өзің кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе... Мына қаланы алдияр Анна Иоанқызы патшаның кім үшін салдырып жатқанын естіп пе ең?.. Мына мен үшін, күллі қазақ, башқұрт жұрттарының ханы Әбілқайыр Мұхамбет Қазы Баһадүр үшін... Ендеше, сен бастығыңның қызметшісі болсаң, сенің бастығың шаһарымды салып жатқан менің қызметшім... Неге ол өзі шықпайды?
Едірең мұрт ұлық мына әңгімеден сасайын деді.
- Ол... ол... Самарадан Татищев мырзаның жіберген адамдарымен сөйлесіп қалып еді...
Ендеше айт: сенің бастығыңды көргім де келмейді. Сөйлессем сол Самарадан келген ұлықтармен ғана сөйлесемін... Түске дейін мұрсат беремін... Түске дейін ол ұлықтар менімен келіп сәйлеспесе, онда сендермен енді мен сөйлеспеймін, мына қылыш сөйлеседі.
Ханның тыпыршып тұрған аты едірең мұрт ұлықтың астындағы торы ала аяқты тұмсығымен қағып етті.
Едірең мұрт манағы айбынынан айырылып қалған. Көз ұшына дейін артына жалтақ-жалтақ қарап аяңдап барды да, жал басына көтеріле беріп, аттарына қамшы басып шауып ала жөнеді.
Ханға еріп келген қол сол араға жаңа қылтанақтап келе жатқан көгал майсаға шатыр тігіп аял қылды.
Түске жақын жол басына манадағыдан гөрі қомақтылау қара шоғыр көрінді. Алдындағы екі құла аттыны таныды. Анада башқұрттар арасына келіп кеткен кексе ноғай мен жылмаң төс тілмаш. Олар ханның жол шатырдың қасында бір топ кісінің ортасында жерде тұрғанын көріп, анадай жерге келіп аттарынан түсті. Тізгіндерін қастарындағы нөкерлеріне ұстата салып, манағы едірең мұрт үшеуі жаяу беттеді.
Хан қасындағылар жымың-жымың бір-біріне қарасты.
Едірең мұрттың қасындағы екі ноғай жақындай беріп, қолдарын кеудесіне апарып тағзым етті.
- Құрметті хан, сізбен тағы да көріскенімізге бек қуаныштымыз. Біз бүгін ұзақ жолдан шаршап келіп, алдыңыздан шыға алмай қалдық. Оған ғафу өтінеміз. Сіз шақырды дегесін келіп тұрмыз.
Сөйлеп тұрған - жылмаң төс тілмаш. Кексе ноғай оның әр сөзіне бір бас изеп қояды.
- Мен де сіздерді көргеніме қуаныштымын. Мынандай әлі көктем шыға қоймай, жердің миы шығып езіліп жатқан кезде жер түбінен ат сабылтып келгенімізде алдымнан шығып сәлемдесуге жарамаған мынау жаңа шаһардың бастығымен әңгімеміздің жараса қоюы қиын еді. Сіздердің мұнда жүргендеріңіз сондай жақсы болар ма?
- Жылы лебізіңізге көп-көп рахмет, құрметті хан.
-Менің Бұл шаһарға қандай шаруамен келіп жүргенім сіздерге мәлім шығар.
- Мәлім болғанда қандай... Біз де жаңағы езіңіз айтқандай жайсыз кезде сонау Самарадан сол үшін келдік.
- Ендеше тіптен дұрыс.
- Құрметті хан, ол жайында мында кіріп оңаша сөйлессек қайтеді.
Кексе ноғай иегімен жол шатырды меңзеді.
- Жоқ, менің мына кісілерден жасыратын еш құпиям жоқ,- деді Әбілқайыр қасындағы қалың шоғырды көрсетіп.- Бұл кісілер башқұрт жұртының игі жақсылары. Ал мен қазір тек қазақ халқының ғана емес, башқұрт
жұртының да ханымын.
Кексе ноғай көзін шүңірейтіп хан нөкеріне қарады.
- Бұл кісілерге келсек, құрметті хан... Жә, оны өзіңіз де білесіз... Өткен жолы бұл кісілер өздеріне емес, қатын-балаларына, момын бұқарға кешірім сұрайды дегенсіз... Ал, мен шатырға кірейік десем, оның да жөні бар емес пе... Сырт әлі сыз. Оның үстіне орыс халқы аяқ үстінде айтылған әңгіменің пәтуасы болмайды деседі.
Хан бір сұрланып, бір қызарды:
- Ал біздің халқымыз өкесі отырып баласы, ағасы отырып інісі сөйлегеннен без дейді. Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл деген тағы бір сөз бар. Мен башқұрт жұрты жайында да, олардың мына кісілердей басты істі азаматтары жайында ақ патшаның не өзімен, не арнайы ұлықтарымен ғана арнайы сөйлесермін деген ойдамын. Ал сізге келсеқ Арслан мырза, сыздан қорқып тұрсаңыз, кірсек кірейік, - деді.
Меймандарды шатырға бастады. Ханмен бірге башқұрттың да бірнеше биі ере кірді.
Жайғасып отырар-отырмаста хан сөз бастады:
- Менің мынандай алыстан ат сабылтып жүрген шаруама Самарадағы ұлықтар қалай қарап жатыр?
- Ол әңгіменің анық-танығын анықтау бізге тапсырылған.
- Ендеше, сіздер қалай дейсіздер?
- Біздер енді...
Кексе ноғай мүдіріп жылмаң тәске қарады. Жылмаң төс лезде тіл қатты.
- Оны анықтау біраз уақытты керек етеді. Біздің келгеніміз жаңа. Оның үстіне сіз шақырыпсыз. Бір қорытындыға келуге біз әлі үлгере қойған жоқпыз.
Хан мұртын бір сипап, тұнжыр көзін жұмып ап керги тіл қатты.
- Сонда маған не дейсіздер? Өз аяғыңнан салақтап келдің, өз аяғыңнан салақтап кете бер демексіздер ме? Ендеше біліп қойыңыздар: қашан Жүніс пен қасындағы үш би ауылдарына қайтарылмай тұрып, мен бұл арадан
ешқайда кетпеймін.
Жылмаң төс желкесін қасыды. Хан шаңқ етті.
- Сонда не? Мен сендерге құла түзде қаңғып жүрген қарақшымын ба? Жоқ, қол астымда халқым бар, халық алдында намысым бар ханмын ба?
- Әлбетте хансыз! Құрметті...
- Құрметті... құрметті... Ондай мәймөңкеңді барып басқаға айтыңдар. Мені құрметтемей-ақ қойыңыздар... Анау баршамызға ортақ нұр сипатты ақ падишаны құрметтемей отырсыздар, мені қайдан құрметтейін деп едіңіздер. Сонда немене, сендердің ойларыңша, ақ патша іргесіндегі іргелі елдермен емес қайдағы бір қаңғыбас қарақшылармен одақтас болып жүр ме...
- Атай көрмеңіз, құ...
- Ендеше, неге нұр сипатты ақ падишаның инабатты одақтастарын қол жаулық қыласыңдар...
- Жоға... Біз ондай...
Олай болса, мына жұрттың алдында берген менің уәдемді неге тәлкек етесіңдер...
- Ол қандай уәде!
- Ұмытып та қалдыңдар ма? Қашан ақ патшаның өз ұйғарымы айтылғанша мұнда ешкім ешкімге қол көтеруге тиісті емес дегенді кім айтты? Сен екеуің бе, жоқ мынау жаңа шаһардың жер қаздырып жатырған бастығы ма?
Кексе ноғай керги тіл қатты:
- Ондай уәде беруге біздің қүқымыз жоқ. Ол ақ патшаның ұлығы мен сіздің ауызыңыздан шыққан.
- Ендеше ақ патша мен менің арамдағы уәдені бұзуға сендерге кім құқ берді.
Кексе ноғай басын шайқады.
- Жаңа айттық қой... Ол арасын әлі анықтай қойғанымыз жоқ деп... Біздің естуімізше абақтыдағы кісілер әлі айтылғандай ақ патша мен екі араңыздағы уәдені бұзуға талпынған бұзақылық жасапты деп...
- Оған қандай дәлеліңіз бар...
- Біз соны тексеруге келдік қой...
- Ендеше бұлардың ондай бұзақы қылығы бар болса, төрт би тұтқынға түскесін неге іргелеріндегі қамалды шаппайды, неге жер түбіндегі маған хабаршы шаптырады... Олар өздеріңіздің көздеріңізше маған берген сөздерін сыйлады... Олай болса, сен екеуіңіздің көздеріңізше бұларға берген уәдеме тұруым керек... Бұл - ақ патшадан да, оның биік мәртебелі ұлықтарынан да шығып отырған бұзақылық емес, мына қамалдың бастығынан болып отырған бұзақылық. Мен ондай бұзақының алдында сөзімді жерге тастай алмаймын... Берсе қолынан, бермесе жолынан...
- Құрметті хан, сабаңызға түсіңіз... Ақ патшаның әкімшілігі де сөзін өзі жерге тастай алмайды... Бұл іске сіз араласқан екенсіз, енді сіздің қай өтінішіңізді де оң пейілмен қабыл аламыз... Ол төрт биді бұзақылық жасаған күнде де сізге қайтарамыз... Өйткені сіздің ендігіәрі олардың мұндай бұзақылыққа баруына тиым салатыныңызға кәміл сенеміз...
- Ал егер олар ондай бұзақылық жасамаған болса, жазықсыз жәбір көрсеткен әлгі бастық жазалана ма?
- Жазаланады... Оған шүбәңіз болмасын. Біз тек қарауымыздағы бодан жұрттардың бұзақыларына ғана емес, өз бұзақыларымызға да аяушылық жасаймыз.
- Хан көзінде жылт оянды.
- Ендеше Жүніс пен қасындағы билер үйірлеріне қашан қосылады?
- Осы қазір... Мынау коменданттың көмекшісі барады да, өзі босатып әкеледі...
Отырғандар «Уһ» деп бір дем алды.
Хан өңі енді кірген қүндыз мұртын бір сипап қойды.
Кексе ноғай тамағын кенеді.
- Құрметті хан! Енді бізді тыңдап кересіз бе?
- Жарайды, айтыңыз.
- Башқұрт ереуілі мәселесіне келсек, анадағы уәде уәде... Ақ патша қашан өз шешімін айтқанша екі тарапта бір-біріне қару жүмсамайды. Бірақ, ол уәдені бұзғандар сол бойда тиісті жазасын алады... Башқұрттың өз арасындағы әңгімеге біз өзірше араласпаймыз... Тек шартты уақыт әткенше олар орыс командаларына тікелей тиіспесе болғаны... Біздің әкімшілік осы жағдайды тағы да еске салуды тапсырады.
- Ендеше бопты. Бізге де керегі сол.
- Ендігі әңгімені өзіңізге оңаша айтсақ деп едік. Өйткені ол башқұрт жұртына ешқандай байланысы жоқ әңгіме. Қазақ жұртымен екі арадағы қарым-қатынасқа байланысты жәйттер.
Әбілқайырдың іші қылп ете қалды. Ол басын көтеріп башқұрт билеріне қарады. Олар орындарынан тұрып есікке беттеді.
Шатырдың іші оңаша қалғасын хан абыржып отырғанын байқатпау үшін алдымен сұрақ қойды.
- Иә, айта беріңіз. Ол не әңгіме?
- Ол әңгіме - сіздің мынау бейуақта башқұрт арасына келуіңіз жайында.
- Сонда немене? Мен Ор қамалы бастығының астамдығына көніп отыра беруім керек пе еді?
- Алдымен ақ патшаның ұлықтарымен хабарласып алуыңыз керек еді?
- Самараға хабар барып жеткенше мұндай ұрдажық бастықтың қол астындағы тұтқындарға не істеп, не қоятынын қайдан білемін?
- Жауап күтпей, асығыс қимылдағаныңыз ақылға сыймайды. Ереуілшілерді Ор қамалына дейін өзіңіз бастап әкелуіңіздің өзі ағаттық. Ақ патша оны қайдағы бір бастыққа емес, өзіне тікелей бағытталған астамдық деп санауы мүмкін...
- Сонда...
- Иә, құрметті хан... Өткен жолы патша қортындысы шыққанша қазақ ғаскері де башқұрт уәләятына бас сұқпау керек деген аның айтылып еді...
- Қандай ғаскер? Менің шағын нөкерім бе?
- Тіпті сіздің бір басыңыздың осында болуының өзі қазақ ғаскерінің басып кіруімен бірдей... Өйткені сіз қазақ ханысыз. Демек - қазақ ғаскеріне бас қолбасшысыз. Сіздің кіргеніңіз - қазақ ғаскерінің де шекара бұзғаны.
Біліп қойыңыз, бұл, заң бойынша, башқұрт тархандарының емес, ақ патшаның қол астындағы өлке. Ақ патшаның өзі қол астындағы өлкеде не істеймін десе де еркі. Башқұрттар соны түсінбейді. Түптеп келгенде, башқұрттардың ісіне ақ патша емес, ақ патшаның ісіне башқұрттар қол сұғып отыр. Жаңа өзіңіз дұрыс айттыңыз: ондай астамдыққа сіз де шыдай алмас едіңіз.
- Бұл жайында маған жаңа айтпадыңыз ба?
- Бұл жайында сізге әубаста-ақ айтып ескерткіміз келіп еді. Сіз көндіңіз бе? Башқұрттардың көзінше сөйлестіңіз... Олардың алдында біз сіздің абыройыңызды неге түсірейік?!
Хан күреңітіп кетті.
- Сонда мен бұл өлкеден кетуім керек пе?
- Әрине. Әйтпесе былтырғы өзіңіз айтқан келісімшартты бұзған боласыз.
- Солай деңіз... Сонда мынау шаһар бастығының ешқандай айыбы болмағаны ма?
- Бар.
Әбілқайыр таңырқай қарады.
-Оның айыбы - башқұрттың төрт биін абақтыға қаматқандығында емес. Сіздің шабармандарыңыз келгенде, жағдайды бірден түсіндіріп, төрт тұтқынды бірден босатып, одан әрі бұл өлкеде кідірмеуіңіз керек екендігін ескертпегенінде... Сөйтіп, ақ патшаның алдында абыройыңызға нүқсан келтіре жаздағанында... Ол үшің тиісті жазасын алады. Оған бола қам жемеңіз...
- Ал менің мұнда хан сайланғаныма, жаңа ханымды болғаныма қалай қарайсыз?
- Ол мәселені бұл арада талқылауға біздің ешқандай өкілдігіміз жоқ.
Ханның күреңітіп отырған беті қайтадан қуарып кетті.
- Мақұл... Бұл мәселелер турасында ойланайын. Бір білместік болса, болған шығар...
- Біреу болса ештеңе емес қой... Қалмақтар да қайдағы-жайдағы жоқты айтып хабаршының үстіне хабаршышаптырып жатыр.
Кексе ноғай сынай қарайтындай.
Жылмаң төс тілмаш мүсіркей қарайтындай.
Хан екеуінің көзіне де шаншыла қадалып:
- Тағы да айтайын... Біз білетін бодандық, ең алдымен, одақтастық, пейілдестік... Бір-біріне деген қамқорлық... Бір-бірінің сөзін жерге тастамау... Әр кім әлі жеткенше бір-біріне көмектесу... Кішінің үлкеннің саясынан пана іздеуі... Үлкеннің кішіге қысылған жерінде қол ұшын беруі... Ал менің бодан болғаныма қанша уақыт өтті? Сол екі ортада кім менімен бұл мәселелер жайында іш ақтарысып, сөйлесіп көріпті?.. Аманаттағы баламның жатысы анау... Қанша жылдан бері іргедегі баламды бір көре алмай зар болып менің отырысым мынау... Міне, бұл жолы да сәті түспеді...
- Бұл жайында да ештеңе дей алмаймыз. Жаңғыз-ақ уәдеміз: осы айтқандарыңызды тиісті адамдарға аудармай-төңкермей айтып барамыз.
Бұл жолы екеуі де мүсіркей қарағандай.
Сол екі ортада сырт абың-күбің болды да қалды.
- Ау, анау манағы едірең мұрт қой...
- Артындағы төрт атты Жүністер болғаны ма?
- Тап солар...
- Алла, сабаздарым-ай...
- Тістері ақсиып күледі ғой өздері!
- Күлмей қайтсын... Қуанғандары да!
- Иә, Бұл бір оңынан оралған іс болды.
- Әбілқайыр болмағанда әй қанша жататындарын кім біліпті?
- Тіпті сүйектерінің осында бір жола шіруі де мүмкін еді ғой!
- Сабазың қасарысып болмады-ау...
- Қайдағы-жайдағыларға қайдан иығын жыға қойсын...
- Дегенмен хан хандығын істеді... Үйдегі үшеу бәрін естіп отыр.
Бірақ хан селт еткен жоқ. Сұп-сұр күйі сілейіп отырды да қалды.
«Біз ереуілші башқұрттардың қайтадан жандана бастағанын, әсіресе Әбілқайыр ханның оларға қосылып Орынборға шабуыл жасайтындай зұлымдыққа барғанын естіп, әрі қатты қайран қалдық, әрі қатты қапа болдық.
Бұлай болады ғой деп ешқашан ойлап көрген емес едік. Осы пәрменіміз арқылы тағы да мықтап есіңізге саламыз: ештеңеге қарамастан қол астыңыздағы барлық командаңызбен дереу Орынборға аттануға қам жасаңыз; егер ол қаланың түбінде адамдарыңызды қырып алып, не басқа-дай кесепатқа ұшырап қалып жүрсеңіз, ол үшін біздің алдымызда айрықша жауап бересіз, өйткені біз ол қамалдан айырылып қалуға тиісті емеспіз...»
Дөңгелек шынының ар жағынан тесіле қараған томаға көздің айналасына шытынап-шытынап шимай-шимай әжім шыға келді. Қаймыжық жүқа еріннің бір қиығына қиғаштай қазылып ай сызық тартылды. Сүйір мұрынның қыр арқасына әлдеқандай бір суық жарқыл ойнап, жұқа танау дір-дір ете қалды. Мырс еткендей өрескел дыбыс шықты. Өткір көздерде оқыс жарқ ете түскен сол бір ащы мысқылды сұп-суық ызғарлы шыны шатынаған ашуға айналдырып жібергендей...
- С... с... олай деңіз...
- «Зұлымдық», «Орынборға шабуыл», «ереуілші башқұрттардың қайтадан жандана бастауы», «Қырғын», «кесапат», «айырықша жауап бересіз», «ол қамалдан айырылып қалуға тиісті емеспіз»...
Қандай-қандай сұрқия сөздер десеңізші... Әр қайсысы көкірегіне көк жебе боп кірш-кірш қадалып жатқандай. Шамасы, мұның анадағы жайбарақат ақпары патша сарайының төбесіне жай болып түскендей. Демек, анадағы ертелі-кеш бөлмеден-бөлмеге сабылып өсек айтып жүретін ақ қапталдар императрицаға да тап осылай тонын айналдырып жеткізді. Императрица қайдан тергеп-тексеріп жатсын. Қалай айтылса, солай түсінді. Қысқасы, Татищев тағы да бүлдіріп жатыр. Ол жүрген жер қашан бүлінбей жатып еді?! Ол немеден Орал тауын түп-түгел өртеп жібермей тұрғанында, не астын үстіне келтіріп аударып тастамай тұрғанында құтылғанымыз қандай ғанибет болған! Енді сәл кешіккенде ондай сұмдықтың болары сөзсіз еді...
Құлағына әлде бір әупірім дауыс саңқ-саңқ естіліп тұрғандай. Әбден айызы қана табалап баққан дауыс. Құдай-ау, бұл кімнің дауысы еді... Демидов... Жоқ... Оның дауысы атам заманғы тат-тат мыс қоңыраудың дауысындай жарықшақтанып шығатын. Ал мынау жорықтан жеңіспен оралып келе жатқан қолбасшының кернейіндей құйқылжыта саңқылдаған қайратты дауысы. Ол қайдағы бір тас қорытып, темір балқытып жүрген заводшыға қайдан бітсін! Болса тек астанадағы ақ иық адмиралдарда ғана боладыдағы! Бірақ, шын қасиетінің қаншалықты қастерлі екенін ешкім білмейтін, әуелден-ақ алтын деген өзөзіл атымен-ақ адамзат санасын арбап алған жылтырақ металдың істетпейтіні бар ма! Жер түбіндегі түтін жұтып, күйе түкірген ыс көкірек заводшының қайдағы бір бықсық сөзін алтын таждың қасынан бір елі алыстап кетпеуге тырысатын алтын иық адмиралдың ауызына да түсіреді. Оны айтқаннан аса мәртебелі адмирал ауызым күйе болып қалады деп қорықпайды. Алтын жүрген жерге күйе де, қан да, дақ та жұқпайды. Иә, мынау дауыс, расында да, ыңғай аңқылдай сөйлеп, саңқылдай күліп жүретін ақ жарқын адмирал граф Апраксиннің өктем дауысына келіңкірейді... Жоға... Адмирал таққан айыпты Оралға келіп алты ай бойы тексеру жүргізген Генин әлдеқашан жоққа шығарған. Одан қалған азғантай бықсықты соңау жиырма үшінші жылдың ноябрінде өзі бір жақты еткен. Петр Алексеевичтің өзіне кірген. Қою мұртын айбаттана тікірейтіп, зәрлене қарап отырған патша Бұның қасқая қарап қайтарған қиқар жауабына селк етіп күліп жіберген. Сосын-ақ өңі жылып қоя берген. Завод істерін қалай жүргізу керек екендігін баяндай жөнелгенде император қайта-қайта «Солай ма?», «Қарай көр!», «Ендеше біз неге солай етпейміз?»-- деп құліпына түскен. Дереу Швецияға жөнелткен. Ол жарықтықтың үнатқаны да қызық еді ғой! Не қақап тұрған қызыл оқтың астына аттандыратын. Не «Оқу оқып, білім ал!»- деп шет елге қаңғытып жіберетін. Бұл да біраз жиһан кезіп көрген. «Саған керегі білім болса»,- деп күні-түні кітапханадан шықпай қойған. Сонда оқығандарын Орал тауында көргендерімен үщтастырып, Сібірде мамонт сүйегі кездесетін орындар туралы профессор Бензельге хат жазған. Ол хат латын тіліне аударылып, әлемнің ең атақты ғалымдарының ауызына іліккен. Соның арқасында оқымысты атағы Россияға да жайылып, Монетный дворға қызметке келген. Ол қезде құдай бұның айын оңынан, жұлдызын солынан туғызғандай еді. Отызыншы жылы жер түбіндегі Миттавада жатқан Анна Иоановна Москваға оралғанда бұйрегі Бүлк ете қалғандардың бірі осы Татищев еді.
Олай болатын реті де бар-түғын. Псков жеріндегі әлдеқащан тұлдыр кедейленген дворян әулетінен шыққан Татищев жеті жасында марқұм Прасковья Федоровна патшаханымның стольниктер санатына іліккен-ді. Прасковья Федоровна марқұм Петр Алексеевичтің туған ағасы Иван Алексеевичтің әйелі болса, осы күнгі нұр сипатты падишамыз Анна Иоановнаның туған анасы болмағанда кімі болады! Ендеше жаңа патша өз анасының айналасындағыларды жерге тастай қояды дейсің бе?
Обалы не керек ол үміті оңай ақталды. Ақталғаны не керек арты баянсыз болды. Әлгінде ғана оқып шыққан патша жарлығының соншама зәрлі жазылатындығы да сондықтан... Нұсқау ңағаздан көрі қақ түмсығыңнан қай-қайтып тұрып періп жіберген зілман жұдырыққа көбірек ұқсайды емес пе?! Олай болар жөні де бар!
Орынбор комиссиясының бастығы құпия советник Татищев алдыңғы күнгі осындағы бір таң атқанша тақтай сабалап карта ойнаған отырыстан қышуы қана қоймай, қайта-қайта дуылдап мазасын ала берген мұрынын қалтасынан орамал алып бір сипап қойды.
Әй, бәрін бұлдіріп жүрген осы тұмсық... Өзіне де сол керек... Енді, міне, ақ патшаның ондағы өші әлі күнге тарамапты. Әлгі зіл батпан пәрменнің де көздеген нысанасы - сол. Осыны бір шоқитып тасқа тигізу. Даладай қып қанатып елге күлкі ету. Ендігәрі көрінген тесікке сұғылмай жайына жүретін жәй су мұрын қыла қоймақ. Мына хатты өзірлеген кім болды екен? Жаңа көзімен сыдыртып бір оқып шыққанда құлағында саңқ ете қалған оспадар-сыз дауыс кімдікі екен? Остерман ба? Жоқ! Ол деуге тым қатқыл, тым нақты. Оның тұмсығы мүнікіндей емес ақылды. Сұқпас жерге сұғылмайды. Әлде жуырда ғана талайғы арманына жетіп төбесі көкке тиіп жүрген жаңа кабинет-министр Волынский өзірлетті ме екен? бұның да қисыны келеді. Өзі өзірге Биронмен әмпей деген... Жаңа лауазымды соның арқасында алған көрінеді. Ендеше дәл қазір Биронның айтқанын екі ете алмайды. Оның үстіне Волынскийдін тұмсығының да бұның тұмсығынан озып тұрғаны шамалы. Дабырлап атын шығарып жүрмесе ішкен асы бойына тарамайды. Қайта-қайта атақтарын аспанға шығаратындай құдай Волынскийлер әулетіне күнде-күнде бір Куликово шайқасын қайдан тауып бере берсін! Әлі күнге баяғыда Мамаймен ұстасқан бабасынан атағын асыра алмай қойған пысық жүрағат бүгінгі Волынскийге ұрыншақ тұмсығын қайдағы бір сұқпас жерлерге сұғуға тура келіп қалады. Құдай тек ақырынан қайырлы етсін де! Әйтпесе, қаралай от басып қолды-аяққа тұрмай жүретін ол неменің тұмсығының қашан тасқа тиерін бір тәңірдің өзі ғана біледі! Не де болса, сұқпас жерге сұғылған сұғанақ тұмсықтың ақыр-түбіне көретіні сірә белгілі: тас қапас, қыл тұзақ, ай балта... Ең құрығанда зілман жұдырық, сұқты көз, су-ық қабақ, таусылмайтын абай-қоқай...
Оны басқа білмесе де, бұл жақсы біледі. Көрмейсің бе, міне жайбарақат ақыл сұрап жазған хатының жауабы қалай-қалай қаңтардың аязындай қақшаңдап қайтқанын! Бәрі де сол қарғыс атқыр сұғанақ тұмсықтың қырсығы. Әйтпесе, бүйтіп сәл нәрседен әкіреңдей жөнеліп, Бұл императрицаның баяғыда өліп қалған әкесін бүгін келіп қайта өлтірді ғой дейсің бе?!. Марқұм Иван Алексеевичтің өлімі жайында талай өсектің бары рас, бірақ, оны құдай сақтасын, Татищев өлтіріпті деген өсек жоқ. Ендеше, нұр сипатты Анна Иоановнаның бұған осынша қадала қалуының сыры басқада. Баяғы сол қарғыс атқыр «Кондицияда».

Халқы құрғыр жаңа патша таққа отырғанда қашан бір даурығып ауыз ауыртып қалмаған! Ол қарқ қылып тастайтындай, әр кім әр жақтан өз ұсынысын айтып өңмеңдесіп бақпай ма! Анна Иоановна таққа отырғанда сөйтіп жалаңдап шыққандардың бірі өзі, құпия советник Василий Никитич Татищев еді. Ұлы Петрден кейінгі Россияны қалай билеген дұрыс деп қызыл кеңірдек боп айтысқан кезде де бұл өңешін аямай жыртынып баққан. Ол өзі сияқты Петр тұсында қатарға ілінгендердің сойылын соққан. Россия мемлекетін басқаруға соларды көптеп қатыстыруға шақырған. Орыс шляхеттерінің мемлекетті қалай басқару жөніндегі ұсыныстарын Анна Иоановнаның, Жоғарғы құпия советтің, сенаттың, генералитеттің, дін өкілдері мен дворян әулеті депутаттарының алдында қолын сермелеп тұрып өзі оқып берген еді. Сол таласта Анна Иоановнаның дербес билігін шектеп, оны Жоғарғы құпия совет мүшелерімен ақылдаспай ештеңе істетпеуді көздеген князь Дмитрий Михайлович Голицынның жобасы өтпей, Татищевтың жобасы өткен-ді. Сол жолы статс-советник лауазымын алып, Монет кеңсесінің бас судьясы боп тағайындалған-ды. Бірақ, ондай оңай жеңіс талайлар үшін көзге шыққан сүйелдей болды. Солардың бірі - құдіреті күшті Бирон еді. Ол Анна Иоановна патшаға өзінен басқа біреулердің де ықпал ете бастағанын көрсе, кешіре алмайтын. Ондай шешуші ықпалға өлімін сатып өжектей таласқан бір партияның көсемі князь Голицын Шлиссельбург қамалынан барып бір-ақ шықты. Ал «жеңімпаз» шляхеттер партияның көсемі Татищев көіі ұзамай Биронның азғыруымен канцлер граф Головкиннің көзінің қырына ілікті. Канцлер, қанша дегенмен, канцлер ғой. Ақыры Татищевты сотқа беріп тынды. Бірақ, құдай абырой бергенде, ол екі ортада канцлердің өзінің де басынан бақ тайды. Ал Татищев осыдан төрт жыл бұрын бір кезде өзі шатақтасып кеткен Орал тауына, баяғы қызметіне бір-ақ оралды. Орал, Сібір, Қазан кен заводтарының командирі болып табаны күректей үш жыл істеді. Енді, міне, Кирилов өлгелі Орынбор комиссиясының бастығы.
Былтыр осы қызметке ауғанда үмітсіз сайтан деген ғой, құпия советник ішінен «Патша ағзам баяғы райынан қайтайын дегені шығар»- деп ойлаған.
Қаншалықты қайтқанын мына хат айқын көрсетіп беріп отыр. Тап осынша тұлынын түтердей бұл бастық болғалы бұл тарапта аяғы аспаннан келіп қалған ештеңе жоқ еді. Орынбор орынында. Оның маңында соншалықты байбалам салатындай өлі адам түгілі тышқан мұрыны қанап көрген емес. Әлде нұр сипатты императрица Орынборды Очаковпен шатыстырып алып жүр ме екен?! Жиырма төрт мың орыс солдаты былтыр Орынбордың түбінде емес, сол Очаковтың түбінде жайрап қалған жоқ па еді! Оларды қырған қырғыздар емес түріктер екенін қазір бүкіл дүние жүзі біледі. Олардың обалы Татищевке емес Минихқа! Мықты болса, әуелі содан арнайы жауап алмай ма?! Жауап алу қайда! «Енді қай жеріне қандай жылтырақ байласам екен?»- деп баеы қатып жүрген көрінеді. Фельдмаршал Минихтың жауырынына болмаса омырауында орден қадайтындай бос орын қалмапты деседі.
Петербургтен анда-санда бір соғып кетіп тұратын сыбырлақтардың айтуынша, Очаковтың түбінде босқа жайрап қалған орыс солдаттарының шәйіт қаны Россияның талай шоңжелкесіне тағы да май болып жағатын түрі бар секілді. Ондайларға жеңген де бір, жеңілген де бір. Олардың ауызы жеңсе де май, жеңбесе де май. Осыдан бірер жыл бұрын ханы Портада жүрген Қырымға басып кіріп, келесі жылы жайбарақат жайлауға көшіп бара жатқан ноғай ауылдарын қырып салып, ақ тауды айырып, қара тауды қайырғандай болып, болашақ ұлы жеңіспен бірге қалталарына сыңғырап түсер мол сыйлыққа осы күннен тамақтары ісе бастаған мәртебелі тақсырлар былтырғы Түрік жорығында жеңіліске ұшыраған соң жемсауларын толтырудың басқа жолын қарастырайын депті. Кабинет-министр Волынский, сенатор барон Шафиров, фель-дмаршал Миних, құпия советник Михаил Бестужев, камергер князь Борис Юсупов, статс-советник Неплюев... Қазір Австриямен, Түркиямен жасалар болашақ бітімнің басы-қасында жүрген солар керінеді. Аман болса, келіссөз столының басында отырып-ақ қаралай қарқ болып қайтатындар да солар. Олар масқара жеңіліп жатып та сый-сияпат көреді. Ал бір кезде күллі Россияны дүрліктіре жаздаған қолынан келмейтіні жоқ сегіз қырлы бір сырлы Василий Никитичтың отырысы мынау... Әлі болар-болмасы неғайбыл қырғын, ұшырар-ұшырамасы неғайбыл масқара үшін де алдын ала сөгіс естіп, алдын-ала таяқ жейді.
Татищев императрица ағзамның пәрменін Кириловтан қалған абажадай столдың тартпасына салып жатып, арғы жағынан қылтиып шығып тұрған басқа бір қағазды көрді. Қолына алып қарап еді - тани кетті. Анадағы императрицаға өзі жазған хаттың алғашқы нұсқасы: «Әбілқайыр серттен тайып тұрса да, мен олардың надан арда халық екендігін ескертіп, әрі өзге сұлтандар мен хандарды қатыгездік жасап шошытып алмауды ойлап, онымен мейлінше сыпайы сөйлесуді, қателіктерін жайлап айтып түсіндіруді жөн көрдім».
Патша, бәлкім, осы сөздеріне бола шоршып жүрген шығар.
Мүмкін. Ол да мүмкін. Басқалар істегенде ақылдылық саналатын мұндай әрекет бұл істегенде қасақана сатқындық болып көрінуі де ғажап емес қой!
Әйтпесе былтыр бұны Орынбор комиссиясына бастық қылып тағайындаған жарлығында «Қырғыздарға айрықша ықлас көрсетіп», «мүмкіндігінше алдап-сулап ұстау» тапсырылған-ды. Енді, міне, арада жыл өтпей жатып, онысын ұмытыпты. Бұны Кириловтың орынына неге тағайындағандары да енді белгілі болды. Олардың ойларынша, Орал, Сібір, Қазан заводтары Татищев үшін тым жайлы орын еді. Онымен қоса бұның үстінен «қазба байлықтардың бар қызығын сол көріп жатыр», «түздіктерден пара алады», «бүйте берсе бір күні Орал тауын да обып қоюы ықтимал» секілді домалақ арыздар қарша борап жататын. Ана жақта Бирон соны пайдаланып бұны әлгіндей «жылы-жұмсақ» орыннан тезірек әкетуге күш салып бақты. Неге бұлай асыққаны да енді ешкімге құпия емес. Айдаладағы неміске Россияның қазба байлығы кімнің қалтасында кеткенінде не тұр?! Оралдағы көптеген мемлекет қарауындағы заводтарды жеке кісілерге алып берді. Егер кен істерін Татищев басқарып отырса, ол мұндай айласын өткізе алар ма еді, жоқ па еді?!
Жарты патша қаңғыбас неміс әлгі ойын қалай жүзеге асырарын білмей жүргенде құланның қасуына мылтықтың басуы келіп, Орынбор экспедициясының бастығы Кирилов марқұмның дүние сала қалғаны. Нағыз іздегенге сұраған... Қопыратып қағаз ақтарып отыратын бір шұқыншақ өлсе, дәл сондай екінші шұқыншақ тағы да табыла кетті. Татищев Орынбор экспедициясының орынына Орынбор комиссиясы болып атын өзгерткен түсініксіз мекемеге бастық болып шыға келді. Аты дардай бұл қызмет онсыз да атарға оқтары жоқ боп жүрген дұшпандарын одан сайын өшіктіре түсті. Кирилов қайтыс болғанда бұл маңайдағы ұлық біткен бір-бір қопаңдасып қалған екен. Бәрі де босап қалған орыннан дәметіп жүр еді. Сол орынға бұл тағайындалғанда шеттерінен: «Жаңа патша таққа отырған кезде қайдағы бір орындалуы мүмкін емес былжырақты айтып, әдейі басын қатырып шатылдыруға тырысқанда бәріміз де Татищевқа ұқсап бастық боп шыға келетін едік»,- деп ыршып-ыршып түсіпті. Іштерінде Уфа воеводасы Шамякин, вице-губернатор Аксаков, бригадир Тевкелевтер де бар дейді.
Жаңағы ұлықтардың не біліп тулап жүргендерін өздері білсін! Шынына келгенде, соншама өліп-өше қоятындай дәнеңесі де жоқ еді. Қайта, құдай басыңа бермесін, нағыз тауқымет-тұғын. Ең азы - не істеп, не қоятыныңа дейін белгісіз. Баяғы Орынбор экспедициясы құрылған кездегі азын-аулақ қаржы кім көрінгеннің көмейінде кеткен. Ор бойында қамал салып жатқандардың қайсысының қанша рет жалақы алғанын бір тәңірдің өзі ғана біледі... Бұның жүмсаған адамдары олардың өздеріне барып сұраса - пәлен айдан бері қолына ақша ұстап көрген емес. Кассаны аштырып қаратса - жылан жалағандай. Жалақы таратқан қағаздарда ешкімнің қолы жоқ. Ол қағаздарды реттеп отыратын Дьяковты Кирилов өзіне адъютант қылып ертіп алған. Есеп-қисаптың бәрін экспедиция жанындағы протопоп әрі ректор Антип Мартыновқа тапсырған... Киелі әкей жапан түздегі бірер жылдың ішінде кассадағы ақшаның қайда кеткені түгілі ауызынан түспейтін жаратқан иенің өзін есінен шығарған. Бүгінгі бар ермегі - өзіне тықыр таянғанын біліп, жоғарғы жаққа бұның үстінен қағаз домалату. Не істесе, оны істесін! Бұл енді аямайды. Ор бойына бара қалса, шеңгелді алдымен соның алқымына салады. Экспедицияға бөлінген қыруар ақшаның қайда кеткенін бәрібір содан басқа ешкім білмейді. Марқұм Кирилов қараптан-қарап күйіп-пісіп жүріп ақшамен ісі болмапты. Енді, міне, шаруасының бәрін түгендеп, Самарадағы Николай Чудотворец монастырінің ауласындағы зиратқа барып бүк түсіп жатып алды. Жесірі мемлекеттен күнде қарыз сұрап келеді.
Не керек Орынбор комиссиясы нағыз кісінің сәл нәрсесін теріп отырса опақ, тұрса сопақ қылып жексұрын етіп көрсетуге таптырмайтын-ақ орын.
Петербург бұны оған соны біліп әдейі жұмсапты. Енді, міне, бір төмпештен кейін бір төмпеш көз аша алатын емес.
Бірақ, соның бәрі бұл жақта дүние күйіп, аспан жерге қабысып бара жатқандықтан емес. Башқұрт арасы пәлен айдан бері тыныш. Ол бұған дейін болып көрмеген жағдай. Қайсақтардың ханы Әбілқайыр сол тыныштықты пайдаланып, төріскей жағындағы көршілеріне де өз құрығын іліндіріп алмақшы. Ереуілдің саябырсығанын тап-таза өз еңбегіне жорып жүр. Біресе аннан шығып, біресе мыннан шығып қойқаң-қойқаң етеді. Бірақ онда тұрған не бар екен? Өйтпесе, билеуші бола ма?! Қай билеуші реті келсін, келмесін, түймедейін түйедей қылып көрсеткісі келіп барынша қоразданып бақпаушы еді?!
Дегенмен, өзі тап анау айтқан есірік емес сияқты. Өзіміздің тақсырларды да көрмей жүрген жоқпыз ғой!
Тап солардың да аяқ басқанда қара жерді қақ айырып жіберердей қаралай талтаңдағандары болмаса, парасат жағынан жалба тымақ түздіктердің жалаң шекпенді көсемдерінен асып бара жатқандары шамалы-ақ! Түздіктердің көсемдері қай шаруасына да, әйтеуір, өздері жүріп тұрады ғой. Тіпті ең бастысы дұшпандарына қарсы ешкімді салмай, өздері жекпе-жекке шығу бұлардың арасында әлі бар көрінеді. Ал біздің алдияр тақсырлар ше?! Қолына қару ұстап жауға шаппақ түгілі алдына келген адаммен де көкірегінен шыққан сөзді айтып сөйлесе алмайды. Бәрін алдымен ала қағазға түсірткізіп қояды. Ол қағаздарын да қайдағы бір ата-тегін танып болмас су жүқпастарына жаздырады. Ерінбесе - сыйлы қонақтың алдында соны өзі оқып береді. Ерінсе - екінші бір әлгін-дей су жүқпасына оқыта салады. Маңайларына ел білетін ешкімді жуытпайды. Қайдағы бір айтқандарынан шықпайтын шата-бұталарды жияды.
Мәселен, қазіргі патша сарайын-ақ алайықшы. Қайран Россияның жауын бір неміс жаулап жүр, дауын бір неміс даулап жүр. Тіпті сол екеуіне іштей наразы болып тайталасатын адам да өзімізден шықпай, немістен шықты ғой. Қазір Россияда Бирон, Миних, Остерман араласпай бір де бір іс біте ме? Ең азы басқа жақтан келген елшілерге жауапты не патшаның өзі, не қаптаған орыс шонжарларының бірі айтпай, жер түбіндегі Иенде әлде бір шатаққа ұрынып бас сауғалап келген Остерман айтады. Ойдан қашқан, қырдан қашқан екі-үш неміс келмесе, Россия ел болудан қалатындай, өзіміздің шот желкелер тек солардың ауызына телміреді. Оларсыз аттап баспайды. Олардың біріне баетатып соғыс ашады. Жеңіп келсе, әлгі немістің қанжығасына жармасып, өзіміздің он шақты шоң мойын омырауларына орден тағып, біраз кердеңдеп қалады. Жеңілсе, оның да оқасы жоқ. Тиімді бітім жасаған боп, тағы да бір немісті ортаға алып, тағы да әлгі өзіміздің өңмеңдеген өңеші кең топ, «қиын жерде ақыл тауып кеткендері» үшін сый-сияпаға кенеліп, қалта томпайтысып мөз-мәйрам болысады. Ал тілегін тілеп, жолына мінажат етіп отырған нұр сипатты падишамыздың оның ешбірімен шаруасы жоқ. Шыбындағандардың шыжбың сөзіне мөз болып, батпан құйрығының салмағын көтере алмай бебеулеген асыл тақтың сықырын мықтылық, алдыңа келгенге алая қарап, адырая сөйлегенді мығымдық, оның айтқан бір сөзіне түсініп, бір сөзіне түсінбей отырып та қақ-сұқ деп қайырмалап, бірден «жәрекімалла» дей қоймай, сөз бұйдаға салып сілесін қатырып баққанды тапқырлық, кемеңгерлік санайды. Астына мықты тақтайдан тақ бұйырса, қасына табанында бұдыр, көкірегінде пікір жоқ жылмағайлардан топ жиылса, керемет боп кеттім деп ойлайды. Солқылдақ мойындардағы қалтылдақ бастардың үсті-үстіне шұлғығанын бар тараптағы барлық шаруаның оңға басып жатырғаны деп ұғады. Дүниедегі барлық құбылысты жылтылдақ кез, жылтырақ сөз, қылпылдақ көкіректер арқылы танығысы келеді. Сөйтеді де, көке мылжыңды - ғүлама, көлгірді - періште, жәреукені - іскер, дарақыны - батылды, даңғазаны - ақылды тұтып көкке көтеріп көкіп бағады.
Осының бәрін құдай маңдайымызға ештеңе бермей, ауызымызды қу шөппен сүрткізіп қуратып қойған соң істесек, бір жөн ғой. Құдайдың маңдайымызға шыннан бергендерін көрмей, көрсек те көргіміз келмей істеп тұрмыз ғой. Басқаны былай қойғанда Петр заманында көзге түскендердің өзі аз ба еді?! Солар бүгінде қайда? Біреуі - тірілей жеті қат жер астында. Біреуі - ұлан байтақ елдің бір қиыр түкпірінде. Біреуі - патшаның дәл түмсығының астыңда кім көрінгеннің көз түрткісінде жүр. Олардың білмегендіктен, қолдарынан ештеңе келмегендіктен, немесе Россияға жаны ашымайтындықтан сондай болып жүрген ештемелері жоқ. Талайларына жаман мен жақсының нарқын айыра алмайтын тайыз көкірек парықсыз билеуші тап болғандықтан сүйтіп жүр...
Әйтпесе, бір кезде күллі Европаның оқымысты қауымын елеңдеткен Татищев бүгінде мынау қиян түпте кіл делқұлының арасында жүрер ме еді? Бір кезде ұлы Петрдің өзі сүйсінткен сорлы басы бүгін де аттаған сайын сөзін өткізе алмай, пұшайман болып отырар ма еді? Қазіргі билеушілер оның жұрт оқымағанды оқып, жұрт білмегенді біліп, жұрт ойламағанды ойлап бас қатырып жүргенін не қылсын! Өздері бір кітаптың бетін ашпай, дүмбілез көкіректері не айтса, соны соға салатын дүмбас дөкейлерге Россияның өткен тарихының өзінен ғана мыңнан астам кітап жиып, бабаларымыздың сонау абыройын ашып-шашып жүрген көздеріне дейінгі бұге-шігені түгел білетін ғүлама Татищев та бір, бүгін пара әкеліп берген кісінің ертең аты-жөнін ұмытып қалатын миғүла Шамякин1 де бір.
Мұндай жаппай сапырмайым кезде ақылы жеткен кісі алаяқ, батылы жеткен кісі сұғанақ, тезімі жеткен кісі тоң мойын болып алмай қайтсін?
Өйткені сенің адалыңа сеніп, еңбегіңді көріп, дұрысыңды мақұлдап жатқан кім бар?!
Ондай болғанда башқұрт арасындағы мына бықсық осылай өртке ұласып кете барар ма еді?!
Баяғыда бұның айтқанын қылғанда осы дүрлігістің бірі де болмайтын еді. Бүйтіп қыруар уақыт, қыруар ақша, қыруар ғұмыр босқа кетпейтін. Бұл дүниеде не оңай, бас-басына би болып иың жарыстырысып, сөз таластырып отырған түздіктерді билеу оңай. Оларды жөнге салып, тәртіпке мойын ұсындырып қайтесің! Қай бір көзінен тізіп әскерге алып, қолынан жетелеп жұмысқа салып қарық болайын деп отырсың! Өйтіп мойныңа босқа бейнет арқалап не сорың? Одан да өз күндерін өзі көріп, малмен араласып, желмен жағаласып жүре берсін! Шебіңе қол салмаса болғаны. Жерінің асты-үстіндегі байлығын тасып жеткізбеймін деп кесе көлденең тұрып алмаса болғаны. Қалғанында не шаруаң бар? Бірі өліп, бірі қалсын! Араласпа... Өз ықпалыңызды өткізіп отыратындай қып азын-аулақ біреулерін оқытып қой. Сол үшін де бұл орыс-қалмақ, орыс-башқұрт сөздігін құрастырып әлек. Сол үшін де бұл түздіктерге арналған мектептердің оқулығын жаздырып әлек... Ондай оқу бұларды бізбен бой таластыра аларлықтай өнер-білімге жетістіріп жарытпайды... Ауыл-ауылдағы даушарларды хатқа түсіріп отыратын шимайшаларды көбейтеді... Сонда ел билігі де бірте-бірте ру басыларының қолынан әлгіндей өзіміз оқытып шығарған қағаз көшірушілер мен тілмаштардың қолына ауысар еді. Ол деген сөз ел тізгіні өз қолымызға көшті деген сөз. Солай жайбарақат жүргенді жақсы көретін түздіктер байқай қоймайтындай қып жайбарақат қимылдаудың орынына еңсере ңимылдап бүлдірдік. Содан секем алған бірер даруғаның ру басшылары қыржыңдай бастағанда, біз қалған даруғалардың ру басыларының ауызын майлай қоюымыз керек еді. Оның орынына біз өзіміз ереуілдеген елден бетер дүрілдеп ала қайқайдық. Мына топалаң содан басталды.

В. Н. Татищевпен үстасып өткен патша ұлығы.

Құдай-ау, бұл дүниеде осылардың бас көтерерлерін сатып алудан оңай нәрсе бар ма екен түге?! Олар миллиондап ашқа сұрайтын батыс Европа сарайларының алаяқтары емес. Европа сарайларындағы малайлардың өзі мұрындарын тыржитып қарамайтын қайдағы бір бес-он тиынның тәтті тағамдары мен бес-он сомның шүберегіне бұлар жерден жеті қоян тапқандай мөз болады. Олар үшін шытырман айла-шарғы ойластырып бас қатырып жатудың қажеті де шамалы. Жылы қарап, жымсия күлсең жеткілікті. Арда халықтардың еркектерінің өзі әйел мінезді. Сәл нәрседен жанына қол апартпай долданып шыға келеді. Сәл нәрсеге риза болып, іші-бауырыңа кіріп, өліп кете жаздайды. Бөтен әйелдің көңілін табуға жылмаң төстік қандай тиімді болса, бөтен жұрттың көңілін аулауға да сондай тиімді. Әсіресе, шетінен дарақы, шетінен өркөкірек, шетінен мақтаншақ келетін түздіктерге сөзіңді өткізу үшін көлгірліктен басқа білгірліктің тіптен керегі жоқ.
Баяғыда Румянцев екеуі марқұм Кириловқа осыны қанша қақсаса да ұғындыра алмай-ақ қойды. Пәлен жыл сенат кеңсесінің жым-жырт столын бағып, не бір әдемі қиялдарға емін-еркін беріліп қалған арманшыл неме соның бәрін теп-тез жүзеге асыра қойғысы келді. Асырды ғой енді...
Бұлар қатты кетіп жатқанда түздіктер қайдан аңыс аңдап абайлап қимылдасын! Өйтсе, түздіктер бола ма!
Арыстандай арпалысқан қуғын-сүргін, қырғын-жойқын басталды да кетті... Одан екі жақ та мықтап қансырады. Империяның күнгейге қарай бағытталған әр адымы онсыз да қан кешкізіп жатқанда өзінен-өзі оп-оңай қолға түсіп отырған шығыста қан тегудің қажеті қанша еді?! Бұлардың ақылы жетпеген іске түздіктердің өзінің ақы-лы жетті. Түңым-түяғынан түгел айрылып қалғысы кел-меген башқұрттар араға Әбілқайырды салды. Жаңа боданның сөзін жықпаған боп әлдеқашан бір жақты қы-лып тастайтын шаруаны Петербург үйреншікті сөзбұйда-сына салып алып қайқай-ды. Онсыз да қансырап біткен башқұрттарға деген баяғы райларынан қайтатын емес. Енді, міне, өз көздерімен көрмей тұрып, жер түбінде жатып алып, түйедей нәрсені түймедей қылып бағатын даурықпа мінездеріне басып, айдаладағы қайсақ ханынан сөзіктене бастады. Оның бір-екі оғаш қылығында тұрған не бар екен? Башқұрт ісіне араласқанын тілеп емеурін танытып едік араласты. Өршіп тұрған өртті сәл де болса, саябырлатты. Асау ереуілшілердің өзін қатын-балаларын аман алып қалу жолында қаруларын тастауга пейіл қылды. Ондай дипломатиялық мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ, немене, ішіміз кебе ме? Башқұрттарға көрсетілген ендігі қатыгездік олардан басқа түздіктерді тіптен шошынтып жіберуі ғажап емес. Онда Россияның шығысқа қарай аяқ басуы да қиындай түседі деген сөз. Қазіргі билеушілер түстікті бағындыруда қаруға, шығысты иліктіруде дипломатияға көбірек күш салып бағу саясатын жүзеге асыруда дәйектілік көрсете алмай отыр. Бергі башқұртты түгел қырып тастасаң, ар жағында қайсақтар тұр, жоңғарлар тұр, Орта Азия хандықтары тұр... Олардың бәрін бірдей қырып тастай алмайсың ғой. Оларды бір шығынтып алсаң, шығыстан тап-тап ұмтылып тұрған Цин империясының күнгейден жылт-жылт сығалап тұрған Британ империясының көктен тілегені жерден береді. Сен алдарқатпасаң, олар алдарқатады. Сен жылмимасаң, олар жылмияды. Дербес жүріп күн көре алмайтын аз жұрттар үшін кімге мойын үсынғанда не тұр? Қайта өңі жылы жатқа мойын ұсынғандары дұрысырақ... Сондықтан көбелекті зеңбірекпен атуға қандай болмайтын болса, аз жұрттарға азынаған айғырлық көрсетуге де сондай болмайды. Көпті білектің күшімен, азды тіліңнін ұшымен ұста!.. Ежелден келе жатқан қағида осы. Бірақ, бүгінгі тойынғандарына мөз болып, өз көкіректеріне өздері түншығып отырған ез көкіректердің ежелгі мен ертеңгіңе түкіргендері бар ма!
Бұған салса Әбілқайырдың башқұрттарға хан бодам деген дәмесінде тұрған да ешқандай қауіп жоқ. Қайта орыс өнеркәсібінің Орал тауы мен одан арғы далаларға мықтап кіріп алуы үшін башқұрттардың бер жақтағы патша ұлықтарымен кіржіңдесіп отырғаны әлдеқайда ыңғайлырақ. Сондықтан Әбілқайырдың ондай үмітін үздіруге де болмайды.
Бірақ, амал қайсы... Кісідегінің кілті аспанда емес пе! Өз қолында тұрса, мындағы кикілжіңдерді басып, башқұрт бұзықтарын тиісінше жазалап, башқұрт түзіктерін арқадан қағып, қазақ сұлтандарын да алдап-сулап, жаңа қамалдарды салдыруға әлдеқашан кірісіп кетер еді...
Қайтерсің, ақ патшаның бұған деген қырыс қабағы не істесе де жазылмайды... Бұның ауызынан шыққан сөздің бұрысы да бұрыс, дұрысы да бұрыс... Әйтпесе, соңғы бір жылдың ішінде қаншама ұсыныс айтты! Қайсысы жүзеге асты!.. Жүзеге аспады да... Өйткені Анна Иоановна төңірегіндегілерге Татищевтың абыройының асқаны емес, қайдағы бір «қатыгездіктерге» ұрынып, кеудесін жерге басқаны керек. Сондықтанда оның қай ісінен де мін табуға тырысып бағады. Өздері қайсақтарды: «Алдап-сулап ұста!»- деп алып, енді: «Олардың ханына мәймөңкелік жасадың»,- деп айыптамақшы. Егер оған тырнағын қаттырақ батырып жіберсе, олар: «Ондай оспадарсыздығыңмен енді-енді илігіп келе жатқан қайсақтарды безіндіріп жіберетін болдың»,- деп ит терісін басына қаптар еді.
Енді, міне, Орынборға аттан дейді. «Қарауыңдағы қарулы күштен ештеңе тастамай қаһар жиып бар»,- дейді. «Жаңа бодандармен әңгімені қорқытудан баста»,- дейді. Көк найзалы қалың қолмен барсан, жапан-түзде тайраңдап қалған арда жұрттың басшылары шақырғаныңа келе ме, жоқ па? Келген күнде де қабағыңды түйіп, кіжініп сөйлесең, айтқаныңа кене ме, жоқ па? Өйтіп бірден бұқтырып алғанда ар жағында қайтпексің? Олар сенің алдыңда бұгежектегенмен, ертеңіне кеңге шығып алғасын не істейтінін қайдан білесің? Ұлан-байтақ далада бет-бетіне бытырап жүрген түздіктерді әр дайым бұғалықтап ұстап отыру үшін қайсысына құрығың жетпек? Соның өзінің дәл қазір қажеті қанша!?
Иә, Ор бойына бармас бұрын ойланып алар жәйттер көп. Көшпелі халықтарды бодан қылып ұстаудың барлық шаруасы алдыңа шақырып алып ант қағазына бармақтарын бастырып алумен тынбаса керек? Олар саған не береді? Сен оларға не бересің? Олар саған қалай қарамақшы? Сен оларға қалай қарамақшысың? Қай уақытта алақаныңмең маңдайларынан сипап, қай уақытта жұдырығыңды ала жүгіріп, желкеден түйгіштегенің жөн? Екеуінің қайсысына көбірек жүгінген дұрыс?
Тарихшы, дипломат, кен істерінің маманы сегіз қырлы бір сырлы атанған Татищевтың да басын қатырар күрделі мәселелер.
Оның үстіне: «Қайсақтар былтыр келіп елімізді шауып, малымызды айдап, жанымызды тұтқындап кетті. Басынғандары сонша, ханзадамыздың ханымын, балашағасын, ауыл-аймағын көшіріп әкетті. Олардың не күйде екенін білмейміз. Не мынау бұзақы жаңа бодандарыңызды тәртіпке шақырыңыз, не әскер жиып барып, кегімізді қайтаруға рұқсат етіңіздер»,- деп хат үстіне хат боратып қалмақтар жатыр. Олардың дауын осы жолы барып тұрып, қалай ауызға алмай келе алады? Ал, ауызға алса, бұл асау бодандардың нағыз шапқа түскен қотырдай қол апартпас осал жері? Шапшығанның, шошығанның көкесін сонда көресің? Ал, ауызға алмасаң, онсыз да ырың-жырың қалмақтың қайтып кетері белгісіз. Олардың кейбіреуі патша жарлығын орындап, түріктердің ықпалындағы Кубаньдағы ноғайларды шауып жазалап жатса, екіншілері іргедегі қайсақтарды азғырып, Жайық бойы мен Каспий жағасындағы казак селендері мен орыс
батағаларына шабуыл жасатып, Хиуаның құл базарына апарып адам саттырып мазаны алып тұр. Әрине, бұратана халықтардың да өгей балалардай бір бүкпесінің ішінде жатары әуелден белгілі. Онысын білмей, білгесін - біле тұра көнбей анау-мынауын көрсең де елемеген боп
кешіріммен қарамай ұстай алмайсың. Ондай тортаң-тосыраңына бола қол астыңдағы жұрттың бәріне әлім жеттік жасай берсең, өзіңнің де дәуренің тым алысқа ұзай қоймас. Мұндай жағдайда қайсақ пен қалмақ арасындағы әлгіндей ырың-жырыңға араласу керек пе өзі? Араласса - қайтып араласу керек?
Ор бойындағы шаһарға барғанда алдыңнан кесе көлденеңдеп шыға келер ең басты тосқауылдардың бірі, әрине, сол.
Башқұрт ереуілі... Өз алдына бір қарлы қаратау боп ол тағы тұр. Ол жайында ауызын бір былғап алған соң қазақ ханы айтпай және тұра алмайды. Айтып жатса, оған не деу керек?.. Қиын, бәрі қиын...
Қарауындағы жұрт түгілі қораңдағы иттің көңілін ауламай болмайды. «Күшім, күшім» азайып кетсе, құйрығын көкке көтеріп алып, ол да тайып тұрады. Ал біреудің көңілін ауласан, екіншісі көзін сатып тағы тұр. Біреуінің атына артық айтылған «күшім» екіншісінің жүрегіне дық болып тиеді.
Ор бойындағы қабылдау - қайсақ ханының императрицаның өкілімен алғашқы жолығысы. Оның қандай болып өтпегіне екі тарап та қалай болса солай қарай алмайды. Қораш боп шықса, онсыз да құйрықтарын теуіп жүрген түздіктерді кекірейтіп алулары мүмкін. Тым артық шашылып бара жатса, мына жақта әр адымын аңдып отырғандар тағы бар. «Бір жағынан ханы алдияр тақсыр императрицаның тапсырмасымен жорықта жүргенде бейбіт жатқан қалмақты шауып, екінші жағынан ереуілші башқұрттармен ауыз жаласып, екі бетін бірдей қаралай алып отырған қайсаң ханын төбесіне көтерді»,- деп домалақ арыздар тағы да жауады. Олардың қай бір анықтанығын ажыратып отырған Петербург бар! «Әй, бәсе, солай болса, солай шығар!»- деп шүйілгеннің үстіне шүйіле түседі.
Қайда бұлтарса да - «ең дұрысы осы» деп жабыса кетердей басы ашық тұрған ештеңе жоқ. Бәрі де дүдамал, бәрі де күман.
Сондайдан қорыққан бүгежек қимыл бауырын жаздыртпай, ойлағанын істетпей пұшайман қылады. Қайран Россиядағы ондай пұшаймандардың алды-арты жаңғыз бұл емес шығар. Талайы өткен-кеткен, талайы туар, келер...
Алайда, басқа ешкімге де емес, тап бұған мәртөбесі зор құпия советник Василий Никитич Татищевке, Россия тарихында айтулы орын алатындай аса жауапты міндет жүктеліп отыр. Бір кезде ұлы Петр ағзамның өзі күткен аспандағы сәт сағатты бұл тікелей бастан кешірмек. Жапан түзде желмен жарысып жүрген көшпелі халықтың көсемдері бұның сөзінен тек Татищевтың емес Россияның ақылын, бұның бет-ауызынан тек Татищевтың емес Россияның ықласын іздері хақ.
Ол оңай сын емес.
Не де болса, сол көп ұзатпай Ор бойына аттанбай болмайды!
Әбілқайыр елге оралғалы жан-жақ тып-тыныш. Самарадан үшті-гөйлі хабар жоқ. Ор бойы да - құлақ кескендей. Башқұрт тараптан ат ізі сиреді. Қалмақ беттің де дүрлігіп жатқан ештеңесі естілмейді. Бәрінен де қаттырақ таңғалдырып тұрғаны - қазақ арасының жым-жырттығы. Мұндайда ойда-жоқта шауып кеп, жан-жақтың хабарына ағыл-тегіл қарқ қылып кететін көп көбік ауыздардың біреуі көрінбейді. Әлде көші-қоннан қолдары тимей жатыр ма екен? Жоқ, бәлкім, Бұның өзі тұяқ серіппей жатып алғасын жұрттың да аңыс аңдығаны шығар... Бұл жолы ол баяғы қалмақ жорығынан қайтқанындағыдай жан-жағына жар шашып көп дабырлай қоймаған еді. Тіпті башқұрттардың хан сайлағанын да ауызына алмаған. Кейбір өздері сөз бастап қалғандарға: «Иә, тархандардың сондай да ойы болған көрінеді. Бірақ, патша қарауындағы ел ғой. Онсыз тырп ете алады дейсің бе?» Бәрін де сол біледі ғой»,- деп сүйкейсалды жауап берген.
Оған тоқтап жүрсе, бұл қазаққа құдай сабыр берейін деген екен!
Бірақ Әбілқайырдың көкірегі бәрібір алай-түлей. Қай гәпке ой тоқтатса да, сенімнен гөрі күман басым түсе береді. Башқұрттардың тағынан күдерін үзе бастады. Екі ғасырдай уақыт бойы өз қолында келе жатқан ол тізгінді ақ патша бұған қайдан көзі қиып үстата салсын! Ол бұның әлгіндей қылығын қолдамақ түгілі кешірсе де, құдайыңа қой айтқандай шығарсың! Ол анада Ор түбіндегі екі тілмашпен жолығыста-ақ әбден белгілі болды.
Башқұрт тағы бұйырмағасын жаңа ханымның да бұған бедел қосып жарытары шамалы. Бұл жолы Бопайдың қабағы зілді сөзілді. Баяғы қалмақ ханым келгендегідей құрақ ұша қоймады. Қанша дегенмен қалмақтарда қайта-қайта кетіп жүрген кек бар ғой. Сондай өшің кетіп жүрген елдің бір сұқсырын өңгеріп қайту кім-кімге де мәртебе сияқты көрінетін болса керек. Бұл жолы Бопайдың сөзі де, қимылы да тым салғырт. Шаңырақ артқан сары атандарға ұқсап: «Менсіз көш, тәйірі, қайда бара алатын еді!»- дегендей орынынан керенау көтеріліп, аяғын керенау басады. Бірақ, тортаң-тосыраң мінез де танытпайды. Балаларының алды ер жетіп, аруаққа қадірі өтіп, ағайынға сыйы асып қалған ауызды бәйбішелерге ондай мінез де кешірімді еді. Ол, бірақ, бұл жолы да ұстамдылық жасады. Алайда ондай ұстамдылығы ханға бұрқан-талқан ашуынан гөрі қаттырақ бататын сияқты. Қай отауына кірсе де, бұрынғыдай көктемнің жаймашуағы жайнап тұрмай, кешең күздің қаяулы бұлыңғырындай бірдеңе мұнартады да тұрады. Күн жаумай су болып түтіндеп отырған бір хәл.
Бопаймен арасын қоңырқай тартқызар сыр көп. Ор бойындағы Ералы тап іргеде тұрып, ұзақ уақыт ел арасын көре алмай пұшайман болып ол отыр. Ана байғұс оны да уайымдамайды дейсің бе?! Ералы елге оралғанмен, оның орынына тағы бір бала аманатқа баруы керек. Оның шөбі Қожахметке түсіп тұр. Қайдағыны қайдан еститіндері белгісіз, патша ұлықтары ханның басқа әйелдерінің емес, тек бірінші әйелінің ғана баласын аманатқа аламыз деп шарт қойыпты. Ол, әрине, Бопайдың ет жүрегін одан сайын езілте түсті. Ералының қайта азды-көпті буыны қатып қалды ғой. Ал Қожахмет әлі бала. Оның үстіне ешкім бетінен қақпай өсірген ерке. Өз дегені болмаса, шалқасынан түсіп жатып алады. Есілдерті ойын. Ертеден қара кешке үй көрмейді. Ышқыры толы асық. Көстеңдеп шапқылайды да жүреді. Асау жуасыту десе, ауызының суы құриды. Тұла бойында ханзадаға лайық бір де бір мінезі жоқ. Оның қасында Тайланың Тұяғы өлдеқайда байсалды. Сұлтан Қожахмет емес, сол ма деп қалатындайсың. Енді, міңе, екеуі қастарына Злиханы ертіп ап, ойынды соғып жүр. Ештеңеден хабарсыз.
Алдағы жолығыстың кісі абыржытар жері жалғыз бұл ғана емес. Ханмын деп шіреніп барғанда қасында кім болады? Аталы ауылдардың бәр-бәрі еріп бара қояр ма екен, жоқ тағы да бір өш алатын жердің реті келді деп ши шығарып шіреніп жатып алар ма екен? Ол да ойландыра-тын гәп!
Тонның ішкі бауындай адамдарын жан-жаққа жұмсап, ауылдан ауыл тастатпай аралатып қойды. Үлкендердің ауызын аңдиды, қас-қабағын бағады. Ертең Ор бойына хан шақыртыла қалса, бірге жүр деп хабар жіберуге тұра ма, жоқ па? Бірқатар шаманы солардың сыбыры анықтайды.
Жарайды, қырдың қиқар шонжарлары анда-мұнда қанша тартқылағанмен бәрі бірдей тұяқ серіппей қала қоймас! Бәрі болмағанмен, көбін жиып баруын барар-ау! Сонда патшаның ұлығының қабағы қалай болар екен? Нендей қошамет, недей салтанат керсетер екен? Оны да ойламай болмайды. Жер түбінен ат арылтып талтаңдап барғанда жетім қыздың тойындай қоңырқай қабылдап, қоңырқай шығарып салса, шын масқара сонда болмай ма? Қасындағыларға көзін тіктей алмай, мойын омыртқасы ұрмай-соқпай үзіліп, басын бауырына алып, жерге қарап қайтпай ма? Сосын бұл қазақ ол тарапқа аяғын аттап басар ма? Баспағандары былай тұрсын, бұған: «Баяғыдан бері не тантып келгенсің? Ақ патшаға қарасақ, ауызы-мыздан ақ май ағызады, қарқ қылады дегенің осы ма? Қанаттыға қақтырмайды, тұмсықтыға шоқыттырмайды, қамқор болады дегенің осы ма? Соған тізгін үстатсаң, жетісеміз екен?! Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын!»- деп бетіне түкірер: Табалап қана қоймай, біржола безініп те кетер. Сүйтіп, ақ патшамен жең ұшынан жалғасып былайғы сұлтандардан бас оздырам деп жүргенде, баяғы күнінің езіне зар болар. Жалғыз бұның басы сергелдеңге түссе бір жөн ғой! Ақ патшадан көңілі суынған қазақ тағы кімге барып пана іздеп, тағы кімге «одақ бол» деп жалбарынары белгісіз. Құдай тек оның бетін әрмен қылсын де! Әйтпесе, өзірге орыстан сескеніп, аяғын алыстан басып тұрған жоңғар қайтадан құтыра бастар. Жан-жақтағы қалмақ, башқұрт, түрікмендер де қарап қалмас. «Қап, бәлкім, сені ме!»- деп білектерін сыбанып кезек пе кезек тиісіп бір берер. Әлгі бір Қарасақал дегенді де бұның іші жақтырмайды. Қап тауы жақтың құлақ құрышын қандырыпты-мыс. Башқұрт арасындағы дабырығы да мықты. Оның қазақ даласына кеп не деп сайрайтынын кім біліп жатыр. Сорлы қазақтың басы бір даудан кейін бір дауға, бір саудадан кейін бір саудаға түсіп қаралай даң болып жүрмесе қайтсын! Іргесіндегі қазақты тыныш жусап жатқан отардың шетіне кеп қиқу салғандай құла түзге бет-бетіне безіндіріп жібергенде ақ патшаға не түседі?! Соның бәрін ақ патшаның ұлықтарына әбден жеріне жеткізіп түсіндіріп айтып берейін десе, баяғы бір қалмақ, баяғы бір башқұрт оқиғалары... Бетке шіркеу болып шыға келеді.
Өз-өзінен дымы құрып пұшайман болып отырған Әбілқайырдың жүрегін одан сайын зіркілдете түскісі келгендей бір күні кешқұрым ақ пен қызылдың арасында Таймас сап ете қалды. Іргеден кірген мысықтай жылмиып қақ төрден бір-ақ шықты. Суыт жүрген себебі - бір суық хабар естіпті. Маусым басында Тәтеш мырза Самарадан шығыпты. Соңында - жер қайысқан қалың қол. Ішінде - алты мың қалмақ сарбазы. Бағыт алған жағы - Ор бойы. Бұны не деп түсінген жөн?
Жалпақ бет башқұрт дөңгелек бөркін оң тізесіне кигізіп әбден басы қатып келген кісідей бұның ауызына телміріп аңырая қарайды.
Мына хабарды естігенде ханның жүрегі қармаққа ілінген шортандай шоршып түсті. Қалмақтардың неге жым-жырт бола қалғаны енді белгілі болды. Олар қазақтардағы өшін ақ патша арқылы қайтармақ. Өздері келіп дүрсе қоя берейін десе - орыс мемлекетінің жаңа боданы. Боданға бодан тиіскені ақ патшаға үнамай, сөгіс естіп қалулары мүмкін. Содан салып ұрып патшаға барған: «Жаңа бодандарыңыз тым есіріп барады. Тәртіпке шақырып қоймаса болатын емес!» Жығылғанға жұдырық дегендей, мына жақтан башқұрттардың хабары тағы жеткен. Тәтеш мырза одан әрі Самарада қайдан шыдап отыра алсын?! Қарақұрым қолмен жолға шыққан... Алты мың қалмақ соңында тегіннен-тегін сүмеңдеп жүрген жоқ. Не олардың өшін алып береді. Не солардың көзінше бұлардың былтырғы жорығын айыптап, қолға түскен олжалар мен тұтқындарды дереу қайтаруды талап етеді.
Әбілқайыр үшін оның екеуі де өліммен бірдей. Онсыз да атарға оқ таба алмай жүрген дұшпандарының алдында әбден қара жерге тірілей кіреді деген сол болады. Онысын бұл ел бетіне қарай алмайды. Баяғыдан бері бір жарылқаса, осы жарылқайды деп келген ақ патшасы елдің ең алдымен кеп жағасынан алса, одан асқан қандай масқара керек?!..
Ханның телмірген көздері хабаршының бет-ауызын ішіп-жеп барады. Мынау осының бәрін әдейі айтып отырған жоқ па? Соңғы барысында бұған соқпай, Алдарлардан қайтып еді. Соған өшігіп жүргеннен сау ма? Әйтпесе, Төтеш мырзаның әлгіндей асай-мүсайларын түгел асынып Самарадан шыққанын басқалар емес, неге бұл келіп айтады?
Жоқ, дөңгелек жүз Таймастың бет-аузында ондай ештеңе байқалмайды. Шыннан жаны ашып келіп айтып отырған адам сияқты.
Бірақ... Жұрт алдында бұны жер қылып, ақ патшаны сонша жын ұрып па? Ереуілші башқұрттар үшін бұнымен өшігудің еш жөні жоқ. Бұл араласқалы олар тыныш. Рас, қалмақ жақ беті шіркеулі... Дөндік Омбыны ақ патшаның тапсырмасымен кетті деп кім ойлаған? Өңшең шүйгінді жайлап талтаңдап қалған неме Қап тауының салқын белдерінде самалдайын деп көшкен екен ғой деп еді. Әйтпесе, бұл да аяғын аңдап баспас па еді. Сөйтсе, жолдарындағы қалмақ тайшылары жөндерін айтпапты. Әдейі айтпапты. Сол арқылы Дөндік Омбыдағы да, бұндағы да өштерін қайырыпты. Дөндік Омбы ноғайларды шаба кеткен екен. Сол уақытта бұл көк желкеден әдейі тиіскендей болыпты. Ноғайлардың өшін қайтару үшін барғандай керініпті. Кім біліпті, біреу-міреу солай құйқылжытса, ақ патша оған да сенер. «Ноғай да мұсылман, қазақ та мұсылман. Бір-бірінен астыртын хабары бар, жең ұшынан жалғасып жүр»,- деп ойлар. «Башқұрттарға келіп, ақ қырау ала қыста ақ киізге көтерткізіп хан сайланып жүрген неме ноғайлардан да таж дәметпейді дейсің бе?!»- деп сырттай тон пішер.
Тұсында керемет жолы болғандай көрінген сол оқиғалар, түптеп келгенде, Бұның итінің қырын жүгірген күндері екен ғой. Білсеші...
Бірақ, осы ақ патшаға қалмақтың тыныштығы, башқұрттың тыныштығы, ноғайдың тыныштығы керекболғанда, қазақтың тыныштығы неге керек болмайды?!
Солай болуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес... Ақ патша жаңа боданына бұрынғы бодандарынан көбірек жалтақтамаса, аз жалтақтамас... Ендеше, жалтақтасын... Жалтақтаңқырасын... Жалтақтатпай айдаладағы қатын патшаның мойын омыртқа сүйегін аяй ма?! Жан-жағына жалтақтағаны қайта өзіне жақсы. Жауырынына сарсу иленбейді... Көп талтаңдап, аз жалтаңдасын деген заң ба екен? Ақылы бар аз өзі талтақтай алмағанмен, жұртты жалтақтата алады. Бір есептен бұның да бірден майлы шелпек боп көрінбегені дұрыс. Өзіне салса, ол жағын келістірер еді-ау. Бірақ, өйтіп сенісердей елі болмай тұр ғой. Башқұрттардың бұйда жібін ұстап алып біраз саудаласып көрем бе деп еді. Құдай сәтін түсірмей тұр. Шыр айналдырып кеп бір қазақтың, оның да бір арысының ауқымынан шығармай тұр. Ал қазақтың қай бір қиқаңы мен сипаңы таусылған. Ондай ел өзіңді жалтақ қылмай тұрмайды. Өзің жалтақтап тұрып өзгені қайдан жалтақтата аларсың... Дымыңның құри беретіні содан. Әйтпесе, осы жолы да «Ақ патшаға қазақ керек болса, Әбілқайыр да керек... Ендеше ол Әбілқайырды белден басып кете алмайды»,- деп шіреніп-ақ бағатын жері.
Құдай сорлатқанда ондай пәтуаны өзіне қиғанмен, қарауындағы елге қиып отыр ма?! Қай бір нәрсенің де алды-артын парықтап жатқан айналаң бар. Бір қиқудан бір дүркіреп қасыңа жиналады, бір қиқудан дүсірлеп бет-бетіне тайып кетеді.
Мынау келе жатқан қиқу қай қиқу? Соны біле алмай пұшайман болып отырғаны!
Расында да, Төтеш мырзаның алғаш рет жолыққалы келе жатып, соңындағы шұбыртып ертіп келе жатқан аламаны не?!
Әлде әншейін айналаға жасаған дөң айбаты ма екен? Оның да реті бар сияқты. Жолда ереуілдеп башқұрт жатыр, өзара қырқысып қалмақ жатыр, ақ патшаға бірде оң көзімен, бірде теріс көзімен қарап қырық құбылып Жайық казактары жатыр. Солардың бәріне де «Дүниенің кіндігін ұстап тұрған жаңғыз сендер емессіңдер? Ақ патша сендерден де басқа бодан таба алады. Сендер қашқақтасаңдар, жұрт құшағын ашып өзі жүгіреді»,- деп қыр көрсеткілері келулері де мүмкін ғой. Кім біліпті, жаңа бодан қазақ жұрты да орыс қаруының қандай екенін біліп қойсын дейтін шығар. Баяғыда Нұралы айтып келмеп пе еді... Бұлар қонақасы екеш қонақасыларынан кейін де аспанға оқ атып, ойын керсетіп мәре-сәре болады екен. Бұл жолы да сондай бірдеңелер жасалмас дейсің бе?! Оған да әскер керек шығар?!..
Шынында да, ақ патша бала емес, шаға емес, жаңа бо-дан болып отырған елдің көкірегіне бірден көк сүңгі тіреп қайтеді.
Олай дейін десең, бірақ соңындағы шұбыртып жүрген алты мың қалмағы не? Ойын жасап қошамет көрсетуге олардан басқа әскер құрып қалып па?!
Жүйкесі тағы да шамырығып сала берді. Рас-ау, бұлардың қалмағаны несі?!..
Көкірегінің басы күнде тас боп түйіліп, күнде бір қайта тарап екі үдай ойдың соңында кезек қаңғырып дәнданай болып отырған ханды одан сайын қобалжытқысы келгендей орыс шабарманы сарт ете қалды.
Қылышы салақтап кіріп келіп: «Тәтеш мырза жіберді»,- дейді. Төрге шығып отыруды да білмейді. Амандық-саулық сұрасқанды да білмейді. Жүрісінің жайын сұрағанды да күтпейді. «Тәтеш мырза: «Сүмбіле туа Ор бойындағы шаһарға барам. Соған жолығысқа келсін. Дәл қай күні жолығатынымды кейін арнайы айтам. Хабарды өзімнен күтсін!»,- деп дүңк-дүңк етеді.
Соған қарағанда, ауызын ашса, көмекейі көрініп тұратын әңгүдік неменің сойынан шығар деп, әр немені бір тұртпектеп көріп еді, қайда сілтеп салса да, бар айтатыны: «Білмеймін». Сонысының өзінен-ақ ханның іші-бауыры мүздап қоя берді. Шабарманның ауызына осынша темір құлып салып жібергеніне қарағанда, Бұның арты қайдан тегін бола қойсын!
Расында да, не боп барады езі?! Жаманды-жақсылы бұл да бір жұрттың билеушісі емес пе еді? Патша ұлықтарының бар білетіні - көп қара таяқтарының біреуін аяғын салақтатып аттандырады; ал оларының бар айтатындары: мынаны істесін, ананы істемесін. Ең болмаса, мұндайда жай-жапсарды түгел айтып, хабарға қанықтыра алатындай біреуін жібермей ме... Қайдағы бір маубасын қайдан тауып жүмсаған?! Не сұрасаң да, дым білмейді. Неге бұлай... Әлде сыр алдырып қоймасын деп әдейі істей ме екен!! Мұндайлар, расында да, не біледі дейсің? Не де болса, бұл жасырынбақ тегін жасырынбақ емес. Тәтеш мырзаның Самарадан шыққанына да айдан асып кетті. Содан бері жолда. Сонша уақыт не бітіріп жүр? Қай бір апасына сәлем беріп, жездесінің қолын алып, қүдашасымен қыз ойнақ құрып жүр дейсің?! Жаңа салынған бекіністерді көрем дегенді сылтауратып, жолдағы жұрттардың іргелеріне тұмсық тіреп келіп тұрған қазақтарға қалай қарайтындарын сұрастырып біліп келе жатқан шығар. Онда жолындағылардың бұларды марапаттай қоймайтындығы әуелден белгілі. Қалмақтар көк есекке теріс мінгізеді. Башқұрттардың ауызы екі үдай. Біреуі болмаса, біреуі ит терісін бастарына қаптайды. Ал Жайық казактарының ауыздарын ауыртудың қажеті шамалы. Әуелі күллі қаймана қазақты қайын енелерінің астына бір сүңгітіп шығарады. Оған айыздары қанбаса, бұлардың бастарындағы өсекші қатынның ауызындай жалпылдайтын да жүретін жалба тымақтарының ішін бір толтырады. Сосын бұл жақтағы үрғашы біткен құрып қалғандай жеті қиян жер түбіндегі Петербордағы қатын патшаның өзіне бір-ақ бас салады. «Баяғыдан бері емін-еркін сүзіп келе жатқан Ақ Жайықтың тұнығын әуелі қайдағы бір шүлжің қалмақтың жылқысына лайлаттың... Енді ол аз болғандай, қайдағы бір маңқа қайсақтардың өзінен де арда, өзінен де сасық түйелеріне таптаттың... Бізде ала алмай жүрген өшің бар ма еді... Мықты болсаң, әлгі көззап қайсақтарыңның іргемізден суырып әкетіп, Хиуаның базарына құл қылып сатып жіберген боздақтарымызды қайтартқызып әпер...»
Бұл көрген башқұрт, бұл көрген қалмақ, бұл көрген казак-орыс болса, бұдан басқаша сөйлеуі еш мүмкін емес.
Сөйтіп, Абдолла баласы Әбілқайыр хан, ақ патшадан үпай алам деп жүріп, құқай алып қалмасаң нетті!
Ол сені: «Ә, бәлем, көптен бері қолыма түспей жүр едің. Құдай айдап, жақсы келдің. Өз еркіңмен бодан болдың. Енді ашсам алақанымдасың, жүмсам, жұдырығымдасың»,- деп арқаңнан қағудың орынына маңдайдан соғып тырайтып салмағай. «Аманатқа балаңды емес, өзіңді ұстап қалам»,- демегей... Ондайда озбыр патшаның қойған шарттарының бәрін орындап, сені қүтқарып алып қалатын қай бір үйымшыл елің бар?!.. «Не көп, қазақта төре мен төбет көп. Біреуі өлсе, біреуі табылар... Ақ патша деген қанды қақпан... Жақын келгеніңше жымпиып жатады да қояды. Сәл жоладың-ақ, шап беріп тірсегіңнен ұстап алып, мөлитіп абақтыға қамап қояды екен... Бетін аулақ!..»- деп алды-алдарына безіп отырса, артың тіпті сұраусыз кетер...
Тәтеш мырзаның үндемес шабарманы онсыз да ойырқанып отырған ханды үйдей уайымға салды. «Жарайды. Хабарды күтеміз»,- деп шығаруын шығарып салғанмен, қайтып үйге кіре алмады.
Арты қайтып кетеді деп, жылдағыдай Сары Арқаның самиян дөңіне шығып алмай, Ырғыз бен Қарақұмның арасындағы қапырық қолаттарда пысынап отыр. Төңірекке қанша көз жүгіртсе де, бөз-баяғысынша құлазып тұрады. Көк жиектегі көк сағым бұрынғыдай қиялыңды қырық саққа жетелемей, құрдымның сорындай шым-шым тылсымға тартып уайымға батырады. Кешегі көлкөсір кең дүние аяқ астынан жарлы кісінің жыртысындағы бір жапырақ көк шүберектей тылтиып шыға келген. Қайда бұрылсаң да - күмән... Нені ойласаң да - уайым...

Әбілқайыр елеңдеп жан-жақтан хабар күтеді. Бірақ ол хабар көкірегін онсыз да түтіндетіп жатқан күлімсі уайымды серпілтпейді, қайта қоюланта түседі. Күн шығыс беттен бір топ баран атты көрінгенде жүрегі елп ете қалып еді. Шақшақ Бөкенбайдың амандық-саулықтан кейінгі әңгімесін тыңдағанда өзінен-өзі қуарып сала берді.
Кешегі бұған келіп кеткендей бір үндемес Жәнібектің де ұлысына барыпты. Оған да бұған айтылған хабар айтылыпты. Бірақ, ол үндемес келіп кеткен үндеместен сәл тақыл болып шығыпты. Өзі секілді тағы бір үндеместің ту сонау Ертіс бойына, ӘбілМәмбет пен Әбілмансұрға кеткенін айтыпты. Ондай хабар Жәнібектің де жүрегіне түйнеме боп жабысса керек шақшақ Бөкенбайды дереу мұнда аттандырыпты.
Иә, хабардың сұрқылтайы енді шықты. «Бір жақтан шаншу, бір жақтан толғақ қысып отырғанда, қонақ жігіттің қойыныма кіріп келмесі бар ма?!» - деген екен баяғыда бір буаз қатын. Сол қатынның құрсағындай көңіл бейшараға да үміт пен үрейді қоса қабаттап тықпалап баққан қу дүние-ай! Қанша үміттенгің келсе де, көк желкеңде үрей тұрады. Жақсылықтан дәметкен адам да ауыл торып айналсоқтап шықпай қойған бозбастың ысқырығына елігіп, бейуақта түзге шыққан жармес көңіл әйел сияқты. Бұта түбіндегі бұқпақтап жүрген қарайғанға салып ұрып жетіп барса, қамшысын салаңдатып, алақанына түкіріп отырған байы боп шығады. Ондайда сорлы үрғашыны салаңдаған дырау қамшы емес әлгіндейге дейін иектеп жетелеп алып келген өзөзіл қиял естен тандырып алып ұрады.
Хан да мына хабарды естігенде қабарытып қоя берді. Оны манадан бері дел-сал қылып болдыртып отырған дәндәнай уайым қақ сүйектен қатты тиген соққыдай түпа-тура жәбірге алмасып, ашуға булықтырды. Патша ұлықтарының Бұлары не қылық? Әлге дейін илікпей отырған Жәдік тұқымына неге сонша әукелері салбырай қалды?! Бұл не үшін керек болды? Жұмбақ, тағы да жұмбақ...
Күні-түні басын қатырған ауыр ой бет-аузын көлкілдетіп ісіріп жіберді. Әншейінде домалап жерге түсіп кетердей боп жаудырап тұратын томаға көз бүгінде ін түбіндегі тышқандай өзер-өзер жылт-жылт сығалайды.
Әрине, бұның бәрі тегін емес. Ор бойындағы бұл жолығысқа ақ патша бұл ойлағаннан гөрі де көбірек маңыз беріп отырған болды. Ақ патшаға қазақ, бәлкім, башқұрт пен қалмақтан гөрі де керегірек екен. Сондықтан да қазақтың бас көтерерлерін тегіс жинағысы келеді. Олардың өзіне қалай қарағанына қарамастан бәріне де бірдей ілтифат көрсетпекші. Бірдей пейіл білдірмекші. Өйткені, қалмақ пен башқұрттың ар жағында кім тұр? Бар болғаны қазақ тұр. Ал қазақтың ар жағында кім тұр? Жоңғар тұр, Қытай тұр, Бұхар мен Хиуа тұр, Бұхар мен Хиуа, Бадақшан мен Үндістан тұр. Сондықтан қазаққа көрсетілер сый-сияпаны олар да көреді. Олар да өр қайсысы әр қилы ой түйеді. Ақ патшаға сонысы керек. Қаруының қай жерге кеп тірелгенін жан-жақтағылардың түгел білгені керек. Ендеше, мұндай салтанатта қазақтың игі-жақсыларының түгел болғаны керек. Бұл олардың ертең жан-жақтың ықпалына беріліп, әр қайсысының, әр жаққа бұлтарып бұлтаңдап кетпеуіне керек... Ақ патшаның, Самарадағы ұлықтардың көздеп отырғаны сол. Енді бәрі де түсінікті болды...
Әбілқайырдың іші удай ашып қоя берді. Сонда олар үшін баяғыдан бері солардың жолында басын талай қауіп қатерге тігіп жүрген бұл да бір, айдаладағы Жәдік балалары да бір болғаны ма?!
Ақ патшаның ұлықтары бұның іш есебін түсініп қалып, айла-шарғыға көше бастағаннан сау ма осы? Солай болса солай да шығар... Оған қазақтың жері мен елі керек! Ал ханы неменеге керек?..
Олай дейін десең, Әбілқайыр төре болғанда, Жәдік балалары төре емес пе, екен? Олар билікке, олар хандыққа таласпай ма екен? Таласқанда қандай! Бірақ, ондағы патшаның шаруасы қанша? «Бірі өліп, бірі қалсын!»- дейтін шығар.
Ендеше, Әбілқайыр үшін одан асқан елім жоқ. Онсыз да бұны мұқатуға тырысып бағатын Жәдік балалары: «Баяғыдан бері құйысқанға қыстырылып жүргенде бізден озғаның қайсы!»- дейтіні кәміл.
Өз-өзінен сөгіліп отырып қалған ханнын көкірегінде тағы бір күдік жылт етті: қазақ сұлтандарының басын тегіс жиып алу үшін алты мың қалмақ сарбазының қажеті қанша?
Ханның оң жақ езуінде сүліктей ілініп сұйық кекесін тұрды. Әлденеге айызы қанғандай көзі де жарқ ете қалды. Бірақ, артынша-ақ қайтадан тұнжырап сала берді.
Ақ патшаның ақ қаптал ұлығы бұны сыртынан орап Жәдік әулетіне қол созып отырғанда алты мың қалмақты тектен-текке ертіп келеді дейсің бе? Оларды сонша шұбыртқанда жолдағы башқұрттар мен Жайық казактарын тастап кете қояр ма екен? Сонда олар Ор бойындағы жолығыста не бітірмекші? Қазақтың игі жақсыларының тізгіндерін ұстап, аттан көтеріп алуға ма? Ондайға олар өлсе де көнер ме? Сонда оларды неменеге әкелмекші? Патша ұлығының оларды ерткендегі мақсаты не болды екен? Әлде ескі бодандарын жаңа бодандарымен таныс-тырмақшы ма екен? Несіне таныстырады, бұлар бір-бірін онсыз да таниды. Танығанда қандай... Әлде... Олар ескі бодандарын жаңа бодандарымен кінәластырмақшы ма екен? Соның жаны барырақ си