ВЕРНУТЬСЯ

          Ақ үміттердей ақ мамық

арбайды, қолға тұрмайды.

Көңілдер бүгін шаттанып,

аңсайды бақыт-жыл жайлы.

Жыл жайлы

соңғы нүктеге

жетелер адам біткенді.

Сонда да мынау жұрт неге

желпініп Жылды күтті енді?

Күткен-ді көктем құсындай

сенім мен бақыт таңдарын.

Көзімнен бұлбұл ұшырмай,

Үмітті мен де жалғадым.

Мұң табы жатса күлкімде -

сан қатерлерден шаршағам.

Армандап жүріп,

бұл күнге

жете алмай кетті қанша адам.

Сонда да тірлік жалғасып,

қадайды жанар жас қарға.

Табысып Жерде сан ғашық,

шашуын төкті Аспан да.

Мейірімдермен, үмітпен

жылынсын дала-құндағым,

тазартып жерді күдіктен,

келе бер, Жаңа жылдарым!

Қартаймай жүрсін қарттарым,

көгерсін кірсіз көңілдер,

елемей тірлік ақпанын,

жасара берсін Өмір-Жер!

1975