ВЕРНУТЬСЯ

         Жанарлардың жалтынан ұғысатын,

қол ұстасып өтуге тырысатын.

Ой-арманның барлығын бөлісетін,

күн өткенде сағынып көрісетін;

тек екеуіміз жүріп-ақ шаттанатын,

көңілдерді бүкпесіз ақтаратын.

Қол ұстасып таңдарды қарсы алатын,

дүниені думан қып ән салатын,

бір қайғыға өртеніп жыласатын,

ақтарылып оңаша сыр ашатын;

күрсінумен бітер деп ойламаған

(ештеңені ұқпайды тойған адам),

отты күндер. Кейде мен ойға қалам:

мүлдем жат қой қасірет, ойлар оған.

Құлай сеніп, алдансаң - азап, тегі,

сосын кешіре алмасаң наз-өкпені...

Күрсіністік. Қимадық. Кешірмедік.

Мүмкін бұл да біз үшін қажет пе еді...

1975