ВЕРНУТЬСЯ

          Мынау қолым, басым мынау,

жүрегімде - тосын әнім;

жүзім күңгірт, шашым қырау,

неде болса, осы барым.

Көзбен көрем, үйренемін,

ол да менің бір ардағым.

Бар ма, жоқ па ми дегенің,

соны бірақ біле алмадым.

Дидарымда - кемел көрік,

табиғаттың сыйы бұл да.

Тіршіліктің келем көріп

қызығын да, қиынын да.

Өмір биік, терең әрі -

тыным таппай сар желемін.

Бірақ ұқпай келем әлі -

қай жерімде жан дегенің?

Башпайда ма, білекте ме -

қайдан тапты сәтті жайды?

Алқынады жүрек неге,

тамыр неге шапқылайды?

Елтімеуші ем әрнеге онша,

жанды іздеймін, сабырлы едім.

Сүйіктім-ау, дәу де болса,

сенде шығар жаным менің?!

1984