ВЕРНУТЬСЯ

            Сөйлегенде ақылды данасыңдар,

Шежіре бұлағы боп ағасыңдар.

Асыл тастай санаулы қазынада

Күннен-күнге азайып барасыңдар.

Өр мінезді, сабырлы алып тұлға,

Күннен күнге азайып жолықтың ба?

Балдақ даусын естісем оқта-текте

Жалт қараймын. Жанарым толып мұңға.

Айтпадындар көп сырды неге бізге

Ақтай алмай үмітті келеміз бе?

Елге атқан жау оғының жарықшағы

Кейбіріңнің әлі жүр денеңізде.

Сендер жайлы қаншама жазар дастан,

Қариялар өңінен ажар қашқан.

Біз қырық жыл қарыздар боп келеміз

Оқ орнының тыртығын жаза алмастан.

Өтер уақыт, мәңгіге тұрмас бәрі,

Сендер Отан тарихы сырластары.

Ескерткішке айналып барасыңдар

Қайран менің әкемнің құрдастары.