ВЕРНУТЬСЯ

Кешіп келем,
Кешіп келем,
Кешіп келем -
Кеше берем
Шаң жуытпас шаңқанбоздың өзі болсам да неше жердеп,
Қиқулайтын демеушімнен
Күңкілдейтін күндесім көбін
Әуелден де жете білгем.
Өсектен өңге не күтерсің,
Кенедей боп өріп жүрген
Кіл кеңкелес кешелерден?...
Кеше бергем,
Кеше бергем,
Кеше бергем...
Күңкілі мол күндерменен
Арпылы көп айлар жылжып
Өте берген, өте берген.
Найсап нақақ шаң-тозаңы
Сауырға қонып,
Қабат-қабат
Өсе берген, өсе берген.
Өскен сайын бұрынғы өңім
Бұлдыр тартып,
Өше берген, өше берген.
Енді, міне,
Өзімді өзім
Танымастаймын,
Сімсік сыпсыңға құлақ ассам,
Жаманға налып жаным күйгенде,
Кетсе екен деймін құлап аспан.
Жұрт айтатын құбыжықтан
Құтыла алмастаймын, тура қашсам...
Бұл дүниеде жан жоқ екен
Дәл мендей боп,
Өз басына өзі лаң асқан.
Жексүрын   жұрт-ай,
Жемір ниет кіл қырт-ай,
Жақсы ойлап қайтсін біреу жайлы.
Өзі құбыжық өзгені де
Құбыжық қылмай тұра алмайды.
Өйтпесе, өңкей шайтан-шабыр
Бір күн де өмір сүре алмайды.
Қаңқуы жоқ қара жерді
Қара ниет нәмәрт өңкей
Бір күн басып жүре алмайды.
"Сен - періште, мен - періште, ал анау..." деп,
Иығын қомдап,
Миығын майлап,
Бірін келіп бірі алдайды.
"Жақсы - мен" деп айтпа оларға,
Айтақты айғақ жеңген емес.
Кісәпірлік кісілікке
Сенген емес,
Көнген емес.
Жөніңді біл,
Жөндемді бол,
Бекем болсын жүген-ноқтаң.
Тізгіндеп бақ өзінді өзің,
Өзіңді көндір,
Өңгені емес.
Көніп келем, көне берем...
Көнбістікпен көзімді ашқам.
Аулақ болгай абыржыр күн
Ашу жеңіп, төзім қашқан.
Найсап қайтпек обалыңды,
Оған жала, таба керек.
Ақылы аз ұқпас бұны,
Кешпей тұрып өзі бастан.
Бәріне төз,
Бұл дүние -
Дарақыға дарқан,
Дегдар үшін -
Әуелден де көр зымыстан.
                                         1998.