ВЕРНУТЬСЯ

Көрдім жапа көпке еріп дүрліккеннен,
Кетем безіп бір жола дүрмектерден,
Дүрліктірген дүлейлер думандап жүр, 
Мен жатырмын тірілей көлбеп көрде.
Жаттым, міне, тірідей көлбеп көрге,
Өкініш пен ызаға кеулеп кеуде.
Кәрі анамды зар болып бір көруге,
Қос бөпемді алдыма ап тербеткенге.
Дүрліктіргіш дүлейлер думандап жүр,
Кердең басып кең дүниеде бұлғаңдап жүр,
Сөзге ылығып көз тиген сорлы басың
Шүріппесінде шүршіттің былғандап жүр.
Думанды да тиямын, бұлғанды да,
Есен қайтсам бұл даудан бізді андыған.
Есер боп та, ер боп та атақ қумай,
Арттағылар аңдайтын із қалдырам.
Бұлғаңдауды қоямын бұла жастай,
Арзымсызға аузымды тұрам ашпай.
Зымырандай зырқырап шығам көкке,
Ракетамен атпаса құламастай.
Құлата алса, мейілі, құлатсын-ақ,
Үлгерем ғой бағымды, бірақ, сынап.
Ел шебінде шер қуып, серт қумасам,
Болғаным да бозымбай бір ақымақ.
Жоқ, болмайды олардың ойлағаны,
Тым ертерек еліріп тойлағаны,
Құрбанға айтар қошақан мен емеспін,
Төгілмесе, көрсетем, бойда қаным.
Болар ісі болды ғой - сірә, шыда,
Жау көзіне қуды ғой - ысыра - ысыра...
Енді қапы қалмастай запы болдың,
Тірлік сұра тобадан... Сұра, сұра!
Шілде, 1969 жыл.   Жалаңашкөл