ВЕРНУТЬСЯ

Шатылу бүгін емес, бұрыннан бар,Біреуге біреу тиіп, ұрынған бар.Талайлар мінәпаспен шығып жатыр,Кесіліп үлкен жаза құрылғандар.Жатырмыз бір түрмеде Адайлар боп,Шөгерген нар түйедей қатар-қатар.Ақталсақ, осы Ойылда болар едік,Жол шегіп алыс жерге шықпай сапар.Күн қайда сахарада шарықтайтын?!Әркімнің болғай-дағы Алла жары.«Сәл нәрсе кес болады, - деген сөз бар, -Басынан ауарында ердің бағы».Ақ иық арба жеккен болдық мәстек,Тап болған бағымызға заман-дағы. «Бұл қалай азаматқа іс болды?»  деп,Былайғы Алаш бізге алаңдады.Біреуге біреу жәрдем етпек түгіл,Аз күнге міндетіне ала алмады.«Жүйрік те, сірә, таяр» деген сөз бар,Ерлерім орға түсіп, арандады.«Ақ болса – бір жағы ашық» деген қайда,Жабылып бізді неге зарарлады?!Қараңғы үй тастан соққан керегесін,Темірмен қойған торлап терезесін.Жауапты тоқсан тоғыз, жүз қайырып,Толтырдық тергеушінің кенегесін.Жатырмыз тұтқын үйде қаулыменен,Шабарман винтовкасын кезегесін.Ерлерім күйзеледі ақтығына,Ешкімнен пара-пайда жемегесін.Жазықсыз жалған іске шаталағанАдамның қоздырады делебесін.Сәлем де Нәдірбектің баласына,Шаталдық сәл нәрсенің жаласынан.Хош, сау бол, енді, Мәке, көргенше көз,Ойда жоқ оқиғаны келтірді кез.Қарамай округтің хәкіміне,Центрден кісі келіп, тергеді тез.Әй, Мәке, ренжисің мені көріп,Болмай тұр жолдасыңның басында ерік.Қағысқан құлын-тайдай тату едік,Мәжіліс еткен талай күліп-ойнап.«Көшеде төбең маған көрінсе» деп,Қараймын тереземнен қаздай бойлап.Айдамақ алыс жолға Әулиеата,Айрылып ел-халқынан азаматтар.Қаусатып, қалғандарды ұстап жатыр,Құрылып бірден-бірге замана тар.«Қауіпті» сол кісінің біреуі – біз,Күн қайда аман барып, үйде жатар?!Ойылдың біз жатырмыз түрмесінде,Құдайым не салмайды пендесіне?!Тайпалған талай жүйрік, талай жорғаЗаманның тап болып тұр термесіне.Солардан жаным, тәнім артық емес,Құр бекер күйзелемін мен несіне?!Отырып от басында шаруа бақпай,Түседі адасқаным енді есіме.Аламыз зорға сұрап прогулкі,Адамның тұтқындағы бар ма еркі?!Қан құсып, осы күнде кеуде қайнап,Ұлғайды бірден-бірге іштің дерті.Хат жаздым қағаз, қалам қолға алып-ай,Күрсініп біз жатырмыз толғанып-ай.Сұңқардай қанат қағып, талпынамыз,Шыға алмай, тұтқын үйде шырмалып-ай.Ат мініп, жиын-тойда одағайлап,Күн қайда жүретұғын ырғалып-ай?!.