ВЕРНУТЬСЯ

     Ауыл
совет председателі Батырқанда бір ұл, екі қыз бар. Ұлы Жанбосынды оқушы азды-көпті
біледі. Тетелес екі қыздың үлкені Майра, кішісі Сайра.

Қазақ
балаларының аттарын ұйқастырып қоюға құмар болады.

Шешелері
Айсұлу кербез, келбетті адам. Үй ұстауы, бала өсіруі керемет. Екі қыз егіз қозы
тәрізденіп бірдей киінеді, аршыған жауқазындай тап-таза болып жүреді.
Қазіргідей жоқшылық қиын кездің өзінде Айсұлу балаларын елден ерек жұтындырып
қояды.

Батырқан
шалағат болғанымен өмір сүруге өте бекем адам. Орысша біледі, шекарашылармен
байланыс, қол астына екі колхоз қарайды. Сырттан келген желі қонақтар, өкілдер
Батырқанның үйіне түсед.

Қостөбедегі
бір-екі күйлі тұратын семьяның біреуі осы Батырқандікі.

Кластағы
ең таза оқушы Майра болғандықтан біз оны тазалықшы етіп сайлағанбыз.

Майра
шешесі Айсұлуға тартқан пысық та сүйкімді қыз. Ойын десе құйынша үйіріліп,
жанып кетеді. Көбінесе, ер балалармен достасып ойнайды.

Күнде
таңертең оқу басталардың алдында Майра бізді есіктен бір-бірлеп тексеріп
кіргізеді. Қолымыздың, құлақ, мойнымыздың тазалығын қарайды. Мін тапса,
кіргізбейді. Бар, жуынып, таза боп кел. Тырнағыңды сояудай етпей, алып кел
дейді.

Майра
өз қызметіне адал, қатал тазалықшы. Солқылдағанды білмейді, кімге де болса
айтқанын істетеді.

Ауыл
балаларының қай-қайсысы да үсті-бастарын күтуге ұқыпты емес. Қысы-жазы монша
дегенді білмесе, ауыстырып отыратын таза іш киімдері болмаса, үйде кір төсекте,
салаба жыртық көрпенің астында ұйықтайтын болса, қалай ұқыпты болады?

Үсті-басын
күтуге ұқыпсыз баланың біреуі - алдыңызда отырған әңгімешіңіз.

Жас
кезден тазалық сақтап дағдыланбағандықтан, әрі ол үшін қолайлы жағдай
болмағандықтан таңертеңгі жуыну маған бүтін бір азап болып көрінетін. Суық
сумен жуынып жатқым келмейді-ақ. Ат үсті жуынуға және болмайды, тексеретін Майра
бар. Қолдың күсін, құлақтың ішіне қақ болып тұрып қалатын кірлерді қалайда
кетіріп жуынуың керек. Азаптың азабы емей немене?

Тырнағы
құрғыр да өскіш-ақ. Ызаланып отырып бүгін алып тастасаң, ертең көстиіп шыға
келеді. Тырнақтың қаншалық өскені астындағы кірден білініп тұрады.

Ал
шаш алдыру ше? Мен үшін бұл азап қана емес, қасірет! Өйткені табиғат менің
басыма шаш орнына ұстара өтпес қалың сым темір қадап қойған. Шашымды кім алса
да бір дегеннен ұстарасы жүрмей, тұтқырланын қалады.

- Ту,
шашың шаш емес, сым темір ғой! Мұндай да қайратты шаш болады екен!-деп,
таңырқап жатқаны.

Шошқаның
қылындай қатты шаш күшпен әрең сыпырылады. Күшпен жұмсалған ұстара басымның құйқасын
қоса сыпырғандай болады. Жаным көзіме көрінеді. Тістеніп аламын да, шыдап бағам.
Екі көзімді бірдей тарс жұмып алам. Мықшиып жерге кіріп кете жаздаймын.

Мен
шашымды ұстарасы өткір, қолы жұмсақ деген адамдарға тандап алғызатын едім.
Ондай адам Әубәкір қарт. Қинала бастасам Әубәкір жігерлендіре біледі:

-        Өй, жаман неме. Өзің жігіт емес екенсің
ғой. Біз сендей күнімізде шашымызды қабырғамен алғызатынбыз,- дейді. Қабырға
шашты қалай алды деп, таң-тамаша боламын.

Жуынуға
қол сабын түгіл, кір сабынның өзі тапшы.

Ауыл
қазақтары сабынды өздері жасайды. Алаботаны шауып алып, өртейді де, күліне май
қосып, қайнатады. Қап-қара сабын пайда болады. Кәдімгі қара балшық тәрізді, әрі
ауыр, әрі қатты. Қол жууға арналған кішкентай қара сабынды бұзаушық дейді.

Бүтін
қол бізде бола ма? Көбесі шыт-шыт боп жарылып кеткен. Жуынған кезде қара
сабынның көбігі тұз құйғандай дуылдатып ашытып жібереді.

Қолың
кір, мойның кір деп талай рет Майра мені класқа кіргізбей қуған. Мен бірден
мойындамаймын, дау шығарамын.

-        Менің етімнің өзі осындай - қара,-
деймін.

-        Жоқ мынау еттің қаралығы емес,
күс,-дейді Майра. Қолымның көбесін тырнап дәлелдейді. Тырналған кезде күс
көшеді де, ар жағынан ақшылданып тері көрінеді.

Енді
мойындамасқа лажым қалмайды.

Класта
Майраның желке тұсында отырамын. Үзіліске шыққанда ол қайда болса, сондамын.
Әлдеқандай бір сиқыр күш мені Майрадан алысқа жібермейді. Арқандаған атша
Майраның төңірегінде ұстайды.

Майра
күн болса, мен күнбағыспын, онсыз тұра алмаймын. Майра гүл болса, мен
көбелекпін, айналсоқтап шықпаймын.

Мектептен
қайтып келе жатқанда бойымда табиғат сыйға тартқан қандай өнерім болса,
Майраның алдында соны түгел көрсетуге тырысамын. Құс болып құбылжытып
ыс-қырамын. Арық-ордың қайдағы жалпақ жерін таңдап секірем. Жаяу жарыста
қалайда озбақ болып, жанымды салып жүгірем. Соның бәрінде де көз қиығым Майрада
болады.

Майраның
жүзінен құптағандай белгі көрсем немесе оның аузынан бір тамшы мақтау сөз
естісем, онда дүниеде менен бақытты адам жоқ.

Жуынып,
тазалануды қанша азап санасам да, мен мектепке, мүмкін болғанынша, таза келуге
тырысатын едім. Қолдың күсін тырналап күшпен кетірем. Зорлықпен тазарған
терінің түсі түте-түте болып қалады. Мейлі. Алақанымды төмен қаратып, алдына
жайып ұстай қалғанда бұл бәтшағар қолдарды менің қаншама азаптанып тазартқанымды
Майра білсін қайта. Бағаласын. Өйткені осының бәрі Майра үшін ғой. Майрадан
ескерту алып, қызармас үшін. Майраға ұқыпты, таза болып көріну үшін!