ВЕРНУТЬСЯ

       Қостөбеге
қыс келді.

Таулы
аймақта ауа райы құбылмалы. Текес бойының кысы бірде қатаң, бірде жұмсақ. Қар
кейде қалың түседі, кейде жұқа түседі. Үскірік суық бола қалса, онша ұзаққа
созылмайды. Төрт-бес күн қысып-қысып алады да ашуы тез тарқап, маужыраған
қалыбына келеді.

Онсыз
да дабыр-дұбыры, ойын-күлкісі аз бір шөкім бөкене ауыл қыстыгүні жансыз денедей
боп, сұлық жатып қалады. Көшеде бейсауат жүрген адам қарасы сирек

байқалады.
Қалың қар тұмшалаған үйлер, қора-жайлар сырт көзге бұрынғыдан бетер мыжырайып,
шөгіп кетеді. Жұрт отқа тоғайдан көк тал әкеп жағады. Көлігі барлар атқа, өгізге
тендеп әкеледі. Көлігі жоқтар жаяу арқалап жүргені. Таудан қарағай алып келуге
шама жоқ.

Отынды
жаяу арқалап әкелетіндер әйел, бала-шағалар. Қарттар. Жігіттер бұны намыс
көреді.

Өмір
бойы көшпенді тіршілік құрған халық кірпіштен отынға үнемді, жылуды жақсы
сақтайтын пеш салуды да біле қоймайды. Отты бөлменің қақ ортасына орнатылған
темір пешке жағады. Қаңылтыр пеш от лаулап жанған кезде бірден ысиды. От сөнгенде,
бірден суиды. Жылу сақтамайды. Үйдегі бар жылуды бекітері жоқ қаңылтыр труба
лезде сорып әкетеді.

Көк
тал пыш-пыш етіп жөнді жанбайды. Үрлей-үрлей өңешің құрғап, көзіңнен жас
шығады.

Мұндағы
жұрт тас көмірді әлі көрмеген де.

Отынды
ертеңді-кеш тек тамақ дайындау үшін жағады. Міне, сол кезде әр үйдің есігінің
алдында шотпен, балтамен тоңқаң-тоңқаң етіп тал бұтап жатқан адамдар.

Ауылда
қанша үй болса, сонша түтін шұбалып көкке көтеріледі. Алыстағы жолаушы осы
арада ел мекені бар екенін тек соған қарап біледі.

Қыстыгүні
тіршілік өте-мөте көңілсіз: жұрт ерте жатады, кеш тұрады. Электрді білмейді,
жермайды үнемдеп жағады. Кітап оқымайды, радио тыңдамайды, кино көрмейді,
газет-журнал жаздырып алмайды.

Қазақ
тойшыл, сауықшыл халық. Оған қазір жағдай жоқ.

Той болады,
өте сирек болады. Және бұрынғы той емес.

Отыз
үйлік Қостөбеде тіршіліктің тынысы қыстыгүні де бәсеңдемейтін, ішінен еңбек
дүрсілі, адам күлкісі үзілмейтін бір үй бар. Ол - ұста дүкені. Өкембай ұстаның
балғасының шың-шың соғылған даусы ауылдың бас-аяғына түгел естіледі. Суықтан
қорынып, үйлерінен шыға алмай отырған жұртқа: зеріксеңдер, мұнда келіңдер!
Әңгіме-дүкен құрып, біріңмен-бірің әзілдесіп, көңіл көтеріндер дегендей болады.
Мұнда маздап жанған от бар. Біреуден біреу сұрап алып тартатын ащы көк темекі
бар.

Өкембай
балғасының шақыруын қабыл алушылар табылады. Қолы бос, зерігіп отырған жігіттер
шылымдарын бұрқ-бұрқ сорып, аяқтарын керанау басып, дүкенге қарай

келе
жатады. Ұста дүкені ауылдың дәл ортасында. Есігінің алдында ашық аспанның
астында тот басып, шашылып жатқан, кейі бүтін, кейі сынған неше алуан
соқа-сайман, арбалар. Бүкіл қыс бойына Өкембай оларды жамап-жасқап жөндеумен
болады. Колхоз басшылары әр бес күнде көктемгі егіс науқанына қызу дайындалып
жатқандары жайлы ауданға есеп беріп отырады.

Өкембай
ұста ғана емес. Осы елдің он қолдан өнер тамған зергері. Колхоз жұмысының
ара-арасында сыр-сипаты қазіргі тіршіліктен басқашалау нәзік жұмыстармен де шұғылданады.
Қыздарға, келіншектерге сырға, білезік, жүзік, сөлкебай соғады. Сылқым бозбала,
белсенділерге сабына араб әрпімен аттарын жазып, сәндеп бәкі жасап береді.

Өкембайға
бәкі жасап берші деп, жалынып жүретіндер көп.

Бұл
адамның дене бітімі қол тоқпақтай ғана. Әрі көсе, әрі кемпек. Үп-үшкіл қисық
иегіне бір-біріне шатыса жабысып қалған төрт-бес тал қылды сақал деп атау қиын.

Өкембайдың
аяғы қамыт аяқ, қолдары ұзын. Біз қос қолдап әрең көтеретін ауыр балғаны ол
әлгі шағын денемен-ақ бір қолмен қамшыдай үйіреді. Жуандығы білектей сом
темірлерді жалғыз қолдап соққанда, қамырша илейді.

Өкембай
еңбекқор және еңбек үстінде өте көңілді жүретін адам. Түтін мен темір иісі бұрқыраған
тар дүкенде балғасын шық-шық соға жүріп, ылғи да ыңырсып өлең айтумен болады.
Өлеңді ол жанынан шығарып, өзі қиыстырып айтады. Идеялық тұрғыдан мығым.
Көсемдерді, партия мен мемлекет басшыларын мадақтап жыр етеді. Егер тағдыр
жоғары оқу орнының филология факультетін бітіруге жазса, ол баяғыда-ақ
тәп-тәуір газет ақыны болып кететін адам.

Оқымаған
себепті ақынның санын көбейтпей, ауыл ұстасының санын көбейтіп жүр.

Өкембай
Қостөбедегі азын-аулақ партия мүшесінің бірі. Қатардағы еңбекшінің үлгілі өкілі
ретінде әрқашан санға ілініп, аты аталып жүреді. Оны-мұны комиссия құрылса,
Өкембай ішінде. Екпінді колхозшылардың жиыны, слеті болса, міндетті түрде
Өкембай барады.

Мейрам
сайын трибунадан бір адам колхозшылар атынан құттықтау сөз сөйлейді, ол - Өкембай.
Жиылыс болса,

Өкембай
екі қолын тонының шелектей жуан жеңдеріне тығып алып, есінеп президумда
отырады.

Жиылыс
демекші, сол кезде жұрт жиылыстан бас ала алмаушы еді. Ауылға сан алуан өкіл
келеді: аупарткомның, ауаткомның, аудандық жер бөлімінің, комсомолдың өкілі.
Әйелдер бөлімінің, оқу бөлімінің, денсаулықтың, осоавиахимның, құдайсыздар
ұйымының өкілі...

Өкіл
соңынан өкіл. Өкіл кепті дегенше, жиылыс кепті дей бер. Бригадир үй-үйді кезіп,
хабарлаумен болады:

-        Ау, жиналысқа жүріңдер! Жиналыс бар!
Ауданнан өкіл кепті. Баяндама болады. Тез жүріңдер!

Пәлен
сағатта басталады деген сөз қолданылмайды. Ол тұрмысқа сіңбеген.

Мал-пұлдарын
жайғап, жұрт кешкі тамақтарын ішіп жиналғанша, түннің бір уақыты болады. Тар
кеңсенің ішіндегі аз ғана орындық келген жұртқа түгел жетпейді. Үлкендердің
көбі малдас құрып жерге отырады. Алдымен жиналғандар соңғылар жиналғанша
қорылдап ұйқыға басады.

Май
шамның ала көлеңке жарығымен бір кезде жиналыс басталады. Басында қазандай
түлкі тымағы бар Жөкібай председатель:

-        Әй, кетер бастарыңды! Уәлібай! Сатыбай!
Немене, сендер мұнда ұйықтағалы келіп пе едіңдер? Қылжимай, тұрып
отырыңдар!-деп, ұйықтап қалғандарды әуелі оятып алады. Күн ара жиналыс ашып
жүрсе де өзіне өзі сенбей абдырай беретін сауатсыз председатель қасындағы өкілсіз
қия баса алмайды.

-        Приздом сайлаймыз ба? - деп, ақыл сұрайды.

-        Сайлау керек.

Президиумға
сайланатын адамдар белгілі: ауданнан келген өкіл, Жөкібай өзі, ауыл совет
Батырқан. Жалпы колхозшылардың атынан Өкембай. Әйел колхозшылардың атынан екпінді
әйел, Етекбай келіні Мария.

Кейде:

-        Комсомолдан бір адам сайлау керек! -
деген ұсыныс түседі. Қарсы болмайды. Жүнісбай сайланады. Иә, бізбен бірге
оқитын Көпекбай ұлы Жүнісбай.

Ол
ауылда болып жататын жиналыстардың бір де біреуін құр жібермейді. Жарыс сөзде
сөйлемей және қалмайды. Жүнісбай сөз алған кезде сезіктілер қипақтап жандары
мұрындарының ішіне келіп отырады.

Өзін
нағыз большевикпін деп есептейтін Жүнісбай ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Әкесі
болса да тас-талқан етіп сынайды.

Жиналыс
кейде таңға дейін созылады. Қыстыгүні халықтың қолы бос кезде ештеңе емес,
жазда жұрт жұмыспен қарбаласып жатқанда өткізілетін өнімсіз мылжың
жиналыстардан өткен жексұрын еш нәрсе жоқ. Адамдарды шаршаған үстіне шаршатады.

Жиналыс
болса, тым құрса, бір үйден бір адам қатысу керек деген жазылмаған заң бар. Бұл
заң кейде күлкілі жайға апарып соғады. Айталық, әйелдер жиналысы болғалы жатыр.
Шал мен кемпір. Кемпірі науқас. Енді ол жиналысқа амалсыздан шалы барып
қатысады.

Өкембай
колхоздың ұстасы ғана емес, бүкіл халықтың ұстасы. Біреуге бәкі, біреуге пышақ,
біреуге қысқаш, біреуге таға, біреуге шот жасап береді. Есікке топса, құлып
салатын ілгешек істеп береді. Жұрт тозған шелек, шылапшынын Өкембайға
түптетеді. Қаңылтыр пеш, керней жасатады. Қостөбеде Өкембайға ісі түспейтін
адам жоқ, онсыз елдің күні жоқ.

Бала
саны Өкембайда баршылық. Салақтау Шолпан дейтін ақкөңіл әйелі бар. Әрбір жыл
жарымда құндақталған бір баланы Өкембайга мә, тағы да мұрагерлі болдың деп, ұстатады
да отырады.

Қарт
шешесі бар, семьясы үлкен.

Тұңғышы
Алтын дейтін қыз, менімен бірге оқиды. Пысық.

Өкембай
кісі көңілін қалдырғанды білмейді. Жұрттың өтінгенін қалай да істеп береді.
Жеңіл-желпі жұмысқа атап ақы сұрамайды.

Ақыны
басқа жолмен алады.

Қаншалық
кедей үйдің де қазаны бүлк-бүлк қайнайтын көңілді бір күні болады ғой. Қайдан
білетінін, Өкембай біле қояды. Қазан түсер кезде салаң етіп жетіп келеді. Терге
шығып, отырып алады.

Ірілеу
жұмыс істесе, Өкембай ақыны атап сұрайды. Бір пұт арпа немесе бір қап тауық
жем, яки болмаса бір табақ ұн бересің дейді. Ақша айтылмайды. Ақшаға жұрттың
бәрі зәру.

Ақы
алдын ала төленсе, Өкембай көңілденіп істейді.

Жұмыс
үстінде Өкембай әндетіп ыңырсып отырады да, басы жоқ, аяғы жоқ бір сөзді қойып
қалады:

-
Шіркін, Мәскеуді бір көрсе! -дейді.