ВЕРНУТЬСЯ

       -        Алматыдан оқудан ағам кепті. Саған
бастан-аяқ жаңа киімдер әкепті!-деген, мен үшін дүниеде теңдесі жоқ, қуанышты
хабар жетті. Өзімді қоярға жер таппадым, Қостөбе қайдасың деп, жаяу тартып жөнелдім.

Қол көтерсең,
бірі болмаса бірі тоқтай қалатын қазіргідей машинаның ағылып жатқан кезі емес.
Арбаның өзі сирек. Даланың төсін шұбалып тіліп өткен шаңдауыт қар жолға түсіп
ап, жалаң аяқ тартып келем.

Бастан-аяқ
жаңа киімдер... Не киімдер екенін тез барып көргенше ынтықпын. Үстімдегі мынау
жаман салабалардан құтылатын, маған да жаңа киімдер киетін заман болады екен-ау.

Мектепке
бармаған кезім. Шешем қызыл ала шыттан қолмен көктеп, жейде тігіп берген. Соны
киіп, қуанып, көршілерден байғазы сұрап жүрмін. Жанбосын кездесе кетті. Менің
мақтаныш еткен жейдемді нұсқап:

-        Қызтеке, қызтеке!- деп келеке ете бастады.
Мен әуелі түсінбедім. Сөйтсем, қызылды тек кыздар киеді, сен енді қызсың деген
сөзі екен.

Мақтанудың
орнына, сосын, қорланатын болдым.

Ескі
былғары етіктің қоншын бастатып, аяғыма шап-шақ етік тіккізіп берген. Әлгіні
киіп, құр ат мінгендей жетісіп қуанған едім. Жас кезімнен осы екі уақиға менің
есімде қалыпты.

Бұдан
басқа жаңа киім киіп қуанғанымды біле қоймаймын.

Сөйтіп,
Қостөбеге жаяу келе жатырмын.

Бұл,
сірә, октябрьдің іші болуға керек. Аспан сол күні құбылыңқы. Жентек-жентек түсі
суық сұр бұлттар шы-

ғысқа
қарай ауыр сырғып көшуде. Бұлт қарасы біртін-біртін қалыңдай түсетін тәрізді.
Менің бет алдымнан ыз-бар жел соғады, омырауымнан кірген жел қойын-қолтығымды
аралап, денемді тітіретіп өтеді.

Қара
сұр бұлттар әрі түнеріп, әрі төмендеп келеді. Әне, тысырлап тамшы тама бастады.

Мен
бұл кезде Сүмбе мен Ұштың дәл екі арасында қара моланың желкесінде келе
жатырмын. Айдала. Жолдың асты-үсті құлазыған аңыз. Жаңбырдың тысырлауы жиілей
бастады. Құлағымды, маңдайымды тамшылар сап-салқын болып шертіп-шертіп өтті. Бір
тамшы тәмпіш мұрнымның ұшына тиді.

Жаңбыр
лезде нөсерге айнала бастады. Үдеп, көп жауатын түрі бар. Не істерімді
білмеймін, жақын маңда жүгіріп барып, бас сауғалар пана жоқ.

Не
болса да көндім.

Нөсер
де ештеңе емес екен. Тамшы орнына аспаннан бармақтай-бармақтай бұршақ түсе
бастады. Нағыз масқара енді болды. Түйе құмалағындай көксоқта шымыр бұршақтар
жерді түтіп, тесіп жібере жаздайды. Баскиімсіз шекеге дөң ете қалуы таспен ұрғаннан
бір кем емес. Пешпентімнің жағасын екі қолдап созып, құлақтарымды бүркеймін. Тақырайған
төбем сонда да ашық, бұршақ екіленіп төбеме, қолымның сыртына келіп соғылады.
Қолы қатты біреу аямай шертіп жібергендей тыз еткізеді.

Бұл
да ештеңе емес екен. Келесі бірнеше минуттың ішінде жер беті бұршақтан аппақ ақ
қарға айналды. Жалаң аяқпын ғой! Енді қалай жүрем? Қар-бұршақтың суықтығы мұздай,
табанымды қарып, өлтіріп барады, ызғары шекемнен шығады.

Ақ
көрпесін жерге төсеп тастады да, бұршақ басыла қалды. Селдіреген сұйық бұлттың
арасынан жарқыраған күн көрінді. Одан маған не пайда? Жол шетіндегі биік бір
шидің ық жақ тасасында алақандай қара жерде бүрісіп, жан сауғалап тұрмын. Дүниені
сел алғанда бір түйір томарға шығып аман қалған қоян тәріздімін. Енді мына
жолмен кім өтер екен? Мені мына ауыр халден кім құтқарар екен?

Егер
ешкім кезікпесе, қашан бұршақ еріп, жол қарайғанша өстіп тұра бергеннен өзге
лаж жоқ.

Бірақ
кездеспеуі мүмкін емес. Бұл аймақтағы үлкен жол тек осы. Халық үзбей қатынап
жатады.

Ура!
Мен неткен бақытты едім! Құдай мені өлтірмейін деген екен. Сүмбе жақтан бір
аттық арба зырлатып ке-

леді.
Ұшқа тоқтамай, Қостөбеге бірден баратын арба болса игі еді.

Арба
жақындап қалды.

Ұшқа
барса да маған бәрібір. Ұшта Зәуре жеңешем мен Қағаз аға бар. Сол арада шай
ішіп, жылынып, жолдың қараюын тосам.

Арбаға
биік қара ат жегілген. Жалғыз адам. Жолдың ауырлығын елеместен екпіндеп қатты
келе жатыр. Яғни, жүгі жеңіл. Мен арбаның алдын торып, жолға қарай жүгірдім.
Кім де болса, менің мына халімді көріп, отырғызып алатынына сенімім кәміл.

Рессорлы
жеңіл арбаның үстінде маған қодия қарап отырған жасөспірім, сөйтсем, Жанбосын!
Менің ескі жауым, әрі жерлесім. Астында арбаның өн бойына қарай ұзынынан
сұлатып салып қойған бір қап ұны бар. Сүмбеге диірменге барып келе жатқанын
бірден білдім.

Жанбосын
мені танып, тоқтар емес. Атына одан бетер қамшы басып, зырлатып өте шықпақ. Мен
ақ бұршақты жалаң аяғыммен шалп-шалп кешіп, арбадан қалмай, жалынып жүгіріп
келем:

-        Ағатай, Қостөбеге дейін ала кетші!

-        Ат тарта алмайды, алмаймын.

-        Ағатай, қарашы, аяғым үсіп кететін
болды!

-        Үсісе қайтушы ем? Жалаң аяқ неге
шығасың!

-        Ағатай, сөйтші!

Мен
енді Жанбосыннан рұқсат күтпей-ақ арбаға арт жағынан жабыса бастадым. Жанбосын
өңін суытып:

-        Түс! Түс!- дейді.

Мен
тыңдамадым. Мені біраз бүрсеңдетіп жүгірткісі келген ойыны шығар деп ойладым.
Арбаның кіндік ағашына мініп те алған едім.

-        Түс деймін! Ұрам! Түсесің бе, жоқ па?
Мен әлі де болса Жанбосынның домбытуы шығар деп, түспедім.

Сөйтсем,
әлгі ит нағыз жансыздың өзі екен. Шұбалған арба қамшымен тартып келіп жіберсін.
Жұқа киімнің сыртынан шып етіп, осып түсті. Жаныма батып кетті.

Бұл
аз дегендей тағы ұрғалы келеді.

Амалым
жоқ, арбадан секіріп түсіп қалуға мәжбүр болдым. Жанбосын енді қарқылдап күліп
кетіп барады.

Тілім
жеткенінше сыбап боқтап жатырмын.

Анадай
ұзаған соң Жанбосын атының басын тежеп, тоқтайын деді. Маған қарап дауыстады:

-        Кел, отыр!

-
Бәсе, ала кетпей не көрініпті. Қап, боқтауым асығыстау болған екен-ау!

Арбаға
қарай жүгіріп келем.

Жақындап
қалдым.

Жанбосынның
бұл мазақтауы екен. Кенет, мен жеткенше, атына қамшы басып, қуа жөнелді. Мен ақ
бұршақтың үстінде ақымақ болып, бүрсеңдеп қала бердім.

Тағы
да бір шидің қарайған түбін басып тұрмын. Табаным мен саусақтарым бұршаққа
тоңып, қып-қызыл болып кеткен. Тызылдап, ашып, жанымды көзіме көрсетеді.
Шіркін-ай, тым құрса, бас киімім болар ма еді. Ойланып-толғанбастан, аяқтарымды
соған орап, жылытар едім.

Кенет,
Сүмбе жақтағы ойдан бір салт атты шыға келді. Бөрік, шекпен киген егде адам.
Астындағы бие болса керек, сипап қана қамшыланып, бүлкек желіспен келеді.
Нағашымдардың Үсейін дейтін жама ағайыны болушы еді, сол екен.

Үсейін
мені мүсіркеп кетті, артына міңгестіріп алды. Тоңған аяқтарымды шекпенінің ұзын
етектеріне орап, биенің майда желісімен лезде Ұшқа алып келді.

Ұш құп-құрғақ,
бұл араға бұршақ та, жауын да тамбаған.

ЖАҢА
КИІМДЕРДЕН КӨРГЕН АЗАБЫМ

Бастан-аяқ
түгел болмаса да, ағайымның маған біраз сырттық киімдер әкелуі рас екен. Тері
жағалы қыстық бобрик пальто, калошымен жаңа сұр пима әкелген. Жүні сабалақтау
малақай алып келген. Жазда киімнің бар, жоғы онша білінбейді, жалаң аяқ, жалаң
бас шапқылап жүре бересің. Киімі жоқ адамның қор болып бітетіні қыстыгүні.
Ағайым маған киім сатып аларда көптен-көп осыны ойлаған.

Өмірі
киім киіп жарымаған, базар киімін иығына да іліп көрмеген мен байқұста
қуанғаннан ес қалмады. Пальтоны да, малақайды да, пиманы да (әрине калошымен)
киіп алып, былай-былай жүріп қараймын. Жаңа киімнің аты жаңа киім, үстіме қонымы
да, денеме сезілуі де мүлдем бөлек. Айнаға қарап, өзімді өзім танымай қалғандай
болам. Иә, адам көркі шүберек, ағаш көркі жапырақ деп,

бекер
айтылмаған. Күндегі жарбиған жаман емеспін, сүйкімді әп-әдемі болып шыға
келгем.

Шіркін-ай,
дәл қазір далада қыс болса деп тілеймін. Қар борап, аяз шытынап тұрса. Мына
киімдермен аяғымды шіреп басып, көшеге шыққан болар едім. Жұртқа көрсетіп,
мақтанар едім.

Жер
қара, күн жылы кез. Бұл киімдермен қазір көшеге шықсам, мақтаншақтың өзі болып
қаламын.

Үстім
көпсіп, терлеп барам. Жаңа киімдерімді сонда да шешкім келмейді. Малақайдың құлағын
біресе түсіріп, біресе түріп киіп қараймын. Иә, енді маған қыстың қандайы да
қорқынышты емес.

Төсекке
жатқаннан кейін де ойлағаным ағайым әкеп берген жаңа киімдерім. Үйде жеке өзім
болсам, мен оларды киіп жатып ұйықтаудан да тайынбас едім.

Алматыда
оқыған бірнеше айдың ішінде-ақ. Сатылған ағайым кәдімгідей өзгеріп, мәдениеттеніп
қалған. Ақ жейдеге галстук тағатын болған. Галстукті ауылда тек балалар тағады
және қызыл галстук. Ал ағайымның мойнында көк ала галстук. Мен үшін бұл сәлекет
болып көрінеді.

Ауылдағы
кемпір-шалдар Сатылғанға үдірейе қарасады. Қай бірі қасына шақырып алып:

-        Қарағым, мойныңдағы не зат?- деп,
сұрайды. Ағайым күліп жауап береді:

-        Бұл галстук.

-        Оқыған балалардың бәрінің мойнына өстіп
байлап жібере ме?

Шын
сұрақ болсын, кекесін сұрақ болсын, Сатылған ашуланбайды. Одан бетер күле
түсіп, дұрыстап жауап береді. Қалада галстукті жұрттың бәрі тағатынын, магазинде
еркін сатылатынын айтады.

Кемпірлер
ауыздарын сылп еткізіп:

-        Құрып қалсын, ит құсатып адамға қарғы
бау таққаны не сән екен,- дейді.

Мұндағы
жұрттың ұғымында галстук тағу ол өкіметші болудың, комсомол болудың және бір нышан-белгісі
тәрізді. Ескілік салт-санадан алшақтау, орыстану. Әсіресе, қарттар жағы
Сатылғанның бұл мінезін құп ала қоймайды.

Қалада
ағайым әрқилы болып суретке түскен, өзінің бірталай сурет-карточкаларын
окелген. Тор жақ бүрыш-та үстіне кітап-журнал жиналған стол бар емес пе? Сол

тұсқа
қабырғаға газет қағып, газетке бірсыпыра суреттерді шет-шетін кіргізіп іліп
қойған.

Үйге
келген қарттар осы суреттерге көп үңіліп қарайды. Адамның өзінен айнытпайды
екен деп, ғажап қалып, бастарын шайқасады. Орыстан өнер қалған ба деген тәрізді
сөздер айтады.

Мен
әлі күнге суретке түсіп көрген емеспін. Колхоздарда сурет тартатын адам жоқ.
Суретке түсу, қағаз бетінде түр-түсім қандай болып шығатынын көру - ол менің
аңсаулы арманымның біреуі.

Кім
де кім суретке түссе, мен оны бақытты деп қараймын. Сатылған ағайым міне
бақытты.

Сүмбеге
жаяу қайтып келе жатырмын. Ағайым әкеп берген жаңа киімдерімді түгел орап,
көтеріп алғам. Аға-жеңгем:

-
Қазір күн жылы, бәрібір кимейсің, тастап кет. Соңынан қатынаған адамнан беріп
жібереміз,- деп еді. Көнбедім. Өлгенде көрген киімдерімді көзімнен таса етіп,
шыдай алатын емеспін.

Нағашыларыма
көрсетіп, мақтанғанша және асықпын.

Күн
бүгін жылы, жарқырап тұр. Айдала, қара жолдың үсті. Не алдымда, не артымда
менен басқа қыбыр еткен пенде жоқ. Мынау елсіз далада жаңа киімдерімді тағы да
түгел киіп аламын. Тағы да қақаған қыс болып тұрмағанына өкінемін. Екі қолымды
қалтама салып, біраз жер жүріп барам. Содан соң жүгіремін. Құдайдан қыстың тез
түсуін тілеймін.

Жаңа
калоштың ізі жолға мөр басқандай болып түседі. Мен оған үңіліп тамашалап
қараймын. Бір кезде Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан бәтеңкенің ізіне сонша
қызығатын едім. Мен үшін ол қол жетпес арман еді. Сөйтсем, арманы қалай
орындалғанын адам білмей де қалады екен.

"Ағасы
бардың жағасы бар" деген рас сөз-ау. Мен осы жолы Сатылған ағайыма шексіз
разымын.

Өмір
бойы осындай дәрменсіз балалық халде тұрып қалмайтын шығармын. Мен де өсіп,
ержетермін. Мал табармын. Сонда ағайымның осы жақсылығын он есе, жүз есе
қайтармасам ит болайын.

Сонау
көз ұшынан адам қарасы көрінсе, үстімдегі киімдерімді дереу шешем де, орап
алам. Күн жылы, жер қарада қыстық киіммен қорбиған қандай есуас демей ме?

Біраздан
соң шаршай бастадым. Қалың пальто, пима,

малақай,
калош - жаяу адамға бірсыпыра жүк екен. Сүмбеге қас қарая әрең жеттім.

Менің
бір құшақ жаңа киімдер арқалап келуім нағашым үйіндегілерге ғажап әсер етті.
Рамазан мен Қасымқан іштері күйіп қарайды.

Дәл
сол күні Сүмбеде Қали дейтіннің үйінде той бар екен. Той десе, қу бас
домалайды. Ел шұбап кетіп жатыр. Мұндағы жұртқа шақырған, шақырмағаны есеп
емес.

Бір
үй той жасапты десе, еліріп кететін әдет бізде, балаларда да бар. Бізсіз тойдың
сәні келмейтін тәрізді. Міне, Рамазан екеуміз тойға барамыз деп, қамданып
жатырмыз.

Кеш,
әрине, күндізгідей емес, салқын. Соны сылтауратып, жаңа киімдерімді түгел киіп
бармақ болдым. Ауылдың бар баласы жиналады, көрсін бәлем. Іштері күйсін. Қашан
қыс түскенше тосып, шыдай алатын емеспін.

-        Бұл киімдерді қайдан алдың ей?- деп,
олар сұрайды ғой.

-        Ағайым Алматыға оқуға барған еді, сол
әкеліп берді!

Алматы
бұл араның халқы үшін жер түбі, екінің бірі

бара
алмайды. Бұл киімдердің Алматыдан әкелінуінің өзі-ақ біраз жұртты «оу»!-
дегізеді.

Алматыда
оқып келген ағайым бар екенін Баймырза секілділер біліп қоюы және теріс емес.

Сонымен,
Рамазан екеуміз тойға келе жатырмыз. Рамазан пешпентшең, басында кепка.
Самдағай. Мен болсам, солтүстік полюстен самолетпен келіп түсе қалған
адамдаймын: үстімде қорбиған қалың пальто, басымда малақай, аяғымда пима
калошымен.

Мен
бұған дейін өмірі калош киіп көрген адам емеспін. Калоштың қажеттігі, менің
түсінігімде, тек аяқтан сыз өтпеу үшін емес. Әрі пиманың табаны тозып, тесілмеу
үшін. Яғни, аяқ киім көбірек киіс беру үшін. Бұл бір.

Екіншіден,
калошты және сән үшін де киетін тәрізді. Әсіресе, әңін кірбің шалмаған жаңа
калош аяқта жалт-жалт етіп тұрса, ғажап емес пе?

Төңірек
қараңғы тартып, көз байланып қалған.

Мынау
сол той жасап жатқан үй. Сүйек-саяқ  дәметкен
иттер мен балалар есік алдын торуылдап жүр. Біз де келіп қосылдық. Қараңғыда
менің қандай киім киіп келгенімді жұрт онша байқамайды. "Қорбиған мынау
кім ей" деп, біреулер үңіліп қарап өтті.

Күресіп,
алысып-жұлысып ойнай бастады балалар. Мен араласпаймын, аулақ тұрмын. Әлі
киіліп, жұмсармаған

пима
жүргенде тобықтарымды қажап, ауырта бастады. Арқа-басым терлеп, пысынай
бастадым. Ойнауға да, алысуға да ешқандай икемім жоқ.

Той
асынан балаларға да дәм татқызады. Біз мұнда, негізінен, сол үшін келіп жүрген
жоқпыз ба? Аспаз әйелдердің бірі есік алдына шығып, айқай салды:

-        Балалар, мұнда кіріп, шай ішіңдер!

Ойын
да, алысып-жұлысу да жайына қалды. Ас үйге кіріп, іргені жағалап отырыса
бастадық. Стол жоқ, бірімізге біріміз тақалып, жерге отырып жатырмыз. Балалар
менің не боп кеткенімді енді анық көрді.

-        Охо! Мынаған қараңдар!

-        Өй, саған не болған!

-        Жер қара, күн жылыда пима киіп алыпты әуелі!

Көзге
шыққан сүйелдей елден ерек оғаш боп

келгенімді
мендағы анық байқадым. Оғаш түгіл, тіпті ұят екен. Өмірі киім киіп жарымаған
сорлы екенімді бұдан артық әшкерелей қоймаспын, сірә да. Бір өзім екі адамның
орнын алып, аяқтарым жөнді бүгілмей, әрең отырып жатырмын.

-        Киімдерін жұртқа көрсетіп, мақтанайын
дегені ғой!- дейді біреулер. Солай екенін ел түгел біліп отыр.

Қысыла
бастадым.

Жерге
дастарқан жайылған, бауырсақ төгілген. Енді ыстық шай құйыла бастады. Шай құюшы
келіншектер маған қарап, мырс-мырс күледі:

-        Мына Қағазбайдың жиеніне қайдағы қыс
келген?

-        Қарағым, үйде тағы да кимеген киімің
қалды ма?

-        Баланы мүйіздей бермей, қойсаңдаршы. Аяқ
астынан қар борап, күн суытып кетсе, үйіне қалай жетпек!

Қаншықтардың
тілдері тікеннен де жаман, пісіп-пісіп алады.

Қалың
киімнің пысынатуы, ұялып-қызаруым бәрі араласып, жазамды бере бастады. Терлеп кеттім,
бауырсақтан емін-еркін еңкейіп, алып жей де алмаймын. Есем кетіп барады. Ыстық
шайдан ұрттасам, одан бетер терлеймін. Менен басқалар жайылымға шыққан
сиырларша жапырып барады.

Мен
адам емеспін, буып қойған теңмін.

Ақымақ
болғанымды ойлап, қысылған сайын тер анан да, мынан да сорғалап, еркін кетті.
Моншада, ыстық буда отырғандаймын: Тер арқамнан, шашымның ара-арасынан жорғалап,
жыбырлап шыққаны өзіме ап-анық білінеді.

Сүртінейін
десем, орамал жоқ. Менің қалтама өмірі орамал бітіп көрген бе!

Терімді
алақаныммен сүртем де, жамбасыма сүйкеймін.

Мұрын...
Мынау кішкентай төмпіш мұрын бұл дағы нағыз оңбаған зат. Осындай жаның қысылған
кезде өзіне өзі бекем болуды білмейді, бір винті босайды да кетеді... Мұрынмен,
термен алысып отырып, енді ас алып көр!

Қазір
менде бір ғана арман бар, ол - бәрін қойып, тезірек сыртқа шығып жөнелу. Бірақ
оған жол жоқ. Тым құрса, есік жаққа шетке де отырмаппын. Сығылысқан балалардың
ортасына түсіп қалғам. Алдым дастарқан, артым үй қабырғасы, қозғала да
алмаймын.

Басымды
кегжитіп тік ұстап, мұрнымды пыш-пыш тарта берем. Сол еңкейсем, танаудың
ішіндегі мүлікке ие бола алмай қалатындаймын...

Өлдім-талдым
дегенде шықтым-ау сыртқа! Бұрышты айнала беріп, зыңқ еткізіп, мұрнымды
босаттым. Пальтомның түймелерін ағытып, кеудемді самал желге тосып, жан шақырып
жатырмын. Бүйткен жаңа киімдері құрып қалсын! Көрмеген азабымды көрсетті, өмірі
естен кетпес халге душар етті. Бір қызықтың бір шыжығы болады деген осы екен.