ВЕРНУТЬСЯ

       Құпия
кеңес жайы сөз болады, повесть осымен аяқталады.

Кешкі
астан кейін төр үйге кіріп, стол шамды жақтым да, сырттан ештеңе көрінбестей
етіп, терезе перделерін түсірдім. Бұрышта кісі бойы үлкен айна тұр. Столымды
соның дәл алдына тақап қойдым да, дүниені шулатып, сойқандап жүрген қылмыскер
Қожамен бетпе-бет келіп отырдым.

-        Қадыров Қожаның жеке бас құпия кеңесі
ашық деп жариялаймын. Күн тәртібінде бір-ақ мәселе - тәртіпті, үлгілі оқушы
болу үшін мен бұдан былай не істеуім керек?

Күн
тәртібін протоколға мәнерлеп жаздым да, қылмыскердің жүзіне қарадым:

-        Ал сөйле, батырым?

Ол
арсыз бұның бәрін қалжың деп ойлайтын болу керек, күледі маған қарап. Көзін
бағжитып, ернін шығарып, аузын қисайтып, келекелейді өзімді. Оның бұл қылығына
менің ызам келіп, ашуым қайнап кетті. Қабағымды қарс түйіп, Ахметовке еліктеп,
столды тарс еткізіп қойып қалдым:

-        Түрегел!

Батырыңа
жан керек, ұшып түрегелді.

-        Отыр!

Қайта
отырды.

-        Неге шақырдың, Қожатай?- деп әжем кіріп
келе жатыр.

        -Шақырғам жоқ, әры барыңыз.

-        Дауыстағандай болдың ғой?

-        Сізге емес... жайша. Мұнда құпия кеңес
өтіп жатыр. Бөгет жасамаңыз.

-        Кеңесі несі?

-        Кеңес дегеннің не екенін түсінбейсіз бе?
Жиылыс, жиылыс өтіп жатыр.

Әжем
бір сәтке аңырып, үрке қарап қалды.

-        Әкем-ау, мынау не айтады? Жиылысы несі?
Столды айнаның алдына неге қойдың?

-        Ту, жарықтық-ай - деп, кейідім мен,-
өзіңізге тиісті емес нәрседе не шаруаңыз бар. Мен құпия кеңес өткізіп
жатырмын.. Өзім, өзім туралы мәселе қарап жатырмын. Сізге қатынасуға болмайды.

Әжем
менің қасыма келді. Шарасы қызғылттанып, жасаураған қоңыр көздері еңменімнен
өтіп барады.

-        Қожатай, шыбыным... сен... бисмилла
деші. Бисмилла деші, шыбыным... Түнде де ұйықтап жатып, жиылыс ашық, талқылаймын
деп, бірдеңелерді айтып шығып едің, шошымалданып жүрсің ғой деймін. Бисмилла
деші...

Ыза
болғаным соншалық:

-        Бисмилла! Бисмилла! Бисмилла!- деп,
нығарлап үш рет айттым,- Болды ма? Жоқ тағы айтайын ба?

-        Шыбыным... жалғыздан жалғыз отырып та
адам жиналыс өткізе ме екен? Түн болса, сарылып көп оқисың. Осы сенің ұйқың
қанбай жүр ғой деймін?

Мен
орнымнан ұшып түрегелдім.

-        Айналайын әжетай, барыңызшы. Бөгет
жасамаңызшы.

Тартыншақтағанына
болмай әжемді шығарып жібердім де, есікті іліп алдым.

...Құпия
кеңес бір сағаттай уақытқа созылды. Ақыры төмендегідей тұжырымға кеп, бір
ауыздан қаулы қабылданды.

ҚАУЛЫ.
Қадыров Қожаның жеке бас тәртібіне байланысты мәселені талқылай кеп, құпия
кеңес мынадай қаулы алады:

"БІРІНШІ.
Тәртіпсіздік кісіні жексұрын көрсетіп бітеді екен. Оған көзім әбден жетті. Әрі
бұл адамның келешегі үшін зиян. Тәртіпсіз болсаң, комсомолға да алмай қоюы
мүмкін. Сондықтан қалай еткенде де тәртіпті болуым керек. Ол үшін:

а)
Бұдан былай ешкімге тиіспей жайыма жүремін. До-

сым
болсын, қасым болсын, бейбіт қатар өмір сүруге тырысамын.

ЕСКЕРТУ!
Егер тиісуші мен болмай, басқа болса, оған: "Аулақ жүр, жақсылық көрмейсің"
деген тәрізді ескертпелер жасауым керек. Онда да тыңдамай баса-көктеп келе
жатса, мұндай жағдайда, қажет деп тапсам, қол да жұмсау арқылы қорғануға
еріктімін деп санаймын.

б)
Осыдан осылай ешқандай тәртіпсіз, тұрпайы сөзді аузыма алмаймын. Үлкенді аға,
кішіні іні деп тұрам.

ЕКІНШІ.
Әрбір тәртіпсіздік қылығым үшін дер кезінде аяусыз жазаланып тұруым тиіс.
Жазаның түрі төмендегіше болады:

а)         Егер біреуге өзім тиісіп, шатақтассам,
ол күні бір мезгіл ас ішпеймін.

б)         Біреуді жазықсыз тілдейтін болсам,
кезекті демалысымда ешқайда қия басып шықпаймын, үйде отырам. Яғни өзімді үйге
қамаймын деген сөз.

в)         Сабақ үстінде тыныш отырмағандықтан мұғалімнен
ескерту еститін болсам, ол жолғы үзілісте тысқа шықпай, орнымда отырамын.

г)         Егер біреу-міреудің лақ-қозысы, тауық,
қазы, иті біздің үйдің маңына жолап кетсе, аямай ұрып қуалайтын жыным бар.
Алмастың қызыл қоразын сөйтіп өлтіріп қойдым. Бұным да жарамайды, жай айдап
жіберуіме де болушы еді ғой. Ендігәрі бұндай қылықтарым қайталанса, жоғарғы
тауық базға демалмастан екі рет жүгіріп барып келем.

ҮШІНШІ.
Сұлтанмен жолдастық қарым-қатынасым бұдан былай үзіледі. Ол екеуіміздің
сертіміз бүгіннен бастап күшін жояды. О дүниедегі қызыл ошақ жайына келетін
болсақ, мен құдайға сенбеймін, сондықтан мені тозақ оты сескендіре алмайды.

ТӨРТІНШІ.
Сабақты жақсы оқу - үлгілі оқушының бірінші белгісі. Мен осы тоқсанның ішінде
қалай еткенде де озат оқушылардың қатарына қосылуым керек. Ол үшін:

а)         Сабақтан бір сағат та себепсіз
қалмаймын.

б)         Үйге берілген тапсырманы мезгілінде
орындап отырам.

 

 БЕСІНШІ.
Жоғарыда қабылданған міндеметтемелердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету
үшін күн сайын ұйықтар алдында өзіме-өзім есеп беріп, жақсы, жаман қылықтарымды
осы дәптерге тізіп жазып отырамын.

Осы
айтылғандарды жүзеге асыру мен үшін ұлы сын.

Егер
осы сыннан өте алмайтын болсам, онда маған бұдан былай оқу оқып қажеті жоқ.
Анам байғұсқа күйігімді тартқыза бермей адам болатын басқа бір жолды іздеп
жоғалуым керек".

Қаулы
бір ауыздан қабылданды.

Осы
кезде ауыз үйден тысырлаған аяқ сыбысы, біреулердін сөздері естілді. Есікті
тартқылап қаға бастады.

-        Қожатай, аша ғой, шыбыным...

Түрегеліп
барып есікті аштым. Әжем мен Әубәкір шал тұр. Көзқарастары бір түрлі үрейлі, жұмбақ.

-        Салаумәлейком, қария.

-        Саламат бол, балам. Сен немене,
жападан-жалғыз есікті іліп алып отырғаның?

-        Жайша... Сабақ оқып отырғаным ғой.

-        Қожатай, мына атаңа тамырыңды ұстатшы,
шыбыным,- дейді әжем. Шошып қалдым.

-        Неге? Не бопты?!

-        Түнде ұйқысырап, сөйлеп шығып едің. Кім
біледі... Мына атаң ұстап көрсін тамырыңды. Өңің де бір түрлі балбырап тұрған
тәрізді.

Мен
еріксізден күліп жібердім.

-        Әй, әжем, қараңғы әжем, мені ауру ғой
деп тұрмысыз. Ауру түгіл дәнеңем де жоқ. Сап-саумын.

Әжемнің
әжімді маңдайынан шөп еткізіп, бір сүйдім де, жүгіріп тысқа шығып кеттім.
Шіркін, бүгінгі кеш қандай әсем еді. Ай жарық. Аспанның түп-тұнық көк жібек
шатыры бар жиһазын тағынып мөлдіреп тұр. Клуб жақтан гармонь үні, балалардың шуылдап
ойнаған дауыстары естіледі. Бойымда керемет бір жігер оты лапылдап, солай қарай
бет алдым. Ай нұрынан орнаған күміс көпір белдеулеп бет алдымда, ауылдың дәл
іргесінде өзен жатыр жарқырап. Мөп-мөлдір мына ғажап дүние... "Үш!
Самға!" деп, қолтығымнан қанат бітіретін, арман нысанасына қарай алып ұшатын
тәрізді. Лаула! Лаула жігер оты! Самға қиял құсы! Асығатыным да, аңсайтыным да
ертеңгі болашағым.

Москва, 1956 ж. Алматы, 1959