ВЕРНУТЬСЯ

       Класс
жиналысы сөз болады.

Мен
байыбына бара алмаған жұмбақтың шешуін үйге келгеннен кейін мамам айтты:

-
Балам, сен класс жетекшіңе бекер ренжисің. Майқанова маған өш, мені жек көреді,
қыр соңыма түсіп алды дегеніңнің бәрі бос сөз,- деді мамам. Жек көрген адам педсоветте
саған жаны ашып, қорғап сөйлемеген болар еді. Ол сені жек көрмек түгіл жақсы көреді,
осыны біл. Оған ұнамайтыны сенің тентектік қылықтарың. Жасында жетімдік өмірдің
тауқыметін көп тартып, жүйкесі жұқарып өскен адам тарынғыш, ашуланшақ болады.
Сендердің әрбір жөнсіз қылықтарың оның миына инедей қадалып тұрады.
Майқанованың шыж-быж етіп ұрса жөнелетіні осы себептен. Мінезі әлгіндей адамға
сендер секілді жүгенсіз асаулармен арпалысу жеңіл тимейді. Сен ақымақтар осыны
түсінулерің, мұғалімді аяуларың керек.

Мамамның
Майқанова жөнінде айтқандары маған ой салды. Шынында да, оның менімен өш
боларлықтай алты аласы, бес бересісі бар ма? Шырылдаса, ұрысса, бізді адам
болсын, жаман жолға түсіп кетпесін дейтін шығар. Иә, мамам айтпақшы біз бала
деген ақымақ халықпыз, шолақ ойлаймыз.

Мен
Майқанованың жетім өскендігін білмеуші едім. Енді оған бір түрлі аяныш көзбен
қарай бастағандаймын. Бәсе, денесі де сондай нәзік, киімі де жұпыны, қыстан
бүрсеңдеп, жұқа пальтомен шықты. Оқу бітіргеніне бір ғана жыл болған, қайтсін
енді. Сонымен тақасып, әй, Қара Қожа, ақымақсың, шикісің әлі. Қарбызыңның ішінде
судан басқа дәнеңе жоқ.

Менің
Майқанова жөніндегі пікірімнің оңы сол, солы - оң болып өзгере бастады.

-        Педсовет, педсовет немен тынды?

-        Сабыр ет, оқушым, қазір айтып берем.
Педсоветтің тиянағы мынадай: Қадыров жөніндегі мәселе класс жиналысында
қаралсын. Егер алтыншы класс оқушылары Қадыров Қожаның бұдан былай ешқандай тәртіпсіздік
істемеймін, түзелемін деген уәдесіне сеніп, дирекция алдында кепілдік беретін
болса, онда Қадыров осы мектепте сынға қалдырылсын. Ал егер олар ондай кепілдік
бермесе, Қадыров Қожа осы аудандағы өзге мектептердің біріне ауыстырылсын.

Педсоветтің
мен жөніндегі қаулысы осындай.

Класс
жиналысы дүйсенбі күні сабақ соңынан шақырылды. Ахметов өзі де қатысты.
Жиылысты ашып, басқарған Майқанова. Ол оқушыларды педсоветтің қаулысымен
таныстырды. Сонан соң мені алға шығарды да:

-        Мына жолдастарыңа не айтасың?- деді.

Не
айтушы едім, педсоветте айтқанымды мұнда да қайталадым: ең соңғы рет
кешіріңіздер. Бұдан былай тәртіпсіздік істесем, не шара қолдансаңыздар да
ризамын,- дедім.

Бұдан
соң сөз оқушыларға берілді.

Класта
кім маған дос, кім қас - өзіме аян. Кім не айтуы мүмкін екенін күн ілгері
топшылаймын. Соным, негізінен, тура шықты. Класком Темір сөйлеп, әуелі мені
сынап алды да, сөзінің соңында түзеледі деген сенім білдірді.

-        Егер біз Қадыровты бұл мектептен
шығаратын болсақ, онда біз кім болғанымыз? Оған осы отырған бәріміздің ешқандай
ықпал жасай алмағанымыз ба? Жоқ әлде жол-дасқа жаны ашымайтын тасбауыр болғанымыз
ба?- деді Темір. Сөздері кітап сөзіндей мығым, әсерлі шықты.

-        Біз Қадыровты тәрбиелеуіміз керек, менің
ұсынысым оған ең соңғы рет қатты сөгіс берілсін. Мектепке қалдырылсын,- деді
Темір.

Бұдан
кейін үш-төрт адам сөйлеп еді. Бәрінің сөз сарыны осыған сайды. Темір оларға
жол сызып, арна тартып кеткен тәрізді.

"Іс
оңына басты" деген оймен мен жадырап сала бердім.

Тағы
кімнің сөйлегісі келеді.

-        Мен.

Қол
көтерген Жантас еді.

Жантас
орнынан түрегеле беріп, сампылдай жөнелді:- Қадыровты оқудан шығару керек. Ол
уәдесін бергенмен орындамайды, былтыр да талай рет уәде берген. Майқанова
апайды шошытып, өлтіріп қоя жаздады... Ол... ол... қыздарға хат жазады...

Соңғы
сөз менің жүрегімді қақ айырып тіліп түскендей болды. Бүкіл класс мені жаңа
көргендей аңтарыла маған қарап қалыпты. Не істерімді білместен дуылдап, өртеніп
бара жатырмын.

-        Қай қызға хат жазады?- деп сұрады
Майқанова.

-        Білмеймін... Басына "Ж" деген
әріп қойып, "екеуіміз Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай болайық" деп,
жазып отырған.

Мен
есімді жаңа жинап:

-        Өтірік!- деп, дауыстап жібердім.

-        Өтірік емей-ақ, рас. Әнеугүні сабақ
үстінде, партаның астына жасырып жазып отырғансың.

-        Өтірік!

Мен
Жанарға жазған хатымның бірін Жантас қу қолына түсіріп алған екен ғой деп,
шошып едім. Олай болмағанға "уһ" деп, өзіме өзім келгендей болдым.
Жанар жаққа көз тастап едім, оның жүзін байқай алмадым, маңдайын қос қолдап
таянған қалпы төмен қарап отыр.

Абырой
болғанда, хатжайына ешкім мән бермеді. Сірә, өсекші Жантастың тағы бір зу
еткізгені деп ойлап қалса керек.

-        Тағы кім сөйлейді?- деді Майқанова.
Басқа сөйлеуші болмады.

Ақыры
мәселе дауысқа салынды.

-        Бірінші ұсыныс: Қадыров мектептен
шығарылмасын, ең соңғы қатты сөгіс беріліп, қалдырылсын!

Көпшілік.

-        Екінші ұсыныс: Қадыров мектептен
шығарылсын!

Бір
ғана адам қол көтерді, ол - Жантас.