ВЕРНУТЬСЯ

       Қазір
мен екінші кластамын. Сауатым ашылып, өздігімнен оқуға, жазуға жарап қалған
кезім. Әліппедегі бүкіл өлең, әңгімелерді жатқа білем. Өйткені одан басқа ермек
етіп оқитын кітап жоқ. Күндіз-түні айналдыратыным сол бір кітап.

Тышқан
мен мысық жөніндегі әңгіме күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Кітаптағы
суреті көз алдымда. Мысық тышқанды қуып береді. Тышқан қашып береді. Менің
бәтеңкем секілді тұмсығы ырсиған жыртық бәтеңке кездеседі. Тышқан бәтеңкенің
қоншынан кіріп, тұмсығынан шығады. Мысық та қуа кірмек болғанда, басы бәтеңкеге
кептеліп шыға алмай қалады. Әңгіме мазмұны осы.

Маған
бұл әңгіме өте ұнайды. Кішкентай әлсіз тышқанның айлакерлігіне сүйсініп, аман
қалғанына қуанамын. Ақымақ болған мысыққа күлемін. Өзімді айлакер тышқанға,
Жанбосынды дөрекі мысыққа теңеймін.

Сағатбай
ақындық өнерден де қара жаяу емес. Бір күні масақ теруге барған едік. Айша
дейтін ересек қыз ауырдым деп, жұмыс істемей, үйге қайтып кетті. Сонда Сағатбай
әлгіні былай деп әлең еткен еді:

Масақтан
Айша қашты үйге таман, Кетіпті іші ауырып ете жаман. Орындап нормамызды топ
оқушы, Есен-сау үйімізге қайттық аман.

Жазылуы
олақ болғанымен бұл тәрізді әзіл өлеңдер ауыздан-ауызға тарап кеткіш, сыналып
отырған адамға әсер еткіш болады.

Әліппедегі
өлеңдерге және ұстазым Сағатбайға еліктеп мендағы өлең жазуға құмартам.

Октябрь
мерекесінің құрметіне біз алдын ала дайындалып, колхозшыларға концерт қойып
бердік. Сол кеш менің есімнен еш уақытта кетпейді.

Жаман
мектептің іші өзінше тап-таза болып сыпырылған. Темір пеште ерекше жомарттықпен
маздап жанған от. Үй іші жылы. Екі жерден шишалы ондық шам қойылған. Шаршылау
келген кластың терезе жағы шымылдықпен бөлініп, сахна жасалған.

Ұмытпасам,
сары шымылдық.

Осының
бәрін ұйымдастырып, әлекке түсіп жүрген адам Сағатбай.

Концертке
қатысушының бірі менмін. Өнерім - тақпақ айту. Біз, "артистер", жұрт
жиналмастан бұрынырақ келгенбіз. Жүрегім қуаныштан кеудеме сыймайды. Дәл мұндай
салтанатты көңілді кешті өмірі көрген емеспін. Қолтығымнан қанат біткендей
өзімді-өзім қоярға жер таппаймын. Әлсін-әлсін шымылдықтың сыртына жүгіріп
шығам, қанша адам жиналғанын қараймын.

Концертке
Майра да қатысады, ән айтады. О, сіз Майраның ән салғанын көрсеңіз! Майраның
дауысындай әсем дауыс қыздардың біреуінде жоқ.

Менің
бір байқаған нәрсем, табиғат өзінің сүйкімді етіп жаратқан пендесін өнерден еш
уақытта да құр тастамайды. Бір өнерді оның кеудесіне қалай да құйып, бірге
жаратады. Кейде тіпті сүйкімді сұлу адамға оның тән сұлулығы аздық ететіндей үйіп-төгіп,
бәрін береді.

Өзі сұлу
болып, өзі ақымақ болған пендені мен, сірә, көрмеген тәріздімін. Сол секілді
ақылды, талантты адамдардың өңсіз, дөрекі жаралуы және сирек.

Қалай
десеңіз де, нені неменеге орауды білген жаратылыс. Майрада, менің Майрамда, бәрі
бар: ақыл да, талант та бар. Сұлулығы өз алдына.

Бүгінгідей
өмірде сирек кездесетін әдемі кеште Майра тіптен әдемі. Ол өзінің ең жаңа, ең
қонымды киімдерін киіп келген. Бұрымдарының ұшына жібек лента таққан. Аяғында
қардай аппақ ақ пима. Өзі де аппақ, маржандай тісі де аппақ.

Майраның
тал бойында ине жасуындай бір мін болса, ол оның мұрнында. Мұрны сәл тампыштау.
Бірақ ол да мін емес. Қазақ жақсы көрген баласын тампышым демей

ме?
Томпаң қаққан Майраға кішкене тампыш мұрын, қайта, жарасатын тәрізді. Күлімдеген
кезде әдемі танаулары делдиіп, қоса күлімдегендей болады. Міне, міне, дәл осы
кезде екі бетінің ұшында әсем бір томпақшалар орнай қалады.

О,
Майраның кісіге көз қарасы қандай! Ол жақсы көрсін, жаман көрсін бір ғана рет
қараған көз қарасымен білдіреді. Айтарының бәрін де сонымен айтып салғандай
болады. Кеше болмасаң, ұғасың, түсінесің.

Сөйтіп,
мен концерттің басталуын күтіп, өзімді қоярға жер таба алмай жүрмін.

Жиналған
адам саны қанша болғанын байқамаққа тағы да шымылдықтың сыртына жүгіріп шықтым.
Дәл осы арада бетпе-бет Майра ұшырасып қалсын. Олдағы көбелектей ұшып-қонып,
тыным таппай жүргеннің біреуі. Мен Майраның білегінен қалай шап беріп, ұстай
алғанымды өзім де байқамай қалдым. Ол кілт тоқтады. Не айтасың дегендей күтіп тұр.
Жүр бері деген кісіше жетелей жөнелдім. Майрада қарсылық жоқ, ілесіп берді.
Кластың бүйір қабырғасының орта тұсында бір кісілік бұлтық қуыс бар. Құпия
бірдеңе айтатын адамша Майраны сол қуысқа ертіп келдім. Бірақ келіп алып,
мелшиіп үнсіз тұрмын, ештеңе айта алмаймын. Майра "не, не" дейді.
Менің айта алмай тұрған сөзімді естіп білгенше ынтық болады.

-
Кейін айтам,- дедім де, қаша жөнелдім.

Соңымнан
Майра жүгіріп келеді.

Кейін
не айтпақ болғанымды өзім де білмеймін.