ВЕРНУТЬСЯ

 Адамды заман билейді...Бұл туралы кім де болса ойланатын шығар. Тіпті ойланбағандар болса да, осы сөзді ара-тұра естігенде ақиқат сипаты мол ұғымды іштей мақұлдайды.М. Әбдіхалықовтың «Сүйінғара» романын жазу барысында осы ойлардың қамауында болғаны көрініп тұр. Роман тақырыбы өте күрделі. Жері кең болғанмен, адамы сиректеу, аңқаулау көрінетін Маңғыстау түбегіне көз тіккен Ресей, Англия, Хиуа мемлекеттері саясатының шиеленiсе бастаған уақыты. Ағылшындар Хиуа ханы арқылы қазақ жеріне, сол арқылы Кавказ елдеріне көз тігіп отырса, орыстар Маңғыстау арқылы Орта Азияға, одан Индия, Қытай байлықтарына дәмелі. Осы алпауыттар арбасуының аясына айналған қазақ елінің жай-күйі, бостандық, азаттық туралы арман, әрекеттері суреттеледі. Роман жарық көрген жылдар - Кеңес үкіметінің ұлт-азаттық идеялардан қатты үрейленетін кезі. Мұның барлығын М. Әбдіхалықов өте жақсы білді. Қаламгер шығармашылығының үлкен бір белесі - «Сүйінғара» романы осындай ахуалды уақыттағы ойларды  қозғайды. Бұл – қаламгердің көп үміт күтіп, бар қабілет, қайратын салып жазған үкілі еңбегі. Бірақ жиған-тергеннен тапқан табысын, олжасын шығармашылық толғаныстар үстінде бойын билеген сезімдер мен ой ағыстарын жеткізе алды ма? Тiптi романдық көркем мазмұн астарындағы емеурiндi сездiрдi ме? Біздің ойымызша, автордың шыңдала бастаған шеберлігін аңғартқан тұсы, сірә, осы. Одан басқаға өлшеулі ғұмыр жеткізбеді, амал қайсы.Біздің қолымызда осы романның «Жұлдыз» журналының 1981 жылғы 8, 9 сандарында жарияланған журналдық нұсқасы ғана бар еді. «Теңіздің суының құрамын білу үшін тамшысы да жеткілікті» дегендей, қаламгердің таланты мен шеберлігінің шамасын байқау үшін, әрине, жеткілікті. Бірақ  жазушының рухани әлемін билеген ой-сезімдерді айқын көрсету үшін жеткіліксіз еді.Міне, біздің қолымызда «Сүйінғара» романының жеке кітап түрінде жарық көрген алғашқы нұсқасы. Журналдық үлгіден  кейін  араға жиырма жеті жыл салып барып  жарияланып отыр. Бірақ баяғы бұрынғы қалпында емес. Романды баспаға дайындаушылар көп ізденіп, тапқандарын қосқан. Осы үшін оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл туралы әңгіме сәл кейінірек.«Сүйінғара» романының көркемдігінде жазушының роман атты бүгінгі күн эпосын игеру жолындағы ізденіс, табыстары сайрап жатыр. Тіпті аяқталмаған шығарманың өзінен көп жайларды ұғуға болады.Журналдық нұсқаны жаңа басылымға дайындау үстінде қаламгердің қолжазбасы,  т.б. материалдар қолданылды ма? Журналдық нұсқада қаламгердің қысқартқаны, авторлық баяндауға көшірілген көріністер, диалогтар байқалады ғой. Шығарманың көркемдік-идеялық мазмұнын анықтауға қатысты зерттеулерде олардың, қаламгер амалсыз қысқартқан беттердің орны мүлде бөлек. Қолжазба табылған жағдайда, оның түзетілуі уақыттың шаруасы еді. Бірақ, өкінішке орай, қолжазба табылмай отыр. Бүгін болмаса, ертең табылар деп үміттенеміз... «Сүйінғара» романы осы журналдық нұсқасында да аяқталған шығарма тәрізді әсер қалдырады. Роман жанры туралы қалыптасқан пікірлерге қарағанда (М. Бахтин) бұл жанр – уақыт пен кеңістік өлшемдерінің бір бөлігіндегі адам баласын ойландырған уақиға, болмаса ол тап болған хикая, тарихтың, көбіне авторды тебіренткен бір үзігі ғана. Жазушы осы эстетикалық объектіні өзі тұрған биіктен, өзі көрген деңгейден ғана бейнелейді. Шығарманың көркем мазмұны осыған ғана тәуелді болмақ. Оның аяқталған тарих, уақиға болуы тіпті де шарт емес.Романның осы басылымын дайындаушылар оның түрлі басылымдарда жарық көрген үзінділерін, басылмай қалған беттерін (автор қолжазбасы), шығармаға тура қатысы бар кейбір мәліметтерді пайдаланған екен. Енді солардан туындайтын ойларға көшейік.Романда жан-жағынан жеріне көз тіккендер қаптай бастаған қазақ елі үшін аса қаіупті уақиғалардың бірі ретінде ел ішіндегі рулардың алауыздығы, болмашы нәрсеге айқай шығарып, жұрт тыныштығын кетіруі суреттеледі. Мына жаңа басылымда Атырау облыстық «Коммунизм жолы» газетінің 1980 жылғы № 104, № 106, № 107, № 112, № 113 сандарында «Бітім» деген атпен жарияланған үзінділері қосылған. Адай мен Әлім рулары арасындағы дау-жанжалды реттеуге Исатай мен Махамбеттің араласуы, «Жұлдыз» журналында жоқ уақиғалар сөз болады. Ел қорғаны болам деп Жәңгірге қарсы көтерілген Исатай-Махамбет тәрізді ерлер қудалауға ұшырай жүріп те ел тыныштығын сақтауға ұмтылуда. Сүйінғара батыр үнемі осындай ойлар шырмауында.Роман соңында Сүйінғара батырдың ауылының талқаны шығып, талауға түскені  суреттеледі. Балалары мен бауырлары қаза тауып, мал дәулеті талан-таражға ұшырап жатса, бұл - Сүйінғара батырдың алғаш көріп отырған сұмдығы емес. Қазақ елі көріп келе жатқан көп қырғынның бірі... Хиуа ханы жіберген әскер талаған жолдағы ел мен оның қамын ойлаған талайлар да жазықсыз қазаға ұшырап отыр. Сүйінғара көрген, сезетін сұмдықтар осымен шектелсе ғой... Ел мінезін өзгертіп, рухын сындыратын жойқын әлдене таяуда тұрған тәрізді. Өзгеріп жатқан мына заманда тыныштықты қалай сақтарсың, ел басына кімдер тұрмақ. Бұл сенген батырлар жорықтан гөрі, жортаққа көшкен.Роман соңында елін шауып кеткен Хиуа ханына қарсы қазақтар қол жинап жатыр. Қираған ауылы мен ағайын-туысы қаза болғанға кектенген ерлер жан-жақтан жиылуда. Көпті көрген қолбасы батырлар артында ұрпағы қалған, ұлы азаматтарды ғана іріктеуде. Жау қолынан қаза тапқан әкесін жақсы білетін Сүйінғара “алдымен ұл таптырып ал, әлі жассың”, - деп Өмірзақты әскерге алмай отыр. Тұрыш батыр “біз оралған соң Жыңғылдыға кел, оқы”, - деп, еліне шақырады. Бір атаның болашағы тәрізді жастарды жасамыс батырлар болашағымыз деп жолсыз ажалдан сақтауда. Демек, қазақ елі талай жылдар қанап, сорып келген Хиуа хандығына қарсы қанды шайқасқа дайындалып жатыр. Аяқасты шапқыншылыққа ұшырап, тас-талқаны шықса да, еңсесі түсіп езіліп қалған, әлжуаз ел көрінбейді. Басында Сүйінғара тәрізді болашақты болжап, алысты көріп, тереңнен ойлап, тыңнан жол табатын тәжірибелі, тарлан батырлар тұр.Роман соңында «Соңғы ұмтылыс» атты М. Әбдіхалықов 1984 жылы мамыр айында өз қолымен жазған жаңа тарау қосылған. Бұл үзіндіде 1839 жылы мамыр айының ішінде Маңғыстауға келген Англияның екі тыңшысын Джеймс Аббот пен Ричмонд Шекспирді қасындағы жолдастарымен Сисем Атаның маңайында Сүйінғараның тұтқындап, Форт-Шевченко қаласындағы патша үкіметі әскери өкілдеріне тапсырғаны туралы айтылады.Хиуа мен Еділ-Жайық арасын кезіп жүрген батыр енді ел тыныштығын сақтау үшін бір шешімге келгендей.Кемемен келіп жатқан бейтаныс адамдар мұны іздеп тауып, әлдене сұрағансып отырса да, ішін бүгіп жатса, оның көмейіндегі сөздерді бұл көріп тұрғандай... Өнері, оқуы, білімі бар орысқа сенуге бола ма? Бұлардың қазіргі көздеп отырғаны Маңғыстау түбегі емес, алайда мойынға құрық ілудің басы осы болып жүрмесе?Алайда романның осы нұсқасынан алысты көздейтін астары бар жұмбақ жүйесінің құлашы кең, кесек жоспарланған шығарма екені көрініп-ақ тұр.Романда бас қаһарманның бірі болуға тиісті Өмірзақ мына біз оқыған нұсқада әлі балаң ойлардан аса алмаған қалыпта. Әрекет түгіл, ірі ойларға да бара алған жоқ. Бірақ болашақта қолынан көп нәрсе келетіні байқалады. Роман соңындағы беліне қылыш байлап, әке-шеше, туыстарының кегін аламын деп жүргені де - өткелдерінде шыңдалмаған жастың балаң тірлігі ғана емес. Жазықсыз өлген туғандарының кегін аламын деп жасақталып жатқан қолды іздеп келіп тұр, арғы ойларында дәйек аз болса да, рух беріктігі аян. Осы бейнеге байланысты М. Әбдіхалықов ойларында  шапқыншылық, ел қорғау, жауға шабу, кек қайыру туралы жаңа бір ұстанымның ұшы көрінетін тәрізді.Романда қаламгер ойларының салмақты тұстарын көрсететін Тұрпаев та, Ресейдің шығысқа саясатының салмағын арқалаған Карелин де қолға алып жатқан ірі әрекеттерінің бастауында ғана қалады. Шығармада Маңғыстауға өңмеңдей ұмтылған орыс саясатынан гөрі, заңсыз пітір-садақа жинаған Хиуа ханымен қазақ елінің қырғиқабақ қарым- қатынасына көбірек көңіл бөлінеді. Сүйінғара, Мая тәрізді қазақ елін билеушілер жолсыз зорлыққа бейім Хиуаға пітір, зекет бергеннен гөрі өнері мен оқуы бар, қуатты Ресейге алым-салық төлеп, соның боданы болғысы келеді. Елімізді, ішкі шаруаларды өзімізге билетсе, сыртқы жаудан қорған болса несі бар, - деген ойда.Тұрпаевты қауіп-қатері бар белгісіз өлкеге айдап әкеліп отырған – сауда, ақша. Бастықтармен қарым-қатынаста да тәжірибесін, өзіндік айла-амалын қолданады, берік ұстанатын саясаты байқалады. Олардың алдында нені айтуды, қалай айтуды, күмәнді жайларды бүгіп қалып, тігісін білдірмеуді әбден меңгерген әккі. Ал қарапайым адамдар мен қыртысы аз жайдақтардың нені көксегенін қапысыз көре біледі. Талайды көрген кәрі тарланның ішкі есебі соған ғана негізделетіндей... Алайда шығармада ол - алдына қойған мақсаты үшін небір қауіп-қатерлерге де бас тіге алатын батыл жан. Тек қана Ресей әскері қалқан болған аймақта ғана өз шаруасының гүлденетініне сенімді. Сондықтан да мінезі өзіне жайлы көрінген Карелинді жағалап жүр.Романда оның осы қасиеттері үлкен шеберлікпен суреттеледі.- Мен Сүйінғара шалға барайын. Сөйлесейін. Біздің келгенімізді білмейтін шығар, - деді.Карелин оның айтқан сөзіне таңданып қалды.- Қалай барасыз? Жол қауіпті емес пе? – болды оның Тұрпаевқа берген сұрағы. Тұрпаев бұл жайды күнілгері ойланса керек. Кідіріп-мүдіріп жатпады. Өзінің нық шешімге келген әдетімен Карелин жүзіне тура қарады:- Бұл оңаша жағалауда көліксіз, азық-түліксіз жата берген қауіпсіз емес пе? Сосын біз теңізден өтіп, не үшін келдік? Елмен араласу үшін келгеніміз жоқ па? Ендеше, басталық сол араласуды.- Ол кісіге қалай жетесіз?Бұл сұраққа Тұрпаев ойланып қалды.» (№ 9, 91-б.)Романда сезім, сырлары, ой-толғаныстары суреттелетін басқа кейіпкерлер кездеседі. Мәмбетнияз батыр, Әліп, Мая, Өмірзақ және оның нағашысы, Дүрды т.б. – шығармада өз әрекеті, тірлігімен көрінетін, оның поэтикасына әсері, қосары бар жанды бейнелер. Және бұл кейіпкерлердің бәрі белгілі деңгейде дараланған. Сондықтан да олар -  енді авторлық интенциядан гөрі, сюжет ағымы мен характер қисынына қарай әрекет етуге дайын кейіпкерлер. Роман тәрізді күрделі жанрда еңбектенген қаламгерлер үшін бұл қолға сирек түсетін үлкен табыс деуге әбден болады. Романда бұл адамдардың бәрі замана көшінің ағымымен өмір өткізіп, беймәлім болашақтан жақсылық күтіп, күн кешуде.Адамды заман билейді деген осы да. Бұл туралы екінің бірі ойламаса да, заманның өзгеріп келетінін сезеді. Сол жаңа заманға бастап баратын ел басындағыларға, өсіп келе жатқан жастарға сенеді. Ел, жер көріп келген азаматтар, Тұрыш тәрізді қажылар ендігі заманда оқу-білімнің қажеттігін байқай бастаған. Медресе салып, бала оқытуды қолға алмақ... «Олар тек құран мен әптиекті оқымайды ғой. Біз дәрсүнүн аша алмаспыз. Ең болмаса нахұдты оқытсақ, дұрыстап жаза білсін. Басқа да ылым көп қой. Тек қысы-жазы мал соңында жүре бере ме? Есеп-қисап, сауда білсін. Бәрі Алланың құдіреті болар, бірақ адамның ойымен тапқан нәрсесі көп қой. Тіпті Алланың өзіне кісі ойымен жетпей ме?» Осы тұста қаламгердің Абай қара сөздеріндегі (38-сөз) ойларды қолданғанын аңғаруға болады.Романдағы негізгі идея-ойлардың автор ойында пісіп жетілуі шамамен 70-жылдардың соңы деп ойлауға болады. Осы жылдарда қазақ жазушыларының көбі тарихи романдарға бет алған-ды. Бұл - Кеңес империясының күш-қуатының бар шағы. Бостандық, бақытты өмір т.б. деп шулатып жатқанмен, осы бағыттағы ойлардың шынайы сипаты байқалған сәтте-ақ шу шығаратын қуаты да, күші де, теориясы да бар. Ондай ойларды саяси сауатсыз жандардың сандырағы, Кеңес үкіметіне жала жабу деп дәлелдей алатын арнайы дайындығы бар адамдардың жеткілікті шағы.Бұл идеологиялық ахуалды М. Әбдіхалықов, әрине, білді. Ресми идеология рұқсат еткен қалыптан шығып кеткен жағдайда шығармасының баспа жүзін көруі екіталай. Сондықтан қаламгер бар мүмкіндікті қолданып, осы шеңберге сыюға тырысқан сыңайлы. Алайда тарихи уақиғалар мен адамдар өмірінің кейінгілер, әсіресе идеология қызметкерлері сызған қалыпқа сыймайтыны аян. Сондықтан шу дегенде-ақ жазушы алдынан самсап шыға келетін шындықтарды қалай айтуға, бейнелеуге болады деген ой қаламгердің қолын байлайтын, мықтап тұсайтын ірі мәселелердің бірі еді. Біздің қолымызда бар роман нұсқасының көркем мазмұнында қаламгердің айналып өпкен тұстары да, аттап кеткендері де, астарлы арнаға көшіргендері де көрінеді.Замана тынысын өткір сезіну - екінің бірінің ғана маңдайына жазылмаған және кәрі-жасқа қарамайды. Сондықтан да олар санаулы адамдар болады.«Сүйінғара» романында осы тақырыпқа қатысты көп байқала бермейтін салыстырулар бар. Мәселен, қазақ арасында ел болашағын ойлаушылар көбейіп келеді... Халық қамы үшін бастарын бәйгеге байлап, Орыс еліне, әскеріне арқа сүйеп жүрген Жәңгірмен ашық айқасқа шыққан Исатай-Махамбет бар. Олардың ерлігіне сүйсіну, тағдырына ортақтасу тілегіндегі Сүйінғара Еділ-Жайық арасын жол қыла жүріп, ұзақ толғаныстан кейін бір шешімге келетіндей:«Орыс елі көп дейді? Білімі бар, көргенді, оқулы көрінеді. Мынау орыс кісі мұны бекер іздемеген болар. Егер, тиісті алым-салығын алып, елді тек өзіне билетсе, одан қашуға бола ма! Май-шекері, ұн-астығы, киім-кешегі болса, басқа не керек? Мал-мұлын, тері-терсегін бермей ме ел! Анау саудагердің жылмаңдауы бекер емес! Жоқ, бұл жерде енді ойланатын жай жоқ! Ақыры біреуге қол арту керек болса, осыларға арту керек.» (№ 8, 155-б.)Сүйінғараның құрдасы, қажылыққа барып келген Тұрыш тәрізді қажылар ендігі заманда оқу-білімнің қажеттігін байқай бастаған. Осы бейнені сомдау барысында қаламгер Маңғыстауда өмір сүрген белгілі би, қажы Құлыштың өмірбаяндық мәліметтерін қолданған. Оны М. Әбдіхалықовтың Құлыш бидің ұрпағы Бауыржанға жазған мына хатынан байқауға болады:«Құрметті Бауыржан!Мен Тұрыштың атын өзгерткенде, Құлыштың атын білмегеннен жазғаным жоқ еді. Әдебиет үшін осы қажет деп жазғаным еді...» - десе, 2006 жылы «Үш қиян» баспасынан шыққан «Құлыш би» кітабының авторы С. Әбішев осы Бауыржанға М. Әбдіхалықовтың Құлыш бидің атын Тұрыш деп өзгерту жайы белгілі бір себептерге байланысты екенін айтады: «М. Әбдіхалықовтың Құлышты Тұрыш деп алуының көптеген себептері болған. Құлыш Түменбайұлы - қырық жылға жуық патша үкіметіне қызмет еткен, старшын, болыс болып мақтау алған адам. Маңғыстауда ең алғашқы 1874 жылғы ұйымдасқан төрт болыстың бірі - «Маңғыстау» болысын басқарған. Тұңғыш рет Маңғыстау топырағынан Мекке - Мединеге қажылыққа барған. Жыңғылдыдан өз күшімен мешіт-медресе салдырып, қарақалпақ Әбілқасым деген молданы жалдап бала оқытқан. Ислам дінін берік ұстаған адам. Ұрпақтары Абдолла, оның ағасы Жүсіп те дін жолына түскен. Жүсіп кеңес жүйесінде он жылға сотталыпты. Ал Абдолла Гурьевте атылды. Осындай адамды Маршал Құлыш би деп қалай жазсын?! Құлыш - Сүйінғараға жиен, үнемі байланыста болғандықтан, шығарманың сюжетіне осылай ғана алуға тура келген. Тіпті исі алашқа танымал шежіреші Алшын Меңдалыұлы да Құлыш би жөнінде ашық пікірін білдіре алмаған. Бұл кісі де басынан қорыққан. Он алты жыл өз басы айдауда болған Алшынға Құлышты мақтап, шындығын айтып, қайта сотталу оңай нәрсе емес...» Міне, ел арасындағы осындай деректер – кезінде би, қажы болған Құлыш Түменбайұлының белгілі тарихи тұлғаның кім екенін айғақтайтын деректер. Әрине, осындай тұлғаны «Сүйінғара» романына кейіпкер ретінде енгізу де кезінде М. Әбдіхалықовқа тіптi де оңай болған жоқ. Сондықтан ретіне орай мүмкін болған жалғыз соқпақпен жүруге тура келген. Бір кезде батылдығымен көзге түскен Құлышты енді екінші қырынан бейнелейді. Жас кезінде от пен судан көп өткен Тұрыш енді медресе салып, бала оқытуды қолға алмақ... «Олар тек құран мен әптиекті оқымайды ғой. Біз дәрсүнүн аша алмаспыз. Ең болмаса нахұдты оқытсақ, дұрыстап жаза білсін. Басқа да ылым көп қой. Тек қысы-жазы мал соңында жүре бере ме? Есеп-қисап, сауда білсін. Бәрі Алланың құдіреті болар, бірақ адамның ойымен тапқан нәрсесі көп қой. Тіпті Алланың өзіне кісі ойымен жетпей ме?» Осы тұста қаламгердің Абай қара сөздеріндегі (38-сөз) ойларды қолданғанын аңғаруға болады. Романда суреттелетін ел ағаларының көбі - қара басының қамын ғана ойлаушылар емес. Олардың өтіп жатқан уақиғаларға өз көзқарастары бар.Маңғыстау түбегіндегі дәулеттілердің бірі, романда Хиуа ханына күні үшін бас иіп жүрген тәрізді Маяның пікірін қараңыз: «Ал, мынау ел (Ресей.- З.Б.) білімді көрінеді. Бізге керек дүние бұларда да бар көрінеді. Ана саудагерлердің айту реті солай ғой. Шайы-шекері, астығы, матасы болса, біз жүнімізді, терімізді, малымызды берсек. Алым-салық жинамайтын басшылық бола ма? Егер анау Хиуадан, ханнан қорғаса, соларға талатпаса, малымызды барымтаға салмаса, бізге не керек?» (№ 9, 101-б.)Қазақ даласында он жыл жүрсе де, «ишансыз ба?» деуден (соны қазақ сөзі деп ойлайтын) өзгені білмейтін Карелиннің өзі де қазақ елі санасындағы осы өзгерістерді аңғара бастаған. Жәңгір ордасындағы жаңалықтар мен орыс тілінде сөйлейтін Фатима ханымның балалар сауатын ашу туралы ойларынан көп нәрсені байқайды. Жайсыз түс көргеннен кейін бір кездегі Жәңгір екеуінің ортасындағы жұмбағы, астары молдау әңгімелерді есіне алғанда, әсіресе «Хан теріс қарап мырс етіп күлген сияқты» көрінуі т.б. Ресейдің отарлау саясатына да үлкен өзгерістердің қажетін байқататындай. «Сонау Орынбор мен Орал қалашығымен, Еділмен шектесіп, әрі созылып жатқан елде жөн сауатты адам жоқ. Малдан айырмасы - әйтеуір, екі аяқты, тілі бар, сөйлей біледі. Бірақ әлем жайлы не біледі? Әйтеуір, алыста орыс деген ел бар көрінеді, орман-тоғайы, құдайдың өзі қалаған ақ патшасы бар дейді. Дегенмен олар да қу. Өз бастарына іс түскенде ойлана бастайды екен. Анау Сүйін   ғараны алыңызшы. Ішін бергісі келмейді, әлі паң. Бірақ Россия жағына ниеті құлап тұр.» (№ 9, 80-81-б.б.)Енді осы әлемдегі бар саясатты бағып жатқандай көрінетін орыс мемлекетінің жағдайына, Сыртқы Істер министрлігі Азия департаменті комитетіндегі мәжіліске қарайық. Коллегия мүшелері – аксельбант таққан мәжіліске қатысушы қарт генералдар мен түрлі чиновниктердің өзара қарым-қатынасын, бойларын ұстауын, киім киістері мен ойларын суреттеу барысында, әсіресе, мәжіліс өтетін залда орнай қалған ахуалды бейнелеуде М. Әбдіхалықов шеберлік танытады. Өзара күле сөйлескенмен, ширыға бастаған ахуал «Карелин сөйлегенде тым-тырыс тына қалды. Әдеттегідей, жөтеліп-шашалған да ешкімде болмады. Тек есінеуі қысып бара жатқан қарт кісілер басын төмен салып, ауыздарын орамалмен бүркеді. Олар тіпті Карелиннің сөзіне де, неге соншама нұсқау айтып батыл сөйлегеніне де таңданбаған еді. Көпшілікті қайран қалдырған, бұл мәжілістің тез шақырылғаны.» (№ 9, 82-б.) Осы мәжілістегі жұрттың баққаны және көңіл аударғаны – жас генерал, су жаңа генерал формасын киген Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы В.А. Перовский. Оның патша ағзам мен соған жақын біреулермен байланысы бар-ау деп бас қатыруда. Мінезі тосын жас генералдың өздеріне деген қарым-қатынасынан басқалар сияқты жалпылдауды қарт генералдар байқамайды. «Кейбірінің шаштары түсіп, басы қызғылт шақа түске боялып, кейбірі қолдарына таяқ ұстап шоқаңдап, иықтарынан асырып лента іліп, омырауларына бар моншақтарын тағып жылтыраған генералдар дағдарып қалған еді...» (№ 9, 83-б.) Бұл – Ресей үкіметінің саясатын белгілейтін қарияларының тірлігі. Оларды патша үкіметінің шығысқа бағытталған саясатынан гөрі сарай маңындағы тартыстар көп алаңдататын тәрізді. Алайда Ресейдің болашағын ойлаған жастар В.А. Перовский мен Г.С. Карелин бейнелері арқылы көрсетіледі. Олар жаңа заман тынысын өткір сезінуде, сондықтан да олардың ойлары Ресей болашағымен байланысты. «Рыцарлық дәуір өтті, түрлі амалдың, айла-шарғының, есептің заманы туды. Иә, есеп, жігер-батылдық қажет. Алақандай Британия аралы, Ұлыбритания аталып, бүкіл Азияның шығысының етегін ұстады десе де болады. Енді, міне, оның орта тұсына, Индиямен асып, Ауғанстан, Персия, Кіші Азияға қол салып келеді.., Россия мен Англия мақсаттарының ақыры Орта Азияда түйісетініне еш күмән жоқ. Англия мен Россия Орта Азия топырағында бетпе-бет осы ғасырда келе ме, әлде ол келесі, ХХ ғасырда бола ма, ол – анық нәрсе. Болашақта қапы қалмас үшін, сол болашақтың қамы үшін, Россия бүгін қимыл-әрекет бастауға тиісті...» - деп Г.С. Карелин ойлап жатса, дәл осы ойды В.А. Перовский қолдап, «Орынборға барғасын, не тіпті анау Маңғыстауда шешерміз бұл мәселені. Қазір оны сөз етіп уақыт алмаңыз. Тез жүріп кетіңіз», - деп Г.С. Карелинді асықтыруда. (№ 9, 86-б.) Демек, заман тынысын сезіну түрлі халықтарда түрлі деңгейде кездескенмен, бәріне ортақ арқау - оның маңыздылығын аңғару бар. Романда ағылшын саудагерлерін (барлаушыларын) ордаларында ұстап, олардың саясатын өз пайдалары үшін қолдануға тырысып отырған Хиуа ханының мақсаты, тірлігінен де біраз көрініс суреттеледі.«Екі нар сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деген. Сол шыбыны осы Маңғыстау елі болса керек. Қай нар мықты? Кім кімді ығыстырады? Қайсысының қомына жармасқан жөн?» - деп ел атқамінерлерінің бірі - Мая ойлануда. Хиуа хандығынан зорлық көріп, бірақ діні бір деп, діні басқа Ресейден қауіптеніп отырған қазақ елі басындағылардың әлемдік саясаттың өз елдеріне қатысты біраз жайларынан хабары бары байқалады. Алайда төніп, түйіліп келе жатқан қауіп-қатерден қорғануға күш, қаруының жетпеуін ұғуы, үлкен жаңалықтарды сезінуі, соған қатысты ой-армандары шебер суреттеледі. Мәселен, романдағы көп кейіпкердің бірі ретінде суреттелетін Маяның ой-әрекетіне қарайық. Теңіз жағасына түсіп, әлдене жасап жатқан көп әскерді ол адамдарын жұмсап бақылатып отыр. Анығын білу үшін қамданып, өзі барады. Күзетшілер байқап қалып, мылтық атқанда тұра қашпай, табандылық көрсетіп Г.С. Карелиндердің алдына келіп тұр.Мақсаты – бұлардың ой-әрекетін анықтау. «Адайды алу үшін мұнша әскер төкпес! ...Жауын бірде жауып, бірде жаумайтын мекиен бос дала кімге қажет? Не қадесіне жаратады? Патшаның көздегені – Хиуа ханы болды... Ханда қазына бар екені рас! Олардың ар жағында үлкен елдер, зор байлықтар жатыр дейді... көптеген теңіздің арғы жағалауында Енглез деген ел бар көрінеді. Ол оқулы, тоқулы. От-кеменің неше түрін жасаған, қара жермен талай темірді зулатқан мықты ел» деседі халық.Романда М. Әбдіхалықов оқырман назарына ұсынатын ірі ойлардың бұл бір ұшы ғана. Ал шығарманың қатпар-қатпар қабаттарын аршып, аршып оқу, жұмбағы мол жүйесіндегі сырларды ашу - болашақтың ісі дегіміз келеді.Романды толықтыру бағытында көп жұмыстар істеген, талай мұрағат, көне газеттер беттерін ақтарып, М. Әбдіхалықовты білетін адамдармен кездесіп, аса маңызды дерек, материалдар жинаған қаламгердің әдеби мұрасын зерттеуші Ақмарал Отароваға көп рақмет айтамыз. Бисенғали Зинол-Ғабден Қабиұлы,филология ғыл. докторы, профессоры.