ВЕРНУТЬСЯ

ЕКІНШІ БӨЛІМАҢДЫСУ                                                                                                                Бұл жаулықты бастаған,                                                                           Ел намысын тастаған,                                                                           Тар қонысқа таласқан,                                                                           Бір кемпір-наз өкпе еді.                                                                                          Ығылман Шөреков “Исатай-Махамбет” поэмасынан 1Өмірзақ ат тізгінін жарқабақтың басынан төмен түсетін жалғыз табан жол көрінгенде ғана тартты. Оған ыңғай байқаған жетегіндегі түйе де кідірді… Түйе үстіндегі Өмірзақтың шешесі де ештеме айтқан жоқ. Теңіз сарылы күшейе берген соң оның жақын екенін сезсе керек.Баласымен екеуі діттеп шыққан межесіне жақындаған сайын көп сөзден тыйылған. Әсіресе, ертеңгісін анау Түбіжік желкесіндегі бір ауылға қонып шыққан. Сарала таңнан аттанып, олар енді іздеп келе жатқан ауылына жетіп тынығуға тиісті.Түнде жатарда үй иесі:- Ой, атан желіп отырсаңдар, күн қыза Аралдыға жетіп қаласыңдар, - деген.Алайда, олар қатты жүре алмады. Және алдында жатқан Қаңғаның ойына Құйымжақтың, тіпті Түбіжіктің өз тұсынан болмаса Көкше мен Қаракөз бұлағының тұсынан төмен түсіріп жіберіп, төтелей шығып кететін жол болатын. Оны Өмірзақ айқын білмейтін. Сондықтан Ол Үдек құдығының басынан айналып, Төрткөлдің батыс бетімен жүрді. Ана жолаушылардың ізімен түсіп отырып, солардан айрылатын жерге қарай салды. Оның да көп бұрулығы жоқ еді. Жалғыз өзі болса мүмкін, ауыл адамдары сілтеген төте жолмен кетері ықтимал. Қасында шешесі болған соң, адассам сол ренжір деп қысылды.Бірақ ол адаспапты. Теңіз жағасындағы нағашысының ауылының тап үстінен түсіпті. Өзі жаяулай келіп қабақ басынан төмен еңкейді де, дәл келгендерін түсінді. Екі қыстау, екі-үш киіз үй аяқ астында жатыр.Ол шешесіне келді де:

  • Жолы қиын, жаяу түспесек болмас, - деді.
  • Түсейін, түсейін. Келдік қой. – Шешесі түйе мойнымен сырғып түсе қалды.  – Иә, пісміллә! Жеттік пе, әйтеуір. – Ол үсті-басын сілкіп, қабаққа келіп үңілді.

Жалғыз ағасының ауырып жатқан хабарын жүргінші жолаушы жеткізді. Одан сырқат кісі бұйымшылап өтініпті. “Өз шаруаңмен кетіп бара жатыр екенсің. Бұру көрме, менің қарындасым мен күйеу балама соқ. Жалғыз жиеніміз бар еді. Жігіт болып қалған, өткен жолы соғып кеткен-ді. Менен тағы бір хабар алсын. Мына ауруым меңдеп бара жатқан секілді. Күйеу бала мен қарындас келе алмайтын болса, жиенімізді жіберсін. Тапсыратын шаруам да бар!” депті. Соны Бозашы бетке келген кісі айтты.Жолаушы кісінің бұл сөзінен кейін үйдің үлкендері үрпиісіп қалды. Тіпті Өмірзақтың шешесі көзіне жас алып:- Ағекемді көре алмай кетемін бе? Жер де шалғай, бір қиянда жатырмын, - деп кәдімгідей босады. Жаулығының ұшымен ылғалданған көзін сүртті. Оған жүргінші жұбату айтты.- Уа, бәйбіше! Олай босама! Алла қуат берсін. Мүмкін, әлдеқандай салқын шығар. Мен тек айт деген сөзін айтып отырмын. Айтпасам борыш болады.  Қолынан дәм татқан сыйлы кісі еді. Ешкімге зияны жоқ, бір құдай деген жан ғой. Алланың рақымы түссе, жазылып та кетер. Ал, шаруаларыңыздың реті үйлесіп жатса, барып көрісіп қайтқандарың артық емес қой. Оны өздерің біліңдер, - деді.Өмірзақтың әкесі ол кісіден:

  • Көршілері кім екен? – деп сұрапты.
  • Төрт-бес үй отырған балықшылар. Әсіресе, бір түрікпен шал көршісі бар. Жалғыз қалған, жасы жеткен кісі. Немересі, қызы сірә, немересі-ау деймін. Келін-баласының қайда екенін білмедім. Ал, қош болыңдар, мен жүрейін. – Ол кісі орнынан түрегелді.
  • Қонақтың атын әкел, Өмірзақ. Ал бізде бұйым-қызметіңіз бар ма?
  • Қандай бұйым болсын. Әбекеңнің бір сәлемін жеткізу. Басқа бұл ауылда шаруам жоқ.
  • Рақмет ендеше. Біздің Әбекеңді сыйласаңыз, сізді Алла сыйласын. Ауылымыз осы, жолыңыз түссе, келіп-кетіп тұрыңыз. – Ол кісі өз пейілін білдірді.

Міне, хабардың реті осылай жетті. Алғашында үшеуі бірге жүрмек болған. Бірақ, оған шаруаларының реті үйлеспеді. Аз ғана ұсақ малға қарайтын кісі қажет.  Оның күндіз суаруы, кешке қоралауы бар. Өмірзақты тастап, екеуі кету де мүмкін емес. Ол кісі жиенге байланысты шаруам бар депті. Содан әкесі кейін баратын болып қалды да, Өмірзақ пен шешесінің келіп тұрған реттері осы.Ауыл адамдары Өмірзақ пен шешесін әбден тау етегіне түскен соң көрді. Алғашында кімдер екенін ажырата алмай одырайып тұрысты. Өмірзақ сыртта жүрген нағашы жеңгесін бірден таныған-ды. Ол кісі жерошақ басында шай қайнатып әлек еді. Ежелгі сыбай-серігі түрікпен шалдың үйі де Өмірзақ көзіне жылы ұшырады. Өткен жолғы көрген шалдың қызы Гүлше Өмірзақтың көз алдына қазірде келе қалды. Өмірзақ онымен мына құдықтан су алып келе жатқанда ұшырасқан. Олар тіс жарып тіл қатысқан жоқ. Тек имене төмен қарап көз қиығын бір тастады. Жүзі ду ете түскендей, өңі жылы ұшырап кетті. Кейіннен де мөлдір көздің сол қиығы, қыздың ұзын кірпігі, мұның көз алдында тұрып қалғандай. Көзін жұмса болды, бірнеше рет елестеп өтеді.Өмірзақ бір сәт келген шаруасын, нағашысының ауырып жатқанын ұмытып кетіп, анау үйдің айналасын көзімен тінткіледі. Гүлше көрінбейді. Тіпті, ол үйде тіршілік жоқ сияқты. Әлдене болып қалды ма деп жүрегі зу ете түсті. “Аман болса жарар еді. Бәрі де аман болсын!” деп тілегіне нағашы атасын да қосты. Осы кезде бұларды ажырата танып, нағашы жеңгесі де ұмтылған-ды.- Ой, мынау ерке қыз ғой, Өміржан ғой! – Ол ілгері ұмтыла түсті де, үйге қарай бұрылып: - Отағасы! Қарындасың келеді, жиенің келеді, - деп те дауыстады.Гүлше күтпеген жерден, нағашысы үйінің тасасынан көрінді.Анау кісінің дауыс етпей қуана үн қатқанынан іздеп келе жатқан адамының тірі екенін ұқты. Гүлшенің де қарасын көріп қарадай қуанды. Нағашы жеңгесі құшақтап сүйіп жатқанда, тек ырсиып күле берді. Ол кісі содан қайын сіңлісімен құшақтасып көрісті.Екеуі қатарласа сөйлеп жатыр:

  • Аман-есенсіңдер ме?
  • Қуаттымысың, жеңеше! Сені де көретін күн бар екен ғой.
  • Шүкір, шүкір! Көкем қалай? Тірі ме әйтеуір.
  • Жақсы, жақсы! Күйеу бала неге келмеді?
  • Шаруадан, мал-жандықтан қолы тие ме?

Олардың сөзінің осы тұсында Өмірзақ күліп жіберді. Анау кісінің күйеу бала деп сұрап жатқаны, өзінің әкесін, елуден асып алпысқа таянған әкесін көз алдына елестетті. “Ерке қызы – мынау, самайына ақ кірген кемпір. Күйеу баласы – анау, буыны қалтылдай бастаған шал. Қайта жасы үлкен болса да мына кісінің өзі тың. Иә, шіркін көңіл-ай!”Бұл шақта Гүлше де алдарынан шығып, ернін қыбырлатып сәлемдескендей болды. Содан кейін тез жүзін аударып әкетіп, бұлардың түйесінің бұйдасынан ұстап, үйдің қапталына шөгере берді.Шағын киіз үйдің төрінде жатқан кісі бұлар үйге кіргенде орнынан тұрып отырмақ ниет білдірді. Ол үшін әуелі кеудесін көтеріп, екі қолымен жер тіремек еді. Бірақ, ауырсына ыңыранып, төсегіне қайта жатты. Ыңқылын естірмейін деп шыдап бақты.Үйге бірінші болып Өмірзақтың шешесі кірген. Ағасының мынандай күйінен абдырап буыны босағандай кідіріп қалды. Иегі кемсеңдеп, көзінің жасы төгіле берді. Бұл кезде төрге ұмтылған Өмірзақ шешесінің ондай күйін байқамаған болатын.  Ол нағашысының жастығын түзеп, басын сүйеді. Шал ризашылықпен Өмірзақтың қолын қысты да, басын изеді.Осы кезде Өмірзақ шешесінің дауысы шығып кетті.Тұншыға өксіп, үні ышқына шықты. Қанша десе де, өзін-өзі ұстай алмай қалды. Ағасының қуқыл тартып әлсіреген үрейлі бейнесінен шошыды ма, әлде ойына басқа нәрсе түсіп кетті ме, оны ешкім білмеді. Ышқына шыққан үні жарықшақтана атылып, тастан-тасқа соққан оқтың үніндей естілді. Бәрі соған қарай қалысты.Оған ілесе үйге кірген жеңгесі:- Саған не болды, ерке қыз. Тірі жатқан кісіге адам дауыс ете ме екен? Ондай жаман ырымға бастама. Көрмейсің бе, жатыр ғой өз төрінде, өз төсегінде, - деді.Жеңгесінің дауысы алғашында қатқылдау шыққанымен, аяғын жұмсарта аяқтады. Ұзын бойлы, сүйекті кісі қазан-ошақ жаққа қарай өтті.Ағасы да мұның дауыс шығарғанын жақтырмай, тыжырына қалды. “Қой, қой!” деп дауыс шығарғандай болды. Зылиқа риза болып кетті.- Солай-ау, жеңеше! Шыдай алмадым, көремін бе, көрмеймін бе деп қорқып едім.Көзіндегі жасы кеппесе де, күлімдей жалтырап ағасына қарады.- Армысың, көке! Бармысың әйтеуір! – Тағы да босаңсып бара жатқанын сезіп, өзін-өзі тежей: - Қойдым, қойдым! Жақсы болсаңыз, енді жыламаймын, - деді.Бұлар келгеннен кейін Абдал қарт екі-үш күнде кәдімгідей тәуір болып қалды. Жас сорпа ішіп, төсекте басын көтеріп отыруға да әлі келді. Оған әрқайсысы өзінше дәлел тауып, мәз болысып жатыр.- Бұл шалдікі еркелік екен ғой. Қарындасы мен жиені келіп еді, тұрды да кетті, - деп зайыбы қағытады.Езуі күлуге жуыспаса да, күлімсірейді. Көзі жылтырай:- Жігіт жақсы болса, нағашысын сұра деп. Өміржандай жігіт келгенде нағашысы сұлап жату бұған ар ғой. Бар қуатымды жинап, намысқа тырысып отырмын, - деп күледі.Өмірзақтың иығына сүйеніп далаға шықты. Үйдегі әйелдер жағы: “Қайтесің? Әбден әлденіп ал, сосын-ақ шығарсың!” – деп еді, шал көнбеді. Буындары сырт-сырт сатырлап, үзіліп кететін сияқты. Бірақ ол тырысып көнбеді. Далаға шыққан соң, қыдырт деді. Қиналғанына қарамастан, өзін-өзі зорлады. Ақыры қатып, қаңсып қалған қу сүйекке қайта шыр бітіп, ол жіпсігендей болды. Сол кезде ғана шал ыссы тасқа құйрығын қойып, дем алды. Таза ауаны керіле, рахаттана жұтты.- Ой-хай! Паһ, шіркін, кең дүние-ай! – деп күбірлеп сөйлеп қояды.Осыдан кейін ас  ішуі де біртіндеп түзеле бастап, жиі-жиі терлейтін болды.Бір күні өзі киінді де, белін мықтап таңды. Аяғы да ширап қалыпты. Ешкімнің көмегінсіз өзі тысқа шықты да, есік алдында айналаны барлап жүрді.Төңірек сол бұрынғы қалпы, еш өзгеріс жоқ. Ауыл төбесінен үңіліп тұрған жарқабақ сұрғая батысқа қарай созылып барады. Көп ұзамай ол терістікке бағытталып, оралып кетеді. Құмдауыт жағы да, бүкіл теңіз де әлденені құпиялап қымтанғандай көзден ғайып болады. Сәл әрегіректен, ербиіп-ербиіп сүттіген көрінеді. Ал, теңіз жағасына таялған сайын, сусыған қызғылт құм үстінде жеңіл жел бар. Ондай сәтте, бүкіл су беті жыбырлап, саған қарай, жағаға қарай жөңкіле ұмтылып келе жатқандай. Алғашқы ондай көріністі көрген адамға теңіз қазір бері қарай ақтарылып, бүкіл әлемді су алып кететіндей елес береді. Бірақ, теңіз шарасынан шықпайды. Жағаға келіп бар салмағымен күрс соғылып, ауыр күрсініп демін алып қайта кейін лықсиды. Осылайша, мәңгі толқып, мәңгі қозғалыста жатады.Кейде, тапа-талтүсте теңіз тұсынан үңіліп аспандағы ай жарқырап тұрады. Жұқа аппақ сәуле шашқан дөңгелек жүзі сәнденіп кетеді. Өмірзақтың нағашы ағасы - Әбекеңе мұндай сәттерде ай мұңайып, жалғызсырап тұрған сияқты көрінеді. Төмен түсіп батып кетсе, оны біреу жұтып жіберіп, қайта шықпай қалатындай. “Бейшара-ай! Неге жалғыз болып жаратылды екен? Жалғыздың мұңлық күні осы-ау. Күн де жалғыз. Алайда оның қызуы, қуаты бар. Кейде шақырайып, қаһарын төккенде әлемді өртеп жібере жаздайды, тіпті, өртеп те жібереді. Ал, ай ше? Жүзі мұңды жас жесірдей, жас жетімдей солғын! Бейшара-ай!”.Көзінің алды бұлдырап, теңіз беті көтеріліп келе жатқандай үрейлі. Бүкіл дүние дүр теңселіп кеткен сияқты. Сол шайқалған теңіз, дірілдеген күн мен айға қосылып бұл да құлап бара жатқандай сезініп еді, келер сәтте сол қопарылып бара жатқан әлемнің арасынан қалт еткендей елес берді. Кеудесін судан көтеріп, бұған арнап қол бұлғағандай. “Ойпыр-ау, мынау біздің Берді аға ғой. Берді аға!” деп, ол дауыстап жібере жаздады.Қасында тұрған Өмірзақ ол кісі өңінің құбылып кеткенін байқады. Бір сәт құлап бара жатқандай көрінді. Ол Әбекеңді құшақтай алды.

  • Не болды, нағашеке! Не болды? – дауысы қаттырақ шығып кетті.
  • А, Өмірзақ! Сенбісің? – Ол есін келер сәтте жинады. Көзін ашып, денесін тіктей түзеп тұрды.
  • Басым айналып кетті ме? Көзіме Берді ағаң елестеп… Жүрші, бері!

Әбекең көрші тұрған Гүлшенің үйіне қарай жүрді. Оның мақсатын түсінбеген Өмірзақ жүрегі дүрсілдеп кетті. Ол үйге жақындаған сайын, ол бір ысынып, бір суынды. Оның әкесі, түрікпен шал қайтыс болыпты. Бірақ, ол неден, қалай қайтыс болды, ол жағын Өмірзақ білгісі келсе де, сұрай алмаған. Сұрауға қысылды. Бір қалтарыста әкесіне қайыр болсын деп, иек қағып қалды. Гүлше де төмен қараған күйі үнсіз бас изеді. Бұлар келгелі Әбекең үйіне кіріп-шығып, өз адамдарынша шаруаларына араласып жүр.Ол үйге жақындағанда Әбекең кідірді де, сырттан дауыстап:

  • Гүлше! Үйдемісің! – деп сұрап алды.

Қыз бала үйдемін деген соң, тағы да сол тұрған жерінде үн қатып:         - Көрпеше жайшы, айналайын. Берді ағаңа мына Өмірзақ бата тигізсін, - деді.         Өмірзақ жүрегі тағы дүрсілдей соғып кетті. Алайда, үрейсіз жеңіл соғатын секілді. Тіпті, кеудесін жылытып өткендей. Бұл не құбылыс екенін анық түсінбеген ол, қысылып, ауа қарманған адамша атасына қарап:

  • Апам да бата оқысын, - деді.
  • Иә, солай ма? Иә, айта қойшы. - Әбекең ақсақал жеңіл көнді. Өмірзақ үйге қарай балаша жүгіре жөнелді. Шешесін ертіп шықты.

Гүлшенің үйіне күдікті үмітпен ынтығатын секілді. Барғысы, Гүлшемен сөйлескісі де келеді. Бірақ, оған жүрексініп, батылы жетпейді. Ол бір ұят нәрседей қысылып, егер екеуі оңаша сөйлесе қалса, бүкіл әлем екеуіне саусақ шошайтып қарай қалатын сияқты. Балаң сезімнен әлі толық ада болмаған желең жігітке анасы қорғандай. Сондықтан, анасын алдына салып, ол үйге еш именбестен кірді.Әбекең алақанын жайып, аят оқи бастады. Күбірсіз, белгісіз әлдебір сыбыс шығарып, ерні ғана қыбырлайды. Басқалар да өздерінше айтатындарын айтып, ілесіп қолын көтеріп, беттерін сипады.Өмірзақ білмейтін-ді. Оған үйренуге тырысып, құнттаған да адам жоқ. Үйде астан соң әкесі ас қайырады да, ерінбесе бұл да алақанын жаяды. Қазір де, рет бойынша қолын көтеріп еді. Көзі Гүлшеге түсіп кетті. Ол басын тұқырып, төмен қарап қалыпты. Көзі мұнартып, жас үйіріліп, соны көрсетпеу үшін қырындай отырған сияқты. Әйтеуір, аузы жыбырлап бұл да бір нәрсе айтады. Мұны көрген Өмірзақ қарадай терши жөнелді. Қолы сылқ етіп, төмен түсіп кетті де, келер сәтте қайта жинап алды. “Қап, әттеген-ай! Ұят болды-ау. Түк аят білмеймін. Мына Гүлше зулап оқып жатқанда, мен мақау адаммын, безірейіп отырмын. Көргенсіздік деген осы шығар. Неге бірдеме үйренбедім екен. Әйтеуір, осындай сый жерде аузың жыбырласа болды-дағы. Не айтып отырғаныңды кім білсін!”. Оның есіне бір жігіттің айтқан әңгімесі келді. Ол да  осындай аят білмейтін болса керек. “Бір күні, қасымда құрдасым бар, айдалада келе жатыр едік, - деп бастаған әлгі жігіт әңгімесін. – Содан айдалада мола кездесті. Басына найза шаншып, қабырдың үстіне сауыт пен қалқан тастапты. Ел үшін шейт кеткен батыр болар деп ойладым. Жеткізе алмайтын болған соң, осылай жерлеген шығар. Кім де болса, әйтеуір туған жер үшін қан төккен адам ғой, аят оқиын десем, ештеме білмеймін, қасымдағы жолдасымнан өтінуді ар көрдім. Жүрелей отыра қалып: “Қобыланды сонда шүу деді. Тайбурыл сонда гуледі” деп, заулаттым. Ақырында: “жатқан жерің жайлы болсын!” деп, бетті сипап орнымнан тұрдым да, бір уыс топырақты аударып тастадым. Сол кезде құрдасым келіп, құшақтай алғаны. “Түу, өзің ғұлама молда екенсің ғой, мұның бәрін қайдан үйреніп жүрсің?” деді. Мен оған менсінбей қарап: “Сендей маубас дейсің бе? Бір естісем қағып аламын” деп мақтанып та үлгердім”.Алайда, Өмірзақ ойын Әбекең қарттың қимылы бөліп кетті. Ол да аятын аяқтап, бетін сипап жатыр екен. Өмірзақ та асығыс-үсігіс қолын қайыра салды. Өзінің бұл әрекетін біреу-міреу байқап қалды ма деп, айналасына қарап еді, күдіктенетін ештеме сезбеді. Жүрегі орнына түсіп, тынышталып отырды.- Иә, жарықтық жатқан жері жайлы болсын, - деді де, аузынан бұл сөз абайсызда шығып кеткенін абайлап қалды. Бұл кезде Гүлше далаға, ошақ басына шығып кеткен-ді. Содан кейін ол қарындасы мен Өмірзаққа қарап:- Жарықтық, жақсы көрші еді. Қайда жатқанын кім білсін. Балыққа жем болып, бақа-шаянның аузында кетті ме? Тілсіз жау – теңіз жұтты ғой оны. Ауыл-аймақ үшін опат болды, - деп күрсініп алды.Нағашысының аузын аңдып отырған Өмірзақ оған таңдана қарады. Бұдан бұрын келгенде ол Гүлшенің әкесін көрген-ді. Әбекең үйіне шақырып, қонақ болған. Пәлендей қартаймаған кісі секілді-ау. Әйелі өліп, жалғыз қызына қарап отырғанын естіген. Бірақ, қалайша қайтыс болғанын бұл білмейді.Әбекеңнің мына сөзінен кейін тосын бір нәрсенің болғанын сезген Өмірзақ:- Ол кісі қалай қаза тапты? – деп сұрады.Бұл сұрап тәптіштеп алмаса ол кісі ештеме айтпай қоятындай. Шынында да, Әбекең қарындасы мен жиенін асығыс шақыртып, әлдене айтқысы келетін адамдай, бірақ соған батпайтын секілді. Алайда оны Зылиха да, Өмірзақ та әзір сезіп жүрген жоқ. Олар алғашында неге шұғыл шақырды деп күдіктенгенмен, оның бұлар келгендегі ауру халі, қайтадан жазылып кетуі – бар күдікті сейілтіп, ұмыттырып жіберген.Қазір де Өмірзақ ешбір бүкпе ойсыз сұрап қалған-ды. Әбекең қарт ойланып отырды. Сәлден кейін Өмірзаққа бұрылып:

  • Сен ол кісіні көрдің ғой? – деді.
  • Иә, көрдім.
  • Жақсы кісі емес пе де?
  • Жақсы кісі сияқты.
  • Жақсының өзі еді. Ел үшін кетті ғой суға.
  • Қалай болды ол оқиға? – деп, Өмірзақ қайталай сұрады.

Бұл жолы Әбекең кідіріп жатпады. Болған оқиғаны баяндап берді. Ол былайша болған екен.Осы көктемнің суық басталып, жер бетінің көпке дейін жіпсімей жатқанын жұрттың бәрі білетін. Теңіз жағалауында одан да қиын соғыпты. Мұз көпке дейін түспей, көпшілік тарығып қалған. Қолдарындағы сирағы шығып, сәл шыдаса екеу-үшеу болғалы тұрған ұсақ жандықты пышаққа қимайды. Олардың обалынан бұрын, қыстан шыққан арық, сойған еңбегінді ақтамайды. Бала-шаға ашығып, үлкен кісілерге де оңай соқпайды. Осы жағдайды көрген  қарт балықшы түрікпен үйінде шыдап отыра алмайды. Мұз сөгілісімен, жұрттың айтқанын тыңдамай, үлкендігін елемей, қасына серік алып су үстіне шығып кетеді. Тереңірек барып, ау тастайды. Алғашқы күндері көп ештеме ілінбейді. Балықтың көктемде қалай жүретінін оның өзі ғана біледі. Ақыры, сол жылғаны тауып, ау тастады. Ауды балық қауып қалған екен. Бөлдіркені толтырып, ауды қайта жазып төгу қызығымен жүргенде, тұтқиылдан жел соғып, оны шайқалтып жібереді. Сол кезде Берді қайықтан ауып, суға түсіп кеткен. Кәнігі балықшы бөлдіркеге қайта жабысқанда шығып кетуі мүмкін еді. Алайда, бірден батып кеткен. Иә, мұздай суда сіңірі құрысып қалған, немесе құлағанда басы ескекке, не бөлдіркенің қырына соғып, есінен танып қалған. Қалай болғанда да, жағаға балық толы бөлдірке келді де, Берді қарт шықпай қалды.Шағын ауылға бір бөлдірке балық біразға жетті. Жер аяғы кеңіп, мал төлдеп, адам аузы аққа ілікті. Осылайша, шағын ауылды аштан алып қалды.- Сүйегі табылмастан кетті ме? - Әбді ақсақалдың әңгімесін ұйып тыңдаған Өмірзақ оның аузына құлағын тосты. Ең болмаса сүйегі табылса, тіріліп келгендей қуанатын секілді. Әбді қарт ақырын ғана басын шайқап:- Судың ағымы қайда алып кеткенін қайдан білейік. Жағалықты, аяқ жететін жерді біраз кезіп едік, ештеме кездестіре алмадық. Біз, бүкіл ауылымыз болып Берді аға алдында борышты болып қалып отырмыз. Әсіресе, мен қарыздармын ол кісінің алдында, жиенжан, - деп сөзінің осы тұсында Өмірзаққа бұрылды. Сәл кідіріп алып әңгімесін жалғастырып әкетті. – Мына Зылиха біледі, пәлендей көп малым болмаса да мен де жұтап қалып, осы теңіз жағасын паналағанмын. Өлмейтінге өлі балық жолығады. Сонда осы Берді ағаны паналап едім. Енді міне, қолымда жалғыз кенжесі Гүлшесі қалды. Осыны жөндеп орналастырсам деймін, - Әбді қарт сөзін күрт тоқтатты.         Бұл күні олар басқа әңгіме айтқан жоқ. Әрқайсысы өз ойларымен тарасты. Өмірзаққа қарт әңгімесі қатты әсер етті. Түнімен түсінде теңізді, оның бетінде қалт-құлт қалқыған шалды көрді. Ол кісі Өмірзаққа қол бұлғайтын секілді, бұл да оған көмекке барғысы келеді. Бірақ, әлдене кеудесінен кейін итеретіндей. Бір мезгілде, бөгет болған нәрсе кейін сыпырылып қалып, ол құлаштап жүзіп келеді. Бір мезгілде, шалға қарай тағы бір адам оның қапталында қосарлана ұмтылады. Әуелгісінде, ол айқын көрінбеді. Кенет ол шашы ұзын адамға ұқсайды. Ойпыр-ау, мынау Гүлше ғой! Иә, соның өзі, дәл сол!         Өмірзақ қанаттана түскендей ілгері құлашты ұрып-ұрып жіберді. Бірақ, қарт бейнесі қылт-қылт көрініп, ғайып болды.         Айдын теңіз үстінде Гүлше екеуі ғана қалып қатар жүзіп келеді. Теңіз толқып тулай бастады.         Алыстан әлдеқайдан гүрсіл естілгендей. Сол гүрсілден Өмірзақ оянып кетті. Мұның не түс екенін ұға алмай, ол басын көтеріп алды. Шынында ол гүрсіл естіледі. Ол орнынан көтеріліп қарағанда, теңіз бетінің қозғалып жатқанын көрді. Жағаға гүрс-гүрс соғылған толқындар кейін лықсиды.         Таңертеңгі астарын ішіп болғаннан кейін, Әбді қарт та қарындасы мен жиенін қасына отырғызып алып, Өмірзаққа қарады.

  • Кешегі Берді ақсақал жайында айтқанымнан сен не ұқтың? – деді.
  • Аянышты өлім екен. - Әлденені сезе бастаған Өмірзақ та жауабын қысқа қайырды.
  • Қалай өлсе де өлімнің аты бір ғой. Әрине, ақ жуылып, аруланып қойылғанға не жетсін. Мен, ол жөнінде емес, оның арты жөнінде айтамын. Соған не дейсіздер?

Зылиха ағасына қарап, содан кейін назарын баласына аударды. Баласы ештеме аңғарып отырған жан еместей, түрулі есіктен теңіз бетіне қарайды. Ол кісінің не айтқалы келе жатқаны айқын бола бастаған сияқты. Екеуі де үнсіз қалды. Оның өзі үлкен кісіге қарсылықтай болып көрінуі ықтимал. Сондықтан да Зылиха баласының жүзін тағы бір шолып өтті де ағасына:

  • Өзіңіз айта беріңізші. Біз не шешелік, - деді.
  • Мен айтсам, Өмірзақ пен Гүлше бір-біріне лайық секілді. Сүп-сүйкімді бала, сүйенер ешкімі жоқ, қолыңа кіргізіп ал. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала деген. - Әбді сөзінің аяғын Зылихаға қарап, тіктеу бітірді.

Зылиха жүзі тез құбылып шырайланып кетті. Көзінде қуаныш ұшқыны пайда болғандай жылт-жылт етеді.- Ондай келінді бізге кім берер? – деп қарттың жауабы айқын болса да төмен қарап, имене сөйледі. Өзі ризашылығын да бірден бүкпесіз білдіріп тастады.- Менің марқұм алдында борышымды өтегенім болады. Бұл дүнияда Гүлшенің менен жақын адамы жоқ. Әкесі солай деп ертеде тапсырған. Мен де мынау, бірде ауру, бірде сау. Сіздерді асығыс шақырғандағы айтарым осы еді. Бұған да жетпей кетемін бе деп едім, шүкір, жеттім әйтеуір. – Мойнындағы жүк түскендей Әбді қарт орнынан бір көтеріліп, қайта отырды. Жан-жағына да жеңілдене қарады.Өмірзақта үн жоқ, тына қалған. Көзін бір қадаған ноқаттан алмайды. Қозғалуға қорқып отырған секілді.- Ал қалың мал көп сұрайсыз ба? Біздің жайымыз да тым мәз емес, - Зылиха сол төмен қарап именген күйі көз қырын ағасына тастады.- Е, теңі келсе тегін бер деген. Мен де қатал болмаспын, - деп қарындасының ыңғайына қарай ол да әзілдей үн қатты. Әбден жеңілденіп, бар мәселе шешілгендей. Ол орнынан тұрып кетті. Үйдің орта тұсына барды да, кілт бұрылып орнына қайта отыра қалды.- Мұндайда әйет оқылады екен ғой, - деп қолын жайды. Ол әйетін бастай беріп, қайта үзді. Ол да қарысып барады.Өмірзақ лып етіп орнынан тез көтерілді. Көпшілік қолдарын көтеріп, беттерін сипағанда ол да үлкендер ісін қайталады.Осылайша Өмірзақ пен Гүлше тағдыры шешіліп, екеуі бір-біріне бір ауыз тіл қатпаса да, бір үйдің адамдары болып шықты.2         Төрт-бес түйесі бар, аттылы-есекті бес-алты адамнан құралған шағын топтың ел аралап жүргеніне біршама уақыт. Оны әркім анау ауылдан көрдік, мына ауылдан көрдік дейді. Көш керуені дейін десе оған ұқсамайды. Тиеген жүгінің ішінде ұзын-ұзын кереге, төңкерілген шаңырақ жоқ. Тек қонған жерде бастарына қалқан болатын күркешіктері ғана бар көрінеді. Жаңа ауылға келгенде соларын тұстарына құрып жіберіп, уақытша баспана ғана жасайды. Ал, сауда керуені дейін десе одан да қораштау. Олар анау Сартасқа барып, тіпті теңізден әрі өтіп кетіп үлкен базар ашатын көрінеді. Бұлардың жүрген жері – ауыл арасы. Қай ауылға келсе де, алдымен балалар мәз болады. Есек көрмеген олар соған шуласып қалады. Содан кейін, жүгін түсірген соң теңдерін ашып балаларға шекер ұстатады. Ондай байлықты көрмеген ауыл балалары тәттіге шыбындай жабысады. Бірақ, оны олар кейін қуып жатқан жоқ. Тіпті, қаба сақалды үлкен басшысы олармен кейде сөйлеседі де. Онысы қазақша судай.         Осылайша, жаз бойы елдің ішінде әңгіме тараған топ ақыры Өмірзақтың ауылына да келеді. Бұл ауылдың адамдары хабарларын сырттай естіп, кейбірі шай-су, көйлек-көншек мата алып келгенменен, қиянда, теңіз жағасына таяу шағын жарлы ауылға назар аударады деп ойлаған жоқ еді.         Шоғырланған жүргіншілер алыстан қарайып көрінеді. Алғашында біресе бытырап, біресе ұйлыға жайылып келе жатқан малдай көзге түсті. Өйткені, бұл далада осылайша жайылатын мал аз болмайтын.         Бұл ауылдың бар жандығы, аз ғана жылқы-түйесі ауылдың желкесіне беттеп теңіз жағалауына қарай кететін. Олардың көрінетін де кезі емес. Қазір шай-шалаптарын ішіп, бір сәт сабырлы тыныштыққа, байыздауға көшкен.         Топтанған шоғыр кенет бірінің соңынан бірі тізіліп, ұшқан құстай шеру түзеді. Түп-түзу істіктің бойына ілінгендей. Сол қалпын бұзбастан ауылға жақындады. Шеру басында төрт есек. Содан кейін аттылар. Біріне-бірі тіркелген түйелер ең соңында. Олар ауылдың тура алдынан көрінгенмен, жақындаған сайын оңға қарай қиястап, деңгейден өте беріп кірді. Түйелерін шөгеріп түсірген жоқ. Тек, бір атты кісі жалғыз өзі ауылға қарай жүрді.         Әркім үйінің іргесінде қарап отырған. Ешкім оларға қарсы шыққан жоқ. Бір-екі бала солай қарай жүгірмек еді, оны қарт кісілер кейін қайырып тыйып тастады.         Мұндай тәртіпті бұрын бірде-бір жан көрген жоқ-ты. Даланы ешкім қызғанбайды. Жолаушы болса жүктерін түсіріп, ауылдан келіп ас-су ішулеріне болады. Бағыттарын басқа жаққа түзеген жандар ауыл үстіне бұлайша туралап келмейді. Керуен өтіп кетеді.         Ұйлыққан топтан жалғыз бөлініп шыққан атты кісі шеткі үйге жақындады. Өмірзақтың әкесі көлеңкеде отырған да, өзі үйде болатын. Ол үйден шықты да, бұл кезде тақалып келіп қалған атты кісіге қарсы жүрді.         Жүргінші атының тізгінін тартып, одан ырғып түсті. Үстіндегі киімі саудагерді, тіпті діндар адам кейпін бейнелеген, өте пысық, көзі отты екен. Қызыл-жасыл патшайыдан тіккен желбегей шапаны бар. Шапан ішінен қамзол бешпенті, белін патшайы шапан түстес орамалмен сірестіре таңып алыпты. Басына ақ шүберектен сәлде ораған. Аяғында басы қайқы былғары етік. Дөңгелете қырған сақалы мұртымен қосылып, тұтасып кеткен.         Аттан секіріп түскен бойы, екі алақанын жая Өмірзаққа қарай ұсынды. Амандасып, қолдасудың мұндай түрін білмейтін Өмірзақ та жүргіншінің ыңғайына қарай екі алақанын жайып, қол берді. Екеуі осылайша амандасып алды. Қою қалың қасты, имек мұрынды, қошқыл қара жүзді, шақша бас түрікпен кісісі екені көрініп тұрса да, ол қазақша таза сөйледі. Тіпті, аман-саулықты да:

  • Қоныс құтты болсын! – деп бастады.
  • Әумин. Айтқаныңыз келсін! – Ол кісі аманшылықты осылайша бастайды деп ойламаған Өмірзақ абдырап қалды. Үлкен кісілер мұндайда не айтушы еді? А, иә, “жол болсын!” деп жүргіншіге де тілек білдіреді. Өмірзақ солай айтты.
  • Әлей болсын. - Өмірзақ мұндайда түсініп қалды. – Иә, әдет бойынша солай. “Жол болсын!”, “Әлей болсын!”. Өзінің де, мына жүргінші кісінің де ата жолымен амандасып, сөйлескеніне іштей риза. Жүргінші әлденеге құбылған жүзін шолып өтті де:

- Біз азды-көпті бұйым сатып жүрген шағын сауда адамдарымыз. Үлкен жәрмеңкеге түсетін жайымыз жоқ. Шай-су, көйлек-көншек дегендей. Егер ақсақалдар қарсылық білдірмесе, осы ауылдың үстінде де төрт-бес күн еру болсақ деп едік.Өмірзақ мұндай нәрсеге билік айтуға өзінің жас екенін сезсе де, сауда-саттыққа бұл ауыл ақсақалдарының қарсы болмайтынын ұғады. Өйткені, үлкен кісілердің, базардың алыс екенін айтып, көйлек-көншек жайларына қиналып отырғандығын талай естіген.

  • Өте жақсы. Ешкім қарсы болмайды. Иә, үйге жүріңіздер. Әне, әкем де отыр. Басқа ақсақалдар да бар, - деп бәйек болды.

Өмірзақ өзіне қарай жақындап келе жатқанын көрген Өмірзақтың әкесі де орнынан көтерілді. Үй ішіндегі кемпірі пен келініне дауыстап:- Кісілер келе жатыр. Киіз-көрпелеріңді жөндеңдер, - деді. Өзі иығындағы шекпенін дұрыстап қайта жамылып, оларға қарсы жүрді.Басқа үйлердің көлеңкелеріндегі қарт кісілер де орындарынан көтеріліп, бері қозғалды.Осылайша келген сауда адамдары бұл ауылда ұзақ жатып қалды.Малға тері-терсек, жүн-түбітке, шай-шекер, мата айырбастап алысты. Өмірзақтың үйіне ықыласы түсіп, тамыр болалық деп әкесіне шапан жапты. Шешесіне де көйлек тігіп киіңіз деп мата ұсынды. Гүлшеге ықыластары ерекше түсті. Оған көйлектік матаға қосып, айна мен тарақ та сыйлады. Гүлше оны алмаймын деп басын шайқап еді, оған ұсынған Дүрды: “Өкпелеймін!” деп болмады. Айна мен тарақты матаға орап оның алдына лақтырып жіберді. Үй адамдары:- Сый кісі, қонақты ренжітпес болар, - десті.Гүлше қара торы жүзі күреңітіп кетіп, алқызыл ернін тістеді. Төмен қараған күйі басын көтерместен отырып қалды. Алдындағы дүнияға қолын апармады.- Ағаң ғой. Үлкен кісінің қолын қақпас болар, - деп атасы да екінші рет сөйледі. Оны ұялып отыр деген енесі де шалының сөзін қуаттады.- Қожаң берсе қойныңа сал, - деді.Тек Өмірзақ қана үнсіз. Ол келіншегіне қарады, оның соншама неге үнсіз қалғанына аң-таң. Әдетте, ол күле сөйлеп отыратын, ашық мінезді еді. Іштей келіншегіне риза. Жылтыраған нәрсе көрдім деп жабыса түскен жоқ. Басын шайқап, алмаймын деген кейіп көрсетті.Бұл өзі ыңғайсыздау болып бара жатқан соң, енесі оның алдындағы матаны, айна мен тарақты алып қаптылап тастады. Содан кейін қонаққа бұрылып:- Рақмет, шырағым. Бізді сыйласаң сені Алла сыйласын. Еруліге -қарулы деп бізден бұйымың болса айт, - деді.Шешесінің сөзіне риза болып қалған Өмірзақ та қонаққа жалт бұрылып:

  • Иә, Дүрды аға! Не бұйымыңыз бар, айтыңыз? – деді.
  • Ешқандай бұйымым жоқ. Тамыр болалық, - деді. “Күйеу бала бол!” деп айтайын деді де, Гүлшеге бір қарап, ол сөзінен іркіліп қалды.

Гүлше Дүрдының өзіне бөтен ықыласпен қарайтынын бірден-ақ сезген. Алғашқы келген күні атасы мен Өмірзақ Дүрдымен амандасып тұрғанда ол үйден шыға келгенде Дүрды оған бірден жалт қарап, оқыс бұрылды да, ол сезімін үлкен кісі мен Өмірзақ сезіп қала ма деп қысылғандай, тез жүзін аударып әкетті. Әлдене айтып, қалайда бұлардың назарын бөлуге әрекет жасады. Алайда, оның қас-қағым арасындағы бұл қимылын Өмірзақ та, әкесі де байқамаған-ды.Кейіннен де, Гүлше Дүрдының сұқтана қарағанын байқады. Оны Гүлше түсінбеді. “Менің түрікпен қызы екенімді біліп, қазаққа қалай тұрмысқа шығып жүр деп таңдана ма? Әлде…әлде…ойы басқа ма?” Әйтеуір, өзіне қарағанда Дүрдының өңі сұстанып, көзі шегірейе қалады. Кейде Гүлшеге Дүрдының бұл қарасы, торғайды аңдыған мысықтың көзқарасындай елестейді. Бір-екі рет бұлардың  дастарқанынан дәм татып отырып тым ілгері сұғынбады. Басқа жұртқа жүзін көрсеткісі келмей, кейін шегіне беретін сияқты. Гүлшенің бір-екі рет торғай аңдыған мысықты көргені бар-ды. Бүкіл тынысын ішіне, бауырына тартып, төрт тағандай жерге жабысып қалатын. Кірпігін қақса торғай ұшып кетердей, көзі бәжбие қатып қалады. Мұрты тікірейіп, тынысы үзіліп бара жатқандай. Ес-түссіз ұмтыла қатты секіргенде, сорлы торғайды тырнағымен іліп түседі. Дүрды да өзіне сол мысықша атылатын ниетпен дастарқан басынан кейін жылжитын сияқты.Мұны, Гүлше жан баласына, тіпті, Өмірзаққа да айта алмады. Сондықтан да, ол Дүрды ұсынған көйлекті, айна-тарақты алғысы келмеді. Бірақ ашып қарсылық айта алмады.Бар ынта-шынтымен бұлардың тез кетуін тіледі.Гүлшеге қас қылғандай керуен бұл ауылда ұзақ жатып қалды.Алғашында:  “Жан-жақта жолдастарымыз бар еді. Соларды күтеміз” деді. Тағы бірде: “Артымыздан жаңа жүкпен Хиуадан керуен келуге тиісті болатын. Соны осы жерде кездестіруіміз қажет” деп сылтауратты.Дүрды көбіне Өмірзақпен жүреді. Өмірзақтың да пәлендей бітіріп жатқан  шаруасы жоқ. Оларға мал суарысып көмектеседі. Кейде жай барып отырады. Тамақ ішуге үйіне шақырады.Бірде, түс ауған мезгілде ол Дүрдымен үйдің көлеңкесінде отыр еді.Күн төмен еңкейіп келеді. Дегенмен ыстығы әлі басыла қоймаған. Айнала, бүкіл дала қып-қызыл ыстыққа балқып тұрған сияқты. Аптап жаныңды қоярға жер таптырмай қарып, қақтап барады.

  • Шіркін, қазір теңізге шомылып шығар ма еді? – деді, Өмірзақ қиялдап.

Көз алдына өткендегі нағашысы ауылына барғандағы сурет қайта келді. Сол күндердің рахатын бүкіл тұла бойымен қазір сезгендей.Дүрдының өзіне қадала қарай қалғанын сезген жоқ. Қиялға жүзіп кеткендей үнсіз.- Сен теңізде болып көрдің бе? – Дүрды өз сұрағын ақырын қойды. Әлденені үркітіп аламын ба деп сескенген адамдай.

  • Болдым теңізде. Қайын атам балықшы түрікпен емес пе? – деп күлді.
  • А, иә! – Дүрды бір сәт үнсіз қалды. Оның ойлана төмен қарай отырып қалғанына Өмірзақ назар аударған жоқ. Қайта сөйлеп кетті.
  • Сіз, Дүрды аға, балық ауламайсыз ба? Менің балық аулайтын ауым бар, - деді.
  • Ау дейсіз бе? Оны қайдан алдың?
  • Нағашы атам сыйлады. Ал ауды жазып, құруын орыстар үйретті.

Дүрды оның жүзіне жалт қарады. Сенерін де, сенбесін де білмей көзі жыпылықтап кетті. Тынысы тарылып, дем ала алмай қалғандай өңдіршегі дүрс ете түсті.

  • Орыс дейсің бе? Қайдағы орыс ол?
  • Сіз сияқты ел аралаған орыс. Олар да көйлек-көншек берді. Бірақ сауда жасаған жоқ, сумен жүрді.
  • Сауда жасамаса не іздейді? – Дүрды шынтақтап жатқан. Бүкіл денесімен ілгері жылжып, құлағын Өмірзақтың аузына тосқандай болды.

Өмірзақ бар көргенін, білгенін айтып берді.Осыдан кейін олар бұл ауылда көп жатпады. Алғашында, артымыздан сататын бұйым әкелетін серіктеріміз бар деген-ді.

  • Жата беріңіз. Неге асықтыңыздар? – деген адамдарға.
  • Бастап келетін жолбасшысы ауырып қалыпты. Жүріс білетін, сенімді басшысыз алыс жолға шығу өте қиын ғой. Аманшылық болса талай көрісерміз, - деді.

Асығыс апыл-ғұпыл жиналды да, тез қозғалып кетті. Жол байлау болады деп барлық есекті осы ауылға тастады. Олар Өмірзаққа бұлармен су тасуға, отын-тезек тасуға болады деп, сен ие бол деген. Мұншама есекті тегін алуға батылы бармаған Өмірзақ қарсылық білдіріп көрген, оны Дүрды зорлап көндірді. Оның  шын  ықыласымен ұсынып тұрғанын түсінген ауыл адамдары жан-жақтан шулап кетті:

  • Жолда жол байлау болса қайтсын…Дұрыс қой бұлары.
  • “Естімеген елде көп, есек мінген сартта көп” деген. Хорезмнің ойы толған есек көрінеді.
  • Біз де Бесқалаға барып, хиуазын қайырамыз. Тамыр болармыз әлі, оны кім біліпті? – десті.

         Көпшілік сөзінің осы тұсында Дүрды күліп:

  • Дұрыс айтады әлеумет. Тамыр болдық, тағы жолығармыз, - деді.

         Осы кезде Өмірзақтың көршісі жарғақ шал:

  • Бәрін алмасаң біреуін маған берші. Мен көлік қылайын.
  • Маған да біреуін бер. Тезек тасуға балалардың көлігі жоқ болып жүр еді, - деп екінші кісі де алатын ыңғай білдірді.

         Сол сәтте әрбір үй бір-бірден есекті болды да қалды. Кейбіреулер тегін алуға ыңғайсызданып, ешкі-лақ бермек болып еді, одан Дүрды ат-тонын ала қашты. Есекке қой бергенді артық көрді ме, ешкім қой атамады.         Осыдан жиырма шақты күн өткен соң, ауылға үш атты кісі келді. Тым алыстан болмаса да, аттары терлеп қалыпты. Қабақтары қатыңқы. Аттарының тізгінін тап ауыл үстіне келіп тартқанменен, бірден жерге түспеді.         Алдында қара сұр кісі бар. Қамшысын ердің басына тиеп, соған сүйене сәл еңкейіп, белін босатқан сияқты.

  • Бұл кімнің ауылы? – деп сұрады.

         Олардың келе жатқанын алғашқы көрген балалар болды да, үлкен кісілер далаға шыққан жоқ-ты. Сұсты кісіні көрген балалар алғашында жүгіре үмтылғанмен, ұйлыға кідіріп қалған. Алда тұрған біреуі ғана батылдай дауыстап:

  • Біздің ауыл, - деді.
  • Біздің ауылың не, боқмұрын?! Сендей шибұтта ауыл болушы ма еді? – Ол ат үстінен қамшысын жасқап қалды. Балалар үйді-үйіне зыта жөнелмегенменен үрпиісе кейін шегінді. Балалық қызықтау басым болып тұр.
  • Тілеміс деген шалдың ауылы осы ма? – деп сұрады екінші бір кісі.
  • Тілеміс шал бар біздің ауылда. – Алғашқы “біздің ауыл” деп сөйлеген бала таныс есімді естіген соң қуана батылданып кетті. Бұл кезде сырттағы кісілердің дабырын естіген Өмірзақ та үйінен шығып келе жатыр еді. Соны көріп кеткен бала оны қолымен нұсқай көрсетті.
  • Мына Өмірзақтың әкесі Тілеміс деген. – Содан кейін біздің шаруамыз бітті дегендей ойменен балаларға қарап: - Жүр кеттік!

         Бұрын ойнап жатқан жақтарына қарай жүгіре жөнелді. Мына қатал кісілерден еш қызық көре алмайтынын сезген балалар, оның соңынан дүрліге ерді.         Жүргіншілер балаларға назар аударған жоқ. Үйінен шығып, бұларға жақындаған Өмірзақ сәлем берген. Бірақ оның сәлемін алған үлкендер болмады. Олардың салқын ызғарлы қабағын таныған Өмірзақ та үнсіз тосылып қалды.         - Тілеміс деген шалдың баласы сен бе? – деп қамшының ұшымен нұсқады.         Ат үстіндегілердің өзіне соншама неге шұқшиғанын түсінбеген Өмірзақ ойланып қалды. “Бұлар кімдер? Не үшін дігірлеп тұр өздері? Мұның әкесінің қаншама қажеті бар?”. Ойына келген сауалдарға ол жауап беріп үлгермей, алдыңғы тұрған шегірек көз қарасұр атын тебіне тақалып келді…

  • Әй, тілің байланып қалды ма? Әкең қайда деймін?
  • Әкем ауылда жоқ. Құдасына көрісуге кетті.
  • О, құдасыз қалғыр, құдасыз қалсын. Құда деген – оның не теңі еді. Қарасұр кісі қарадан қарап тұрып тыжырынған-ды.

         Өмірзақ өңі өзгеріп, қаны бетіне тебе жүзі күреңітіп, жұдырығын түйіп алғанын өзі де абайламай қалды. Бірақ, оны келер сәтте жазып жіберді. Қабағы түйіле, көзі от шаша шатынайды. Алайда, сойдауылдай үш адамға қарсы не істер? “Бұл не үшін? Әкемнің не жазығы бар?” деп іштей қайталай берді.         Келген кісілер де таңырқап қалған сияқты. Іздеп шыққан адамдары Өмірзақтың әкесі болды. Бұл айқын. Сол кісі ауылда болмаған соң енді не істеулері керек?         Өмірзақ: “Әкем неге керек еді?” деп сұрауға оқталды да, өзін-өзі тежеді. “Айтар өзі! Маған қыстырылып неге қажет?” деп тыжырынып қалды. Жаңа үйден шыққанда, “ауыл үстіне қонақ келген екен, әкем жоқ болса да үйге шақырайын” деп ойлаған-ды.         Бірақ мына кісілердің жүрістеріне, сөз реттеріне ренжіп қалды.         - Мүмкін, мынау да білетін шығар. Осыдан сұралық, - деді үшеудің ең соңында тұрған кісі.         - Осы ауылға Хорезмнің саудагерлері келді ме? Айт, кәне, шыныңды? Алдында тұрған адам бұған қайта ұмтыла түсті. “Мынау қайтеді-ай!” Егер ол кісілер келгенде біздің не жазығымыз бар? Айтпайын ба келгендерін деп тұрды да: “Жоқ, айтайын. Не істер екен!” деп түйді.

  • Ал келді. Оларға не істейін деп едіңіз?
  • Қайда кетті олар?
  • Саудаларын жасады да, елдеріне кетті.

         Олардың дауысы шаң-шұң қатты шықты. Бұл кезде ауыл адамдары жиналып қалған-ды. Көптің топтасуы Өмірзаққа дем бергендей. Келіп тұрған кісілердің кім екендерін біліп тұрмаса да, батыл сөйледі.         Ат үстіндегі үшеу Сүйінғара жұмсаған кісілер болатын. Хорезм ойынан, Бесқаладан саудагерлердің келіп-кетуі еш таң емес-ті. Бірақ осы соңғы келген топ ішінде тың-тыңдап, әр нәрсені аңдитын көрінеді деген хабар жетті. Соны сұрастыра келгенде, олардың соңғы тоқтаған жері – Сүйінғараның Карелинмен кездесу үшін барған ауылы.         Үнсіз қайтып кетуге намысы жібермейді. Әлдебір ашу арқасын құрыстырып, тұла бойын сірестіріп тастағандай. Қару сілтемей, аузынан ақ иті, көк иті ақтарылмай жазылмайтын секілді.         - Кімді паналатып, кімге қара су беріп жүргендеріңді білесіңдер ме? Олар жау! Ханның тыңшылары! Елдің жауы, Сүйінғараның жауы! Біліп қойыңдар осыны. Айтқанды тындамасаңдар, ойнатармын бастарыңа әңгір таяқты!         Көк есек осы кезде ақырып жіберді. Ойына не түсіп кеткенін кім білсін, әйтеуір талтая тұрып, ішек-қарнын солқылдата ақырды. Екі құлағы тікірейіп кеткен.         Ауыл адамдары үнсіз тұр.         Үш кісі алғашында аңыра кідіріп қалды. Керіліп тұрған көк есекке қарады. Оның ар жағында да үш-төрт есек көрінеді.         - Мынау…мынау не? – Манадан бергі әрлі-берлі шошаңдатып тұрған қызыл тобылғы қамшысын енді соларға нұсқады. Оның бұл қимылын Өмірзақ түсініп қалып, қарқылдап күліп жөнелді.         - Шайтан! Көк есек болып көрініп тұрған шайтан! – деп дауыстады. - Өңі құбылып кеткен кісіні көргенде одан сайын күлді.         - Есек! Бұлар, шырағым, сол саудагерлерден қалған есектер! – деді көрші жарғақ шал.         Үшеуі тұрған жерлерінде  кері бұрылып, дүрсілдете шаба жөнелді.         Есектерді алдарына салып айдап кетті. Ауыл адамдары оған қарсылық білдірмеді. Анау келген саудагерлер дұшпандар, елдің дұшпаны дегені оларды да ойландырып тастаған-ды.3         Осылайша, Сүйінғара ойланып жүргенде ауылға, Тұщыбектен шыққан Мәмбетнияз батыр келіп түсті. Жүрісі суыт, қабағы қатыңқы. Жайшылықпен жүрмегені бет-пішіні, жүріс-тұрысы арқылы да айтпай көрінеді. Үстіне қару-жарағын асып алыпты. Тіпті, көк сүңгісін де ерінің қасынан өткізіп, өңгеріп алған. Аяғында саптама етік, белін бекем буыпты. Оны көрген Сүйінғара таңдана қарап:

  • Уа, батыр, жол болсын! Тыныштық па? – деп сұрады.
  • Тыныштық болушы ма еді, Сүйеке! – деп атынан түсті де:- Ассалаумағалейкум, Сүйеке! – деді.

         Тап осы жерден қазір аттанып кететін адам секілді. Үйге кіруге еш ықыласы жоқ.         - Мына Әлім қырдың үстінде біздің елге жауша тиіп жатқан көрінеді. Соны естіп, қалай шыдайын. Кешегі Төлептің жоқтығы да бізді басынғаны. Төлеп жоқ болса, біз бар емеспіз бе, Сүйеке? Ботаны боздатып, қойды шулатып, қатын-қалашты жылатып қойып, қалай тыныш отырамыз, Сүйеке? Алдыңа аттан дегелі келдім, белімді бермеймін деп келдім. Қол бастар аға деп келдім. – Мәмбетнияздың беті түтігіп кетті. Сарғыш өңі қып-қызыл болып қанталап, өңдіршегі дүрс-дүрс етеді. Ас түйіліп жұтқан адамдай сөзі үздік-үздік шығады.         - Уа, жөндеп түсіндірсеңші, жарқыным! Не болды? Алдымен үйге кір, деміңді ал! – Қонақтың атын ұста дегендей, жас жігіттің біріне иек қақты.         - Серіктерін де орналастырыңдар! – деп, екінші жігітке Сүйінғара әмір етті. Бұл Мәмбетниязды оңаша алып, өз үйіме түсіремін деген ишарат болатын. Оны ауыл жігіттері солай түсініп, екі етпестен орындап жатты.         Сүйінғара Мәмбетниязды ертіп өз үйіне бастады. Қатты жүрістен ат соғып тастаған Мәмбетнияз талталақтай қозғалып келеді. Қолына найзасын ұстаған күйінде киіз үйдің алдына жақындады. Сүйінғараның кіші қызы есікті көтеріп ашты да, сәлем бергеннің ретімен аузын қыбырлатты. Жүзі түтіккен Мәмбетнияз оны елеген де жоқ. Табалдырықтан аттар тұста қолында әлі найзасы жүргенін байқады. Маңдайшаның қапталынан, туырлыққа сүйей салды.         Ол табалдырықты аттап өткен соң есікті жапқан Айсалқам найзаны кейін апарып, киіз үйдің белдігіне қыстырды.         Беліндегі қылышын шешпестен салдырлата төрге өтіп, салулы көрпеге барып отыра кетті.         - Уа, батыр, жеңілденіп шешініп отыр! – Оның беліндегі қылышын, қолындағы қамшысын тастамағанын ескерте Сүйінғара қонағына қарады.         Төсек салып болып есік жақта Сүйінғараның екінші қызы Жансалқам ақырын ғана жылжып, артымен шықты да, есіктің сықырлауығын қаусыра кетті. Екеуден екеу оңаша қалған кезде ғана Сүйінғара тағы да қонағына бұрылып:

  • Ал, иә, не болды? Кәне, түсіндіріп айтшы, - деді.
  • Шапқан жаудың не айтатыны бар. Дөңнің үстінде Адайды малымен иіріп, көшін доғарып бөрідей тиіп жатқан көрінеді. Соны ести сала, бар жасағымды ертіп, сізге шауып келген бойым осы. Баста, Сүйеке!
  • Әуелі түсіндірші. Ол Әлім – ағайын емес пе? – Сүйінғара ақырын сөйледі. Мәмбетнияздың аптыққанын жақтырмайтын шырай білдіріп отыр. Бірақ, айналасына қарап сабырға келетін Мәмбетнияздан рет байқалмайды. Қолындағы қамшысын сілтей жөнелді.
  • Ағайын болса осылай істей ме? Жаумын дегені ғой. О заманда бұ заман көшкен елге тигенді көріп пе едіңіз? Өкпесі болса айтып, алары болса сұрамайтын ба еді? Адыр жоқ, бұдыр жоқ, қапталдан келіп тиіскені – бітіспеймін, келіспеймін дегені. Уа, Сүйеке, біз кімбіз? Елді тонатып қойып қалайша отырамыз. Аттану керек, аттану керек. – Екі бүктеулі қамшысымен киіз үстін қойып-қойып қалды. Жеңіл тозаң бұрқ ете түсті.
  • Аттану қиын емес қой, арты қиын. Біз барып Әлімді шабармыз, Әлім бізді шабар. Солайша ағайын қырылысып жатамыз ба? – Сүйінғара сөзін бітірер-бітірместен Мәмбетнияз киіп кетті.
  • Ойпыр-ау, соншама жауыздық істеп отырған елді ағайын деп айтуға қалай аузыңыз барады? Сол ағайын ба екен. Жоқ, ол – жау! Қойыннан шыққан, қолтықтан тиген жаудың жаманы! – Мәмбетнияз қамшысы бұл жолы ауада шошаң-шошаң етті.

         Сүйінғара үнсіз қалды. Салалы саусақтарымен сиректеу сақалын сипалап, кейде ұшын талдап ширатады. Келер сәтте қос алақанымен бетін бірдей ысқылап уқалады.         Кенет Сүйінғара орнынан атып түргеледі де, Мәмбетниязға қарап:         - Ал, сен шаршап келген шығарсың, сәл дем ал. Мен шаруашылық жайын қарастырып келейін, - деді. Соны айтты да, кідірмей есіктен шығып кетті.         Мәмбетнияз: “О!” деп аузын ашты да, басқа ештеме айтып үлгермеді. Қомпаң етіп орнында бір қозғалып, құйрығын ырғалай қайта отырды. Қапталындағы қылышының төсекке тірелгенін сезді. Сүйінғараның мынау әңгімені одан әрі өрбіткісі келмей, шығып кеткенін жақсы ұқты. Бір сәт бойын ашу буып, бұл да осы отырған бойында тік көтеріліп, тұра жөнелмек болды. “Кідірмей жауға бастайды деп келсем, мына кісі кері тартып отыр ғой. Ағайынға паналығы жоқ, басына қиын іс түскенде араша болмайтын адамға несіне ақыл саламын? Қайран атам Төлеп-ай, қарт бабам Қармыс! Жалаңаш ұйықтап жатып, жау десе тыр жалаңаш тұра шабатын, қайран сабаздарым! Мынау не болғаны? Ел қорғаны деп келгенде, “ағайын”, “тума ғой, қан төкпе!”деп міңгірлейді”. “Келер сәтте есіне қасындағы он шақты адам түсті. Солармен барып, сонау қырдағы қалың елге қалай қорған боларсың? Неде болса аңдысын аңдиын, бұл кісінің де ойлаған бір ойы бар шығар. Елін талатып қояр дейсің бе?”.         Сәл сабасына түсейін деген сияқты. Беліндегі қылышына қолының қалай барып қалғанын аңғармады. Кібіртіктей кідіріп тұрып, оны шешіп алды да, іргеге ысырып тастады. Содан кейін құс жастыққа шалқалай жатып аяғын керіле созды. Бойын құрсаған ашу онымен бірге созылып, сәл тарайын дегендей болды. Сонда да кең үйдің қақ ортасында жалғыз өзі жатып ұрынарға қара таба алмай кіжінді.         Есік ашылып, дағарадай үлкен жаулық көзге түсті. Үстіндегі жібек көйлегінің етегі мәсісін жапқан әйел адамның пошымы көрінді. Есікті шалқалай сабырмен көтеріп, үйге Сүйінғараның бәйбішесі енді. Оған таңдана қарап, танығаннан кейін Мәмбетнияз орнынан көтерілді. Оған жеңге саналатын бұл кісімен әлі көріспегені есіне түсіп, адымдап барып қос қолын ұсынды.

  • Есенсің бе, батыр қайным! Ел-жұртшылық аман ба? Ал, жол оң болсын! – деді.
  •  Сол оң болса жарар еді-ау. – Мәмбетнияз қайтадан орнына барып, малдасын  құра отырды. Етігін бір-екі шертіп-шертіп жіберді. Бәйбіше де үйдің сол жағына шығып, жанағы Сүйінғара отырған төсектен төмендеу жайғасты.
  •  Немене соншама? Тыныштық па, әйтеуір? – Бәйбіше кең етегін түгел жайып, аяғына дейін қымтай орналасты.
  •  Тыныштық болмай тұр ғой. Ағайын арасы бұзылып, жау бізге ауыз салып тұр. Соған күйеміз-дағы. Басқа не болсын, - Мәмбетнияз үні бәсең шықты. Ол жаңа Сүйінғара алдында тасыраңдағанмен, мынау әйелге не деп айбар шегерін білмей қалды. “Әй, мен не деп кеттім? Бұл әйелге несін айтамын? Әйел не түсінуші еді?” Осы ойлармен тыйылып, түнеріп қалды.

         - Иә, ағайын арасында кейде ондай-ондай болады ғой. Келісіле жатады-дағы, - деп Сүйінғара бәйбішесі де сөзді көп өрбітпеді. Жайланып отыр, қайным! Көптен бері көріскеніміз жоқ. Сыбағаң сақтаулы, бір соғар деп жүргенмін.         Осы кезде қымызды сабасымен көтеріп, екі жігіт те енген-ді. Ұзын сабаны әрең көтеріп кереге басына ілді. Оған ілесе сырлы зерендер ұстап, қыздар көрінді. Сүйінғара да үйге қайта кірді.         Енді әңгіменің баяулап, ашудың қожырап бара жатқанын ұққан Мәмбетнияз сырт киімін шешуге оқталды да, көңіліне әлі де діт алып кідіріп қалды. “О, шынымен жібіп, ашудан қайтқаным ба? Жоқ, оным болмас” деп іштей өзін-өзі жанығанмен, оның бос қауқар екенін ұға бастаған.         Бұлардың жүрісінің ретін байқаған Сүйінғара жаңа далаға шыққанда, Кежіге мұқияттап бір нәрсе айтқан.         - Қонақтар күтімін өзің басқар. Ойын-әзіл жағын көбейт, басқа әңгіме болмасын. Ас-суды аяма!         Сол Сүйінғараның айтуы бойынша басқа үйлерде де қымыз ішу, басқа да тамақ қамдарына кірісіп кеткен. Ауылдың әзілқой, сауықшыл-сайқымазақтары да жиналып, солардың үстіне кіргізілген.         Бұл ауылдың бұрынғы қонақ қабылдау әдетін білетіндер мұның әдейі істеліп отырған нәрселер екенін жақсы ұқты. Ауыл иелерінің ырқынан шыға алмай, сол ағымда кете барды. Мұны Мәмбетнияз да ұқты. Қайта-қайта түтігіп, іштей ашу шақыра қатуланып, бірақ, күлімдей қарсы алып, құрақ болып күтіп отырғандардың рабайсыз көңілдеріне қарап, ауыз ашар болмады. Ішіп-жеуден, қысыр әңгімеден артылмады.         Ер Төлептің тұқымы Мәмбетнияздың қатты ашумен келгенін көрген Сүйінғараның мақсаты – оның алғашқы ашуын тарқату. Бір басылып сабасына түскен соң, онымен тілдесуге болар. Ал мына күйінде қияс келсең – оның да қияс тартары жоқ.         Ол қыр үстінде қандай оқиға болғанынан толық мағлұматы жоқ. Кей кезде бола беретін құдық басындағы тентектердің шарпысып, буыршындай шайнасуы ма? Жоқ, болмаса Жем-Сағызды ағар басынан ұстаған Әлімнің алыстан көздеп, ел болып көтеріліп, тұтас Адайға салғалы отырған қысасы ма? Егер олай болса, Алшынның қай аталарымен тізе қосып отыр? Әлім қалың ел, бірақ, жалғыздан жалғыз мұндай ақылға келуі мүмкін бе?         Мәмбетнияздың аузына асты өзі тоса отырып, Сүйінғараның ойлаған ойлары осы. Әзірге онысын сыртқа шығармай, үй ішінде ұйлыққан түтіндей, кеудесінде қайырып отыр. Ана Мәмбетниязға да айтқызбауға тырысады. “Аттан! Аттан!” деп елді көтереміз екен, онымыз қатын-қалаш, бала-шағаның ұсақ кіжіңі болып шықса қайтеміз. Сақалымыз шошаңдап, ұсақ-түйектің арасында жүргеніміз ұят болмай ма? Айналадағы басқа ағайын келемеж жасап күлмей ме? Ал егер жаман айтпай жақсы жоқ, ол тек бүкіл Әлімнің ойласқан әрекеті болса, онда олар жалғыз деймісің. Ағайын арасына шын қырғын тумай ма? Оны күшпен жеңе алармыз ба? Жоқ, жоқ! Ашу алда, ақыл артта. Алдыңғы ашуға басу, соңғы ақылға – жол берілсін! Сүйінғараның шешімі осы. Мәмбетниязға айтып көреді, қиястап көнбесе – қатты да айтады.         Ертесіне Мәмбетнияз ендігі жолы жайында сөз бастағанда, Сүйінғара оның аузындағы сөзін ләмінен алып кетті.         - Батырым, інім! Ашуды қайырып, ақылға салалық… Асығып, аптықпалық. Қартайып қаусаған шағымда жанымды қимай, аянып отырғаным жоқ. Әуелі не бүлінгенін анық білелік, хабар алалық. Содан кейін не қайрат жасарымызды ақылдасармыз. Хабар өзімнен болар, - деп Сүйінғара кесіп айтты.         Мәмбетнияз басқа сөзге келе алмай қалды. Тек аттанып бара жатып:

  • Бала-шаға көз жасы мойнымызда ғой. Соны ұмытпалық, - деді.

         Сүйінғара көзін жұмып алып, қосылған пішінменен басын бір-екі изеді.         Екеуі үнсіз қоштасты.         Осы кезде Айсалқам кеше үйдің іргесінде қыстырулы тұрған көк найзаны байқап қалды. Бірақ, өзі ұмтылуға именді. Ер қаруын әйел адам ұстамайды деп естігені бар сияқты.         - Найзасы қалып қойды! Найза қалды! – деп дауыстады. Оның қасында бір ауыл баласы бар еді. Соған алып бер деп нұсқады. Қара домалақ бала жылп етіп суырылып, найзаны алды. Алғашында жеңіл деп ойласа керек, ұшынан ұстап еді, салмақты найза, құлаған теректей ауып барып шаңға жалп ете түсті. Бір тәуірі ешкімге зақым келтірмеді. Бала ұмтылып оны көтергенше, ересек екі адам қатар ұстады.         - Ой, балшыққа батқыр, балшыққа бат. Ол саған үйге түскен түйені қуатын қорағаш емес қой, - деп Мәмбетнияз ат үстінен айқайлады.         Шаңға көмілген найзаның бауынан ұстады.         Кешегі шошаңдай келген көк найза бүгін Мәмбетнияздың ерінің қасына бауымен ілініпті. Түйреймін деп сұстанған ер қаруы емес, қорағаштай бұлаңдап сүйретіліп кетіп барады.         Соған қарап тұрған Сүйінғара оның кез келген сәтте көтеріліп, кісіге айбар шегіп, сұстанып, сүйірленіп шыға келетін өлім қаруына айналып кететінін ойланып, шошынып кетті.         Мәмбетнияз тағы қыр асты, көзден таса болғанда Сүйінғара үстіне Кежіні жалғыз шақырып алды.         Мұны іздеп келіп кеткен ауылдың адамдарымен хабарласып, судың бетімен келген кеменің жайын айқындап келуді тапсырды. Бірақ, бұл әңгіме әзір құпия сақталуы тиісті, тек екеуі ғана білмек.         Сол күні малдың жайылысын бақылайтын адам болып Кежі ауылдан жалғыз аттанып кетті.         Ауылда қалған Сүйінғара тыншып отыра алмады. Үйден ол да шығып, төбеге қарай жалғыз беттеді. Не бұл? Сонау қыр үстіндегі дүбір қайдан шыққан? Қандай әбігер, кімнен келді? Мәмбетнияздың бетін бір қайырып жіберді. Бірақ ол ауылына барып, мұның хабарын күтіп тыныш жата ала ма? Бұдан да Сүйінғарадан да басқа оның ақылдасатын адамы бар емес пе? Мая биге бармай ма? Қалбымен хабарласпай ма? Бәрінің сөзі бір жерден шығып, оған сабыр берсе жақсы. Ала бүлік шығарып, қолтығына су бүркіп: “Аттан, аттанға” салса ше? Онда екі елдің арасы одан әрі бүлініп ушықпай ма? Жаңа жанғалы жатқан отты сөндіру оңай,  үлкен өртке айналса әл бермей кетпей ме?         Бір ой үстінде, ол қап-қазір атқа мініп соның алдын алмақ үшін жүріп кетпек те болды.         Жоқ, оным болмас. Мына жақтан Кежі оралсын. Айналадан тегіс хабар келсін.         Тап осы жерде тағы бір шешімге келді де, ол тез төбе басынан түсті. Адымдай асығып ауылға жетті де, үш жігітті іріктеп үйге шақыртты.         - Ат-көліктеріңді дайындаңдар, ертең жүресіңдер! – Сүйінғара олардың жүзін шолып өтті. Ешқайсысы да: “Қайда барамыз?” деп сұрамады. Өңдерінен қайда жұмсаса да, жүруге дайындығы білініп тұрды.         - Анау Арқа жақта неде болса, бір дау бар көрінеді. Соның жайын мұқият біліп қайтыңдар. Бірақ, еш нәрсеге араласпаңдар. Жүрістерің суыт, сондықтан жетекке бір-бірден ат алыңдар.  – Сүйінғара сәл кідірді, бірақ, жігіттер бұл жолы да үндеген жоқ. – Азық-түлік, ас-су жағын өздерің біліңдер. Ей, бөрі азығы мен ер азығы жолда деген. Сомадай жігітсіңдер. Оның ретін өздерің табасыңдар-дағы. Сол да жігітке сөз болып па? – Жігіттің ересектеу біреуіне қарады да, саусағымен шошайтып:         - Сен басшы бол, қалған екеуің қосшысыңдар. Ауылда Кежі жоқ, өзің жүріс ретін басқара бер. Ал, қош, жолдарың болсын! – Сүйінғара оң қолын көтерді де, алақанымен бетін бір сипады. Содан қолын бір сілтеп, жүре беріңдер деген ым білдірді.         Үш жігіт үнсіз орындарынан атып тұрды да, табалдырықтан тез-тез аттап кетті.4         Сүйінғара ауылынан Мәмбетнияз ашуы басылғандай болып оралғанмен ауылда шыдап жата алмады. Түрлі ой түрткілеп, “жүр де жүр” деп тұрғандай.         “Осы менің сонау бір түбектің төрінде жатқан Жарының бір тентек шалына барғаным не? Мына өзімнің ағайындарыма, аталастарыма неге бармаймын? Солармен неге ақылдаспаймын! Әнеттің балалары – Мая мен Қалбы бар. Бірақ олар хан сағалап қалған, қит етсе Хиуаға шапқылайды-дағы. Басқа да тума бар емес пе? Матай Ботақара жатыр ана түбекте. Жоқ, оған баруға бола қоймас!” деп ойының осы тұсында Мәмбетнияз кідірді. Шынтақтап жатқан жастығына бір аударылып түсті. “Жетімек пен Жандайдың арасында дау бар. Бірімен-бірі дауласып, бірімен-бірі жауласып отырған кісілер біреу жайлы сөз айтар ма? Ақыл айтпас – алжастырар. Орынсыз сөз айтар. Сондықтан, бұл сапар Матайға барғаным, Ботақарамен ақылдасқаным ретсіз екен!” - деп бір түйіп тастады.         Ақыры ол Әліпке баруға тоқтады.         Бірақ, бұл жолы ол найзасын өңгермей, қасындағы серіктерін де шағындап – үш адам ғана ертті. Өткен жолы Сүйінғараның ауылынан қайтардағы көрініс есіне түссе керек. “Ой, балшыққа батқырдың не істегені-ай. Қорағашқа ұқсатып шаңға жалп еткізгені. Жорта жасады ма, ол балшыққа батқыр. Келемеж етуі де мүмкін-ау” деп кіжінді.         Астындағы атын тебініп қалды. Оның қасындағылар да Мәмбетнияздың аяқ астынан ашулана қалғанын аңғармай, олар да аттарын тебіне жөнелген. Бәрі қосылып дүсірлегенде, ауыл адамдары да киіз үйлерінен шығып үрпиісе қарасты. Кейін бұрылып соны аңғарып қалған Мәмбетнияз:         - Жау қуып келе жатыр ма, әй! Үйдің іргесінен шаба жөнелгендерің не? – деп, серіктеріне ақырды.         Олар үнсіз ат бастарын ірікті.         Содан Әліп аулына жеткенше бір-біріне тіл қатысқан жоқ. Жастар жағы өзара ыммен ғана белгі берісіп, алда келе жатқан Мәмбетниязды иектерімен нұсқайды. Күліп жібереміз бе деп қысылып, ауыздарын қолдарымен басады.         Ал Мәмбетниязды ат үстіне тік отырғызып, байлап қойғандай. Жаңа ол ауылға артына қарай бұрылып қараған, сонысы күнә болғандай міз бақпайды. Тіпті, жан-жағына бұрылып қараса, абыройы айрандай төгілетін сияқты. Ат үстіне, ер қасына қаққан қазықтай, Мәмбетнияздың соңына ергендер де, мұның да қырсықтың бір түрі екенін сезіп келеді. Ол жаңағы ауылдан шығардағы сәтке қитықтанып қалғаны. Бұлар үндемесе, осылайша ат үстінде үзіліп кетуге бар. Қашанға шыдар екен деп сынасып, соңына ергендер де оған шылау беретін емес.         Осылайша, ат үстінде, қақшиысып, іштей ерегескен күйлері Әліптің  ауылына жетті.         Қонақтарды Әліптің балалары қарсы алды. Олардың берген сәлемдеріне Мәмбетнияз ернін ғана жыбыр еткізді.

  • Әлекем қайда? Елде ме? – деп сұрады.
  • Елде, үйде. - Әліптің үлкен баласы Мәмбетниязды қолтықтай аттан түсіріп, үйге ертіп келе жатқан. “Неге, қонақтың алдынан шықпайды?” деп айтып қала жаздауға Мәмбетнияз сәл қалды. Дік етіп кідіріп, көмейіне әлдене тығылғандай “Ыңқ” деп қалды. Жас жігіт оның бұл қимылын әлденеге сүрініп кеткен екен деп түсініп:
  • Сақ болыңыз, Мәке! – деп бәйек болып қалды. Аяқ асты шөпсіз тақыр болса да, алыстан жатқан тасты теуіп, жол тазартты. Жас жігіттің осылай түсінгенін ұққан Мәмбетнияз соны сылтауратып, еш нәрсеге сүрінбесе де:
  • Оқа емес, жусанның түбірі ме, - деп сылтауратты. Мұның бәрін киіз үйдің іргесінен көріп жатқан Әліп үйде үнсіз жатыр еді. Төрт атты қараны ол алыстан көрген. Мәмбетнияз екенін жақындағанда таныды. “Бұл не шаруамен жүр? Елге жау шапса бұлай бейбіт жүрмес еді? Онда баяғыда тасырлатып, ауыл үстін шаң жасар еді. Ауыл үсті мызғымай, нық отырысында да бір зәк бар. Қыдырып, сәлемдесетін де жүрістің реті емес. Амал туысымен келіп көрісіп кеткен. Неде болса артын аңдимын” деп бұғып жатқан. Оның сүрінген адамша кідіргенін де көрді.

         Мәмбетнияз есіктен кіруге айналғанда төсегінен бас көтеріп, түрегеліп отырды. “Ассалаумағалейкумін” есіктен айта кіріп, “Әлейкумассаламды” жүре тыңдап, ол бірден төрге өтті. Сырт киімін шешіп, қасындағы ере келген жігітке ұстатып, бұл жолы киіп шыққан мәсінің кебісін төрге шығар жерде аяғынан шешіп, кейін ысыра салды. Содан кейін жеңілденіп келіп асықпай баптанып көрпе үстіне отырысты. Бір-бірінің өз басының, ауыл-аймақ, бала-шаға, бота-тайлақ амандығына дейін сұрасты.         Әліп Мәмбетниязды іштей аңдып отыр.         “Мына баптануына қарағанда асығысы жоқ екен. Бүгін қонуы мүмкін. Қонақасы дейтін, өткенде келіп кетті. Келген сайын мал соя берсем, жындылығым. Кеше балалар ұстап әкелген аңның еті бар еді, соған қосатын қатынның бір-жар жілігі жоқ дейсің бе? Сүрі-мүріден қалған бірдеме табылар” деп, қонағын әңгімеге айналдырып отырып қалды.         Бірақ, әлі жөнді сөз айтылған жоқ. Жүрісінің мақсаты да түсініксіз. Әйтеуір, бұл кісі жай жүрген жоқ. Алайда, неге кідіріп отыр. Соны білуге Әліптің құмарлығы ауа берді.         - Мәмбетжан, суыт жүрсің ғой, тыныштық па? – деді Мәмбетнияздың жүзінде ешбір қапылыс болмаса да.         Ақкөңіл Мәмбетнияз осы жерде шырмалып, шыдай алмай кетті. “Әй, қадірлі бауырым-ай. Бірден берекеңді алмай, сабыр сақтайын десем де, өзің бәрін сезіп отыр екенсің ғой. Сонау қиянға Сүйінғара деп сабылғанша, бірден саған келсемші” деп, іштей егіліп кетті.         - Уа, Әлеке! Жолы үлкен ағайым едің. Мен адасыппын. Қасымдағы бауырым сен тұрғанда, мен ақылдасуға Сүйінғараға барыппын. Ініңнен бір білместік кетіпті, - деп ақтарыла салды.         Сүйінғараның  атын естігенде Әліптің реңі қуқыл тартып кетті. Сары өңіндегі тарғыл секпілдері қарайып кеткендей, бет-аузы жыбыр-жыбыр етті. Көкшіл шөлмек көзі шақырайып, Мәмбетниязға түйіле қарады.

  • О шалда нең бар еді? Бітірді ме шаруаңды?
  • Жоқ, бітірмеді.
  • Аруақты сыйламағаны ғой. Күні кеше өткен атаң Ер Төлепті ұмытқаны ғой. Сонау ит өліп, есек қырылған жер түбіне сен барғанда, сенің меселіңді қайырған кісі, сірә, оңар ма. Оңбас! - Әліп Мәмбетнияздың Сүйінғараға не шаруамен барып-келгенін білмейтін. Әйтеуір қазір Мәмбетнияз өзі ренжіді деп отырғаны да, оған қосылып, соның ыңғайына бас игенді жөн санады.
  • Аруақты сыйламайды деймісің? Солай екен-ау өзі. Мен ғой Ер Төлептің тұқымымын. Атам аруағын сыйласа менің сөзімді қоштар еді. Тіпті, көк найзамды балаға шаңға былғатып, әбден масқара қылды. Осыдан кейін барып ол бар болған жағдайды баяндап берді.

         Бұл Әліптің естімеген әңгімесі еді. “Мынау үлкен дау ғой. Даулассын! Аяғы немен тынар екен. Сүйінғара шалға бұрын барып дұрыс жасаған. Бірінші хабарын естіген соң, енді оның бір жақсы ат, жаман  аты соған қалады. Қандай жақсы ат болушы еді мұнда. Елді бастай алмаған. Міне, мына жақта ханмен араздастырып қойды. Ханның Сүйінғараны атарға оғы жоқ. Елдің өрісін тарылтып, Бесқаланың базарынан қақты. Ол жаққа барған елді барымташы деп бас салады. Ана, Жәңгірханға қарай, Айшуақ сұлтанның тұқымымен тілдесіп жүр деп еді, арты міне, мынандай болды. Бұл да Сүйінғараның кесірі. Ол өзі тікелей кесірлік жасамаса да, соның ылаңы болмай ма? Әбден, соның ылаңы деуге болады”.         Әліптің қарадан-қарап отырып тамағы құрғады.

  • Әй, мына қонаққа сусын берсеңдерші. Кісі түкірігін жұтуға айналды ғой, - деп көрші үйде отырған әйеліне дауыстады.
  • Иә, айта бер әңгімеңді. Қазір сусын әкеледі, - деп ол қайта Мәмбетниязға бұрылды.
  • Не айтатыны бар? Бары осы. – Мәмбетнияз шынында шөлдеген еді. Ауыл арасы ұзақ жер. Оны демалмастан өтті. Бірден сусын сұрауға ұят көріп, кейін әңгіменің ағымымен онысын ұмытып кетіпті. Қазір аузы кеберсіп, таңдайы жабысып отыр. Ешқандай сөзге зауқы болмай отыр.
  • Бәрін өзі бүлдірген соң Сүйінғара не айтсын. Мүмкін, оған керегі де осы елдің бүлінгені болар. – Оның сөзін естімей отырған адамдай Мәмбетнияз бұл жолы үндеген жоқ. Әзірге осы жетер дегендей Әліп те одан әрі қозғамады. “Тағы да реті келер, тағы да айтармын” деп іштей ойлады.

         Үйге қымыз алып әйелі кірген-ді. Енді соған бұрылды да:         - Мына қайның бағланды да, басқаны да жеп жүр ғой. Сен оған бұрын көрмеген асын дайында. Жеңгем осындай ас берді барғанымда деп айта жүретіндей болсын. – Мұнысы мал соймай-ақ қоялық, кешегі аңның етін ас дегені еді.         Ол көңілді сияқты. Қазір Әліптің бар ойы Мәмбетнияз бен Сүйінғараның арасында. Аяқастынан бұған неге құмарта қалды, ол жағын білмейді. Әйтеуір, екі ортадан от шығатын секілді, от шықса бұған рахат болатындай.         Бұл кісінің атын молда қойыпты. Әкесі еліне молда шақыртып, ауыл адамдарын намазға жықпақ болып жүргенде әйелі босанады. Ауылға келген қонақ деп ат қойып, азан шақыру міндетін сол молдаға жүктейді. Молда кітабына қарап отырып:         - Иә, пісміллә рахман, рахим! Ауылыңды намазға жығып, нағыз құдайға берілген адам екеніңізді көрсетіп отырсыз. Соныңызды Алла тағала қош көріп, міне, қошқардай ұл сыйлады. Ұрпағыңыздың басы да ұл, ал бүкіл ылымның басы “әліп”. Сондықтан, біз балаңыздың атын “Әліп” болсын дейміз. Ал, қанеки, қолдарымызды көтеріп, бата жасалық. Әліп, Әліп! – деп, баланың құлағына екі-үш айқайлады. Алдында майлы ас жеген молданың түкірігі де шашырап кетті. “Әліп” дегеннің бір әріп екенін де көп ойланып жатқысы келмеген молданың кітап бетін ашып қалғанда сол әріпті оңай көзіне түсе қалғанын да елемеді. Үлкен молда қойды, кітаптан қарап қойды деп шуласты да қалды.         Кейіннен, Әліп ержеткенде ауыл балалары “Әліпті таяқ деп, нұңды шұқыр аяқ деп білмейді!” деген сөздер шығарып, оны Әліптаяқ атайтын. Ал кейбіреулер оның бетіндегі ноқат секпіліне қосып, “Шұбартаяқ” деп те келемеж жасайтын.         Арық кезінде шұбар секпілі бадырайып, айқын көрініп тұратын. Қазір, егде тартып есейген кезде шұбарлары ылжырап езіліп кеткендей көрінеді.         Мәмбетнияз бір зерен қымызды басына көтеріп, күреңітіп шыға келді. Әбден қаталап қалған екен, тер бұрқ ете түсті. Сәрбоз көйлегінің жағасын ағытып желпініп-желпініп алды. Әліп өз аяғынан ернін тигізіп ауыз тиді де ішкен жоқ.         Әйел ыдыс-аяқты алып кетіп, қайта оңаша қалғанда Мәмбетнияз баяғы сөзді қайта жалғастырып:         - Иә, сонымен бәрін бүлдірген сол шалдың өзі дейсің бе? Астапыралла, бәрін өзі  бүлдіріп қалайша түк білмегендей бола қалады, ә? Әй, ол сондай зымиян ба еді? – Мәмбетнияз анық естиін дегендей шынтағындағы жастығын ысырып, құлағын тақай түсті.         - Зымиян болғанда, оның арамдығына найза бойламайды. Істеп жүргендерін өзің саралап ойланшы. Ханға салық төлемейміз деп елді Хорезмнің бектерімен шатыстырды. Өзі сонау теңіздің жағасында түбекте жатыр. Хан қатуланса кімге тиеді? Жолдағы елге тиеді. Аяғында Сүйінғара аман қалады. Ағайын десе тыныш жатқан Матайға ұрынар ма? Түрікпен Бектұрлы ишанды паналатты дейді. Жалғыз түрікпеннен жау болушы ма еді. Ишан бала оқытады, ешкімге зияны жоқ. Ишан сылтау ғана. Ал, енді міне, Әліммен ұрыстырып қойды. Арты не болатынын кім біледі? - Әліп тым түбін түсіріп бара жатты. Мәмбетнияз одан әрі шыдауға шыдамы жетпей:

  • Сонда не істе дейсің? Не істейміз? – деп асығыс сұрап қалды.
  • Е, оны менен несіне сұрайсың. Істеген Сүйінғара. Маған келмей бірден соған барыпсың. Екеуің шеше беріңдер, - деп аяқастынан өкпелеген адам болып шықты. Қабағын кіржитіп, үнсіз қалды. Мұны күтпеген Мәмбетнияз да аңырып қалды. Адамда қалтарыс болады деп ойламайтын ол:
  • Қап, әттеген-ай! Өзімнен-ақ болған екен, - деп шынымен қиналды. Қайта тершіп кетті.

         Әліп күліп жібере жаздап зорға шыдады. Аяқастынан қалай жалтарып кеткенін өзі де абайламады. Аузына домаланып сөз түсе қалды. Сол ыңғаймен қабағын тыржитты. Бар болғаны осы. Оған Мәмбетнияз үлкен әлекке қалды.         Ойланып келгенде Әліп Мәмбетниязды Сүйінғараға неге айдап салып отыр, оны өзі де білмейтін.         Ертеңіне Мәмбетнияз бұл ауылдан да кері аттанып кетті.         Қыр үстіндегі дүрбелең жайын естіп, Мәмбетнияз әрі-бері қопаңдағанмен, басқа көп оған ермеді. Ол да осы екі сапармен тынып, бос дабырыққа баспады. Анау жатқан билерден де, Сүйінғарадан да хабар болмады.         Әрі, осы кезде екі елдің арасындағы түсінбестік келісіліпті. Жұрт қоныстарына қоныпты-мыс деген әңгіме шыға қалған. Оны кім таратқаны да белгісіз. Жұрт бұл хабарға әбден сенді. Мүмкін, көпшілік көңілі тыныштық қалап, өздері шығарып та алған болар.         Оны ешкім тексеріп жатпады.5         Елді дүрліктірген бұл дау сәл нәрседен белең алған-ды.         Шағындау көлшікке олар сиыр сәскеде жеткен-ді. Қасындағы бала серігі бұрынырақ шешініп, су шетіне күмп берді де шомылып алды. Қойшы кідіріп қалған. Екі-үш күннен бері су ішпеген мал суға бас қойғанда, ол екі атанды бірдей шөгеріп, оған артулы ұсақ қозыларды түсірген. Әрқайсысының енесін тауып, қозыларын бауырына салып, атандарға артқан метей-местерін де шешкен-ді. Үстерінен жүк түскен атандар да тұщы суға қанып, ыраңдап-тыраңдап қалған-ды.         Жер беті көк ыраң болып, төселіп жатыр. Желдің жеңіл ғана лебі бар. Майда шуақ айналаны қыздырып, бүкіл әлем соған жонын төсеп рахат табатын секілді. Әп-сәтте шөлдерін қандырған қой да табандап жата қалды. “Бүгін осы судың басында еру болған жөн шығар. Кір-қоңды жуып, тазарып алған абзал. Мал да тынықсын бір күнде болса” деп ойлаған Күбірбай жаңа шешіне берген. Көптен су тимеген дене таза ауаны сезісімен дуылдай жөнелді. Ол апыл-ғұпыл шешініп, суға күмп берді.         Үш атты тап осы кезде жетіп келді. Бірден адуындай құтырынып, қамшыларын суылдата суға тізесінен төніп тұрған Күбірбайға төне айқайлады.         - Тұйықты лайлап жүрген қай көргенсіз? Шық, қане, - деп алдында келе жатқан жирен атты айқайлады. Жарғақ сары өңді, мұрнының астында мұрттың жұлынған жосығы бар. Оған Күбірбайдың көзі түсті де: “Қатынмен төбелесіп, мұртын жұлдырған пәле емес пе!” деп ойлап қалды. Одан әрі жуына берерін де білмей, әлде судан шығарын да ұқпай Күбірбай аңырып қалған. Анау селдір мұртты едіреңдеп төніп келеді. Етсіз арық жіңішке адам екенін де байқап үлгерді.         - Шық, кәне, судан! – Ол қамшысын сілтеп қалып еді, астындағы аты қамшыдан жасқанып, басын қайқаң еткізіп, кейін тартты да қамшы Күбірбайға жетпеді. “Е, мына атаңа нәлет қайтеді, ай? Кісіні сабай ма?” деп, оның ашуы қоза бастады.         - Әй, сен, не әкіреңдейсің? Әкеңнің атасынан қалған мирас суы бар бар ма? Құдайдың ен даладағы тегін суын қызғанған қандай зәнталақсың! – деп дауыстап жіберді. Ол көзінің астымен мына өжектеген кісіні аңдыды. Әдейі, тиіскелі келген соң сол ойын орындамай кететін реті жоқ. Арқа жонды тосып тұрып, жөнсіз таяқ жегенше, не де болса алысып көрейін деп түйді. Енді мұны қапысын тауып, аттан аударып түсіріп, қамшысы мен атын алса, ар жағын да көре жатар. Анау, атын тебіне тағы ұмтылып еді, атының аяғы езіліп жатқан балшыққа сырғанап, құлап қала жаздады. Шошына кейін бұрылғанда, ол қапталынан жабысты. Қолына шапанының шалғайы ілінді. Осы сәтте, екінші атты оның ту сыртынан өтіп, қамшымен арқасынан осып жіберді. Қышынып тұрған дене дуылдай жөнелді. Қойшы Күбірбайдың қаны басына шапқандай, көзі мұнарланып кетті. Шапанының шалғайына жабыса түсіп, ат үстіндегі кісіні бері еңкейтті. Екінші қолы аттың тізгініне тиді. Нәті жуас ат, көзі ойнақшып тырп етпей тұрып қалды. Аттың омырауы астынан екінші қапталына лып етіп өтіп, үстіндегі кісіні итеріп жіберді. Ол гүрс етіп жерге құлағанда Күбірбай атқа ырғып мінген-ді. Ердің қасы ескі лапасының бауын іліп кетіп, дар еткізді. Бірақ, оны елеген Күбірбай жоқ. Екінші кісі қамшысын көтеріп, ұмтыла келеді екен. Оны да тез қағып жіберді. Сол кезде барып үшінші аттыға көзі түсті. Ол судың келесі бетінде жатқан қойды үркітіп, мұның қойшы серігін қуалап жүр. Жас бала аттың омырауына кіріп алған. Тұла бойына қамшы тигізбеуге тырысып, безек қағады. Күбірбай тақымына ат тиген соң, солай қарай шаба жөнелді. Жас қойшыны айналдырып жүрген балаңдау жігіт екен. Ат үстінде шомбалдай болып нығарлана отырған Күбірбайды көргенде зәресі ұшып кетті. Бұтындағы лыпасының бауы үзіліп, балағы жыртылып, оның түрі қазір түр емес-ті. Балауса жігіт түгіл жуан білек, тапашой қойшыдан одан үлкен де адам ығысар еді. Оны кейін жасқап тастап, Күбірбай кейін ұмтылды. Біреуі атты, біреуі жаяу екеуі де мынаның түрінен шошиын деді. Өсіп кеткен сабалақ шашы қара терге малынып, бетін жауып кеткен. Арқа жоны қанталап, көзі де қызарып алған сияқты. Ербеңдеген екі қолы болмаса, кісі оны адам жынысына ұқсатар емес. Ат үстіндегі екінші кісі қамшысын көтере бұған ұмтылып еді, Күбірбай одан тайқымады. Бар екпінімен қағып өтетін адамша аттың тізгінін қоя беріп тебінеді. Оның алдынан найза тіресе де тоқтар емес, жарып өтетін адам секілді. Қарсы келе жатқан кісінің астындағы аты Күбірбайдың түрінен үркіп, туралап келіп, тайқып кетті. Үстіндегі кісі ат тізгініне ие бола алмай     қалды. Осы кезде Күбірбай оның астындағы атты жалпиған жұмсақ сауырынан осып-осып жіберді. Ат мөңки ұмтылды. Астындағы көлігі жасып қалған соң үстіндегі адам да көп қайрат көрсете алмады. Осылайша, бәрін де жасқап тастағаннан кейін ғана Күбірбай ашуы қайтайын деді. Көзі жаси қалған селдір мұрттыға түсті. Қамшысын көтере соған ұмтылды. Ол шекпенінің шалғайына сүріне-қабына қашып, екі қолымен басын қорғалады. Қамшыны көтергенмен, оны ұрған жоқ. Торғайдай бұққан түрі оның ашуын әбден басып тастады. Екінші атты қашарын да, қайта ұмтыларын да білмей, атының ауыздығын сала алмай жүрген. Мына жаяуды соған қарай айдады.         - Әй, мынауыңды мінгестіріп алып кет. Өлтіресің бе айдалада қалдырып, - деді. Дауысында ыза жоқ.         Ұрмағанымен қамшымен жасқап, алдындағы кісіні екінші аттыға әкелді. Анау үзеңгісінен аяғын босатып, артына мінуге ыңғайланды. Ат артына отырған соң, Күбірбай қамшымен ұмтылып қалып еді, олардың астындағы ат дүрсілдетіп шаба жөнелді.         Бұлар кімдер? Айдалада мал суарып жатқан адамдарға неге ұрынды? Оны Күбірбай түсінбеді. Әйтеуір, бәрі аяқастында опыр-топыр болды да қалды.         Олар өздеріне сеніп келіп, абайсызда аттарынан айырылды. Қапелімде естерін жия алмады. Бірақ, көп болып қайта оралуы ықтимал. Онда бұл екеуі не  қайрат көрсетеді? Сондықтан, көш жолына қарай тез кету керек.         Күбірбай қосшы баласына түйелерді қайта жүгін артып берді де, малды өргізіп алдына салды.         Арқасын тіліп өткен қамшының табы қазір ғана білінді. Апыл-ғұпыл жуынып, үсті-басын қарады. Ішкиімнің дал-дұлы шығып, аяғының басына оралады. Оны қалай оңтайласа да киюге жарамады. Жалаңаш денесіне шалбарын киіп алды. Жүннен тоқылған шалбардың сояудай-сояудай қылдары тікенектей қадалады. Бірақ, оған қарап Күбірбай кідіріп жатпады. Атқа мінді де, жаңағы серігі асып кеткен қырға бұл да көтерілді.         Ежелгі әдет бойынша, көктем туып қырдың көбесі сөгіле, қырға қарай Жем-Сағыз, Ойыл бойына, тіпті өрлеп барып Тайсойған құмына да сіңісе кіретін Маңғыстау елінің көшін биыл олай жібермеуге уағда байласылды. “Оны бастап жүрген кім екен?” деп сұрасқанда, алғашында айқын жауап болмады. “Патша бұйрығы ма, хан жарлығы ма?” деп те сауал қойылды. “Үстірттің мидай даласын патша қайтсын. Патша алыста, құдай биікте. Қауыны мен егініне түсіп жатқанымыз жоқ. Хиуаның ханының бізде не шаруасы бар? Келсе, зекет пен бітір деп малын айдап кетіп жатыр. Келмесе өзі біледі. Мұны бастап жүрген өз ағайындарымыз. Кіші жүздің балалары көрінеді”. “Жоқ, мұны бастап жүрген нақты кім? Кіші жүздің өзі жиырма бес. Ағайынның он екі ата Байұлы ма? Әлде ағамын деп жүрген Алшын ата ұлы Әлім бе? Жібектей майда, самалдай жұмсақ дейтін Жеті ру ма? Сонда оның Тама ма, қайсысы? Қайсысы қаруын сілтеп, ел алдынан шыққан?”, “Анық білмедік, Жем мен Сағыз, Ойыл мен Қиылдың сағасын кім ұстаушы еді? Сірә, алты баулы ағаң Әлім-ау деймін”. Сонда олар Адайға не кәні артады? Адайдың жазығы не? Жылда мәмілеге келіп жүріп, биыл неге қағына қалыпты? Кім ағайынның қолтығына су бүркіп жүрген?         Сөздің реті осылай болып келді.         Тұс-тұстан өрлеп келе жатқан көш тоқтатылып, алдарынан қарулы жасақтар шығыпты. Әр жерде әр түрлі қақтығыс болып, мал тартып алынысып, кісіге жарақат та салынған көрінеді. Екі ел бірін-бірі аңдысып, қыр үстінде тоқырасып қалысты.         Біреулер, даудың басы алдыңғы күзде басталыпты-мыс дейді. Күзде, кешеуілдетіп келіп қалып жедел ойға көшіп келе жатқан үш Адай ауылының Ұшқан ата суының басында ат-көлігі жоғалып, сол жерде Әлімнен басқа ел жоқ екен, содан көреді. Мезгіл тығылтаяң болып, Адайлар Маңғыстаудың ойына, Әлімдер Атырауға көшіп кетіседі.         Өткен жазда, олар жайлауда кездесіп, Атырау бойын қыстайтын Кетенің Алтай, Құттығай, Байқошқар ата балаларынан сол жоғалған ат-көлігінің дауын даулайды. Біреулер: “Жоқ, олай емес, жоғалған небәрі ат жабу көрінеді. Сол ат жабу табылмай, Адайдың бір тентегі көшкен елдің артынан Кетенің атын міне қашады, соны Кете жігіттері қуып жетіп өлтіріп кеткен сияқты-мыс” деп те соқты. Бірақ, Кетелер кісі өлтіргенін мойындамай, теңдік бермеген. Ант беріп ақталмаған да, кісі құнын да төлемеген.         Осылайша, даудың басы пышақ, түбі құшақ болып өршіп, өртене берді.         Сусыз шөлде тығырыққа тірелген ел ілгері жүре алмады. Кейін кете алмады. Оңға қарай бұрылып, Аралдың суын жағалайын десе, ар жағы қалмақ, өзбек, егіншілікте отырған ел жібермейді.         Еділ мен Жайық бойына да ұлықсат жоқ, бәрі өлшеулі, бәрі пішулі. Арты Маңғыстаудың ойы, жаз жайласа, қыста қу тақыр болып мал қырылады.         Көп ел Күйкенің көк желкесіне қарай, ащы Каспийдің жағасын жиектей, Құлжан мен Бұғыбайға тіреледі. Бір шеті Айыршағылға қарай ауып, Ырғызбай мен Қарабұлаққа да жайылады. Жазғы жайылым, қысқы қоныс деп айырып жатпады. Әркім тиген-тиген жерден орналасып, мұның қанша мерзімге созыларын да білмеді.         Ел болып жиылысып, жаңа құдықтар қазып, кідіруге шешімге келді.         Кейінгі ел ішіне, ақсақал-қарасақалдармен ақылдасуға ат-көлік жіберіліп, жұрт бір дағдарысып қалған-ды.         Бұл кесапаттың кесірін біреу Адайдан, біреу Әлімнен көрді. Жоқ, Әлім мен Адайды айдап салып отырған Таңбадан құр қалған Әлімнің тумасы Шөмекей, Шөмекейдің Шектісі жоғарыда отырып: “Түрт шайтан, түрт!” деп әзәзілдік жасауда деген де болжамдар айтылды.         “Алшынның балалары олжаласқанда, атты болған Күбірбай” деп, ол қойшыны да жұрт сөзге араластырып, қылжақ етті.

  • Ойпыр-ау, мен сорлы екі елдің арасының бұлай шатысатынын қайдан білейін. Білсем, аты да құрысын, өзі де құрысын демеймін бе. Етіме ащы қамшы батып кетті. Өлгенімді, тірілгенімді білмеппін. Не жазығым бар. Мен білмедім ғой, - деп Күбірбай қойшы мұндайда қатты қысылатын.

         - Қатыққа тойып, жеңгей көште қалып, қуаты бойына сыймай жүрген Күбекең кімді аясын. Салып қалып құлатып, атын тартып алған. Болған соң өзі батыр, кімді аясын, - деп інілер жағы жеңіл әзілмен ағаларын қағытып, ұялтып қалатын.         - Қойсаңдаршы, қайдағы батырлық. Қойшының жаман ашуы да қысып кеткен, - деп оған мойымауға тырысатын.         Бұл, әрине, көже-көкірге тойғаннан кейінгі әзіл-оспақ еді. Қалың ел маза таба алмады. Түйенің белін босатып, жүгін түсіргенменен аттың ерін ала алмады. Жарамды көлікті күні-түні арқандап ұстап, ауылдан ұзартпады. Қару ұстайтын жігіттер түн баласында шешінбей көздерінің шырымын алды.         Үлкен әбігер басталып, ел тарықты.         Бірақ, бұл асқынып басталып, күтпеген жерден бітіммен аяқталды.                                                                                     6         Жер аяғы босанысымен қасындағы серіктері жан-жаққа бытырап кеткен Исатай осы соңғы екі-үш күнде тыным таба алмады. Күн жылына бастаған соң  үй іші қапырық болып, таза ауаға шыққанға құмартты ма, әлде көңілі әлденеге беймазалана ма, ол жағын айқын түсінбеді. Әйтеуір, ауылдың артындағы аласа жал басына шығып, жалғыз өзі ұзақ қыдырады. Жүрген сайын есіне өткен-кеткен оралып, ойы ауырлай түседі. Тіпті, кей сәт ұзақ ой еңсесін түсіріп, басын төмен салбыратып жіберетін сияқты. Ондай шақта Исатай төмен түсіп бара жатқан басын тік көтеріп, кең кеудесін тіктеп ұстап, маң далаға маңғаз көз тастап, қасқая қарап тұрады. Егер шығысқа қарап тұрса, батысқа күрт бұрылып, сонау алыста, Жайықтың арғы бетінде, Еділге таяу жатқан хан ордасын қазір көріп тұрғандай түйіледі.         Қақаған аязда үрдіс ұмтылып, Жайықтың бергі бетіне азғана тобымен өтіп кетті. Соңынан қуғын болғанмен, ізін қарлы боран жасырып, бағытын бұрмалап, соңына түскендерден құтылып шықты. Мынау жатқан жалпақ құмның етегін паналаған ел ішін паналап, қыстан да шығып отыр. Қасындағы тобы шілдей бытырап, қайта жиналып, қайта тарайды. Бірақ, бұлайша жүре беру мүмкін емес. Неде болса, осы жаз сойқан жазы болады. Ордадағы ханмен, хан қол артқан патша әскерімен қашан кездеседі, қай жерде ұстасады, ол жағы беймәлім. Әйтеуір бір тіресері хақ. Оны көңілімен айқын сезеді. Көңілге басқа да күдік еніп, маза бермейді. Ел ішінде бұларды да аңдушылар жүрген көрінеді. Бірі Жәңгір ханға Исатай тобының жүрген бағытын сілтесе, екіншісі тұрған жерін нұсқайтын көрінеді. Бұлар бір адам, жалғыз қара емес, әлі де топ. Топ болған соң, шоғырланып көзге түсетіндері рас.         Махамбет қасына үш-төрт серік алып кеткен. Одан да хабар жоқ. Бір ақылға салса, оның хабар жіберетін реті де шамалы. Бірақ Исатай соған да күдіктенеді. “Оның бөлек аз ғана адаммен кеткенін сезіп қалып, хан тыңшылары ұстап алса ше? Өшпес өкініш болмай ма? “Ел, ел” дегенде, елдің ішінде де аласы болмай ма? Тіпті анау ханмен де біз бір ел емеспіз бе? Міне, жүрміз ғой, өліспей беріспейміз деп. Ол өзін төре деп, бізді қара деп шіренетін шығар. Олардан төрелік кеткені қашан? Төре - құдайдың қалағаны, қожа - пайғамбардың сүйгені болса, өздерінің елі, суы-жері қайда? Жапанда жатқан қазақтың даласына аяқтарын неге көсіліп салып, шіренеді. Қазақ өзі қойын жайып, жылқысын суара алмай ма? Олардың біздің мойнымызға мініп алып, Кейқуатша кердеңдейтіні несі? Құдайға күпір болсам да, мен көріп жүрген хан – қарақшы. Сұпы молда – алдаушы, тап солай”. Исатай осылайша да толғанып кетті. Әрлі-берлі адымдай жүріп, ойы қайта Махамбет басына оралады. “Алтын көрсе, періште жолдан таяды” деп, бір азғын ұстап беріп, апат жасамаса болар еді. Махамбеттен айырылғандағы күйін көз алдына елестетіп, өзінен-өзі шошынады. “Мен - елдің семсер қылышы болсам, ол - расын айтар аузы ғой. Ол опат болса, мен мылқау қалмаймын ба? Айтар аузы жоқ құр босқа қылыш сілтеген жан не өндіреді? Қылыш қорқытса, асқақ үн үрейін алмай ма? Қылыш тура сілтегенге тиіп, тек алдында тұрғанды шаппай ма? Ал асыл сөзі ше? Ол сай-сүйегіңді сырқыратып, жайлы төсектегі жылы денеңе қадалған шегірдей тулатып, жанды жегідей жемей ме? Махаңның айтқан сөздері – қылыштың жүзінен бір кем бе? “Хан емессің – қасқырсың, қара албасты басқырсың! Хан емессің –аянсың, айыр құйрық шаянсың! О, алла-ай, бұлай да адам айтады екен-ау хан бетіне. Тек жанына жамандық бермесін!”.         Исатай ауыл сыртында сол бұлттарға қарап тұрған. Ойына әр түрлі нәрсе оралады. Табиғатта да адам мінезіне ұқсайтын жайлар ұшырасады. Бұлар да қара бұлтша түйіліп, хан ордасының үстіне, Жәңгір ханның басына бар қаһарын төкпекші. «Шіркін-ай, сондай күн туса, енді аянбас еді. Қарт бураша қадалып, аузына сала шайнап, төске салып мыж-мыжын шығарар еді. Содан кейін шауып өлтірсе де мейлі! Тек ашу бір тарқап, қанды кек алынса! Алынса!” Қабағы түйіліп, ерні жыбыр-жыбыр етті. Жұдырығын түйе, көзі шатынай әлдебір белгісіз бағытқа қадалып қалғанын кейін байқады.         Оның ойын желке тұсынан аттың пысқырғаны бөліп жібереді. Кілт бұрылып  – жақындап келе жатқан Махамбетті көрді. Алғашында, оның бір өзі келе жатқанына таңдана қарай қалған. Айналаны тінте көз салып, серіктерінің ауылға қарай өтіп бара жатқанын байқады. Көңілі содан кейін ғана орнына түсті.         Осыдан төрт-бес күн бұрын Махамбет ел ішін аралап кеткен-ді. Бұл осы жақтағы шаруаларды реттеп алып, әріде түбекте жатқан Адайға жетпегенмен, беріде орналасқан Әлім-Табын, басқа да солармен іргелес елді араламақшы еді. Қыс өтіп, көктем туды. Оның арғы жағында жаз жатыр. Бұл жаз жазылатын жайдарлы бола ма, әлде қыстан жаман қысымды бола ма, ол жағы беймәлім. Орынбор мен Петербордағы әкімдердің аузын алып, өз жағына шығара ма, әлде орыс патшасы әділет ойлап, қалың көптің сөзіне құлақ аса ма, бұл  – екіұдай мәселе. Бірақ, енді бітісер жер жоқ! Бітісуден кетіскен болар. Ел ішін барлап, осы жайларды көппен ақылдасқанды мақұл көрген. Қол жинап, күш біріктіргенді мақсат еткен. Махамбеттің аттанып кеткеніне көп болмаса да, алғашқы сәтте Исатай оны аман-сау қайта көргеніне қуанып кетті. Оның мезгілсіз тез оралғаны жайында кейін ойлапты. Сол сәтте жүзіне қарап, қабағындағы кірбеңді де байқап қалды. Бірақ, онысын шаршағанға сайып сабыр сақтады. «Өзі айтар, қазбалап қайтемін» деп түйді. Аман-саушылық сұрасып, жай-жапсар білісіп олар біршама жүрді. Алайда әңгіме қоңырқай тарта берді. Ақыры Исатай Махамбет жүзіне қарады да:

  • О, батырым! Қабағың салбырап кетіпті ғой. Бұрынғы бастан кешкеннен ауыр не болды сонша? Неде болса, көтерші қабағыңды. Айтшы! Жаныңды жегідей жеген не? - деді.   

         Сол аяғын тез ілгері салып, бұрыла кілт тоқтады. Махамбет жүзіне тура қарады. Махамбеттің қабағы ашыла қоймады, сол солғын күйі жүзін бұрып әкетті.         - Жолдан шаршаған болармын. Соңғы күні-түні ат үстінде болдық, - деп селқос жауап қайырды. Көзін көктеңбілдене жаңғырып келе жатқан далаға салды. Тақыр жерде ойдым-ойдым шалшық бар. Топырақ кеппеген, алыстан қарайып көрінеді. Кешегі жауын көп жерге дейін жетіпті. Олар мұны жол бойы көріп келген. «Жауын жауар, жер жаңғырар. Көктемнің ызғары өтіп, жайма шуақ күн де жетер. Бірақ, адамның көңілі жібір ме, Тар пейіл кеңір ме! Ай, білмеймін» деп, өзінше ойға кетіп қалған.         Сабырлы Исатай өзінің Махамбет қабағынан шошып кетіп, шыдамсыздық жасап алғанын кейін аңғарды. «Бірақ, бұл менен нені бүгеді? Ойында бір нәрсе болса өзі айтар. Асылы шаршаған шығар. Мынау батпаққа малтып жүру, адамға да, малға да қиын. Кісінің жанын жейді». Осындай оймен ол ілгері қозғалып кетті. Бұл жолы оны Махамбет тоқтатты.         - Исекем, ренжітпейін деп кідіріп едім. Бірақ көңілге алғандығымды айтпай тынар емеспін. Бөліне көшкен ел, бөріккен қойдай болып жатыр. Жарыла көшкен ел, жаралы қойдай болып жатыр. Ойда жатқан Адайды мына қырдағы Әлім ағайын алдынан кес-кестеп, жаз жайлауға жібермейтін көрінеді. Торыққан ел мен тулаған малдың шуылы құлағымда шыңылдап тұр. Не жетпейді бұл елге? Ағайын бірін-бірі талап жеп, таласып жеп, сүйісудің орнына шайнасып, қалай өсіп, өнеді? Қызыл көз арлан да, тағы хайуан да өз нәсілі үшін жанын ортаға салмайтын ба еді? Не жетпейді бұл халыққа? Шалқыған көл теңіздей Еділ мен Жайық екі су, мынау қыздың бұрымдарындай бұралған – Жем мен Сағыз, Ойыл мен Қиыл, шетін көрген сырбаз Сыр, аты аңыз болып жететін жер жәннаты делінетін Жетісулы өлке, одан әрі Ақ Ертіс пен Қара Ертіс, мама биенің сауырындай жалпақ жатқан жайлы Сарыарқам! Соншама көл-көсір байлықты менсінбегендей, бір шұқыр құдыққа таласамыз. Осы еді мені ойға қалдырған, Исекем!          Махамбеттің екі көзі үрлеген шоқ секілді жанып тұр. Өңі нарттай қызарып, мұртын ширата береді. Бұл – оның нағыз қызып, тұтанған шағы. Осыдан кейін әдетте, жырды нөсердей төгіп-төгіп жіберетін. Өрлеген балықтай кеуделеп, басы тасқа соқпай қайтпайтын.         Исатай да бұл сәтте Махамбет аптығын басуға тырысты.         - Адай да қарап жүрді дейсің бе? «Ақкөз» деп жұрт бекерге айта ма, өздерінде де кінә бар шығар, - Исатай үнінде наразылықтың салқын ызғары бар. Теріс қарай бұрылып, тыжырана сөйледі.         - Даудың басы – пышақ, түбі – құшақ дегендей, қай-қайсысының да шыққан төркіні, әрине, болмашы нәрсе. Бірақ сен қылғанға мен қылдым, сенен артық не қылдым деп, түймедей нәрсе түйедей болып отыр. Артын күтелік деген сабыр бар ма? Сабыр жоқ қой. – Бұл жолы Махамбет әбден басылып қалды. Жаңағы сәтте жан-жағына жалт-жұлт етіп ұшқын шашқандай болған қызу жоқ. Мұртын ширатып, басын төмен салды. Оның бұл пәс бола қалған пішініне қарап Исатай басын шайқады да, күліп жіберді.         Содан кейін жүзін мұнар бұлт шалғандай қарайып:         - Иә! – деп ауыр күрсінді.         Үлкен жалпақ кеудеден бос бөшкінің күңгіріндей шыққан күрсіністі құлағы шалып қалған Махамбет жалт қарады.         Исатай көзі бұлдырап, алысты болжап тұрғандай. Махамбет не болғанын сұрағалы оқталды да кідіріп қалды. Исатай әлдене күбірлеп тұр. Бір сәт ол кәлима қайырып тұрғандай елес берді. Махамбет одан сайын үрейлене түсті. Баданадай көздері шарасынан шыға бақырайып қарапты да қалыпты. Құлағын түріп алды. Бірақ келер сәтте Исатайдың күбірлеп айтып тұрғаны өлең екенін құлағы шалып қалды. Өлең болғанда да өз өлеңі. Исатай ақырын шұбыртып:         - Хан баласы қабан-ды,         Қайырылып шапса жаман-ды.         Хан баласы қара жылан-ды         Қайта айналса шағар-ды.         Шабар күнің бүгін-ді,         Бүгіннен кейін қиын-ды, - деп келді де, соңғы жағына:         - Иә, қиын-ды, - деп қостап та қойды. Түйген жұдырығын оқыс сілтеп жіберіп, кілт тыйылды.         Оның не ойлап, не айтып тұрғанын түсінген Махамбет, әйтеуір жайшылық екенін ұғып жүрегі орнына түсті. Жаңағы сәтте Исатай қарадан қарап тұрып күбірлей жөнелгенде ол шошынып қалған-ды.         Жалт еткізіп көз қиығын Исатай жүзіне тастап алды да, дауысын бір кенеп жіберіп мақамдай жөнелді:- Қатын-бала, мал бағып,Үйде отырсам да өлем деп.Қорлықта жүрген халқымаБостандық алып берем деп.Қырық бір жасқа келгендеАуыр әскер қол ертіп,Жасқұсқа барып кіргендеАрыстандай ақырғанАйбарыма шыдамайХан баласы жылады-ай!«Жанымды қи» деп сұрады-ай!Ақкөңіл, аңқау жүрекпенБеремін деп мен тұрдым, - осы бір тұсқа келгенде Махамбет Исатай жүзін тағы бір шолып, сәл мүдірді. Оның күлімсірей ризашылықпен тыңдап тұрғанын байқаған соң ілгері жалғастыра жөнелді:           - Көк бедеуді бауырлап,           Шабамын деп сен тұрдың.           Исатай басшы білсін деп,           Ауыр әскер қол тұрды.Махамбет өлеңді бітірді де күліп жіберді. Бұлар қанша үзеңгілес серік болып жүрсе де, бүйтіп сөз жарыстырып көрмеген-ді. Махамбеттің суырып салып, төгіп тастайтын жырларын оның білетінін-білмейтінінен де көп хабары жоқ. Жүрек түбінен лықсып келіп қалғанда, сол сәтте ақтара салады. Жүрегінің басы жеңілдегендей, өзі де бір бусанып қалады.- Қырық бір жасқа келгеншеӨз дегенім болмасаӨзгенің тілін алмаған,Кісі ақылы қонбаған –Қанша айтсаң да болмадым,Сөзіңе құлақ салмадым.Бұрала біткен емендейҚисық туған сорлы ағаңХан сөзіне сенгенім! - өлеңнің осы тұсында Исатай шорт үзді де, Махамбетке қарады. Жүзінде жап-жаңағы жайбарақат кейіп, әзіл-ойын пішім жоқ, қайта қоңырқай тарта қалған:- Жүр, Мақаш! Демал! Шаршап келген шығарсың. Қалған істі кейін ақылға салармыз, - деп, Махамбеттің айтарын күтпестен ауылға қарай кең адыммен адымдай жөнелді. Атын жетегіне алған Махамбет оның соңынан үнсіз ере берді.Ертеңіне сәске түсте, ауылдың абың-күбің тірлігі басылған соң Исатай серіктерін өзі отырған үйге шақырды.Жігіттер біріндеп кіріп жатыр. Түрулі есіктен далаға қарап отырған Исатай олармен иек қағып амандасты да, діттеген адамы түгел жиналды деген кезде басын көтеріп, ұзын мойнын соза көзбен шолып өтті. Түгел келген екен.- Міне, жігіттер, өлмеген құлға болды жаз деп, жер аяғы да кеңіді. Бұл жаз бізге кең бола ма, тар бола ма, оны бір тәңірі біледі. Жарлылық деген жақсы екен, жатып ішер ас болса, ал біздің жатуға мүмкіндігіміз жоқ. Жатқанға жан жуымайды. Ел аралап, сөз таратып, адам-қара, ат-көлік жинаймыз. Сірә, ханмен қайта шайқаспай қалмаспыз. Алдымыз – қан болғанда, артымыз шаң болмасын. Тоқты-торым, құлын-тай, бота-тайлаққа таласып жатқан артымызда ел қалады. Қолымыздан келсе, сол таласқан қазақ баласын бірлікке бастап, келістіргіміз келеді. Сіздердің қолдарыңызға жоғарғы елге барып уағыздайтын үшпу хат берерміз. Ал біз Махамбетпен төменге қарай Үстіртке Әлім ұлы мен Адай арасына, Табынға қарай аттанамыз. Ал, енді уақыт тар. Жүрудің қамына кірісіңдер! – деді.Жұрт үнсіз шығып кетті де, әркім өз қамымен болды. Махамбет екеуі екі-үш күнде үндеу хатты да дайындап бітіріп, жан-жаққа бәрі бытырай-бытырай жөнелді.Көпшілік аттанып кеткен соң Исатай Махамбетті оңашалап алды да:- Ал, Мақаш! Енді екеуміз бітірер шаруа қалды. Кімнен бастаймыз? Қалай тындырар екенбіз бұл шаруаны? – деді.Махамбет кідіріп жатпады. Ол бұл жайды талай ойлап, талай толғап, өз ойын да реттестіріп қойса керек.- Әуелі Әлім ішіне шығалық. Ақсақал-қарасақалымен жүздесіп, тілдеселік. Одан әрі Жетірудың Шектісіндегі Көтібар мен Арыстан батырларға хабар салып, Табыннан шыққан Барақтың Асауын да шақырталық. Ел боламыз десе бір елең етпес дейсіз бе. Солардың алдынан өтелік. Содан кейін Адай ағайынға хабар салармыз. Сүйекеңе кісі жібертеміз. Солай емес пе? – деп Исатай Махамбетке қарады.- Әрине, Сүйекеңе адам жіберу қажет. Қасына кімді серік етеді, өзі біледі ғой. Біз төменгі Адайға бара алмаспыз. Шіркін, Маната деген биік бар дейді. Содан ар жағындағы үш түбек алақанға салғандай көрінетін сияқты. Ай мүйізді арқардай бір қияда маңқиып тұрып, сол түбектің жұпарын жұтар ма еді. Әттең, оған күн қайда? – Махамбет өзінің лапылдай жанып, армандап бара жатқанын сезіп қалды ма, кілт кідірді. Шаппай жатып тежелген арынды жүйріктей, жұлқынып, қос жанары жұлдыздай жалт-жұлт ойнайтын секілденеді. Өңі күреңітіп, мұрты қыбырлап тұрғандай. Оған көз қиығын тастаған Исатай, оның күбірлеп отырғанын байқады. «Шайырымның арқасы ұстаған екен ғой. Еділді көріп емсеген, Жайықты көріп жемсеген тарланымның тұяғы тағы да қызып отыр екен ғой. Бұл жолы нені көкседі екен. Е, Үстірттің жалпақ жоны, Маңғыстаудың жазық даласын көріп отырғандай мұңартады. Не айыбы бар оның? Ол да туған даласының бір шеті ғой!»          Махамбет үнсіз қалғаннан кейін, Исатай өз ойына қайта беріліп кетті. Кеше кеште, Махамбет келіп, ел ішіндегі дүрбелең жайын айтқанда, ол екіойлы болып қайтқан. Алғашында, ханмен араны ашып алып, содан кейін ел тыныштығына біржола кіріссе деп  те ойлаған. Алайда хан жеңдіре қоя ма? Оның жағында зеңбірегін оқтап, бұларды көздеп патша әскері тұрған жоқ па? Патша ағзам, Жәңгірдің кінәлі, бұлардың адал екеніне сенер ме? Сеніп, билікті елдің өз қолына берер ме?Күрес бастаған шақта, олардың бар дұшпаны – хан болатын. Бірақ бұл іске патша араласты. Егер ханды жеңіп, ақ патшаға Жәңгірдің бар қиянатын түсіндіріп берсе, патша ақылсыз ба, бұлардың айтқанына көнетіндей көрінді.Бірақ өткен жолы хан сарайы қолында тұрып, айырылып қалған соң, оған көмекке патша әскер жібергеннен кейін, ол бұған күмәндана бастаған.Сол Махамбет келген түнде де, таң атқанша ұзақ толғанды. «Махамбеттің айтқаны жөн. Артындағы елдің бірлігін діттеп, сол елмен бірге ханға қарсы аттану керек. Хан ордасын шапсақ, патшасын тағы көріп алармыз!» деп түйген.Қазір де сол шешіміне қайта бекініп:- Тұр, Махамбет серігім! Аттаналық! Қылышты көтерген соң, оны сермер болар! Істі бастаған соң тындырар болар!Исатай орнынан атып тұрып, маңғаз адымдап есікке қарай бет алды.Жаңа ғана түрлі ой өңін шалған Махамбет те жадырай, ұшып түрегелді. Өңіне әп-сәтте жаңа нұр ойнап шыға келді. Еңсесін тік ұстап, ол да табалдырықтан аттады.                                                                                    7Қасына азғана топ серігін ертіп, Исатай мен Махамбет Жайықтың бергі бетіне өтіпті дегенді Сүйінғара ертерек естіген-ді. Қыс бекіп, жол қатынасы болмаған соң, бұдан кейінгі олардың хабары мүлдем үзілді де қалды. Қаншама құлағын түргіштесе де түк естімеді. «Олар ел ішінде жасырынып жүрген көрінеді. Аңдушы көп болған соң, ешкіммен хабарласпайды екен», - деп біреу айтса, екіншілер одан басқаша сөйлейді. Жер аяғы босап, көктем әбден бекіген шақта. «Исатай да, Махамбет те аман екен. Тайсойған құмында қыстап шығыпты. Бері қарай, Әлім ішіне өтіпті», - деген сөз бір жетсе, келер кісі одан да тиянақтырыңқырап: «Тіпті, одан да бері Сам-Матай құмының, Бейнеудің қонысына қарай, Адай ішіне де келетін көрінеді», - деп лақап айтты.Бұл хабарға едәуір елеңдеген Сүйінғара өз тарапынан да хабар салмақ болып оқталды да, нақты тұрағын білмеген соң кідіріп қалды. Тек, солай қарай, қырға жүретін адамдарға: «Құлақтарыңды түре жүріңдер. Шамаларың келсе, хабарын жеткізіп отырыңдар», - деп тапсырумен болды.Оңаша отырған сәттерінде: «Ей, есіл ерлер-ай, - деп налыды. – Туған жерінде қурайдай панасы жоқ, қаңғып жүргендері-ау. Бұл не әділет! Жерге, суға кім ие? Таққа отырған адамның айтқаны – ақ, қарғағаны – қара болып тұр ғой. Ханнан ба бұл, әлде айналасындағы қарадан ба?» Айтқаныңыз әділет емес, халыққа қиянат, - деп тұрып алса қайтер еді. Елдің бәрін қырып сала ма? Қалай қырып салады? Ол тақта жалғыз біреуді біреу арқылы қырып-жойып отырған жоқ па? Қазағыңның ханы да, басқаның ханы да солай істеп отыр емес пе? Мынау Аллақұлдың бізде, Маңғыстауда не алмағы бар? Жақсы, Бесқаланың ойына мал жайма, ата-бабам жері десін. Бүкіл Маңғыстауға, Адай еліне алым-салық салғандай қандай хақысы бар. Бітір дейді, зекет дейді. Алла соның жалғыз өзінікі ме екен? Әркім өз үйінде құлшылығын жасап, мінәжат етсе болмай ма? Жоқ, оны хан жинау керек! Хиуада берілген садақа ғана қабыл болатын секілді. Бастарында дағарадай сәлдесі бар, қолдарында найзадай асатаяғы бар, үстерінде зәулім мешіттері бар, - мейлі дінге солар-ақ ие болсын. Ал, мына Кетікке орыс қорған салды деп, бізге дігірлегені несі. «Дінді аздырады, елді тоздырады, кәпірлер», - дейді. Сонда бұл кәпірді кім жаратты. Олардың өз құдайлары бар. Білімге жетік, ешкімнен ақылсыз халық емес сияқты. Хиуаның Алласы күшті болса, олардың құдайын құртпас па еді? Олар аспанда сыйысқанда, жердегі басқалардың таласына жөн болсын».   Қанша ойлағанмен бұған өз ақылының жетпейтінін Сүйінғара анық түсінді.Осы кезде басқа бір оқиға болып, оның ойы бөлініп кетті. Бітімге шақырған Исатай мен Махамбет хабары жетісіменен, Сүйінғара тіпті ойланып жатпады. Осы күнді ілгеріден күтіп, не дайындықпен жүретінін біліп отырған жан секілді, жол қамына тез кірісіп кетті. Жан-жаққа адам аттандырып: Исан түбекте жатқан Матайдан Ботақараны, Тұщыбектен Төлептің Мәмбетниязын, Жем бойынан жеменей Қаракісіні және Құнанорыс Шабай батырды шақыртты. Шабарманға баратын адамға жеке-жеке тапсырма беріп жатты.- Матай ағайынға сәлемімді жеткіз. Бұрынғы ашу-араз қалсын. Сырт елдің алдында біртұтас болып көрінелік. Ел қамын ойлаған анау батырлар Арқаға бізді сол үшін шақырып жатыр. Әлде арада ұсақ-түйек кірбің болса, қойсын. Ботақара артында қалатын ағайынын осыған бекітіп, бері аттандырсын. Осыны мұқият тапсыр. Сосын Исатай мен Махамбет халқы үшін еңіреп жүр ғой. Мүмкін, торығып, шаршаған шығар. Оларға ас-су болатын, астына көлік болатын сый-сияпатымыз болсын. Оны Ботақараның өзі біледі ғой. Ұсақ жандыққа жол ауыр, мен ірі қарадан айдағалы отырмын. Осыны сөз арасында қоса жеткізерсің. – Ботақараға жіберген кісісіне Сүйінғара осылай десе, Мәмбетниязға қысқа сәлем жолдады:- Арқадағы елде дүрбелең туды деп, бірінші дүбір шығарған өзі еді. Мәмбетниязға айт, «келтегін тастап, телпегімен келсін. Құшағын айқара ашып, ашусыз келсін. Жел сөзге ермей келсін.» Тап осылай де. – Аттандырып тұрған кісі астындағы атының сауырынан сипап тұрды да, алақанымен салып қалды. Жүргінші ытқи жөнелді.Ал Шабайды жәй серіктікке шақырды. Содан басқа да өз сөзім өтеді деген ағайынға Исатай мен Махамбеттің ісіне өз үлестерін қоссын, көпке түскен ауыртпалық қой, ауырсынбай аралассын ортаға деп те адам шаптырды.Сүйінғара сәлеміне бір адамнан басқа ағайын мақұл көрісіпті. Ол кісі – бай Әлімбай болатын.- Менің Арқада малым жоқ, еру елмін. Осы ой да маған жетеді. Артық шашылып жатқан малы болса, Сүйінғара өзі бере берсін. Менің бұл іске көп қимам қышымайды, - депті.Бұл сөзді естіген Сүйінғара өңі лапылдап жанып бара жатқандай болды. Қабағы түйіліп, сояудай ұзын кірпіктері тікірейіп, орнынан тұра ұмтылатын адамдай оқыс қозғалды да, қайта отырып қалды.- О, дүниеқоңыз! О, тексіз! – деді де, қой көзі шүңірейіп, ойланды да тыйылып қалды. Бай Әлімбайды тексіз дегенде мән бар-ды.Сүйінғара оның аталарын жақсы білетін. Олар кезінде көп мал бітпеген, шаруалары орташа қораштау адамдар болатын. Әлімбай кенет байып кетті. Ол малды адалдан жинамады, барымта-сырымта, тағы басқа да айла-шарғымен тауып жүр дейтін ел ішінде пыш-пыш бар-ды. Ашу үстінде соны айтып салды да, Сүйінғара түйіліп қалды.Ертесіне ол Кежіні оңаша шақырып алды.- Естідің бе ана жоқтың сөзін кешегі? – деді.- Естідім! – Кежі жауабын қысқа қайырып, тынып қалды. Ағасының сыры өзіне мәлім ол, оның бір күрт шешімге келгенін сезді.- Естісең сол, айдат бір үйір жылқысын. Аузындағы адал астай иттің күйсеуін қарашы. – Сүйінғара сөзі жарлықтай айтылды. Бірақ әдетте сөз қайырмайтын Кежі бұл жолы кібіртіктеп қалды.- Ой, сен не ыбылып тұрсың? Бол! Орында айтқанды! – Алайда Кежіге қарай түйіле сөйлегенмен, үні алдыңғыдай өктем шықпады. Әлдебір күмілжу бар. Соны сезген Кежі:- Біреудің арам малы не қажет? Ақ жолға бара жатқанда адал жүр-дағы, - деп бір қойды.- Немене? Ол бір адал жолмен тапты дейсің бе сол малды.Әдетте, ашуға мінгенде бұлайша оңайлықпен тоқтамайтын Сүйінғара бұл жолы тосылып қалды. Жаңа оған Кежінің айтқан сөзін алғашында елемей өте жаздады да, әйтеуір, кідіріп қалды. «Адал жолға арам малмен барма?» Бұл да жөн сөз екен-ау. Исатай мен Махамбет, оған ерген қалың елге барғанда: «Сүйеке! Мынау кімнің малы?» десе, тіпті, артымнан әлгі жаман қуып келіп: «Сүйінғара, жылқымды айдап кетті. Сонымды алып бер деп төрелікке салса, не бетімді айтамын, қай жүзіммен көрінемін. Жоқ, ойбай, олайша масқара болуға болмас!» Осындай ойлармен ол бөгелген-ді. Дегенмен, бірдеме айтқалы оқтала беріп еді, Кежі тағы да алдын орап кетті.- Өзіңіз ел бірлігі, ел тыныштығы деп бара жатқанда, артыңызға от тастап, дау тудырып кеткеніңіз жарамас. – Сүйінғара Кежіге көзімен ата қарады. «Мынау немене менің ойымдағыны оқып тұр ма. Соншама қадалуын қарашы!» Бірақ әлі де қиқарлыққа бағып:- Түу, өзің де заржақ болып біткен екенсің! – ол Кежіге қарай қолын бір сілтеді де, кері бұрылып кетті.                                                                                   8Жол дайындығы үстінде басқа бөтен оқиға болған жоқ. Азғана күн ішінде тез жинақталып аттанды да кетті. Ас-су тиеген көліктері бар, айдаған малы, өздерінің астындағы ат-көлік, бәрі жиналғанда, олардың қарасы сырт көзге едәуір сияқты көрінді.Жұрттың бір таңғалғаны – Сүйінғара мінезі. Бұрын сабырлы, көп сөйлемейтін адам секілді еді. Әсіресе жолға шыққаннан кейін әбден дегбірсізденіп кетті. Елден бұрын ерте тұрып, жұртқа маза бермейді. «Болыңдар, тұрыңдар! Ат-көлікті жинаңдар! Ас-суларыңды дайындаңдар. Күн ысымай тұрып жүріп кетелік!» деп ертеңгісін мазаласа, кешкісін: «Жатыңдар! Оттарыңды сөндіріңдер! Шоқтарыңды көміңдер, таңертең тез жағуға жақсы. Жатыңдар, ерте тұру керек!» деп дігірлейді.Оның осылайша құбылып, толқығанын оған жақын жүргендер бұрын көрмеген сияқты. Кейде дұрыс, кейде ашу үстінде қисық болса да, әйтеуір, шорт кесіп тастайтын. – «Дегенмен шал толқып келеді. Исатайды, Махамбетті көруге құштар. Бұрын талай сырлас болған адамдар. Қос ардагер Сүйекеңді аға тұтады. Сүйекең оларды інілерім, үзеңгілестерім деп қадірлейді. Иә, қиын іс бастады Исатай мен Махамбет, - деп ойлады Шабай. Ханға қарсы тура аттанды. Ханның өзі жалғыз болса бір сәрі, ол арқасын тамға сүйегендей, патшаға қол артып отыр ғой. Ақ патша, оның қолында аузы үңірейген зеңбірек. Гүрс-гүрс жарылатын доп. Қарлы борандай төгілген қорғасын-оқ. Қылышпен, қырықтықпен, келтек-шоқпармен оған қарсы қалай шығарсың?»   Сол күні Сүйінғара үш жігітті ілгері оздырып жіберді. Олар ілгері кетіп, алдағы елдің қай жерде жиналғанын біліп хабар беруге тиісті. О баста кісілер Жем мен Сағыздың бойында, Әлім ағайын ішінде кездеселік деген сөз жеткізген-ді. Бірақ нақты қай жерде бас қосады, оны анық білмейтін.Қаратөбе басындағы ауыл сағым ішінде бұлдырап көрінеді. Хабаршы оларды күткен осы ауыл екенін жеткізген соң Сүйінғара оқшау шығып, жұрт алдына түскен. Екі қапталында екі батыры – Мәмбетнияз бен Шабай. Жем бойынан Сүйінғараның қарындасын алған күйеу Қаракісі бір топ нөкерімен қосылкы керек. Мәмбетнияз ат үзеңгісінде шіреніп, біресе ілгері, біресе кейін ырғалады. Жалқын сары өңі де сан құбылып, ішкі толқуы сыртқа теуіп, ап-айқын білініп тұр. Шабай ойлы күйде бірқалыпты. Еңсесін биік көтеріп, тік отыр. Жүзінде қуаныш та, реніш те білінбейді. Қара торы өңі сәл күреңітіп, анда-санда ұшы жіңішке ұзын қара мұртын сұқ саусағының сыртымен бір сылап қояды.                                                                                  9Ауыл бейнесі бірте-бірте айқындалып, одан бөлініп шыққан топ қара да байқалды. Олар ауылдың артына шығып, жолаушыларды күтетін сыңай байқатты. Сүйінғара да атының басын сәл солға тартып, ауылдың сол қанатынан орағытатын ыңғай танытты. Қарсы алушы, күтуші топ та ілгері озып барып, ауыл үстінің шаңынан өтіп, тазалыққа шыққан соң кейін қайырылды. Бұл кезде Сүйінғара тобы да ауыл деңгейінен өткен болатын.Сүйінғара Исатайды бірден ажыратты. Кең жауырынды, алпамса денелі Исатай жұрттың алдында тұр екен. Оның қасындағы бойы Исатайдан сәл аласа, мығым денелі Махамбетті де көрді.Осы кезде Сүйінғара ежелгі әдеттен басқаша мінез көрсетті. Атының басын сәл тежеді де, жерге ырғып түсты. Тіпті кейінгі атқосшысына көлігінің тізгінін де ұстатпады. Жерге бос салбырата тастай салды. Аттың өзі де үстіндегі иесінің бұл мінезіне абдырап қалса керек. Ол белең алмай, үнсіз тұрып қалды. Алғашында атқосшы да дағдарып қалған.         Құлталақтай ілгері суырылып бара жатқан Сүйінғараны көріп, көлігі үстінде ұмтылып келіп, аттың шылбырын ұстады. Содан барып ол да жерге түсті. Шабай да кідірместен атынан түсіп, шылбырын атқосшысына берді. Кейінгілер де алдыңғыларды көріп, аттарынан түсе-түсе қалысты. Жұрттың соңынан едірейіп жалғыз Мәмбетнияз қалды. Ол әлі аң-таң. «Ауылдың сыртына кісі келмейтін бе еді? «Хабарлас» деп тұрмайтын ба еді». Алдынан шыққан кісі, қонақты қолтығынан сүйеп түсірмейтін бе еді? Бұл не болды енді!» деп найқалып тұр. Алайда жалғыз өзінің көзге шыққан сүйелдей адырайып тұрғаны ерсі екенін жаңа түсінді. Әрі атқосшысы атының басын тежеп, қолтығынан сүйегелі қолын ұсынып тұр екен. «Е, жұртты жұмсамасам да, өз атқосшым бар. Соған сүйетпегенде қолтығымды, өзім түсем бе» деп, ол да жерге түсті.         Сүйінғара ешкімге қарайтын емес. Емпелектеп ұмтылып барады. Балаша қуанып, сағынған адамына ұмтылғанда, соның бойында болатын тағатсыздық қазір тап мына сексендегі шалдың бойына біткендей. Жасы үлкен кісінің осындай ұмтылысын алыстан байқап тұрған Исатай да шыдай алмай кетті. Ол да ілгері ұмтылып, аршындай адымын тез-тез басты. Оған бір сәт Сүйінғара жүзі бұлдырап келе жатқандай елестеді. Сүйінғара екі қолын көтеріп, тамырлары көкбілеуленіп, саусақтар ербең-ербең етеді. Бос ауаны қауатындай. Құшағын аша ұмтылып, еріндері күбір-күбір сөйлейтін сияқты. Оған сәлем бергелі ұмсынған Исатай қарттың мынау бейнесін көргенде, сәлемінен жаңылып:         - Оу, Сүйеке! Оу, Сүйеке! – дей берді. Өзі де босап кеткендей. Тек құшағын ашып Сүйінғара құшағына кіре берді.         - Қос арысым! Бәйтерегім! – Шалдың денесі тарамыс жіңішке болғанымен, әлі де бойында қуат бар сияқты. Исатайдың кең кеудесін қысып-қысып жіберді. Осы кезде ғана Исатай шал құшағында балаша қалып қойғанын сезіп, бір сәт өзінің босап кеткенін аңғарды. Денесін кейін тартып, айналасына қарап, осалдығынан өзі қысылды.         - О, Сүйеке! Ассалаумағалейкум! – деп дауысын бекітіп үн қатқан.Сүйінғара оның сәлемін алмады да, тыңдамады да. Исатайдан бір адым кейін, ырсия күліп тұрған Махамбетке ұмтылған-ды. Махамбет те оған құшағын аша ұмтылып, кенет оқыс қимыл жасады. Аңдаусыз қалған Сүйінғараның екі қолын қаусыра құшақтап, орнынан көтеріп алмақ болды.         Сырт қарағанда етсіз кісі болса да, Сүйінғараның сүйегі ауыр екен. Бірден орнынан жұлып алмақ болған Махамбет оны қозғай алмады да, қарқылдап күліп жіберіп, бұл да Сүйінғара құшағына енді. Тік мұртын Сүйінғараның мойнына басып, мауқын басып, иіскеген сияқты болды. Қалай оқыс қимылдаса, солай оқыс құшағын жазып жіберіп:         - Ассалаумағалейкум, Сүйеке! Ініңіздің еркелегені ғой бұл. Ғафу өтінемін, - деп Сүйінғараның екі қолын қос алақанымен қаусырып, қатты-қатты сілікті.         - Ағаңды қақпақылдай қақпақ болдың ба, Махаш! Ойна, ойна, сендерді бір көріп, мауқын басайын деп келді жаман ағаларың, - деп, Сүйінғара да оның қолын қыса түсті. Содан қайта Исатайға бұрылып, оның да қолын алды.         Мұның бәрі әп-сәтте болып өтті. Әлдебір сезім құйыны өз иіріміне салып жіберіп толқытып, қайта шығарып тастағандай. Осымыз да жетті-ау дегендей, Исатай бойын түзеп алып, айналасына қарады. Көзімен әлдекімді іздеп, желке тұсында тұрған ұзын бойлы, мұртты қараға көзі түсіп:         - Көрісіңіз, Сүйеке, мына Әлім ініңізбен, - деді.         Сүйінғара басын оқыс көтеріп, Исатай нұсқаған кісіге тіктеп қарады. Осының алдында балаша босаған Сүйінғара ғайып болғандай, жүзін суыта, көзінен ұшқын шашады. Кеудесінен ашу-ыза дүлейі көтеріліп, бір сәт басына қарай шапса керек. Өңі қызарып кетті.         Көпшілік сілтідей тына қалды. Соны байқап қалған Сүйінғара тез өңін жылытып, қолын ұсынды.         - Кел, інім, көріселік! Ұзағынан көрістірсін, - деді.         Ұзын бойлы мұртты қара да қолын соза қоймады. Ол да бойында ашу сақтады ма, белгісіздеу болды. Қоңыр салқындықты сейілтейін дегендей, Исатай:         - Уа, не кідіріс бар? Қонақтар далада тұрып қалды ғой, - деді. Исатай сөзінен кейін төрт алақан қауысып ұстасты да, қайтадан жеңіл айырылып кетті.         Жұрттың бәрі мұны көздерімен аңдып, иықтарынан жүк түсіп жеңілдегендей тыныстарын жөн алды. Бірінші болып Махамбет дауыстап жіберді.         - Біткен істің міні жоқ!         Бітірген ердің кемі жоқ! Ал, Сүйеке, қош келдіңіз! Жолыңыз болсын! – деп, дауыстай ұмтылып келді де, қарт кісінің қолтығынан алды. Исатай да бұрылып, ауылға бастаған-ды. Қалған жұрт жапырыла қозғалды.                                                                                      10         Бұларды ауыл ортасындағы кең үйге түсірді. Үй ішінде жүк жоқ. Уыққа байланған шашақтар төмен салбырап, үй салтанатына салтанат қосады. Есіктен төрге дейін кілем төселіп, оның үстіне киіз тасталған. Киіз үстінде төсек-көрпелер, жастық тасталыпты. Тек сол жақта, керегенің басына ілініп, етегі жерге жеткен үлкен саба шып-шып тершіп тұр. Аңқыған саумал қымыз исі үй ішінде жұпардай қалқиды. Қонақтар үйге кірер алдында бапталса керек. Соның тұсында жезбен қапталған ағаш сандық қойылған. Басқа артық жиһаз жоқ.             Ірге түрулі, самал жел желпіп тұр. Бұл қонақтар үшін әдейі тігілген үй екені белгілі болды.         Жаңа бір сәтте Сүйінғара ауыл айналасының шөбінің тапталмағанын байқап еді. Сірә, осы басқосу үшін тың жер таңдап, бүкіл ауыл әдейі қондырылса керек.         Үйге кіріп, осыншама ілтипатты сезген Сүйінғараның іші жылып кетті.         Шай ішіліп болғаннан кейін Сүйінғара бүгін демалғандарының жөн екенін білдірді. Қонақасы кейін бола жатар, бүгінше бізге мұрса берсін деп өтінді.         Оған ешкім қарсы болған жоқ. Бұлардың және күтіп отырған сыйлы қонағы бар-ды. Шекті ішіндегі Көтібардың Есеті де осы мәслихатқа қатыспақ ниетте екен. Сол келіп үлгермепті. Мұны естіген Сүйінғара:- Ендеше, өте жақсы. Келсін Есет батыр, - деді.Бұл күні басқа әңгіме айтылған жоқ.Ертесіне, әдетімен ерте оянған Сүйінғараға Исатай ілесе шықты. Екеуі әңгімелесе жүріп, ауылдан ұзап кетті. Желбегейлі жамылған шапанының етегін жел желпіп тұрғызбаған соң оны Сүйінғара қолымен қымтай ұстай ыққа қарай ыңғайланып, Исатайға бұрылды:- Ал, Исатай інім! Ниеттерің оң болсын, ойға алғандарың іске ассын. Біз бірақ жығылғалы келгеніміз жоқ. Зорлап біреуді жығуға да құлқымыз жоқ. Бізге бітім, тыныштық керек! – деді.   Исатайға ескертіп қояйын деген ойын айтқан соң онысын көп сөзге айналдырғысы келмейтін сыңай танытып, желге қарай бұрылып кетті... Сүйінғараның сол пиғылын түсінді ме, әлде жөнді сөйлеспей дауға бармағысы келді ме, Исатай үндемей қалды.Жалпы, кешеден бері Исатай көп сөйлемейді, үнемі ой үстінде. Кешегі Сүйінғараның оқыс қимылы оның да көңіліне дық болып қалған. Әлімдерді көндіріп, Адайлармен бітімге иемденудің өзі оңай болды ма. Махамбет екеуі қаншама тер төкті. Тізеге салмағанмен, көп иілуге тура келді. Соның бәрі зая кеткені ме? Әлімдерді сөйлетсең, - бар пәле Адайда. Тыныш отырған елдің егініне, жеріне түскен, тұнық суын лайлаған, бүтінін бүлдірген. Адай елдікпен келмеген, едірейе келген. Ал Адайға кезек тисе, - ол да ақталып шығатыны сөзсіз. Би айтса бидікі жөн. Құл айтса құлдыкі жөн. Жаңа ғана Сүйінғара: «Жығылғымыз келмейді», - деді. Бұл қалай болмақ ендеше! Екі жақ та тартысып, екеуі де тік қалмақ. Иә, бұл қиын күрес екен. Бірақ бастаған соң бітіру қажет.Осы күні күткен басқа да адамдары тегіс жиналып, олар бас қосып отырып, қонақасыға сойылған ту биенің етін бөліп жеді. Ертесіне, Қаратөбе басына ақкиіз жайылып, мәслихат басталды. Айтыс-сөз екі күнге созылды. Он жылдан асып бара жатқан даудың бүге-шегесі көп екен.Төбе би деп ешкім ойламаса да, Исатай сөз тізгінін өзіне алды. Жолын сыйылап, бітажа ара ағайын деді ме, әйтеуір, оның алдына ешкім түспеді.Исатайдың бір таңғалғаны – Сүйінғара мінезі. Оның бойында кешегі арындап келген екпін, аптығу мүлдем жоқ. Молда алдына берілген баладай тып-тыныш.Қызыл тобылғы сегіз өрме қамшысын бір бүктеп қасына сұлата тастаған. Отырысы да бөлекше. Сарта жүгініп алыпты. Қарсы жақ сөйлеп жатып, сөзі түсініксіздеу болып бара жатса, өндіршегін соза басын көтеріп, құлағын тосады. Түсіндім сөзіңді дегендей, мойнын кейін тартып алып, иегін кекжите сақалын сипайды. Ұзын кірпіктерін тікірейтіп, көзін сүзе қарайлайды да, келер сәтте көзін тарс жұмып алып, ойға беріледі. Оны сөз тыңдамай отыр ма деп ойлап қаласың. Бірақ енді бір мезет сөз шиеленісіп бара жатса, көзін ашып алады. Көзінде ешқандай қалғу, ұйқы белгісі жоқ.        Исатайдың пайымдауынша, екі ел әбден өштесіп, ерінбей алысқан. Қолға түссе – малды малдай, адамды адамдай аямаған. Адайдан адам көп кеткенде, Әлім малдан көп айрылған. Бірақ Әлім де қарап қалмаған. Бір шапқанда, Адайдың үш ауылын қатар шауып, бес мың жарым жылқысын бойына сіңіріп жібереді. Теміртапқан Байтақта тағалаулы атпен Адайдың соңынан қуып келіп, мұз үстіне аттары тағалаусыз елмен айқасты көз алдына елестеткенде, Исатай жаны түршігіп кетті.- О, ағайындар-ай! Соншама бір-біріңе өштескендей не болды? Адайың аңғал болар, тасыр болар, бірақ арғы атаң - бір бауырың емес пе еді? Сен – аға, ол – іні емес пе еді? Тарылып келіп бауырыңа кіргенде, бауырынан тепкенің қандай ағалық? Адай да әділетті деп айта алмаймын, қостамаймын, Әлім аға, қатыгездігіңді. Мейірім, мейірім керек, ағайын! – Исатай одан әрі әлдене айтқысы келді де кідіріп қалды. Ойына не түсіп кеткенін ешкім білмеді.Кешеден бері сөйлеген ел де доғарылып қалған-ды. Бәрінің ойындағы бітім секілді. Бірақ анау жығылды, мынау жықты деген ескі намыс құрсауы тас қылып бекітіп ұстағандай. Содан аттап кетуге именіп, қорғалайтын секілді.Исатай түйіндеп айтып, кесімін білдірмесе де, екі жақты да ойға тастаған-ды. Содан кейін орнай қалған тыныштықты кенет саңқ еткен қатты дауыс жарып өтті. Жұрт дауыс шыққан жаққа жалт бұрылды. Сүйінғара орнынан түрегеліп кетіпті. Өңі қызарып, көзі от шаша қадала қалған. Тұла бойы дірілдейтін секілді. Исатай оған қарай қалып, не болғанын түсінбеген. Ашуланып тұрған сияқты көрінген. Бірақ сөйлеп кеткенде, оның толқып тұрғаны байқалды.- Ау, қаумалаған әлеумет! Екі күн ұдайы айтыстық. Жоқ, екі күн емес, біздің Адай-Әлім болып айтысқанымызға талай заман болыпты. Байқап отырсам, бұл дау басталған жылы туған бала, міне, бір мүшелге толыпты. Он үш жыл бойы алысыппыз. Сонда не таптық? Алдымыздағы малымыз суын жөн ішіп, отын оттай алмады. Жігітіміз бір күн көсіліп жатып, тыныш ұйықтай алмады. Қуғын, сүргін! Жалығатын уақыт болған жоқ па! Өзімізді өзіміз аздырып, тоздырдық қой, ағайын! Адайдың ұзында өші, қысқада кегі жоқ! Әлімге келіп тығылса, амалы болмай, малы тарығып, жаны қысылған соң келді. Анау екі құмнан әрі тышқақ лағымыз аттаса, егініме түстің деп қылышын жалаңдатып Хиуаның ханы шыға келеді. Күннің батысында, желкемізді де орап жатқан – суы ащы көк теңіз. Асты тас, үсті тас Маңғыстаудың үш түбегінде жатырмыз шаңытып. – Сөзінің осы тұсында Сүйінғара кілт тоқтады. «Жә, жетер!» деп ақырын күбірледі де, қолын бір сілтеді. Көзі Мәмбетнияз бен Шабайға түсіп кетті. Оның сөзін құлағы шалып қалған Шабай өзінше түсінді. «Тым жыланып кеттім, мұным дұрыс емес!» - деп тұрғандай болды. Шынында да, Сүйінғара осылай ойлаған-ды. Назарын Исатай мен Махамбетке бір салып өтті де, даусын кенеп алып қайта сөйледі.- Мына қос арыс не үшін еңіреп жүр. Өз бастарын ойласа, бұлар кімнен кем болар ед? Ойланайық, әлеумет! Мүмкін, Әлім ағайын, менің жасым үлкен болғанмен, жолым кіші шығар. Бірақ Исатай мен Махамбеттей азамат күн қатып, түн қатып жүргенде, тілегі екі елдің бітімі болса, берелік тілегін! Бітім тапқаннан опық жегенді осы сексен жасым ішінде көргенім жоқ. Солай емес пе, әлеумет!Ол көпшілікке сұрау қойғандай бұрылғанменен, жауап тосып жатпады. – Егерде солай десеңдер, мен бата жасағалы тұрмын. Мұнымды кім теріс дейді. Айтыңдаршы, кәне? – Сүйінғара бойын тіктеп алды. Оның бұл сөзі соншама тосын болды ма, ешкім үндей алмай қалды. Бұл жолы да көптің үн қатуын, қостауын күтіп жатпай, ілгері аттады да:- Келіссеңдер, әкел ала жіпті! Ала жіпті кеселік! – деді.Шабайдың ар жағында, тасада отырған Сүйінғараның атқосшысы қабынан ақ пен қара қой жүнінен есілген жіпті алып, оның алдына келді. Қолына ұстата салды. Сүйінғара жас бала жігітке қараған жоқ, ала жіптің шетінен ұстап:- Мұның бір шетін кім ұстайды? – деді.Жұрт оның ойын жаңа түсінгендей. Бірінші болып Махамбет айқайлап жіберді.- Дұрыс, Сүйекеңдікі! Ала жіп кесіңдер. Қайта ала жіп аттамайтын болыңдар!Жіптің екінші басын Көтібардың Есеті мен Кетенің Құдайберген батыры ұстады. Сүйінғара екінші басын тартып тұрып, қынынан пышағын суырып алып шорт қиып жіберді. Екі жақ та қолдарындағы шолтиған тұтамды жоғары көтеріп, елге көрсетті.Сүйінғара қолындағы тұтамды жоғары көтерген күйі екі қолын көтерді.- Ал енді бата жасалық. Өткен әлеует, келген салауат! Бұл сақал сипар деген бата болсын! – Екі қолымен бірдей сақалын сипап өтті. Содан кейін қолын төмен түсіріп, орнынан жүріп кетті.Біреуі түсініп, біреуі түсінбей апақ-сапақта бәрі орындарынан тұрды. Етектерін қағып, үстерін сипап, жабысқан шөп-шалаңды түсіріп, күбірлей тарасып жатты.Сүйінғара бұл шешімге кенеттен келмеген-ді. Кеше кешкісін серіктерімен – Шабай мен Мәмбетниязбен ақылдасқан-ды. Исатай мен Махамбеттен де сыр тартып көрген-ді. Бәрінің де ойы - бұл дауды тез бітіру. Қалай бітіреді? Ол жағын ешқайсысы да ашып айта алмайды. Екі жақтан да шабылған ел, барымтаға түсетін мал, ең бастысы - өлген адам саны көп. Елдің ашуы бар, мал сұрауы, кісінің құны бар. Оны қалайша екі жақ та аттап өтіп, ұмытып кетер. Оның кесігін айту қиын! Бірақ ілгері аттау керек! Соны сан ойлап, сан толғанып, не шешімге тоқтарын білмеген Сүйінғара Исатай сөзінен кейін орнынан қалай тұрып кеткенін абайламады. Әйтеуір, ешкім қарсы шықпады. Бата жасалған соң, ала жіп кесілген соң, қалғаны жеңіл. Үлкен жүк иықтан түсті. Әрине, қандай дау болса да, бәрі де жым-жылас бітпейді. Үлкен жараның орнындай біреу ашиды, тіпті артында үй орнындай таңбасы да қалады. Ұсақ-түйектің бәрін түгендеймін деп жүрсең, ешқандай іс бітпейді.Бұдан кейінгі әңгіме дастарқан басында өтті. Бірақ қандай болсын бітімге келген елдің бетіне күлкі жүгіріпті. Сүйінғара соны медет тұтты.