ВЕРНУТЬСЯ

 Соңғы кезде Сүйінғара бұрын үйренбеген әдетке тап болды. Көп ойланып, көп жата береді. Бұрын, ол үй ішінде ғана ешкімді кіргізбей жатушы болатын. Қазір, тіпті сыртқа, көленкенің салқын самалына киіз төсетіп, үстіне төсек салдырып, жастыққа шалқаятынды шығарды. Оны күннің жылынып, жердің көктеп, үлкенге де, кішіге де мамыражай шуағының әсері деуге де болатын. Бірақ мұндай әдеті бұрын да жоқ-ты. Қалай десе де жұрт, бұл соңғы кезде осындай бір нәрсе тауып алды.Қазір де ол, қалың төсек үстінде жатқан, көзінде ұйқы жоқ. Көзін тас жұмып алады да, қайтадан тез ашып жібереді. Сол шақта, көзіне сонау биіктен төңкерілген көкшіл аспан ғана түседі. Сол мәңгі көк аспан бұрынғы қалпы, мәңгі жұмбақ жатыр. Оның шегі бар ма, түбі бар ма? Оны ешбір жан біліп болмайды. «Ой, жарықтық-ай!» деп ойлады бір сәт Сүйінғара, биіктен жерде не әрекет болып жатқанының бәрін айқын көреді. Бірақ сол зор зұлматтың, арпалыстың біріне де араласпайды. Тіпті қыбыр етпейді. Ол кейде қарадан қарап тұрып шатырлап, үстіңе төніп келіп, бей-берекетіңді алады. О, жарықтық-ай! Сен со ұлылығыңда, шыдамдылығыңда шығар. Жер үшін, жер бетіндегі ырзық үшін! Ас, жай үшін, ар-намыс үшін қырқысып-қырылып жатқан адамның бірінің де ісіне қатыспайсың. Тек биіктен үңіліп, қарайсың да тұрасың. Тіпті құдайға күпір болсам да айтайын, жоғарыдан көзің бозарып, мөлиіп қарайсың. Иә, мөлиіп қарайсың! Сүйінғара ойы шатаса бастады. Ол аспанға жайбарақат қарап жатып, оған шатынайын деді. Аспанның енжарлығына, үнсіздігіне кейіді. Біресе ол қайтадан басылып, сабасына оралып: «Жә! Өмірдегі нәрсенің бәрін түзете алмассың! Сабырлы, шыдамды болған жөн шығар!» деген де ойға көшті.Оның ойын әйелі бұзып жіберді. Есік алдына шыққан Сұлуке алысқа қарап тұрып қалған. Оны өз ойымен жатқан Сүйінғара байқамаған-ды. Әйелінің сыбысына қарай жалт бұрылды.- Не тесіле қарап тұрсың? Не көрінеді? – деді ол.Сұлуке үнсіз тұра берді. Сүйінғараның айтқанын оның естігені де, естімегені де белгісіз. Сүйінғара құлағын қанша түріп, тіпті басын көтергенімен әйелінен еш жауап ести алмады. Тек, жеңіл желге қаудырлаған әйел көйлегінің сыбысы ғана естіледі. Алысқа көз жіберіп, бір орында қатып қалған. Әлденеге күдіктенген Сүйінғара әуелі басын көтеріп алды да, артынан шыдап жата алмай орнынан тұрып кетті. Содан кейін әйелі қараған жаққа бұл да көзін жіберді.   Айқын еш нәрсе көрінбеді.Ауыл алды – кең жазық. Көз жеткен жердің бәрі теп-тегіс. Жер беті қазір түгел көктеп, дала беті тұтас жасыл түске айналған. Ұясына қарай еңкейіп келе жатқан күн көзі дала жүзін жадыратып, жандандыра түседі. Күннің тура асты ақшыл қылаң күміс рең тартып, басқа бүкіл әлем бар бояуын бетіне шығарады. Кешкі шақта әрбір бұтаның сойдиып, қарауытып, күдірейе үрей ұшырмақ бола келетін әдеті. Бірақ қазір ол мерзімге ертелеу. Күн көзі ешкімге әл берер емес. Көлеңке түсіретін нәрсенің бәрін жарқыратып, бар әлемді нұр сәулеге толтырып жіберген. Осы көрініске бір сәт елтіп кеткен Сүйінғара қараған тұсынан, бүкіл алдынан көзге ілінерлік жөн ештеме айыра алмай-ақ қойды. Сондықтан ба, әйелі ілгері қарап тұрған күйі:- Мынау біреудің өкпесі өшіп келеді ғой. Тыныштық болса жарар еді! – деп үн қатқанда Сүйінғара оған жалт бұрылды. - Не нәрсе көріп тұрсың? Не болды?- Ананы көрмей тұрсың ба? Біреу келе жатыр ғой. – Сұлуке мұны ақырын айтқанымен, Сүйінғараға ол сөз дабырай болып жеткен-ді. «Даусында үрей бар ма? Ол ненің үрейі? Жалғыз кісіден де адам үрейлене ме екен? Шабуылдап жүрген бір тентек-тағы» деп алғашында өзін-өзі іштей тежеді. Бірақ шауып келе жатырған адам оның ойын елеңдете берді. Енді, өзінің ашуланып кетуі мүмкін екенін ұққан Сүйінғара, әйеліне үнсіз бұрылып, орнынан қозғалып кетті. Бірақ қаншама тыныштық ойласа да, жалғыз аттының жүрісі оны мазалай берді. «Мұның жүрісі қалай өзі? Тағы не пәле болып қалды екен?» деп, қайта кідірді де, айналасына бұрылды. Аузынан Кежі аты шығып кете жаздап, өзінің оқыс кеткелі тұрғанын аңдады. Кежі жоқ екен ғой. Ол өлген екен ғой. Ол өлгелі қашан! ... Ол өлгелі неше заман болды!» деп, ол келер сәтте Кежі жайын, өткен оқиғаларды ойлап кетті. Бірақ өз сөзі, міне, тым ырық бермеді. Лақ етіп төгілгелі тұрған іштегі дауылды тежеп, өзіне тоқтатты. Тұла бойын алып бара жатқан сезімнен тез құтылу үшін ол Сұлукеге бұрылып:- Ауыл жігіттерінің қайсысы бар? Айтшы. Ана келе жатқан кісіні кім де болса қарсы алсын, - деді.     Өзі қайта теріс айналып жүре берді. Енді қайта жатуды ойлаған да жоқ. Жаюлы жатқан төсегіне көз қырын бір салды да, ауыл сыртын бағыт алып кетті.Кежінің қаза табуы, басқа да өткен оқиғалар – ауылдың жабылуы, бұлардың қуған дұшпанына жетуі, одан кейінгі ханмен ортадағы алыс-беріс жағдайлар ойына неге қайта-қайта орала берді. Бірақ оларды Сүйінғара айқын түсінбеді.Жаңа ғана аузына Кежі атының түсіп кете жаздағанын да Сүйінғара аңғармай қалды: «Бұ не болды! Қартайғаным ба? Төрінен көрi жақын деген осы-дағы. Бiрақ, менен, сексеннен асқан Сүйiнғарадан ел не сұрауы керек?» Бiр сәт осылай деп, өзiн-өзi жұбатқанымен, бiрақ ол әлденеге риза емес секiлдi. “Ей, осы мен қайда барамын? Сондағы қорыққаным, жалғыз атты ма? Ол неғып жалғыз жүрген кiсi? Осындай мамыражайда кiсi шалқайып төрiнде тыныш жатпас па! Мұның осыншама ат сабылтқаны несi? Жоқ, бұл жай жүрiс емес! Неде болса келсiн!”Бiраз жерге барып қалған Сүйiнғара кейiн қарай кiлт бұрылды.Келген кiсiнiң шаруасы тосын болды. Әйтеуiр, ол Сүйiнғараны туралап шыққан адам екен.Манатадан бергi тұстағы Сисем Ата басында бiр топ адам жүрген көрiнедi. Олардың түрiн де, түсiн де, тiлiн де айырып болмайды. Олай қарап, бұлай сынаған адамға тiптi исi қазақ емес сияқты. Сондықтан, оларды Едiл-Жайық бойынан немесе бергi Жем-Сағыздан келген деп айтуға да ретi жоқ. Аспаннан салбырап түспеген. Тек келсе, Хиуа жақтан келген болуы ықтимал. Бiрақ ол тараптан келген саудагер дейiн десең, артқан жүгi, жүргiзген саудасы көрiнбейдi. Көп сөйлеп, уағыз айтып, диуана секiлдi тiрлiк кешкендер секiлдi. Бiрақ диуана артынып, тартынып, атпен, түйемен бұлай шұбырмаса керек едi.Кiсi әңгiмесiнiң ұлы ырғағын осылайша ұққан Сүйiнғара сөз аяғына шыдап отыра алмады.- Сонда олардiкi не уағыз? Не деп жүр өздерi?Сүйiнғараның сұқтана, сұғына қараған жүзiне қонақ жалт бұрылды. Сөзiн шорт тоқтатты. Бiрақ келер сәтте өзiнiң Сүйiнғара қасында отырғанын ұғынып, қайта сөйлеп кеттi. Жаңағы Сүйiнғараның көлденең килiккенiне қаймығып, сөзiнен жаңылмағанына қарағанда, бұл сөздi ол iлгерiден дайындап келсе керек.- Кәпiр келедi, кәпiр көбейдi дейдi олар.- О кәпiр қайдан келедi? Неден көбейедi? Неден көбейедi? Аспаннан түсе ме? – деп, Сүйiнғара қонаққа бұл жолы тағы да шұғыл қарады. Оның алғашқы екпiнiнен ықпай қалған қонақ бұл ретте де көп қыңбады. Қайта бұрынғыша кiдiрместен қайта сөйлеп кеттi.- Сендер осылай бұйығы, жуас бола берсеңдер, кәпiр иықтай бередi. Ол мойындарыңа әбден мiнiп алады, бiр мiнсе қайтып түспейдi дейдi. Мiне, олардың айтып жүргенi! – Сөзiн аяқтаған кiсi Сүйiнғараға тура қарады. Манадан берi әлденеге дiкектеп отырғандай болған Сүйiнғара үнсiз қалыпты. Әлдебiр ойға кеткен. Оған қарап қонақ та аузын ашпады. Үйдiң оң жағында қымыз сапырып отырған Сұлуке де үнсiз қалған. Киiз үй iшi жым-жырт тыныштыққа бөгiп кiдiрген.Сүйiнғара орнынан ұшып түрегелдi де:- Ал, қонағым! Мезгiл кеш болды, жатып тынық, - дедi. Содан кейiн Сұлукеге бұрылып: - Мына қонақтың төсегiн салсын. Айт балаларға! – Бұдан кейiн Сүйiнғара кiдiрмедi. Сұлукенiң әлдене айтпақ болып бұрыла бергенде, оны да көзiне iлмедi. Сезбеген адамша шығып кеттi.“Бұйығы, жуас” дейдi. Бұйығы, жуас ел үш мың қарулы кiсiнiң соңынан сегiз жүз адаммен түре қуа ма? Бұйығы, жуас! Жоқ, мұнда бiр есеп бар! Ол не есеп?” Далаға жалғыз шыққан Сүйiнғара осы жайларды ұзақ ойланды. Терең ой оны өз түбiне қарай сүйрелеп, алып бара жатқандай. “Бұл жай жүрiс емес, себептi жүрiс!” деген қорытындыға келдi. “Кәпiр, кәпiр!” – деп саусақтарын шошайтқандары, анау судың бетiне тұрғызған орыстардың қорғаны болса керек. Олар да доптарын ойнатып, оттарын жарқылдатып, күпiлдей келдi ғой. Сiрә, iштерiнде өткендегi мен кездескен кiсiдейлер аз болса керек. Оқаланып, асынып, қарумен кеуделеп кiрдi. Сонда мыналардың уағызы – соларға қарай елдi көтеру. Жоқ, бұл - жаудың iсi. Елдi отқа итеру!” Сүйiнғара ойланған сайын кейи түстi. Айдалада түн iшiнде ол өз ойын тежемейдi де. “Мұндай жауды ауыл үстiнде талтаңдатып қоюға болмайды. Басқа жұрт не iстесе ол iстесiн, оған, әйтеуiр, мен көнбен!” Ол өзiнiң тас қараңғыда жұдырығын тас түйiп, қақшиып қатып қалғанын кейiн барып аңғарды.                                                                           * * *“Мына қатын неге құтырады-ай. Маған тiптi бұл жолы аттанба деп әлек салды-ау. Неге мен бұл жолы атқа мiнбеймiн? Ауылың үстiне бiреу келiп айқай салып, атойлап жүрсе, мен қалай тыныш үйде жатамын? Кежi мен Бүркiтәлi өлiп, Айсалқам жау қолында қалды. Ауылдар шабылды, ел бүлiндi. Жан кеттi, мал кеттi! Солардың артында мен жан тыныштығы үшiн қарайып қалдым ба? Жоқ, ол қатынның айтқаны бола қоймас. Маған “қартайдың” дейдi. Қартайғаным рас. Сексеннiң үшiне келiппiн. Қартайғанда кiсi төсектiң жұмсағын салып, соның үстiнде шолжиып жатуы керек пе? Болмайды ол, болмайды! Қолыңнан келгенiнше қайратыңды жұмса!”  Ат үстiнде жортып келе жатқан Сүйiнғара Сұлукемен осылайша айдалада iштей, үнсiз таласады.Қонақ кiсiнiң сөзiнен кейiн ол ел шетiнде жүрген кiсiлердi ұстауға Сүйiнғара кеше түнде бiрден-ақ бел шешкен. “Ат сабылтып мен деп келген екен. Менiң одан жалтаруыма болмайды. Ол - намыс iсi. Өлсем жау қолында-ақ өлейiн. Өлген кiсiлер менен артық па, кем бе? “Сүйiнғара қартайып, тасаланып қалыпты” деген сөздi естiгенше, қара жердiң қабатында тыныш жатқан жөн-дағы. Ол ауылдың атқа мiнiп, қару ұстай алатын жiгiттерiн күндiз дайындады да, кеш түсе аттарына мiнiп жүрiп кеттi. Соған Сұлуке қарсы болды. Оның бар айтқаны да:- Мына iнiлерiң бiрiне бастау кезегiн бермейсiң бе? Сақалың сапсиып қашанғы алға түсе бересiң! – деген-дi. Қатты болса да, жұмсақ-жайлы болса да, осылай айтты.- Е, менiң кезегiмдi алып, жолыма жүретiн адам болып, мен оның қолын қақтым ба? Бұл жүрiсiм Кежi мен Айсалқамның аруағы үшiн, - дедi. – Бiз тiрi тұрғанда ешкiмге жерiмiздi таптата алмаймыз, - дедi де, атын тебiнiп қалды.Ауылдан сол қалпы, кейiген қалпы шықты да көпке дейiн атының басын тежемедi. Ұзақ мерзiм бүлкiлмен отырды. Жүретiн болып, дайындық кезiнде күтушi жас жiгiт: “Сiзге жорға ат дайындайын. Ыңғайлы болар!” – деген-дi. Оған Сүйiнғара: “О несi! Жорғасы несi? Кiсi жорыққа шыққанда жорға мiне ме екен?” деп ұрсып тастаған болатын. Әуелден де жорғаға құмарлығы жоқ Сүйiнғара, оны тiптi ерсi көрген. Барлық сол ашу бұл қатты жүрсе жазылардай, соңына ерген көпшiлiк те үнсiз қозғалып, шұбатылған шағын арқанша созылып келедi.Сол жүрiспен отырған олар кешкi ымырт кезiнде бiр жалдың баурайына жеттi. Одан асып түссе – Сисем Ата. Сондықтан олар осы жерге кiдiрдi. Аттарын тарлап тұсап, көп алысқа жiбермедi. Әркiм алып шыққан сусынын, айран-шалабын iшiп, көздерiн iлiндiрдi.* * *Джеймс Аббот ұйқыдан ерте оянды. Даланың таза ауасында ұйқысы қанып қалды ма, әлде оны түрлi ой мазалады ма? Ол жағын түсiнген жоқ. Бұлар осы тұста кiдiрiңкiреп қалды. Әуелде iлгерi жүремiн, теңiз жағасынан тұрғызылған жаңа қорғаннан бiр-ақ шығамын деп ойлағанымен, дiттеген межесi жақындаған сайын жүрегi шайлыға беретiн секiлдi. Онысына өзiнiң айқын сенiмi де жоқ.Әйтеуiр, ұйқысы қашқан адамдай орнынан ерте тұрып кеттi.Шығыс жақтан қылаңытып таң атып келе жатқанмен, айналасындағылардың бәрi тегiс ұйқыда. Ричмонд Шекспир де бас көтеретiн емес. Қалғандар - түрлi ауғандар, хиуалықтар да теңкейiп-теңкейiп жатыр. Ол орнынан тұрып, айналасын барлай қарады. Мүлгiген күңгiрт далада ешнәрсе көзге жөндi iлiнбейдi. Сонау алыстағы тегiс дала бозартып көрiнгенмен, бұлар орналасқан баурай бойы әлi күңгiрт. Түрлi елден жиналған жұрт түрлi жайда ұйқыда. Бiрақ олармен Джеймс Абботтың араласы шамалы. Ричмонд Шекспир екеуi ғана бiр болады. Ас-суын күтушiлер дайындап, солармен ғана тiлдеседi.Ричмонд ояна қоймаған соң ол бiраз қыдырып алды. Тым алысқа кетпедi. Жүрегi әлденеге қобалжитын секiлдi. Бұлардың елден шыққанына қанша мезгiл. Сонау Темзадан шығып Индияға, Бенгалияға келдi. Одан Ауғанстан арқылы бұл далаға, Маңғыстауға да жеттi. Орыс елi дегеннiң шекарасында тұр. Ендi кейiн шегiнер жол жоқ. Сонда не мақсат тындырды? «Индия елін Англияға қосуға біз үлгере алмадық. Бірақ мына Азияны ұлы Британ империясына қосуға біз үлес қоса аламыз. Мынау жатқан даланы өзімізге қаратуға не күш керек? Бір-екі батальон да жарайды. Хиуа ханының түрі анау? Ең болмаса шаншыған құлағына тамызар дәрісі де жоқ! Оған дәрі бермегенім дұрыс болды. Басқа нәрседен ұшынса да менен көруі мүмкін. Қолында күш-қайрат, қару-жарақ тұрғанда жалғыз-жарым кісіге бұ шығыс тағыларының істемейтіні жоқ. Бұлардан не зұлымдық-зымияндықты күтуге болады. Маңғыстау мынау. Өлі жатыр. Әрине, алдымызда Россия! Бірақ оның есін жиғызбау қажет. Сондағы біздің жұмсарымыз кім? Мына ұйықтап жатқандар. Осылар алды Ауғаннан шығып, бергісі Хиуадан сатылып, не ойлап келеді? Түк те ой жоқ. Азғана алған тиын-тебеніне мәз. Ал осыларды осы тағы күйлерінде қалдыру – тіпті, құдай алдында күнә ғой!»Джеймс Абботтың ойы осы тұста бөлінді.                                                                            * * *Сүйінғара тобы Сисем Ата басына осы кезде көтерілген-ді. Ол бір-екі епті жігітті бұлардың кімдер екенін жаяу бағдарлап қайтыңдар деп жұмсаған. Екеуі көп кідірмей оралды. Әлгі екеуін жұмсап жіберген соң қайта жатуға зауқы болмай қалған Сүйінғара тасада қыдырыстап жүрген. Қазір таң толық атқан кез. Мүмкін, күнде ерте тұруға әдет алып, бойы үйреніп қалған кісіге мерзімнің ықпал жасауы мүмкін. Алайда, оларды бұлайша тез келеді деп Сүйінғара ойламаған-ды. Асыр аң-таң қалып:- Ал, иә? – деп олардың жүздеріне үңілді.- Сүйеке! Олар ұйықтап жатыр. Күзетші екенін білмеймін, біреуі әйтеуір ербиіп тұрды. Басқалары әлі ұйқыда, - деді, сарғыш жастау өңді біреуі. Қапыла сөйлеп, ынтығып тұр.- Оу, кімдерді айтасыңдар? Кімдер ұйықтап жатыр? – Сүйінғара әлгі жігітке бұрыла қалт қарап, қатал сұрады.- Әлгі біз іздеп келген, Хиуа ханынан келген кісілер. Бәрі бір жерге қоршалып ұйықтап жатыр. Түйелері айналарында иіріліп, тізеулі... - Сүйінғара келбетінен қаймыққан әлгі жігіт бұл жолы ентігін басайын деді. Сүйінғараның бұрылғандағы сұрғылт жүзі қаймықтырып тастаса керек.   Сүйінғара да, ол екеуі де үнсіз қалды. Әлгі жігіт бұл жолы қасындағы жолдасына қарап еді, қара торы жігіт үнсіз тұр. Оның да жас екенін дөңгелене тебіндеп шыққан қара мұрты ғана жасыратын секілді. Сүйінғара көп кідіріп тоқтамады. Екінші жігітке бұрылып:- Сен неге үндемейсің? Олардың Хиуа ханынан екенін қайдан таныдыңдар?- Киімдері, үстеріндегі ала шапандары мен басындағы дағарадай сәлделері айтып тұр. Сосын... – Екінші жігіт сәл кідірді де, бірақ өзі қайта сөйлеп кетті. Ойын екшеп алса керек.– Сосын, көліктерінің ішінде есектер жүр. Есектердің қайдан келетінін өзіңіз де түсінерсіз. – Жігіт бұдан кейін үндемеді, сәл мүдірді.Оған Сүйінғара да сұрақ бермеді. Тек көп ойланып тұрды. «Иә, естімеген елде көп, есек мінген сартта көп» деген ел сөзі бар. Бұлар, кімдер болса да, келген бағыты – мына ел, Хиуаның хандығынан шыққандар. Ендеше, бұлар жай жүрген жоқ». Одан әрі тағы бір шешімге келіп, әлгі жігітке ақырғы рет бұрылды.- Қанша адамның шамасы екен. Оны байқадыңдар ма, сірә? – Сүйінғара үніндегі жаңағы қатқыл әуен жоқ. Едәуір жұмсарып қалыпты. Содан батылданып кетті ме, әлде табиғатында сөз құмар ма, алғашқы сарғыш өңді жас жігіт қайта тез сөйлей жөнелді.- Адам саны қырық пен елудің арасы. Одан көп емес, көлік реті де соған келеді.Бұл жолы Сүйінғара оның жауабына қанағаттанған секілді.- Ендеше, тұрсын жігіттер. Тез аттанамыз.Джеймс Аббот тобының жатқан жері – келесі төбенің төңірегі болса да, Сүйінғара өз адамдарын тура бастамады. Етекке қарай кететін саймен өтіп, төбенің оң жағы бетіндегі тасадан шықты. Бұл тұс ойпаңдау еді. Тұра көтеріліп, тез қимылдауға ыңғайлы. Және Сүйінғара әлгі екі жігітті жаңа барып келген бағыттарында қайта жіберген:- Жаңағы өздерің оларды бақылаған тұстан аңдып отырыңдар. Біз ар жағынан өтіп, төбеміз көрінгенше тырп етпеңдер. Сонда ғана сендер де қимылдаңдар. Оған дейін демдеріңді шығармаңдар. Ал енді... – Сүйінғара артына бұрылып, жақын серігіне қарады. – Қабыл! Әлгі екі мылтықты осыларға бер. Тигізе алмаса да, түтін шығарсын. Мыналарға от бере аласыңдар ма? – Жігіттер не айтарын білмей, мүдіріп қалды. Бірақ оларды Сүйінғара сынап жатпады. Оған уақыт та тар болатын. Тек жаңағы өзі бұрылған жігітке қарап: - Қабыл! Бұл екеуімен сен де қал. Тұтата алсаңдар, аспанға көтеріп түтін шығарыңдар. Ең болмағанда шиті мылтықтарыңды шошаңдатып, қамшыларыңды көтеріп, олардың зәресін алыңдар. Бірақ тағы ескертемін. Біздер көрінбей сендер де қылп етпеңдер, тек осы шартқа берік болыңдар.Сәтін салғанда жардың екінші беті түйетайлау, көтерілуге ыңғайлы екен. Етектен шыққан Сүйінғара тобы бірден лап қойды. Осы сәтте жоғары беттен гүрс еткен мылтық үні естіліп, көк түтін де көтерілді. Оқиғаның осылайша тез болғаны әсер етті ме, әлде мына жатқан жұрт шын бейқам ба, әйтеуір бәрі тез бітті.Сүйінғара тобы оларды айналдыра қоршап алды. Джеймс Аббот адамдары да үрпиісіп, орындарынан ұшып-ұшып тұрысты. Біреуді зақымдап жаралап, тіпті екі жақтан да қол ұмтылған адам болмады. Екі-үш күннен бері ауылдан суыт шығып, әлденеге өшіге ұмтылған тап мыналардың ұйқы-тұйқы түрлерін көріп, өздері абдырап қалғандай. Екі жақта да тіл де, сыбыс сөз де жоқ. Тек Сүйінғара бұлардың арасын атымен аралап, топты тегіс байқап шықты. Адам сескенерлік қару жоқ секілді. Осы сәтте ғана Джеймс Аббот есін жиғандай болды. Ричмонд Шекспирге қарады да, ағылшын тілінде әлдене айтты. Содан кейін екеуі де қапшықтарына ұмтылғандай болды. Бұл Сүйінғара адамдарына күмәнді көрініп, олар қимылдайын дегендей болған. Тіпті, бір-екеуі қозғалып, оларға ұмтылуға оқталған. Бірақ Сүйінғара қамшысын көтеріп, оларды тыйып тастады. Жұрт аңдысқан жым-жырт қалыпқа қайта көшті. Бірақ өз дүнияларына ұмтылған екеуінен көздерін жазбайды. Джеймс Аббот қызметшісіне де әмір бере алмады.Екеуі де үстіндегі киімдерін шешіп тастап, бұттарындағы жұқа лыпамен қалды. Асықпай, қайта киіне берді. Күннің жоғары өрлеп, ыстықтың көтерілгеніне де қарамастан, екеуі де ағылшын офицерінің толық киімін киіп алды.Кім екендерін бұл сәтте айқын таныса да, Сүйінғара олар тарапында бір шешімге келген-ді. Мұны ауылдан аттанғанда кесіп-пішкен. Алайда, арты қалай болады деген сақтықпен ол жайында ешкімге тіс жармаған-ды. Бұл кезде айналаның жым-жырт болғаны соншама, жаңағы бір сәтте тоқтап қалған бозторғайлар орындарынан қайта көтеріліп, өз әуендеріне-шырылдарына жаңадан, тың әуенмен кірісті.Содан кейін ол өз адамдарына қарап қамшысын көтерді де:- Уа, көпшілік! Бұлардың кім екендеріне көздерің жетті ме? Мен түсініп тұрғаным жоқ. Әйтеуір, дос емес. Алайда бізге қару жұмсамады, біз де босқа қан төкпелік. Бұларды түгелдей айдап, Кетікке жеткізіңдер. Сонда келіп орныққан орыс үкіметі өздері шешсін. Мына екі сарыаланың да тілін солар біледі. Сендерді Қабыл бастап барады. Ал, Қабыл, жүктерін жинат, - деді.    Сүйінғара өзі бөлек шығып кетті. Екі жақ та абыр-сабыр болып қалды. Джеймс Аббот тобы жүктерін жинай бастады. Олар мұны Сүйінғара адамдарының қимылын дүниені жинақтай бастағанынан ұққан.Әлдебіреудің шаңқ ете қалған үні шықты. Ат басын кейін бұрған Сүйінғара, мана ертеңгісін жұмсаған саржағал жігітті көрді. Ол Джеймс Абботтың қасына барып қалыпты. Сүйінғара өңінен қаймығып қалған ол, кейін шегіне бергенмен, шаңқылдап сөйледі.- Мына сарыала мені кейін итеріп жіберді. Қабында қаруы болуы керек, - деді.- Қаруы болса, тартып ал! Егер қару шықса, шап шынашағын. Басқа қимыл жасама, - деп Сүйінғара әмір берді. Шу қайта тыйылған секілді.Содан кейін Сүйінғара Қабылды оңашалап шығарып:- Жолды білесің, Қабыл! Шетпенің аңғарына жетіп, одан әрі Тұщыбек, Жыңғылдымен кетесің. Сақ бол! Сірә, мына екеуі Хиуа ханының кісісіне де ұқсамайды. Тіпті, осылар әлгі Енгілез деген ел ме деп те қорқамын. Әйтеуір, екеу ғой әзір. Тегістей орыс қаласына жеткіз. Солардың өздері тергеп-тексерсін. Не жаза береміз десе де еріктерінде. Тіл-хат, заң-закон өздерінде. Тек біздің бір тілегімізді жеткіз. Бұл - менің емес, көптің тілегі де болар. Маңғыстауды қу дала болса да, қолымыздан келгенше бір жауға топырағын бастырмаймыз. Өйткені бұл - туып-өскен, ата-бабамыз сүйегі жатқан жер. Тек сақ бол, ешқайсысын шашау шығарма. Мен елге қайтайын. Жолда Бүркітәлі басына, Құлбараққа соғамын. Кежінің де моласын жөндеу керек еді... Иә, бұл тірлікте шаруа таусыла ма! – деді де ол бұрылып кетті. Неге екені белгісіз, сол өлген адамдармен бірге көз алдына әзір алынбай Хиуа хандығы қаласында жүрген Айсалқам мен Жансалқам да осы арада ойына оралып кетті. Екі қызы әлі сонда. Өлі деген хабар жоқ. Үні сәл дірілдеп шыққандай. Қабыл да оны қысталамады. Алпамса денесін тез бұрып, мыналардың жүгін жината бастады. Алар көліктерін алдырып, оларды тиету қажет. Барар жері де алыс, күн де қызып келеді. Әйтеуір, жүрер жолы бұлақ-судың үсті. Жыңғылдыдан өткен соң, Үдекке соғар. Содан әрі бұлар Қаңғаның желкесімен өтеді. Қамысауылдан етекке құласа, кетиген тау арасынан қалашық, шағын тау басында орыс әскерінің қорғаны көрініп тұр деген.Қасына үш-төрт жолдас ерткен Сүйінғара да, олармен Өтес сайының басына дейін бірге келді. Солтүстік-батысқа бұрылды.Лек болып ілгері өтіп, осыдан бес жыл бұрын салынған Ново-Петровск қорғанына қарай жүріп бара жатқан тұтқын топқа, соларды айдаған адамдарға қарап, төбе басында кідіріп тұрды. Биік Маната асуының етегі де алыс емес. Бұл тұста жықпыл таса көп. Анау дүрмек сол көп тасаның қабатында көрінбей кетті.Бұл бір мың да сегіз жүз отыз тоғызыншы жылдың май айының да аяқталып қалған кезі болатын. Орысша бұлайша жыл қайыруды Сүйінғара білмесе де, көктемнің таусылып қалғаны анық. Әзірге көк шөп сембесе де, жаздың ыстық екпіні таяу. Оның ар жағында – аптап- шілде.Көз алдында суреттер елеске айналып, әбден ғайып болған соң, Сүйінғара кідіріп қалған серіктеріне қарады. Тағы да бір рет, соңғы рет Сисем Атаға бұрылды.Тап сол сәтте, өмір жасы сексен үшке келген Сүйінғара бұдан екі жыл өткен соң мүрдесін көпшіліктің көтеріп, тап мына биікке, Сисем Атаға әкелетінін білген жоқ. Тіпті, ол түгіл, анау тасаға түсіп кеткен тұтқындардың тағдырының не болары беймағлұм. Бірақ, бұл өз міндетінен құтылды. Өкімет қолына тапсырады. Тек соның жайын ойлаған.