ВЕРНУТЬСЯ

Адамдар жетті ақыр
Ғасырға
Сенетін өзінің қолына, басына!
Басыңа әлемді сілкінткен
Табынам, бас ием, адамдар!
Мен - көгілдір аспанмын баяғы,
Төбеңнен бүгінде төнемін.
Мен - көгілдір аспанмын баяғы,
Адамның бар ісін көремін!
Адамдар жол салды Күн, Айға,
Адамдар әлемді биледі.
Адамдар тәңірі, құдайға
Біліктің найзасын түйреді!
Адамдар жетті ақыр
Ғасырға
Демейтін құдайға "Асыра!"
Адамдар жетті ақыр
Ғасырға
Сенетін өзінің қолына, басына!
Басыңа әлемді сілкінткен
Табынам, бас ием, адамдар!
Басыңа
Қуаныш сыйлаған досыңа,
Жауыңды күрсінткен
Табынам, бас ием, адамдар!
Дүние түп - түгел мәз емес,
Жандар бар қайғыдан жаралы.
Сұм алтын салуда әлі егес,
Жарлы да, шонжар да бар әлі.
Көрдім мен көзі іскен жылаумен
Алжирлік ананың күйігін.
Азаттық алысса бұғаумен,
Басқындық көрсеткен иығын.
Заманның жойылсын аласы,
Жаңаны жер түгел құптасын!
Жердің сол алапес жарасы
Келмесін, маған да, жұқпасын!
Зеңбірек - ажалдың саусағы,
Басатын қайғының пернесін.
Өшкен жоқ жерде оның даусы әлі,
Ол пәле маған да келмесін!
Талайдың қуырған заманын,
Талайды таптаған қаза артып,
Пәледен қара Жер - ананы
Алыңдар, адамдар, тазартып!
Жаңалық, жарқылда, шарықта!
Ескілер қирасын, бүлінсін!
Шолпанға, Айға да, Марсқа
Бақыттың жалауы ілінсін!
Түнектің қарасын өлемнен батырар
Жақын тұр жаңаның нұр таңы!
Сол таңды күн болып атырар -
Мақтаймын Сендерді,
Адамның ұрпағы!