ВЕРНУТЬСЯ

    I

 

    Қалың
тобықты руының ат байлар қазығы, бас қосар шаңырағы іспетті Өскенбай ұлы
Құнанбайдың ауылы жыл сайын мамыр айының орта шенінде жайлауға қарай көшіп,
тамыз айының алғашқы онкүндігінде күзеуге арналып салынған қораларға қарай
құлайтын. Одан әрі - қыстаулар.

         Құнанбайды
бүкіл Орта жүз халқы мырза дейді. Әрине, бұл оның қолы ашықтығына байланысты
емес. Құнанбай керісінше алуда да, беруде де есептің адамы болыпты. Ол болыс
болған кезінде де, аға сұлтан лауазымында жүрген тұсында да оны жұрт мырза
десті. Өзінің жақын-жаран, туыстас-бауырластары да мырза деп өтті.

         Осы Құнанбай
мырзаның бәйбішесі Күңке өзінен үш-төрт жас үлкен болса керек. Сол Күңкеден
Құдайберді атты ұл көрінгеннен кейін Құнанбай Ұлжанды алады. Ұлжан да текті
жердің қызы болатын. Руы қаракесек, соның ішінде шаншарлар бұтағынан, атақты
«жатыпатар» Қантай, Тонтайдың қарындасы. Бұлар Орта жүзге белгілі «от ауызды,
орақ тілді» айтқыштар ғой. Арырақта, Қаздауысты Қазыбек атқосшы болып жоңғар
еліне барғанда, қазақ елшілігін басқарған Бертіс би Ұлжанның алтыншы атасы
екен.

Иә, содан Тәңірберді, жұрт Тәкежан деп кеткен ұлды дүниеге
әкеледі. Біраз жыл өткен соң тағы ауыраяқты болады. Сол жолы жайлауға шыққанда,
барша қазақ әйелдері сияқты атқа мінеді. Енді кері көшерде, енесі Зере іштегі
балаға зақым келеді деп, Ұлжанды өзі пәуескесіне мінгізіп алады.

         Құнанбайдың
төрт әйелі болған ғой. Олар - Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным. Зере өле-өлгенше
Ұлжанның тәрбиесінде болыпты. Сондықтан да Зере отырған үй бүкіл тобықтының
қарашаңырағы болып есептелініпті. Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбайлар тобықты елін
өз еріктерінше, «шәйт деп өргізіп, тәйт деп иіріп алатын» зор беделді адамдар
болғаны тарихтан жақсы белгілі.

         Күзеуге
сақталған жері от, суы мол Қасқабұлақ деген қонысқа жеткенде, Ұлжан босанып,
балпанақтай ұл туады. Нәрестенің екі шекесі торсықтай, маңдайы кереқарыс, көзі
ботаның көзіндей, әйтеуір, бір ерекшелігі байқалып тұрыпты. Бұл отбасы, ошақ
қасындағы қатын-қалашқа біраз ермек болса керек. Тілі сүйірлері баланы мақтап,
артық ауыс сөзді көбейте бергенде, мінезі орнықты бәйбішелер жағы жаңағыларға:
«Нәрестеге көз тигізесіңдер, жақсы анадан жайсаң ұл туады деген бар емес пе,
әкесі Құнекең болса, шешесі Ұлжан ғой» деп тыйып тастапты. Негізі Ұлжан еркек
тұлғалы, мінезі орнықты, төңірегіне жайлы, кедей-кепшікке қайырымды жан болса
керек. Сондықтан құдай ниетіне беріп, төрт ұл туып, енесі Зеренің ықыласына
бөленіп, беделі Құнанбайдың өзге әйелдерінен биік тұрыпты деседі.

         Құнанбайдың
мұсылманша білімі өте таяз болса да дінге беріктігін ел аңыз етеді. Медресе
ашып, мешіт салғызуы, қажылыққа баруы, Меккеде қонақ үй салуы осының дәлелі
болса керек. Ол үлкен ұлдарына - Күңкеден туған тұңғышына Құдайберді, Ұлжаннан
туған екінші баласына Тәңірберді деп ат қояды. Мына баласына Ибраһим есімін
береді. Ибраһим Мұхамбет пайғамбардың ұлы атасы, өзі де пайғамбар атағын алған
адам екен.

         Ибраһимге
әжесі Зеренің ықыласы ерекше болса керек. Ертелі-кеш соның жанында болып,
әлдилеп-әлпештейді екен. Алпыс екі тамыры иіп, жүрегі лүпілдеп, іші елжірей
тербетіп, уатып, өлеңдетіп отыратын болыпты.

                             

Әлди, әлди, Абайым,

Атқа тоқым жабайын,

Тыста жүрген апасын

Қайдан іздеп табайын.

Содан үй-іші, ауыл-аймақ «бұл бала әжесінің Абайы ғой» деп,
бірте-бірте Ибраһим есімі ұмытылып, Абай атанып кетіпті.

          Абай аңқау,
салғырт, салмақты болып, ойланбай сөз сөйлемейді, айтылған сөздің байыбына
бармай тоқтамайтын болады. Сонысын көріп, байқап жүрген жұрт «Ырғызбай,
Өскенбай, Құнанбай тұқымдары пысық, ерте ержететін еді, мына бала біртүрлі
екен, кім болары мәлімсіз» деседі екен.

         Құнанбай Абай
туардан біраз жыл бұрын Ескітам деп аталатын жайлы жерде жиырма шақты бала сыятын
медресе үйін салғызған болатын. Осында орыс әскерінің солдаты болудан қашқан
Ғабитхан деген татар жігіті дәріс береді. Абай медреседе үш жылдай оқиды.
Бірте-бірте аңқау, салғырттық мінездерден арылып, тез ұққыш, бір естігенін
ұмытпайтын, ұстамды да алғыр шәкіртке айналады. Ғабитхан молда оны өте жақсы
көріп, басқа балалардан өзгеше қарай бастайды. Құнанбаймен кездесудің сәті түсе
қалса үнемі:

- Мырза, мына Абай деген ұлыңыз дана адам болғалы тұр. Бұған
шаһардағы зор медресе, терең білімді хазірет керек, - деп отырады екен.
Құнанбайдың ішкі ойы да осыған сайса керек. Өзі дін жолына шорқақ болған соң,
балаларының бұл бағытта жүйрік болуын, қазақ ортасына ораза, намаз, зекет,
фарыз - уәжін дейтұғын тағат-ғибадат үйретерлік білім алуын жөн көріпті.
Ғабитхан молданың сөзі қамшы болып, өзге балаларының ортасынан ойып алып,
Абайды оқытқысы келеді.

        Халқымызда
«әке балаға сыншы» деген сөз бар. Құнанбайды қолпаштаған қауым:

- Мырза, балаларыңыз ержетіп қалыпты. Қайсысынан үміт
етесіз, болашақта жақсы адам болатынын атаңыз, - дейді екен. Сонда Құнанбай:

- Не күтсеңдер де анау қарашұнақтан күтіңдер, - деп Абайды
нұсқайтын болыпты. Қарашұнақ дейтіні Абайдың басы үлкен болғандықтан құлақтары
өте кішірейіп көрінетін болса керек.

        Абай он бір
жасқа толғанда, әкесі Семей қаласына арнайы алып келіп, Ахмет Риза хазіреттің
медресесіне оқуға береді.

        Медреседе
оқитын татар шәкірттері бұрын қала көрмеген қазақ баласын алғашқы кездерде
сынап-мінеп, шұқып-түртіп дегендей, шеттеткендей болады. Етек-жеңі кең, ойы
терең Абай оңғақ-бұлғаққа мойын бұрмай, оқуына тиянақты, білімге құштарлығымен
ерекшеленіп, тез арада үлкен беделге ие болады. Келе-келе бүкіл шәкірттер оның
төңірегіне үйіріле бастайды.

         Абай қырдағы
Ғабитхан медресесінде Құран, Қырық хадис, Бақырған оқыса, Ахмет Риза
медресесінде де сол жүйе бойынша тереңірек білім ала бастайды. Қосымша
«Тухфатулмүлк», «Мұхтасар» деген араб тіліндегі кітаптар оқытылады. Абай Семей
медресесінде қиналмаған сияқты. Ол халфелік дәреже алуға жақындап қалған ересек
шәкірттердің дәрістен бос кездегі мәжілістеріне қатысатын болады. Олар бәйіт
айтады екен. Яғни, араб тіліндегі өлеңдерді кезектесіп оқитын болса керек.
«Мұхамедие», «Зарқұм», «Суффаттл ғазиз», тағы басқа жырларды араб мақамымен
оқығанда, Абайға қатты әсер етеді. Ақын болып туылған бала, әрине, өзіндегі бұл
қасиетті әзірше білмейді. Десек те, бір сиқырлы күш оның қиялына қанат бітіріп,
ертегі әлеміндегі елдерге алып кеткендей болады.

         Абай татар
тілін үйренеді. Көп оқып, ізденудің нәтижесінде араб, парсы, шағатай тілдерін
меңгере бастайды.

         Ахмет Риза
медресесі діни білімнің ордасы болды. Сонымен қатар шығыс ақындарының
кітаптарын оқуға жол ашты. Бұл болашақ ұлы ақынға теңдесі жоқ мектеп болды. Ал
дін жолына келсек, сол тұстағы қазақ қоғамын басқаруда ислам айтарлықтай рөл
атқарды. Себебі, ел ішінде жиі туындап отыратын дау-шарды билер шешіп отырды.
Олар болса, көп реттерде діни шарттарға қол артты. Яғни, құран ұстап, құдай
атынан сөйледі. Абай ержетіп, ой толыстырып, ел тұтқасын ұстаған кезде, Ахмет
Риза медресесінде алған білімінің пайдасын көрді. Онымен қазақ даласында Ресей
империясының заң-закөні мен мұсылман шариғатынан ешкім тең түсе алмады. Бұларға
сәл кейініректе қайта ораламыз.

         Абайдың бала
кезінде, яғни, он тоғызыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында Орта жүз қазақтары
әлдеқашан Ресей империясының боданы болып, хандық жойылып, отарлау саясаты
белең алып тұр еді. Қазақ аға сұлтандардың, болыс-билердің өрісі тарылып, билік
тұтқасынан айырыла бастаған болатын. Бұрындары патша өкіметі билік басына тегіне
қарай, яғни, чингиздтерді тартса, енді өзі бай, өзі орысша сауаттылар өтімді
болды. Ал бір дуанды аузына қаратқан аға сұлтан Құнанбай бір ауыз орысша
білмеді. Генерал мен урядниктің шенін ажырата алмайтын. Сөйте тұра, балаларын
орысша оқытуға құлықты болмады.

         Абай орысша
білім алуды ойластырды. Әрине, ол хәкім болсам пайдасы тиер дегеннен аулақ еді.
Ол жас та болса, жетілген ақыл-парасаты нәтижесінде заман талабын білді. Орыс
тілі терең білімге жол ашатынын ұқты. Бұл тіл арқылы әлемдік мәдениеттің есігін
ашатынын зерделеді. Ал жасына келсек, бар болғаны 13-те еді!

         Арқада қыс
қатты, қар қалың болады. Семей мен ауылдар арасындағы қатынас азаяды. Осы
себептерден Абай әкесінің рұқсатын алмастан, Семейдегі Городская приходская
школаға түсіп, оқи бастайды. Яғни, медресемен қатар. Жазғы демалысқа 4-5 айдай
уақыт қалған болатын. Осы мерзім ішіндегі Абай оқу бағдарламасын жеделдете,
зейін сала, ыждағатпен оқып, мамыр айында бітіріп, «үздік» деген бағалау
қағазын алып шығады.

         Құнанбай жылдағы
дағдысынша арнаулы адаммен ат жіберіп, баласын ауылға алдырады. Абайдың кең
даланы, туып-өскен ауылын, ата-анасын, бауырларын қатты сағынуы заңды еді.
Әсіресе әжесі Зере түсінен шықпайтын.

         Ауыл Абайды
жамырай қарсы алады. «Бойы таралып өсіп қалыпты ғой. Кітап кемірем деп жүдеп
кеткен бе, қалай? Жүзі баладан гөрі ересек адамға тән сияқты, ойшылдық мол
екен» деген сөздер естіліп жатты.

         Құнанбай
әдеттегіше қысқа ғана есен-саулық сұрасып:

- Балам, білім алып, құдай жолын танып, молда болып келдің
бе? - дейді.

- Аллаға шүкір, хайырлы дұғаңызда, - деп салмақты жауап
қайтарады Абай.

Құнанбай үйіндегі көп қонақтың сыншыл ойға бейімділері:
«Құнанбайдың мына бөлтірігі болайын тұр екен. Түбінде тобықты руы түгіл, Орта
жүздің сөз тізгінін осы ұстар» деп бірі қызығып, бірі қызғанып қалады.

        Абай ауылда
аунап-қунағаннан кейін, мерзімі келгенде, қаладағы оқуына қайтатынын ойынан
шығармайды...

        Бір дуан елді
билеп тұрған Құнанбай үнемі халық ортасында жүреді. Ауылда болғанында күнара дерлік
бір ту бие сойылып, он екі қанат ақ орданы қаптаған қонақ басып жатады.
Ара-арасында дуан деп, ояз-сияз деп қалың нөкермен сапар шегіп кетеді.

       Бірде
қонақтардың аяғы сәл саябырсығанда, Құнанбай Абайды шақыртып алады. Баласы
ұстаз алдындағы шәкірттей жүгініп отырып болған соң, жалғыз көзін кең ашып,
оған тіктей қарап алады да, сөзін бастайды:

- Балам, сені оқуға бергенде, құдай жолын танысын, әдеп,
тәрбие үйренсін деп берген едім. Хазіреттің сәлем сөзіне қарағанда, жақсы
өткерген көрінесің, жарайды, - деп бір тыныс алып, сөзін қайта жалғайды, - мен
бір анадан жалғыз туып, жасымнан қатыбас болып ержеттім, буыным қатпай жатып
әкем Өскенбайдың ел басқару, билік айту жұмысына қатыстым. Көп талқысы мені
ерте қартайтты. Бұл күнде жер ортасы елуден астым, өзіме тете інілерім
Майбасар, Жақыптар кіресілі ел, шығасылы жау болды. Ержеткен балам Құдайберді
болса, қалың дәулет, көп ауыл-аймақтың талқысына түсіп, одан босамайтын болды.
Тәңірберді отбасы, ошақ қасы ұсақ шаруадан бойы аса алмады. Басқадай көмектесер
ағайын көрінбейді. Ең аяғы біреуге айт деп жіберген сөзімді түгел айтып, толық
жауап алып келетін адам табылмады. Сондықтан енді сен бұдан былай оқуды
тоқтатып, менің жұмсаған жұмысыма барып, тапсырғанымды орындап қайтып тұратын
боласың, - деп бір тоқтайды.

        Бұл сөздер
Абайға төбесінен жай түскендей әсер етеді. Бәрін күтсе де, мұндай болады деп
күтпеген еді. Ол Семей оқуын тауысып, Омбыға, тіпті Петербургқа бармақ ойын
ешкімге сездірмей, ішінде жасырын ұстайтын.

        Шынында да,
Абай Петербург университетінде оқыған болса, орыстың озық ойлы адамдарымен
достасқан болса, дүниежүзілік өркениет көшінің тамырын басқан болса, әлемдік
әдебиеттен еркін сусындаған болса, өлеңдері орыс тілі арқылы түрік, француз,
ағылшын, неміс, испан, араб, тағы басқа тілдерге аударылған болса! Ойланып
көріңізші?

        Десек те, «бір
ұрты май, бір ұрты қан» халқының арасында ғұмыр кешіп, қазақ қоғамының «ауруын»
ашып көрсететін шығармалар тудырған Абай бізге әлдеқайда жақын, ыстық! Абай
Еуропа асып кетсе, қазір әлем мойындап отырған биікке жетпес еді деп ойлаймын
өз басым.

       ...Иә, әке
шешімі Абайға қатты батады. Ол кезде әкеге 
қарсы келу деген - мүлдем жоқ үрдіс. Бір сәт үнсіз қалған бала Абай
толғана отырып, сөйлеп кетеді:

- Әке, мен өз рұқсатыңыз бойынша үш жыл мұсылманша оқып,
ораза, намаз, басқадай шариғат жолын үйрендім. Биыл қыс ортасынан бері қарай
сізден рұқсат сұрауға уақытым болмай, орысша школаға түсіп оқыдым. Ондағы
мақсатым дін оқуы о дүниеге басшы болса, орыс оқуы бұл дүниеге басшы болмақ.
Өнер де, білім де орыста. Бұл күнде біз орыс патшалығына толық бағынған
халықпыз. Бүгін өзіңізді ұлық сайлап, мансап-дәреже беріп отырған сол орыс
бастықтары. Олармен тілмаш арқылы айтқан сөз көңіліңіздегідей болып айтылмайды.
Оның айтып отырған сөзі сізге дәл ұғылмайды. Сондықтан бұдан былай орысша
білмеген адам мансапқа, дәрежеге ие бола алмайды. Мұны өзіңіз де көріп, біліп
жүрген шығарсыз. Ендігі тілегім мені ғылым-білімнен мақұрым қалдырсаңыз да,
менен кейінгі жас балаңыздың біреуін орысша оқуға беруіңізді өтінемін, - деп
ұйып тыңдап отырған Құнанбайдың бетіне тура қарады. Абай бұл сөздерді уақыт
тығыз болса да, ойланып үлгеріп айтқан болатын. Өз інілерінің бірі оқыса, сол
арқылы ғылым-білім көшінің бағыт-бағдарынан хабардар болып отыратынын білді.

Қара ақылдың кені ғой Құнанбай. Абай меңзеген алыстарға көзі
жетпесе де, қалың тұман арасынан әлсіз жарықты көңіл түйсігімен көре алды.
Ақылды баласына өз қалауынша бір інісінің оқуына бас-көз болуды жүктеді. Абай
үшін бұл үлкен жеңіс еді.

         «Атадан
алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жөнім жоқ» деп жазды ғой Абай. Иә,
Күңкеден - Құдайберді, Ұлжаннан - Тәңірберді, Абай (Ибраһим), Ысқақ, Оспан,
Айғыздан - Халиолла. Әкесі рұқсат берген соң інілерін ой елегінен өткізе
бастайды. Әлде Ысқақ, әлде Халиолла - екеуінің біреуі оқуы керек. Ожар мінезді
Оспан о бастан есепке кірмеген сыңайлы. Оның тіпті Ғабитхан молданың
медресесінде жарты күн оқуға шыдамы жетпепті.

         Құнанбай
қанша қатал, отбасына ызбарлы болса да күндестік жүріп жатыпты. Күңке «Мен -
бәйбішемін» деп шалқайса, сұлу Айғыз ажарын бұлдап, сәл сәті түссе күндестері
мен Құнанбайды шағыстырып қояды екен. «Абай енді оқымайтын болыпты, әке
шешіміне орай оқытуға екі інісінің бірін таңдауға тиіс екен» деген сөз
шыққанда, жұрт «емшектес інісі Ысқақ тұрғанда, шешесі бөлек Халиолланы қайтсын»
деп өсектепті. Шынында да жұрт пікірінше Ысқақ алғыр, ұғымтал, пысық болып өсіп
келе жатады. Ал, Халиолла болса, тұйық, ойлы, сабырлы бала екен. Анасы бөлек
болса да Абайдың таңдауы Халиоллаға түседі. Сол кездерде Құдайбердіден басқа
балалар үйленбеген болатын. Оған да енші берілмесе керек. Адам айтса сенгісіз
қалың дәулет иесі бір ғана Құнанбайдың өзі болатын. Ол Халиолланы оқытудан
малды аямайды, ерікті Абайға береді. Содан Халиоллла Омбыдағы Шоқан Уәлиханов
оқыған кадет корпусына түседі. Атақты адамдардың балаларына арналған бұл
элитарлық оқу орнына Халиолла аға сұлтандар Өскенбайдың немересі, Құнанбайдың
баласы болған соң ғана қабылданады. Өмірден ерте өткен Халиолла Өскенбаев өте
зеректігімен дараланады. Абайға сұратқан кітаптарын қалтқысыз жіберіп тұрыпты.
Шоқан Уәлихановпен таныс-біліс болғаны туралы мұрағат құжаттары, отбасына
жазған хаттары сақталған.

 

II

 

...Он үш жастағы Абай әке әмірімен оқудан қол үзіп, әзірше
беймәлім тірлікке мойынсұнады. Ұшқыр қиял, жүйрік көңіл су сепкендей басылып,
іші алай-түлей болып, ауыр күндер мен түндерді басынан өткереді. Ол, әрине,
өзінің даналыққа апарар сапар алдында тұрғанын білген жоқ еді...

        Абай үшін
дәріс бөлмелерінің есігі жабылса да, өз бетімен білімін жетілдіруге ешкім тыйым
салмаған болатын. Бұдан әрі қарай ол ел ісіне араласа жүріп, Батыс пен Шығыстың
әлденеше Университеті мен Академиясына татитын білім алып, әлемге әйгілі
кемеңгерлер ортасынан ойып тұрып орын алды. Иә, бұл көп-көп кейін болған
жағдайлар ғой. Ал, әзірше Абай әкесі аға сұлтан Құнанбайдың «барып айтып кел,
айтқанын жеткізіп кел» деген сияқты жұмыстарында жүрді. Құнанбай үлкен үміт
еткен ұлының өз тапсырмасын қалай орындауын бақылап, ойындағыдай нәтиже
беретініне көзі жеткен соң, өзі шешетін ірі дау, қиын тартыс, аңдысып-айтысып,
арбасып отыратын келелі кеңеске бірге ертіп барып, бөлтірігін қозы жеуге
үйреткен қасқырдай баулып, әдіс-тәсілге көзін қандырып, бойын үйретеді. Өзі
басқарып отырған ұлықтық жұмыстарына қатыстырады. Өзімен әріптес, дос, жора-жолдастарымен
таныстыра бастайды.

          Сол тұста
Құнанбай Өскенбаев Қарқаралы дуанының аға сұлтаны болатын. Қазіргі өлшеммен
айтсақ, бір облыстың әкімі тұғын. Аға сұлтан халықтың мемлекетке төлейтін
салығын жинау мақсатында Қарқаралыға аттанғанда, нөкерлері арасына Абайды да
қосып алады.

         Елдің көңілін
аулап, азулылардың аузын алуды шебер меңгерген Құнанбай Қарқаралыда өз
қаражатына мешіт ашқызған екен. Атқамінерлер арасында мұнда да әкесінің беделі
биік екенін Абай көріп, біледі. Өңшең жуандар аға сұлтанды қаумалап, қолдап,
қолпаштап, төбелерімен қызмет етіседі. Сөз жоқ, «сыйға - сый, сыраға - бал»
есебі іштерінде жүрді олардың.

        Абай бұл жолы
қазақ даласындағы ел басқару жұмысының әліппесін ашқандай болады. Қалың
халықтың тағдыр-талайы ат төбеліндей аз шоғырдың қолында екенін көреді. Бір
ғана мысал. Мыңды айдаған бай мен кісі есігінде жүрген жалшының мемлекетке
төлейтін салығы бірдей екенін білгенде таң қалады. «Мұны түптеп зерттеу керек
екен» деп бір түйіп қояды. Әкесінің жұртты ықтырып, қорқытып, үркітіп
ұстайтынын байқайды. «Ел басқаруда бұл өзін ақтайтын қасиет пе?» деп тағы да
ойға қалады. Әке құрған шексіз мәжілістерден сәл қолы босағанда, қаланы аралап,
кеште ішетін тамағын күндіз табу қамындағы қарапайым адамдардың өмірімен
танысады. Қалың дәулет, қисапсыз байлықтың қызығын көріп жүрген өзімен жыртық
шапан, жалба тымақ киіп жүрген балаларды салыстырады. Бұл өмір неге бұлай
әділетсіз болды екен деген ойлар бұрынғы алаңсыз көңіліне маза бермейтін
болады. Иә, осылайша бала Абайдың негізгі де сенімді серігі ой бола бастаса
керек.

         Құнанбайдың
Қарқаралыда көп мәжілістес болған адамы Алшынбай би еді. Басқаларға қарағанда
әкесіне Алшынбайдың ықпалы күшті екенін Абай байқап жүреді. Тегі жөнінен бұл би
Құнанбайды он орап алғандай еді. Байлығы жағынан да кем түспейтін. Алшынбай
атақты Қаздауысты Қазыбек бидің шөбересітұғын.
Қазыбек-Бекболат-Тіленші-Алшынбай. Кезінде орта жүзді ұршықтай үйіріп, сақадай
шиырып тұрған Қазыбек Келдібекұлының кейінгі ұрпақтары да күні бүгінге шейін ел
тізгінін ұстап, патша ұлықтарына өтімді болып келеді екен. Қарқаралы дуанының
бұрынғы аға сұлтаны Алшынбайға жақпай қалып, сайлауда Құнанбайды қолдапты.
Мұның сыртында Абайдың анасы Ұлжан Алшынбай бидің қарындасы іспетті. Түбі бір
олардың. Демек, Алшынбай қайнаға, Құнанбай күйеу болып есептеледі. Құнанбай да,
Алшынбай да «есепті дос айырылмастың» адамдары болатын. Осындай көп
басқосулардың бірінде екі шонжар құда болысып тынады. Күйеу жігіт 13 жасар Абай
да, қалыңдық Алшынбай баласы Жүсіптің қызы 15 жасар Ділдә еді. Мұны Абай
кейінірек естиді. Аяғына ерте тұсау түсетініне қатты қиналады. Іштей қарсы
болады.

         Құнанбайдың
әкесі бір, шешесі бөлек тетелес інісі Майбасар ожар мінезді, бейпілауыз адам
екен. Алшынбайдың төбесі көрінгенде, «әне қайынатаң, Ділдәңнің үлкен әкесі» деп
Абайға маза бермейтін болса керек. Майбасар тіпті қоймаған соң, Абай бірде
былай депті:

 

Уа, қой десе бір қоймайсың,

Аз болды ма, Майеке,

Осында көрген қызығың,

Кертіп жеп-ақ жүрсің ғой

Қарқаралы халқының

Жал-жаясын, шұжығын.

Алған, жеген аздай-ақ,

Тағы бірді тауыпсың,

Уа, Алшынбай қызы кім?

Адақтамақ сертің бе,

Осы өңірдің елінің

Жүйрігі мен жортағын.

Айтпай-ақ қойсаң нетуші еді,

Сонда да бар ма ортағың.

Гүж-гүждеп бір қоймайсың,

Бұқасы ма ең қашырар

Сол ауылдың торпағын.

Біле білсең осы сый,

Орайы болмас қолқаңның!

 

        Абай тобықты
руының түбі бір болғанмен, алауыздық дегенің алпыс атанға жүк болғандай екенін
біле бастайды. Тайпалас, аталастар былай тұрып, бірге туған ағайындылар алысып,
арпалысып жатады екен. Әлді әлсізді тапа-тал түсте алып ұрып, талай беретінін
көреді. Аға сұлтаннан бастап, болыс, ауылнай, билердің басым көпшілігі барды
қолдап, жоқты зорлай беретін боп шықты. Екі жақты атыстырып-шабыстырып қойып,
екеуінен де «жырып қалатын» пысықайлардан аяқ алып жүргісіз екен. Абай осындай
қайшылығы қалың ортада ержете бастады.

          Тобықтының
«бетке ұстары» өз әкесі Құнанбай қолындағы зор билікті баюдың, өктемдік
жасаудың құралы деп түсінді. Бұған Абайдың анық көзі жете бастағаны Бөжей мен
Майбасар арасындағы жаулық тұсы еді.

          Бөжей - қазақ
халқы тарихында аты қалған Кеңгірбай бидің немересі. Бұл Кеңгірбай - Мұхтар
Әуезовтің «Еңлік - Кебек» трагедиясында бейнеленетін, қатыгездігіне қарай халық
Қабан атап кеткен, Орта жүздің қабырғалы биі. Кеңгірбай қартайып, биліктен қол
үзер кезде өз орнын кіндігінен тараған балаларының біріне бермей, немере інісі
Өскенбайды қалаған болатын. Былай қарағанда, Өскенбай тұқымы Кеңгірбай
тұқымына, яғни, Бөжейге қарыздар. Бірақ дала жыртқыштары қарыз-парызды қайтсін,
билікке қол жеткізген бойда, көздері қанталап, жалдары күдірейіп, тістері
ақсиып, тырнақтары сойдиып шыға келіпті. Әкесі Өскенбайдың ізімен аға сұлтан
болған Құнанбай Кеңгірбай тұсында жалданып, малданып алған оның ұрпақтарына
тізесін батыра бастайды.

       - Оу, ағайын,
мұның не? Түбі бір туыс емес пе едік, кешегі атам Кеңгірбай өз балаларының
өкпесін арқалып, сенің әкең Өскенбайды би сайлатып кетіп еді ғой. Аруақ қайда,
әділдік қайда? - деген Бөжейге Құнанбай:

- Иә, Кеңгірбай би болды, таразының басын сендер жақ басты.
Жердің құнарлысына, судың мөлдіріне иелік еттіңдер. Енді билік бізге көшті,
кеткен есемді қайтарып аламын, - деп өзеурейді. Сөйтіп, біраз жайлы қыстау,
шалғынды жайлау, мол сулы өңір Бөжейдің иелігінен Құнанбайға өтеді. Туыстар
арасындағы араздық лап ете түсіп, ара ағайынның араласуымен біршама тыным
тапқандай болады. Бірақ түбінде бір жарылар бітеу жарадай еді бұл.

         Жас Абай куә
болған Бөжей - Майбасар тартысы болыстыққа байланысты еді. Тобықты руы ортасына
лаң салған, Құнанбайдың беделіне мықтап нұқсан келтірген бұл дау-шар
төмендегіше өрбіп, өршіген болатын.

        Құнанбай аға
сұлтан болып сайланғаннан кейін оның бұрынғы болыстық орны бос тұрса керек. Осы
лауазымды қызметтен Майбасардың ойы болады. Ағасы Құнанбайға айтудан жасқанып,
Бөжейді жағалайды ғой баяғы.

       Майбасар
Бөжейдің үйіне келіп түседі. Оны баршасы құрметтеп қарсы алады. Бөжей: «Қонақ
бол, қона жат» десе, Майбасар: «Бір бұйымтаймен келдім, берсең тез қайтам,
бермесең өкпелемеймін», - дейді.

      - Ой, Майбасар,
не деп отырсың өзің. Түбі бір туысқанбыз ғой. Анда-санда қырғиқабақ болып
қалсақ та, жан сұрамасаң, мен сенен мал-мүлікті аяймын ба, айт, не сұрасаң да,
аласың, - дейді аң-таң болған Бөжей.

Майбасар маймөңкелеп, айтарын айтып болмай, Бөжейді
діңкелетеді. Ол: «Әй, Бөжіке-ай, беруін берерсің-ау, бірақ ертең ағайын
құлағыңды жей бастағанда, неге бердім деп опынып, өзіме қайтып келесің-ау», - дейді
Майбасар отқа май құйып.

      - Жетті,
Майбасар! Атам Кеңгірбайдың аруағын сұрамасаң, бермейтін не қалды? Беріп алып,
сөзінен танатын мені қатын деймісің. Не де болса алдың, - дейді Бөжей намысқа
шауып.

Бұдан әрі Майбасар келген шаруасына көшеді.

- Мырза ағам Қарқаралыдан оралған бойда болыс сайлауын
өткізбекші. Өз орнына Бөжіке, сені ұсынбақ ойы бар сияқты. Онысы өте орынды.
Ата баласысың, өткеннен қалған өкпең бар. Сен бұл жолы өзің келісіміңді берсең,
болыс болып шыға келесің. Ал мен болсам, тоқалдан туған, үнемі тасада қалатын
адаммын. Осы жолғы болыстықты маған қисаң қайтеді? - дейді Майбасар.

         - Әй,
Майбасар, сен қашпаған қашардың уызынан дәм етіп келгендей болдың ғой. Егер
ағаң Құнанбай болыстықты маған ұсынса, ол лауазым сенікі болады. Әкем Ералы
тіріліп келсе де, екі сөйлемеймін, - деп Бөжей айтып салады.

          Содан аға
сұлтан Құнанбай келген бойда елге хабар салып, сайлау мерзімі мен өтетін жерін
белгілейді. Халық жиналған соң атөтті етіп, менің орныма болысқа бір жақсы
адамдарыңды сайлап алыңдар, - дейді.

      - Мырза, өзіңнен
асып қайда барамыз. Ел де сенікі, ер де сенікі емес пе? Байлауыңа тоқтаймыз да,
- деп шуласады көпшілік.

      - Олай болса,
билікті маған берсеңдер, Бөжей болыс болсын, кандидатына Сүйіндікті ұсынамын, -
дейді Құнанбай еш алаңсыз.

     Жұрт «жөн-жөн»
деп дабырласып жатады. Бөжей орнынан тұрып:

- Мырза, болыстықты біржола менің ықтиярыма беріп тұрсыз ба,
әлде түпкі билік сізде бола ма? - дейді.

- Ей, Бөжей, не деп тұрсың өзің! Екеуміз бір ананың омырауын
таласа емген ұялас емес пе едік. Бір қысастығым болған шығар. Ол бітісіп, ұмыт
болған жай ғой. Болыстық сенікі. Зәредей де ортағым болмайды, - дейді Құнанбай
Бөжейге таңдана қарап.

      - Жоқ, мырза,
жоқ! Өкпе шайылды ғой. Оны қайта ойға алып тұрсам, кім болғаным. Егер
болыстықты маған қисаңыз, мен Майкеңе, мына Майбасар ініңізге сыйлаймын, -
дейді Бөжей екеуара сырды ашып.

         Мұны естігенде
Құнанбай ашудан түтігіп кетеді.

     - Өй, Бөжей,
бұлай қырын тартқаның қалай? Атаң Кеңгірбайға тілім келгенде, інім Майбасарға
тілім келмей тұр деймісің. Болмас сөзді айтпа, жарқыным! Жөніне көш, - дейді
Құнанбай ерекше қатуланып.

        Бөжей болса,
титтей де жасып-жасқанбастан айтарын айтып, бедірейіп отырып алады. Ағайындары
айқайға басып, Бөжейді кінәлай бастайды. «Кешегі атамыздан қалған шолақ найза
қолға өзі келіп түсіп тұрғанда, неге бас тартасың» деп өзеурейді олар. Бөжей - ірі
шонжар, бір атаның бас көтергені. Ол ақырып, ағайындарын тыйып тастайды.

       Құландай жүйрік
Құнанбай қиыннан жол таппасын ба? «Бүгінше осымен тарайық. Үш күннен кейін
жиналайық. Бөжей райынан қайтар, ойланар» деп елді таратып жібереді. Келесі
басқосу да нәтиже бермейді. Бөжей қасарысып отырып алған соң, Майбасар болыс
болады. Ар жағы белгілі. Озбыр Майбасар билік қолына тиісімен-ақ ойына келгенді
істей бастайды. Аз ата, кірме, жетім-жесірлерді зар қақсатуға кіріседі. Жанына,
малына иелік еткізбейтін болады. Семіз малды сойып алады, жүйрік атты мініп
алады. Арыз-шағыммен келгендерді дүрелетеді. Сөйтіп, елдің берекесін кетіреді.
Зәбір көргендер аға сұлтан Құнанбайға шұбырады. Ол Майбасар туыстық жағынан
інім екені рас, ал болыстығының билігі Бөжейде деп келгендермен дұрыс
сөйлеспейді. Жұрт Бөжейді жағалайтын болады. Ол Майбасар бұрын болыс болып, ел
басқармаған адам ғой, үйренісе алмай, шалыс басып жүрген болар деп басу айтады
елге. Ал Майбасар болса, күн сайын жаңа сұмдықты балалатып, өршелене түседі. Ел
ығыр етіп бара жатқан соң Бөжей іні, балаларын жіберіп, Майбасарға басу айтады.
Ол құлағына да ілмейді. Шыдамай өзі барғанда, «болыстықты берген өзің, екі
сөйлейтін адам екенсің» дегендей ауыр-ауыр сөздер айтады Майбасар. Енді Бөжей
ширығады. Ағайын, тілеулестерін жинап, Майбасар жөнінде қателескенін мойындап,
қарсы топ құратынын мәлімдейді. Ақылдаса келе, мәселе Майбасарда емес,
Құнанбайда деп шешіседі. Тартыстан Құнанбайдың шет қалмайтынын дәл топшылайды.

          Құнанбай
Бөжей ауылында не болып жатқанын біліп отырады. Ол да қарап қалмай, ағайынның
аузын алуға кіріседі. Абайды беделді адамдарға жұмсап, түрлі тапсырмалар
береді. Баласының жұмысына риза болып отырады.

         Ақыры мәселе
ушыға келе, Бөжей мен Құнанбай жігіттері қарулы қақтығысқа шейін барады. Бөжей
жағынан ауыр жарақат алғандар болады. Құнанбай жағы жеңіп, Бөжей жағы
жеңілгенін мойындаған сыңай танытады.

          Бөжей қарап
отырмай, Қарқаралыға, Омбыға жасырын түрде хат жолдап жатады. «Аға сұлтан
Құнанбайдың өзі бас болып, оны болыс інісі Майбасар қолдап, ел ішін тас-талқан
етті. Жігіттеріміз мүгедек болып қалды. Қатындарымыз бала тастады. Мал-мүлкіміз
талауға түсті» деген өтірік-шыны аралас арыз-шағым ұлықтарға үсті-үстіне түсіп
жатса керек. Ал сырт көзге монтансып, тым-тырыс жатып алады. Қанша қырағы болса
да, бұл жолы Құнанбайды алдап соғады. Бір күні жоғарыдан бұйрық келіп,
Құнанбайды Қарқаралыға шақыртады. Ол ұлықтардың алдына аға сұлтан емес,
қылмыскер болып барады. Бұл - мәселе насырға шапты деген сөз. Құнанбай көп
тергеліп, кінәсі қалыңдап, корпуске, яғни, Омбыға арнаулы айдауылмен
жіберіледі. Отбасы, тума-туысқандары мұны естіп, үрпиісіп қалады. Абай Зере
әжесін аяйды. Ол күндіз-түні аллаға жалбарынып, арасында жылап алып, мазасыз
күй кешеді. Абай болса, бір болыстықтың лаңы осынша болғанына жаны түршігеді.
Оқудағы кездерін сағына еске алады. Ендігі өмірім осындай бірде қой, бірде
қасқыр, бірде түлкі ортада өтетін болғаны ма деп налиды. «Әділетті қоғам
орнатуға бола ма? Қараңғы халық соңыма ере ме?» - деп көп ойланып, толғанады.
Жүдеп кетеді. Көпшіліктен шеттеп, кітапқа үңіледі.

         Ақыры
Құнанбай ақшаның, Алшынбай би сияқты беделді достарының көмегімен қапастан
босап, еліне келеді. «Бастан құлақ садақа» дегендей, аға сұлтандықтан жұрдай
болып, айырылып қайтады.

         Абай осылайша
бір күн тату, бір күн қату ортада жүріп, өмірлік тәжірибе жинақтай бастайды.
Есейе, жасы ұлғая келе өмір талқысына талай түседі. Болыс та болады, төбе би де
болады. Иә, бұлар алда айтылатын әңгімелер, құрметті оқырман!

 

III

 

         Қаншама дана
адам, ұлы ақын болса да Абай басы жұмыр пенде ғой. Ол да жас болды, жалынды
болды. «Махаббат, қызық мол жылдарды» басынан өткерді. Сол кездегі ауыл
жігіттерінің іс-әрекеті оған да жат болмады...

         Абай әкесінің
тапсырмасын орындай жүріп, талай дала аристократтарының қыздарымен танысты. Ол
ақындық ыстық сезіммен сүйді. Ешбір арудың жанына жара салған жоқ. Абайды
сүйген арулар өле-өлгенше оны ардақ тұтып өтіпті. Қалай десек те, ұлы жазушымыз
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы таза көркем әдебиет туындысы ғой. Қазақ
қоғамының өмір шындығы жете суреттеле тұрғанымен, шығармада дүниеде болған
адамдармен қатар, ойдан шығарылған, яғни, жиынтық бейнелер де баршылық. Десек
те, Абай жүрегін жаулап алған Тоғжан, Әйгерім (Шүкімән) - өмірде анық болған
адамдар. Әйгерім Абайдың Ділдәдән кейін алған әйелі ғой.

          Тоғжан!..

         Абай әкесінің
сан алуан тапсырмаларымен жүріп, Сүйіндік ауылында бір-екі рет болған еді. Сол
баяғы Бөжей мен Майбасар дауының кезі-тін. Сүйіндік ауылы Түйеөркеш деген жерде
екен. Мұндағылар Абайды жылы қарсы алып, қонақ ету қамына кіріседі. Сүйіндіктің
Абайдан екі-үш жас үлкен Асылбек деген баласы бар екен. Екінші Әлібек деген
баласы Абаймен шамалас болса керек. Үлкен үйде Абаймен бірге болған жастар жағы
жатарда отауларына тарайды. Абайды қолқалап, Асылбек өз үйіне алып кетеді.
Жастар бірден жатып қалмай, шай ішіп, біраз уақыт әзіл-қалжың айтысып отырады.
Сүйіндіктің бойжетіп, оң жақта отырған қызы Тоғжан ағасы Асылбектің отауында
емін-еркін жүріп, қонақ атқарысады. Бұған дейін Семейде татар, орыс қыздарымен
таныс-біліс болған Абайға Тоғжан бітімі бөлек, ерекше жаратылған жан болып
көрінеді. Жүрегі лүпілдеп, дауысы дірілдеп, буындары босағандай болып,
бұрын-соңды басынан кешпеген жайларға тап болады. Иә, бұл Абай оқыған шығыс
ақындары кітаптарындағы шын махаббат «азабы» еді. Сүйіндік ауылынан аттанып
кеткеннен кейінгі жол үстінде Тоғжан көз алдынан кетпей қояды. «Қақтаған ақ
күмістей жазық маңдайы», сәл жасаураған бота көздері, қарлығаштың қанатын еске
түсіретін қиғаш қастары, ұшы үлбіреп тұрған екі бүйрек беті, шебер қолынан
шыққандай жұмыр иегі, аққу мойыны мен қаз омырауы, бәрі-бәрі Абайдың көңілінде
жатталып қалған болатын. Әкесінің бітіп болмайтын шаруаларымен жүргенде де ой
төрінде үнемі Тоғжан тұрып алатын. «Арылмас, айықпас бұл не ауру» деп өзі де
таң қалатын болды.

          Абай
Майбасар лаңынан туындаған жағдайлардан әбден қажиды. Әкесі аға сұлтандықтан
айырылса да, отбасымен аман-есен қауышады. Жас жігіттің мойны сәл-пәл
босағандай болады. Бір кереметі Тоғжан күндіз естен, түнде түстен шықпайды. Ол
жасы үлкен болса да, жаны құрбы Асылбекпен дидарласып қайтуды ойлайды. Әрине,
ой төрінде Тоғжан тұрады! Иә, соның алдында Сүйіндік үйінде жүзтаныс болған
Ерболмен кездесіп, Асылбектің отауына келіп түседі. Құнанбай аға сұлтандықтан
құлап, інісі Майбасар болыстықтан босаған кез ғой. Майбасардың кандидаты
Сүйіндік болыс болып, елді ың-шыңсыз басқарып отырған тұс еді. Ербол бұл орайда
Сүйіндіктің үлкен ұлы Асылбектің мақтауын асырады. Сүйіндік болыс атанғанымен,
еңбек Асылбектікі деп түсіндіреді Ербол Абайға. Бұл сөздер Абайға онша әсер ете
қоймайды. Оның есіл-дерті Тоғжан болатын. Ербол қас қылғандай Тоғжан жөнінде
жақ ашпайды. Сөйткен Тоғжаны бұраңдап алдынан шығып, Абайды  аттан түсіріп алады. Асылбектің отауында үш
тәулік бойы әдемі басқосу, жас жүректерді жалындатқан отырыстар болады.
Бір-біріне ынтыққан қос көңілге кім тосқауыл қоя алады? Абай мен Тоғжан
татаусыз табысып тынады... Абайдың махаббат лирикасын зейін сала оқыған адам
мөлдір сезімнің әсерінен өлмес өлеңдер туғанын тап басып байқар еді.

          Абай бір
емес, екі емес, үш әйелді болған кезінде де Тоғжанын ұмыта алмайды. Мұны
Әйгерім ғана сезсе керек.

          Ежелгі салт
бойынша, Тоғжан - әлдеқашан айттырылып, қалың малы төленіп қойған қыз. Баратын
жері - анау-мынау емес, «дүмді», «үнді», «шыңды» ел. Сондықтан Абай әйелдікке
алам деп айта алмайды, Тоғжан барам деп айта алмайды. Ей, ей, бұл қазақ
арасында ықылым заманнан келе жатқан жағдай емес пе?!.

            «Заңды»
қалыңдық Ділдә қайда?

           
Пәле-жаладан басы босап келген Құнанбай Абайды қол ұстата қайынына
жібермек болады. Құнанбай тақтан түскенмен, аттан түспеген-ді. Қалың тобықты
елі Құнанбайдың ашса алақанында, жұмса жұдырығында еді. Абайдың қайын жұртына
сапары кішігірім тойдай болады. Сол кездегі әдет-ғұрыпқа сәйкес Ұлжан Абайды
ертіп, мол қазына, қалың нөкермен Алшынбай ауылына аттанады.

          
Артынып-тартынып, байлығын асырып келген Ұлжанды Алшынбай ауылы
сән-салтанатпен қарсы алады. «Бұрын қарындас едіңіз, енді құдағи болдыңыз» деп
Алшынбай би ара-арасында қалжыңдап та қояды.

          Абай мен
Ділдә бірін-бірі көріп, ойлары жеткен деңгейде сынасқандай болады. Әрине, Абай
сөтілген, тәжірибелі дегендей...

          Қазақ
арасында Қазыбек би тұқымы «бес атадан қаракөк» деп аталады екен. Бұл дұрысқа
келеді. Келдібек-Қазыбек-Бекболат-Тіленші-Алшынбай. Осы бесеуінің аты киіз
туырлықты қазаққа белгілі болатын. Мұны Ділдә біледі. Сондықтан кесек сөйлеп,
кекірт басады екен. Сенің Ырғызбайың кім, менің Қазыбегім кім деген сияқты
көкірек анық сезіліп тұрады. Алайда, отауда оңаша қалған екі жас тез тіл
табысады ...Иә, содан Ұлжан бастаған қалың топ Алшынбай ауылында бір апта
болып, кейін оралады.

          Әрқашан
елдің есінде қалатын іске құмар Құнанбай Тәңірберді, Абай, Ысқақтың үйлену
тойларын бір күнде жасап, айды аспанға шығаруды ойлайды. Иә, үшеуінің де
айттырып қойған қалыңдықтары бар. Алшынбай қыз ұзатуға дайын. Құнанбай жіберген
адамдарға Тәңірберді мен Ысқақтың қайынжұрты түрлі себептер айтып, әзір
еместіктерін айтады. Құнанбай алған бетінен қайта ма? Көмекшілеріне тез
тапсырма беріп, жақын маңнан бойжетіп отырған екі қыз табуды бұйырады. Бұрын
айттырылған екі қалыңдықты екі ұлы тоқалдыққа алуға тиіс болады. Содан жиырма
күннің ішінде той жабдығы дайын болып, үш келін бесқанат үш отауға келіп
түседі. Сөз жоқ, Алшынбай бидің немере қызы Ділдәнің салтанаты ерекше болғаны
өзінен-өзі түсінікті жәйт. Ділдәнің жасауы 10 түйе, 5 атқа жүк болыпты деседі.
Жасауы он бестен бопты. Яғни, жаңа түскен екі келіннің бұйым, мүлік түрлері
бір-бірден болса, Алшынбай ауылы 15 қыздың жасауын дайындаған екен. Байлық,
даңқұмарлық, міне, осы!

         Құнанбай үй
болған үш ұлына екі жүзден қой, елуден жылқы, он түйеден енші беріп, бұрыннан
ойында жүрген қыстауларға орналастырады. Қыстауға келгенде, дүниеге жақындау
Тәңірберді - Тәкежан шу шығарады. Ал Абай мен Ысқақ әке бұйрығын құп алып, қыс
ішінде ел ортасынан шалғай жерге қоныстанады. Құнанбай ауылы алыста. Абай өзін
еркін сезініп, жаңа бір машыққа бой ұрады. Ол аң аулау, яғни, саятшылық еді.

Абайды аң қағу, құс салу ісіне ағасы Құдайберді үйреткен
болатын. Мына жаңа қоныста Ақшоқы, Қоянды, Қайрақты, Ешкіөлмес, Аршалы деген
жақын жердегі тауларға аң аулауға шығады. Ысқақты қасына ертіп, бір-екі жігіт
қосшы алып, ұзақты күн саятшылық қызығына беріледі. Күзектен ел қайтқалы иесіз
тұрған бұл тауларда түлкі, қасқыр, қоян дегендерің қойша өріп жүреді екен. Абай
аңшылықтан қолы босағанда, Көрпебай, Құду, Сұмағұл дегендерді арнайы шақыртып
алып, қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ, дойбы ойнайды. Өсек-аяңнан, ағайын
арасындағы «пыш-пыштан» ада бұл орта мейлінше таза, тілектестік, достық
көңілмен көмкерілгендіктен, Абай тыңайып қалады. Осындай басқосуларды
естіп-білген төңіректегі жастар Абайдан үлгі ала бастайды. Құнанбай ауылының
жігіт-желеңі Абай ауылына қарай елеңдеп тұратын болады. Омбыдан демалысқа
келген Халиолла көбіне Абайдың қасынан табылады. Уақ елінің (руының) Мұқа деген
керемет әншісін алдырып, жастар сауық-сайран құрады. Оны екі айдай ұстап,
талапты жастарға өнерін үйретуге жағдай жасайды. Абайдың отауы бай-бағланға да,
жалшы-малшыға да бірдей ашық болады. Ділдә кекселене келе қытымырлық көрсетеді.
Ал жас уақытында ондай мінезін көп байқатпайтын. Ол кездерде Абайды шын сүйіп,
қатты бауыр басса керек.

          Халиолла
өзімен бірге көп-көп кітап алып келген болатын. Абай әлгіндей сауық-сайранның
ара-арасында, інісімен оңашаланып, орыс тіліне ден қоятын. Омбыда оқығанына үш
жыл болып қалған Халиолла бұл тілді судай сапырады екен. Абай осы мүмкіндікті
тиімді пайдалана білді.

          Оңашалықта
өткен осы төрт-бес ай Абайды ел тартысынан аулақтатып, біртүрлі мамыражай
тіршілікке бастағандай еді. Алайда, алда оны сағын сындырып, көңілін жүдететін
талай жайлар күтіп тұрған болатын...

 

IV

 

          Тағы да
арпалыс басталып кетті!..

          Тобықтының
Күшік бөлімінде екі жылдай болыс болған Сүйіндік ешкімнен қарғыс алмапты.
Бұрынғы атыс-шабыс тоқталғанымен, іштей тартыс болып жатты. Болыс сайлауы
жақындаған сайын қыбыр-сыбыр көбейіп, басқосулар жиілеп кетті.

          Аға
сұлтандықтан айырылып, болыстықтан да мақұрым қалған Құнанбай намысқа шауып,
есе қайтаруға кіріседі. Дала шонжары әділдікті қайтсін, белінен басады ғой.
Ауылнайды шақыртып алып, көпе-көрнеу балаларының жастарын өсіріп жазғызады.
Сенаттың шешімімен шығарылған «Степное положениеде» болыс болатын адамның жасы
25-тен, би болатындардың жасы 35-тен кем болмауы шарт екен. Осыны білетін
Құнанбай Тәңірбердіні (Тәкежан) 25 жаста, Абайды 24 жаста, Ысқақты 23 жаста деп
үй кітапшасына жаздырып қояды.

         Сайлау
таянғанда Құнанбай Құдайбердіге болыс бол дейді. Ол сылтау айтып, бас тартады.
Өз орнына Тәңірбердіні ұсынады. Әкесі қарсы болмайды. Сөйтіп, сайлауда
Тәңірберді болыс болып шыға келеді. Кандидаты да бөтен адам емес, інісі
Ысқақтың қайнағасы Орман деген кісі.

          Құнанбай аға
сұлтандықтан қалғанмен, бір баласы болыстыққа сайланып, көңілі біршама
жайланғандай болса керек. Ол бұрынғысынша тобықты руының бас биі есебінде,
келелі кеңес өткізіп, басқа елдермен талас-тартысын, дау-жанжалын өз алдынан
таратып отырады. Сондай бір қауырт шаруалармен ел аралап жүріп, қожа нәсілінен тараған
Бердіқожа деген сыйлы адаммен, оның ержеткен балалары Үсен, Бурахан, Әуезхан,
Кенжехан, Самархан дегендермен танысады. Бердіқожаның Нұрғаным есімді бойжеткен
сүйкімді қызы бар екен, алпыстан асып бара жатқан Құнанбайдың Нұрғанымға көңілі
ауып, әйелдікке сұрайды. Бердіқожа: «қызым жас қой, Құнанбай қарт қой» деп
Нұрғанымды бергісі келмейді. Бірақ жалғыз үйлі қожалар Құнанбай сияқты «ел
тірегі» адаммен сүйекшатыс болудың өте тиімді екенін жақсы түсінсе керек. Бес
баласы ақыры Бердіқожаны көндіріп, Құнанбай осы сапарынан жас тоқал алып
қайтады. Қожаларды қасына қоңсы етіп көшіріп алып, жайлы орын береді. Бұл жерде
Нұрғанымның ағасы, яғни, Әуезхан заңғар жазушымыз Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің
атасы екенін айта кеткен орынды сияқты. Ата-бабасынан бері қарай Абай ауылымен
араласып өскендіктен де Мұхтар Әуезов ақынның өмірін, өлеңдерін өте жақсы
білген ғой. Осылардың нәтижесінде «Абай жолы» эпопеясын жазып, Абайтану
ғылымының негізін қалады. Иә, бұл - өз алдына бөлек әңгіменің желісі.

         Әкесінің
пайғамбар жасына жеткенде, балаларынан да жас қызды алғанына Абай наразы
болады. Біраз уақыт ол ауылға қатыспай қояды. Өмір тоқтап қалмайды бұдан,
жалғаса береді.

        Құнанбай өзге
әйелдерінен алшақтап, біржола Нұрғанымның тәрбиесіне көшеді. Дін жолына беріліп,
құдайшыл, ғибадатшыл болып алады. Ел ісіне араласуды қояды. Осылайша өмір
сахнасына Ырғызбай әулетінен Абай шығады! Болыс Тәңірберді болғанмен, тізгін
Абайда болған сыңайлы. Дәлірек айтқанда, Абай бір болыс ел емес, тұтас тобықты
мойындаған тұлға болып қалыптаса бастайды.

        ...Абай
Тәңірбердімен бірге сияз өтетін Әбдінің аулына барады. Бұл Әбді - атақты
Кеңірбай бидің нәсілі. Ол Зағипа деген қызын Жігітек (тобықты руының тармағы)
ішінде кірме болып отырған Төлеген дегеннің баласына бермекші болып, 400 қой
алады. Төлегеннің баласы басы таз, шөккен түйеге міне алмайтын ынжық біреу
екен. Оны көрген Зағипа қатты қайғырады. Күндіз-түні зарланып, өлеңмен мұңып
шағады. Екі құдада есеп бар. Төлегенде мал бар да, жері тар, Әбдіде қыз да бар,
жер де бар, бірақ мал аз. Осындай «сауданың» салдары Зағипаны бақытсыздыққа
иттермелейді. Ашынған қыз сияздың басы-қасында жүрген Абайға өлеңмен хат жазып,
қамқоршы болуын өтінеді. Абай Төлеген мен Әбдіні көндіре алмайды. Ескі салт
санасына әбден сіңген қыр қазақтары қыздың көз жасын қайтсін, «қай қыз малға
сатылмай жатыр» деп жүре береді. Абай орыстың заңына жүгіну жөн деп табады.
Зағипаның өтініші бойынша оязға хат жазып, қыздың қолын қойғызып, почтаға салып
жібереді. Ояздан келген бұйрық қысқа болады. «Қызға қысастық жасалмасын. Басына
бостандық берілсін» дегендер айтылған екен. Болыс Тәңірберді қыздың әкесі
Әбдіні шақыртып, ояздың бұйрығын көрсеткенде, Әбді тулап бір кетеді. Содан, «ауылы
аралас, қойы қоралас» адамдар бір-біріне жауыға бастайды. Тәңірберді бұл жолы
Абаймен ақылдаспай, «Әбді орыс ұлығының бұйрығын орындамады. Үкіметке қарсы
адам» деп болыстың мөрін басып, жоғарыға хат жөнелтеді. Өкінішке орай, Әбдінің
адамдары почтаны тонап, Тәңірбердінің хатын жойып тынады. Қазақ даласында талай
сорақылық болып жатса да, үкімет почтасына шабуыл жасау кездеспеген жайт еді.
Іс насырға шауып, Әбді жағында болған 12 жігіт итжеккенге айдалады. Бұл қалың
тобықты руын дауылдай шайқалтқан жағдай болады. Жұлқысып жатқандар бөтен емес,
төрт-бес атадан қосылатын ағайындар еді. Бұған Абай қатты қиналады.
Айдалғандардың ішінде Абаймен сыйлас, азаматтығы мол ағайынды Базаралы, Балағаз
сияқты кедей жігіттер бар болатын.

         Он екі бірдей
туысы сотталған соң Бөжей Құнанбай 
балаларына қатты өшігіп, Тәңірберді мен Абайдың үстінен ұлықтарға
шағымды боратады. Ойлары - болыстықтан күдер үздіру. Әлі жас қой деп Ысқақты
арызға қоспайды. Содан, ояз келіп, еліңді басқара алмадың деп Тәңірбердіні
болыстықтан босатады. Құнанбай Абай болыс болсын десе, ұлықтар оның үстінен де
шағым көп дейді. Құнанбай ендеше Ысқақты ұсынамын деп отырып алыпты.

Бөжейлер миғынан күліп тұрады. Ояз ауылнайды алдырып үй
кітабына қараса, Ысқақ Құнанбаевтың жасы жеткен болып шығады. Сөйтіп, бұл жолы
Құнанбайдың аты тағы да озып, Ысқақ болыс болады. Қарсы жақ Құнанбай баласының
жасын өсіріп жазды деп өзеурегенмен ештеңе шықпайды. Бұл жолы да негізгі билік
Абайдың қолында.

          Абайдың ел
билеу әдісі Құнанбайдан өзгеше болса керек. Ол бұған әдейі барады. Әкесі
қарамағындағы халықты ықтырып, бұқтырып ұстаса, Абай достықпен, ақылдасумен,
көпті жинап кеңесумен басқаруды жөн санайды. Тобықтының әр атасынан басшы
адамдарды ішке тартуға кіріседі. Осылайша сәл-пәл тыныштық орнап, Ысқақ алты
жылдай болыс болады. Бұрынғы жауыққан Жігітек, Көтібақтар (Тобықты руының
тармақтары) тарапынан қарсылық көрсетілмейді. Алайда Ысқақтың мерзімі бітіп,
сайлау болғанда Жігітек, Көтібақтардың айла-шарғысы нәтижесінде Оспан Құнанбаев
өтпей қалып, Күнту болыс болады. Оспан мықтап кектенеді. Сайлауды басқарған
Абай інісі Оспанға бұрмай, елубасылар салған шараға қарай байлау жасайды. Осы
сайлауда Шөкей деген қызды сүйгеніне қосып, оған зорлық жасамақшы болған бес
жігітке айып төлеттіреді. Яғни, қыздың әкесі алып қойған қалыңмалдың орнын,
яғни, бұрыңғы құдаларға бересіні жаңағы бес бұзақы жігіт толтырады. Бұл қазақ
дау-шарында бұрын кесдеспеген кесім болады. Абайдың әділ би деген аты шыға
бастайды.

          Қүнту болыс
сайланғаннан кейін Абайдың мойыны біраз босағандай болып, кітапқа үңіліп, кейде
оңаша ойға беріліп, қағаз-қаламға үйір болып, анда-санда ел аралауды машық
етеді. Отыз жасқа жаңа келген Абайдың жақсы деген аты Орта жүзге тарап кетсе
керек. Оны өте алыстағы ауылдар да біледі екен. Нөкерлерімен сапарда
жүргенінде, Орда деген таудың бөктерін жайлайтын Бекей, Шекей атты ағайынды
адамдардың ауылына тап болады. Он жыл өтсе де Тоғжанды ұмыта алмай жүрсе керек
Абай.

         Әйгерім!..

         Иә, содан
Бекей, Шекейдің ауылына келсе, күйеу қабылдап жатыр екен. Шекейдің қызы
ұзатылмақшы. Абайлар жасы үлкен Бекейдің үйіне түседі. Күйеулер мен қалыңдық
бастаған қыз-қырқын Шекейдің үйінде сауық құрып жатады. Бір уақытта сызылта
салған ән естіледі. Күмістің сыңғырындай таза дауыс әннің иірім-қайымдарын
нәшіне келтіріп, кешкі ауаны дірілдетіп жібергендей болады. Абай қыбыр етуге
шамасы келмей, алға ұмсынып, көздері жасаурап, тынысы тарылып, жанындағы
жолдастарына: «Сол ғой, өзі ғой Тоғжанның. Құдай кезіктіретін болды-ау, ақыры»
деп үздіге сыбырлайды. Жолдастары: «Тоғжаның не, ол ендігі сарықарын бәйбіше
болды ғой. Және оның ұзатылған елі мүлдем басқа жақта емес пе? Мынау балауса
қыздың даусы ғой», - деп басу айтады. Абай оған көнбей, өз дегеніне бағып,  көрші үйге бармақшы болады. Серіктері Абайдың
ақыл-есіне зақым келмеді ме екен деп дағдарып қалады. Жалынғандай болып, әрең
көндіреді. Іштерінен «Абайша ғашық болу біздің қолымыздан келмес» деп
пайымдайды олар.

          Дес
бергенде, Бекей баласын жұмсап, інісі Шекейдің үйіндегі жастарды өз үйіне
шақыртады. Абайда ес жоқ. Демі дірілдей шығып, қыбыр етпей, есікке қадалып
отырып қалады. Арқан бойы жердегі киіз үйден жігіт-желең, қыз-қырқынның шыққаны
естіліп тұрады. Еркін әзіл-күлкі, қыздардың шолпысының сыңғыры, «құдаша, құда»
деп үздіккен сөздердің үзігі отырғандардың құлағына шалынып жатады. Күйеулерден
бұрын былайғы жастар кіріп, тымписып іргеге таман қатарласа орналаса бастайды.
Іштерінде уақай-соқай балалар да бар екен. Жұпынылау киінген күйеу жігіт пен
күйеужолдас кіреді. Абай бәріне көз тоқтатып қарап отырады. Есіл-дерті Тоғжан
ғой оның. Әлі жоқ, көрінбейді сүйгені. Бір кезде сұңғақ бойлы, киімдері келісті
екі қыз шолпылары сыңғырлап, баппен ішке енеді. Біреуінің ұзатылатын қыз екені
бірден көрініп тұрады. Абай екінші қызға ішіп-жеп қоярдай қадала қарап,
Тоғжанға тән өзіне өте ыстық белгілерді іздейді. Жоқ, бұл Тоғжан емес-ті.
Тоғжанның беті алқызылданып тұратын. Бойы аласалау, денесі толықтау болатын.
Мына қыз болса, бойы сұңғақ, денесі талдырмаш, өңі аппақ қарды еске түсіргендей
екен. Абай дала қыздары арасынан мұндай ақ өңді адамды бұрын-соңды көрмеген
болатын. Өңшең қоңыр боталар арасындағы сүттей ағы дерсің. Жайлап көз жүгіртсе,
қасындағы жолдастары да аңырап отырып қалыпты.

          Өз сұлулығын
сезінген қыздардың «мені көре түс, көзіңді қанықтыра түс, қандаймын, ә?»
дегендей қылық танытып, көлбеңдеп жүріп алатыны болады. Жоқ, бұл қыз ибалы екен,
Абай бастаған бөтен қонақтарға көздерін төңкере бір қарап өтіп, басын иіп
амандасу ишарасын жасады да, жарылып орын берген жастардың ортасына, ұзатылатын
қыздың жанына сондай бір екінің бірі байқай бермейтін сәндікпен келіп отырды.

      - Балалар, мына
тойымызға алыс елден құдайы қонақтар келіп қалды. Абай мырзаны көрмесеңдер де,
атын естіген боларсыңдар. Біздің елге аға сұлтан Құнекеңнің, Құнанбай мырзаның
есімі әуелден белгілі ғой. Бұл жігіт сол Құнекеңнің бел баласы, - деп қысқаша
таныстырып өтті Бекей. Абайдың атын естігенде, аппақ қыз ағы ақ, қарасы қара
үлкен көздерін жарқ еткізіп, өзгелерден бітімі, кескін-келбеті бөлектеу
жігітке, яғни, Абайға ұзағырақ қарап қалды. Бұл қараста бәрі бар болатын.
«Абай, Абай деп жұрттың аузынан тастамайтыны сен екенсің ғой. Басың, мойның,
бүкіл денең бірге құйыла салған ба, немене? Көздерің қандай үлкен еді - он
адамға жарайтындай екен. Неге ішіп-жеп қарайсың маған. Ойлысың ба, оясызсың ба,
кеткеніңше білінер. Мүмкін, ата даңқына семірген әңгүдіктердің бірі боларсың».

        Қыздың көздері
арқылы сездірген ойын Абай жақсы түсінді. Бұл да «көрерміз, білерміз кім
екеніңді» дегендей, қызға көз тоқтата қарап отырды. Содан сауық қайта жалғасты.
Дегбірсіздеу балақыздар мен бозбалалар ауылдың алты ауызын айтып, күйеужолдасты
мазалай бастады. «Сосын кезек құдайы қонақтарға беріледі» деп ескертіп жатыр.
Абай  болса, атын әлі білмейтін аппақ
қыздың лебізін күткендей. Күйеужолдастың бірсыдырғы жайлы даусы бар екен. Арғын
арасына кең тараған бір-екі әнді айтып барып тоқтады. Домбыраға шорқақтығы
байқалды. Жастар жағы томсарып отырып қалды. Анау үйдегідей желігу, желпіну
атымен  жоқ. Мүлде басқа адамдар сияқты.

         - Әй,
кәрі-құртаңдар, біз неғып отырмыз мұнда? Жастарды ұялтпай, Шекейдікіне барайық.
Ал бір-біріңді өздерің қонақ етіңдер. Біз бөгет болмаймыз, - деп Бекей орнынан
көтерілді. Оған ілесе тойға шақырылған төрт-бес отағасы мен сол қарайлас
бәйбішелер аяқтарына мінді.

        - Ал енді
кеңірек отырайық. Бердібай, сен ас-су жағын басқар. Жеңгелеріңе бас-көз бол, -
деп аппақ қыз он үш-он төрттегі балаға бұйыра сөйледі. Сірә, інісі болар.

          - Жақсы,
Шүкімән, жақсы. Оған қам жеме. Одан да ән бастап, сауықты қыздырайық та! - деді
ішкі-сыртқы шаруаға пісіп қалған жеткіншек.

          - Кезек
қонақтарға келді ғой. Қалың тобықты елін аузына қаратқан Абай мырза отыр
ортамызда. Тыңдайық лебізін, - деді Шүкімән қыз майда дауыспен.

          - Дарияның
қасынан құдық қазба деген бар ғой. Мана көрші киіз үйден шыққан дауысқа қатты
елітіп отырған жайымыз бар. Сол кісі біраз ынтығымызды басса, қалай болар? -
деді Абай бір ырғалып алып, ашық үнмен.

          - Әйел жолы
жіңішке деген. Жолдық сіздерде! Таң атқанша қалаған адамыңыз қарап қалмас. Тек
анау ошақ басында жүрген жеңгелеріміздің бірі болып, үлкен үйде ән салуға ұялып
жүрмесе, - деп Шүкімән әзілдің артын буалдырландырып жіберді.

         - Бибі мен
бикешті айыра алмасақ кім болғанымыз, құдаша. Мен бірдеңе білсем, біз күткен
әнші ошақ басында емес, дәл осы арада отыр, - деді Абай Шүкімәннің әзіліне
елпеңдей ерген сыңай танытып.

        - Абай мырза,
сіздің елмен қыз алысып, қыз беріскен жоқ сияқты едік. Қыз көрінсе, құдаша
дейтін әдетіңіз бар-ау, шамасы, - деп Шүкімән езу тарта күліп, жеңіл әзілін
жалғап жіберді.

         Абай сөзден
тосылғанын білді, «мына қыздың көркіне ақылы сай екен» деп ойлап үлгерді де,
басын сәл шұлғып, үнсіз отырып қалды. Абайдың қасына тегін адамдар ілеспейді
ғой. Солардың бірі сөзге араласып: «Құдайы қонақ болсақ та, қыз ұзату тойының
үстіне келіппіз. Абай осыны жақсылықтың жоралғысына балап отырған болар. Құда
болыссақ, ұл мен қыз қай елде де бар ғой» деді. Енді Шүкімән ұялып қалғандай
болды. Бұл енді атам қазақ айтқан «жақсылар ырғасып сынасады» болып шыққан еді.
Абайдың ойы ұшқырланып, бойы сергіп сала берді. Бала кезінен сыншыл болып
қалыптасқан ақыл Шүкімән қыздың тегін адам еместігін саралап үлгірген болатын.

         Көз алдына
Ділдә келді. Даусы барылдаған, ерте балабасты болып, жасы отызға жетпей жатып
бетін әжім іздері шимайлаған, тілі шайпау қосағы кім? Мына Шүкімән кім? Абай
терең күрсініп алды. Онысынан ұялып, төңірегіне қараса, қайта дуылдаса бастаған
жастар байқамаған сияқты. Тек Шүкімән қыз аса сезімталдықпен Абай сияқты
жігіттің де көңілінде қаяу болатынын сезіп қалып еді...

          Содан ән де
айтылды, күй де тартылды, көршіңмен татумысың ойыны да ойналды. Біраз бойы
үйренген күйеужолдас анайылау саналатын тақымжүгіртпе ойынын ұсынып еді,
Шүкімән ыңғай бермеді. Тіке айтып салмай: «Құданың қолы қышып отыр екен. Бұл
жерде құдатартар орынды болар» деп, ауылдың еңгезердей екі жігітін ортаға
шығарды. Олар күйеужолдасты бас салып, арқанмен шырмай бастады. «Күйеу жүз
жылдық, құда мың жылдық деген.  Құда
жағының төзімі, мінезі қандай екен» деп жігіттер қолдарын батыра қимылдап
жатыр.

         Абайдың
назары үнемі Шүкімәнде болды. Қонақ атқару рәсімін шебер меңгерген екен.
Әркімге лайықты әзіл айтып, сөздің ретін табатын ұшқыр ойдың адамы боп шықты.
Абай көңіліне тағы бір мазасыздық кіре бастады. Тоғжаннан мүлдем күдер үзгенін
сезінді. Алайда мына қыздың бейнесі әлі де болса жүрек түкпіріне орныға
қоймаған болатын.

         Абайлар таңды
көздерімен атырып, ертеңгілік қыздың ұзатылуын күтпей, аттанып кетті.

         Бекей
ақсақал:

         - Сөзің түзу,
көзің нұрлы адам екенсің, Абай балам. Біз ел тізгінін ұстап көрмеген, қолы
қысқа, аз атадан тараған ұрпақпыз. Енді жолың түсе қалса, жатсынбай келіп
жүргейсің, - деп батасын беріп, бетін сипады. Шүкімән болса, жастардың арасынан
бөлініп шығып, тақау келіп: «Қош сау болыңыз, Абай мырза, екі-үш үйлі аулымызда
өткен бір жақсы басқосуды сіз ұмытарсыз, ал біз есте ұзақ сақтармыз» деді.
Абай: «Ат аяғы тентек деген, келерміз. Осында бір қимас затымды тастап бара
жатқан секілдімін» деп айтып салды. Қыз түсінді, екі беті ду етіп, қызарып
кетті...

          Абай жол
үстінде Шүкімән қыз туралы ойлаумен болды. Сырт сымбаты мен мінезінен мін
таппады. Әншілігі қандай! Ол ел аралай жүріп, әйел заты арасынан мұндай өнер
иесін кездестірмепті. Оның көңілі Шүкімәнға қатты ауады.

          Абайдың
бәйбішесі Ділдәнің келіншек болып түскеніне он төрт жыл. Осы мерзім ішінде алты
құрсақ көтеріп, Ақылбай, Әкімбай, Күләнден, Райхан, Абдырахман (Әбіш), Мағауия
атты балаларды дүниеге әкелді. Ділдә саркідір қатын болып қалған еді. Тез
қартайып бара жатты ол. Иә, содан Абай сенімді жігітін жұмсап, Шүкімән қыздың
тамырын басып көреді. Қыз қарсы емес, тек айттырылған жері бар. Бұл жағын,
яғни, қыз айттырған жақтың қалыңмалын артығымен қайтару жұмысын достары
реттейді. Сөйтіп, Абай бір күні Шүкімәнді өз ауылына алып келеді. Обалы не
керек, шайпау мінезді Ділдә шу шығармайды. Қайта: «Абайға бала тауып берем деп,
күндіз-түні келіп жататын қисапсыз қонағын күтем деп, әбден титықтадым. Енді
Абай жас тоқалымен бар «қызықты бірге көрсін» деп жариялайды.

          Шүкімән -
сынық мінезді, ұяң, қайырымды адам. Ағайын-туыс, көрші-қолаң, жалшы-малшыға
жұғымды болады. Сәл ыңғайы келсе, бай үйдің сылп-сылп шаруасында жүрген
кедей-кепшіктерді жинап, қонақ етуді әдетке айналдырады. Ас-суды өзі қамдап,
тіпті ән шырқап,  әлгілерді қатты
ризалайды. Аса мұқтаж адамдарға киім-кешек, киіз-алаша, жүн-жұрқа сияқтыларды
тарынбай беретін болады. Содан Абай үйіндегі жас келін керім, ай, керім делініп
жүріп, Шүкімән Әйгерім атанып кетеді. Көп кешікпей Тұрағұл есімді бала дүниеге
келеді. Ділдә: «бай сенікі, бала менікі» деп Тұрағұлды бауырына салып, бала
етіп алады. Иә, өмір осылайша жалғаса береді.

 

V

 

          ...Далада
тағы бір үлкен дүрбелең басталады. Бұдан бірнеше жыл бұрын итжеккенге айдалған
12 жігітек азаматы хат арқылы туыстары Күнтудың болыс болғанын естиді. Шамалары
келгенше азық жинап, бір түнде қашып шығады. Әйтеуір Семейді бағытқа алып,
бірнеше ай жүріп, арып-ашып, ел шетіне ілінеді. Содан жігітектің
баскөтергендерімен хабарласып, тау ішін паналайды. Өшіккендері - Құнанбай
балалары, атарға оғы жоғы - Тәңірберді болса керек. Содан Тәңірбердінің жылқышыларын
байлап тастап, 400 жылқысын алады. Әр үйге таратып, сойып береді. Малжанды
Тәңірберді сақалын жұлып жылап, Абайға келеді. Абай: «Есіңде ме? Баяғыда, болыс
болып тұрғаныңда, менімен ақылдаспай, көзіңе қан толып, 12 азаматты, түбі бір
туысыңды жер аударттың. Енді олар өш алмай қайтеді? Сен тым қатыгездік істедің.
Енді атысып-шабыссаң, малдан да, қалған болмашы абыройдан да айрыласың.
Ұлықтарға жүгінгенің жөн» десе керек. Бұл дүрбелеңнен қарау ойлы Тәңірберді
пайдаға қалады. Билердің шешімі бойынша, жігітек жағына 400 жылқының орнына 800
бесті кесім жасайды. Яғни, бір жылқы 14 тоқтыға бағаланса керек. Мұның үстіне
барымтаға қатысқан жігіттердің 20 мініс аты да айыпқа алынады. Жігітек қатты
күйзеледі. Көбі кедейліктен жайлауға көше алмай қалады. Отыз азаматы аштықтан,
аурудан қайтыс болады.

          Осы
дүрбелеңнің салдары бүйірінен шығып, Күнту болыстықтан босатылып, кандидаты
Асылбек Сүйіндік баласы оның орнына отырады. Асылбек Тоғжанның ағасы, Абаймен
көңілдос адам екен. Істің насырға шабатынын алдын-ала сезген тобықтының тағы
бір жуаны, бес мың жылқысы бар Оразбай «үй ішінен үй тігіп», біраз старшын елді
бөліп алып, өз алдына Шыңғыс болысын құрайды. Приговор жасап, мөрін Күнту болыс
басқан болатын.

         Иә, сол бір
кезде бір дүйім ел үшке бөлініп, жаңағы Шыңғысқа Арап Абралы баласы (Оразбайдың
күйеу баласы), екінші болыстыққа Молдабай Бұдан баласы, елдің тағы бір
пұшпағына Оспан Құнанбай баласы болыс болып сайланады. Ілгеріректегі сайлауда
Оспанға қарсы дауыс бергендер Оразбайдың бастауымен жаңа болысқа бірігіп,
Оспанға ұстатпай кетеді. Табиғатынан бірбеткей, ожар, әпербақан Оспан болыс
қатты кектенеді.

         Абай үшін
тағы да мазасыз күндер басталады. Ағайын арасы азып, барымта-қарымта, дау-шар
өрши түседі. Құнанбай болса, биліктен қалған. Қалың тобықты елінде мұсылманша
және орысша оқыған Абайдан басқа ешкім болмаса керек. Оның үстіне ол - ақыл-парасаты,
әділдігімен алыс-жақынға белгілі адам. Және де ата-баба, әкесі тобықтыны
билеген шонжарлар болғаны мәлім.

         Болыстық
сайлаулар одан әрі ұласып, Қоңыр-Көкше деген елге ояздың тағайындауымен (сайлау
емес, назначение) Абай болыс болады. Қызылмола болысы - Ысқақ. Сөйтіп,
Құнанбайдың үш баласы - Оспан, Абай, Ысқақ болыс болып тұрады. Ырғызбай,
Өскенбай тұқымдарының әңгүдік, мақтаншақтары бұған едәуір малданып қалады.

         Абай елді
әділ басқаруға күш салған сыңайлы. Інілері Оспан мен Ысқақтан да осыны талап
етеді. Бұрын жауласып, кектесіп жүрген ағайындарын мәмілеге, достыққа шақырады.
Абай даладағы ең  кесірлі іс - ұрлықты,
яғни, мал алуды тиюға күш салғанға ұқсайды. Бұл бағытта ол  ешкімді, тіпті емшектесін де аямауға серт
береді. «Ұрының арты қуыс» дегендей, тақымы да, тоқымы да кеппейтін ұрылар
мықтап үрейленіп жүреді. Содан Абай ұрлықтың тамырына балта шабу мақсатында бай
болса да ұры ұстайтын Бедей дегеннің ауылында сияз жасамақ болады. Ол кезде
кінәсі, күнәсі көп адамдарды шығындандыру, ықтыру мақсатында соның ауылдарында
сияз өткізетін үрдіс бар екен. Мысалы, Абай болыс болған елдің ішіндегі бес
старшын ел, яғни, 500 үйдің үшеуі ғана ұрлыққа қатыспайды екен. Ал қалған 497
үйдің барлығы ұры, ұрыға ат беруші, ұрыны сүйеуші болса керек. Осыны анық
білген Абай бұл ауылға 13 биін ертіп, қаһарланып келіпті. Нәтижесінде, сияз
барысында Абай әділ төрелік жасап, ұрыларға үлкен айып төлетіп, зәбір
көргендердің есесін қайтарады. Алыс елдердегі мал алдырған адамдар Абайдың
төрелігіне риза болып, көп-көп алғыс айтады. Абайдың жақсы аты жоғарыдағы орыс
ұлықтарының құлағына жеткенге ұқсайды. Олар қалың қазақ арасында өркениетті
қолдайтын ақылды адам табылды деп өзара әңгіме етіседі. Әрине, орыс ұлықтары
Абайды патша үкіметінің саясатына жегуді ойлайды. Оның халық жанашыры, көсемі
болуын қаламағаны белгілі.

           Бір қыс
өтіп, жаз шыға Қарамола деген жерде 5 ояз елдің басын қосқан төтенше (чрезвычайный)
сияз өтетін болып, төңірекке хабар таратылады. Сол шамада дуан деген ат
өзгеріп, ояз, облыс деген әкімшілік бөліктер құрылған болатын. Қазіргі өлшеммен
алсақ, ояз дегеніңіз шағын бір облыстың көлеміндей аумақты алып жатады. Ал
облыс деген қазіргі үш-төрт облыстың шамасындай болса керек. Содан Зайсан,
Өскемен, Семей, Қарқаралы, Павлодар, яғни, бес ояздың болыс-билері, «шынжыр
балақ, шұбар төс» шонжарлары, байлар, атқамінерлер, пысақайлар, «қара халық»
өкілдері бас қосады. Бес ояз, яғни, бір облыстың келелі кеңесіне сары ала
шекпен киген жоғары лауазымды ұлықтар, жүнін жұлған тауықтай шілмиген
хатшы-тілмаштар, мұрттары едірейген пристав, урядниктер, ешкікөзденген
атарман-шабармандар, есік күзеткен стражниктер, тағысын-тағылар қаптап жүрсе
керек. Сиязға ұзын саны 10 мыңдай халық жиналыпты. Аталған бес ояз елдің
қоныстары бір-бірінен шалғай болғанмен, мал ұрлау, қыз алып қашу, ұрып-соғып
кету үнемі болып тұрса керек. Соның ішінде Семей оязына қарайтын тобықты, яғни,
Абай елі дүмді, зорлықшыл, ұрлығы басым екен. Тобықтыда есесі кеткен ел
араларынан 35 би шығарып, Рақыш деген болыс, байды бас етіп, ұйымдасып алады.
Келген ұлықтардың көзін жеткізіп, тобықты ұрыларын көрсетіп, бұл зорлықшыл елді
күл-талқан етпекке уағдаласады. Иә, төрт ояз ел біріксе, оған Семей оязындағы
басқа рулар қосылса, төрт болыс тобықтыны тоз-тоз ету бұйым болсын ба, тәйірі!
Жаңағы ұйымдасқан топ ара ағайын Әділхан деген ақылды ақсақалға өз ойларын
білдіреді. Тобықтының ендігі басшысы Абай ғой, осы төтенше сиязда оны құртып
тынамыз деп, ұлықтарға көл-көсір шағым түсіргендерін айтады. Әділхан Абаймен
сыйлас, көңілдос, ақыл-парасаты мол адам болса керек. Ол былай дейді: «Төрт-бес
ояз ел бас біріктірсе, бір шөкімдей ғана тобықты руын құртып жібере алады.
Малын тігерге тұяқ қалдырмай айдап алуға болады. Абайды да сүріндіру қиын емес.
Сонда ақылды азаматынан, күнкөріс малынан айырылған  аш, арық халық осы қазіргі орнында қала ма,
әлде бір жаққа жер аударыла ма? Осында қалады! Сонда ай-күннің аманында, тоқтықта
ұрлық жасап тыным бермейтін тобықты ашынғанда, ашыққанда іргелес елдердің
басына әңгіртаяқ ойнатпай ма? Малыңды талап, сабаңның аузын ұстамай ма?» дейді.
Топ басшысы Рақыш шошып кетіп, енді қайттік, Әдеке, бір амалын табыңыз деп
жалынады. Сонда Әділхан ақсақал: «Менен ақыл сұрасаңдар, Абайға барайық, барлық
жағдайды айтайық, мен білетін Абай болса, ол әділдігіне барады, ағайынына
бұрмайды. Осы сияздың төбе биіне Абайды өздерің ұсыныңдар» дейді. Билер шу ете
қалады. «Ойбай-ау, тобықтымен дауласқалы отырып, сол рудың басшысын қалай төбе би
сайлаймыз. Қанына тартпай тұра ма?» деп, шыр-пыр болады. Содан біраз кеңесіп,
Әділханның айтқанына тоқтап, шұбырып Абайға арнап Оспан тіктірген ақ ордаға
келеді. Әділхан ақсақал мән-жайды Абайға түсіндіреді. 35 би мен Рақыш болыс
оның айтқандарын қостайды. Сөйтіп, жандаралдың бұйрығымен бес ояз елі бас
қосқан атақты Қарамола сиязында Абай төбе би болып бекітіледі. Мұндай дәрежеге
Абайдың ата-бабасында ешкім жетпеген болатын. Ол, әрине, жауапкершілік салмағын
өте терең түсінеді.

        Жандарал
Абайды оңаша қабылдап, қазақ ортасындағы дау-шарды, талас-тартысты қалай бітіру
керектігі, әділ билік айту мәселелері төңірегінде көп-көп ақылдасып, әңгіме-дүкен
құрады. Абай өз тарапынан қазақ халқының Ресей империясына қарамай тұрған
кездердегі тапқыр, ақылды, ел қамқоры болған адамдардың, билердің, ақсақалдардың
сөздерін, жол-жобаларын, айтқан биліктерін түсіндіреді. Бүгінгі патша ұлықтары
шығарған «Степное положение» Заңы мен қазақтың бұрынғы салт-санасы арасындағы
қайшылықтарды бұлтартпас мысалдармен ашып көрсетеді.

          Жандарал көп
оқыған, білімді адам болса керек. Абайдың айтқандарына ден қойып, ой елегінен
өткізеді. Нәтижесінде, орыс заңы мен қазақтың дәстүрлі жол-жобасын негізге
алып, зерттеп екі жаққа да тиімді құжат, яғни, жаңа заң жобасын даярлауды Абайға
жүктейді. Бұл да бұрын-соңды болмаған жағдай еді. Содан Абай осы жұмысқа
беріліп, кейін қалың қазақ елі пайдаланған 92 баптан тұратын Заңның жобасын
әзірлейді. Бұл Абайдың Ресей империясы көлеміндегі ірі қоғам қайраткері
дәрежесіне көтерілгенінің белгісі еді.

        Сиязға
оралайық. Төбе би Абай тобықты алған малымыз бар дегендердің айтқандарын мұқият
тексеріп, дәлелденгендеріне өз туыстарына малды қайтарттырады. Жер дауы, жесір
дауы сияқты қазақ арасында кең тараған келеңсіз жайларды да орнымен оң шешеді.
Сөйтіп, бір болыс көлеміндегі сиязда қырық пышақ болып тарайтын қыр халқын бес
ояз, яғни, елу болыс бас қосқан үлкен сиязды талас-тартыссыз өткізіп, жұрттың
алғысын алады. Мұндай көлемдегі ұлы жиынның бейбіт тарқауы бұрын-соңды болмаған
құбылыс ретінде бағаланады. Абайдың аты Орта жүзден асып, Ұлы жүз бен Кіші
жүзге тарайды.

        Абай екі
жылдай болыс болып, өзі арыз беріп босайды. Атағы бүкіл қазақ даласына мәлім
болса да, өз туыстарының толастамас дау-шары оны қатты қажытқан болатын.

 

VI

 

         ...Абай ел
билеу жұмыстарынан шеттеп, қыс түсе Семейге келіп, тағы да білім-ғылым жолына
түседі. Кітапханада болып, орыстың классик жазушыларының шығармаларын оқуға
бойұрады. Петербург, Москва қалаларында шығатын газет-жорналдарды алдырады.
Семей қаласына жер аударылған орыс зиялыларымен достасып, жиі-жиі сұхбаттасатын
болады.

         Абайдың
балалары өсіп қалған еді. Үлкендері Ақылбай мен Әкімбай басқа үйлерде
тәрбиеленгендіктен Абайға баладан гөрі, іні іспетті болса керек. Абай Әбіш
(Әбдірахман) пен Мағауияны оқытуды ойлайды. Әбіш Семей қаласындағы төрт жылдық
«Приходская школаны» жақсы бітіріп шығады. Інісі Ысқақтың Кәкітайын бала етіп
алып, оны да оқуға береді. Мағауия да Семейде оқиды. Әбіш Түмен қаласындағы
реальное училищеге түседі. Мағауия жасынан аурушаң болып, оның жанына жас ақын
Көкбай Жаңатай баласын жолдас етеді.

          Абайдың
Семейде танысып, достасқан орыс зиялылары Михаэлис, Гросс, Долгополовтар терең
білімді адамдар болса керек. Тіпті Долгополов Ресей Мемлекеттік Думасының
мүшесі болған кісі екен. Жаңағы аталған адамдар университет түгел, орыс
мектебінде ең болмаса бір жыл толық оқымаған Абайдың жан-жақты терең біліміне
таңданыс танытады екен. Бірде Семейге миссионерлік жұмыспен орыстың көрнекті
дінбасы келіпті. Мұндай лауазымдағы адамдар бұл жаққа тіпті ат ізін салмайтын
болса керек. Әлгінің ойында қазақтарды шоқындыру ісі болған сыңайлы. Сол
дінбасы Семейдегі лауазымы төмен әріптестеріне: «Маған мына қырғыз-қайсақ
дейсіңдер ме, қазақ дейсіңдер ме, ішінен өз дініне берік, білімді біреуін тауып
әкеліңдер. Әуселесін көрейік. Империядағы басқа бұратана халықтарды шоқындырып
бола келдік. Енді шығысқа көңіл аударғалы отырмыз» дейді. Содан қала, далаға
хабар таратылады. Қазақтың баскөтергендері әбден сасады. Сәлдесі дағарадай
хазіреттер мешіттерінен шыға алмай қалады. Бай, болыс, билер бас қосып, келелі
кеңес құрады. Жолдықты хазіреттерге береді. Өз араларынан біреуді таңдауды
ұсынады. Олар азар да безер болып, мына келген дінбасыны біз сырттай білеміз.
Бұл дүниежүзін көп аралаған адам. Білімі - мұхит. Патшаның дін істері жөніндегі
бас кеңесшісі. Біз жеңіліп қалсақ, ел алдында қарабет болып, мұсылман дінінің
беделін түсіреміз деп келісім бермей, тіресіп отырып алады. Абайға бір беделді
адам шапқыншы болып барады. «Осылай да осылай, тағдырымыз таразыға түсіп тұр.
Петербургтен патша жіберген тажалмен тіресетін адам таппай, бүкіл Семей оязының
атқамінерлері сізге арқа сүйеп отыр», деп 
мән-жайды түсіндіреді. Әншейінде өзін қарғап-сілеп, сынап-мінеп отыратын
екіжүзді шонжарлардың бұл пиғылын Абай ақылмен бағдарлап, байқайды. «Жеңсе,
дінімізге сауап, жеңілсе, ел алдында Абайдың асқақтаған беделі айрандай
төгіледі. Бізге керегі осы ғой» деп топшылаған болатын ел жуандары. Абай
Семейге келіп, әлгі көрнекті дінбасымен кездеседі. Бұл ерекше басқосуға шіркеулер
басшылары, мұсылман мешіттерінің хазірет, имамдары, белгілі билер, барлық
болыстар, ірі байлар, зиялы қауым өкілдері қатысса керек. Содан Абай мен орыс
дінбасы екеуі әңгімелесе бастайды. Бұл өмір, дін, тұрмыс, адамдар, саясат,
тарих, философия, әдебиет, өнер, әдет-ғұрып, салт-сана, тағы басқа ұшан-теңіз
тақырыптарды қамтыған сұхбат болады. Екі ғұлама әңгімеге берілгені соншалық,
қаумалап отырған халықты ұмытып, бір-бірінің білімдеріне айыздары қанып,
құшақтасып айырылысыпты. Өздерінше менменсігендер сілтідей тынып, үн шығара
алмапты. Семей шіркеулерінің біріндегі білімді саналатын поп Петербургтен
келген дінбасыға: «Мына халыққа өз тұжырымыңызды айтқаныңыз жөн болар еді. Сіз
кетесіз, біз қаламыз ғой» дейді. Шын ғұлама әділ болатыны белгілі. Жаңағы көрнекті
орыс дінбасы: «Дүниежүзін аралай жүріп, алуан түрлі діндер қайраткерлерімен
пікірталасқа түсе жүріп, мұндай ләззатқа кенелген емеспін. Ибраһим
Құнанбаевичке тісім батпады» дейді. Бұдан әрі қарай Абайдың атағы тіпті шырқап
кетеді. Орыс ұлықтары дала мәселесіне тірелгенде, үнемі Абаймен ақылдасатын
болады.

        Абайдың
Семейдегі орыс достары жандарм басқармасынан рұқсат алып, анда-санда Абай
ауылына қонаққа келіп қайтады екен. Ел жайлауға қонған, бір мамыражай шақта
Долгополов келіпті. Салт бойынша, Абай сыйлы қонағын алты қанат киіз үйге
түсіреді. Өзі үнемі қасында болады. Сыр, сұхбат, әңгіме дегеннің тиегі
ағытылады. Семейде қыс мезгілінде үш-төрт ай жатып кететін Абай  тірлігі қонаққа мәлім ғой. Бұл - білім, ғылым
тануға арналған уақыт. Ал Абай қалған сегіз-тоғыз айда не істейді? Ет пен  қымызға бөгіп жата ма? Сыншыл ойға бейім
Долгополовтың осыны білмек пікірі де болса керек. Абай ұзақты күн қонағымен
әңгіме-дүкен құрады. Қызу пікірталасқа барады. Кейде ән айтып, күй шертеді. Түн
баласында аздап мызғып алып, қалам алып, қағаз жазады, кітап оқиды. Яғни, миы
толассыз жұмыс істейді. Долгополов Абайдың күнделікті пенделік тірлігін де
көзінен таса қылмай, байқап, бақылап жүреді. Содан бір апта, он күндей уақыт
өтіп, Долгополов Семейге қайтпақшы болады.

          Халқымызда «сырт көз сыншы» деген сөз
бар. Абай айналадағы өзін қоршаған адамдарды әлдеқашан сын көзінен өткізіп,
әрқайсысының «бәсін белгілеп» қойған болатын. Тіпті жоғарыдағы ұлықтардың сыр,
қалтарыс, қарым, ақыл-ой деңгейі Абайға алақанға салғандай еді. Ал өзін кім
сынар, кім шын бағасын берер? Осы Долгополов!

          Абай қонағы
ертең жүрем деген күні кеште сөз түсінеді деген серіктестерін жинап, тосын
байламын білдіреді. «Мына сыйлы қонақ, сырт көз мені сынасын», - дейді. Сұңғыла
Долгополов осындай бір жайдың боларын сезген сыңайлы. Ақылды адамдар бір-бірін
қабаққа қарап түсінеді ғой. Долгополов тартынбайды: «Ибраһим Құнанбаевич, сіз
басы алтын адамсыз. Бірақ көрген тәрбиеңіз өте нашар. Соңғы айтқанымды дәлелдеп
көрейін. Сіз таңертең ұйқыдан оянғаныңызды сәл қыбырмен байқатасыз.
Көмекшілеріңіздің бірі жүгіріп келіп, төсектен тұрғызып алып, киіндіреді. Сосын
есікті ашып, сыртқа алып шығады. Құман, шлапшын, сүлгіні даярлап,
беті-қолыңызды жуғызады. Үйге қолтықтап кіргізіп, орныңызға отырғызып, жан-жағыңызды
құс жастықпен қымтайды. Тамағыңызды өзіңіз ұмсынып алмайсыз, оны біреу демеп
жіберіп отырады. Атқа мінсеңіз, бар жұмысты қосшыңыз атқарады. Ал түнде төсекке
де көмекшіңіз шешіндіріп, жатқызып, көрпеңізді жауып, аяғыңызды қымтап,
жастығыңыздың бір жағына насыбай шақшаңызды, бір жағына сүртінетін орамалыңызды
қояды. Осылайша жалғастыра беруге болады. Тыныстау, ұйықтау, тамақты жұту,
басқа да табиғат талап ететін шаруаны өзіңіз атқарғанмен, басқа қызметіңіз
кісіде», - дейді. Абай сырт көз сыншының уәжіне ештеңе айтпайды. Бұл оның
мойындағаны еді. Мен бұл жайды неге жазып отырмын? Біріншіден, Абайдың өзіне
сын көзімен қарауы әркімді де ойлантса керек. Екіншіден, Абай - өз заманының
перзенті, көрген тәрбиесі сол. Алайда ол сондай ортада өссе де ұлы ақын, ойшыл,
халқының рухани көсемі болып қалыптасты ғой. Үшіншіден, Абай өзін сынату арқылы
басқаларға ой салуға тырысты. «Ойда орыс, қырда қазақ мойындаған мен осындай
болғанда, сендер қандайсыңдар?» дегенді ишарамен білдірді.

          ...Өмір
жалғаса берді. Абай егделікке бет бұрды. Ұлдары ержетті, қыздары бойжетті.
Осылардың отбасылық жағдайлары Абайды бірде сүйіндірді, бірде күйіндірді. Әбіші
әуелі Семейде, сосын Түменде, кейін Петербургте оқып, офицер шенін алып, Алматы
гарнизонында қызмет атқарады. Келіншегі Мағрифа жас баласымен ауылда тұрып
жатады. Алғашқыда бәрі оңды болса керек. Кейінірек Әбіш айықпас дертке
шалдығады. Мұны естіп-білген Абай Алматыға шұғыл түрде Мағауияны жібереді. Тура
келген ажалға кім араша бола алады? Әбіш 1895 жылы қараша айында қайтыс болады.
Мағауия Әбіштің сүйегін уақытша аманат деп жерлеп, ауылға қайтады. Жаз шыға
Әбіштің сүйегін елге алып келіп, дәстүрлі рәсіммен жер қойнына береді.
Құнанбайдың, Оспанның, Ақылбайдың қазасын көрген Абайға Әбіш қайғысы ерекше
батып, аз күнде қартайып кетеді. Әбіш ақылы кемел болып өсіп келе жатып,
осылайша қыршынынан қиылады. Енді Мағауия ауырады. Абай күндіз-түні оның
жанынан кетпей, көрер таңды көзімен атырып жүреді. Мағауия да көп кешікпей көз
жұмады. Абай ауылы жиі-жиі аза жұтып, қара жамылған жағдайға душар болады.

          Мағауияның
қырқын берген күні ертеңіне Абай ауырып шығады. Оның сырқаты елден ерекше
болыпты. Тамақ ішпейді, жатып ұйықтамайды, ешкіммен сөйлеспейді. Үй-іші бірдеңе
десе, басын шайқайды да, үнсіз отыра береді. Сол кездерде жасы алпыстан асып,
шал болған Тәңірберді Абайдың ауырып қалғанын естіп, барылдап жылап үйге
келіпті. «Бір анадан төртеу едік, екі ініден айрылып едім. Енді мен сенің де
артыңда қалатын болдым ба» деп еңірейді. Үш-төрт күндей жақ ашпай, төсегінде тік
отырған Абай Тәңірбердіге тіке қарап отырып: «Ез күнде өледі, ер бір-ақ өледі»,
- дейді. Бұл Абайдың соңғы сөзі болады. 1904 жылдың ескіше 23 маусым күні Абай
Құнанбаев мәңгілікке көз жұмады.

          Күрделі
тұлғаның ұлы ақын, ойшыл, халықтың рухани көсемі ретінде мойындалуы оңай жолдан
өткен жоқ. Ол көп датталды, көп мақталды. Солақай саясат тұсында үстем тап
өкілі, байшыл ақын деген пікір басым түсті. Заңғар жазушымыз, ғұлама ғалымымыз
Мұхтар Әуезовтің жанкешті еңбегі нәтижесінде Абай халқына түпкілікті оралды.
Абайдың өмірі өткен күнде, өзі бізбен бірге!

 

VII

 

         Біз осынау
жазбамызда Абайдың ақындығына тоқтауды мақсат тұтпадық. Бұл баршаға белгілі
жайлар ғой. Негізінен Абайдың өскен, араласқан ортасы жайында әңгіме еткенді
жөн көрдік және де міндетті түрде айта кететін жайт - автор тың жаңалық ашып
отырған жоқ. Абай туралы оқыған-тоқығанын, зерттеп-зерделенгенін бір жүйеге
түсіріп, ұлы тұлға туралы біле түскісі келетіндер үшін осы дүниені ұсынып отыр.
Бұл кітапты Абайдың өмірі мен шығармашылығын оқытатын мектеп мұғалімдері
әдістемелік құрал ретінде де  пайдалана
алады.

        Біздіңше, аса
көрнекті тұлғалардың пенделік, яғни, күнделікті тұрмыс-тіршілігін білу әрі
қызықты, әрі ғибратты сияқты. Ендеше, Абайдың ауылдағы, отбасындағы, қоршаған
ортадағы күнделікті өмірін әңгімелеп көрейік.

        Абай елуден
асқаннан кейін берік бір уақыт кестесіне бағынған сыңайлы. Таңертеңгі сағат
8-9-дарда оянып, жуынып-шайынып келіп, сүйекті кереуеттің алдынан қалың көрпе
төсетіп, бас жағына үлкен жастық қойғызып, сол жерде отырады екен. Киімі - қара
жолағы бар ұзын ақ жібек көйлек, сондай матадан тігілген кең ішкиім, басында
сырып тіккен тақия. Ал үй салқындау болса, арқасына жеңіл шапан жамылады.
Алдына аласа дөңгелек стол қойғызып, шайды соған жасаттырады. Қант салған екі
стакан салқын шай ішіп, үш-төрт бауырсақ пен екі-үш жапырақ тоңазытқан ет жеп
тоқтайды. Шай ішіліп болған соң, столға жаңадан дастархан жабылып, оқитын
кітабы, қағаз, қалам, қарындаш, шойын қара сағат, әріптерді үлкейтіп көрсететін
томпақ шыны, насыбай салған мүйіз шақшасы қойылады. Абай шай ішіп болды-ау
деген шамада шаруасы барлар кіре бастайды екен. Ол келген кісінің бетіне тура
қарап, «не жұмысың бар, айт» дейтін көрінеді. Яғни, көп тостырмай, ісін бірден
тындырып жіберетін болған. Ал келген кісі шаруасын бірден айтпай, кібіртіктесе,
қонақ үйге айдап тастап, көпке дейін бұйымтайын сұрамай, сөйлеспей қояды екен.
Сондықтан алыстан келгендер жұмысын айтып, тез аттанып кететін болса керек. Ал
шеттен келген мұндай адамның ауылы шалғайда болса, Абаймен әңгіме-дүкен құруға
жарайтын болса, екі-үш күн аялдатып, қонақ ететін көрінеді. Қонақ дегеннен
шығады, Абай ауылына тәулігіне шамамен он бес-жиырма сыйлы адамдар келетін
көрінеді. Үш күнде бір жылқы, күн сайын бірнеше қой сойылады екен. Дәулеті
осыған молынан жетіп тұрыпты.

          Абай бай
болған ба? Ділдәға үйленгеннен кейін баласына Құнанбай екі жүз қой, елу жылқы,
он түйе енші бергенін жоғарыда айтқанбыз. Абай сияқты қолы ашық адамға бұл
бұйым болмапты. Көзі тірісінде Оспан қонақтарынан ұялып қалмасын деп сойысқа
жылқы, қой айдатып жіберіп тұрыпты. Оспан қайтыс болған соң «әйел ерден кетсе
де, елден кетпейді» дейтін әмеңгерлік салты бойынша қарашаңырақта қалған
Оспанның жесірі Еркежанды Абайға қосады. Ділдә, Әйгерім сияқты екі әйелі бар
Абай көнбей, көп қарсылық  көрсетсе
керек. Керісінше,  басқа ағайындары
малына қызығып, Еркежанды алуға таласады. Ақыры Еркежан қайынағасы Абайды
таңдап, екеуі қосылады. Ал Оспан ірі бай болған ғой. Сақталған кейбір
деректерде Оспан өлгенде, артында 2 мыңдай жылқы, 500 түйе, 10-15 мыңдай қой
қалғаны көрсетілген. Асыл қазына, мол мүлік өз алдына. Міне, осының бәрі
Абайдың иелігіне көшсе керек. Оспаннан ұрпақ болмапты. Демек, Абай ештеңеден
тапшылық көрмей, емін-еркін өмір сүреді.

          Абай үйде
отырғанда, солбырайып босқа отырмапты. Қайтсе де бір нәрсені қызықтап, елтіп,
әйтеуір, сәл пайдалы іске ұмтылады екен. Ең болмағанда, көрші-қолаң,
малшы-жалшыларды қонақ етіп, солардың өнерлерін қызықтайтын болған. Ән
салғызып, күй тартқызып, ертегі айтқызып отырыпты. Тоғызқұмалақ ойнайды екен.
Мысалы, Абайдың Баймағамбет есімді сыралғы атқосшысы болған. Абай орыс, шет ел
жазушыларының романдарын оқып болған соң, мазмұнын Баймағамбетке қазақша айтып
беретін болса керек. Зерек Баймағамбет бірден қағып алып, халыққа таратып жүріпті.

          Абай пайдалы
деп тапқан жаңалық атаулыға құштар, соны өмірге енгізуге мүдделі болыпты.  Оңтайлы 
киім, үй бұйымы үлгілері әуелі Абай ауылына келіп, сосын баршаға тарайды
екен. Ер-тұрман, басқа да ат әбзелдері, күйме, пәуеске сияқты нәрселердің
сәндісі Абай ауылынан табылады екен. Абай жақсы ат, алғыр ит, қыран құсқа аса
құмар болса керек. Оларды бірнеше есе құнына сатып алып, не болмаса, үстемелеп
мал беріп алады екен де, тез жеріп, көңілдос адамдарына тегін бере салатын
болған. Абайдың қолынан 250 шамалы құс өтіпті деген дерек бар. Бірде Абай қызық
үшін қатын жарыс өткізеді. Сонда Өмірбек деген көршісінің әйелі озып келеді.
Абай тарту-таралғы беру үшін әлгі әйелді іздеттірсе, байы киіз үйге қамап, өзі
есігін арқасымен тіреп отыр екен. Келген жігіттерді ұрсып, балағаттап,
қуалайды. «Оу, ақсақал, әйеліңіздің желаяқ екеніне қуанбайсыз ба? Абайдың қолы
ашық адам екенін білесіз, мүмкін, тай беріп қалар. Ол тақымыңызға тар келе ме?»
- дейді Абай жіберген жігіттердің бірі. Сонда Өмірбек: «Тайы құрысын, қажеті
жоқ. Қатынымнан айрылып қалғым келмейді. Абайлар елдегі жүйрік ат, қыран құс,
алғыр иттерді алмай қоймайтынын білесіңдер. Менің желаяқ қатыныма қызығып жүрсе
қайтем. Өздері алса бір сәрі, бір күні көңілі қалаған біреуге бере салады», -
депті. Мұны естіген Абай едәуір ойланып қалғанға ұқсайды. «Мына Өмірбек бізге
шын дос адам екен. Қателігімізді тура айтыпты. Біз тасқан екенбіз, асқан
екенбіз. Енді атқа, құсқа, итке қызығушылықты тоқтатамын. Оспан да сөйтсін», -
десе керек. Және бір әңгіме. Абай өз қасына көшіріп алып, қатарға қосқан бір
адамға кісі жіберіп, көшкенде жүк артуға үш түйесін сұратады. Анау адам
түйелерін бермейді. Сонда Абай ренжудің орнына, мықтап қуаныпты. Жұрт аң-таң
болып отырғанда, ол: «Менің мұсылманшылығым мол екен. Кекшіл емес, көпшіл
екенмін. Егер ол кісі Тәкежанға қоңсы болса, қорыққаннан түйелерін өзі айдап
әкелер еді. Менен ожар мінез шықпасын білген ғой», - депті. Абайды іздеп тіпті
алыс елдің адамдары да келеді екен. Олардың ішінде патша өкіметінің қуғынындағы
істі адамдар да аз болмаған сыңайлы. Кавказ тауын мекендейтін черкес деген
халықтың үш азаматы Абайды үш ай паналайды. Абай тілдерін түсінбесе де
әлгілерді іш тартып, ымдасып ұғысып жүреді. Сәл нәрседен ой түйгіш ақын
черкестердің шетінен ұста, зергер болып келетінін білсе керек. Сөйтіп, өз
ауылының шебер деген жігіттерін жинап, жаңағы черкестерден үй бұйымдарына күміс
қақтауды үйренуді жүктейді. Содан Абай ауылында көздің жауын алатын неше алуан
бұйым, мүлік түрлері пайда болып, кейін төңірекке тарап кетеді.

           Абай көші-қон тұсында да тәртіптен
ауытқымағанға ұқсайды. Ауыл ертең көшеді деген түнде ол ұраңқайда (үш қанатты
киіз үй) жататын болған. Ерте тұрған ел үйлерін жығып, түйеге арта бастағанда,
Абай оянып, жуынып, шайға отырады екен. Дастархан жиналған бойда Абай атқа
мініп, қозғалып кетеді. Ұраңқай тез жығылып, жүк жүрдек түйелерге артылып,
көштен озып, белгіленген жерге жеткізіліп, Абай келгенше тігіліп те болады
екен. Абай келген бойда ұраңқайға кіріп жайғасатын болған. Ұсақ балалар,
әйелдер, көрші-қолаң Абайдың ұраңқайына түсіп, ауқаттанып, киіз үйлер сосын
тігіле бастайтын болған.

          Абай
балаларының ынталыларын оқытқанын жоғарыда айттық. Енді немерелерін, барша ауыл
балаларын оқыта бастайды. Дін оқуымен қатар, нақты білімнің қатар жүруін қадағалап
отырыпты. Бірде Абай балалар оқып жатқан үйге кіріп келіп, молдаға бір қолжазба
кітап ұсынып, «мынаны да қоса оқыт» дейді. Бұл кейіннен Абайдың қара сөздері
деген атпен мәлім болған «Ғақлия» кітабы екен.

           «Абайдың
ақындық мектебі» деген ұғымды қалыптастырған Мұхтар Әуезов болғаны мәлім. Абай
өлеңді жас кезінен жаза бастаса да, қырық жасқа келгенше, өз шәкірті Көкбай
Жаңатай баласының атынан таратып жүріпті. Иә, Көкбай - Абай төңірегіндегі ірі
ақындардың бірі. Осы Көкбай кім? Ол 1864 жылы дүниеге келіп, 1926 жылы қайтыс
болған. Руы тобықтының Көкше бөлімінен. Абайдың қасында 25 жыл болып, тәрбиесін
көрген, ақынның өмірінен мол мағлұматы бар адам. Екеуінің танысып-білісуі де
ғибратты жайт.

          Көкбай жас
жігіт кезінде «серілеу, перілеу» болыпты. Қасына ақын, әнші, сайқымазақ
құрбыларын ертіп, ел қыдырып, су сыдырып жүреді екен. Дәукес, сотқар,
өпіремдіктен де құр болмапты. Содан бір кезекті сияз үстінде болыс,
ауылнайлардың мөрін алдап бастырып, жалған құжат даярлап, өз арызын қосып оязға
тапсырады. Мақсаты - басқалардың иелігіндегі 
жерді өзіне қаратып алу. Тексеріс барысында Көкбайдың өтірігі ашылып,
абыройы айрандай төгіліп, істі болады. Ояз Лосовский қатты ренжіп, соттату
қажет деп табады. Абай Лосовскиймен Семейде танысып, досжар болып кеткен адам
еді. Бұл шенеунік жасында халықшылдар қатарында болған әділ, турашыл, зиялы жан
екен. Үстіне кіріп келген Абайға Көкбайдың жайын айтып, «жиырма жасында
осындайға қолы барған адам, келе-келе нағыз бұзақы болып шығады. Дұрыс жолы -
сотқа беру», - дейді. Абай Көкбайды шақыртып алып, сыни көзқараспен сөйлеседі.
Жас жігіттің екі жанары шоқтай жанып, ара-арасында өлеңмен жауап беріп отырады.
Абай Көкбайдың болашағын бірден байқап, сотталса, қор болатынын біліп,
Лосовскийден жас жігітті кепілдікке сұрап алады. Осыдан ары қарай Көкбай ширек
ғасыр Абайдың жанында жүріп, өмірдің «қызығы» мен «шыжығын» бірге көреді.

        Жоғарыда айтып
өткеніміздей, Абай 1880-1896 жылдар аралығында өлеңге шындап бет бұрады. Бірақ
Көкбайдың атынан таратып жүреді. Тіпті Омбыда шыға бастаған «Дала уалаяты»,
«Серке» газеттерінде жарияланған бір-екі өлеңіне де Көкбайдың атын қояды.

        Содан 1886
жылы ел жайлауға шығып, Бақанас өзені бойындағы Көпбейіт дейтін жерге қонып
жатады. Абай өзін сынататын Долгополов қонақ болып келіп жатқан тұс еді бұл.
Тамаша табиғат, көтеріңкі қөңіл-күй Абайдың ақындық шабытына жел бітіріп, өлең
толғай бастайды. Бұрындары төңірегіндегі жас ақындарға арнаулы тапсырма, яғни,
тақырып беріп өлең шығартады екен. Ұнаса, сол бойда құптап, ұнамаса, турасын
айтатын болған. Әсіресе Көкбай Абай тапсырысымен көп өлең жазса керек. Мына
жайлау көрінісін жыр етіп көрші деп, тағы да Көкбайды қолқалапты. Көкбай сол
бойда өлең шығарып көреді. Қанша тырысса да Абайға ұнамайды. «Өзім жазам», -
дейді аға ақын. Біраз уақыттан соң Абай «Жазды күні шілде болғанда» деген
атақты өлеңін шығарады. Өлеңде айтылатын ат Абай мініп жүрген аяңшыл күрең
төбел ат, айқайшы шалы - көршісі Бармақ, құс салып жүрген Ақылбай, Әбдірахман
(Әбіш) атты өз балалары еді.

          «Бұдан ары
қарай Абай өлеңдерін өзі меншіктейтін болды. Маған соғымға бір ту бие берді»
деп кейінгі жылдары айтып отырады екен Көкбай ақын. Абай Көкбайға мал беріп,
өлеңдерін кері қайтарып алыпты деген сөз осыдан қалса керек.

          Абай өлеңді
қыс айларында және жазға салым өндіре жазыпты. Осындай шабытты шағында
төңірегіндегі жас ақындардың да аяқ алысын байқайтын болған. Бірде қыс түсіп,
күн суытқан шақта Абай Көкбайға қазақ халқының тарихында іздері сайрап жатқан
аталы-немерелі Абылай мен Кенесары хандар туралы ұзақ өлең (қазіргіше дастан,
поэма) шығаруға тапсырма береді. Әдетте, Көкбай Абайдың қасында ай, ай жарым
жүріп, өз үйінде бір апта, әрі кетсе он күндей болып қайтады екен. Осындай бір
«каникулға» шыққанында, Көкбай дастанын бітіріп қайтуға тиіс болады. Абай
мінезі оған жақсы мәлім. Айтқанын орындамау - өліммен тең. Бұл кезде Абайдың
аты қалың қазаққа түгел тарап, хәкім атағына ие болған-ды. Губернатордан
бастап, алыс-жақындағы болыс-билер Абаймен санаспай отыра алмайтын. Содан
Көкбай үйіне келген бойда ешқандай шаруаға мойын бұрмай, бірден өлең жазуға
отырып, дастанды 5-6 күнде аяқтап, жазғандарын жаттауға кіріседі. Түгел жаттап
үлгермей, атшысын ертіп, жетпіс шақырым жердегі Абай ауылына аттанады. Күн
болса суық. Атшысына өз атының шылбырын беріп, екі қолымен өлең жазған дәптерін
ұстап, жыр жаттауын жалғастырады. Сөйтіп, түнделетіп Абай ауылына жетеді. Абай
ауылы қонақсыз боған ба? Бір қауым жұрт дуылдасып әңгіме-дүкен құрып отыр екен.
Абайдың бір әдеті өз серіктерін бір-екі апта көрмесе де, үнемі қасында болғандай,
бірден іске көшетін болса керек. Қысқы қазақы киімімен қобырай үйге кірген
Көкбайға Абай: «Абылай келді ме?» - дейді. Бұл «келді» дейді. «Олай болса,
айт», - дейді Абай. Көкбайдың сыртқы киімдерін шешуге мұршасы болмапты.
Дастанын жатқа айта отырып, тымағын, күпісін, саптама етігін, тағы басқа
киімдерін шешіп, жанына тастай беріпті. Дастархан басындағы адамдардың назары
Көкбайда. Шай ішілмей қалыпты. Суып қалған самауыр кері әкетіліп жатыпты. Абай
бойын тіктеп, Көкбайдан көзін алмай, ұйып тыңдаса керек. Содан екі иығы
селкілдеп үшінші самаурын келгенде, Көкбай Абылай, Кенесары жорықтарын аяқтап,
Наурызбай батырға көше бастайды. Абай осы тұста Көкбайды тоқтатып, шай ішуге
шақырады.

          Абайдың
атағы алыстарға кеткенін жоғарыда айттық. Ақынның жастау кезінде Көкшетаудан
Біржан сал арнайы іздеп келіп, бір жаз тобықты елінде қонақ болғаны өз алдына
бір пара әңгіме. Төңірегіне сауықшыл, зауықшыл жандар топтасқанның әсерінен бе,
әлде табиғат берген дарыннан ба, әйтеуір, Абай ақындығына қоса композитор және
әдемі әнші болған ғой. Зерттеушілердің жазбалары бойынша келтірсек, оның 16 әні
бізге жетіп отыр. Олар - «Тәңірі қосқан жар едің сен», «Амал жоқ қайттым
білдірмей», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным», «Бойы бұлғаң»,
«Ішім өлген, сыртым сау», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Біреуден біреу артылса»,
«Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Өлсем орным қара жер», «Сен мені нетесің»,
«Ата-анаға көз қуаныш», «Сұрғұлт тұман дым бүркіп», «Сүйсіне алмадым,
сүймедім», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын». Иә, бұл әндердің сазы мен
мәтіндері ұлы ақынның, терең ойшылдың сол сәттегі көңіл-күйін ғана емес, бүкіл
өмірін, тағдырын көз алдыңа әкелгендей болады. Аталған әндерді тыңдап
отырғанда, жүрегің шым-шым етіп, көңіліңді уылжыған мұң торлап алғандай болады.
Абай өлеңдерімен, қара сөздерімен қоса әндерімен де терең ой тастайды. Абай
әндерінің әсерінен тыңдап болғаннан кейін де көпке шейін арыла алмайсың!

         Абайдың
ақындық мектебінің көрнекті өкілі - Шәкәрім Құдайбердиев. Оның еңбектері қазір
баршаға белгілі болғандықтан, әңгіме етпей отырмыз. Абайдың тұңғыш ұлы Ақылбай
да ақын. Ол Абай оқып шығып, әңгімелеп берген кітаптардың желісімен бірнеше
дастан шығарған ғой. Ақылбайдың суырыпсалмалығы да күшті болса керек. Бір ғана
мысал келтіре кетейік. Ақылбай - Абайдың он бес жасында көрінген баласы.
Құнанбайдың Нұрғанымының бауырында өскендіктен, Абайға іні іспетті болыпты.
Ақылбай бірде Абайдың үйіне келсе, анасы Ділдә көздің жауын алғандай бір әдемі
тон тігіп бітіріп отыр екен. Ақылбай қатты қызығады. Жат бауыр болып кеткен ұлына
Ділдә тонды бермейді. Содан Ақылбай табанда өлең шығарыпты.

 

                        
Қазыбек арғы атаң әулие өткен,

                            Дүниеден фәни жалған ол да
кеткен,

                        
Қиыр шеттен бір адам бабам десе,

                         Әруағы сол сағатта барып
жеткен.

                        
Бекболат туып қалды артық заттан,

                            Ол дағы қарағанын дереу атқан,

                        
Орта жүзді билеген Абылай да,

                        
Қаймығып, ақыл алған Бекболаттан.

                        
Тіленші одан туып, ел билеген,

                            Одан қорқып, арғынға жау
тимеген.

                        
Алдына барған жанға әділ екен,

                        
Тентекті лебізбенен нанша илеген.

                         Алшынбай одан туған орны басқа,

                        
Ешбір жан сөз сөйлемес жүйрік қасқа.

                            Біреуді егер сұлтан қоям десе,

                        
Теріс деп, бұза тартып шайқамас та,

                        
Онан соң мырза Жүсіп нағашы атам,

                        
Сөзімде сөкпеңіздер болса қатем.

                            Арғы-бергі атасын түгел айтып,

                            Апама осы өлеңді тонға сатам, -

 

депті Ақылбай. Мұқият тыңдап отырған Абай: «Тонның құны
жетерлік болды, Ділдә», - десе керек. Ақылбайдың өлеңіне риза болған Ділдә
көзіне жас алып, баласын құшақтап, әруақтарға тәу етіп, тонды өз қолымен
кигізіпті. Ақылбай шығарған әндер де бар.

         Абайдың
Мағауия, Әбдірахман (Әбіш) сияқты балалары да көркем әдебиетке құмар, әсіресе,
поэзияны сүйіп, түсінген жандар болыпты. Асылы, Абайдың әсері айналасындағы
адамдарға ерекше болған сыңайлы. Абай ауылының жастары ақылды, өнерлі,
өнегелілігімен дараланып тұрады екен.

          Абай заманындағы
салт-дәстүр бойынша, ақындар бір-бірін іздестіріп, танысып-табысып жататын
болса керек. Мысалы, белгілі ақын Әріп Тәңірбергенов, ақын қыз Қуандық,
Байкөкше ақын Абаймен аралас, сыйлас болып өтіпті. Осылардың ішінде, әсіресе,
Байкөкше Абайдың қасына көп еріпті. Жасы үлкен болған соң Абай оны сыйлап, Байкөкше
дейді екен. Адамға сыни көзбен қарайтын Абай Байкөкшені бірден жолдас етпеген.
Сынынан біраз өткізген сыңайлы. Бірде Абай отырған ақ ордаға Байкөкше ақын
кіріп келе жатыпты. Бір аяғы табалдырықтың бергі жағында, екінші аяғы арғы
жағында тұрғанда, Абай қатты дауыстап: «Сол қалпыңда бір ауыз өлең айт, айта
алмасаң тоқпақпен басыңда жарамын», - депті. Сонда Байкөкше:

 

                      
Ұрасың неге мені тоқпақпенен,

                      
Жүрсейші әкең жүрген соқпақпенен.

                      
Үйге келген кісіні ұрамын деп,

                      
Неге бірдей боласың ақымақпенен, -

 

депті.

Байкөкше ішке еніп, төрге озып бара жатқанда, Абай тағы да
сынау үшін екі жол өлеңді ұйқастырып, Байкөкшеге жалғастыруды талап етеді.

          Абай:

 

                       Ойпаң жерге қабындап шөп бітеді,

                      
Кей жігітке мал мен бақ көп бітеді.

 

          Байкөкше:

 

                    
Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,

                    
Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді.

Байкөкшені Абай әділ, турашыл ақын деп жақсы көріпті. Болыс
болып тұрғанында сөздің бір реті келгенде, ол Абайды да сынап жіберсе керек.

 

                   
Құрысын бүйтіп елді меңгергенің,

                       Жақсы менен жаманды теңгермедің.

                   
Күн көргенім қызыл тіл, өлең еді,

                   
Оны да сынап, мінеп жол бермедің, -

 

депті.

          Жоғарыда
Абайдың Қарамола деген жерде өткен сиязда төбеби болғанын жазғанбыз. Бұл
ақынның, ойшылдың жақсы атын алыстарға таратқан жиын болғаны тарихтан белгілі.
Нағыз ақын болғандықтан, Байкөкше көріпкелдіктен де құр болмаса керек. Жолда
келе жатқанда, Байкөкшенің өңі сан құбылып, шабыт буа бастайды. Ол түнде түс
көріп, Абай беделінің шыңға шырқайтынын біліпті. Кәрі жыны ұстаған ақынға
жанындағылар лебізіңді білдір депті. Сонда Байкөкше былай деген екен:

 

                  
Абайжан, бір түс көрдім бүгін түнде,

                  
Көкке ұшып, шарыққа шықтың мүлде.

                  
Үстіңде ақ киімің, боз атың бар,

                  
Аспандап, шағылыстың барып күнге.

                   Сонан соң, жоғарылап тағы да
ұштың,

                  
Ілдің де екі нәрсе жерге түстің.

                  
Орнықтың, биік тауға қондыңдағы,

                  
Осыған әлеуметтің көзі түсті.

                  
Жаныңа төрт аққу келіп қонды тағы,

                   Лық
толған ақ сұңқарға екі жағы.

                      Қасыңа шалмалылар келіп еді,

                  
Сөйлесті мәжіліс қып олар тағы.

                      Қол жайып шалмалылар бата берді,

                  
Осыны жамағаттың көзі көрді.

                   Ұйқымнан ояндым да ғажаптандым,

                  
Отырдым ойға түсіп әрлі-берлі.

                  
Түсімнің халеті жоқ олай-бұлай,

                  
Жорыдым өз түсімді өзім былай:

                   Ақ
киімің, астыңда боз ат болса,

                   Ағартар тұқымыңды сенің құдай.

                   Көкке
ұшсаң, бақытың көкті шарпыр.

                  
Ақылың осы жүрген жаннан артар.

                  
Әкелген екі нәрсең - ғылым, білім,

                  
Сөзіңді естігеннің бойы балқыр.

                   Күнге шағылыссаң боларсың ай мен күндей,

                  
Арқа ұранды қазаққа тегіс бірдей.

                   Ақ
сұңқарлар жаныңа лық толғаны -

                  
Тұқымыңнан жан қалмас атқа мінбей.

                  
Төрт аққу:

                               Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным
аналарың.

                  
Шалмалы:

                                Би Өскенбай,
Кеңгірбай бабаларың.

                  
Шалмалылар бата қып, қол жайғаны -

                  
Бақытыңнан құр қалмас балаларың.

                   Бұл жолы артылады тағы басың,

                  
Күннен күнге болады бағың басым.

                  
Шалмалылар батаны бос бермейді,

                   Мұратына жетесің неғыласың!

 

         Байкөкше
ақынның айтқандары түптің түбінде дәл келгенін бүгінгі ұрпақ көріп-біліп отыр!

         Абайды
қоршаған ортада алуан түрлі адамдар болған ғой. Ақылды да, әумесер де,
әпербақан да, ынжық та, адал да, қу да, бай да, жарлы да, бәрі-бәрі болғаны
белгілі. Міне, осылардың арасында өткерген өмір Абайды қазір дүниежүзі
мойындаған биікке жеткізді. Оны ақын еткен, ойшыл еткен осы орта еді. Себебі,
Абай өмірді сырттан бақылаушы емес, алға қозғаушы күш есебінде болды. Яғни,
қазақ қоғамының ойлау жүйесін тың биіктерге көтере алды. Ол өлең жазумен
шектеліп қалған жоқ. Шығармаларындағы ойды күнделікті өмірге арқау ету жолында
тер төкті. Ақ пен қараны, тобыр мен дараны айыруда Абай адам таңданарлық
сұңғылалық танытты. Абайдың арқасында қазақ қоғамының болашағы айқындалды. Ол
аяққа тұсау болып отырған жағдайларды ашына отырып, ашып көрсетті. Сонысымен
қазақ халқының рухани көсемі болып қалды!

          Абайдың
өлеңдері де, қара сөздері де біздің бүгінгі өмірімізбен астасып жатыр.