ВЕРНУТЬСЯ

      Нағашым
үйі сегіз жаны бар үлкен семья. Олар: Сембай атам, Бөпке әжем. Екеуінің жасы да
жетпіс бірде. Одан соң олардың балалары Қағазбай, қырық жеті жаста. Қағазбайдың
әйелі Зәуре, күйеуінен екі-үш жас кіші.

Қағазбайдың
екі ұл, екі қызы бар. Ұлдары Қасымқан, Рамазан. Қасымқан менен үш жас үлкен,
Рамазан құрдас. Қыздары Оралхан, Оразхан екеуі де мектепке бара қоймаған.

Тықса,
тығын шақ келмейтін мауыздай сегіз ауыздың үстіне мен тоғызыншы болып қосылдым.

Бұл
үйде жұмыс жасында саналатын екі ғана адам бар. Олар Қағазбай мен Зәуре. Зәуре
науқасшаң, ауыр еңбекке жарамайды. Таңертең бригадир келіп:

- Жұмысқа
шығыңдар!- деп айқай салғанда, қыс демей, жаз демей, ешқандай бөгеліссіз
суырылып шығатын көнбіс Қағазбай ғана.

Бұл -
бір адам тоғыз ауызды асырайды деген сөз. Тоғызы да ересек, сау ауыздар. Тамақ
түгіл, тас тастасаң қарш-қарш шайнап, қылғып қоюға дайын. Мықты болсаң,
тойдырып көр енді!

Қазақтың
бойындағы бір асыл мінез - жақынын далаға тастамайды. Аузындағы асынан жырып
береді. Нағашым үйі маған ешқандай да ауырсынған қабақ білдірген

жоқ.
Осы үйдің өз адамындай, менің басқа жаққа бармай, осында салмақ салып келуім
заңды дегендей шұрқырап қарсы алды.

Атам
Сембай тіп-тік биік денелі, бурыл сақалды, келбетті, мінезі қаталдау адам.
Маңдайымнан бір иіскеді де қойды. Жақындығын, мейірімін солай білдірді-

Бөпке
әжем ондай емес, көңілшек. Мені көрген жерде-ақ көңілі босап, кемсеңдеуге дайын
тұрды. Бетіме бар сілекейін жұқтыра жабысып, сүйіп-сүйіп алды да, қайтыс болған
қызы Әсбетті - менің шешемді еске алып, жоқтай жөнелді. "Әсбет-ау, Асылым-ау!
Шынымен-ақ көз көрмес, құлақ естімеске кеткенің бе!"

Қағазбайдың
әйелі Зәуре орта бойлы, шұбар жүзді, салмақты адам. Талайдан аурушаң, әрі
баланы көп көтерген. Өзі шұбар бет-аузын жыпырлаған әжім қоса басып, апамнан да
бетер көрі етіп жіберген. "Айналайын Беркенім. Жігіт бопсың ғой",-
деп, олдағы бетімнен мейірлене сүйіп жатыр.

Балаларды
қойшы, менің келгеніме олар мүлдем қарық. Менің енді осында оқитынымды біліп, әсіресе,
Рамазан мәз, өйткені ол екеуміз бір класта оқимыз.

-        Қасымнан орын тауып берем, қатар
отырамыз,- дейді Рамазан. Тұра-бара ол екеуміздің арамызда ауыз жаласудан гөрі
шекісулер көбірек болатынын әуелгі күні ол да, мен де болжай алмаған
тәріздіміз.

Қағазбай
нағашым нағыз ғажап адам. Біреуге иненің жасуындай жаманшылық ойлауды білмейді,
өзім деген кісіге қоң етін ойып беруге дайын тұрады. Қағазбайлар көп болса, жер
бетінде ешқандай қайғы да, қасірет те, ұрыс та, талас та болмас еді. Күн ылғи
күлімдеп, адам да бір-біріне тек ізет етіп тұрар еді.

Қағазбай
тәрізді адамдар көп болса, жетімдік пен жесірлік білінбес еді.

Бой
жағынан әкесіне тартпаған, аласа келген, бет-жүзінен, көзінен адамшылық
сезімінің не бір жақсы нышандары нұр боп саулап тұратын бұл тамаша жанның мейір
ықыласына құрық бойламайды.

Таңертеңгі
шайдан кейін Рамазан екеуміз мектепке жинала бастадық. Қағазбай сол кезде
әйеліне:

-        Зәуре, сен пешпентіңді Бердібекке бер.
Бердібектің сырт киімі жоқ екен. Мына суықта мектепке жейдешең бара алмайды
ғой,- деді.

Зәуре
қыңқ деместен берді.

Астарына
жылылап мақта салған, қоңыр матадан тігілген көнетоз пешпент екен. Жексұрын
плащқа қарағанда тәуір. Киіп алдым. "Мә, беліңді мынаумен буып ал, жылы
болады",- деп, Кағаз аға өзінің жіңішке қайыс белбеуін белінен шешіп
берді.

Менің
белім бір уыс. Талыстай әйел киім етіп жүрген пешпенттің екі өңірін айқастырып
салып қапсырынғанда, бір емес, екі пешпентті қабат киіп алғандай болдым.
Белбеудің бұрынғы тесіктері бір жақта қалды да, Қағаз аға беліме лайықтап,
жаңадан тесік тесіп берді. Өзімнен бойы ұзын, қоңқақ мұрын Рамазанның көктен
салаң етіп түсе қалған көмекшісі тәрізденіп, міне енді оның қасына еріп, өзім
әлі үйір болмаған жат мектепке жүрегім дүрс-дүрс етіп, толқып келе жатырмын.

Сүмбе
бұл аймақтағы ірі селоның біреуі. "Қызыл шекара",
"Ынтымақ", "Үлгілі", "Большевик" аталатын төрт
колхоздың орталығы.

"Большевик"
колхозы түгелдей ұйғырлар.

Басқа
үш колхоз қазақтың осы арадағы негізгі үш руынан: "Қызыл шекара"-
Айт, "Үлгілі"- Жанбаба. "Ынтымақ"- Қыпшақ руынан, Кәдімгі
қара Қыпшақ Қобы-ландының тұқымдары. Ішкері жақтан ауып келіп, осында сіңісті
боппыз деп, өздері айтып отырады.

Көріп
отырсыздар, үш рудың да қоныстары бар. Бір өзеннен су ішіп, бір жердің отын
оттайды. Мектеп бір, магазин бір. Ауыл совет, яғни өкімет бір. Ал бірақ үш ру
өз алдына бөлек-бөлек үш колхоз.

Ұйғырлар
қазақтай емес, жер кәсібіне шебер халық. Там үйді де жұтындырып әдемі салады.
Балшықтан қамыр илеп, түйме түйеді. Әр ұйғырдың үйінің іргесінде қорық соғып,
қоршап алған бақшасы бар. Картоп, пияз, сәбіз, асқабақ, күнбағыс, капуста
егеді.

Қазақ
ауылдарында, айталық, біздің Қостөбеде бұның бірі жоқ. Қазекең мал, мал дейді.
Мал жоқ болса, есінеп аш отырады. Тамақтың көкесі аяғының астында, қара жерде
жатқанын түсінбейді. Ұйғырлар жер шұқылап, жер емеді.

Сүмбедегі
қазақтар ұйғырлардың үй салу, жер игеру шеберлігін үйрене бастаған. Олар да
қорық соғып, бақша егеді, құс ұстайды. Нанды тандырға пісіреді.

Мұндағы
мектеп жеті жылдық. Мектеп үйі кесектен қаланып салынған үлкен, шатырлы. Терезелері
көшедей.

Мұндай
үлкен терезелерді менің бірінші рет көруім. Ауылда там соққанда қыста суық
болады деп, терезелерін сыпрайтьш кішкентай жасайды. Мұншама үлкен терезелі
үйде қыста адам қалай шыдайтынына таңмын.

Кейін,
қыс түскен соң білдім, үлкен терезеден жарық көп түседі екен де, қыста да жылы
болады екен.

Терезесі
үлкен үй әрі жарық, әрі көңілді.

Мектептің
асты да, үсті де тақтай. Қабырғасы бір метр. Мен үшін дүниеде бұдан әсем, бұдан
берік үй жоқ секілді.

Класқа
бөтен баланың кіріп келуі мұндағы кәрі тұрғындар үшін зор оқиға. Бәрінің назар
тіге қалғаны мен болдым. Ех, шіркін! Бұндайда үстіңдегі киімдерің инеден қазір
ғана шыққан жаңа киімдер болса. Мына сумұрындарға "жоламаңдар, киімді
былғайсыңдар" дегендей шекеңнен қарап тұрсаң. Ал енді мен секілді жабағы
жамылған байғұсқа бұлар адам деп қарамайды. Мойнына бір-ақ секіріп мінеді.

-        Мынау кім-ей?

-        Бұл қайдан келді?- десіп жатыр. Әп-сәтте
біраз бала өзімді қоршап та алды.

Ауыл
итінің құйрығы қайқы. Ал сен болсаң, өзіңді кірмедей сезінесің, жүрегің
қобалжып, арты не болатынын күтесің.

Дегенмен
мен сыр білдірмеуге тырысам. Ә дегенде, мә демесең, бұлардың желкелеп алатынын
жақсы білем. Сондықтан көрген құқайым бұл ғана емес дегендей өзімді тосын
жағдайдың қандайына да дайын ұстаймын.

Тәкаппар
сұраққа тәкаппар жауап қайырам. "Бұл менмін! Қайдан келгенімде сендердің
не шаруаларың бар?" деймін.

Менен
гөрі бойы ұзындау, тақырбас сұрша бала басқаларды киіп-жарып, тура бетпе-бет
келді. Көз қарасы өткір, осылардың ішіндегі нағыз пәлесі көрінеді. Менен емтихан
алатын адамша тақ-тақ етіп:

-        Білсең айтшы, неше көсем бар?

-        Төртеу,- дедім мен.

-        Кім-кім?

Мен
санап бердім.

Галстугімнің
түйінінен шап беріп ұстай алды. Бұндайда не айту керек екенін жақсы білем:

-        Әрқашан дайынмын!- дедім.

-        Мынау не?- деп, тақырбас галстугімнің
ұзын ұшын көрсетті.

-        Партия.

Қысқарақ
ұшын көрсетті.

-        Мынау ше?

-        Комсомол.

Галстуктің
желкедегі үшкілін нұсқады:

-        Мынау?

-        Пионер.

Галстуктің
түйінін көрсетті.

-        Мынау не?

-        Үшеуінің бірлігі.

Сол
заманда пионерлер бір-бірінің саяси сауаттылығын осылай сынайтын.

Жаттамалы
сұраққа жаттамалы жауап, мүдірмедім, сарнап айтып бердім. Тақырбас мені
сүріндіре алмағанға өкінген тәрізденіп, желкесін қасып, мүдіріп қалды. Сонда да
тақала түсіп, түймең қандай-ей, белдігің қандай деп, енді ол маған тиісудің
басқыншылық жолына ашықтан-ашық түсе бастады.

Мен
жәутеңдеп, сен маған неге болыспайсың деп, Рамазанға қараймын. Сөйтсем, бойы
ұп-ұзын болып, шеттеп, Рамазаным бейқам тұр. Тегі ол тақырбастан жасқанатын
тәрізді. Мені қорғап бір ауыз да емеурін білдіре алмайды. Өзім аман болсам,
болды дегендей қалып танытады.

Сыриған
қайран бой, қайран дене! Жасқаншақ Рамазанға біткенше, маған неге бітпеген!

Кенет
тақырбас мені көкірегімнен оқыс итеріп келіп қалсын. Шалқалаған қалпымда мойным
астыма қайырылып, оңбай құлап түсейін. Шүйдем қақ айырылып, миым аузыма
төгілгендей болды. Тақырбастың ымдауымен басқа бір бала артыма төрт тағандап
жата қалған екен. Әлгіге сүрініп жығылған едім.

Менің
өле жаздағаныммен ешкімнің шаруасы жоқ, бәрі дуылдап күлісіп жатыр. Оларға бұл
ермек.

Мен
осы арада тілмен айтып жеткізгісіз жалғыздық көріп, қорланып қалдым. Ызадан
жарылып кетуге бармын. Өзімнің Қостөбемде болса, тақырбаспен шайқасып өлер
едім. Ал дәл қазір, мынау жат орта, бөтен балалардың арасында, менен ондай
ерлік шықпады. Шаңырақ иесі біз дегендей еліріп, өрекпи күлген содыр топтың
пысы еңсемді басып кетті. Жылауды намыс көріп, жыламауға шыдамым әрең жетіп тұрмын.