ВЕРНУТЬСЯ

Қара сөзде ешкімге дес бермейтін Әбіш қара өлеңде де қатарынан қара үзіп, дара шыққан. Дара шыққаны сол емес пе, ғасыр аяғында «Дүние ғапылды» ұсынып, қазақ өлеңінің қадір-қасиетін танытатын ғажайып ескерткіш орнатты.

Бұл жер жүрегіне емес, ел жүрегіне орнаған мәңгілік ескерткіш. Ғапыл дүниенің ғажайып құбылысы. Тек соны танып-білу, содан тәлім-тағылым алу, осынау ғасыр табалдырығын аттағалы тұрған әр қазақиың санасы мен сезіміне сын болары сөзсіз.

Егер «көрмес түйені де көрмес» деген тұлдырсыз түсінікпен тарта берсек, бес ғасыр ма, он ғасыр ма, бәлкім одан да бұрынғы аталары артына қалдырған асыл мұрасының бүгінгі таңдағы бүтін бітіміне кінәрат түсіргендей хал кезеріміз хақ.

Әйтпесе, мынау XX ғасырдың соңғы жиырма жылында, тіпті қазақ прозасына парасатты бетбұрыс жасаған мерейлі мезгілдерді қоса есептегенде, қабырғалы қаламгер қиыр-шиыры мол шығармашылық жолда аз тер төкпепті. Мен дәл қазір осынау өмір сүріп отырған дәуіріміздегі, әсіресе, соңғы жылдары әлдебір рухани күйзеліске түсе бастаған опынысы мен көп оқырман қауымның алақанына аспаннан топ ете қалған Алланың кітабындай ғажайып қазынаға тап болғанымызды сәл де болса таратып айтуға тәуекел етіп отырмын.

Әбіштің өлмес, өшпес өр рухты өлеңдерін оқып отырып, оның ұлылығын дәлеледеу мақсатында әлемнің әр еліндегі данышпан, даналарының ана сөзінен, мына сөзінен үзінді-цитата алып, онсыз да сарабдал дүниенің сыр мен сипатына қосымша бояу жаққым келмейді. Онсыз да дана сөзді, онсыз да дара сөзді әр оқушы өзі танып білер. Менің мақсат-мүддем өз сөзім, өз лебізіммен-ақ ілкім дүниенің ірі қасиетін қолымнан келгенше түсіндіріп бағып, оқушыға ой салу... Талай жыл қын түбінде жатып, алтын кездік  қап түбін тесіп жарыққа шықты, сол алтын кездікті байқап ұстап, пайдалага біл, кәдеңе жарат... деген ой үрдісінен табыла білсем, онда осынау асыл қазынаға деген ықылас-ниетімнің босқа кетпегені болар еді...

Өткен жылдың аяғында тасқа басылып, жыл басында оқырман қауымның қолына тиген бұл бір құнды қазынаның көрінгенге көмбесін аша бермейтіндігі бесенеден белгілі.

Олай болса, әр әрпінің астында - әр, әр сөзінің астында - нәр, әр жолында жауһар тұнып, әр шумағында шұғыла шашырап тұрған, ылғи бір ақыл мен парасатқа астасқан асыл қазынаның қандай құпия-сыры барына барлау жасау бүгінгі ұрпақ - біздің міндетіміз. Кесірі қатты тиген кеңестік кезеңнің өзінде Алдаспан жырдан тамыр тартқан қазақ поэзиясының құнары әсте кеміген емес. Әйтсе де, қиямпұрыс, құйтырқы саясаттың бұлаң құйрығы біресе ол жақтан, біресе бұл жақтан қылаң беріп, тікелей тісі батпаса да, тінте қарап, қасиетті қара өлеңнің қадірін түсіруге қарманып бақты. Тумысынан діні берік, тегеуріні мықты, ұр да жық уақыттың уысынан да, уытынан да аман қалып, аталар Аманатындай бізге жеткен қазақы қара өлеңнің ендігі тағдыры не болар екен деп тұрғанда - құдай бізге Әбішті беріпті.

Әдебиет деген киелі Орданың қасиетті табалдырығын Ақын болып аттаған Әбіш, кейіннен Проза жазса да, Сын жазса да, Драма жазса да, бәрібір сол Ақын деген табиғат өзі әуел баста пешенесіне жазған Парасат белгісінен бір сәт ажыраған жоқ. Ол не жазса да, Ақын боп толғанды, тебіренді, күрсінді, қуанды, шаттанды, шабыттанды, аһ ұрды, аңырады, еңіреді. Сөйтіп, көкірек көмбесіндегі көп жылдар жасырынып жатқан ақындықтың алтын дәні - ақырында, әрқайсысы-тіпті бір әңгіме, бір повесть, тіпті бір романның жүгін көтеретін ғажайып шексіз, шетсіз кеңістікке айналды. Оны тек Әбіштей Алыптың ғана кеудесі көтерері ақиқат еді. Әйтпесе, екі шумақ жақсы өлең жазса, қатыны ұл туғандай қуанып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, соны қайтсе де бір басылымға жарияламай тынбайтын қайсыбір ақын қаламдастарымыздың осынау бір мазасыз тірлігін көре тұрып Әбіштің алтыннан артық асыл қазынасын ширек ғасыр қалай ғана өз жүрегінің аясына жасыра білгеніне таңғалмасқа хақың қалмайды.

Ақыры алып жүректі жарып, жарық дүниеге «Дүние ғапыл» келді. «Дүние ғапыл» - XX ғасыр поэзиясының ең кемелденген, ең дамыған, шырқау шыңы. Ендік пен Бойлықтың, Кеңістік пен Биіктіктің, Шыңырау мен Шырқаудың белгісі. Бүгін мен Ертеңнің, Өткен мен Болашақтың, Ғалам мен Ғасырдың баламасы. Күн мен Түннің, Мезгіл мен Мекеннің, Қыс пен Жаздың, Күз бен Көктемнің парқы мен нарқын, парасаты мен пайымын бағамдап берген-тарих таразысы.

«Дүние ғапылдағы» бір ғана өлең «Алмас қанжарға» назар аударып көрелікші.

Жер түбінде көп дұшпан дуылдады-

Жатты қында жарқырап, суырмады.

Жаудың оғы төбеде зуылдады-

Жатты қында жарқырап, суырмады.

 

Жау тақалды жүрегі суылдады-

Жатты қында жарқырап, суырмады.

 

Жау қамады қалды енді қалың сында-

Сонда зорға апарды қолын қынға.

 

Жау сүңгісі кеудеде от шашып тұр:

Суырды -ақ алмасты тот басыпты...

 

Осы бір бас-аяғы 10 жол өлеңнің өн бойында бүтін дүниенің бітім-болмысы тұрған жоқ па? Өмірдің дауы да, дауылы да, дабылы да бар. «Жауды аяған - жаралы» дегендей, кезегінде қорамсаға қол салмасаң қор боласың, кезегінде қимылдамасаң-қапыда қаласың.

Жауды басындырма, басынса-басыңды алады. Кезегінде сілтемесең-кегің кетеді. Қынабынан қылп етпеген алмас қылыштың өзін тот басыпты...

Ақын осы өлеңін 1959 жылы жазыпты. Тұп-тура бүгінгінің сөзі... Ертеңге де керек - осы сөз. Тіліңді, діліңді, дінінңді діттемесең, дәстүр-салтыңды сақтамасаң, барыңды бөгдеге беріп, қазынаңды жатқа қисаң, асылыңа ара түспей, қимылсыз қалсаң-тот басқан қанжардың күйі кімнің басына келмейді?

Бірақ, ғажабы сол, Әбіштің кеудесіндегі жыр-қанжар қанша жылдар көңіл көмбесінде, жан-жүрегінде жасырын жатса да - тот баспапты. Алтын кездік-дәл кезеңінде, мезгіл межесінде бүтін бір қазақ жырының мерейін өсіріп, тұлғасын танытып, жарқ етіп шыға келді.

Әбіш өлеңдерін талдай отырып таңданасың, таңдана отырып-тәубе қыласың. Асылы, талдаудан гөрі, таңданудан гөрі, құнығып оқу керек. Оқыған сайын ол-ойлантады, толғантады, желпінтеді, жаныңа жігер береді.

Міне, біз бүгін XXI ұлы ғасырдың қасиетті табалдырығын аттағалы тұрмыз. Қым-қуыт, қиямет-қайымы қат-қабат араласқан ғажабынан азабы басым болған, әйтсе де асыл арман - Тәуелсіздік туын қолға ұстап, келесі ғасырға қадам басқан сол тудың тұғырындай, Ұлы Рух болып тарих қабырғасына қаланары  хақ.

XX ғасырдың табалдырығынан аттап тұрып, келесі ғасырдың есігін қандай сый-сыяпатпен ашқалы тұрмыз деген зиялы ойға жауап берер асыл мүлкіміз осы болса керек.

Демек, XX  ғасырдағы поэзия жауһары - «Дүние ғапылдың» алдағы мыңжылдықтармен бірге мәңгі жасай берері хақ.

 Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ