ВЕРНУТЬСЯ

         Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің,

Сабағындай шырмайды шырмауықтың

Үмітпенен, арманмен, күдікпенен,

Өтіп жатыр зымырап зырлауық күн.

...Шешем менің еңкейіп бара жатыр,

Қай күні келер екен нала «батыр».

Жел маған сыбырлайды аят оқып:

«Бір күні айрыласың, қара да тұр».

Кім білсін, көңіл,
қандай күй кешеді,

Қаңырап қалуы оңай үй кешегі.

Аландаймын алтыным жоғалғандай,

Анамның көрінбесе кимешегі.

Шешем менің - иілген сұрау белгі,

Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді.

Қалай ғана қалпына келтірерсің,

Дауылдар майыстырған мынау белді.

Ұлың сені жұмаққа бергісі жоқ,

Жұмағың да
тамұқ қой - көргісіз от.

Осылай көз алдымда жүре берші,

Сұраулы сөйлемдердің белгісі боп.