ВЕРНУТЬСЯ

(1893-1930)Қазақстандағы Голощекиннің «Кіші Октябрінен» жазықсыз зардап шеккен аяулы азаматтардың бірі Зәкәрия Сағындықұлы. Оның ата тегі былай өрбиді: Адай–Құдайке–Қосай–Тіней–Арық–Құдайберген–Бекболат–Сары–Жанаман-Тұрнияз–Сағындық–Зәкәрия. Қарапайым халыққа, қалың Алашқа қайыры тиген атақты Қалнияз, Жұбан есімді сақи байлар – Зәкәриямен немере туысқан. Жұбанның баласы Шам, Талпақтың аты ел аузында Зәкәриямен бірге айтылуы сондықтан.Зәкәрия жасынан іскер, шаруашылықты жүргізе білетін қабілетті болған. Заман ағымына сай туған ауылын үнемі көшіп жүруден отырықшылыққа, тұрақты қоныс табуға уағыздап, сол үшін жұмыстанған. Атыраудың Сағыз бойында туған ол бір тайпа елді Қоғалыкөл, Қоңырсай, Сулыкөл, Наршөккен атты шұрайлы елді мекендерді игеруге бастаған. Ескіше хат таныған, сауатты, төгіп айтатын ақын болған. «Адайдың жеті қайқысының» әуендерін нақышына келтіре орындап, Абыл, Нұрым, Қашаған ақындармен үзеңгілес жүріп, олардан өнеге алған. Кезінде әйгілі шайырлардың көзін көрген, содан тәлім-тәрбие алған Зәкәрияның өлеңдері Арқа еліне кеңінен жайылған.Алайда, жалақорлардың арыздарымен ақын 1928 жылы ұсталып, Ойыл түрмесіне  жаламен жабылып, сотталады. Кейін Жамбыл облысының Әулиеата, одан әрі Өзбекстанның Шаржоу қалаларына жер аударылған. 1930 жылы емдеу орнында қаза болған. Түрмеде отырып, жанына жақын тұтқан ағасы, шынайы досы Мамай Салғараұлына арнау хат үлгісінде жазылған өлеңдері сталиндік репрессия қыспағына ұшыраған, ақыры соның құрбаны болған ақынның арының тазалығын, елі мен қоғам алдындағы парызына беріктігін айқындай түседі.Зәкәрияның ұрпақтары Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Алматы облыстарында тұрады. Оның бірқатар толғаулары 1992 жылы «Қапаста жазылған хаттар» жинағында жарияланды. Ақын шығармаларын жинақтап, алғысөзін жазып, баспаға дайындаған – филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов.

Зәкәрия