Ақсай қаласында 90 жас отбасы баспаналы болды

9 тамыз күні Ақсай қаласында бес қабатты 90 пәтерлік үй пайдалануға берілді.

Баспана иелерін құттықтаған Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында іске қосылған жаңа үйді салған «Жайықсельстрой» ЖШС-ына алғысын білдірді.  

«Бүгін - жас отбасылар үшін аса қуанышты күн. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасы және соны облыс, аудан басшыларының орындауы арқасында жастар жаңа пәтерге ие болып, қуанышқа кенелуде. Баспанаға мұқтаж жандардың арманын орындайтын осындай керемет бағдарлама болашақта да жалғасады деп сенемін», - деді салтанатты шарада жас отбасыларының ата-аналары атынан сөз сөйлеген қала тұрғыны Гүлнәр Қанатбаева.

«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында салынған, құрылысына 450 млн. теңге қаржы жұмсалған жаңа үйден пәтер алушылар алдымен аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссияның сұрыптауынан өткен. «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға құжат тапсырып, банктің құптауын алған. Яғни, жас отбасылар пәтерді бастапқы жарнасыз және төмен пайыздық мөлшермен жалға алады. 8 жыл бойы пәтерде жалдау құнын және коммуналдық төлемдерді төлеп отырады әрі сонымен қатар, бір мезгілде жинақ шотында пәтер құнының жартысын жинайды. Жартысы жиналғаннан кейін жас отбасылар тұрғын үйді жекешелендіріп, пәтерді өз меншігіне біржола ала алады.

Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, Ақсайда баспанаға мұқтаж жастар өте көп. Сондықтан, алдағы уақытта да тұрғын үй салу қарқынды жүргізілмек.

«2012 жылы екі үйдің құрылысын бастаған едік. Бұған дейін 75 пәтерлік бес қабатты үйді пайдалануға берген болсақ, екіншісі осы 90 пәтерлік үй. Күні бүгін барлық санаттағы азаматтар үшін 144 пәтерлік тоғыз қабатты үй салынуда. Келер жылы осы үйді салып бітіруді көздеп отырмыз», - деді М.Түсіпқалиев. 

kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз