Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жылдығына арналған жыр мүшәйрасында Жадыра Ерманова жарқырай көрінді

24 сәуір күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жылдығына арналған студенттер арасында «Отанға, туған далама жыр арнау - қарыз, борышым» атты республикалық жыр мүшәйрасы мәреге жетті.

Өлең бәйгесіне Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Семей, Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларынан барлығы жиырма үміткер қатысып, бақ сынады. Олар алғашқы өлеңін Ақұштап ақынға арнаса, екіншісін еркін тақырыпта көпшілік назарына ұсынды. Жарыса шапқан жүйріктер арасынан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Жадыра Ерманова бірден жарқырай көрінді. Бір қызығы, ол Ақұштап Бақтыгерееваның кіндік қаны тамған ауылдан екен. Сол жауапкершілікті сезінген Жадыра өзін үлкен ақынмен салыстыра жырлап, тақырыпты әдемі алып шықты. Тастанды сәби тағдырын қозғаған екінші өлеңі де әсерлілігімен, мұңды иірімдерімен жиылғандардың көзіне жас үйірді. Сөйтіп Жадыра Ерманова қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені жеңіп алды. Қарағанды қаласынан келген «Болашақ» университеттерінің студенттері Аян Мейраш бірінші жүлдені қанжығасына байласа, Абай Ораз үшінші орынға көтерілді. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті Арман Шеризатов екінші, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шәкірті Ләззат Мақаш үшінші орынды еншіледі. Жүлдегерлердің бәрі ақшалай сыйлыққа ие болса, басқа қатысушылар да сый-сияпатсыз қалған жоқ.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас ақындарға Ақұштап Бақтыгереева ақ жол тілеп, батасын берді.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз