«АНАНЫҢ РАЗЫЛЫҒЫ – АЛЛАНЫҢ РАЗЫЛЫҒЫ»

– Папа-папа, отбасы – шағын мемлекет дегенді көп естимін. Шағын мемлекеттің президенті кім сонда?
– Әрине, әкең.
– М-м-м-м. Ал мамам ше?
– Ол премьер-министр.
– Әжем кім сонда?
– Әжең – Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы...

Осы бір қалжың сөзді бір басылымнан оқығанымыз бар еді. Қалжың сөз дейміз-ау, расында да аналарымыз отбасындағы (тұтас мемлекеттің десек те артық емес) қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, дау-жанжалды реттеп, шаңырақтағы шиеленісті шешіп, күрделі мәселенің түйінін тарқатып отыратын тұлға ғой. Мойындайықшы.

«Балам, бүгін келінім шала бүлініп, біртүрлі болып жүр. Сен анау-мынау деп, дауыс шығарып жүрмегін. Сәл сабыр етсең, өзіне келіп қалады. Ұқтың ба?» – дейтінін бәріміз білеміз ғой. Ашу шығара бастасаң, анамыздың айтқан сөзі санамызға сақ ете қалады. «Қойшы, сабыр етейінші», – деп үлкен жанжалды айналып өтесің. Керісінше, кейде келіндердің де «жеңіл» аузына «жүген» салып, кері тартып отыратын, басу айтып, сабасына түсіріп отыратын да – аналар емес пе? Қайран қариялар десеңші?!

Қаладағы көлік кептелісі, жұмыстағы қарбалас, басшының беталды бұйрық бере сөйлеуі – жұмыр басты пенденің жүйкесін жұқартып тынбай қоймайды екен. Үйге шаршап-шалдығып, сүйретіліп келесің. Үйден тыныштық іздеп, тынығып алғың келеді. Осы кезде «қауіпсіздік» қызметі «басшысының» қызметі ауадай қажет болады. Айтпай-ақ, көзбен түсінісетін ол өз қызметіне кірісіп кетеді. «Әй, әкелерің бүгін жұмыстан шаршап келді. Шулай бермеңдер. Ұйықтап жатыр. Тынығып алсын», – деп бұйрық беріп, лезде тыныштық орнататын да – аналар. Олар да ет пен сүйектен жаралған жан емес пе? Шаршайды, ауырады, жүйкесі сыр береді, т.б. Шіркін, бірақ білдірмеуге тырысады. Не деген шыдамдылық, не деген төзімділік дейсің. Сөйтсек, мейірімділік алғы шепке шыққан соң, қалған дүниелер рөл ойнамай қалады екен ғой. Жамандық атаулының бәрін мейірімділік атты ұлы ұғым жойып, жеп, жұтып қоя береді. Отбасындағы бүкіл адамның көңіл-күйін бақылап: «Анау неге бұртиып жүр, мынаның неге ұйқысы қанбай қалған, анау неге ауырып қалған», – деп бәрінің емін, ебін, көңілін тауып жүретін де – аналар. «Осы сіз неге бәріне араласа бересіз?» – деп кейде дүрсе қоя беретінімізді несіне жасырайық. Енді түсіндік. Оның араласуында береке бар екен. Қауіпсіздік шараларын алдын-ала ойлайды. Бізден гөрі көбірек уайымдайтын адамның кейпі бұл.

«Сіз неге баланың да басқаның да көңіліне қарап, өзіңізді қажыта бересіз», – деп білімсіздікпен сұрақ қоямыз. Аналар үшін ең бастысы отбасы тыныштығы бәрінен қымбат екенін түсінгендей болдық. Анамыз бір күн үйде болмай қалсыншы... Үйден жылу кетеді, мейірім жоғалады, орны опырылып қалады, құдды үйде ешкім жоқтай сезімге бөленесің.

Қызын қияға қондырса да, үйде отырып сары уайымға батады. Қызы телефон шалған сайын: «Күйеуіңе қарсы сөз айтпа, енеңнің көңілін тап», – деген ескертулерді құлағына құйып отырады. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», – деген сөздің байыбына бара бермейді екенбіз.

Қасиетті Құранның адамзат баласына: «Аналарыңа «түһ» деп кейіс білдірмеңдер», – деп бұйыруы тегін емес. Алладан кейін ананы қадірлеп, оған қызмет етуді – Исламнан өзге діннен таппаймыз. Ананың қадірін ұлықтаған тек Ислам ғана. «Ананың разылығы – Алланың разылығы» деген қағиданы тек Мұхаммедке (с.ғ.с.) түскен Құраннан табамыз.

Ана – отбасының ұйытқысы, берекесі. «Әжең – Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы», – деген әзілдің арғы жағында зіл жатыр. Аналарымызды ардақтайық.

Біздікі – «мұсылманның әр күні 8 наурыз болса ғой шіркін» деген ниет қой. Аналарға құрмет айтулы датамен шектелмесін дейміз!

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

http://e-islam.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз