Атажұртқа оралғанымыз қандай бақыт - М.Солайманов, БҚО

Көп жылдарын жат жұртта өткізсе де, олардың отбасындағы ұстанымы қазақи ұстында өрілген. Ата жұртқа келіп, үлгілі, берекелі жанұя атанып отырған Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылы тұрғыны Мират Солайманов Қазақстанда Елбасы Жарлығымен Отбасы күні белгіленіп, көп балалы шаңырақтарға мемлекет тарапынан көңіл бөлінгеніне ризашылығын білдірді. 

Ол 2010 жылы атажұртқа келіп қоныстанған, зайыбы Гүлнара екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. 1969 жылы Өзбекстанның Қоңыратында дүниеге келген оның о бастан арманы Қазақстанға оралу болыпты. «Әкем Жәми ата-анадан өрбіген тоғыз ағайындының үшіншісі. Атам Сүлеймен (Өзбекстанда ататегі Солайманов болып қате жазылып кеткен) Ақтөбенің Шалқарынан. Басына іс түскен алмағайып заманда бас сауғалап, Қоңыратқа табан тіреген. Әжемнің сөзіне қарағанда, діни сауатты, көкірегі ояу азамат болған. Ол жаққа барған соң да, ерекше қабілетті, көзі қарақты азаматтан секем алған билік ақыры екі жылға абақтыға жауыпты. Не үшін тергеліп, қандай кінә тағылғанын әжеміз тәптіштеп айтпады. Ата-анам қарапайым еңбек адамдары болды. «Заманның беті бері қарап, жағдай оңалған тұста атажұртқа оралыңдар» деген атамыздың аманатын орындау біздің бағымызға бұйырған екен. Әкеміз өмірден ерте кетіп, бес бала қалдық. Бәріміз өсіп-өніп, үйлі-баранды болған соң, елге қайтуға бел будық. Бір інім Ақтауды, қалғанымыз Ақ Жайықты бетке алдық», - дейді Мират. 

Мират әскер қатарынан оралғасын арнаулы білім алып, ел қатарлы қызмет еткен. Ол - қазір шебер құрылысшы. Жары Гүлнара Оразбайқызы аудандық орталық ауруханада мейірбике қызметін абыроймен атқарып келеді. «Атамекенге оралып, ұрпақ алдындағы ата-аналық борышымызды орындадық. Енді ұлықты ұл, қылықты қыз өсіріп, ел игілігіне адал еңбек ету - басты мақсат. Шашқан дәннен мол өнім алатын құнарлы топырағы, ауыл шаруашылығын өрістетуге өте қолайлы табиғаты бар мекенде қай шаруаны болсын өрістетіп әкетуге болады. Ең бастысы, еңбек еткен жанға мемлекет тарапынан орасан қолдау бар. Болашақта, бәлкім, өз ісімізді қолға алармыз. Әзірге отағасы құрылыс саласында еңбек етіп жатыр, балалар кішкентай», - дейді ол.

Қанына дарыған қымбат қасиетін ұрпағының бойына сіңіре білген ата-ананың бала тәрбиесінде де өзіндік ерекшеліктері байқалады. Қыр гүліндей құлпырып өсіп келе жатқан қылықты қыздары білімге құштар, өнерге бейім. Тұла бойы тұңғыштары Гүлнұр биыл ғана теңін тауып, құтты ұясына қонса, Фарида, Қарлығаш, Ұлбану есімді қыздары Қасым Аманжолов атындағы мектептің үлгілі оқушылары, ал Жүрсінбегі мектепалды даярлық тобына барды. Қазақ қызына тән талғампаз, тұла бойы өнеге тұнған белсенді шәкірттерін ұстаздары да мақтан тұтады. Аз-мұз еркелігі болмаса, Жүрсінбек те текті әкенің тәрбиесін көрген, қағылез.

Осындай берекелі отбасылар барда Отанымыздың діңгегі де мықты болмақ.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз