Ауылды көркейтетін игілікті бағдарламаға ел риза

Тәуелсіздіктің елең-алаңында қаржы жетіспеушілігі және басқа да себеп-салдардан ауылдар қиын жағдайға душар болғаны белгілі. Ел экономикасы оңалғаннан кейін оларды көркейтуге жете мән беріле бастады. Сөйтіп, мемлекеттің жүйелі қамқорлығының арқасында ауылдардың түтіні түзу шығып, елді мекендер көркеюде.

Ресми мәлімет бойынша республикамыздағы ауылдық елді мекендер білім беру және денсаулық сақтау нысандарымен толықтай қамтылған. Электр жарығы бармаған, телефон желісі тартылмаған ауыл жоқтың қасы. Өңірімізге келсек, тек Бөрлі ауданының Сатайкөл мен Бөкей ордасындағы Қарасай елді мекендерінде жарық жоқ, 7 елді мекенге телефон желісі тартылмаған. Сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелердің, мәдениет және спорт нысандарының тапшылығы байқалады. Ауыз сумен, көгілдір отынмен қамту, жол мәселесі де жоқ емес. Бірақ олар біртіндеп оң шешімін тауып келеді. Мәселен, облысымыз апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқитын білім беру нысандары бойынша мәселені толығымен шешті. Халықтың сумен қамтылуы 86,8%-ға жетті, соның ішінде ауыл тұрғындарын қамту 80%-ға жуық. Облыс тұрғындарының табиғи газбен қамтылуы 91,7%-ды құрайды, оның ішінде ауыл тұрғындары – 83,6%.

Ауылда  143  жоба  жүзеге  асырылуда

– Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы бүгінде «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Бағдарламаны жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарына сәйкес жылма-жыл ауылдық елді мекендер дамуының мониторингі жүргізілді. Былтырғы мониторинг қорытындысына сәйкес, облысымыздағы 56 ауылдық елді мекеннің даму әлеуеті жоғары, 353-і даму әлеуеті орташа, қалғаны төмен деп белгіленді. Ауылдық елді мекендерге инвестициялар тарту, экономикалық қызметті, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамытуды көздейтін облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 12 желтоқсанындағы №21-5 шешімімен «Батыс Қазақстан облысының шекара маңындағы аудандарын дамытудың 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары», №21-6 шешімімен «Батыс Қазақстан облысының аудан орталықтары мен тіректі ауылдық елді мекендерін дамытудың 2014-2018 жылдарға арналған жеке кешенді жоспарларын және ауылдық округтердің орталықтарын дамыту бойынша 2014-2018 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары» бекітілді. Бүгін ауылдарды дамыту осы кешенді жоспарлар бойынша әрі мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іс-шараларын жүзеге асыру аясында жүргізілуде. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасының жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдау бағыты бойынша биыл ауылдарда 143 жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 351,5 млн. теңге бөлінді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бұл қаржының 172,2 млн. теңгесі (76,2%) игерілді.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдау бес бағытта жүзеге асуда. Біріншісі – сумен және газбен жабдықтау нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу. Екіншісі – көшелерді жарықтандыру мен көгалдандыру, балалардың ойын алаңдарын орнату, иесіз қалған нысандарды бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтары, мал молаларын талапқа сай қауіпсіздендіру. Үшіншісі – ауылішілік жолдарды және көпірлерді күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу. Төртіншісі – су қоймаларын тазарту, иесіз қалған сутехникалық құрылыстарын қалпына келтіру. Бесіншісі – елді мекендерді абаттандыру жөніндегі іс-шаралар. Қазір осы жұмыстар Зеленов, Шыңғырлау аудандарында жақсы жүруде, — дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бөлім басшысы  Райса  Еркеғалиева.

Иә, шыңғырлаулықтар өткен сегіз ай ішінде аталмыш бағдарлама шеңберінде бөлінген 13,9 млн. теңгенің 12,7 млн. теңгесін игерген. Аудан орталығында балалар алаңының құрылысы мен Лубендегі күл-қоқыс шығару жұмыстарының аздаған бөлігі ғана қалыпты. Ел қазынасынан бөлініп отырған қаржыны ауыл тұрғындары көшелерді жарықтандыру, тұрмыстық қалдықтарды шығару, балалар ойын алаңдарын салуға бағыттап отыр. Соның нәтижесінде бұрын қараңғы көшелерде орын алатын бұзақылық, қылмыс атаулысы азайған, ауылдар тазарып, жаңа кейіпке енуде, жүздері бал-бұл жанған бөбектер асыр салып ойнап, ауылды шаттыққа бөлеуде.

Березовқа  бөлінген  қаржы қайта  жоспарланды

Енді Бөрлі ауданында балалар алаңымен бірге спорттық алаңдар да көбеймек. Қазір бес ауылдық округте олардың құрылысы жүруде. Сонымен қатар алдағы жылдары Ақсай қаласы, Бөрлі, Кеңтүбек ауылдарында балабақшалар бой көтермек. Қазір бұл бөбекжайлардың жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) дайындалуда. Аталмыш жобалардың жүзеге асуына Березов ауылының көшірілуі мүмкіндік беріп отыр. Яғни бұрын хабарлағанымыздай, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында биыл аталмыш ауылдық округте біраз жобалар қолға алынуы тиіс болатын. Ауыл көшірілетін болғаннан соң жоспар өзгерді. «Бағдарлама аясында Березов ауылына 35 млн. теңге бөлінген еді, — дейді Бөрлі аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнәр Шамғонова. – Бұл қаражаттың төрт пайызы жыл басында жаңадан салынады деп жоспарланған ауылдық округ әкімдігі ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) дайындауға жұмсалды. Биыл ауыл тұрғындарының бәрі бірдей көшпейді ғой. Сол себепті 3 млн. теңге санитарлық тазалық шаралары мен абаттандыру жұмыстарына бағытталды. Ал қалған қаржы кері қайтарылып, аудандық мәслихаттың шешімімен қайта бөлінді. Қаржының бір бөлігі березовтықтар үшін Ақсайдың «Қарашығанақ-1» шағынауданынан тағы бір көпқабатты үй салу үшін ЖСҚ  дайындалуға  жұмсалды».

Ақжайық ауданында да бағдарлама аясында жоспарланған жұмыстар аяқталуға таяу. Биыл мұнда кітапханалар жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолдары төселуде. Ал Алғабас ауылының тұрғындары ауыл аумағындағы тоғандарды тазалауға мән беріп отыр. Ауылдық округ әкімі Ерболат Есбосыновтың айтуынша, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде бөлінген 5 млн. теңгеге Тегісжол және Жаңажол елді мекендеріндегі тоғандар тазартылып, тереңдетілді. Соның нәтижесінде осыдан қырық жыл бұрын қазылған су алабы қайта түлеген. Енді Киров-Шежін каналынан келетін және жаңбыр, қар суларының молырақ жиналуына мүмкіндік туды. «Соңғы кезде округте мал басы артып келеді, ал су қоры азаюда. Сол себепті осы мәселе күн тәртібінде тұрған еді, — дейді Ерболат Есбосынов. — Оралдық «Мейірім» ШК осы бағытта жұмыс істеді. Бірақ эксковатор-драгвайн тоғандарымызды толық тазалай алған жоқ. Бұл бағытта толыққанды жұмыс жүргізу үшін көп қаражат керек екен. Дегенмен де барға шүкір. Қалған үш елді мекендердегі тоғандарды да тазалап, тереңдету жоспарда бар. Жалпы алғанда, ауылдарды дамытып, көркейту бағытындағы осындай игілікті бағдарламаларға  ел  риза».

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз