Барлық өңірлерде жергілікті полиция қызметі құрылатын болады - Б.Бисенқұлов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары (ФОТО)

Қазақстан Президенті 12 қараша күні қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жергілікті полиция қызметі өз жұмысына кірісетін болады.

Бұл туралы БҚО әкімдігінде өткен кеңесте ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Берік Бисенқұлов мәлім етті.

Оның айтуынша, аталмыш заң «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес жасақталған болатын. Полиция қызметінің құрамына учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілері, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, табиғат қорғау, қабылдап-тарату және арнайы қабылдайтын орындар, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі, жол-патрульдік полиция қызметкерлері кірмек. Яғни Батыс Қазақстан облысында мыңнан астам адам құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында өз міндеттерін орындамақ. Жергілікті полиция қызметі ішкі істер органдарының біртұтас жүйесіне кіреді және қызметкерлері бірыңғай құқықтық мәртебеге ие.

Жергілікті полиция қызметінің басшысын Ішкі істер министрлігінің ұсынысымен және мәслихат депутаттарының келісімімен облыс әкімі, оның басшы қызметкерлері мен жеке құрамын жергілікті атқарушы органдар тағайындайды.  Жергілікті полиция қызметінің басшысы жылына екі мәрте атқарушы және өкілді органдар, бір рет тұрғындар алдында есеп береді. Сөйтіп бұл әкімдіктер мен жергілікті полиция қызметінің өзара бірлесіп қызмет атқаруын ширатып, жауапкершіліктерін күшейте түспек.  Оған қоса полиция қызметін тұрғындар да бағалай алады.

«Жергілікті полиция қызметінің табысты жұмыс атқаруы ішкі істер органдары мен әкімдіктердің бірлескен іс-қимылына байланысты болмақ», деп түйіндеді ойын Б.Бисенқұлов.

Кеңес барысында министрдің орынбасары облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісін табыс етті.

null 

null

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз