Батыс Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау соғылды (ФОТО)

Батыс Қазақстан облысы мектептерінде соңғы қоңырау салтанаты болды.

Тоқсан жылдық тарихы бар дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешені - еліміздегі мақтаулы мектептердің бірі. Ширек ғасырдай уақыт бойы өңірге танымал ұстаз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ерсайын Сапаров жетекшілік ететін қара шаңырақты биыл 56 түлек бітіргелі отыр. Соның ішінде 13-і «Алтын белгіден», екеуі ерекше аттестаттан үміткер болса, 41-і оқу жылын тек  «өте жақсы» және «жақсы» деген бағалармен тәмамдады. Білім ордасының шәкірттері республикалық, халықаралық байқауларда оза шауып жүр.

Мектепті осы табыстарымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, білім майданында үнемі алға басып, ел игілігі мен ертеңі үшін екпінді еңбек ете берулеріне тілектестігін білдірді. Осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, жазушы Қайыр Құрақұланның сөздері де ерекше әсерлі шықты.

Ал Орал қаласындағы Назарбаевтың зияткерлік мектебі биыл алғашқы түлектерін ұшырғалы отыр. Мұндағы салтанатты рәсімге қала әкімі Алтай Көлгінов қатысып, мектеп ұжымын оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Аталмыш мектеп директоры Шолпан Қадырованың сөзіне қарағанда, оқу жылын 579 оқушы аяқтаса, соның 46-сы 12-сыныпты тәмамдап, жаңа өмірге қадам баспақ. Олардың оны «Алтын белгіден», екеуі ерекше аттестаттан дәмелі, 29-ы Назарбаев Университетіне емтихан тапсырды.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз