Батыс Қазақстанда киік атқандар жазаланды

Бөкей ордасы аудандық сотында киікті заңсыз аулағандарға қатысты екі бірдей іс қаралды.

Аудандық соттың бас маманы Руслан Қаженовтің хабарлағанындай, Саралжын ауылында тұратын Д.Х. мотоциклімен Т.Масин ауылдық округінің «Аралсор» елді мекені жағынан жылқы іздеуге жиналған кезде қайынатасының қос ауыз мылтығын ала шыққан. Жолда киікті кездестіріп, оны ойланбастан қарауылға іліктіреді. Төшкені көлігіне түгел арту мүмкін болмағандықтан екі санын, басын мүйізімен жол дорбасына салып, қанжығасына өңгереді. Оқиға болған жерден сегіз шақырымдай ұзағанда, «Охотзоопром» мекемесі қызметкерлері тоқтатып, браконьерлік қылығы әшкере болады. Олар учаскелік полиция инспекторын шақырып, акт жасатып, ақыры іс сотқа түсті.

Д.Х-ның өз кінәсін мойындауымен қатар, аңшылар қоғамы өкілдерінің, куәлардың жауаптары, сот талқылауында зерттелген дәлелдемелер жиынтығы, оқиға болған жерді қарау хаттамасы, схема, фотосуреттер, биологиялық зерттеу қорытындылары Д.Х-ның қылмыстық әрекетін ҚР ҚК-нің 288-бабы, 1-бөлімі, «б» тармағымен (механикалық көлік құралын пайдаланып, заңсыз аңшылық құру) айыптаудың дұрыстығын көрсетті. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 368-371, 373-375, 377-380, 383, 384 баптарын басшылыққа алған аудандық сот судьясы Тамара Ғұмарова Д.Х-ға қылмыс жасау құралын тәркілеу арқылы 2 (екі) жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол мемлекетке келтірген 346200 теңге залалды өтеп, 3462 теңге баж салығын төлейтін болды. Осылайша бір киікті атудың әлегі саралжындық жігітті астындағы мотоциклінен, қайын атасының мылтығынан айырып, 350 мыңдай теңге ақшалай зиян шектірді.

Екінші оқиға да осыған ұқсас. «Nissan Patrol» автокөлігімен Орал қаласынан шыққан Б.Қ. көршілес Атырау облысы Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылына бет алғанымен, Бөкей ордасының орталығы Сайқынға соғып, сол ауылдың тұрғыны Ж.А-ға жолбасшы болуды өтінеді. Танысының көңілін қимаған Ж.А. үйінен 16 ұңғылы қос ауыз мылтығын иығына іле шығады. Жолай кезіккен «жезкиікті» атып, машиналарына салып алады. «Әлтек» қыстағына барып, демалып жатқан кезде Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері келіп, құжаттарын қарап, көліктерін тексереді. Киіктің төшкесін, мүйізін тауып алады. Бұлар болған жайды бүкпесіз баяндап, мылтық пен оқ-дәріні де көрсетеді. Оралдық Б.Қ-ның астындағы көліктің иесі алматылық Е.С. болып шығады. Машинаны сенімхатпен айдап жүрген Б.Қ. сенімхат мерзімінің аяқталып қалғанын да ескермепті. Сондықтан Б.Қ-ның бас бостандығына 1 жыл 6 ай мерзімге шектеу қойған аудандық сот үкім күшіне енген соң автокөлікті иесіне қайтаруды тапсырды. Ж.А-ға да сондай жаза кесіліп, тегіс ұңғылы қос ауыз мылтығы тәркіленді. Мемлекетке келтірілген залалдар өндірілді.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз