Батысқазақстандықтар Ресейдің Самара облысына ет өнімдерін шығармақ

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов бастаған БҚО делегациясы көршілес Самара облысына барып, келіссөздер жүргізіп қайтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, батысқазақстандықтар Самара облысы басшылығымен кездесіп, «Губерния базарында», дайын ет өнімдерін өндіретін «Гарибальди» компаниясының өндірістік алаңында болды. 

А.Өтеғұлов пен Самара облысының губернаторы Николай Меркушкин өнім шығару мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады. Арман Өтеғұловтың атап өткеніндей, қазіргі кезде БҚО Ресейдің бірқатар аймақтарына ет өнімдерін шығаруда. Мал шаруашылығы саласында 2014-2015 жылдары іске қосылатын, құны 6,9 млрд. теңге тұратын бес инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 2015 жылға қарай ет экспортын жылына 9400 тоннаға жеткізу көзделуде. Осы ретте Самара облысына да ет және көкөніс қалбырларын, ет өнімдерін шығаруға болады.

Бұл мәселені қолдаған Самара облысының басшысы батысқазақстандықтарға өңір базарларында сауда павильондарын ашуды ұсынып, Самара үкіметі төрағасының орынбасары, ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Виктор Альтерготқа БҚО-дан ет өнімдерін тікелей әкелу мүмкіндіктерін зерттеуді тапсырды. В.Альтергот мәлім еткеніндей, Самарада сиыр еті баршылық болғанымен, жылқы, әсіресе, қой етіне тапшылық қатты сезіледі. Мұның орнын батысқазақстандықтар толтыра алар еді.

Күні бүгін Ақжайық ауданында «Батыс Марка Ламб» ЖШС тәулігіне 1400 тоқты союға арналған ет кешенін салып жатқаны белгілі. Құны 2,4 млрд. теңге жоба биылғы жыл соңында іске қосылмақшы. Мұнда өнімнің тең жартысын сыртқа шығару жоспарлануда. Батысқазақстандық мамандар мұның бір бөлігін көрші ресейлік облыстарға жөнелту қажет деп есептейді.

Самара қалалық округі тұтыну нарығы департаменті басшысының орынбасары Станислав Максимовтың сөзіне қарағанда, орталық «Губерния» базарында Самара мен Саратов облысының ет өнімдері сатылады. Мұнда ет өнімдерін сатуға арналған елудей орын бос тұр. Демек, Батыс Қазақстаннан ет жеткізілсе, ешкім қарсы емес.
Сонымен қатар самаралық тауар өндірушілер үшін де Қазақстанда осындай жеңілдіктер қарастыруға болады.

Мұндай ынтымақтастық мәселелері биылғы жаз ортасында Орал қаласында шекаралас аймақтардың қатысуымен өтетін ірі форумда талқыланбақ.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз