Белгілі домбырашы А.Үлкенбаева Батыс Қазақстанда өнер көрсетті

Шығармашылық сапарымен Батыс Қазақстан облысына келген белгілі домбырашы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Айгүл Үлкенбаева Жаңақала ауданында өнер көрсетті.

Күй шымылдығын Махамбеттің «Қайран Нарыны» ашқаннан кейін қара домбыра шанағынан Құрманғазының «Қайран шешем» туындысы төгілді. Динаның «Бұлбұлы» бұлақтың кәусар лебіндей майдалап соқса, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуы» күміс қанаттарын шолпыдай сыңғырлатып, жүрек түбіндегі нәзік пернені қозғап өтті. «Қыз Жібек» фильмінен етене таныс бұл күйді халық жылы қабылдады.

 Шәкірті, жаңақалалық Жарас Сатыбалдымен бірге орындаған Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұясы» да тыңдарман талғамынан табылды. Күйші қазақтың дәстүрлі музыкалық аспабын эстрадалық аспаппен шебер шендестірді. Сейтектің «Қош аман бол, Ақбикешінің» мақамы мамықтай майда үнмен құлақ құрышын қандырды. Эстрадалық аспаптың домбыраға қосылуы нәтижесінде «Ақдариға» халық әні  өзгеше өрнекке ие болды.

Күйшінің өнерін тұрғындар жан-жақтан дауыстап қолдау көрсетіп, ләззаттана, арқалана қабылдады, домбырашының жүрек лүпілін жақыннан сезінді. Күмбір күй ұлттық өнерге сусаған жаңақалалықтардың шөлін қандырса, керемет музыка мен жанды дыбыс оларды одан әрі ынтықтыра түсті.

Кеш соңында аудан әкімі Лавр Хайретдинов талғампаз жаңақалалықтарды өнерімен тәнті еткен күйшіге ризашылығын білдіріп, алғысхат табыс етті. Батыс Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Айдар Батырханов күйшіге құрмет білдіргеннен кейін мерекелеріне орай аудандағы үздік мәдени қызметкерлерді марапаттады.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз