БҚО аймақтық үйлестіру кеңесінде 21 жоба талқыланды

БҚО әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің төрағалық етуімен өткен аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында 21 жоба талқыланды.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асылан Жақыповтың мәлім еткеніндей, аталған жобалар түрлі салаға қатысты. Айталық, «Серік» ӨЖК» ЖШС-ының директоры Серік Мерғалиев кинотеатры, мейрамханалары, балалар аттракционы, тағы басқасы бар, көңіл көтеру кешенін салатынын мәлімдеді. Кейбір нысандар қазірдің өзінде салынып, аяқталуға қалыпты. Мақсат - санаулы айлардың ішінде кешен құрылысын аяқтап, тұтынушы назарына ұсыну. «АйБекСервис» ЖШС құны 4 млн. теңге тұратын жер өлшейтін қондырғылар алуды жоспарлап отыр. Ал «Карпова Л.Ж.» ЖК жүк көлігін сатып алу үшін «Жаңа бизнес бастамаларын қолдаудың» бірінші бағыты бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және ішінәра кепілдік алуға сүйенбекші. Аталмыш жобасы хақында кәсіпкер Любовь Карпова түсінік берді. Өзге де жобалар жөнінде кеңес мүшелері толық ақпарат алып, кейбіреуіне сын-ескертпелер айтты, бірақ басым көпшілігін қолдады. Айта кетерлік жәйт, барлық жобалар бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланбақ. Бұдан басқа екеуіне ішінәра кепілдік берілді.

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы - 2020» және 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламалары шеңберінде мемлекеттік грант беру бойынша конкурстық комиссиялардың ұсыныстары қаралып, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының төртінші бағыты аясындағы «Назарбаев университеті» АБМ (агробизнес мектебі) базасында «Шағын және орта кәсіпкерлік топ-базасын оқыту» жобасы бойынша Батыс Қазақстаннан оқуға қатысушылардың қосымша тізімі бекітілді. Жалпы алғанда, биыл республикалық бюджеттен мемлекеттік гранттар үшін 11 млн. теңге бөлінген. Мемлекеттік гранттар алу үшін 40 өтініш түсіпті. Оларды бір ай бойы қараған конкурстық комиссияның шешімі бойынша мемлекеттік грантқа 7 жоба ұсынылып, мақұлданған.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз