БҚО бюджеті 110,6 млрд. теңгеден асты

2014 жылға арналған облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 12,4 млрд. теңгеге, соның ішінен республикалық бюджеттен берілетін мақсатты трансферттер есебінен 4,5 млрд. теңгеге көбейді. Бұл туралы облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Руслан Бектемір мәлім етті.

Оның айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігі негізінен әлеуметтік мәселелерді шешуге, Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталмақ. Мәселен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 91,8 млн. теңге, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алушылардың шәкіртақыларының мөлшерін көбейтуге 71,8 млн. теңге қарастырылған. Ал вакциналарды және басқа да иммундық-биологиялық препараттарды сатып алуға, тұрғындарды иммундық алдын алу шараларымен қамтамасыз етуге 252,7 млн. теңге бөлінбек.

Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметші болып табылмайтын қызметкерлерінің және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік кәсіпорындар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына ерекше еңбек жағдайлары үшін ай сайынғы үстемеақы төлеуге 2 658,1 млн. теңге (10 пайыз), ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын аса  маңызды топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға 184,0 млн. теңге бөлу көзделген. Тұрғын үй құрылысына 108,8 млн. теңге,  «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында индустриялық инфрақұрылымды дамытуға 657,3 млн. теңге, мамандандырылған уәкілетті ұйымдардың жарғылық капиталын ұлғайтуға 286,2 млн. теңге қарастырылды.

Осы өзгертулерді қосқанда, БҚО бюджеті 110 млрд. 618,5 млн. теңгеге жетті.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз