БҚО-да ардагерлерге құрмет көрсетілуде

8 мамыр күні Оралдағы Салтанат сарайында Жеңіс мерекесіне орай ардагерлерге дастархан жайылды.

Оған 120-дан астам майдангерлер мен тыл еңбеккерлері, концлагерьде болғандар жиналды. Ардагерлерді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, аға ұрпақтың Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Елімізде соғыс отына шарпылмаған шаңырақ жоқ. Жеңіс үшін қыршын кеткендер қаншама. Майданда жан алып, жан беріскен ұрыстар жүріп жатқан мезгілде тылдағылар жатпай-тұрмай еңбек етті. Ардагерлер бүгінгі таңда да қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысып келеді.

Жеңіс күнімен ардагерлерді сондай-ақ ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым, Ресейдің Орал қаласындағы консулі Саид Забитов, соғыс және еңбек ардагері Қадыр Ғайсин, еңбек ардагері, бұрынғы облыс басшысы Нәжімеден Есқалиев құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Ардагерлер құрметіне Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері ән шырқап, «Назерке» ансамблі би биледі.

Соғыс және еңбек ардагерлері облыстық ұйымы басқармасының төрағасы Мырзағали Мұхамбетовтің айтуынша, өңірде ардагерлерге барынша қамқорлық көрсетілуде. Жеңіс күніне орай әр соғыс ардагеріне 50 мың, тыл еңбеккеріне 3 мың, концлагерь тұтқындары мен Ленинград құрсауында болғандарға 10 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді. Орал қаласы әкімдігі мен мәслихаттың ортақ шешіміне орай оралдық майдангерлер биылғы мамырдан бастап коммуналдық төлемдерден босатылды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек өз алдына, ардагерлер еңбек еткен ұжымдар да қарап қалған жоқ. Мәселен, «Зенит» зауыты (басшысы Вячеслав Валиев) әр соғыс ардагерін 10 мың, тыл еңбеккерін 5 мың теңгемен марапаттады. Өз ардагерлерін елеусіз қалдырмайтын «Конденсат» АҚ (басшысы Валерий Жүнісов), «Айдана» ЖШС (Аветик Амирханян), Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж (Шалқыма Құрманәлина) сынды мекеме-ұйымдарды атап өтуге болады.

Облыста майдангерлер қатары жыл санап сиреп келеді, қазіргі таңда олар 300-ден сәл асады. Сондай-ақ тоғыз мыңнан астам тыл еңбеккері бар.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына әзірлік қазірдің өзінде басталып, өңірде нақты шаралар жоспарланып отыр. Айталық, Отан, туған ел, бейбітшілікті ту ететін өнер фестиваль-байқауы биыл 6 мамырда Ақжайық ауданында басталса, ол 11 маусымда облыс орталығында қорытындыланбақ. Облыстық байқау жеңімпаздары  Астанада өтетін «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» атты республикалық фестивальға қатысатын болады. Ол келесі жылға жоспарланған. Қазіргі таңда аталмыш байқаудың ұйымдастыру алқасы қызу жұмыс үстінде. «Жайық Пресс» ЖШС өңірдегі майдангерлер туралы жинақ шығаруды көздеуде. Мұндай жұмыс күн санап өрістей түспек.

http://www.kazinform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз