БҚО-да аудан әкімінің орынбасары мас күйінде үш адамды қағып кеткен

6 сәуір күні Орал қаласында шамамен сағат 20.30-да Орал-Желаев тасжолының бойында орналасқан «Медведь» саунасына қарсы жерде белгісіз біреу мемлекеттік нөмірі 030, сериясы белгісіз «Тойота Камри» ныспылы автокөлігімен үш жолаушыны қағып кеткен де, оқиға орнынан бой тасалаған. 

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жүргізілген шаралардың нәтижесінде 10-15 минут өткеннен кейін Ә.Молдағұлова көшесінің бойындағы «Анвар» дүкенінің қасында Орал қалалық ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері аталған автокөлікті айдап келе жатқан 1975 жылғы жүргізуші, Теректі ауданы әкімінің орынбасары Абзал Бралиевты ұстады.

Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес А.Бралиев орташа дәрежедегі алкогольдік ішімдік ішкен күйде болған. Бірақ ол жаяу жүргіншілерді қағып кеткенін мойындаған жоқ.

7 сәуір күні кеште тексеру-тергеу барысында бұл азаматтың кінәсі дәлелденіп, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 467-бабы 3-бөлімі және 469-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша жүргізуші А.Бралиевке қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілетін болады.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз