БҚО-да мектеп мұғалімі оқушыларға қол жұмсаған (ВИДЕО)

Ауылдық мектептердің бірінде білім алатын оқушылар ағылшын тілі мұғалімінің оларды күнде ұрып, қорқытатынын ата-аналарына айтып берді, деп хабарлайды 31 арна

Бірде жеті жасар Верониканың әпкесі мұғалімнің сіңлісіне қол жұмсап жатқанын байқап қалады. Сөйтіп ол жайында дереу анасы Елена Потапченкоға айтқан.

«Мұның рас-өтірігін Вероникадан сұрастырғанымызда, ол жылап қоя жіберді. Мұғалім ата-аналарыңа бұл жайында тіс жарушы болмаңдар, әйтпесе ұрып-соғамын деп қорқытқан екен. Қызымның айтуынша, ол арт жақтан келіп, оны басынан ұратын көрінеді », - деді Рубежкенское ауылының тұрғыны Елена Потапченко.

Вероника ағылшын тілі пәнінен беретін ұстазынан қорқатынын айтты, сұрастыра келе өз мұғалімінен жасқанатын оқушы ол ғана емес екен. Жеті жасар қыздың әңгімесінен кейін, басқа ата-аналар да балаларын қастарына алып, мән-жайды сұрай бастаған. Наталья Бигельдиеваның қызы да сыныптасының айтқанын растады.

«Ол мойындады. Мұғалімі жер-жебіріне жетіп ұрсады деген оған. Сабақта дұрыс жауап бермесе, арқасынан ұратын көрінеді», - деді Наталья Бигельдиева.

Алайда мектеп басшылығы бүлдіршіндерге сенбей отыр. Мектеп ұстаздары психологтың қатысуымен бірінші сынып оқушыларымен әңгіме жүргізген. Әңгіме барысында басқа балалар ұстазына тағылып отырған айыпты жоққа шығарыпты. Ал ағылшын тілінің оқытушысы бүлдіршіндердің ешқайсысына қол жұмсамағанын айтып, сендіруде.

«Вероника Потапченкоға қатысты айтар болсам, ол бала өте сабырлы, сабақта тыныш отырады. Менің тарапымнан оған еш шағым, арыз жоқ. Көңілім толады. Балаларды ұрып-сабайды, қол жұмсайды деген өтірік. Ондаймен айналыспаймын. Оқушыларды ұруға болмайтынын жақсы білемін», - деп сендірді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айсұлу Байболатова.

Ата-аналардың шағым түсіруіне байланысты, мектепте қызметтік тексеріс жүргізілді, алайда ол да ұстаздың кінәсіздігін көрсетіп отыр. Дегенмен ата-аналардың көңілі күпті, тексеріс нәтижесіне көңілдері толмаған. Оның үстіне, мектеп басшылығы мен оқушылар арасындағы әңгіме олардың қатысуынсыз өткені көңілге күдік ұялатқан. Ал облыстық білім бөлімі бұл жәйтті назардан тыс қалдырмай, мектепке тағы бір тәуелсіз комиссияны жөнелтуге уәде етті.

BNews.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз