БҚО-да мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алушы ауыл кәсіпкерлері көбеюде

Батыс Қазақстан облысында Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына қатысушы ауыл кәсіпкерлерінің қатары көбеюде.

Егер осы бағытта өткен жылы батысқазақстандық кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға 1 миллиардтай теңге бөлінсе, биыл 1,2 млрд. теңгеге жетіп отыр.  

Мемлекеттік бағдарлама шапағатын көргендердің бірі - Оралға қарасты Желаев кентінің тұрғыны Ғарифолла Қадырәлиев. Ол мүдделес адамдармен бірге құрылыс материалдарын шығармақшы. Осы мақсатта «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен 3 млн. теңге алды. «Бұл бізге тиімді. Елімізде мұндай бағдарламалардың болғаны, әсіресе, ауылда тұратын кәсіпкерлердің еңсесін бір көтеріп тастады», - дейді ол.

Бөкей ордасынан Теректі ауданы Подстепный ауылына көшіп келген Досжан Әбуов есік, қақпа, қоршау, орындық, баспалдақ жасаумен айналысады. Өндірісін кеңейткісі келген ол да аталмыш қор арқылы 2 млн. теңге қарыз алып, тиісті құрал-жабдыққа қол жеткізіп отыр.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мамандарының сөзіне қарағанда, займды рәсімдеу онша күрделі емес. Кепілдік мәселесі де оңайлатылған. Қор ауылдық жердегі барлық жылжымайтын мүлікті, жабдықты, активтерді кепілге алады. Несиенің бастапқы көлемі 3 млн. теңге болса, қайтадан алғанда, 5 млн. теңге беріледі. Бұрын ауылдық жерде негізінен мал және егін шаруашылығы қаржыландырылып келсе, қазір тұрғындар түрлі қызмет түрлерін, жаңа өндірістер ашуға құлшыныс білдіруде. 

http://kazinform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз