БҚО-да жастардың инновациялық үздік жобалары анықталды

Дарынды жастарды иннова­цияны дамыту ісіне тарту мақса­тында «Алгоритм» технопаркі» ЖШС-да облыстық білім басқармасының қолдауымен алғаш рет мектеп оқушылары мен студенттер арасында «INNOVA - 2014» байқауы мәреге жетті.

«Алгоритм» технопаркі» ЖШС директоры Арман Есекеновтің айтуынша, аталмыш байқауға барлығы 76 жастан өтініш келіп түскен. Солардың арасынан іріктеп алынғаны - 30 жоба.

Аталмыш шараға 16 мектеп оқушысы мен 14 студент қатысып, өз жобаларын ұсынды. Мысалы, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің студенті Ләйлә Амангелдиева Шаған өзе­нінің сол жақ жағалауын абат­тандыруға арналған тиімді жоба (жетекшілері, аталмыш ЖОО-ның оқытушылары Аяжан Масенова мен Жанаргүл Көкенова) ұсынса, облыстық балалар техникалық-шығармашылығы орталығының тәрбиеленушілері Әділ Еркінбе­ков пен Байдәулет Шаекенов жол­ды асфальттауға арналған жаңа құрылғының жобасын ойлап тап­­қан. Сондай-ақ Н. Назарбаев атын­дағы зияткерлік мектебінің оқушылары Әлішер Санаев пен Гауһар Бүркітбаева баламалы қу­ат көзінің жаңа жобасы мен су­ды мұнай қалдықтарынан та­зар­тудың қарапайым әдісін жасап шы­ғарса, Қазталов ауданынан кел­ген Рысбек Аманғали мал көңін пайдалану арқылы қыстақтарды жылытуға болатынын дәлелдеді. Ал қаладағы №38 мектеп-ли­цейі­нің оқушысы Эльдар Бақты­ғалиев  «Бақылаушы Айкезбе» жо­­­ба­сы арқылы айдың бетін бақылап отыруға болаты­нын жеткізді.

Жобаларды таныстыру рәсі­мі­нен кейін дарынды жастар «Мек­теп оқушылары арасындағы ең үздік инновациялық жоба» және «Студенттер арасындағы ең үз­дік инновациялық жоба» ат­ты аталымдар бойынша марапат­тал­ды. Онда облыс әкі­мінің орынбасары Марат Кәрі­мов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен сертификаттар және бағалы сыйлықтар табыс етті.

«Мектеп оқушылары арасын­да­ғы ең үздік инновациялық жоба-2014» аталымын Тасқала аудан­дық мектептен тыс жұмыс орталығы­ның оқушысы Еламан Мертайдың «Генератор мен Эгзоскелет» жобасы жеңіп алды. ІІ және ІІІ орындарды Н.Назарбаев атындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектебінің оқушылары Әлішер Санаев пен Гауһар Бүркітбаева және Асылбек Бұғыбай өзара бөлісті. Сондай-ақ, студенттер арасында Батыс Қазақстан инженерлік-экономикалық колледжі студенті Максим Табановтың жобасы ең үздік инновациялық жоба ретінде аталса, БҚМУ студенті Тұрсынай Ислямова мен Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің студенті Шынар Нұрбергеннің жобалары ІІ және ІІІ орындарды иеленді. Бұдан басқа тиімді деп танылған тағы бірнеше жоба авторлары бағалы сыйлықтарға ие болды.

1    2

3

4 

 

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз