БҚО инвестиция тарту бағытында көршілес аймақтармен тығыз байланыс орнатпақ

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан мен Ресейдің көршілес аймақтарымен инвестиция тарту бағытында тығыз байланыста жұмыс жасамақ.

Бұл туралы 9 қазан күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен «WestKazInvest 2014» халықаралық бизнес-форумында айтылды.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің атап өткеніндей, аталмыш форум екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсат - үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңін (2015-2019) жүзеге асыруға байланысты өңірге инвестиция тартып, басым бағыттарды дамыту. 2013 жылы өткен бірінші форумда қол қойылған меморандумға сәйкес облыста бірқатар бірлескен жобалар қолға алынуда. Айталық, Орал қаласы төңірегінде газтурбиналы электр стансасы бой көтеріп жатса, Ақжайық ауданында «Батыс Марқа Ламб» ЖШС қозы етін өндіретін кешен салуда. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да «Парасат» ғылыми-технологиялық ұлттық холдингі» АҚ-мен бірге бекіре тұқымдас балық өсіретін аквамәдени кешен тұрғызылуда. Сол сияқты жоғары сапалы құс етін өндіру, қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтар алу бағытында да соны жобалар жүзеге асуда.

Саратов облысы үкіметі төрағасының орынбасары Павел Большедановтың айтуынша, Қазақстанда өндірісте болсын, білім және басқа салада болсын, игі өзгеріс-жаңалықтар баршылық.  Осы орайда технопаркті дамытып, бірлескен жобаларды қолға алуға толық болады.

Орынбор облысы мәдениет және сыртқы байланыс министрінің орынбасары Александр Калинин өз өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктер, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік арқылы қолға алынған жобалар жөнінде мәлімдеп, батысқазақстандық кәсіпкерлерді тиімді негізде бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.  Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан «Орал» халықаралық әуежайын дамыту аясында Орынбор мен Орал арасында рейс ашу жөнінде жаңа жоба ұсынылып, ол өңір басшылығында талқылану үстінде.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының бас директоры Дамиано Ратти қазақстандық үлесті арттыру бағытында БҚО әкімдігімен бірлескен жұмыстың одан әрі жалғасатынын жеткізді.

Мұнай және газ құбырларын жүргізумен айналысатын "General Electric Oil & Gas" компаниясының РФ және ТМД елдері бойынша аймақтық директоры Мариани Алессио Оралдағы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ сияқты іргелі кәсіпорындармен бірлескен жобаларды қолға алу, мамандарды оқыту бағытында өзара тиімді байланыстың жасалатынын айтты.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі инвестициялар комитетінің басқарма бастығы Мұхамед Қабылдинов елдегі инвестициялық ахуал, өңірлердің, соның ішінде БҚО-ның инвестициялық тартымдылығы, арнайы экономикалық аймақ және оның артықшылықтары жөнінде әңгімелеп берді.

Форум бұдан кейін бес бірдей секциялық отырысқа ұласып, онда Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Орынбор, Самара, Саратов сынды көршілес өңірлерден келген компаниялар мен ұйымдар өкілдері, ғалымдар өз ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Кәсіпкерлердің өзара пікір алмасуы  жабық мұз айдыны сарайындағы көрмеде жалғасын тапты. Форум соңында жаңа меморандум-келісімдерге қол қойылмақшы. 

null

 null  

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз