БҚО әкімі: Басты мақсат - кәсіпкерліктен түсетін түсімді молайту

Басты мақсат - Елбасымыз қойған тапсырмаға сәйкес шағын және орта бизнестен түсетін түсімдердің үлесін аймақтық өнімде ұлғайту. Бұл туралы 19 мамыр күні БҚО кәсіпкерлерінің форумында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.

Облыс басшысы атап өткеніндей, БҚО кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен мұндай форум кәсіпкерлер мен биліктің бірін-бірі жақсы түсінуіне жәрдемдеседі, кейбір түйткілді тұстарды бірлесе отырып шешуге жол ашады. Бизнес-ортадағы, соның ішінде, ауыл кәсіпкерлеріндегі дәстүрлі қиындық, бұл - жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттан жұтаңдық. Екіншіден, психологиялық фактор, адамдар өз кәсібін ашудан қорқады. Осыны жеңу үшін жұмыс жүргізу қажет. Мемлекет тарапынан демеуқаржы, дотация, экспорттық әлеуетті қолдау түрінде қаржы бөлініп, әкімшілік кедергілер алынып тасталып жатыр. Яғни жеңілдіктер мен көмектерді пайдаланып, кәсіпкерлер сапалы әрі экологиялық таза өнім өндірулері қажет. Статистикаға жүгінсек, облысымызда 45 мыңнан аса бизнес субъектісі тіркелген. Соның 30 мыңы белсенді түрде қызмет атқарып тұрғандар. Бұларда 95 мың адам жұмыс істейді. Ал облыстың тұрғындарының саны 623 мың адам екендігін ескерсек, бұл өте қомақты цифр. Ет-шұжық, ауыл шаруашылығы өнімдерін көршілес Ресейдің қалаларына экспорттаудамыз. Әрине, «Бірыңғай экономикалық одақ құрылғанда Ресей мен Беларусьтің кәсіпкерлері орнымызды алып қояды, біздерге күн көрсетпейді» деген әңгімелер де жоқ емес. Бірақ оларға қарап отырмай өзіміз өндірісті жетілдіріп, жаңғыртып мемлекет берген мүмкіндікті толық пайдалануымыз қажет. 

Өңір басшысы қадап айтқан мәселе - халық арасында кәсіпкерлікпен айналысудың жолын, пайдасын дұрыс түсіндіру. Бұл жұмыс күні бүгін жүргізілуде. Дегенмен, оның қарқыны баяу. Мәселен, көршілес Атырау және Ақтөбе облыстарымен салыстырғанда, Жайық өңіріндегі бизнес ахуал әлі бір сілкіністі күтіп жатыр. Ол үшін форумға жиылған белсенді кәсіпкерлер ауыл-ауылда түсіндіру, насихаттау шараларына бел шеше араласса, нұр үстіне нұр болар еді.   Рас, кей тұстарда инфрақұрылым жағынан ақсап тұрмыз. Нақты айтқанда, Оралдың әуежайының қиын жағдайы бәрімізге белгілі. «Мемлекет басшысының құптауымен, Үкіметтің қолдауымен бұл мәселе жыл аяғына дейін шешіледі, әуежайдың ұшып-қону жолағы қайта жаңғыртылғаннан кейін онда ұшақтардың кез келген түрін қабылдауға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде аймақтағы бизнеске ерекше дем береді», - деді өңір басшысы.

Форум барысында баяндама жасаған облыс кәсіпкерлері палатасының директоры Кеңес Абсатыров есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, күні бүгін облыс аудандарында кәсіпкерлер палатасының филиалдары ашылуда. Кәсібін ашамын деген кез келген адам осы жерге келіп, қажетті заң кеңесін ала алады. Сондай-ақ билік органдарымен бірнеше меморандумға қол қойылған. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі қарай жалғасуда.

Форумда Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлері арасынан төрт адам таяуда өтетін Қазақстан кәсіпкерлерінің съезіне делегат болып сайланды.

Форум соңында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев пен Батыс Қазақстан кәсіпкерлері палатасының төрағасы Валерий Жүнісов өзара ынтымақтастық және іскерлік байланыс туралы меморандумға қол қойды.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз