БҚО әкімі Н.Ноғаев: Еліміздегі татулық - жарқын болашағымыздың түпқазығы

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында ел алдына үлкен міндеттер қойды. Осы тарихи құжаттан туындайтын идея айдан анық - Қазақстанның әлемнен лайықты орнын табуы және Отанымызда ұлтаралық және дінаралық келісім мен ынтымақтың берік орнығуы.

Қазір еліміздегі мызғымас қоғамдық келісім мен татулық - жарқын болашағымыздың түпқазығы, аталмыш Жолдауда көрсетілген міндеттердің орындалуының кепілдігі. Бұл туралы бүгін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттерімен және ғалымдарымен кездесіп, дәріс оқыған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.

Жиында облыс басшысы өңірде үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 35 жоба жүзеге асырылғанын, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау одан әрі жалғасатынын атап өтті.

Сондай-ақ ол өткен жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша өңірден 34 жас пен маманның шетелде біліктілігін жетілдіріп қайтқанын жеткізді. Бүгінде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқаратын Бақтияр Мәкен мен Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов кезінде осы «Болашақтан» қанаттанған екен.

«Барлық жетістіктің өзегі тек білім болмақ. Қашан да білімдеріңіз сапалы болса, біліктілігіңіз сындарлы келмек», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі жастарды бойларында отансүйгіштікпен қатар, өзге ұлттарға құрметпен қарау, ынтымақтасу сезімін қалыптастыруға шақырды, қандай ма болмасын төзімсіздікті қабылдамауға үндеді. Қазір қоғамдық өмірде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына айрықша мән беріліп жатқанын айта келіп, оның Отанымыздағы ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің ұйытқысы болып отырғанын атап өтті. Осы орайда ел келешегі - жастар батыл ойлары мен жарқын бастамаларын еш кедергісіз жүзеге асырулары тиіс. Бұл орайда жас ұрпақтың жарқын болашаққа қатысты бастамалары облыс әкімдігінің тарапынан қызу қолдау таба бермек.

Облыс әкімі жастардың сұрақтарына толық жауап берді. Кездесу соңында БҚМУ ректоры Асхат Иманғалиев Нұрлан Асқарұлына «БҚМУ-дың Құрметті профессоры» атағы берілгенін жариялап, салтанатты жағдайда диплом табыс етсе, өңірге танымал суретші, осы оқу орнының доценті Қуандық Мәдір өзінің қылқаламынан туған еңбегін тарту етті.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз