БҚО: Саяси дүрбелең жылдары бір мыңдай оралдық ату жазасына кесілген

31  мамыр Орал қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай шаралар ұйымдастырылды.

Қалалық бейітте саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған қаралы жиынға облыс жұртшылығы өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ел басына түскен қайғы-қасіретті, ұлтына, дініне қарамастан, талай адамның жалған жаланың құрбаны болып кеткендігін ұмытпай, бүгінгі жас ұрпақтың өткенді қастерлей білу керектігін атап көрсетті.

Жиында айтылғанындай, мұндай шара тарихтың белгісіз болып келген беттерін терең ұғыну, сол қателіктердің болашақта қайталанбауы үшін қажет. Осыған орай Елбасының 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде жарияланғаны мәлім. Сталиндік зобалаңнан Қазақстан халқы да аз зардап шеккен жоқ. Айталық, 1927-1953 жылдары елімізде 103 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам атылды. Қанды қырғын тырнағына іліккен батысқазақстандықтар да аз емес. Орал қаласының өзінде 1 мыңдай адам атылды. Олардың есімдерін бүгінгі ұрпақ ұмытпақ емес.

Бейіт басында құрбандар рухына дұға бағышталып, ескерткіш белгіге гүл шоқтары қойылды.

Орал қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандары - көрнекті Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедов, 1932-1934 жылдары Батыс Қазақстан облысын басқарған Максим Аммосов, педагог, сталиндік қуғын-сүргінде атылған бірден-бір қазақ қызы Шахзада Шонанова, Жаңақала ауданында басшылық қызмет атқарған Есет Тоқсановқа ескерткіш тақталар орнатылған. Осы орындарға да халық жиналып, гүл щоқтары қойылып, тағзым етілді.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз