БҚО театрында «Жасыл жапырақты күз» қойылды

Кеше Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында А.Максимовтың «Жасыл жапырақты күз» мистикалық мелодрамасы қойылды.

Театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов сахналаған қойылымда небәрі үш-ақ адам ойнайды. Шалдың рөлін ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов сомдаса, қыз бен жігіттің бейнесінде Наргиза Шадиева мен Бақытжан Өтеғалиев шықты.

Мистикалық қойылымда кейіпкерлер Жұмақ - Тозақ - Өмірдің айырмашылығын  екшеуге тырысады. Жалғыздықтың формуласын шешкен сүйекші шалдың пәлсапасы ерекше. Ұлы жаңалықтар, ұлы істердің астарында Үрей тұрғанына сенеді ол. Оның «Бақыт бар жерде жалғыздық жоқ. Энергия нөлге тең. Ал энергиясы нөл адамдар тамаша туындылар туғыза алмайды» деуі көрерменге ой салары анық. Қойылымға мәңгілік  тақырып - махаббат жайлы әңгіме де арқау болған.

Бұл - қазақ драма театрының биылғы маусымындағы алғашқы премьера. Биыл театрдың басшылығы да өзгерді. Театр директоры болып оның талантты әртістерінің бірі, ақын Қуаныш Амандықов тағайындалды.

http://www.inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз