Бөкей ордасында жалға берілген үйлерде тұратындардың қарызы 700 мың теңгеден асқан - БҚО

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында Бөкей ордасы ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Ерік Хайыровтың ісі қаралды.

Аудан прокуратурасының мәліметіне қарағанда, бөлім теңгерімінде тіркелген тұрғын үй иелерімен келісім-шарт жасалмай, мемлекетке тиесілі қаржы, яғни жалдау ақысы түспеген. Әлгіндей баспанада тұратындардың берешегі 714,372 мыңға дейін жеткен. Бір «қызығы», жалдау ақысын төлемегендердің қатарында дәрігерден бастап мүйізі қарағайдай мекеме басшылары, тіпті аудан әкімінің орынбасарына дейін бар екен. «Негізінен зиялы қауым өкілдері болған соң, олардың өздері түсініп, төлер деп ойладым», деп күмілжіді отырыста Е.Хайыров. Шындығында келісім-шарттың 6-тармақшасына сәйкес «Жалға алушы жалдау ақысын 1 айдан астам төлемеген кезде жалға беруші төлемақыны мәжбүрлі түрде өндіріп алу мақсатында сот органдарына шағымдануға құқылы» немесе 8-тармағы 4-тармақшасына сәйкес «Егер де жалға алушы үш айдан астам жалдау ақысын төлемеген жағдайда жалға беруші жалға алушы және онымен бірге тұратын тұлғаларды тұрғын үйден, соның ішінде сот арқылы шығаруға құқылы». Алайда бөлім басшысы тиісті шара алмаған, сөйтіп оларға заңсыз артықшылық жасаған. Ақыры өзі кінәлі болып шығып отыр. Бір жағынан, оны да түсінуге болады, ішінде өзінің үстінен қарайтын басшы бар, қалай талап қойсын. Бұдан кейін әлгіндей қауымды зиялы дейміз бе, зиянды дейміз бе, өзіңіз пайымдай беріңіз. Тек, прокуратураның араласуынан кейін болар, қарыз мөлшері соңғы кезде азая бастаған. Тұрғын үй мәселесі қай жерде де өткір тұрған кезде  жалға алушылардың бұлайша «тайраңдауын» қалай түсінуге болады. Сондықтан тәртіптік кеңес мүшелері мұндай жайттың өзге аудандарда да кездесу мүмкіндігін ескеріп, мәселені тиісті органдар қаперіне жеткізуді жөн деп тапты. Ал Е.Хайыровқа «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» ҚР Заңы талаптарын бұзғаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру жөнінде ұсыныс жасалды.

Зеленов ауданы Достық ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев те тәртіптік кеңестің алдына тұрғын үй мәселесімен келді. Өзінің айтуынша, ауылда дәрігер жетіспегендіктен, медициналық қызмет деңгейі төмендеп, соның ішінде сәби өлімі көбейіп кеткен. Сондықтан келген маманды ұстап қалу мақсатында бос тұрған үйге уақытша кіргізген, бірақ оны заңға сәйкес жасамаған. Яғни аудандық тұрғын үй комиссиясының шешімін алмаған. Қазір ол дәрігер ауыл әкімінің үйінде тұрып жатқан көрінеді. Тәртіптік кеңес талқылай келе, Б.Аманғалиевке Ар-намыс кодексі талаптарына сәйкес ескерту беруді ұсынды.

Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев, аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Алтай Дарисов, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Берік Ділдабеков, аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Кереева, сонымен қатар Бөкей ордасы ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиевтің істері қысқартылды.

Отырыста сондай-ақ БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенованың есебі тыңдалды.

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз